Қазақтың қара бурасы
Бөлісу:
Сөз басы
Бала күнімізде ауыл ақсақалдарының аузынан естуші едік. Ол кезде өмірдің бұл ақиқаты бізге әлқисасы арыдан басталатын аңыздай, иә, әжеміз айтар ертегінің кейіпкерлеріндей әсер ететін. Ол туралы айтылатын небір хикаялар қиялымызды қиянға сүйрейтін. «Жарықтыққа Құдай берген күшті айтсаңшы! Қара батпаққа белінен батып, жануардың өзінің әлі жетпей жатқан арбаны үстіндегі шөбімен жұла тартқанда, төбе шашы тік тұрып, аузынан ақ көбік атады екен сабазың!..» - деп тамсана жыр қылғанда, бар ынтаммен тыңдап отырған менің көз алдыма кәдімгі ақпандағы ақырған бура елестейтін. Қаңтарда жараған қаһары қатты бураны көріп па едіңіз, дәл сол дерсіз.
Менің сәби қиялым қателеспепті. Ол майданда арыстандай алысты, бурадайын жұлқысты. Кер заманның кесапатына қара нардай төзді. Жерімен көктеді, елімен көгерді... Қазақтың батыры Баукең жайлы ел: «Францияда туылса, болар еді Бонапарт, Қазақстанда туылып болып қалған Бауыржан!» - деп те айтып жатушы еді-ғой! Баукең кім? Бонапарт кім? Бізде бұл тұлға хақында солай дер ма едік. Бірақ біздің кейпкеріміздің жөні бөлек, тағдыры басқа. Ол қазақ қайда жүрсе де қазақ екенін айғақтап, есіктей кеудесін жатқа бастырмай, өз кезінде-ақ «Арғы беттің Қажымұқаны» атанды. Бұл күнде ел есінен көтеріліп бара жатқаны болмаса, Оның аты да, заты да ата жұртына ерте оралған. Біздің мақсат азаттық аспанындағы осы рухты жаңа ұрпақ санасында қайта бір жаңғыртып өту.
Алып анадан
Атаның белі, ананың сүтімен бойға біткен ғажайып күштің иесі, өз заманындағы халқаралық аса ауыр салмақтағы еркін күрестің бірнеше дүркін жүлдегері, XX ғасырда Алаш алыптарының басында тұрған балуан Серік Қожабайұлы Алтайдың арғы бетінде Қаба ауданы Алқабек өзені бойындағы Түкпір деген шағын елді мекенде дүниеге келіпті. Ата тегі – тоғыз таңбалы найманның бір табы қаракерей. Әкесі Қожабайдың Сұлтаннан кейін көрген ұлы. Балуанның шешесі Сақыми анамыз сүйекті, қайратты адам болыпты. Нағашы жұрты Жарекеңнің Байқабыл әулетінен Аққыз атты балуан да шыққан.
- Апа, менде нағашы атам Аққыз сияқты үлкен балуан боламын ба сонда? -деп, күздің қоңырқай кешінде бес жасар саусақтары арбиған бала анасының тізесіне басын қойып, оның нағашы атасы жайлы айтқан әңгімесін құмарта тыңдап, еркелей, еліктей сұрайды екен.
- Е, құдай жеткізсе боласың, құлыным!..
- Бойым анау теректей болып өсе ме, апа?
- О да ғажап емес, тірі жүрсең таудай биік боласың, тау көтерген Толағайдай еліңе пайдалы адам боласың, жарығым...
Баланың құлағы елең ете түсті. Шешесі сан қайтара айтса да, еш жалықпай тыңдайтын ертегісі осы Толағайдың хикаясы еді. Сәби санасындағы өзінің Қамбар, Қобыланды, Алпамыстарымен ойша сырласып, біздің сөз етіп отырған Толағайымыз да қараша ауылдың қарапайым күркесінде, ертегімен бірге ерлік еміп осылай есейе беріпті. Жастайынан ән мен күйге, жыр, хисса, дастанға әуес болыпты. Ел ішіндегі көкірегі шежірелі қарттарды жағалап, баһадүр бабаларының рухын санасына сіңіре беріпті. Жарболды Оспан залың (қытайша мансап аты) 1913 жылы ашқан Алқабектегі алғашқы білім ошағы «Таң мектебіне» түсіп, сауатын ашып та үлгіреді. Серіктің басқадан артық қайраты бала күнінде белгі берген деседі. Бес жасында далада тышқаншық болып жығылған бұзауын көтеріп үйіне әкеліуі; сегіз жасында бие бау басында марқа құлынды құйрығынан тартып тоқтатып, желіге байлауы; азамат тартқан шағында, құмыраны бір қолының уысына алып, қысып сындыруы; құдықтан өгіз, құйдан түйе тартып шығаруы ел арасына желдей есіп, аңыздай тарап, бала балуан атанып кете береді.
Алтайдың қызыл шұнақ аязы мен бөрі құйрық боранын, дойыр мінезді дүлей дауылымен бірге түн жамылып жылқы күзетіп, кісі есігінде мал бағып, жалшылықтың қамытын да ерте киеді. Темір қанат балапан тағдырдың шеңгеліне де ерте ілініпті. Әкесінен сегіз жасында, шешесінен он бір жасында айрылып қалған азаматтың алдында ары мен намысына, қажыры мен қайратына сын боларлық талай асулар күтіп тұрды.
Ер атағын ел сақтар
Ата-анасынан ерте айрылғаннан кейін Серік ағасы Сұлтанның қолында тәрбиеленді. Ат жалын тартып мініп, буыны бекіп, қайралған сайын ұшталған болаттай өткір ұлан енді ел ісіне араласа бастады. Алтай көлемінде атақты алып балуандар көп шыққан. Тұрсынбек Бүркітбайұлы, Әбіш Баймеркітұлы, Рекей Шідерұлы, Қайырбай Шөжікұлы сынды аға балуандардың жолын енді Серік жалғап көрмекші болады. Әрине, Қытай Республикасы ол кезде бүгінгідей экономикасы мен мәдениеті дамымаған, алып ел емес-тін. Бодандықтан буыны енді босаған елдің спорт саласына қарар шамасы да жоқ еді. Бабалар қанымен келіп бойын кернеген күш иесінің ерлігі әуелі ел арасына таралып, Серіктің айбатын асырып жатты. Енді сол әңгімелердің біразына тоқталып көрейік.
***
Алтайдың Көктоғай ауданында Қу Ертіс бойында күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған кен районы бар. Алтайдың алтыны мен күмісін, небір түсті металдарын өңдеп шығаратын орталық. Алғаш Кеңес үкіметінің техникасымен ашылған осы кенде, тіршілік көзін іздеген азаматтар қатарында Серікте 1954-1956 жылдары кен қазып, тас қопарып ауыр еңбек етеді.
Жұмыста әр он адам бір топ болып, топ бастығы Серік бастаған жігіттер кен алабының алғы шебінде жүреді. Бұл 1955 жылдың сәуір айы болатын. Кұн райы ашық. Серік бастаған білекті азаматтар тас шағып жатқан майданнан ұзындығы бір жарым метрден артық, жуандығына денелі кісінің құшағы әрең жететін ұзыншақ көк шұбар діңгек тас кезігеді. Инженер Ахмар Бекбаев пен Андрей Печков екеуі әлгі тасты аспаппен тексеріп көріп, құрамында мол мөлшерде берал асылының бар екенін біліп, Секең бастаған жігіттердің ортасына келіп: «Әй, Серік, бізбен бәс тігуге жарайтын болсаң, анау тасты көтеріп, мына Ахмар екеуміздің алдымыздағы құрма киллоның қасына алып кел, егер орындап кетсең, мың рубль ақшаңды қолыңа береміз. Орындай алмасаң, еңбек терің өзіңе есеп, ақы сұрамайсың», - деп қолқалайды. Бұл кезде Серіктің күш қайраты кендегілердің барлығына аян еді. Әзіл-шыны аралас орыс бастықтың сөзінің шын, иә, өтірігін білмей, көк шұбар тасқа сұрлана қарап тұрған жігіттерді аңдап, Секең: «Ердің күші егерліктің ісі, атадан ұл боп туған соң намысты қолдан бермейін» - деген ойға келіп, тасты көтеруге келіседі.
Серіктің аяғында қонышын қайырып киген жез шегелі етік, үстінде перезент бешпет, қолында былғары қолқап, белінде жалпақ былғары белбеу. Он сегіз жасқа енді ғана толған балғын жас жігіт алдымен жуан діңгек тастың кішілеу басын жерден жарым метрдей биік тұғырдың үстіне шығарып, онан тасты сол орынға тік тұрғызып, иығымен сүйеп сәл демін алады. Сосын құшағын толтыра көк тасты қос қолымен орай, жуан салалы саусақтарын бір-біріне сыналап, қысып ұстап, гүж еткен жуан даусымен «әуіп» деп тасты кеуделеп көтеріп, аяғын ақырын басып, он қадамдай жерде тұрған бастықтың алдына апарып тастай салды.
Андрей Печков мынау ерекше оқиғаны есте қалдыру үшін естелігіне көз алдындағы болмысты жазып жатыр екен. Енді Серіктің өзіне айтып, әлгі тасты құрма киллоның шойын тақтайының үстіне шығартады. Тастың салмағы 432 киллограмм болып шықты. «... Адамзатта мұндай күшті адам болатынын тұңғыш рет өз көзіммен көрдім, оған әсерімді баса алмай алғысымды айттым және оған куә болдым», - деп жазыпты Печков естелігіне.
Амал не, ол кезде сол көк тасты он сегіз жасар Серік балуанның көтерген тасы етіп ескерткіш ретінде орнатып қою ешкімнің ойында болмапты... бірақ, осы уақиға ел ішінде кеңінен тарап, жас балуанның атағын атырапқа жаяды.
***
2010 жылы Қытайдағы «Шынжаң Халық баспасынан» «Егей балуан Серік» деген атпен балуан жайлы естеліктер мен очерктер кітабы жарық көрген болатын. Енді сол кітапты құрастырушы, жазушы Қостай Жақияұлының көз көрген естеліктерімен әңгімемізді өрбітсек.
1958 жылы сәуір айының он бесі таңғы шайымды іше сала көрші ұста қарияның дүкеніне келгем. Ол кезде Алқабектің тың құнарлы топырағын жыртып, тыным таппай жатқан кезіміз. Қос жүзді жер жыртқыштың сынған темір-терсегін ауылдағы осы Құдасбай ұстаға жөндететінбіз. Ұстаның кең қарағай есігі ашық тұр екен, кіріп барсам ұстаның күрең жүзі албырап, мұрнының ұшынан тер тамшылап, қарбалас жұмыс үстінде екен. Іші толы адам, Серікте осында, балға соқтыруға келген сыңайлы.
Ұста мен Секеңнің ортасында мен келуден бұрын қандай уәделі іс болғанынан хабарым жоқ.
- Онда балғаңды соғып берейін, тасыған күшіңді анау тасты шығарып берейін деп, соған жұмсасаңшы, - деп Құдасбай қария терін қолының қырымен сыпырып тұрып Серікке алая қарады.
Серік күлімсіреп арт жағына бұрылып, босаға жақта жатқан төңкерілген тайқазандай беті майда, домалақ жылтыр қара тасты лом темірмен лоқытып аударып тастады да, ұстауға қолайсыз болды білем, ірге тұстан арқан алып шандып байлап, ұстауға қолайлы етіп матап алады. Сосын сәл көтерілген тастың астындағы жіп белдеуінен ұстап, лық көтеріп алды да, одан кеудесіне ырғытып, құшағына қыса ұстаған қалпы табалдырықтан тысқа аттап шығып, ауладағы шұңқырға қарай тастай салды.
- Алла, қарғам-ай, мен әншейін сені мықты деп естіген соң, қаруыңды өз көзіммен көрейінші деп, сынап салмақ салған едім, құдайым бетіңнен қайтармасын!.. тілім тасқа, тфу! - деп жерге түкіріп, көзі жасаурап Құдасбай ұста Серікті құшақтап бетінен сүйеді.
Серіктің тас көтергенде етігінің шажамайы опырылып кеткен екен, мен Исқан етікшіге айтып, Серікке етік тіктіруге келістім, - деп баяндайды ағамыз өз эссесінде.
***
Тағы да аталмыш кітапты құрастырушы ел ағасы Қостай Жақияұлының жазбаларына жүгінеміз. Бұл оқиға XX ғасырдың ортасындағы Қытайдың «Тың игеру жылдары» деп аталатын үлкен саяси науқанының тұсына сай келеді.
Алқабек ауылының тұрғындары да, көмейін Білезік өзенінен алып батыс қиыстағы аңызды аймаққа су шығаратын тоған қазуға тайлы-тұяғымен кірісіп кеткен кез. Күні-түні ауыр еңбек, мардымсыз тамақ. Сондағы азапты жылдарды ата-әжелеріміз әлі күнге зар еңіреп айтып отырады.
Бір күні Серік бәріміз қатар тұрып қазып жатқан тоған ішінен шөккен түйенің беліндей бір бөлек ұзыншақ жер тас шықты, - деп сабақтайды Қостай ағамыз әңгімесін. Саршұбар зіл батпан тас. Бес-алты жігіт қаптап арнаның қабағынан асырып лақтырып тастауға әл берер емес. Бұндайды көрсе, бел шешіп бірден кірісетін Секең еш екіленген жоқ. Әуелі тоғанның орта тұс қабырғасынан тиянақ шығарып, сұлап жатқан тастың бір басын құшағына алып, сүйретіп көтеріп әкеп әлгі тиянаққа тіреп қойып, онан жердегі сүйір басын жеп-жеңіл көтеріп иығына шығарып, сол бойы оны тоғанның қырынан асырып, тастың енді көлденең көлбеп қалған қожыр-қожыр тұтас сұлбасын кеудесімен тіреп, екі қолымен ары итеріп аунатып жіберді. Жас алыптың осы орасан қимылына тіпті көз ілеспей қалды.
Осы оқиғаны көзімен көрген қариялардың айтуынша Серіктің тоғаннан шығарған тасының салмағы, көшкенде шаңырақ арытар қомжар атанның салмағынан артық болмаса кем емес екен.
***
Атадан асып туған асыл ердің өмірі осылай өтіп жатты. Бүгінгі сырт көзге бәйгеге шабар бапты шағында арбаға жегілген тор шолақтай елес бергенмен, ол тұста ауыл арасыныдағы қара күрес болмаса, аламанға ат қойсам, Алты алашқа ұран болсам деген асқақ арман Серіктің өз ішінде ғана жан дүниесін шоқтай күйдіріп, үйір аңсап кісінеген жылқыдай талай таңда аласұрып шығатын.
Бой тұрқы бітік, бүркіт қабақ, жауырыны тақтайдай, бұлшық еттері қайыңнің безіндей қатқан, шымар денелі, жаратылысынан кем сөзді, ісік-желігі жоқ бір тоға бозбала жігіт, бұл кезде, басына шаңырақ көтеріп, ағасы Сұлтан мен өзінің қоңырқай тірлігімен, атаның түтінін түтетіп, күйкі тірлікпен күн кешіп жатады.
Есік пен төрдей қоңыр атымен, «тоғызыншы тартпа» деп аталатын үлкен шалғысын иығына артып, салт аттың екі жағына тең-тең шөп артып, ағасы Сұлтан екеуінің шағын малының қыстық қамын елден бұрын әзірлеп, пішен шарбақ ішінен қоян жон отау шығарып қоятын да, каммунаның астығын әр бірінің салмағы жүз он киллограмнан асатын сары дағарды жалғыз арқалап, арбалап тасып түсіретін де осы Серік, несін айтасың, бұл тұста Секең туралы аңыз бен ақиқат астасып отыз рулы елге тарап жататын...
- Ой, әлгі Қожабайдың талыс аяқ Серігі недеген мықты жігіт болған, Терісаққанды көмейлеп бөгеп тал тасып жүрген Арғынбайдың құла аты суға тұншыққанда иығынан көтеріп жағаға алып шыққанын көзіммен көрдім, -десе, оған біреу Әубәкірдің сары атын да жарқабақтан алып шыққан сол Секең емес пе деп қосты.
«Оны қойшы қыстың күні Тоқаштың бурыл аты тарта алмаған дөңбек басқан қайқы бас шанасын өрден Серіктің өзі шығарып беріпті» - деп таласа айтса, Исағалидың аяғы сынған атын көтеріп арбаға басып беріп алғыс алғанда Серік болып шықты. Судың тағанындағы құм тартпаға батып, Білезік өзенінен төр атпен өтуге амалсыз қалғанда, үстіндегі жүгімен Тарқан қарттың арбасын судан жаяу сүйретіп өткізген ерің де осы Серік боп шықты. «Серік! Серік!» деген осы бір аяулы есім атамекен Алқабектен Алтайдың бар атырабына тарап жатты.
Мұстафаның батасы
XX ғасырдың басындағы аласапыранды шақта, Алтайдың екі бетіндегі алаш баласы бір-бірін ес көріп пана тұтқан. 1943 жылдың қараша айында Қытайлық қызыл үкіметтен үріккен қазақтың бір қауымы Ата жұртқа ат басын тірейді. Осы көштің ішінде дөртуіл тоқтағұл руының он тоғыз жасар алыбы Мұстафа Бекбосынұлы да болыпты. Қазақстан топырағына табаны тигесін Мұсекең көптен көкейінде жүрген аты әлемге жайылған Қажымұқан атасына арнайы сәлем беруге іздеп барады. Қару қайратын сынап баға беруін өтінеді. Жетпісті еңсеріп қалғанмен, қарымы қайтпаған ашық мінезді Қажекең оны шын ыхласмен қабылдайды. Кеудесінің орамына құшақ жетпейтін, орта бойлыдан биік бітімді жігітке Қажекең сүйіне қарап: «Қазақта күш атасын танымайды деген аталы сөз бар. Әуелі менімен белдесіп көр», - дейді де үйінің ауласындағы алаңқыға қарай жүреді.
Аяғында үлкен саптама етік, қаптал шапанының сыртынан бүйендеп сырып, құймалаған бұлғары кісе белбеуін буынып, алысуға дайын тұрған Қажекеңе Мұстафа да тайынбай қарсы барады. «Енді не тұрыс бұл, қайратыңды көрсет маған» - деп ақыра сөйлеген Қажекеңе енді қарап тұрудың қажеті қалмағанын біліп, Мұстафа оның белбеуінен қапсыра ұстап, тік көтеріп үйіріп әкетіп, бір айналдырып барып орнына тұрғызып қояды. Қажекеңнің сол кездегі дене салмағы жүз киллограммнан асып жығылады екен.
«Япыр-ау, даланың жыртқыш жолбарысын құйрығының түбінен ұстап жерге көтеріп соққан Балуан Шолақ та мені орнымнан ырғап қана қозғалтқан еді. Ал, дүние жүзінде мені қолымен үйірген адам болмаған. Мынаны құдайым нағыз алып қылып жаратқан екен», - деп күректей алақанын жайып: «Қарағым, құдайым саған ұзақ ғұмыр жас берсін, бетіңнен оңғарсын. Бұл дүниеде алдыңнан тосатын кесе көлденең болмасын!» - деп ақ батасын береді. Қонақ болып қайыт дегенге көнбей: «Рақмет ата, құдайым мені сіздің киеңіздің аясына алсын!» - деп жетектеп келген қаракер атты қанжығасына байлайды да, өзі боз қасқамен құйғытып жүріп кете береді.
Кейін Қажекең осы оқиғаны еске алып: «Құдайым қайрат беріп, халқым медет болған соң, мынау Қазақстан, анау өзбек, тұтас Россия жерінде, шетел майданында не бір мықтылар мен күресіп қолымда ойнаттым, ағылшын, неміс, жапонның балуандарынның белін сан марте үздім. Бірақ, өзімнің қазақ бауырым сол жас жігіттің қолында үйрілгенім... Амал қанша, аты жөнін, ата қонысын сұрап қалмағаныма әлі күнге өкінемін», - дейді екен. Ел ішіндегі, көпті көрген ақсақалдардың пайымынша бұл, сол бір қысталаң шақта, шынымен болған, нақты дергі бар уақиға болса керек.
1957 жылдың наурызы. Ұлыстың ұлы күні. Мұстафа балуан ішінде ауылдың ақсақалдары әр отбасын аралап наурыз көже ішіп, аман-саулық сұрасып, Серік қатарлы жас жігіттер үлкендердің соңынан еріп ел аралаған, наурыздың жайма шуақ бір күнін де, үлкендер әр едік төбенің басына шығып, дәмелі жігіттерді Серікпен күрестіріп, тамаша майдан өткізеді. Серік демін алмай арт-артынан төрт жігітті алып ұрып, қаруын байқатады. Сонда Мағауия имам қасындағы қарт балуан Мұстафаға қарап: «Иә, Мұстафа, мынау Серік баладан қандай үміт күтесің, өз аузыңнан естинші мен», - деп сынай қараған да, Серіктің бітім болмысына қызығып, қимылынан көз алмай тұрған Мұстафа көпшілікке қаратып: «Болатын баланың бетін қақпа, белін бу! Деген, балаң болайын деп тұр екен. Тәңірім өзі жар болсын», - деп ағынан жарыла берген батасы екен:
Серік десе, Серік бол.
Қайратыңа сеніп көр.
Соғылатын жойқын кеп,
Жартастай мықты берік бол.
Ақ иық құс – қыран бол,
Халқың айтар ұран бол.
Намысыңды қуар бол,
«Қазақ» деп бел буар бол.
Дүниені көріп кел,
Алысқанды жығып кел.
Ата аруаққа сиынып,
Ақ теріңді төгіп кел.
Қарсы ерді қаймықтыр,
Өнеріңді беріп кел.
Кесе-көлденең болмасын,
Қарысқанды жеңіп кел.
Әулие, аруақ қолдасын,
Еш жамандық болмасын.
Жаман барып, жақсы қайыт,
Қызыр болсын жолдасың!
Біз бұл деректі, Серік балуанға қатысты құжаттарға сүйене отырып, қарт балуан Мұстафа Бекбосынұлының өз жазбасынан алғанымызды оқырманға арнайы ескерте кеткіміз келеді.
Алғашқы аламан
Серік болашақ балуандық сайыс сапарына аттнар алдында оның ат- атағын арғы беттің қазағы түгел танырлық мынадай бір әңгіме ел арасында әлі айтылады.
1957 жылдың қыркүйек айы. Жарболды елінің атақты ағайынды байы Салпыаяқ пен Қамза әкесі Бейітбайдың асын осы Білезік өзенінің шығыс жағасы Ақжар, Аша деген кең күзеулік қоныста беретін болады. Арғы атасы Жәнібекке үш мың баран жылқы, үш мың ақтылы қой біткен әулеттің күзеулігі мен қыстаулығы осы Білезік өзенінің бойы болса, жаз жайлауын Аққаба мен Нарын Қабаны жайлаған қордалы шаңырақ тұғын.
Тарихта Алтайдың Керей, Найманы дабыра етіп айтатын есіргеп Ерменжі, жәдік Тоқбай, есағасы Алтынбайдың асынын кейін аты шулы астың бірі осы болыпты.
Астың сауыны бір жыл бұрын хабарланады. Көктоғай, Шіңгіл, Сарсүмбе, Бурылтоғай сынды алыс аудандарынан, іргедегі Буыршын мен Жеменейден, Қом Қанастан, Қобықсарының Ұраңқайы мен Көкмоншақтан моңғұл ағайындар да ат арытып, ақ тілегін айтып жетеді.
Бас балуан мен бас бәйгеге атан түйе тігіліп, тоғыз атқа бәйге аталып, көкбұқаға көктоқал өгіз ұсталады.
Жарекең жағынан бұл жолы бас балуанға ақсақалдар жас Серіктің шығуын ұйғарды.
Дастарқаннан дәм татырғаннан кейін Қасымбек үкірдай Серікке қарап: «Балам, саған айтарым ақылың мен қайратыңды тең ұста! Ата ұраның – Абылайдың ұлы қолбасшысы, Дарабоз атанған Қабанбай батыр. Қызыл Қытай үкіметінің қолына түсіп қанқұйлы Қара Пайжаңның ішін жарып, жүрегін суырып алған жас Өміш батыр – туған жұртыңның кекті қайратының алмастай асыл өнегесі екенін ұмытпа, балам. Әулие, аруақ пана болсын!..» - деп ақ батасын бергесін Серік те бұл аламанда аянып қалмапты.
Ақжар-Ашаның қалың тоғайлы, нар шилі, дүзген бұталы, кең қопалы өңірінің ортасын жарып, жіңішке көк өзеншік аққан сазды алқапты жағалай жүз шақты ақшаңқан киіз үй тігіледі. Екі күнге жалғасқан астың алғашқы күні күрес басталып, жерошақ бәйгесі өтеді. Түйе балуандардың жыққанымен жыққаны күресіп, дәрежесі осы тәртіппен белгіленеді де, Серік бірінші күні Шаған, Мәулен деген Қом, Теректіден келген екі қазақ, екі моңғол балуанын жығып жолын ашады. Аймаққа аты әйгілі Өнерхан Тайшыбайұлы деген балуан да қарсыластарын қапы ғып, Серікпен бір айқассам деген ниетіне жеткен-ді. Енді жұрт ақтық сында екі алыптың күресін тамашаламаққа іштерінен тына ертеңгі күннің сәтін күтеді.
Үлкен бесін кезі. Кешегіден де көп қара құрым адам, сауықшыл бозбала, қыз-келіншек, әнші-жыршы – бәрі осында. Қосарына дом жарап еліктей орғыған, құйрық жалы сүзіулі, сүмбедей қоңыр төбел ат жетектеген, жалдас шалқып басатын семіз сары аттың үстіне алшысынан қонған, абдыра бітімді, кеудесі бір құшақ, екі көзі алақандай, басы қазандай, тотыққан қара қобық жүзді, сақал мұртын қырып тастаған жалаңбас атпал адам жеңіл бұлғын малақайын қолына алып, үзеңгісін шіреніп, көпшігінде көтеріліп қойып, күр-күреген жуан даусын көтере, өзін қошеметтеп келе жатқан жиынға есіп сөйлеп келеді.
Бұл – атақты Тайшыбайдың Өнерханы. Талай аламанда топ жарып, қазақ, қалмақтың не бір мықтыларын лақша иіріп, қарға шаншыған, жаурыны жер иіскеп көрмеген алыптың өзі. «Осы жолы бәйгеден келмесе, қоңыр төбелім мәңгі сор маңдай өтсін. Серікті жықпасам Өнерхан атым өшсін!» - деп бекінген ожар мінезді, мәрт ердің өзіне сенімі зор еді.
Қақпақ жаурынды, арықтау, аса зор бітімді, аяқ-қолының сүйегі ерекше сом тартқан жиырма жасар Серік пен Өнерханның күресі тұтас жұртты өзіне қаратқан. Серіктің бетіне жерден алған бір уыс құмды шаша айбаттана ұмтылған Өнерхан бір қолымен Серіктің қылтасынан өзіне қарай тартып, ашадан алып жығатын әдісіне келтірмек болып еді, қайратты екі қолымен қарсы жағының екі жақ иық бұғанасын қысып ұстап, артына қарай серпе итерген Серік Өнерханның қолын тайдырып жіберді. Екуі белдесіп қалды. Сол екпінмен Өнерқанның шүперек белбеуінен қапсыра ұстап, аяғын жерге тигізбей үйіріп әкетті де, сенделектеп қалған аға балуанды басына көтеріп алып, сол қалпы жерге салмақтап тастап жіберді. Шалқасынан құлаған арыс орнынан қозғалмай жатып қалды. Екі қабырғасы сынып талып, талықсып кеткен екен.
Үкілеп қосқан қоңыр бесті де алғашында не дәуір бәйгеден үмітті еді, шаң қауып соңында қалады. Есесіне Жарболдының желтабан жүйріктері Мамырбектің Ақтанауы мен Мұхамжардың кер аты іркес-тіркес келеді.
«Нардан нардың бойы артық, боз басын айт. Ерден ердің десі артық, тәубасын айт» - деп алқынған, аптыққан көңілін басып: «Бауырым Серік – Алаштың Арысы болуға лайықты жас ұлан. Құдай қолдаса, бұл дүниеде оны жығатын адам шықпас. Жолына ақ тілегімді арнаймын...» - деп ағынан ақтарылыпты қайран, ер!..
Жауырыны жерге тимеген, ешкімнен десі қайтпаған Өнерхан ер, осы аламаннан кейін қайтып күреске шықпапты.
Ақ сапар
1958 жылы қарашаның екінші жұлдызы. Алқабек, Білезік өңірін қасат қар басып қалған. Күн бұлтты. Шыңылтыр аяз. Түлкінің құм төбелі адырынан Қаба өзенін бетке алып шұбыра тартып келе жатқан бұл үш жолаушының, тайлақ түйедей үлкен ақ тарлан атқа мініп, басына құндыз бөрік киіп, үстіне қалың қара аю ішік киген қомақтысы Серік те, қасындағы екуі жылқышы Қанай мен жолдасы Айтыкен. Аяғын алшаңдап аттайтын ақ тарлан аттың қос жанары жұлдыздай жанып, омырау төсі тершіп, қызынып алған. Алда әлі ұзақ жол бар. Бұрқақтап қар жауа бастады...
Жолаушылардың жөні былай еді: бұл кезде атағы Алатаудай дүркүреп тұрған Серікті Білезіктің алқабын ашып, тыңын игеріп, шиін шауып жүрген жерінен адам жіберіп Алтай аймағына шақыртқан. Келер жылы астана Бейжіңде болатын республикалық балуандар күресіне қатынасу мақсатында, Шынжаң ұйғыр автономиялы районыда өзінің дайындық жұмыстарын бастап кетіпті.
Серік Алқабектен аттанар күні ауылдың барша игі жақсылары жиналды. Ақшағи мол сақалы кеудесін жапқан Мағауия имам имек сапты асасына қос қолымен төсінен тіреніп: «Бұрын көз тоқтатып қарамаған екенмін. Балам, күшің қызыл асығыңда екен деп найманның қарт балуаны Тәуке батыр Самұрат Байғозы балуанды сынаған да айтыпты дегендей, сенің бар қайратың бір мүшеңе емес, тұтас сүйегіңе тошын болып бітіпті, қарағым. Бұл дүниеде саған тең келетін ер туған жоқ. Тәңірінің өзі сыйлаған несібесіне ие бол, ассаңда тасыма, қысымға жаншылма. Зорлыққа қарсы қайрат бер, зұлымдыққа қарсы айбат бер! Арғы атаң Қайырбайға тартып тұрсың. Марқұм кезінде ар жақ, бер жақты сескендірген, арқасына тізесін буып түйе, аяғын буып өгіз көтерген жойпара балуан болған адам еді. Асау бестіні шоқтығынан басып бүк түсіретін атақты Ақ балуанды жыққанын өз көзіммен көріп едім. Сонда күресерде тікірейген шашы сырма кепешін көтеріп кеткен еді. Ұмытпасам, сен 1936 жылы емес, 1937 жылы қараша айында осы Қарашиенің Түкпірінле дүниеге келгенсің. Енді міне таудай жігіт болдың, тұғырыңнан түлеп ұшып барасың, жолыңды қызыр оңғарсын! Ақ сапар балам!.. ақ сапар!..» - деп ақ батасын бергенде шығарып салуға келген барша ағайын «әумин!» деп бетін сипап еді.
«Белдескенге беліңді бер ме, өзге жұрт сұраса Қазақпын де! Анаңның ақ сүтін, Алқабектің ақ дәмін ұмытпа!» - деген ауылдастың ақ тілегі жол бойы жадында жаңғырып жігерін жанып келе жатыр.
Ауылдан салт атпен шыққан жас жолаушы Алтай аймағының Сарсүмбе қаласына, одан іле-шала он үшінші қараш күні Үрімжі қаласына жетіп, сол күні ШҰАР Дене-тарбие комитетіне тіркеуге алынып, райондық балуандар командасының мүшесі болып, қарбалас жаттығуын бастап кетеді.
Биікке қанат қаққан ұл...
Ауылдың ақ шаңында алысып еркін өскен Серікке қала өмірінің машақаты оңайға соқпады. Күрес барысында өзінің үйреншікті тәсілдерінің қарапайым, қара дүрсін екенін түсінді. Икемді де ұтымды күрестің жаңа техникаларын меңгеру керектігін ұқты. Хақ Тағала бойына айрықша дарытқан күш қуатының арқасында ШҰАР-дың әр аймағынан, ішкі Қытайдан келген балуандардың барлығын ұтып, қысқа уақыт ішінде өзінің мықты спортшы екенін, командаға да, бапкері сібе ұлтының азаматы Шын Шиюға да танытып үлгіреді. Жалпақ жауырынды, мойын жотасы дөңес жал тартып тұтасып кеткен, кең көкірегі көтеріңкі, қап-қара, тіп-тік қысқа шашты, түксиген биік қабақ, қаршыға көзді кейіпкеріміздің жасы бұл кезде жиырма бірде. Бой тұрқы 190 сантиметр, салмағы 108 киллограмға жеткен. Бапкер сәл етейіп кеткен Серіктің салмағын жеңілдетіп, әрекетін ширата түсу үшін, михнатты жаттығуды жалғап, Серіктің салмағын 100-105 киллограмға тоқтатты. Халқаралық еркін күрестің сол кездегі талабы бойынша Серік әр қандай ауыр салмақтың қай-қайсысымен де күресіуіне болатын.
Ел ішіндегі алғашқы аламан 1959 жылы, науырыздың 15-31 күндері Ішкі Моңғолдың Кохқот қаласында өтті. Моғңолдың 98 киллограмдық салмақтағы балуаны Сенгі Серікті місе тұтпай қолының ұшын ғана беріп амандасып, «Майданда сирағыңды шағамын» - деп айбат шеккенін елең құрлы көрмей, боз кілемнің үстіне алып ұрып, кеудесін тізесімен нығарлап басқан жерінен судия әрең тұрғызып алады. «Менмін» деген балуанның бәрін жыққан Серік бұл бәйгеден кеудесіне алтын медел тағып қайтады.
Бүкіл мемлекеттік жирма екі өлеке мен қаладан қатысқан балуандар күресі осы жылы, сәуірдің 12-27 күндер аралығында Шаңхай қаласында өтеді. Ауыр салмақтың халқаралық еркін күрес түрінен Серіктің тобында сегіз балуан бірдей сынға түседі.
Серіктің алғашқы кезегі тағы да маңғолдың Сенгісіне дөп келеді. Өткен жолы бармағын шайнап қалған Сенгі бұл жолы барын салып бақты. Екіші майданда Серік үдете шабуылға өтіп, Сенгінің әлсіз тұсын тауып, жанды жерінен айласын асырып, аяғын аспаннан келтіріп, жаурынын жер жастандырып, басынан аттап кетеді. Сәтті басталған сайыстан кейін, арт- артынан алты балуанды жыққан Серік енді шешуші жарысқа жолдама алады.
Сәуірдің 21 күніне тура келген ақтық сын да Серік Шандұң өлкесінің балуаны Лайкамен белдеседі. Нығыз майда сары шашты, шегір көзді, салмағы 130 киллограмдық, 29 жасар осы орыс балуанмен алысу оңайға соқпады. Қара еті қалың Лайканы күрес үстінде тер басып, денесі сабынданып, қарпып ұстау қиынға соқты. Бірінші майданда Серік Лайканы Шветтің сары тоқал бұқасындай бір аунатып, екі ұпай алғанымен, екінші майданда екуі де құралақан шықты. Үшінші майданда денесі қызып буырқанып алған Серік Лайканы қолтығының астынан қапсыра ұстап, кілемнің үстіне сол жақ қырынан бұрап апарып соғады да, шапшаң қимылдап жаурынын жерге нығай басып тыпыр еткізбей қояды. Төрешінің ысқырығы да шалынды.
ҚХР спорт комитетінің төрағасы Хы Лұң Серіктің мойнына «ҚХР халқаралық еркін күресінің аға жүлдегері» деген алтын алқасын асады. Командалық есеп бойынша да еркін күрестің алтын лоңқасын арқалап қайтады.
Осы жылдың мамыр айының 1-15 күні аралығында, Бейжиың қаласында өткен Республикалық балуандар күресінде Серік ауыр салмақтағы алты балуанды жығып, мемлекттік балуандар командасына мүше болады. Бұл жарыста Серік Жапония бапкерінен тәлім алған, 129 киллограмм салмақтағы Бейжиың балуаны Гау Үйді жығып, аға жүлдегер атағын қорғап қалады.
1960-1962 жылдар аралығында Серік Қожабайұлы Қытайдың 29 өлке, қаласында болып өзіне тең келерлік балуандардың барлығын асау жамбастың астына басады. 1960 жылы Моңғол Халық Республикасының атақты балуаны Баладай Серікті арнаулы Кохқот қаласына белдесуге шақырып, екі рет күресіп ала алмағасын ақыры күдерін үзеді. Секең сол жылдары мемелекеттік спорт комитеті жағынан, «Мемелекеттік бірінші дәрежелі спортшы», «Мемелекеттік еркін күрестің аға жүлдегері», «Спорт шебері», «Аға жүлдегер» сынды құрмет ордендерін иеленіп, ҚХР төрағасы Маузыдұңның қабылдауында болады.
«Құрыш діңгек»
Өткен ғасырдың ортасына дейін Қытайдың жабық, томаға тұйық саясаты салдарынан Серік әлемнің үздік балуандарымен күресуге мүмкіндігі бола қоймады. Дегенмен, 1959 жылы қазан айының 10-19 күндері аралығында, Қытай Халық Республикасының құрылғанына он жыл толу орайымен Шаңхай қаласында өткізілген балуандар жарысын да, Жапонияның, Кубаның, Үндістанның, Моңғолияның, Украинаның, КСРО-ның күштілерімен боз кілемде жүздесудің орайы келеді.
Қазанның 11 күні Үндістанның балуаны Тәбиндіраны оңай жығып, жолын ашқан Серік енді Совет одағының халқарарада алдыңғы деңгейде тұрған бауандарымен белдеседі. Қазанның 16-17 күндері Серік салмағы 120, 130 киллограмм келетін орыстың, украинның екі балуанын омақастырады да, бір күн тынығып, 19 күні Совет одағының балуаны, әлемдік еркін күрестің аға жүлдегері, 142 киллаграмдық салмақтағы Никамен (Серіктің өз атағаны) күреседі.
Ақтық сында арпалысқан екі алыптың сайысын, Қытайдың сол кездегі Премьер-министрі Жоу Ынлай келіп көреді.
Сын сағатта сағы сынып, беті қайтып көрмеген Серікке мынау Никаны бірден алып ұру қиынға соғады. Алғашқы екі майданда екуіде бірін-бірі ала алмай көп жүреді. Үшінші майданда Серік шапшаң шабуылға өтіп, Никаның жуан белінен қапсыра құшақтап, қайыра лақтырып екі рет аунатып тастайды де, Алған артық ұпайымен басым түседі.
Майданға жақын сахынада отырған Жоу Ынлай күрестен кейін Серіктің қолын алып: «Сен нағыз Жоуң Гоның (ҚХР-дың) құрыш діңгегі екенсің! Өнерің үстем болсын!» - деп алғысын айтады.
КСРО-ның аға балуаны Ника «Халқаралық еркін күрестің аға жүлдегері» деген алтын медалды Серіктің мойнына өз қолымен тағып: «Мен әлемдік күресте, боз кілем үстінде он екі жыл белдестім. Адамзаттан тұңғыш рет осы Серіктен жығылып тұрмын. Мынау жас балуанның еркін күресте әлемнің аға жүлдегері болатынына еш күмән келтірмеймін», - деп ағынан ақтарылады.
***
1962 жылы мамырдың 10-25 күндері аралығында Қытайдың Хуби өлкесі Ухан қаласында Республикалық еркін күрес шеберлерінің байқауы өтеді. Ұлттық құраманың балуаны Серік бұл жарысқа ШҰАР-дың атынан түседі. Осыдан бір ай ғана бұрын Үрімжіде соқыр ішек операциясын жасатып, әлі толық сауыға қоймаған Серік бұл аламанға тәуекел етіп келеді.
Жарыс үстінде жарақатының ауырғанына қарамай сегіз балуанды жығып, тоғызыншысы осы Гансулық асау қара сарлық бұқа балауан атанған Гау Бодан деген қалып еді. Қазақтың салбурын сапарға аттанғанда Тәңіріден тілек тілеп, «Үйірімен үш тоғыз» дейтін нақылын көңіліне ырым етіп, мынау тоғызыншы балуанды, «соғып алып», қанжығасына «олжа» етіп байлап қайтуды іштей серт еткен Серік, белін көк жасыл торғынмен тоғыз қабаттап орап, «А, Құдайлап!..» үстасқан жерден Гау Боданды алып соғып, алтын мінбеден көрінеді.
Жарыстан кейін жолдастары арыстың белінднгі торқаны шешкенде, операция жасатқан жерінің көк еті қайта сөгіліп, ісінген қызыл ішегі сыртына теуіп, аузынан қан ағып тұр екен. Көзі қарауытып, талықсып бара жатқан Серікті қасындағы жігіттер сүйей береді...
Осы жарыстан кейін Серікке мемелекеттік спорт комитеті «Қытай Халық Республикасының мәңгілік аға жүлдегері» атағын береді.
Серік пен Самат
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Алтайдан ауа көшкен бірәз ел, Қазақстанның шығыс бөлегіндегі аудандарына қоныс тебеді. Ел қайта қопарыла қайтқанда, тегі алтайлық Кәкім деген ақсақалдың Қазыкей деген әпкесі осы бетте қалып қояды. Одан Қатира, Қатыш тарайды. Біз сөз етіп отырған Самат осы Қатыштың ұрпағы. Ал, Қазыкей апамыз жасынан тақымына құрық қыстырып жылқы күзеткен, ер жүрек, ер мінезді, «Дымыктың жолбарыс қызы» атанып, айналасына ерте мәлім болған қарулы адам болыпты. 1924-1925 жылдар аралығында арысқа түсіп, КСРО көлемінде 1-, 2- дәрежелі жүлде алып, қазақтың тұңғыш әйел балуаны аталғанын, сөздің ретіне қарай еске түсіре кетейік. Саматқада осы қасиетті анасының шәрапаты жұққанға ұқсайды.
1986 жылы Жапонияда өткен еркін күрестен Азия чемпионы атанған Самат Рамазанұлы – Абайдың 150 жылдық тойында да бас бәйгені жеңіп алған текті спортшы. 1992 жылы, Алтайдың ары жағында, Кәкім атасынан тарайтын ағайындарын іздей барған жолында, арнаулы Серік балуанға салем беріп, фатихасын алып қайтпақ ниетте, ат басын бұрыпты.
Самат келгенде Серік есіктің алдында лай илеп, шарбақ қорасын сылап жатыр екен. Самат ағасын көргенде қолының батпағына қарамай, төс қағысып аман-саулық сұрасады. Дастарқанға жайғасқасын Самат: «Сіз қазақтың аға балуанысыз, Қытайдың қалы кілемінде алысқаныңызбен, есіміңіз Қазақ еліне ежелден машһүр. Сізге келіп, сәлем етіп дидәрласу көптен бергі арманым еді», - деп бір түйіп қояды.
Дастарқанның төрт жерінен төрт түрлі дәм алып, шытына түйіп жатып: «Балаларыма апарып берейін, аталарына тартқан ер болсын», - деген Самат, Секеңнің тұлғасына тамсана қарап саптастарына: «Ағамыз атанның сүйегіндей бітімінде ерекше асылдық бар, теңдессіз күштің иесі екен. Арыстың пілі екенінде дау жоқ. Шұңғыл көзі, бүркіт қабағы айдынға біткен, қимыл ыңғайы тұйғын сияқты болар ма екен. Түспесі түскенде қандай алыпты да жықпай қоймас», - деп таңданысын жасыра алмапты. Інісінің қошеметін естіп кеңк-кеңк етіп күліп алған Секең: «Арыстанның да, аюдың да тісі батпайтын нағыз піл өзің боларсың, шырақ. Шіркін, мынаған менің жүрегімді берсе дүниеде ешкім шақ келмес!..» - деп ақтарылыпты. Бұл кез Секеңнің елуді алқымдап қалған шағы еді.
***
Тұяғы қызған тұлпардай бауырын енді жазып шабар тұсында, топшыдан соққан Қытайдың қызыл сойылы оның қанатын қайырып тынды. 1962 жылы, «Совет одағының элементі» деген қиянатпен арыс күрес майданынан біржола аластатылды. Аш бурадай буырқанған құсалы Серік туған ауылы Қабаға қайта оралған тұсында не бәрі жирма төрт-ақ жаста еді... Боз кілемде асыр салған бес жылдық спорттық тарихында, еркін күрестен Қытай Халық Республикасының он неше дүркін чемпионы болып үлгірген.
Ата мекені Алқабекке келіп ел қатарлы, жылқы күзетіп, отар барып, жайлау шығып жүрген Секеңді алыстан ағайын ат арыта іздеп келіп, сәлем беріп: «Құдай берген қуатыңмен талай жерде қазақтың атын аспандаттың, шырақ, бізгеде бір күшіңді көрсетші, көз айдым болайық», - деп қолқалайтын көрінеді. Сонда Секең: «Еее... халайық, күш көрсетер жерім бұл емес еді. Енді әлемнің мықтылырымен ұстасар тұсмыда, заманмның сиқы мынау болды, істетпеген күш арам, жастарға үлгі болсын...» - деп дереде байлаулы тұрған үлкен қоңыр атты жығып, бауырын байлаған арқанның бір ұшын иығынан асыра салып, арқанға екі қолын салып, ырғаңқырап тұрып бір ышқынғанда жылқыны кеудесінен асыра көтеріп әкетіпті.
***
Өмірінің соңында жапанда өскен жалғаз қарағайдай күй кешіп, ширығып, булыққан балуан 1994 жылы қыркүйектің екінші жұлдызында елу сегізге қараған жасында бұл дүниемен мәңгілікке қоштасты. Аңырап қалған елі арулап, туған топырағы Білезік өзенінің жағасына қойып, басына күмбез орнатты. Іздеусіз, сұраусыз қалған жоқ. Еске алу кештері мен мүшел тойлары дүркіреп өттіп жатты. Батырдың атына лайық спорт кешенін берейік деген ұсыныстар да болды. Бірақ, Ондай мәрттік қызыл үкіметтің қолынан келмесі белгілі еді, әрине.
Бұл күнде, Балуанның ғажайып қайраты хақында аңызға бергісіз аңгімелерін елі әлі де сағынышпен тамсана айтып жүр. Атасындай алып болсын деп, ырым етіп қойған Серік есімді сәбилер де атпал азамат болды.
...Балуанның шымыр тұлғасына ескерткіш боларлық Алтайдың сары мысы мен ақ алтыны қытайдың қойнына ағылып жатыр. Балуан көтерген мәр-мәр тастар ақ сарайлардың еденінде қалды тапталып...
***
Батыр рухының ақырған, өктем, ащы даусы азат елінің аспанында қалықтап, жас өркеннің санасында жүрсе оған да құба-құп дер едік.
Бөлісу: