Меценат роман бәйгесі мәреге жетті

Бөлісу:

24.08.2023 3098

Бүгін Қазақстан баспасөз клубында Mecenat.kz әдеби байқауының ІІ кезеңінің жеңімпазын марапаттау салтанаты өтті. 

Бұл байқау роман жанрына арналған. Оған қатысушылар бұрын еш жерде жарияланбаған шығармасын ұсынады. Бірінші кезеңде келіп түскен шығарманың бәрін әдеби сарапшылар сүзгіден өткізіп, екінші кезеңде іріктелген романдарды смс арқылы оқырмандар дауыс беріп таңдайды. Сол оқырмандардың дауыс беру нәтижесінде биылғы байқау жеңімпазы Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» романы болды. Енді ол «Mecenat.kz» әдеби байқауының ІІ кезеңінің жеңімпазы ретінде өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады. Былтыр бұл әдеби сыйақыны жазушы, журналист Шархан Қазығұл алған еді. Мұндай форматтағы сыйақы әлемнің еш жерінде жоқ. Биыл байқауға қатысушылар географиясы ұлғайып, шетелдегі диаспоралар да қатысты. Бұл байқауға қаламгерлер қызығушылығы жыл өткен сайын артып келеді. 

Мұндай жобаны ойлап тапқан Ерлан Асқарбеков өз сөзінде байқаудың маңызына тоқталды. «Егер егемендік алған отыз жыл ішінде 100 роман жазылған болса, біздің байқау әдеби үдеріске серпін беріп жатыр. Себебі, байқаудың бірінші кезеңіне 67 тың роман ұсынылса, биылғы екінші кезеңіне 58 роман қатысты. Осы 58 романның арасынан ең мықтысын таңдау оңайға түспеді. Іріктеу кезеңінен 3 қазақ тіліндегі, 3 орыс тілінде жазылған романдар таңдалды. Сол романдар оқырман таңдауына ұсынылды. Смс жолдау кезеңінде айфондарла таңдау мүмкіндігі шектеулі екені анықталды. Бұл түйткілді келешекте шешеміз. Сосын осы таңдаулы алтылыққа енген бір роман техникалық ақаулармен өтіп кетіп, оны соңғы сәтте анықтап, кері ысыруға тура келді. Бұдан былай байқаудың келесі кезеңінде мәтін көлемін бетпен емес, белгімен есептеуді қолға аламыз», - деді жоба авторы Ерлан Асқарбековайқауды өткізу барысындағы ұшырасқан келеңсіздіктер алдағы уақытта міндетті түрде өз шешемін табады деген сенімдеміз. Елімізде бұрын-соңды болмаған бұндай жоба меценаттардың арқасында жүзеге асып отыр. 

Біз тілге тиек етіп отырған, іріктеу кезеңінен өткен мына шығармалар оқырманға дауыс беруге ұсынылды:

1) «Өлгендер қайтып келеді», авторы Тұрысбек Сәукетаев; 

2) «Үзілме, Үміт», авторы Гүлсара Дәулетқызы Райымқұлова; 

3) «Тау асқандар», авторы Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаев;

4) «И два бокала на столе», авторы Жангүл Амангелдіқызы Байдәулетова;

5) «В ожидании Кайроса», авторы Кемен Құдайбергенқызы Байжарасова;

6) «ПетроКок», авторы Мұрат Ислямұлы Увалиев. 

2023 жылдың мамыр айының 29-ы мен маусым айының 31-і күндері аралығында «Mecenat.kz» әдеби байқауының маңызды кезеңі, яғни оқырмандар ең үздік деген романға дауыс беретін кезеңі өтті. 

Қазіргі таңда жобаның меценаты – белгілі қазақстандық қаржыгер және филантроп Тимур Русланұлы Турлов. «Байқаудың кең танылып, жазушылар арасында қолдау тауып жатқанына өте қуаныштымын. Елін сүйетін әр азамат оның мәдениетіне, рухани әлеміне өзіндік қолтаңбасын қалдырғысы келуі қалыпты жайт. Мен де өз тарапымнан еліміздің рухани өркендеуіне мүдделімін, осы байқау арқылы әдеби әлемге көмектесіп жатқаныма бек қуаныштымын», - деді меценат Тимур Турлов.

Сонымен, Mecenat.kz әдеби байқауының ІІ кезеңінің жеңімпазы атанған жазушы, Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы Тұрысбек Сәукетаевты шын жүректен құттықтаймыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар