Думан Рамазан. Әке, сіз – жеңімпазсыз!

Бөлісу:

07.08.2023 2913

Әкем Әмірғали Рамазанұлының рухымен сырласу

Әке, Сізді қатты сағындым! 

Бұл фәниден бақи дүниеге көшкеніңізге де бақандай жиырма жеті жыл өте шығыпты. Адам өмірімен есептер болсақ, әрине, аз уақыт емес. «Бәріне уақыт емші» десек те, тірі кезіңіздегі іс-әрекетіңіз, жүріс-тұрысыңыз, мінез-құлқыңыз, сөйлеген сөзіңіз, аяулы да асыл бейнеңіз уақыт өткен сайын жадымызда жаңғырып, көз алдымызда көлбең қағады. Кең жайылған қанатыңыздың саясында алаңсыз асыр салған күндерді еске алып, естелік айтып, елесіңізге телміріп қалғанымыз, көңілімізге қаяу түсіріп, көкірекке мұң, қабаққа кірбің ұялатады.

Аз күндік жарық жалғанда балаларыңызға қамқор болдыңыз, жан-жүрегімізге ізгілік дәнін септіңіз, әкелік мейрім-шуағыңызды төктіңізКөкіректе сол Өзіңіз жаққан от-сезім сартап сағынышты маздатып, жанымызды жалынға орап, өн бойымызды күйдіріп-жандырады.

Әке деген ардақты атқа кір келтірмей, мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, о дүниеге де ақ өліммен аттандыңыз. Ғұмырыңыз қысқа болғанымен, мойныңызға жүктелген әкелік парызыңызды толық өтеп кеттіңіз. Әкелік қамқорлық, жанашырлық, мейірім секілді қадір-қасиеттер тұла бойыңызда тұнып тұратын. Оны біз жас та болсақ жан-жүрегімізбен сезінетінбіз. Сездіретінсіз... Сондықтан Өзіңізді жақсы көретінбіз, әркез сыйлап тұратынбыз, құрметтейтінбіз. Айтқаныңызды екі етпейтінбіз. Арамыздағы сыпайы сыйластық осылай өріліп жататын.

Өзім де әке атанып, ердің жасы – елуден асып кетсем де, әлі де арыз-арманымды айтып ақтарылғым келеді, еркелегім келеді, сырласқым келеді, мұң шаққым келеді, қуанышыммен бөліскім келеді. Бірақ, бұның бәрі орындалмас бос арман екені көңілімді құлазытып, жаным жабырқау тартады. 

Кейде ту сыртымнан бәрін бақылап, көріп-біліп, сезіп тұратындай сезім күйін кешемін. Солай болуы да мүмкін-ау! Әйтеуір, ойымнан бір кетпейсіз. Түнде түсіме кіресіз. Жүрегімнің төрінде алып бейнеңіз тұр. Жанымның жайлауында шалжиып жатасыз. Көңілімнің бақшасында серуен құрасыз. Қуанған, шаттанған, мерейлі мезеттерімде ең алдымен  Өзіңізді еске аламын, көңіл шіркін шарқ ұрып іздейді. Жоқтығыңыз білініп, орныңыз ойсырап тұрады. «Алшаң басып арамызда жүргенде ғой» деп қиялға берілемін. Кеудемді өкініш кернейді. Көзіңіз кетсе де, рухыңызды, тірі кезіңізде құлағыма құйған сөздеріңізді ес тұтамын, арқа сүйеймін. Қамыққан, жабыққан шақтарымда есіме түсесіз. Сол сәтте-ақ етек-жеңімді жиып аламын. 

Ойша сырласамын. Қарсы алдымда қасқайып тұра қаласыз. Тіл қатпайсыз. Бірақ сол үнсіздігіңіздің өзінен көп нәрсе түйсінемін, түсінемін, ұғынамын. Бар шынымды айтамын. Құпия-сырыммен бөлісемін. Құдай куә, Сізді есіме алсам, рухтанып шыға келемін. Елесіңізбен-ақ бойыма күш-қуат құясыз, жаныма жігер бересіз. Сізді ойлаған, есіме алған сәтте-ақ жота-жоным күдірейіп шыға келеді. 

«Бәріне өз күшіңмен, өз еңбегіңмен жет!» деген талап қойдыңыз. Осылай тәрбиеледіңіз. Қайсарлыққа үйреттіңіз, намысшыл болуға баулыдыңыз. «Тексіздік танытпа, тіленшектенбе, ешкімге жалынба, жағымпазданба! Ата-бабаңа, атыңа кір келтірме! Абыройыңды сақта, ар-ұяттан аттама, намысшыл бол!» деген сөзіңіз де әлі құлағымда жаңғырып тұр. «Ешкімнен қорықпа! Құдай өзі берген жанын өзі ғана алады» деуші едіңіз. «Әрине, алдымен дос жина. Достыққа адал бол! Жан-жағыңа шуақ шашып жүр. Айналаңа сүйкімді бол! Адам баласына бірінші болып соқтықпа, жамандық жасама, қызылкөзденіп жау іздеме. Ал жауласқысы келетіндерден қорықпа, есеңді жіберме, жауымды көбейтем деп қамықпа. Қорықсаң, қорқақ қана емес, ез болғаның. Жауың көп болған сайын, өзің де шыныға, шыңдала түсесің. Сергек жүресің. Сүрінуге, қателесуге мүмкіндігің қалмай қалады. Міне, жауларыңның саған жасайтын ең үлкен жақсылығы осы. Әрине, жаудың көбейгені жақсылық емес, бірақ оған бола мойыма, еңсеңді еш түсірме. Өмірдің өзі – күрес. Күрес!..» деуші едіңіз. Оны қалай ұмытайын?! Өзіңізге ғана емес, хал-қадірімше сол өсиеттеріңізге де адал болуға тырысып келемін.

Үлкеніңіз – Айгүл! Оны ерекше жақсы көрдіңіз. Бетінен қаққан жоқсыз. Емін-еркін, еркелетіп өсірдіңіз. 

Мен үйдегі екінші баламын, ұлдың үлкенімін. Менен бір жыл бұрын жалғанның жарығын көрген періште ұлыңыз жасқа толар-толмастан шетінеп кетіпті. Ол туралы бір ауыз сөз айтқан емессіз. Жаныңызды жаралағыңыз келмеген болар. Ал оны тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген шешем: «Сенің алдыңда Айтқали есімді ұл болған. Атын «Әмірғалиға ұқсас болсын» деп әжең қойған. Туа салып алыс сапарға асығыс аттанып кетті» деп жиі еске алып, көз жасына ерік беретін. Ана үшін ішін жарып шыққан әр перзенттің өз орны болатынын сонда-ақ түсінгем. 

Мен 1967 жылы жазда жарық дүние есігін аштым. Дәл сол уақытта Абай ауданының орталығы – Қарауылда ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың жетпіс жылдық мерейтойы салтанатты түрде тойланып жатқан екен. Той-думандатып жүрсін, әрі «ұлы Мұхтар Әуезовтей жазушы болсын!» деп ырымдап, атымды Думан қойыпсыздар. Оны өзіңізден талай естідім. Негізі мен шілденің он сегізі күні дүниеге келіппін, ал сіз «туған күні айдың ортасында болғанша, басында болсын» деп, кейіннен туу туралы куәлік алар кезде «бірінші тамыз» деп жаздырып алыпсыз. Содан қағаз жүзінде 1967 жылғы 1 тамыз күні туылғандай болып шыға келдім. Амал жоқ, біздің заманымызда құжат сөйлейді, жыл сайын осы күнді туған күнім ретінде атап өтемін. Оған әбден бойсұндым. 18 шілде күні туғанымды көп ешкім де біле бермейді. Тіпті кейде өзім де ұмытып кетемін.

Анам екеуіңіз тату-тәтті, сыйласып, түсінісіп ғұмыр кештіңіздер. «Әмірғалидың қақ-соқпен көп шаруасы жоқ еді, мінезі жайлы болды» деп шешем әлі күнге дейін ризашылықпен еске алып отырады. 

Тоғыз баланы асырап-жеткізу оңай дейсіз бе, күндіз-түні ерінбей-жалықпай еңбек еттіңіздер, аянбай тер төктіңіздер. Соның арқасында ырыздық-несібелеріңіз молайып, тұрмысымыз түзелді. Шаңырағымыз шаттыққа толды, ырысқа кенелді, құт дарыды, берекеміз арнасынан асып-тасып жатты... 

Рамазан атам мен Жұмажан әжем бізбен бірге тұрды. Бір шаңырақтың астында бақытты, бақуатты ғұмыр кештік. Ата-анаңызды қатты сыйлаушы едіңіз. Айтқандарын екі етпейтінсіз. Қарсы шықпақ түгілі, артық ауыз сөзіңізді естіген емеспін. Бала болсақ та, соған дән риза болатынбыз. Көңіліміз тоғайып жүретін. Үйімізде жылылық, жайлылық, жарасымдылық салтанат құрды... 

Атам да, әжем де сондай балажан еді. Жандары немерелерінің үстінде жүретін. Бірге жүрген күндерді есіме алсам, сағыныш кеудемді кернейді. Көңіл күйім сеңдей бұзылып, көзіме жас, көмейіме өксік тығылады. Жақсы тәлім-тәрбие берді, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үндеді. Сондықтан да жаман болуға, теріс жолмен жүруге хұқымыз болған жоқ.

Балаларыңызға ерекше көңіл мен уақыт бөлдіңіз, жиі қыдыртушы едіңіз. Семейге, тіпті сол кездегі астанамыз әсем Алматыға жиі барушы едік. Семейге дейін ақ жигулиіңізбен өзіңіз алып келетінсіз. Қарауылға азырақ аялдап, бойымызды жазып, мейрамханалардан улап-шулап ас ішетінбіз. Таңсық болғаннан кейін болар, керемет дәмді көрінетін. Қып-қызыл борщы мен жұп-жұмсақ котлетін айтсаңызшы! Бәлішінің (беляши) өзін құшырлана жейтінбіз. Осының бәрі балалық шақтағы ұмытылмас сәулелі сәттер, шұғылалы мезеттер екен ғой!

Жолшыбай «Жидебайға» барып, Абай атамның үйін аралап көріп, тұтынған заттарын тамашалап,  мәз-мейрам болатынбыз. «Еңлік – Кебек» ескерткішіне де соқпай кетпейтінбіз. Бала үшін ата-анасымен қыдырудың өзі бір ғанибет емес пе?! Оның үстіне Абай атамыз бен қос ғашық – Еңлік пен Кебек туралы тамсана айтатын әңгімелеріңіз құлағымыздың құрышын қандырып, көп жайға қаныға түсетінбіз. Шәкәрім қажы мен оның ұрпақтары туралы да алғаш өзіңізден естіп едім. Ел мен жер жайында көсіле айтатын әңгімелеріңіздің өзі бір тағылым еді... Шәкір Әбенов пен Төлеужан Ысмайылов туралы да қызықты әңгімелер айтатынсыз. Екеуінің де көзін көріп, аралас-құралас болып едіңіз. Төлеужан ағамен тіпті дос-жар болдыңыз. Үйімізге жиі келетін. Дастархан басында отырып, әңгімесі мен өлеңін өз аузынан талай тыңдадық. Әдебиетке жақын болғаным да осыдан шығар деп ойлаймын. Яғни, қазақ үшін аса қастерлі жерде, құнарлы топырақта,  қасиетті өлкеде, ұлылар мекенінде туып-өстім ғой! Сөз жоқ, бұның бәрі жеке өмірімде үлкен із қалдырып, ой-өрісімді өсіріп, таным-түсінігімді кеңейтті. 

Ол кезде Семей қаласы – облыс орталығы болатын. Көшелерін оңды-солды көп кездік. Емін-еркін аралап, ескі ғимараттарды тамашалайтынбыз. Көбінесе Абай мұражайына баратынбыз. Облыс орталығының аты – облыс орталығы ғой, балалар қызықтайтын көрікті жерлер, ойын-сауық отаулары, саябақтар кемшін еді. Облыс басшыларының осы жағын ойламағанына әлі де таң қаламын. Ал әсем астанамыз – Алматыға жолымыз түскен сайын әрлі-берлі армансыз аралайтынбыз. Бұндай үлкен шаһарда тұратын адамдардың барлығы бақытты көрінетін. Көбінесе жан-жануарлар саябағына, «Медеуге», «Көк төбеге», циркке, мұражайларға барып, қызыққа батып, мәре-сәре болатынбыз. Көңіліміз көтеріліп, бір жасап қалатынбыз. Ағызып-тамызып балмұздақ жеудің өзі де бір ғанибет еді-ау! Қайран, балалық! 

Алматы дүкендерін армансыз аралап, түрлі заттар, киім-кешек алатынсыздар. Бізді де құр қалдырмайсыздар. Әлі есімде, Алматыға келген сайын шешем екеуіңіз 13-інші әскери қалашықтағы әскери киім-кешек сататын «Военторг» дүкеніне арнайы ертіп апарып, офицер қалпағын, пилотка, погон, жұлдыздарымен қосып сатып әперуші едіңіздер. Бұлар біздің ауылдың балаларына өте таңсық болатын.  Солдаттарға ұқсап шікірейіп киіп алатынбыз. Баламыз ғой, соған да қоқырайып, мәз боламыз. 

Белесебеттің түр-түрін міндік. Жеке-жеке еншілеп алған тайымыз болды. Мініп алып, бір-бірімізбен жарысып, шапқылап жүретінбіз. Қысқасы, балғын балалық шағымыз бақытты өтті, қызық пен қуанышқа толы болды. Ештеңеден кемдік, таршылық көргеміз жоқ. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болды. Жазғы каникулда үйдің жанындағы көгалға киіз үй тіккізіп қоятынсыз. Көбінесе сонда ойнайтынбыз. Сырмақ пен текемет төселген, көрпе жайылған. Жер үстел қойылған. Ойын баласы үшін барлық жағдай жасалған. Тамақты да сонда ішетінбіз. Шаршасақ, әр-әр жерге қылжия кетіп, пысылдап ұйықтап қалатынбыз. Өте ыңғайлы әрі қолайлы еді. 

Ұлдың үлкені болғаннан кейін бе, мені қасыңыздан бір елі тастамаушы едіңіз. Совхоз, аудан орталықтарына барсаңыз да, қыстақ пен жайлауды араласаңыз да қалдырмай ертіп жүретінсіз. Малшылар қауымы сізді құрақ ұша қарсы алып, құрметпен шығарып салатын. Барған сайын жай бармайсыз, киім-кешек таратасыз. Арам қатқан малдарды акт жасап, шаруашылық есебінен шығарасыз. Әйтпесе, малшылардың мойнына мініп қалатын. Қашанда шопандардың айтқанына сеніп, өлген малдарының есеп-қисабын дұрыстап жазып беретінсіз. Сондықтан да болар, төредей күтетін, дастархандарына барды-жоқтыларын қойып, ет пен қымызға сылқия тойып қайтатынбыз. Қайтып келе жатып бала болсам да сыр ашып: 

– Күндіз-түні малдың соңында салпақтау оңай дейсің бе?! Риза болсыншы, байғұстар! – дейтінсіз салмақпен сөз сабақтап. 

Елге көп жақсылық жасадыңыз! «Сыйға – сый...» дегендей, қайтарымы да болмай қалған жоқ. Ол кезде адамдардың адамгершілігі мол еді, жақсылыққа жақсылықпен жауап беретін. Оны көріп-біліп өстік.

Алғашында ауылда зоотехник, кейіннен қойма меңгерушісі болдыңыз. Ферманың бүкіл дүние-мүлкі қолыңызда болатын. Арпа, бидай, сұлы, комбикорм қоймаларда толып тұратын. Негізі оның бәрі тек кеңшардың малына ғана берілуі керек қой. Кеңшілік заман. Адамдардың ниет-пейілі де сондай кең еді. Ауыл тұрғындары қолдарындағы жеке меншік малдарына жем сұрап келсе, бәлсінбей-ақ бере салушы едіңіз. Өйткені бәрі де ағайын-туыстай болып кеткен. Әлі есімде, апалар жағы шешем арқылы сұрайтын. Себебі, шешемнің сөзін ешқашан жерге тастамайтынсыз. Оны бәрі білетін. «Кешке таман, апақ-сапақта келе қойсын!» дейтінсіз еш қабақ шытпастан. Бұйымтайшылар айтқан уақытыңызда қаптарын арқалап, арбаларын сүйретіп жетеді. Тез-тез қаптап алады да, рахметтерін айтып, алғыстарын жаудырып кетеді. Әрине, оның бәрін ауыл адамдары білетін, көретін, бірақ ешкім артық ауыз сөз айтпайтын. Білсе де білмегендей, көрсе де көрмегендей болатын. Біреудің үстінен арыз-шағым жазу атымен жоқ еді. 

Қоймаларда не жоқтың бәрі болатын. Киіз үйлерге дейін үйіліп жататын. Алматыға көшіп келгеннен кейін «сол тегін жатқан киіз үйлердің тым құрмаса біреуін ала келмеппін, бұнда қат екен ғой! Жалға беріп, ақша табуға да болады екен ғой!» деп әзілдеп отыратынсыз. Шопандарға арналған су жаңа киім-кешектер жиі әкелінетін. Тон, плащ, қолғаптар, тіпті аяққа киетін боти, етік, пималарға дейін қаланып тұратын. Өтірік айтып қайтемін, біз де сол заттардың қызығын көрдік. Күзде керзі етік, қыста пима, көктемде жаңбыр жауған күндері аяғымызға сужаңа ботиларды киіп алып, шікірейіп шыға келетінбіз. Кеңес өкіметінде осындай кеңшіліктер болып еді-ау!..  

Өте жомарт едіңіз. «Алып беріңізші!» дейтін бұйымды сөзге келместен сатып әперетінсіз. Ал оларды жоғалтып, болмаса сындырып-бүлдіріп алсақ, ешқашан жекімеуші едіңіз. «Әй, ол дүние ғой, жоғалады, сынады, бүлінеді. Дүниені адам табады. Аман болыңдаршы! Сендердің бір күн асыр салып ойнап жүргендеріңе ештеңе жетпейді!» – дейтінсіз басымыздан сипап. Бала болсақ та, осы қасиетіңізге шын риза болатынбыз.

Отбасыңыздың ынтымағына, балаларыңыздың береке-бірлігіне ерекше көңіл бөлдіңіз. «Тату болыңдар, бір-біріңді сыйлаңдар!» деп үнемі құлағымызға құйып отыратынсыз. «Бірге туған бірге өледі». Ертең біз өліп қалсақ, бір-біріңе қамқор, сүйеу боласыңдар. Біріңе біріңнің ғана жаның ашиды. Біріңе бірің ғана көмектесесіңдер» дегенде бала болсақ та тіксініп қалатынбыз. Тап бір ерте ажал құшатындай, көңіліміз түсіп, көзіміз жәутеңдеп, иегіміз кемсең қағатын. Өйткені, ата-анадан айырылу орны толмас ауыр қайғы екенін бәріміз білетінбіз, сезетінбіз. Ондай жаман сөзді неге айтады екен деп қыржиятынбыз. Кәдімгідей қамығып, жабығып қалатынбыз. Бұның өзі де тағылымды тәрбие екен ғой. Соның арқасында тоғызымыз тату болып өстік. Құдай куә, әлі сол береке-бірлігімізге сына түскен жоқ. Болашақта да сыйласып ғұмыр кешеміз деп рухыңыздың алдында нық сеніммен айта аламын. Өйткені біздің күшіміз бірлікте, татулықта, түсіністікте екенін білетін жасқа жеттік қой!

Көркем мінезді едіңіз! Үнемі жылы жымиып жүретінсіз. Жоқ нәрсеге бола ашуланып, ақырып-бақыратын әдетіңіз жоқ еді. Жүзіңізден нұр төгіліп, тұла бойыңыздан шуақ шашылып тұратын. Сол нұр мен шуаққа емін-еркін шомылып өстік. Бәрін орнымен істейтінсіз. Мейрімді болатын жерде мейірімді, жұмсақ болатын жерде жұмсақ, қатал болатын жерде қатал болдыңыз. Бұзықтық істесек, жанымызды шығаратынсыз, жынымызды қағып алатынсыз.

Атақты ақын Бауыржан Жақыптың әкесі Өміржан ағалармен көрші тұрдық. Үйіміз де, қорамыз да жапсарлас болатын. Бір күні бір топ бала бір-бірімізді қуалап ойнап жүргенбіз. Төбесі ашық тақтай қораның ішінде Бауыржан ағамның сүйкімді қарындасы, өзіммен түйдей құрдас Нұрмира кітап оқып отыр екен. Жерден кішірек тас алдым да, жоғары қарай лақтырып қалдым. Ойым – Нұрмираны шошыту болатын. Қайдағы, лақтырған тасым қорадан аспай, жоғарғы тақтайдың біріне соғылды да, кері серпіліп келіп қасымда тұрған өз қарындасым – Шайгүлдің басына тақ ете қалғаны. Бажылдап кетті. Төбесінен шым-шымдап қан көрінді. Шошып кеттім. Айғай-сүрен болды да қалды. Қайдан сап ете түскеніңізді білмеймін, ентіге басып жетіп келдіңіз. «Не болды?» дедіңіз келген бойда. Не дейін, кінәлі екенімді үнсіз мойындап, қыпылықтай төмен қарадым. Қасымда тұрған балалар болған жайды тақылдап айтып берді. Түтігіп кеттіңіз де, жағымнан шапалақпен бір тарттыңыз. Мұрттай ұштым. Құдай оңдағанда одан әрі маған қарауға мұршаңыз болған жоқ, қарындасымды құшақтай алып, көтеріп ала жөнелдіңіз. Абырой болғанда, Шайгүлдің бас сүйегі аман екен, тек терісі жырылып кетсе керек, дәрігерге барып, тіктіріп келдіңіз. Басын ақ дәкемен орап тастапты. 

Қабағыңыз қатулы. Бұзықтық жасағанымды сезініп, қорқып отырмын. Жаныма жақындап келіп, тағы да шапалақпен бір тарттыңыз. Еңіреп қоя бердім. Сол сәт әжем жанұшырып келіп, араға түсті. Жәутеңдеп бауырына тығылдым. Әйтпесе, сыбағамды аларым анық еді. Ала көзіңізбен атып:

- Бауырларыңа бас-көз боп жүр десем, өз қарындасыңның басын өзің жарып жүрсің! Енді осындай бұзықтық істесең, менен жақсылық күтуші болма! – дедіңіз қабағыңызды түйіп. – Сен ұлдың үлкенісің! Қарындастарың мен бауырларыңа қамқор болуға тиіссің! Ол сенің ағалық парызың!

Осы кезде әжем сөзге араласып: 

- Болды енді! Айттың ғой! Естіді. Бала емес пе?! Баланың балалығы  болады да. Жүрегін ала бер ме! – деді қатқыл дауыспен.

Сол-ақ екен, моп-момақан күйге ене қалдыңыз. Үн-түнсіз теріс бұрылып кеттіңіз.

Әжеме сондай риза болдым. Десе де, ағалық парыз туралы айтқан бір ауыз сөзіңіз қатты әсер етті. Сол күннен бастап бауырларым мен қарындастарыма қамқор болу керектігін ұғындым, жауапкершілікті сезіндім. Әрине, қарындасымның басын жарып алғаныма сол сәтте-ақ қатты өкінгем. Аяп та кеттім. Бірақ одан не пайда?! Болары болып, бояуы сіңіп қойды. «Әдейі істегенім жоқ, абайсызда болды ғой!» деп өзімді-өзім жұбатқаным да әлі есімде. Одан кейін бұндай жай қайталанған жоқ. 

Ал ауыл балаларымен төбелесіп өстік. Ондай бұзықтықтарымызға көз жұма қарадыңыз. Қайта іштей қолдайтындай көрінетінсіз. Арқаланатынбыз. Көп таяқ жей қоймайтынбыз. Бәлкім, қайсар, батыл, өжет болып өсуімізді қалаған шығарсыз. Тетелес інім Дулат екеуміз өзімізбен қатар балалармен шекісіп қала беретінбіз. Менменсіген талайдың сазайын беріп, кеудесін бастық. Кейбір ата-аналар біздің үстімізден арыз-шағым айтып келетін. Бірақ, бірде-бір рет бұл үшін ұрыс естігенім есімде жоқ.

Аса қатал емес едіңіз. Себепсіз ұрсып-жекімейтінсіз. Бірақ, шыны керек, қатты қорқатынбыз. Мектепте тәртіпті оқушы болдық, үздік оқыдық. Арақ-шарап пен темекіге үйір болмадық. Сондай бір бұзықтық істесек, қатты ашуланатындай көрінетінсіз, жанымызды шығаратындай елестейтінсіз. Бұл жағынан алғанда үнемі есімізде жүретінсіз, көк желкемізден қыдиып қарап тұратындай болатынсыз. Сондықтан да ондай жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстауға тырыстық. 

Сабағымызға да ерекше көңіл бөлетінсіз. Түсте мектептен шығамыз, сіз де үйге түскі асқа келесіз. Ауқаттанып алған соң, «сабақтарыңды қараңдар, келген соң сұраймын!» деп мұқият тапсырып кететінсіз. Иә, жұмыстан шаршап-шалдығып келсеңіз де, үй тапсырмасын кезекпен пысықтап сұрап шығатынсыз. Сіздің ескертуіңіз бойынша, ешқандай сылтау айтылмауы керек. Егер үлгермей қалсақ, немесе шала-шарпы қарасақ, әрқайсымыз өз сыбағамызды алатынбыз. Сондықтан бәріміз сабағымызды мұқият қарап, үй тапсырмаларын тап-тұйнақтай ғып орындап қоятынбыз. Бұндай тәртіп ешқашан бұзылған емес. Тоғыз балаңыздың да әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, өмірден өз орындарын тапқаны да осындай қатаң тәртіптің арқасы ма деймін.  Бізді білімге осылай тәрбиелеп едіңіз.

Өнерлі едіңіз. Музыкалық сауатыңыз болмаса да, музыкалық аспаптардың бәрінде ойнайтынсыз. Есту (слухыңыз) қабілетіңіз күшті еді. Үйде домбыраның неше түрі, гармон, баян, мандолиндер болатын. Кез келгенін алып тарта беретінсіз. Әнді де нақышына келтіре айтатынсыз. Неге екенін анық білмеймін, көбінесе мандолин тартатынсыз. Ыңғайлылығынан болар, бәлкім! Жіп-жіңішке кәушіктен шеркіш жасап алып, кәсіби музыкант сияқты ғажап ойнайтынсыз. 

Солақай едіңіз! Кез келген музыкалық аспапты теріс ұстап тартатынсыз. Бірде ауылда бас есепші болып істеген Рымғали ағаның қызы тұрмысқа шығып, алыстан ат арытып құдалар келіпті. Қуаныштарына ортақтасуға шешем екеуіңізді де шақырыпты. Құдалықтың көрігін қыздырып, баян тартып, ән салып отырсаңыз керек, қарсы жағыңызға жайғасқан жаңа құдағидың бірі: 

- Құда, баянды теріс ұстап алыпсыз! – депті қағытып қалғысы келіп.

Қызып алып, баянды теріс тартып отыр деп ойласа керек. Сонда жылы жымиып: 

- Менің оңым осы! – депсіз жұлып алғандай.

Құдағи миығынан мырс етіпті.

Дәл осы кезде Мұрат есімді қуақы досыңыз сөзіңізді іліп әкетіп:

- Әмекең, солақай ғой! Солақайлар осылай тоңқайтып тартады. – депті әзіл-қалжыңға сүйей. 

Отырған жұрт ду күліпті. Құдағи аңдамай сөйлегеніне ұялып, жүзін төмен салыпты.  

Қолыңыздан бәрі келетін. Тазалыққа да қатты көңіл бөлетінсіз. Балаларыңыздың шашын да Өзіңіз алып, қысқартып беретінсіз. Сегізінші сыныпқа дейін бритвамен тықырлап алып тастайтынсыз, ешқайсымыз қарсы келе алмайтынбыз. Тоғызыншы сыныптан бастап шаш қоюға рұқсат еттіңіз, өзіңіз қысқартатынсыз. Бала кезде тырнағымызға дейін қайшымен алып беруші едіңіз. Тазалыққа, таза жүруге сәби кезімізден баулыдыңыз, үйреттіңіз, тәрбиеледіңіз. Сол бала кезгі дағды, әдет ешқашан қалмайды екен.

- Ер жетіп қалдыңдар. Дұрыс киініп, таза жүріңдер. – деп үнемі ескертіп отыратынсыз.

Бес-алты сынып оқитын кезім. Түнде шырт ұйқыда жатқанбыз. Үйдің терезесін біреу шағып жіберердей қатты тарсылдатты. Шошып ояндық. Көрші екен. 

- Қораларың өртеніп жатыр! – деді айғайлап. 

Асығыс-үсігіс киініп, сыртқа атып-атып шықтық. Атам үшеуміз қораның үстіне сатымен көтерілдік. Төбенің қақ ортасында от лаулап тұр. Көктемгі кез, жер лайсаң. Аша ала салып, жанып жатқан тұсты ойып алып, төмен қарай саз балшыққа лақтыра бастадық.

Бір кезде атам бірдеңе сезгендей қолымнан тартып, «былай тұр» деді де, менің орныма барып, ашасын нығыздай аяғымен қатты басып қалды. Сол-ақ екен, сол тұс опырылып түсіп, атам қораның ішіне сүңгіп кетті. Сіз жалма-жан мені құшақтай алып, сатымен төменге түсірдіңіз.

- Аға... Аға... Аға... өлдіңіз-ау! Өлдіңіз-ау!.. – деп жанұшыра айғайлап жүрсіз. 

Қапелімде қораның кілтін таба алсақшы. Ішінде екі мотоцикль және екі бөшке бензин тұратын. Әйтеуір, кілт табылды-ау. Жалма-жан есікті айқара ашып жібердіңіз де:

- Аға! Аға, қайдасыз? – деп айғай салдыңыз. 

Көк түтін сыртқа қарай бұрқ ете қалды. 

- Аға... Аға!.. – деп айғайлап тұрсыз.

Дауысыңыз жарықшақтана шығады. Көп уақыт өте қойған жоқ, түтін сәл саябырсыған кезде бір қойдың терісін теріс жамылған атам шыға келді. Сондағы қуанғаныңызды-ай! Балаша мәз болдыңыз. Кемсеңдеп, жылап жібердіңіз. Қуаныштың көз жасы ғой! 

Атамды, яғни әкеңізді сондай жақсы көретініңізді қапысыз сезіндім. Жанып жатқан қораның ішіне түсіп кеткендегі түріңіз бен күйгелектенген күйіңіз әлі көз алдымнан кетпейді. Қас-қағым сәтте ес-ақылыңыз шығып, жаныңызды қоярға жер таппай кеттіңіз ғой. Балаға әкенің соншалықты қымбат болатынын сонда алғаш сезіндім, ұғындым, түсіндім. Өйткені өзімде сол сезімді алғаш бастан кешірдім. 

Аузыңызға басқа сөз түспеген шығар: 

- Аға, қорқыттыңыз ғой! Қатты қорқыттыңыз ғой! – дей бердіңіз қалбалақтап. Содан құрақ ұша құшақтап үй жаққа алып кеттіңіз. Атам қақалып-шашалған күйі шайқалақтай басып бара жатты. 

Кейіннен білдік қой, атам қораның ішіне топ етіп түскенде көк түтіннен ештеңе көрінбепті. Қарманып жүріп бір қойдың терісін тауып алып, соны бас жағына теріс жамылып алыпты. Көк түтіннен өзінше қорғанғаны екен. Әжептәуір сеп болыпты. Содан сипаланып жүріп ауызғы бөлмеге өтіпті. Түтін қақалдырып-шашалдырып, тіпті тұншыға бастапты. «Ажалымның жеткен жері осы шығар» деп тұрғанда есік айқара ашылып, қораның ішіндегі түтін сыртқа лап қойғанда баспалап келіп далаға шығыпты. 

- Алдымен Әмірғалидың дауысын естідім, содан соң қолындағы фанардың жарығын көрдім, – дейді атам кейіннен еске алып.

«Фанар... Фанар әкеліңдер!» – деп айғайлап, фанар жақтырып алған едіңіз. Дұрыс істеген екенсіз ғой. Ондағы ойыңыз қораның ішіне кіріп, атамды алып шығу еді. Абырой болғанда өзі алдыңыздан шыға келді. 

«Қораға кірем» деп алға ұмтылғаныңызда ботадай боздап жіберіп едім. Екі әкеден бірдей айырылып қалам ба деген қауіп пен қорқыныш қой! Егер ішке кіргеніңізде қораның төбесі құлап түссе, бітті ғой, одан тірі шығуларыңыз екіталай. Соны ойлаған шығармын. Көрер жарықтарыңыз бар екен, шынында да атам шыққаннан кейін аз уақыттан соң қораның төбесі опырылып ортасына түсті. Құдай сақтады!

Өрт неден шыққан? Көктемнің басы, ұмытпасам, атам-ау деймін, қар мен мұз еріп, қораның ішіне су сорғалай берген соң төбесіне күл төгіпті. Оның арасында сол күні пештен шыққан ыстық күл де болса керек, шөпке тиген соң маздап, одан жалынға ұласқан сыңайлы.

Обалдары не керек, әп-сәтте ауыл адамдары да жинала қалды. Кейбірі шелектеп, кәткелеп су тасып, өртті өшіруге жандарын салды. Енді біреулері лаулаған жалын шатырға тисе үйді де отқа орайтынын айтып, киім-кешек, дүние-мүлік, көрпе-төсекке дейін далаға шығара бастады. Бір кезде Қанат деген бала шешеме жүгіріп келіп:

- Мұғалім, мынаны шөп арасынан тауып алдым. Көрпелерді көгалға апарып тастап, қайтып келе жатқам, аяғыма бірдеңе тиіп, сылдыр ете қалды. Алып қарасам, сіздің алтындарыңыз екен! – деп  бүкіл әшекей бұйымдарын, қымбат заттарын әкеп тұр ғой. 

Әке, Өзіңізге тағы бір риза болатыным, шешемізді қатты сыйлап, қадірледіңіз, бағаладыңыз. Асыл бұйымдарды көп сатып әперуші едіңіз. Алтын алқа, алтын сырға, алтын сақина қос-қостан болатын. Тіпті Семейге бір барғанымызда бауына дейін алтын сағат сатып әперіп едіңіз. Бертінге дейін жарқыратып тағып жүрді. Сол алтын бұйымдарын бір сауытқа салып, көзге көп түсе бермейтін жерге тығып қоятын. Ел-жұрт үйдегі дүние-мүлікті жанталасып сыртқа тасып жүргенде бір теңнің арасынан сусып түсіп қалса керек. Шешем өзінің шәкірті Мұсатаев Қанаттың сол адалдығын әлі жыр ғып айтады, ризашылықпен еске алады. Біздің ауыл адамдары шетінен осындай адал, ақжүрек еді. 

Өртті өшірісуге келген қайырымды жандар қорадағы екі мотоцикльді – екі аяқты «Иж» бен үш аяқты «Уралды» сүйрелеп алып шықты. «Бастан құлақ садақа» дегендей, басқа ештеңе алған жоқ. От алаудай лапылдап, лаулап, қора тұтас жанып кетті. Күлден өртеніп, күлі ғана қалды. Айналайын, ауыл адамдары әупірімдеп жүріп отты өшірді. Абырой болғанда, үйді өрт шарпыған жоқ. Әйтпесе, топты бала-шаға қайда барар едік?! Ал қораны көп ұзамай-ақ қайтадан салып алдыңыздар.

Таң атар-атпастан атамды кеңшардың ауруханасына жигулиіңізбен алып кеттіңіз. Өзі жүріп-тұра алмай қалды. Ыс тиіп, денесін аздап күйік шалған. Екі аптадай жатып, емделіп шықты. 

Ауруханаға күнде барып, әкеңіздің, яғни атамның хал-жағдайын біліп, тамақ апарып тұрдыңыз. Кейде мен де еріп барамын. Ұзақ әңгіме-дүкен құрасыздар. Жанға жайлы жарасымдылық сезілетін. Құдай куә, қатты сыйластыңыздар. Әке мен баланың сыйластығы сіздердікіндей-ақ болсын, жан әкелерім! Бұны көріп өскен біз де Өзіңізді қатты жақсы көрдік, сыйладық, құрметтедік. Басқаша болуы мүмкін де емес еді.

Атам ауруханадан сәл де болса тәуір болып шықты. Бірақ толық жазылған жоқ. Өкпесін түтін алып қалса керек. Көпке дейін қақалып-шашалып, дұрыс тыныстай алмай жүрді. Үйге қайтып келгеннен кейін де емін жалғастыра берді. Кейіннен құлан-таза жазылып кетті. Бірде дастархан басында сол бір үрейлі түнді еске ала отырып: 

- Қайта менің құлағанымды айтпайсың ба, егер Думан күмп еткенде әкесі екеуміз қоса түсіп, үшеуміз бірдей жанып кетер едік, – деген сөзі әлі күнге дейін құлағымнан да, көңілімнен де, көкейімнен де кетпейді. Бұны ойлаудың өзі қорқынышты. 

Сөзіңізбен ғана емес, осындай іс-әрекетіңізбен де үлгі-өнеге көрсеттіңіз. Құдай куә, атам екеуіңіз әй-шай дескен жоқсыздар. Тек бір ғана жайсыз оқиға есімде сақталып қалыпты. Кішірек кезім. Бір күні үйде абыр-сабыр болды да қалды. Әжем ашулы, атама ала көзімен ата қарайды. Шешем үн-түнсіз үй жинап жүр. Бір жамандықты сезіп, пештің түбінде бүрісіп отырмын. Бір кезде Өзіңіз келдіңіз. Есік жақта отырған атам: «Төрт көзіміз түгелденді, енді бастай беруге болады» дегендей, жөткірініп алды да, сөйлеп кетті:

- Мен сендер үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, – деді жағалай көз тастап, – Ештеңеден кем қылған жоқпын. Осы уақытқа дейін сендер үшін өмір сүрдім. Енді маған рұқсат беріңдер! Бірақ, бұл да өз үйім, біржола ат құйрығын кесіспеймін, келіп-кетіп жүремін! – деді сөзін түйіндеп. 

Атамды түсінуге болады. Негізі Жұмажан әжем атамның жеңгесі, яғни ағасының әйелі екен. Ағасы ерте қайтыс болып, үш қызын жетімсіретпеймін деп жеңгесіне қосылған ғой. Нақтылай түссек, үш қыз жатқа кетпесін деп ағайындары қосқан екен. Әйтпесе, әжем атамнан жиырма бес жас үлкен. Ол кезде атам алпысты алқымдап қалған, әжем сексеннен асып кеткен. Сонда да әжем атамды жібергісі жоқ, бұрқылдап сөйлеп жүр. Әрине, адам баласы үшін анадан артық кім бар дейсіз, Сіз, шешеңізді жақтадыңыз:

- Аға, – дедіңіз әкеңізге тіке қарап, – Кетсеңіз кете беріңіз! Жолыңызға тосқауыл бола алмаймын. Бірақ, осы үйдің табалдырығынан аттаған сәтте мені мүлде ұмытыңыз, балам бар демей-ақ қойыңыз, ал мен әкем бар демеймін. Егер кететін болсаңыз, артыңызға қарайламаңыз, біржола кетіңіз. Қайтып келмеңіз! – дедіңіз де, жауап та күтпестен шығып кеттіңіз. 

- Естиін деген сөзің осы ма? – деді әжем тілімен түйреп.

Бұндай сөз күтпесе керек, бәлкім, кім білсін, түсіністік танытар деген ойы да болған шығар, атам қос қолымен басын ұстап үн-түнсіз отырып қалды. Әрине, аяп кеттім, бірақ қай бала атасын жатқа қисын, басқа әйелге кеткенін іштей қаламадым. Кейіннен білдік қой, сөйтсек, сөйлесіп жүрген кербез келіншегі бар екен. Бір күні атамның төс қалтасындағы блокноттың ішінен бейтаныс арумен қолұстасып түскен суретті көріп қалып, мән-жайға қаныға түскендей болдым.

Әрине, атам кеткен жоқ. Туғаннан бір елі ажырамаған сүйікті ұлын қалай қисын?! Қалай сөзін жерге тастап, ат құйрығын кесісіп кетсін?! Ол мүмкін де емес қой! Өзі екі-ақ ұл. Оның бірі – Әмір ағамыз Қытайда қалған. 

Сөйтіп, әңгіме осымен аяқталды. Қайтып бұл жайында сөз қозғалған емес. Біржола ұмытылды. Тура он бес жылдай уақыттан соң атам әжемді өз қолымен қайтпас сапарға арулап шығарып салды. Еті тірі, пысық адам еді, бәрін өзі басқарып, қалбақ қағып жүрді. Кеңшар орталығынан білгір молда шақыртып, діни ырым-сырымның бәрін жасатты. Өте жомарт, қолы ашық жан еді, сол молдаға:

- Бәйбішеме арнап құран аудар! – деп бұзаулы сиыр бергенін білемін. Сол кезде елдің бәрі таң қалып, жомарттығын сөз еткен. 

Әжем қайтыс болғанда еңкілдеп тұрып жылады. Атамның осылай бордай езілгенін алғаш әжем, сосын Өзіңіз қайтқанда ғана көрдім. Қатын аламын деген ниет-пиғылы әжеммен бірге келмеске кетті. Мәңгіге ұмытылды. Қазір ойлап қарасам, атам көп ойланбай-ақ өз отбасын таңдапты ғой. Айтқанынан қайтпайтын өр адам болатын, егер әйелді нақ алам десе, ешкім де жолына тосқауыл бола алмас еді. Атамды тоқтатқан өзінің ақыл-парасаты, ұрпағына деген асқан сүйіспеншілігі деп білемін.

Уақыт өте берді. Өмір өзені өз арнасымен ағып жатты. Алтыншы сыныпта оқимын ба, жоқ әлде жетіншіде ме, дәл есімде жоқ, бір күні «мотоцикл үйретемін» дедіңіз. Екі аяқты «Ижіңізге» мінгестіріп, қозғала бердіңіз. Ауыл сыртындағы жазыққа шыққан соң тоқтап, мені алдыға отырғызып, өзіңіз артқа жайғастыңыз. «Муфтыны басасың, газды жайлап бұрайсың. Ақырын орныңнан қозғаласың» деп мұқият түсіндірдіңіз. Ал мен онсыз да бәрін білетінмін. Өйткені, мотоцикліңізді талай айдағанмын. Оны шешем ғана білетін, көрген сайын ұрсып, «әкеңе айтамын» деп қорқытатын. Бірақ, айтпайтын. Айтпайтынын біліп алып, керек кезінде айдап кететінмін. Сонда да түк білдірмеуге тырыстым. Жаңа үйренетіндей не айтса да басымды шұлғи бердім.

Айдап келемін, артымда қаздиып отырсыз. «Ақырын жүр» деп қоясыз. Бір кезде шыдай алмай газды бастым. Ызғытып келемін. Тіл қатпадыңыз. Әрлі-берлі біраз жүрген соң, жаймен тоқтадым. Жүзіңіз бал-бұл жанып, қуанышыңыз қойныңызға сыймай тұр. 

– Міне, азамат болды деген осы! – дедіңіз арқамнан қағып.  – Өзің жеке жүргізе аласың ба? 

-  Әрине! – дедім қоқиланып. 

- Кәне, көрейін! – дедіңіз де, түсіп қалдыңыз. 

Кәнігі мотоциклистер сияқты орнымнан жаймен қозғалып, ызғыта жөнелдім. Ернімді жымқырып алғам. Намысқа тырысып, жауапкершілікті сезініп келемін. Әудем жер айналып келіп қасыңызға тоқтай қалдым. Екі езуіңіз екі құлағыңызда.  Көзіңіз күлім қағады. Сондағы қуанышыңыздың сырын ол кезде онша ұғына қойған жоқпын. Жетеме енді жеткен секілді. Ұлыңыздың темір тұлпарды тізгіндеуге жарап қалғанына қуанған екенсіз ғой. Сондағы жымың қаққан жылы жүзіңіз әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. 

Жигули жүргізуді де Өзіңіз үйреттіңіз. Әсіресе, кеңшар орталығына барып-қайтқанда рөлді беріп қоюшы едіңіз. Машина айдағаныма мәз болатынмын. Бірте-бірте сеніміңізден шыға бастадым. Керегі де сол емес пе?! Ауыл арасында емін-еркін жүргізетін болдым.   

Тоғызыншы сыныпты бітірген жылғы жазда мотоциклмен бір құпия кездесуге барам деп, суық тиіп, қатты ауырдым. Басымды жуа сала асығыс-үсігіс шығып кеткем ғой. Күн салқындау еді, маңдайымнан соққан суық жел алып ұрды. Қызуым көтеріліп, басым солқылдап, жаным көзіме көрінді. Ауыл дәрігерін шақыртып алдыңыз. Ол тексеріп көрді де: 

- Менингит болуы мүмкін, біз емдей алмаймыз, тездетіп аудандық ауруханаға алып барыңыз, – деді жөнін айтып. 

Содан жигулиыңызға отырғызып алып, кеңшар басшыларына ескерте кету үшін кеңсеге соқтыңыз. Директор есік алдында адамдармен сөйлесіп тұр екен. Мән-жайды түсіндіріп едіңіз: 

- Қазір науқан кезі ғой, жібере алмаймын. Қолы бос біреу апарсын да, – деді маңғазданып.

Түсіңіз бұзылып кетті: 

- Мен сізге ескертіп кетейін деп қана келдім. Жұмыс баламнан артық емес, шығарсаңыз шығарып-ақ тастаңыз. Мен кеттім. Балам жазылғанша жұмыста болмаймын! – дедіңіз де, кері бұрыла бердіңіз. Тіпті директордың жауабын да күтпестен машинаның есігін тарс еткізіп жауып, құйғытып ала жөнелдіңіз. Арт жақта отырғанмын. Директордың: 

- Осылар қызық-ей! – деген дауысын ғана естіп қалдым. 

Шынында да жаз мезгілі, қой қырқымы қызып жатқан кез болатын. Оған Сіз жауап беретінсіз. Біз жаз бойы қой жығып, кадімгідей ақша табатынбыз. Бір адамның айлығын толық алатынбыз. Одан қалса қой қырқатын баздың іші-сыртын тазалататынсыз. Күн сайын осындай жұмыстар қайталанып жататын. Әрине, шаршап-шалдығамыз, кейде тіпті жалығып кетеміз. Бірақ, бұл бұлжытпай орындауға тиіс шаруамыз сияқты көрінетін, мықшыңдап жүріп бәрін тап-тұйнақтай қыламыз. Оған да қосымша ақша жазатынсыз. Сөйтіп, бала болсақ та, екі айлық көлемінде еңбекақы алатынбыз. Өз тапқанымызды өзімізге жұмсайтынсыз, мектепке шыттай боп киініп баратынбыз. Балаларыңызды еңбекке ертебастан тәрбиелеген екенсіз ғой! Әйтпесе, біз жұмыс істемесек те табыстарыңыз жеткілікті болатын. Онсыз да ішер ас пен киер киімнен кемдік көрмесіміз айдай анық еді.

Ауылдан жүз шақырымдық «Қарауылға» асқан жылдамдықпен құйғытып келдіңіз. Аудандық аурухананың бас дәрігерін жақсы таниды екенсіз. Сізді қатты сыйлайтынын байқап қалдым, тіпті сөзге келген жоқ,  бірден жатқызды. Бас дәрігердің өзі жылы қабақ танытқан соң қалған қызметкерлер аяқтарының ұштарымен зыр жүгірді. Барлық жағдай жасалды. Мұқият тексерді, қалай ауырғанымды тәтпіштеп сұрады. Анализдер алды, дәрілер берді, уколдар салды. Не керек, қолдарынан келгеннің бәрін жасады. 

Күні бойы қасымда отырасыз, кешке жайырақ кетіп, тәңертең ертерек тамақ әкелесіз. Торт-морт көтере келіп, дәрігерлер мен медбикелерді де риза қыласыз. 

-  Саған дұрыс қарасын! – дейсіз.

Құдай оңдағанда, менингит емес, тек қатты салқын тиген екен. Он бес күн жаттым. Жанымнан бір елі шыққан жоқсыз. Тоғызыншы сыныпты бітірген он алты жасар ересек баламын. Ауылға қайта берсеңіз қарсы болмас едім. «Жұмысыңызға бара беріңіз!» – деп те айтпаппын. Ешқайда ұзап шықпаған ауылдың ұяңдау баласымын ғой, бәлкім, қасымда болғаныңызды қалаған да шығармын. Тура он бес күннен кейін Өзіңіз алып қайттыңыз. 

- Менингит дегенге шошып кеттім! – деп едіңіз қайтып келе жатып, әкелік мейіріммен басымнан сипап. – Аман болыңдаршы! Басқа көп ешнәрсенің керегі жоқ!

Құлан-таза жазылып қайттым. Үйде сол күні кішігірім той болды. Атам айналып-толғанып-ақ жүр. Біз кетерде жанары жасаурап, кемсеңдеп қалған шешемнің де көңілі көтеріңкі. Дастарханын жайнатып қойған. Соғыстан жеңіспен оралған сарбаздардай күтті. Сонда өзімнің қадір-қасиетімді алғаш сезіндім. Ата-анама сондай қымбат екенімді анық аңғардым. Құшағын жайып, бауырына басып, мейірін төксе, балаға одан артық не керек?! Соны ойлап түннің бір уағына дейін көз іле алмадым. Қатты толқыдым. Ата-анамның қадірін де сонда жете түсінгендей болдым. 

Келе сала қызметіңізге қайта кірісіп кеттіңіз. Одан кейін директормен араларыңызда не болғанын білмеймін. Бәлкім, кең пейіл қазақпыз ғой, ештеңе де болмаған шығар. Себебі, артық-ауыз әңгіме естіген емеспін. Директор да ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде ғой, өзі де әке, бала-шағасы бар, түсінген болар. Алматыға көшкенше өз қызметіңізді абыроймен атқардыңыз.

Ел-жұртпен етене араласатынсыз. Тіпті ауданымызға аты шыққан Төлеген Жанғалиев, Әнуарбек Мәкенов сынды белгілі қаламгерлермен де қарым-қатынасыңыз жақсы болды. Оқу бітірген жылы Алматыға келіп, ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Құдай куә, жазушы болуды бала кезден армандадым. 

Балаларыңызға толық еркіндік бердіңіз. Қалауымыз бен таңдау хұқығымызды ешқашан шектеген емессіз. Өмірдегі өз жолымызды табуымызға мол мүмкіндік тудырдыңыз. Мектеп бітірер жылы:

– Қай оқуға барғың келеді? – деп сұрағаныңыз әлі есімде. 

- Алматыда оқығым келеді, – дедім шынымды айтып, – ҚазМу-дің журналистика факультетіне түссем деймін. - Талабың таудай екен, балам! Арман-мақсатыңа жет! – дедіңіз арқамнан қағып. – Ештеңеге алаңдама! Барлық жағдайыңды жасаймын! Тек оқы, ізден, әулетіміздің ғана емес, еліңнің мақтанышы бол! Қатарларыңнан қалмай, өмірден өз орындарыңды тапқандарыңды жан-жүрегіммен қалаймын!

Бұл сөз бойыма қанат бітірді, жігерімді жаныды. Әрі үлкен жауапкершілік жүктеді. Шешімдерім мен таңдауларыма түсініктікпен қарап, әрдайым қолдап-қуаттағаныңыз өзіме деген сенімділігімді арттырды. Үмітіңізді ақтап, сенім үдесінен шығуға талпындым. Егер менімен санаспай, «басқа мамандықты таңда немесе өзге жоғары оқу орнына түс» десеңіз, сөзіңізді жерге тастауым екіталай. Сол үшін де ризамын, әкешім! 

Біреу сенер, біреу сенбес, шынында да журналистика факультетіне жазушы болу үшін түскенмін. Себебі, жазушы болу үшін журналистика факультетінде оқу керек шығар деп ойлайтынмын. Өкінішке орай, мектеп бітірген жылы не күндізгі, не сырттай бөлімге түсе алмай, тауым шағылып, құлап кеттім. «Жығылған күреске тоймайды!» демекші, келесі жылы Алматыға тағы жол тартып, бағымды сынадым. 

«Қарауылға» арнайы барып, аудан атынан оқуға жолдама алып бердіңіз. Ұмытпасам, бір пәннен бес, екеуінен төрт, біреуінен үш алдым. Өзіңіз алып берген жолдаманың арқасында конкурсқа қатыспай, балым аздау болса да, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп кеттім. Әйтпесе, студент атануым неғайбыл еді. Өйткені, конкурс өте қатты болатын, бір орынға екі-үш талапкерден келетін. Бұл балаларыңыздың тағдырына бей-жай қарамайтыныңыздың айқын дәлелі емес пе?!

Ауылдан аттанарда айтқан мына бір сөзіңіз әлі құлағымнан кетпейді:

- Балам, – дедіңіз ойлы жүзіңізбен сынай қарап, – қазір білімнің заманы. «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығар» деген сөз тегін айтылмаған. Оқуға түсемін, білім қуамын деген талабыңды қашанда қолдаймын. Білімді азамат болып өскеніңді жан-жүрегіммен қалаймын. Диплом алу үшін ғана емес, өзіңді жан-жақты жетілдіру, дамыту үшін де оқуға ден қой. Уақытыңды елтең-селтеңмен өткізіп алма, талмай ізден. Бастық бол, ғалым бол, доктор бол, академик бол демеймін. Енді оны өзің көресің ғой. Ең бастысы, өз ісіңнің білгірі бол, өз мамандығыңды толық игер, сол саладағы майталман маман бол. Сонда жерде қалмайсың. Айналаңа сыйлы боласың. Құрметке бөленесің! Мерейің өседі, абыройың асқақтайды, бағың жанады.

Осы бір ауыз сөзіңіз өмірлік ұстанымыма айналды. Майталман маман болмақ түгілі, сол мамандықтың исі мұрнына бармайтындардың тамыр-таныстықтың арқасында бастықтың жайлы креслосына қонжиып алатындарын көргенде осы сөзіңіз ойыма оралып, еріксіз жүйкеге күш түсіп, ашу-ызаға бой алдырып аламын. Бұл қызғаныш емес. Сол өздері басқаратын ұжымның берекесін кетіріп, тұралатып тынатындарына жаным ауырады. Имандай шыным! Өйткені, әркім өз орнында отырғанда ғана даму, ілгерілеу, алға жылжу болады. Әйтпесе, бәрі бекер! Оқыған-тоқығаны көп азаматтардың осынау қарапайым қағиданы түсінбейтіндеріне таңым бар.

Сол жолы, яғни 1985 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, алғашқы семестрді де бітірместен әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Красноярск аймағында екі жыл азаматтық борышымды өтедім. Бара салып үйге хат жаздым: «Алматыға көшіп келіңіздер, үй алыңыздар. Әйтпесе, қалған балаларыңды оқыта алмайсыздар. Біз де ел қатарлы қалада, әсем астанада тұрайық. Балаларыңыздың алаңсыз білім алуына  жағдай жасаңыздар!» деп қатқыл талап қойдым. Өзімше орынды талап. Өзімді емес, артымнан ерген бауыр-қарындастарымды да ойлағаным ғой. 

Өзіңіздің қарақан басыңызды ғана емес, үнемі балаларыңыздың жайын ойлап жүретінсіз. Ұл-қызыңыздың оқығанын, үлкен қалада тұрғанын, бақытты болғанын, бақуатты өмір сүргенін жан-жүрегіңізбен қаладыңыз. Өзіңіз айтпақшы, одан артық көп ештеңенің де керегі жоқ еді. Осы жолда бәрін де айырбастауға бейілді едіңіз. Әрқайсымыздың болашағымызға алаңдайтынсыз, тағдыр-талайымызды ойлайтынсыз. Соны бірінші орынға қоятынсыз. Оны біз жас та болсақ анық сезінетінбіз, ашып айтпасаңыз да білетінбіз. Білгендіктен де сөзіме құлақ асады-ау деген ниетпен осындай үшбу хат жаздым.

Бұл хатым шешем екеуіңізге ерекше ой салыпты, қатты әсер етіпті. Ойласа, кеңесе келе, балаларыңыздың болашағы үшін Алматыға көшуіміз керек деген тоқтамға келіпсіздер. Оң шешім қабылдағандарыңызды өмірдің өзі дәлелдеп берді. Содан ылдым-жылдым жиналып, қызметтеріңізді өткізіп беріп, жылы орындарыңызды суытып, 1986 жылы Алматыға көшіп келдіңіздер. 

- Алдында Айгүл де осы ойды айтып жүретін. Онша құлақ аса қоймап едік, сенің сөзіңнен кейін шұғыл шешім қабылдадық! – дейтінсіз кейіннен сол бір кезді еске түсіріп. 

Бұл нені білдіреді?.. Өктемдік пен өзімбілемдікке салынбай, сөзімізге құлақ асып, бізбен – балаларыңызбен де санасатындарыңызды анық көрсеттіңіздер. Бұл – баланың өмірге деген құлшынысын арттырып, арман-мақсатына жетуге ерекше күш-жігер беріп, үлкен жауапкершілік жүктейді екен.

1987 жылдың күзінде азаматтық борышымды абыроймен атқарып, Алматыға аман-есен қайтып оралдым. Әуежай маңындағы құтты қонысымызды адаспай таптым. Баспананы қатырыпсыздар. Сыртынан қарағанның өзінде көз тойып, көңіл марқаяды. Екі қабатты, саңғырлаған жеті бөлмелі жаңа үй. Әрине, қатты қуандым, ерекше әсерге бөлендім. Отбасыммен аман-есен қауыштырған Жаратушы жаппар иеме алғыс айттым. Алдымнан атам емпеңдей шықты. Қайран, аташым-ай, сағынып қалыпты, жанары жасқа шыланып, айналып-толғанып жүр. Шешем екеуіңіз де кезекпен құшақтап, мейірлеріңізді төктіңіздер. Аман көргендеріңізге шүкіршілік етіп, көңілдеріңіз босады. Емініп-еміреніп, маңдайымнан, бетімнен сүйе бердіңіздер. Екі жыл оңай ма, өзім де шын сағыныппын. Әпкемді, бауыр-қарындастарымды да құшағыма қайта-қайта қыса бердім. Бірге туғандардың орны бөлек қой, шіркін! Несін айтасыз, арқа-жарқа, мәре-сәре болдық та қалдық. 

Бірде үйімізге қонаққа келген «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы, атақты көсемсөзші, дарынды аудармашы Сарбас Ақтаев ағамның:

–  Ауылдан келіп, Алматыдан мынандай үй сатып алған әкең жай адам болмады ғой! – дегені әлі құлағымнан кетпейді. Шын көңілімен айтты. Таң қалды. 

Ол кезде ондай екі қабатты еңселі үйлер Алматының өзінде аз еді. Қазір көздің жауын алатын қымбат коттедждер қаптап кетті ғой. Тіпті оны айтасыз, үлкен шаһарларда заман талабына сай неше түрлі коттежд қалашықтары бой түзеді. Әрине, бұған қуанамын, әр қазақтың еңселі үйде тұрғанын, тұрмыс-тіршілігі шалқып, әл-ауқаты жақсы болғанын жан-жүрегіммен қалаймын. Соған тілектеспін!

Университетке осы үйден күнделікті қатынап, бес жылдық оқуымды ойдағыдай аяқтадым. 97-інші нөмірлі автобус тіке барып, тура қайтатын. Үйдің жанынан мініп, қайтарда сол тұстан түсіп қаламыз. Тас жолдың қос қапталындағы екі аялдама бір-біріне қарама-қарсы қарап тұратын. 

Үшінші курс оқып жүргенімде ойда-жоқта Жоғарғы Кеңестің органы «Халық кеңесі» газетіне қызметке орналастым. Басылым басшылығы «У» атты әңгімемді ұнатып, ешқандай сынақсыз бірден жұмысқа қабылдады. Өздері менің қойған тақырыбымды өзгертіп, «Тақсірет» деген атпен жариялады. Студент болғаныма қарамастан барлық жағдай жасады. Бұл үшін сол кездегі «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы Сарбас Ақтаев ағам мен оның орынбасары Жұмабек Кенжалин ағама айтар алғысым шексіз. 

Балаларының жетістігіне қуанбайтын ата-ана жоқ шығар, сірә?! Жұмыр басты пендеге одан артық қызық-қуаныш жоқ екен ғой! Сондағы шаттанғаныңызды есіме алсам, сондай көңіл күй сыйлағаным үшін әлі күнге дейін өзіме-өзім риза боламын. Сағынышымды басатын да, көңілімді демдейтін де, жанымды жұбататын да жарық жалғанның осындай көңіл алданыштары.

- Міне, балам, аңсағаным да осы еді! Ата-анаға балаларының қызық-қуанышы мен жеткен жетістігін көргеннен асқан бақыт бар ма?! Үмітімді ақтадың! Ерінбей-жалықпай еңбек етсең, бәрі де өз кезегімен келеді. Енді ақыл айтпаймын, өз ақылың өзіңе жетеді. Амандығыңды тілеймін! Аман болсаң, жаман болмайтыныңды да білемін! – деп маңдайымнан иіскегеніңіз бойыма ғаламат күш-қуат құйып еді. 

1992 жылы оқуымды ойдағыдай бітіріп, газет жұмысына алаңсыз кірістім. Басшылықтың тапсырмасымен алғаш рет Абай атамның 150 жылдық мерейтойына байланысты әзірлік жұмыстарымен танысып қайту үшін Семейге, туған жерге іс-сапарға аттандым. Облыс басшыларымен кездесіп, мән-жайға толық қанықтым. Астыма ақ волга беріп қойды, жүргізушісі елгезек орыс жігіті, аудандарды армансыз араладым. Бөрліге, Жидебайға, Құнанбай мен ардақты ұлдары жатқан зиратқа арнайы барып, құран оқыдым, тағзым еттім. 

Туған ауылыма арнайы соқтым. Жерлестерім жылы шыраймен қарсы алып, құрметпен шығарып салды. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар ақ тілектерін, жүрекжарды сөздерін айтты, баталарын берді. 

Ауылда қара топырақты жамылып әжем ғана қалған, басына бардым. Дүниеден озғанда көп ештеңенің байыбына бара бермейтін бала едік. Өткен-кеткеннің бәрі есіме түсіп, көңілім босады, көзіме жас үйірілді. 

Әжемді сағыныппын, рухымен сырласып, ұзақ тұрдым. Асты-үстімізге түсіп өбектеуші еді, марқұм! Қарыздармыз, жас болдық, өтеуге үлгермедік, ешқандай жақсылық жасай алмадық. Ажал алды да кетті. Бәрі есімде... бүгінгідей көз алдымда тұр. Әрине, ұзақ жасады, 96 жыл өмір сүрді. Мен үшін мына жарық жалғандағы ең аяулы бейненің бірі. Өзім о дүниеге аттанғанша жүрегімнің төрінде өмір сүреді. Ешуақытта ұмытпаймын! Ұмыту мүмкін де емес.

Әжемнің рухына, көз көрген ата-апаларға, өмірден ерте кеткен барша марқұмға бағыштап құран оқыдық. Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын, жан әжешім! Құдай бұйыртса, атам екеуіңіз туралы да естелік жазбақ ойым бар. Қарызымды солай ғана қайтарармын.

Туған жерім, өскен өлкемнен Алматыға үлкен әсермен оралдым. Қалбалақтап алдымнан шықтыңыз. Қайда барғанымды, не көргенімді, кімдермен жолыққанымды, қысқасы жүрген-тұрғанымды түк қалдырмай тергеп шықтыңыз. Ауыл мен көзкөргендеріңізді сағынып қалыпсыз, қайта-қайта сұрадыңыз. Қайталап айтып беремін. Айналып келіп қайтадан сұрайсыз. Басынан бастап қайыра айтып шығамын. Ыстық-суығы басылғанша осылай сұрап жүрдіңіз.

- Әжемнің басына барып, құран оқыттым! – деп едім, кемсеңдеп, жанарыңызға жас толып кетті. 

Шешеңізді «Тәте» деуші едіңіз, «Тәтем-ау!» – дедіңіз ауыр күрсініп. Басқа ештеңе айтпадыңыз, ойланып отырып қалдыңыз. Қабағыңызға кірбің ұялады, жүзіңізді мұң торлады. 

Ананың орны бөлек қой, шіркін! Қазіргі менің Өзіңізді сағынғаным сияқты анаңызды сағынған шығарсыз! Сол кездегі көңіл күйіңізді енді толық түсіндім. Өткен күннің бал шақтары есіңізге түсіп, ет-жүрегіңіз елжіреп, жаныңыз жабырқаған екен ғой!

Қазір ойлап қарасам, дұрыс жолға түскеніме, таңдап алған мамандығымның жалына мықтап жармасқаныма көңіліңіз марқайып, шаттанған екенсіз ғой! Оны қазір өзіміз әке атанып, балалар өскеннен кейін сезініп жүрміз. 

Бірде Өзіңізбен Талғар қаласына барып, сол кездегі аудан әкімі Әлихан Тойбаев мырзаға кіріп, Жоғарғы Кеңестің газетінде істейтіндігімнің арқасында бір емес, Алматы әуежайы маңынан екі жер телімін алуға рұқсат алып шығып едім. Әлекең алдына келген адамның көңілін қалдырмайтын шешімді әкім еді, екеуміздің арызымызға да «Жер берілсін!» деп қол қойып берді. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, масайрап, мәз болыстық.

- Жақсы болды, ә! – деп қоясыз күлім қағып. – Әкімнің жүзі жылы екен! Қазекем «Жүзі жылыдан түңілме» деп тегін айтпаған ғой! 

- Әрине, Әлекең мықты әкім! – деймін басымды изеп. – Жолымыз болды!

Жоғарғы Кеңестің газетінде істеймін, айлығым жоғары, ай сайын берілер қаламақысы мен сыйақысы тағы бар, қалтам қалыңдау. Жер алғанымызды атап өту үшін жақын маңдағы кафеге кірдік. Қалтама тиын-тебен түсе бастағаны осы ғой, бір риза қылғым келді. Тамақты молынан алдым. Кеспе көжені ішіп алдыңыз. Алдыңыздағы мантының біреуін шанышқымен қақ бөліп, жартысын аузыңызға салып жіберіп,  баппен шайнап:

- Балаң әперген тамақ сондай дәмді болып кетеді екен! – деп қулана жымидыңыз. Ерекше мейірленіп, мерейленіп отырдыңыз. 

Үлкен шәйнекпен сүтті шай алдырдық. Әңгіме де қызды:

- Балаларымды Алматыға алып келгеніме әлі риза болып жүрмін! – деп едіңіз ағыңыздан ақтарылып. – Оқымасаңдар, Құдай білсін, кім болар едіңдер?!

Ауылда жүргенде-ақ сол аяғыңыз ауырып, сылтып басатын едіңіз. Бала-шағаны асырап-жеткіземін деп жанталасып жүріп, дұрыстап емделмедіңіз-ау! Елемедіңіз бе екен?! Әрине, дәрігерге көріндіңіз. Курортқа да бардыңыз. 

Көп уқалатушы едіңіз. Сонда сол аяғыңыздың еті қашып, жіңішкеріп бара жатқанын байқап, жанымыз ашитын. Қалай емдесе болады екен деп ойлайтынбыз. 1991 жылы Қытайға барғанда ине салдырыпсыз, қайтып келгенде аяғыңыздың толысып қалғанын көріп, балаша қуанып едік. Бірақ, шамалы уақыттан соң қайтадан жіңішкере бастады. Ол кезде есейіп қалғанбыз. Қоярда-қоймай емханаға ертіп апарып, дәрігерлерге қаратып, ауруханаларға жатқыздық. Өкінішке орай, ем қона қоймады. Әйтеуір жатып қалған жоқсыз, сылтып бассаңыз да, өз аяғыңызбен жүріп жүрдіңіз. 

Әлі есімде, 1993 жылы қатты ауырып, Алматыдағы академик Б. У. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығына түстіңіз. Дәрігерлер жаман аурудың белгілерін анықтады. Бұл бір білдірмей алып ұратын қатерлі дерт екен. «Емдеуге келмейді. Әбден асқынып кеткен. Әрі кетсе он бес күндей ғана өмірі қалды. Шығарып алыңыздар, амал жоқ, тек күтесіздер!» деп бас дәрігер бар шындықты жайып салды. Кейде бір нәрсеге таң қаламын, қалай ойлансам да шешімін таба алмаймын. Жыл сайын ауруханаға жатып, ем қабылдадыңыз. Сонда дәрігерлер рак ауруымен ауыратыныңызды қалай анықтай алмаған?! Тіпті ауыл, аудан, тіпті облыс та емес, Алматының, сол кездегі астанамыздың ауруханаларында жаттыңыз ғой! Анализдер алып, түрлі тексерулер жүргізетін. Дәрігерлер де онша қарамайтын, бас қатырмайтын сияқты ғой. Ертерек анықтағанда аман қалар ма едіңіз, кім білсін?! Тағдыр! Жазмыш солай болып тұрса, не істей аламыз?! Біздікі тек өкініш пен арман ғой! 

Кім әкесін өлімге қисын?! Жасыңыз да жетіп отырған жоқ, ердің жасы – елу бестесіз! Өзімізше жап-жассыз. Әрине, аһіледік-уһледік, жыладық-сықтадық. Ішіміз удай ашыды. Қынжылдық. Мұңға баттық, уайымға салындық. Ұнжырғамыз түсіп, жанымыз жабырқау тартты. Шаңырағымызды жайсыздық жайлады. 

Амал жоқ, үйге шығарып алуға тура келді. Күн құрғатпай баратын едік. 

- Ертең шығамын, ертерек келіңдер! – дедіңіз сыр алдырмай. Ауруыңыздың беталысын білдіңіз. Бірақ ештеңе сездірмеуге тырыстыңыз. Ауылда жүргенде шешемнің немере ағасы Серғазы көкеміз осы атың өшкір жаман аурумен ауырып, қайтпас сапарға аттанып еді. 

- Маған Серғазыға берген дәріні беріп жатыр! – деп едіңіз бірде палатаңызда әңгімелесіп отырғанда. 

Не деген аңғарлы едіңіз, оқу-тоқуым көп менің өзім дәрілерді ажырата алмаймын. Ал Сіз бірден біліп қойдыңыз! Түк білмегенсіп: 

– Қойыңызшы, аға, қайдағы-жоқты айтпай! – дей салдым. Үнсіз қалдыңыз. Жүрегімді ауыртпайын деген шығарсыз. 

Аяқ-астынан бір жұмысым шығып қалып, ауруханаға сәл кешігіп келдік. Жөпшеңкіге ренжи қоймайтын едіңіз: 

- Осы уақытқа дейін қайда жүрсіңдер?! Тәңертеңнен бері тағатсыздана күтіп отырмын ғой! – дедіңіз қабақ шытып. 

Кінәмызды мойындап, үнсіз қалдық. Соңғы күндеріңіздің әр сәтін бала-шағаңыздың ортасында өткізгіңіз келген екен ғой!

Машинаға мінген соң қабағыңыз жазылды. Көңіліңіз көтеріліп, жаймашуақ қалыпқа түсе бастадыңыз. Өз отауыңызға не жетсін, бала-шағаңызды сағынып, отбасыңызға асығып келе жатқаныңызды анық аңғарып, көңілім сеңдей бұзылып, көмейіме өксік тығылды. Тіпті ауруыңызды да ұмытып кеттіңіз, қарашаңырағыңызға келген соң мәре-сәре болып, ерекше сезім күйін кештіңіз! Тып-тың, тіп-тік жүрдіңіз! Бой жазған екенсіз ғой!

Ертеңінде Талғар ауданының әкімі Тойбаевтан алған жердің біреуіне үйдің іргетасын құймақшы болдым. Ерекше қуандыңыз, балаша мәз болдыңыз. Жер басына машинаны өзіңіз айдап келдіңіз! Бірақ көп тұра алмадыңыз. Іс-әрекетімізді азырақ бақылап, көңіліңізді демдеген соң жаныңызда тұрған шешемізге қарай бұрылып: 

- Қайтайықшы! – дедіңіз қинала тіл қатып. Сонда ғана дертіңіздің меңдетіп бара жатқанын анық аңғардым. Аяп кеттім. Көзімнен ыстық жастың ыршып түскенін білемін, ары қарай не істеп, не қойғаным есімде жоқ.

Ажалға қимағандығымыздан болар, өміріңіздің тұйықталып келе жатқанына сене қоймадық. Сол кезде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай дүркіреп шыға бастаған халық емшілерін жағаладық. «Ебепке – себеп» дегендей, біреуінен болмаса біреуінен ем қонар, шипа болар деген үкілі үміт қой, баяғы! 

Емшілер ем-домдарын жасап бақты. Әрқайсысы өзінше емдейді. Бірі ауырған жеріне май жағады, екіншісі үпілеп-сүпілейді, үшіншісі дем салып, төртіншісі дұға оқып, бесіншісі «дерті шыдатпаса ішсін, емдік қасиеті бар» деп, су құйып береді. Оған не қосатынын да білмейміз. Судың ішінде араб әрібімен жазылған жазуы бар бір жапырақ қағаз жатқандықтан қасиетті санаймыз. Не деген көрсоқыр болғанбыз, соны ішсе жазылып кететіндей көреміз. «Емдейміз, жазамыз!» деп уәде беретіндерін қайтерсіз! Солардың айтқанына малданып, алданумен күн өткіздік. Бірақ енді басқа не істейміз?! Әйтеуір, дәтке – қуат. Кейін білдік қой, бәрінің де түпкі ойлары біздің жай-күйімізді пайдаланып, ақша жасау екен ғой! Көңіліміз қала бастады.  

Сарыәулиенің аты жер жарып, дүрілдеп тұрған кезі. Соған шықтық. Ол ақылдырақ екен, алғашында «алып келіңдер» деп еді, артынан дәрігердің қойған диагнозын көріп, әрі менің журналист екенімді біліп, телефонын да көтермей, не жөнін де айтпай, тырағайлап қашып кетті. Қысқасы, қабылдамай қойды. Сол кезде ашуға бой алдырып, сыртынан сыбап едім, қазір керсінше, құр босқа әуре-сарсаңға салмағаны үшін рахмет айтамын. Содан бері халық емшілері десе, жиырыла қалатын болдым. 

Түр-тұлғаңыз бен жүріс-тұрысыңызға қарасақ, он бес күнде өмірден озады дегенге сенгің келмейді. Шып-ширақсыз. Өз аяғыңызбен жүріп-тұрасыз. Сол себепті ажалыңызды күтіп, қол қусырып қарап отыруға дәтім шыдамады. 

Емшілерден көңіл қалған соң, рак ауруының майталман мамандарына жолығып, кеңес алғым, лажы болса емдеткім келді. Урология ғылыми орталығының дәрігерлері берген выписканы алып, онкологтарды жағаладым. Алдымен сол уақытта онкология және радиология ғылыми-зерттеу ииституты директорының ғылым жөніндегі орынбасары болып қызмет істейтін атақты онколог Сайым Балуанұлы Балмұхановқа бардым. Ол кісі Урология иниститутының дәрігерлері жазып берген қортынды қағазға көз сала отырып:

- Ой, бауырым, көңілің түспесін! Мен байқап отырмын, жамандық шақыратын дәнеңе де жоқ. Урология орталығындағылар қателескен сияқты, әзірше құнарлы тамақ беріп, сорпа-су ішкізіп, жақсылап күте беріңдер. Бір ауруханадан екіншісіне бірден жатқызуға болмайды. Әлсіреп қалады. Күш жинасын, азырақ әлденсін. Бір айдан кейін өзіме алып кел, қараймыз, емдеп-домдаймыз! – деп шығарып салды. 

Академиктің сөзі көңіліме үлкен демеу болды. Айтқанын шешеме сол күйінше жеткіздім. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, жүзіне қан жүгірді. 

- Жақсы күтім керек екен! – дедім академиктің сөзіне шынымен ынты-шынтыммен сеніп. 

- Оған алаң болма! – деді шешем де иланып. 

Содан аянып қалған жоқ, әл жинасын деп құнарлы тамақтың неше түрін жасап берді. Қазір ойлап қарасам, академик Сайын Балуанұлы ағамыз бәрін білген екен ғой (білмеуі мүмкін де емес), тек менің көңілімді тыныштандырып, мұң-уайымымды сәл де болса сейілтіп, жанымды жұбату үшін жақсы сөз айтқан екен ғой! Екінші жағынан әуре-сарсаңға түсіргісі келмеген болар. Данышпан екен! «Әкең көп ұзамай өледі. Тек күту ғана қалды» деп шындықты қайталап шығарып салса, қайғы мен шарасыздықтан онан сайын мүжілемін ғой! Соны ойлаған болуы керек. Шынында да алғашында атақты академиктің сөзіне шын сеніп, көңілім жайланып қалғаны рас.

Өкінішке орай, бетіңіз бері қарай қоймады. Күн өткен сайын әл-қуатыңыз кеміп, нашарлай бердіңіз! Ешкіммен жүздесуге де, сөйлесуге де құлқыңыз болған жоқ. Өзіңізбен өзіңіз болғанды қаладыңыз. Көзіңіз кіртиіп, жүзіңізді мұң торлап, аурудың азабын тартып жаттыңыз. Мықтылығыңызды сонда тағы бір мәрте сезіндім. Оны толық дәлелдеп кеттіңіз. Қиналмадыңыз десем өтірік болар, әрине, қиналдыңыз! Жаныңыз бен тәніңіз бірдей азап шекті ғой! Бірақ сонда да ештеңе білдірмеуге тырыстыңыз. Ешкімнің мазасын алмадыңыз. Деміңіз үзілгенше бір ауыз шағым айтпадыңыз. Қиындыққа шыдауды, ауыртпалыққа төзе білуді, мойымауды, жасымауды Өзіңізден үйрендік. Тура келген Ажал болмаса, басқаның бәрін жеңіп шығар едіңіз!

Жабырқаған жаныңызға жұбанышты кітаптан таптыңыз-ау деймін, шұқшиып үңілесіз де жатасыз. Бала кезімізде көркем әдебиетті көп сатып әкелуші едіңіз. Содан да болар кітапқұмар болып өстік. Дүниеден өтер-өткеніңізше қолыңыздан «Құран кәрім» мен Абай атамның кітабы түскен жоқ. Көзілдірігіңізді киіп алып, алма-кезек парақтап жаттыңыз. Ара-арасында бізге назар аударып: 

- Абай ұлы ақын ғой, жазғандары қандай керемет! Тұнып тұрған философия! Бәрін айтып кеткен ғой, жарықтық! – дейтінсіз риясыз көңілмен риза болып. – Құранда да адам баласы ғибрат алар дүниелер көп қой! 

Құран сүрелерін жаттай бастадыңыз. Жан деген тәтті ғой, шіркін, жалт-жұлт еткен жарық жалғанның жарығын кім қияр дейсіз?! Дұға етіп, тілек тілеп жатқаныңыз анық еді. Құдіреті күшті Құдайдан деніңізге шипа беруін өтінген шығарсыз?! Жоқ әлде, жаңыңызды қинамай алуын қаладыңыз ба?! Ажал аузында жатқан адамды сан алуан ойлардың сансыратары хақ. Артыңызда қалып бара жатқан балаларыңыздың тағдыр-талайы да толғандырмай қоймас. Жаныңызды не көбірек мазалағанын тап басып айта алмасам да, осы тақылеттес жайлардың басыңызды шырмауықша шырмағаны анық қой. Бірақ бұл жайында жақ ашпадыңыз. Бойыңыздан мүлде әл кетіп қалған соңғы күндеріңізге дейін жазылып кетермін деген үмітіңіздің болғанын сеземін. Ешқандай арыз-арманыңызды айтпадыңыз. Көзіңіз жұмылғанша есіңізді жоғалтқан жоқсыз, сөзіңізден де жаңылмадыңыз.

Урология орталығындағы дәрігерлер: 

- Қатты қиналса, берерсіңдер! – деп дәрі жазып берген. Тіпті болмаса «укол салдырыңдар» деді тәтпіштей түсіндіріп. Содан дертіңіз шыдатпай бара жатса, дәрі беріп, укол салдырып отырдық. 

Қазақтың «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөзі өте дұрыс айтылғанына көзім жетті. Сіз әзіл-қалжыңға, қағытпа сөздерге жақындау едіңіз. Бірде ауылға бір машина келді. Жүргізушісі қазақша қақпайтын еңгезердей орыс екен. Он жасар баламын, Өзіңізге еріп жұмысыңызға бара жатқанбыз. Шофер алдымыздан шығып, «Шұбартауға» қалай баруға болады?» деп орыс тілінде жөн сұрады. 

Орысшаға шорқақ екеніңізді білемін, «қалай жол сілтер екен?» деп ойланғанымша, қазақша түсіндіре бастадыңыз. Ал орыс оны қайдан ұқсын?! «Қазақша білмеймін!» дегендей, қолын жайып, иығын қиқаң еткізді. Сол-ақ екен, «енді мен қалай түсіндіремін?» дегендей ишара жасап, қитыға қалдыңыз. Жүзіне тіке қарап:

- Жол – дорого, сиыр – корова! – дедіңіз де жөніңізге жөней бердіңіз.

Енді не дейсіз?! Орыс аңқиды да қалды. Бала емеспін бе, ыржалақтап, мәз болдым. «Орысты қатырдым-ау!» дегендей, көзіңізді қысып, жымың қақтыңыз. 

Бұндай әзіл-қалжыңдарыңыз, қағытпа сөздеріңіз өте көп. Алматыда Гриша есімді көршіміз болды. Оны қалжыңмен қағыта бірде «Груша», бірде «Крыша», енді бірде «Крыса» деп шақырушы едіңіз. Ал ол оған онша мән бермейтін. Біз ыржақ-тыржақ етіп, мәз боламыз, ішек-сілеміз қата күлеміз. Осындай жайдары мінезді, әзілқой жан едіңіз. 

Өлім аузында жатқанда да сол әдетіңізден жаңылған жоқсыз. О дүниеге көшеріңізден бір-екі күн бұрын бойыңыздан мүлде күш-қуат кетіп қалды. Тұруыңыздың өзі мұң болды. Үстелдің басына көтеріп отырғызатын болдық. Жарық жалғанмен қоштасардан бір күн бұрын тағы да ас ішуге тұрмақ болдыңыз. Аузыңыздан: 

- Аздап сүт ішейінші! – деген сөз шыққан бетте төрт ұлыңыз да орнымыздан атып тұрып, жан-жағыңыздан сүйемелдеп жатырмыз. Сонда күлімсіреп, әрине, риза көңілмен: 

- Әй, бәрің жабылып, асау үйретемін деппе едіңдер?! – деп әзілдеп едіңіз. 

Ду күлдік. Бұл соңғы әзіліңіз болатын.

Сол күннің ертеңінде өзіңізді тым жайсыз сезіндіңіз. Дәрі бердік, укол салдырдық. Бірақ әсер етпеді ме, жаныңыз қиналыңқырап кетті. 

Кеш батты, төңіректі қараңғылық тұмшалады, түн болды. Шешем, Шайгүл қарындасым үшеуміз жаныңызда күзетіп отырдық. Бір кезде қатты қинала бастадыңыз. «Мына азаптан тезірек құтқарыңдаршы!» дегендей, жан-жағыңызға жәутеңдей қарайсыз. Бірақ ләм-мим деп тіл қатпадыңыз. Үрпиіп қас қақпай қарап тұрмыз. Дәрменсізбіз. Қолдан келер қайран жоқ. Аласұра бастағаныңыздан соң амалсыздан атамды шақырдық. 

Ауруыңыз туралы атама мүлде айтпаған едік. Әрине, өзі де бәрін көріп-біліп жүрді ғой. Ұйықтамаған екен, алаңдап жатса керек, емпеңдеп жетіп келді. Шешем атамды «аға» дейтін:

- Аға, Әмірғалидың жаны қиналып кетті, дем саласыз ба? – деді құлағына сыбырлап. 

- Не дейді, Құдай-ау? – деді атам түсі қашып. Дауысы да ышқына шықты. Қазақта жұмыр басты пенде жан тапсырғалы жатқанда дем салса, о дүниеге қиналмай аттанып кетеді деген таным-түсінік бар ғой. Бірақ, жанындай жақсы көретін сүйікті ұлын ажалға қисын ба, дем сала алмады. Әке емес пе, жаны қоса қысылды. Ешбір пенденің басына бермесін, нендей күй кешкенін сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Бірақ, сол сәтте-ақ толық сезіндім. Не істерін өзі де білмей, дерт қажытқан жүзіңізге үңіле меңірейіп тұрды да қалды. Жанары жасаурап, иегі кемсең қақты.

- Құдай-ай!.. – Атамның дауысы  қаттырақ шықты.

Тура қарадыңыз, атамды Сіз де «аға» дейтінсіз:

- Аға, онсыз да жаным қиналып жатыр! – дедіңіз жалынышты үнмен. – Қинамаңызшы! – «Кетіңізші!» дегендей қолыңызды бұлғадыңыз.

Атам бәрін түсіне қойды да, қабақ-басы салбырап бөлмесіне кіріп кетті. Жаны езіліп, жүрегі жылап бара жатқанын байқадым. Осы бір сәт көз алдымда мәңгіге қалып қойды. Бір кезде шешем бойына бар күш-жігерін жиып алып:

- Кешірші, жаным! – деп тізерлей отыра қалып, қиналып жатқан жүзіңізге бетін тақап, дем салды. 

Қас қақпай бақылап тұрмын, аузыңыздан «Уф» деп дем шыққандай болды да, жаныңыз жай тапты. Сонда ғана дем салудың сырын анық ұқтым. Кеудеңізден шыбын жаныңыз ұшып шыққанын сезе қойып, Шайгүл екеуміз өлі денеңізді құшақтай құладық. Шешем аяқ-қолыңызды түзеді. Саусақтарымен сипалап көзіңізді жұмды, аузыңызды жапты. Бізді бауырына басып, басу айтты. Қанша мықты болса да, шыдай алмады білем, қыстыға жылап жіберді. Атам да елеңдеп жатса керек, дауысымызды естіп, бүкшеңдеп жетіп келді. Бәрін сезе қойды да, бас жағыңызға отыра қалып, жүзіңізді жайлап сипалады.  Қолы дір-дір етіп, еңкілдеп жылап жіберді. Әжім торлаған жүзін жас жуып кетті. Біздің дауысымыздан іні-қарындастарымның бәрі оянып алды. Қосыла жылап, үй іші азан-қазан болды да кетті. Бір кезде атам есіне әлдене түскендей орнынан көтеріліп:

- Енді Әмірғали бұ дүниенің адамы емес. Жылаудың, жоқтаудың көкесі әлі алда. Жылама десем де, жылайсыңдар, жоқтама десем де, жоқтайсыңдар. Бірақ дәл қазір бәрін сабырға жеңдіріңдер, жандарым! Қазірден бастап әкелеріңді о дүниеге арулап шығарып салудың қамына кірісейік, – деді ауыр күрсініп. – Думан, сен, Нұрғазы мен Сәмет нағашыларыңа барып, болған жайды айт. Алыс-жақын тамыр-таныстың, ағайын-туыстың, құда-жекжаттың бәріне хабар беру керек. Басқа да ақылдасатын шаруалар бар. Мүмкін болса, келсін!

Ақ жигулиіңізді оталдырып алдым да, әуежай маңындағы «Қараесек» ауылына тарттым. Нұрғазы ағам мен Сәмет ағамның үйіне барып, хабар бердім. Нұрғазы ағам да, Сәмет ағам да апыл-ғұпыл киіне салып, еріп келді. Жыладық-сықтадық. Ақылдастық, кеңестік. Сөйтіп таң атпай жатып соңғы сапарыңызға арулап шығарып салудың қамына кірісіп кеттік. Барлық жөн-жоралғыны жасап, жаназаңызды шығарып, қимай-қимай ақ тәніңізді қара жердің қойнына тапсырдық.  

Атам жаныңызға жатамын деп дәл іргеңізден бір кісілік орын алып қойды. Өзі басы-қасында жүріп, зиратыңызды да екі кісілік қып көтерді. Күндіз-түні жылайды, жоқтайды. Қайғыдан қан жұтып, запыран ішіп, мүлде түсіп кетті. Баласының өзінен бұрын бақи дүниеге аттанатыны ата-анаға аса ауыр соғатынын сонда анық білдім. Жан-жүрегіммен сезіндім. Ештеңе де қызықтыра, алдандыра алмады. Күндіз-түні көзі жасаурап, мұң құшып, ой қармап отыратын болды. 

- Бұл қайғыны дүниенің алды-артын бірдей көрген ұлы Абайдың өзі де жеңе алмаған ғой! – деді тіршіліктен баз кешіп, – Мен қалай жеңейін?! 

Шешем байғұс өзі де қайғы құшып, есеңгіреп жүрсе де, атамды аяп, сабырға шақырды:

- Аға, мына жарық жалғанда мәңгі жасайтын пенде жоқ. Біреуге ерте, біреуге кеш, бәріміздің де барар жеріміз сол. Бұлай қайғыра берсеңіз, өзіңіз ауырып қаласыз. Езіле бермей, бір уақ қайғының қара бұлтын серпіп тастасаңызшы! – деді басу айтып. – Өзіңізді де ойлаңыз!

Атам жанарындағы жасты қол орамалымен сүртіп қойып:

- Жасарымды жасадым, асарымды асадым, бүгін өлсем де арманым жоқ. Тек Әмешімнің артында қалғаным өзегімді өртеп, жанымды тозақ отына шыжғырып жатыр. Кезек менікі еді ғой. Мен өліп, ол артымда жылап қалуы керек еді ғой! 

- Ол енді тағдыр ғой, аға! Алланың ісі, «Жазмыштан озмыш жоқ». Амалымыз қайсы?! Құдайға тәуба, деңiз! Тоғыз немереңiз бар. «Орнында бар оңалар» деген, – дедi шешем сырттай сыр алдырмай. Iшiнен егiлiп тұрғанын жақсы бiлемiн, бiрақ оны сездiргiсi жоқ.

– Иә, тәуба! Әмешiмнiң тiрi кезiнде осыларды қызықтап, оған мүлде  көңiл бөлмеппiн ғой! Әрине, баламның балалары маған жат дейсің бе, жүрегімнің төрінде әрқайсысының өз орындары бар. Десе де тоғызы жабылып бiр Әмешiмдей болар емес. Көзіме Әмешiмдей көрiнер емес... – Аздап тыныстап алды да, сөзiн қыстыға қайта жалғады. – Әмешiм-ай!.. «Аға... Аға...» – деп елпек қағушы едi, құлыным!.. Өлмеген сияқты. Түнде түсiме кiредi, таңертең бiрге оянады, күндiз қасымда жүредi. Бiр сәтке де ойымнан шықпайды, көңiлiмнен кетпейдi, бейнесi, жүрiс-тұрысы, бәрi-бәрi... көз алдымда. 

- Көп ойланып, өз жаныңызды өзіңіз қинай бермесеңізші! Енді қанша қайғырсаңыз да, қайтып келмейді ғой! – деді шешем жанашырлық танытып.

– Бұл қайғыға жұбаныш та, алданыш та, тоқтау да, тосқауыл да жоқ екен! Қасiрет етiме араласып, сүйегiме сiңiп кеттi. Ендi одан арылу мүмкiн емес. Өзiммен бiрге көмiлетiн шер-шемен.  Бәрiн бiлемiн... Сезiп те жатырмын. Әмешiмнен кейiн жалмаңдап тірі жүрудің не керегі бар?!

Күндіз-түні жылап-сықтағаннан, жоқтағаннан, қайғырғаннан, құсадан ішіне күйік түсіп кетті де, жылдан аса уақытта атам да жарық жалғанмен қош айтысып кете барды. 

Қос әкемізден бірдей айырылып, қайғының қара шекпенін жамылып қала бердік. Ауыр күндерді бастан өткердік. Жыладық-сықтадық, мұңға баттық, қайғырдық. Жан-жүрекке түскен жара ешуақытта жазылмаса да, сынаптай сырғыған уақыт пен дүниенің алдамшы қызықтары көңілді алдандырып, көзді арбайды екен. Еске түскенде болмаса, күнделікті күйбең тірлік бәрін де еріксіз ұмыттыратын көрінеді. 

Уақытты тоқтату мүмкін емес. Өмір өтіп жатыр. Өзіңіз фәни дүниемен қош айтысқалы да жиырма жеті жыл өте шығыпты. Сағынып жүрміз. Адам сағыныштармен өмір сүреді екен ғой. Басыңызға барып, құран оқимыз. Рухыңызбен сырласамыз, арыз-арманымызды айтамыз...      

Нұрлы бейнеңіз, игі іс-амалдарыңыз, әкелік қамқорлығыңыз, жасаған жақсылықтарыңыз есімізден ешқашан кетпейді. Ұмыту мүмкін емес. Жадымызда мәңгілік сақталады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мейiрiм шуағына шомылтып өсiрген балапандарыңыздың қызығын көре алмай, ерте кеткенiңiз өзегiмiздi өртейдi. Жанымызды жүдетеді, жүрегiмiздi сыздатады... 

Шешемізге өлер алдыңызда қиналып жатып: 

- Топты баламен қалып бара жатырсың! Не болар екенсіңдер?! – депсіз алаң көңілмен.

- Сен қайда барасың? – дедім дейді шешем көзіне жас алып, иегі кемсеңдей сол бір қиын күндерді есіне алып.

- Менің баратын жерім белгілі болып қалды ғой! – депсіз ерніңізді тістелеп.

- «Қалай күн көреді екен, не болар екен?» деген сауалдар көкейінде кетті ғой! – дейді шешем ауыр күрсініп.

Ойлап отырсам, дәл қазіргі менің жасымда фәни жалғаннан бақи дүниеге аттандыңыз. Амал қанша, Алланың ісі! Әкемдей әке бола алсам, өзімді бақытты сезінемін деуші едім жастау кезімде. Балаларыңызға деген көңіліңіз, пейіліңіз, қамқорлығыңыз ерекше еді. Кез келген жас жігітке үлгі болады. Сонан кейін де осы естелікті жаздым. Керек деп тапса, кәделеріне жаратар.

Ең бастысы, қарашаңырағыңыздың түтіні түзу шығып, өміріңіз ұрпақтарыңызбен жалғасып жатыр. Тоғыз балаңыз да мына дүрмек дүниеден өз орнын тауып, бақытты да бақуатты ғұмыр кешуде. Немере, шөберелеріңіз желкендей желкілдеп өсіп келеді. Бұл да болса Сіздің жеңісіңіз! Ғұмырыңыз қысқа болғанымен, шын бақытты әкесіз! Өйткені балаларыңыздың бәрі де адамдық қалыптарынан айныған жоқ. Жұмыр басты пенде ретінде де, өздері таңдап алған мамандықтарының кәсіби маманы ретінде де жеткен жетістіктері – көңіл қуантарлықтай, табыстары – жан сүйсінерліктей... 

- Менің өмірдегі жеңісім де, жеңілісім де сендерге байланысты! – деп едіңіз бірде сөз арасында. Иә, дұрыс айтасыз. Жұмыр басты пенденің өмірдегі жеңісі мен жеңілісі балаларына тікелей байланысты. Ұрпағы жақсы болса, жеңіс, ал нашар болса, жеңіліс! Атақ-даңқ, сыйлық, қызмет, ақша бұған көрсеткіш бола алмайды.

Рухыңыз шат болсын, Сіз – Жеңімпазсыз, әке! 

Жаныңыз көкке ұшып, тәніңіз қара жердің қойнына тапсырылған соң, қайғы отына шарпылып жүрген күндердің бірінде басыңызға барып мынандай ант қабылдаған едім:

– Жан әке! Қайран әкешiм, Өзіңізге ешқандай жақсылық жасай алмағаныма өкінемін! Қызық-қуанышқа да бөлей алмадым. Көп ештеңенің парқы мен нарқын парықтай алмайтын жас болдым. Ендi бар қолдан келетiнi – басыңызға құран оқып тұру мен атыңызға кiр келтiрмей, абыройымызды асқақ ұстау. «Әмештiң балалары-ай!»  дегiзетiндей азамат болу! Осындай мақсатпен ғұмыр кешiп, соған сай тiрлiк жасау! Ендiгi сiзге жасар жақсылығымыз да осы болмақ, жан әке!..

Осыдан тура жиырма жеті жыл бұрын Өзіңізге берген осы уәдемде тұрып келе жатырмын. Жан толқынысымнан шыққан бұл сөздер ескі күнделігімде әлі сақтаулы тұр. Рухыңыздың алдында тік тұрып қабылдаған антымнан өле-өлгенше айнымауға серт беремін! 

Атыңызға кір келтірмей өмірден өтсем, өзімді екі дүниеде де шын бақытты сезінемін!

«Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!» деп аймаңдайлы ақынымыз Мұқағали Мақатаев айтпақшы, адам өмірі – шынында да уақыттық дүние екен ғой. Ал біз болсақ, өлмейтіндей, мәңгі өмір сүретіндей сезінеміз. Бәрі де өтеді-кетеді. Мына әлемде уақытты тежеп тұратын немесе жүректің соғысын мәңгі тоқтатпайтын күш жоқ. Уақыт сынаптай сырғи береді, әзиз жүрек бір күні болмаса бір күні соғуын тоқтатады. Мәңгілік ештеңе жоқ. Ертең не боларын, алда не күтіп тұрғанын тағы ешкім білмейді. Сондықтан өзің өмір сүріп жатқан кезеңнің, уақыттың, әрбір сәттің қадір-қасиетін білуің, жете сезінуің керек екен! Өкінішке орай, жұмыр басты пенде болған соң пенделікпен етжақындарымыздың қадіріне жете алмай, бақытты шағымызды бағалай алмай жатамыз...  Жақсылықтың бәрін алдан күтіп, алданып ғұмыр кешеді екенбіз! Қазақ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ!» деп тегіннен тегін айтқан жоқ қой! Сондықтан жарық жалғандағы әр күннің, тіпті әр сәттің қадіріне жетіңіздер, бақыттарыңызды бағалай біліңіздер дегім келеді. Өздеріңізге өздеріңіз қуаныш сыйлаңыздар, ардақтыларыңызды аялаңыздар! Бір күн де болса жақындарыңызға жылы сөз айтып, көңілін көтере жүріңіздер. Ертең уақыт өтіп, мезгіл жетіп, аяулыларыңыздан айырылғанда бәрі де кеш болып, қимастықпен жылап-сықтайсыздар, кеуделеріңізді өкініш оты өртеп, жандарыңыз жүдеп, жүздеріңізді мұң шалады. Ал одан не пайда?!. Өтті де кетті... Бәрін жоғалтасың! Жастығың да сені тастап кетеді, өмір де өтеді, ғұмырың да тұйықталады. Өмірдің өзгермес қатал заңы осы! Ештеңе де, ешкім де қайтып оралмайды. Адам өмірге екі келмейді. 

Қадірлі ағайын, өкініште қалмас үшін сол бақытты шағыңның қадіріне жете біл, бір-ақ рет қана берілетін өміріңді мәнді де мағыналы өткіз. Ойна-күл, сол өзің ғұмыр кешіп жатқан уақытты бағалай, ардақ тұтар асылдарыңды аялай біл. Сонда ертең үстіңізден Ажал төне қалғанда өкініш-күйніштеріңіз аздау болады. Өлімді де қасқайып қарсы аласыз! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар