Эрнест Хемингуэй. Жат жерде

Бөлісу:

09.08.2023 1294

     Ernest Hemingway. The Strange Country (1927) 

               орыс тіліндегі аудармасы Л.Кислованікі.

Күзде соғыс әлі жалғасып жатты, бірақ біз үшін соғыс аяқталған болатын. Миланда күз өте салқын еді және қараңғылық ерте түсетін. Электр шамдары жанып, көшеде серуендеп, дүкен сөрелеріне қарау жанға жайлы еді.  Дүкен сыртында көптеген жабайы аңдар ілініп, түлкі терілері қармен жапалақтап, құйрықтарын жел соғып тұрды. Сойылып мұздатылған бұғылардың ауыр еті жерге салбырап, түтілген кішкентай құстар желге тербеліп, қауырсындарын жел үрлеп тұрды.Күз суық еді, таудан жел соғып тұрды. 

Біз бәріміз күн сайын госпиталға келетінбіз. Госпиталға қала ішімен әртүрлі жолмен жетуге болатын. Екі жол арықты жағалай апаратын, бірақ өте алыс жол болатын. Госпиталға арықтан көпір арқылы өтіп жетуге болатын. Көпір үшеу болатын. Көпірлердің біреуінде әйел талшын жаңғағын сататын. Қуыратын таба қасында жылы еді, сондықтанда қалтадағы талшын жаңғақтары ұзақ уақыт жылы болатын. Госпиталь ескіден келе жатқан өте әдемі ғимарат еді, біз кіре берістегі қақпадан  кіріп, аула ішінен өтіп, қарсы тұрған жақтағы екінші қақпадан шығатынбыз. Аула ішінде күнсайын өлгендерді жерлеу рәсімдерін көретінбіз. Ескі ғимарат артында кірпіштен қаланған жаңа корпустар тұратын, біз сол жерде күн сайын кездесіп, бір-бірімізбен өте сыпайы сөйлесіп, денсаулық сұрасып, үміт еткен аппараттарға отыратынбыз.

- Мен отырған аппараттың жанына келген дәрігер:

- Соғысқа дейін немен әуестендіңіз? Спортпен шұғылдандыңыз ба? – деп сұрады.

- Иә, футбол ойнадым, – деп жауап бердім мен.

  - Өте жақсы, - енді футболды бұрынғыдан да күшті ойнайтын боласыз,- деді. 

Менің тізем бүгілмейтін, аяғым тіземнен бастап тобығыма дейін солып қалған еді, аппарат тіземді бүгіп, велосипед тепкендей қозғалтуы керек еді. Бірақ аяғым әлі де бүгілмеді, содан үнемі иілуге келгенде аппарат тоқтап қалатын.

Дәрігер:

 - Мұның бәрі өте шығады. Сіздің жолыңыз бар екен, жас жігіт. Жақын арада сіз қайтадан бірінші дәрежелі футболшы боласыз, -деді.

 Көршілес аппаратта майор отырды, оның қолы баланың қолындай кішкентай еді. Дәрігер екі белдік арасында орналасқан жоғары және төмен қозғалып, оның жансыз саусақтарына тиіп тұрған қолдарын қарай бастағанда, ол маған көзін қысып: 

- Мен де футбол ойнайтын боламын ба, дәрігер? – деп сұрады.

Майор әйгілі семсерлесуші еді, соғысқа дейін Италияның ең үздік семсерлесушісі болатын.

 Дәрігер өзінің кабинетіне барып, емдеуге дейінгі солып қалған қолдың суретін әкелді, ол майордың қолындай кішкентай еді, артынан сәл өсті. Майор суретті сау қолымен алып, өте мұқият қарап:

- Жарақат па? - деп сұрады.

- Зауытта жазатайым алған жарақат, - деді дәрігер.

- Өте қызық екен, өте қызық, - деп майор дәрігерге суретті қайтарып берді.

- Енді көзіңіз жетті ме? –деді дәрігер.

 - Жоқ, – деп жауап берді майор.

Менімен жас жағынан шамалас үш науқас жүрді, олар күнсайын госпиталға бірге келетін. Үшеуі де миландықтар еді; олардың біреуі адвокат болуға әзірленіп жүрген, екіншісі - суретші болғысы, ал үшіншісі әскери болғысы келетін. Емдік процедураларды алғаннан кейін біз кейде «Ла Скала» театрының жанындағы «Кова» кафесіне баратынбыз. Біз төртеу болғандықтан, ең қысқа жолмен жүріп, жұмысшылар кварталының үстінен өтетінбіз. Олар бізді офицерлер болғандықтан жек көретін, олардың жандарынан өтіп бара жатқанда, шағын кабактардан: «Abasso gli ufficiali!»! [Құрыңдар офицерлер! (итал.)] деп айқайлатын.

Кейде госпиталдан бізбен бірге бет әлпетін қара жібек бинтпен байлаған бесінші науқас бірге оралатын; оның мұрны жоқ болатын, бетін түзеу керек болатын. Ол Әскери академияны бітірісімен соғысқа аттанған, майдан шебіне түскенде бір сағаттан соң жарақат алған. Содан бетін емдегенмен,ол ежелгі текті әулеттен шыққандықтан дәрігерлер оның мұрнына дұрыс пішін бере алмапты. Ол Оңтүстік Америкаға кетіп, сол жерде банкте қызмет етті.  Бірақ бұның бәрі кейін болды, сол кезде біз ешқайсымызда өмірде не болатынын білмейтінбіз. Біз тек соғыстың әлі жүріп жатқанын, бірақ біз үшін соғыстың аяқталғанын білетінбіз.

 Қара жібек бинтпен байланған жас жігіттен басқамыздың ордендеріміз бірдей еді, ол орден алу үшін майдан шебінде көп болмаған еді.

Ұзын бойлы, өңсіз, адвокат болуға жиналып жүрген жас жігіт Ардитти полкінің лейтенанты еді, бізде орден біреуден болса оның осындай үш ордені болатын. Ол ұзақ уақыт бойы өліммен бетпе бет келген офицер болғасын, өзін бізден оқшау ұстайтын. Бізде өзімізді оқшау ұстайтынбыз, өйткені бізді ауруханада жүздескеннен басқа ештеңе жақындастырмайтын. Біз «Кова» кафесіне бара жатқан кезде қаланың ең қауіпті қараңғы жерлерінен өтетінбіз, көшеге кабактардан жарық түсіп, әржағынан ән шырқалып естілетін, біз көше қиылыстарынан өткенде адамдар тротуарларда жиналып тұратын, біз оларды жолдан өту үшін итеріп, ысыруға мәжбүр болдық, біз мынау адамдар сезінбейтін, бізді өзіміздің басымыздан кешкендер жақындастыратынын, мынау адамдар бізді не үшін жек көретінін,бізді неге түсінбейтінін сезіндік. 

Бәрі «Кова» кафесінде түсінікті болды, кафе жылы және әдемі еді, аса жарықта емес еді, кешке таман у- шуға айналып, темекі түтініне көміліп, үстелдерде әрқашан қыздар отыратын, қабырғада түрлі түсті журналдар ілінген еді.«Кова» кафесіне келушілер үлкен патриоттар еді. Менің ойымша, сол кезде Италияда ең үлкен патриоттар кафеге келушілер болатын, иә, олар қазір де патриоттар шығар.

Басында менің серіктерім менің орденіме көздері түсіп, сыпайылықпен қызығушылық танытып, не үшін алғанымды сұрады. Мен оларға мақтау қағазын көрсеттім, онда салтантты түрде: «fratellanza» және «abnegazione» [«бауырластық» пен «жанқиярлық» үшін (итал.)] деген әртүрлі сөз тіркесі жазылған еді, ал шын мәнінде, егер осынау теңеуді лақтырып тастаса орден маған американдық болғаным үшін берілді дегенді айтып тұрды. Осыдан кейін олардың маған деген көзқарасы шамалы өзгеріп, енді, мен оларға бейтаныс адамнан гөрі дос болып көріндім. Мен оларға дос едім, енді олар мақтау қағазын көргеннен кейін мені өздерінің адамы деп санауды қойды. Олар өздерінің ордендерін мүлдем басқа жағдайларда алған болатын және олардың оқиғасы да басқа болатын. Иә, мен жарақатым үшін  алдым, бірақ менің жарақатым уақиға салдарының нәтижесі екенін бәрі жақсы білді. Бірақ мен өзімнің алған орденіме ұялмадым, кейде бірнеше коктейльден кейін менде олардың өздерінің ордендерін не үшін алғандарын көз алдыма елестеттім. Алайда, түнде суық жел астында бос көшелердің бойымен келе жатып, құлыпталып жабылған дүкендер қасынан өте беріп, жарық шамдарға жақын жүруге тырысып, ешқашанда мұны айтуға батылым жетпесе де, өлуден өте қорқатынымды білетінмін, көбіне түнде, төсекте жатып, қайтадан майданға түскенде маған не болады деп ойлағанда, өлуден қорқатын едім. 

Ордендері бар үшеу аңшы қырандар сияқты еді; мен қыран емес едім, бірақ ешқашанда аң ауламағандарға менің қыран сияқты көрінуім мүмкін еді; бірақ олар - үшеуі - мұны жақсы түсініп, біз артынан бірте-бірте араласпадық.  Майданда бірінші күні жараланған жас жігітпен, біз дос болып қалдық, өйткені енді ол өзінен не шығатынын білмеді; сондықтанда олар оны өздерінің адамы деп санамады, ол маған ұнайтын, мүмкін одан да қыран шықпас еді.

Бұрын атақты семсерлесуші болған майор ерлікке сенбейтін және біз аппараттарға отырғанда  менің грамматикалық қателіктерімді түзейтін. 

Ол бірде менің итальян тілінде жақсы сөйлейтінімді мақтап, біз ұзақ уақыт бойы итальян тілінде сөйлестік. Мен итальян тілі маған шындап шұғылдануға тым жеңіл екенін, маған бәрі оңай сияқты көрінетінін айттым. - Иә, солай, - Онда сіз неге грамматикаға көңіл аудармайсыз? - деді майор. Біз грамматикаға назарымызды аударғанда, көп ұзамай итальян тілі өте қиын болып шықты, грамматикалық ережелерді басыма қондырғанша мұны майорға айтуға қорықтым.

Майор госпиталға уақытында мұқият келетін. Меніңше, ол бір күнде жібермеген сияқты, бірақ аппаратқа сенбейтін, бірде майор мұның бәрі бос әуре екенін айтты. Аппараттар сол кезде жаңалық еді, оларды бізге сынау керек болатын. «Ақымақтың ойлап тапқаны, бос сандырақ, бұдан басқа ештеңе жоқ», - деген майор. Сол күні мен италиян тілі сабағына дайын болмадым, майор менің адамзат баласың алдында ұятты екенімді, өзін менімен шұғылданып жүрген ақымақ адам екенін айтты. Майор кішкентай бойлы болатын. Ол орындығында тік отырды, оң қолы аппаратта болатын және ол алдындағы қабырғадан көз алмай, саусақтары тұрған белдіктер жоғары және төмен тырсылдармен қозғалып тұрды.

 - Соғыс аяқталған соң не істемекшісіз, егерде соғыс түбінде  аяқталатын болса? - деп сұрады ол. - Тек грамматиканы ұмытпаңыз. 

-  Америкаға қайтамын.

-  Сіз үйлендіңіз бе?

- Жоқ, бірақ үйленетін ойым бар.

- Иә, ақымақ, адам үйленбеуі керек, - деді майор қатты ашуланып  тұрғандай.

Неге «Signer maggiore»?

Мені «signer maggiore демеңіз.

Адам неге үйленбеуі керек?

Үйленбеуі керекүйленбеуі керек! - деді ол қатты ашуланып, - егер адам бәрінен айыралатын болсаонда картаға бәрін тікпеуі керекОл жоғалтпайтын нәрсені табуы керек.

Майор ашуланып және ызалынып сөйледі, бір нүктеге қарап отырды.

-  Неге ол міндетті түрде жоғалтуы керек?

- Жоғалтады, - деді майор, қабырғадан көз алмай тұрып.  Содан соң ол солып қалған қолын белдіктерден жұлып алып, бар күшімен аяғына соқты. «Жоғалтады», - деп айқайлап жіберді. – Менімен дауласпаңыз!  Содан соң  медбикені шақырып: «Қарғыс атқыр мынау нәрсені тоқтатыңыз», - деп айқайлады.

Майор жарықпен емдейтін және массаж жасайтын басқа бөлмеге кетті. Мен оның дәрігерден телефон соғуға рұқсат сұрап, артындағы есікті жапқанын естідім. Ол қайтадан бөлмеге кіргенде, мен басқа аппартта отырдым. Оның үстінде плащы мен басында кепкісі бар еді. Ол менің жаныма келіп, менің иығыма қолын тигізіп: 

- Кешіріңіз, мен дөрекі болсам, - деп, ол сау қолымен менің иығымнан сипады. -  Осы жаңа ғана менің әйелім қайтыс болды. Кешіріңіз, мені, - деді.

- Құдайым-  ау, неткен қайғы, - дедім, оның қайғысына қатты қиналып. Ол ернін тістеп, менің қасымда тұрды. 

- Бұл өте қиын, көну  мүмкін емес, – деп, ол жанымда терезеге қарап тұрды. Содан кейін жылай бастады. – Тіпті көнбеймін, -  деп, дауысы үзілді. Содан соң жылағанын қоймастан, басын көтеріп, ешкімге қарамастан, жасаураған көзінен су болған бетімен, ернін тістеп, әскери тік тұрып, аппараттардың жанынан өтіп, бөлмеден шығып кетті.

Дәрігер маған майордың әскери қызметке жарамсыз деп танылғаннан кейін үйленген өте жас әйелі өкпе қабынуынан қайтыс болғанын айтты. Ауру бірнеше күнге созылыпты. Әйелді өледі деп ешкім ойламаған. Майор госпиталға үш күн келген жоқ. Содан кейін әдеттегідей уақытта мундирі жеңінің ұшын қара шүберекпен байлап келді. Осы уақыт ішінде қабырғаларда аппараттармен жүргізілген емдеуге дейінгі және одан кейінгі барлық жарақаттардың үлкен суреттері ілініп тұрды. Майордың аппаратының алдында емдеуден кейін қалпына келген қолдардың үш суреті бірдей ілулі тұрды. Дәрігердің бұл суреттерді қайдан алғанын білмеймін. Мен осы аппараттар бірінші болып бізді емдейтін шығар деп ойлайтынмын. Бірақ майорға бұл суреттер ешқандай үміт сыйламады, - ол суреттердің жанында терезеге қарап тұрды.

                                                                                                      1927 жыл. 

                                                                   Тәржімалаған Салауат Кәрім

Бөлісу:

Көп оқылғандар