Жадыра Шамұратова. Көпір

Бөлісу:

25.08.2023 1449

(новелла)

Кейде бәрі бар, бәрі керемет болғанда да адам-байғұстың іші пыса ма, күтпеген жерден қылық шығаратыны бар. Жасы елуден асқанда Сайраның күйеуі күнде уақытында әзір тұратын дәмді тамақтан, кірсе шыққысыз жарқыраған келісті үйінен, осы кезге дейін бір көрпені бөліскен әйелінен өз еркімен бас   тартып, кетті де қалды.  

Еркектің романы екі себептен өрбиді: бәрі тамаша болса немесе керісінше болғанда. Сәкеңнің жағдайы шынымен де кісі қызығарлықтай еді, есейген ұл-қызы бар, көлігі жаңа, үйінен бөлек жалға берген пәтері, ағайын ортасында басының сыйы да әжептәуір... бәрі өзі басқаратын мекемеге жаңа қызметкердің келуінен басталды. Әдетте  ұнатудың  себебі болады, адам келесі адамнан не өзін көреді,  не өзінде жоғын көреді, өзінікі осының қайсысы екеніне Сәкең ой жіберіп жатты деймісің, әйтеуір, сол қыз көзіне көрінбей қалса мазасы кететін болды. Оған ұнауға тырысты, қасына жақындау үшін сылтау іздеді. Талдырмаш сұлу  да бәле екен, осыны байқаса да тіксінген суық қабақ танытпады, көздері түйісіп қалса төмен қарап болар-болмас жымиғандай болады. Сонысымен еліктіреді. Тіпті жас уағында да Сәкең тап осылай алабұртпаған шығар-ау, әйтеуір, оны көргенде көңілденіп кетеді. Оңашада жиірек жымиятын болды. Есі ауысқаннан емес. Оны көрген сайын ішінен  осы өмірге келгеніне қуанатындай.  Сезім барда кейде күнә жүретінін, тыйым бар жерде оның өтеуі барын білсе де Сәкеңе екі арада бірдеңенің басталып келе жатқаны соншама таңғалардық көрінбеді, және бұл қарым-қатынастың кез келген уақытта басталып, ойламаған жерден аяқталатынына да көзі жететін, бұл өмірде бәрінің де соңы бар ғой, десе де... Сәкең «романтикалық саяхатын» аяқтағысы келмеді, ұнатуын қоя алмады, екеуара әңгіме жарасты. Оның даусы қандай десеңші! Сыңғырлап тұрады. Күлкісі сиқырымен арбайды, қайта-қайта естуден жалықпас еді. Сымбаты қандай! Осынша нәзік болып та  жаратылады екен ау әйел заты! Еркелігі қалмаған мінезі ше, аузын бұртитып өкпелегені өзіне үйлесе қалған!  Оған қараған сайын Сәкеңнің көзі қуанады.  Өмір деген айналып келгенде тек қана міндеттен, мораль мен тыйымдардан тұрып, ақыр аяғында ажалмен аяқталатын бірдеңе деп, оның мәнін тым тарылтып жіберген қайсысы екен? Өмір деген махаббат екен ғой! Бұны бір қолдаса, «бұның айып емес» деп тек қана романтиктер ғана қолдар еді. Өйткені бұл романтик дегендердің жарты миы бетімен кеткен жүгенсіз гормондардан тұратындықтан олар «махаббатты кезіктіргеннің өзі осы өмірдегі сирек кездесетін ғаламат емес пе» дегеннен басқаны ойламасы анық.

Сәкең де жас адамның жанына еніп, жас дененің қызуын сезінді. Бір жағынан, әлеуметтік қоғам таңған, шамасы жеткені жас әйел алуды мақтаныш көрген жаңа сәннің еліктіргені де бар. Қызметі мен соған сай жиған-тергені бар еркек төсек жаңаласа оны кім айыптайды? «Шамасы жетсе алсын, жаңа әйелмен жаңа өмір басталады, жас әйелмен жасарады» деп өзеурейді айналасы. Сәкең  де соңғы кездері жасарды. Адам кейде өмірді жаңа қырынан таныса да жасарады. Өйткені, әуелі оның жүрегі қуанады. Жүрек қуанды деген - қуаныштың молекуласы миға жиналды деген сөз. Айнаға жиі қарағыштауды шығарған Сәкеңнің ойы да көбейген. Мүмкін, бар мәселе өмірдің мәнін іздеуде жатқан шығар...

Сөйтіп Сәкең  жарты ғұмырын бірге өткізіп, осы кезге дейін бұған ненің жақсы, ненің жаман екенін айтып, кіммен араласқан дұрыс, кіммен араласпау керектігін үйреткен әйелін тастап, өзі жас, әлі өмірді танып үлгермеген тәжірибесіз, ақымақтау  (сонысымен сүйкімді) ғашығына асықты, өзінің осы кезге дейін жинаған өмірлік білімі мен тәжірибесін сонымен бөліспекші болды. Баяғыдан бері қасында келе жатқан әйелінің алдында бұл қиындау.  Бұны бес саусағындай білетін Сайраның көзі бұны жаңаша бағалай алмайды. Ал жас әйелдің алдында Сәкең жас әрі сергек, жайдары, күші тасып тұрған күйде көрінеді. Соның алдында ғана шашына ақ түссе де ішкі дүниесі жас.

Алғаш үйленгенде бұл жас жігіт еді, өмірді жаңа бастаған, тірліктің есебіне шорқақтау, кей сәтте өзіне сенімсіздеу көрінетін. Сайра екеуі кейде тату, кейде қату, кәдімгідей... ел қатарлы тұрды. Кейде мінездері үйлеспей, ашулары қатар келіп, аядай пәтерде дауылдар көтеріліп...  Сайраның бірнеше рет әкесінің үйіне кетіп қалған кезі де болған, жастық пен ақымақтықтан аяғы тұсалғаннан бері балалардың жанына жарақат салмас үшін ажырасуға бармағанын, солар ештеңеден таршылық көрмесін деп тыным көрмегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Екеуінің қаншама жылы бірге өтті,  тіпті жүректерінің қағысына дейін ұқсап кеткендіктен ол Сайраны әлі де жек көрмейді, ең жақыны да сол екенін  біледі. Әлсіз тұстарыңды көрген, кешіре білген, қиындықтан өтуге, жаңа қасиеттеріңді ашуға көмектескен адам бара-бара туысың сияқты болып кетеді, туысыңа қайтадан ғашық бола аласың ба? 

Сәкеңнің басы қатты. Екі әйелді қатар ойлады. Екі әйелдің сөзі мен әрекеті бір-бірімен мүлдем сәйкеспейтін. Ештеңеге қуанбайтын, жоқ жерден бір мәселе тауып алып күңкілдеп жүретін үлкен әйел мұны тергеп болатын, кешіксе де, телефонмен ұзақ сөйлессе де күмән келтіре беретін (тексере беретін еркекке әруақытта еркіндік керегіп тұрады),  ал жас әйел үшін жердің бетінде Сәкеңнен асқан қалжыңбас жоқтай, мұның әр айтқан қалжыңына ішек-сілесі қатып күліп,  мұның қуанышы мен жеңісін өзінікіндей көріп, құрбыларының алдында мақтанатын. Сол кезде Сәкең жас әйелдің әдемі көздеріне қарап отырып Сайраны ойлайды, оның бұған дәл осылай еркелей, қиыла қарамағанына қанша жыл болды екен? Жиырма... әлде жиырма бес жыл ма... 

Адалдық дегеннің өзі көп жағдайда өзіңе тыйым салу. Өзіне тыйым сала алмайтынын түсінген Сәкең ақырында махаббатқа, романтикаға, өзінше әлдебір мағынаға толы жаңа өмірді таңдап, кешіксе жауаптамайтын, бірдеңені қызыл кеңірдек болып дәлелдемейтін, айқайласпайтын жаққа өтті де кетті. Сөйтіп....бір кеште жұмыстан келе сала асығыс жиналып, тізе бүкпестен тік тұрған күйінде Сайраға бар жайды ашып айтты. Ештеңе жасырмады. Бірнеше рет іссапарға кеттім деп осы қаладан ұзамағанын да мойындады. 

- Бірақ,  мен сені тастамаймын, - деді ол бәйбішесін жұбатқандай.

- Тастамаймын дейсің бе? – деп қайта сұрады Сайра тамағына бірдеңе тіреліп тұрып. - Мен саған зат екенмін ғой! Балаларға не айтасың?

- Оларға өзім түсіндірем...

- Сендерге жас шеше таптым дейсің бе?

- Сайра, қойшы! Келіп тұрамын ғой. Балаларға келіп тұрамын. Саған да... 

- Келме! Кетсең одан әрмен! – деді зілді дауыс.

Ол Сайраны баяғыдай бұлқан-талқан болып үйді басына көтеріп айқайлап, жер-жебіріне жететін шығар, «мен білгем, сезгем» деп ебіл-дебілі шығып жылайтын шығар деп күткен. Сол жеңіл еді өзіне. Бірақ былайғы уақытта ашуы қазан қайнатарлық Сайра бұл жолы долданбады, тіпті үнсіз қалды. Сәкең әрі таңғалды, әрі қысылды. Сол күйі үйден шығып кетті.

Өзінің осы сәтте не кешкені Сайраның өзіне аян. Ол естанды күйде еді.  Бұған дейін құрбыларынан естіген, о жақ, бұ жақтан қаңғып жеткен сыбыстар жүрегін ауыртса да, күйеуі тап осылай  екі кештің арасында кетіп қалады деп ойламаған. Күтпеген. Ызадан жарылардай болды.  Тек ол кеткен соң ғана көз жасына ерік берді. Күйеуі бұдан неге жерінді, неден суынды? Осынша жыл бірге тұрғанда көңілі қалған жері бар ма? Мүмкін, кейде қызғаныштан, кейде болмашыдан ұрыс-керіс шығып кеткен шығар, кейде ақшаны оңды-солды жұмсайтынына айқайласып қалатын болар, бірақ, сол үшін де біржола кете ме екен? Еркек болып адымын ұзартып аз уақыт қызықтағаны үшін кешірім сұраған болса, бұл қанша өкпелесе де «ондай кімнің басында болмайды» дегенге жеңдіріп кешірер еді ғой, бірақ бұны тастап кеткені,  мүлдем бас тартқаны... осы уақытқа дейін сүймеген бе? Ешқашан жақсы көрмеген бе сонда? Сайраның ол әйелден қай жері кем? Жоқ, бұл да  өзін нағыз әйел есептейді, ұстаған дүниесі, пісірген тамағы қандай... Күйеуінің бұдан алыстауы қашан басталып еді дегенге бас қатырып, әрі-бері ойлап көріп еді, бастық болғалы жұмыс көп деп ерте кетіп, кеш келетін кезі көп екен. Күйеуі басшылық қызметке тұрғанда Сайра да қуанған, ақша көбейген үстіне көбейеді деген, саусағындағы сақиналарын ауыстырып, қымбат тон алған сайын қуаныш сезіміне билеткен. Бірақ, кейде қуаныш дегенің де бір жақтан жел соқса сейіле беретін түтін сияқты болғаны ма... Ақшаның еркіндік әкелетіні рас екен, ақша бітіп еді, күйеуі өзгере бастады. Кездесуі мен жиыны, аяқ астынан іссапары  көбейді. Содан басталған екен...

Күйеуі кетіп қалған бастапқы уақытта Сайра басының сақинасы ұстап жатып қала беретін болды. Бір күні әйелдік әуестік жеңіп, бұған айырбастап кеткені кім болды екен деп  әзәзілді сыртынан көргісі келді. Бұның күйеуінің есін алып еліктірген қандай әйел?  Шіркін ай, не мүсіні, не көркі «аһ» дегізетіндей болмаса екен, көп кездесетін кеспірсіз біреу болса екен деген. Тек бойы-басын күтіп қалған ажарлы да сымбатты келіншекті  көргенде барып оның сұлулығы мен жастығының алдында жеңілгенін мойындаған. Сайраның жаны мұңлы еді. 

Бұрын соған мән бермепті де, сенген адамың опасыздық қылып, көңілің қалғаннан кейінгі ештеңеге селт етпей, жаныңда жақсы көру сезімі жоғалып, бәріне немқұрайлы болған кезде бос кеңістікте өзіңнен-өзің ілініп тұра береді екенсің, жан-жағыңа қармансаң таяныш қылар ештеңе жоқ... сол кезде әлдекім  жақындап жаныңа жылы тиер сөз айтса  екен дейсің. Сонда ол сені міндетті түрде жарыққа алып шығар еді, өйткені адамдардың саған деген ықылас-ниеті де  тұтатқыш сияқты, кейде жай, кейде қатты, кейде бықси жанса да, бастысы шоқ береді. Обалы қане, бұның жаны мұңлы кезінде құрбылары қасынан табылды. Жастық шағынан бірге келе жатқан  қызба мінезді құрбысы: «Түк те қайғырма, кетсе соңынан бір уыс топырақ! Тек ертең сотпен ажырасып, өзіңнің, балалардың үлесін бөлісерде аузыңды ашып дымсыз отырып қалма, бүкіл жиған-терген жас қатынға кетіп қалмасын!» деп ақыл берді. «Балалар болса өсті, ертең өз жөнімен кетеді, соған ерегіскенде күйеуге шығып алшы, бәлем!» деп қайрады туыс әпкесі. Тек біреуі, сабырлысы ғана Сәкеңнің бұл ісін не дұрыс, ия бұрыс демеді. Бар болғаны Сайраны:

- Бәрі уақытша, бір күні өзі қайтып келеді, - деп жұбатты.

- Қайтып келмей-ақ қойсын! Енді оның маған не керегі бар? Осынша жыл бірге тұрып, баласын туып, қонағын күтіп отырған мені беті жылтыр қуыршаққа айырбастап, сатып кеткен адамды... өлсем кешірмеймін! Өлсем өлейін, енді оны осы үйдің босағасына жақындатпаймын! Оның атын да естігім келмейді! – деп тұлданды Сайра. 

- Кешіру-кешірмеу сенің оған деген көңіліңе байланысты. Егер ол қайтып келсе, ал сен әлі жақсы көрсең, бұл қиын болса да кешіресің. Меніңше, онікі уақытша әуейілік. 

Құрбысы осылай деп отырып әлдеқашан суып қалған шайды қасықпен сапыра түседі.

- Жоқ, атама! Тіпті атын да естігім келмейді! Балалардан аулақ!

- Қызықсың, Сайраш... Кешіресің бе, кешірмейсің бе, шешім өзіңдікі. Бірақ, балаларына жақындатпаймын деуші болма. Ол қандай болса да, опасыз десең де сол балалардың әкесі. Сенің балаларың одан басқа кімге керек? Оның үстіне еркек деген табиғатынан полигам емес пе? Кейде олардың сезімі өздеріне бағынбайды, бұл құштарлық деп аталады. Тіпті олар сөйткен күннің өзінде де, сұлу әйелді көріп естері ауып кетсе де,  өздерін адалмын деп есептейді. Көр де тұр, құштарлығы басылады, сезімі суиды, сол кезде есі кіреді.

- Есі кіргенде саған қайтып келеді дейсің бе?  Ха-ха, оған рахат екен де, қаласа кете салады, қаласа қайтып келеді! Сонда мен кіммін? Не үшін оны қайтадан қабылдауым керек? Күйеуім болса да, балалардың әкесі болса да қалған көңіл – шыққан жан! Мен оны кешіруге де, есіркеуге де міндетті емеспін! 

Бұдан әрі Сайра көз жасын ірікпейді. Реніші мен өзін қор сезінуден шыққан көз жастары оның томпиған бетінен сырғып түсіп үлгермей, етті жұмсақ алақандардың арасында жоғалады.

- Мейлі, өзің білесің, бірақ о баста одақ құрған екі адамның арасында қандай да болсын, бір көпір қалады. Екеудің көпірі. Ол көпір ескі ме, табаны әлсіз бе, бәрібір, аты көпір. Біреуі басқа бағытқа бұрылып кеткенде екіншісі сол көпірді қиратып не өртеп кетудің қажеті жоқ. Күндердің күнінде екеудің біреуі сол көпірмен кері оралғысы, қайтып келгісі келуі мүмкін ғой? Мүмкін. Мейлі, өкініп  болсын, қайтып келеді. Өмірде бәрі болады.

Сайраның құрбысы суып қалған шайды сораптап отырып айтқанынан қайтпайды.

***

Күндер өтіп жатты. Егер өткенді қайтара алмасаң, ештеңе өзгерте алмасаң, қолда барын жақсы көруің керек. Сайра енді екі баласын ғана ойлады,  ендігі жұбаныш-үмітім осылар ғой дегеннен бе, балаларына  бұрынғыдан да елжірей түседі (адам, әйтеуір, біреуге мейірін төгіп, біреу бұны керексінуі керек қой).  Күйеуін үйге қайтару үшін  ешқандай қулыққа бармады, ортаға балаларды салуды да ойламады, бұл тәсілі бір жолға пайдаға асуын асқанымен бәрібір уақытша болар еді. Ол балаларға әкесін жамандамады да. Керісінше әкелеріне өкпесін жасыра алмай торсаңдаған екеуін тыйып тастағаны бар. Ішінде бірдеңе қатып қалса да күйеуі бірде киім-кешегін алып кетуге, енді бірде балаларын көріп шығуға келгенде оны бұрынғыша қарсы алды. 

- Шай ішесің бе? – дейді жайбарақат.

- Жоқ, әуреленбе. 

Күйеуі ылғи асығыс. Балаларымен біраз отырып, әңгімелескен болады да тайып тұрады. Енді бөгелсе Сайра оны ұстап алардай алды-артына қарамайды,  сонысына ашуы келеді бұның. Кейде ол балалардың шаруасымен хабарласқанда аяқ астынан оған деген жыны қарсы тұрып, шымшып сөйлеп, қитыға жауап бергісі келсе де өзін ұстайды. Көбіне «ия, жоқ» деп қана жауап қайтарады. Өйткені, тап осы кезде бұрынғыша «аттың басын жіберіп» сөйлей бастаса терезенің үш қабатты  шынысы шытынап, бәрі қирап түсетіндей, егер бәрін қиратып, жер бетіндегі ең лас сөздерді айтып-айтып тастаса, еркегі  адам төзбес осындай мінезі бар әйелден құтылғанына қуанып тұрып, өз  шешімінің дұрыс екеніне еш күмән келтірмес те еді. Сайра осылайша ашуын тежейді, онымен бірге өткен жылдарын сыйлайды. Тіпті ештеңеден үміт етпесе де оның көз алдында ізетке лайықты әйел ретінде қала алатынын біледі.

Егер сезім ортақ болса екі арада бала дүниеге келіп, кейде ән де туып жатады. Бірақ ол әннің көбіне мұңлы келетіні бар. Соңғы кездері Сайра телефонынан осындай шерді қозғайтын әндерді тыңдайтын болды. Күйеуі кеткелі ештеңеге зауықсыз. Өйткені жанында махаббат жоқ. Күйеуімен өткізген жақсы кездерін ойлаған сайын ішінде бірдеңе өртенетін сияқты.  Ол кейде... тек бір жаққа шығарда емес, үй ішінде де күйеуі үшін сәнденіп, оңашада қылық көрсетіп, кейде әлденеге өкпелеп, өкпелей тұрып беріліп... осының бәрін соншама ынтазарлықпен орындауды білетін әйел болғысы келетін бір тілегін жанының тереңіне жасырады.  Ютубтен скрипканың мұңлы сазын тыңдаған сайын жастығы суланады. «Адам дегенің жалпы мықты нәрсе ғой, - деп ойлайды скрипка үнін тыңдап жатып,  - құр ағаштың өзінен-ақ осындай аспап жасап шығарады, ол аспап сыңсыған саз төгеді, ал егер адамның өзінің жаны мұңға батса оның өзі аты адам бола тұра ештеңеге пайда аспайтын, құр қауқиған ағаш сияқты болып қалады, мысалы, қазір бұның өзі сол іші бос кеуек ағаш сияқты  емес пе?» Қайдағыны ойлап жатып, басына түспесе адам қараптан қарап ой кешпейді екен ғой дейді. Міне, күні кеше ағайын-туыстың тойында ұзатылған қызға еріп, аяғын кербез басып,  қайныларын қағытып, ортада жайқалып билеп, саңқылдап сөйлеп жүретін Сайра енді бұрынғыдай қонаққа баруды қойды. Бәрі бұған қарап: «әне, қараңдар, бұл әйелді күйеуі тастап кеткен!» деп саусағын шошайтып көрсететін тәрізді. Көрсетпесе де іштерінен «неменесіне жетісіп қыдырып жүр?» деп ойлап тұрары анық. 

***

Арада жеті ай өтті. Соңғы кездері Сәкеңнің көзінің асты қалталанып тұратын болған. Біртүрлі көңілінің хошы жоқтай, біртүрлі шаршаңқы көрінеді. Бірдеңені уайымдайтын секілді ме... әйтеуір, жүзінде бір ой бар. Кейде өз ойымен болып кетіп, орынбасарының не айтып жатқанын түгел ұқпай қалады. Оны басқалар да байқайды. 

Ия, Сәкеңнің жаңа қосылған жас әйелінің сұлу екені рас. Сұлу әйелдер көбіне тәкаппар, мінезсіз келетінін және сонысы өзіне үйлесіп тұратынын Сәкең білетін (оның ойынша егер әйел сұлу болмаса оған мінезсіздік де үйлесімсіз. Өзі ұсқынсыз болса, оған тәкаппарлық қалай үйлеспек?» деп ойлаушы еді Сәкең бұрын).

О баста жас әйелдің жастық қуаты мен жүректі шарпып өтер жалыны күш беріп жасартады дегенге өз басы иланған, өзін оның алдында жарқыратып танытып, осы уақытқа дейін жиған өмірлік тәжірибесін берсе... жас әйелден мақұлдау көріп, соны ғана қуантса, кейбіреуі екі, тіпті бірі үш әйел алып үлгерген ортаның көз алдында өзінің де қадірін арттырса деген... соңғы кездері оған да, өзіне де күмәні көбейді.  Өзі сұлу, өзі жас әйел бұл ойлағандай сезімшіл, күйеуіне аса құштар көңілдің иесі болмай шықты. Оны Сәкең көп ұзамай түсінді. Жас әйелі мұны тек өз айтқанымен жүргізгісі келеді. Оған өзінің ғана қалауы маңызды. Өзін ғана артық бағалайды. Өзін ғана ерекше жақсы көреді. Өйткені, ол – сұлу.  Оның өз сұлулығынан қуат  алып, ләззаттанатыны сондай, кейде қасында Сәкеңнің барын да байқамайтын сияқты. Сұлулығы оны асқақ, тәкаппар қылып, жанын жарылқап қуантып, асқақтатып... содан да болар, сұлу әйелдің жанында титтей де тыртық жоқ. Сәт сайын айнаға қарап ажарына тамсанып, сымбатына сүзіле қарайды. Кәрі күйеудің махаббаты мен ақшасы сол сұлулықты одан сайын ашып, ажарландыра түскен. Уақыт өткен сайын Сәкеңнің көңілі ортайып қалатын кездері көбейді. Тіпті өкінгендей ме... Кейде жас әйел құрбыларымен караокеге кетіп ұзақ айналады, кафе, сауна, спа-салондар... оның бұдан жасыратын құпиясы да көп сияқты. Бұның әңгімесі оған түк қызық емесін де аңғарған Сәкең бір көлеңке сияқты сезінеді өзін. Бара-бара бастапқы от сөнді, құштарлық қызуы өшті. Ол өзінің жанындағы сұлу әйелден тек тұтынушыны ғана көре бастады. Өйткені олардың сөз ләмінде тек қана «керек», «қажет» деген сөздер ғана қалды. «Менің анда-мұнда баруым керек, шотымды толтыру керек, жаңа модельдер таңдаймын, ақша керек. Керек...»

Өзінің мүлдем бөтен, тіпті жан-дүниесімен  түгел алыс адаммен тұрып жатқанына көзі жеткен сайын түн ортасында оянып алып  өзін құлазытқан жалғыздығынан қайдағыны шақырып, ақыры иесінен таяқ жеп тынатын ит секілді ұлып қоя бергісі келетін. Ол өзінің не істегенін енді түсінді. Ең қымбатын өзіне қажетсіз арзанқолға алмастырып алған екен. Әрі қарай не істерін білмеді, өзінің кінәсін мойындауға бірдеңе жібермеді, балшық жағылған бетімен айнаға қарауға да әзір емес еді.

Соңғы кездері Сайраны ойлай беретінді шығарды. Балаларын жиірек көргісі келіп, үйіне барғыштайтын болды. Балалары барған кезде бұрынғыдай қуанысып қалса да, ер жеткен ұл, бой жеткен қыз өзімен-өзі. Үнсіз есік ашып, сол бойда бұның бетіне қарағысы келмей басқа бөлмеге жылыстайтын Сайраны көрген сайын оның қабағынан сыр аңдағысы, бірдеңе ұққысы келеді. Оның алдында өзінің бүгежектеп қалатынын байқайды. Бұның осыдан жеті ай бұрынғы жасарып, өңі кіріп, қағанағы қарқ болған келбеті пәс тартып, керісінше байы тастап кеткен Сайраның қабағы жазыңқы секілді көрінетіні несі? Өзі бұрынғысынан жасарып, мол денесі ықшамдалып, әдеміленіп кеткен бе?  Жаны тыныш болғаннан ба әлде бұл жоқта біреуге көңілі ауды ма? Ол сонда бұнсыз өмір сүруге үйреніп алған ба, осы өміріне риза болғаны ма? деген ойлар Сәкеңнің онсыз да қоңылтақсыған жанын құлазытып, ішін суытып өтеді. 

Кейде оның Сайраға телефон шалып бірдеңе айтқысы келетін сияқты, бірақ өзінің оның алдындағы айыбынан кейін... өйтуге де батпайды. Тіпті өзінің қателігін түзей аларына да сенбейді. Борашқа айтса ше? «Бораш, сен досымсың ғой,  ара ағайындыққа жүрсең, қателескен досың үшін Сайраштың алдына барсаң...» дегенді айтуды да біртүрлі еркек басына, дәрежесіне ар көреді. Бораш қанша жерден досы болса да «басымды қатырма, кезінде не дедік саған?» десе ше... Өйткені Сәкеңе басында «Жасың елуден асқанда бұның не?» деген жанашырлардың бірі Бораш досы еді, бірақ, Сәкең ондай ақыл айтқыштарды бірден байқап, жанынан жылыстап кететін. Махаббат деген  де кесел, адам оған шалдықса орталық нерв жүйесі қозып алды-артын ойлатпайды, сол кезде адам мас болады. Мас адам не істемейді? Мас адамға «сен сөйттің» деп ренжуге бола ма? Ондай кезде саусағына Сүлеймен патшаның «бұл да өтеді» деген жазуы бар сақинасын тағып қойсаң да есін жия алмасы анық. 

Сайраш кешірер ме екен мұны... Жейдесін үтіктеп жатып, көз алдынан бәйбішесінің байсалды жүзі елес беріп, оның баяғы жас кезіндегі ерке қылықтары ойына оралып... кейде жұмыстағы компьютерінде сақталған отбасылық суреттерге ұзақ қарап отыратын әдет тапты. 

Жас әйелмен аралары  барған сайын суи берді, өйткені, ол да ештеңеге риза болмайтын, қабағы ашылмайтын, «қайдан келдің, қайда кеттің?» деп қазымырлана беретін кәрі күйеуінен мезі болғанын жасыра алмайтын болды. 

Бір күні «досын жас әйел дуалап алды, әйтпесе тым жақсы жігіт еді» дегенге шәк келтірмейтін Бораш, обалы не керек, Сайраға барып: «кім қателеспейді, өмір ғой, бәлкім, ойланарсың» дегенді ұзақ-сонарлатып жеткізіп келді. 

- Сайра не деді? – деді Сәкең оны көрген бойда. 

- Ештеңе.

- Қалай сонда?

- Сен уайымдама, досым, - деді Бораш ыңыранып сөйлейтін әдетімен. Сосын асықпай телефонында біреуге жауап берді. Біраздан кейін барып ыңыранған күйі:

- Әйелдің де намысы бар ғой. Қанша жерден байы болсаң да өкпе деген оңай емес, бірден «келе қойсын» дегенді қайдан айтсын? Бірақ, көзінен көрдім... үзілді-кесілді қарсы да емес сияқты. Ең болмаса балалары үшін де ойланатын шығар... - деді досы.  

Сегіз ай өткенде самай шашы бозара түскен Сәкең өзінің баяғы үйінің қоңырауын басты.

- Сайраш, мен... сөйлесейін деп едім.

-...

Сен мені кешіре аламысың? 

-...

- Кешірмейсің, білем... - деді еркек бір кезде шарасы таусыла күрсініп. 

- Мен қателестім, бірдеңе болды маған... Сайраш, енді... бір рет шанс берші.

-...

Сайраның тамағы бітіп қалған ба, әлде сөйлегісі келмеді ме, тырс етпеді.

- Сайраш...

Әйелде үн жоқ, мелшиіп тұр. Екі ұрты суалып, жүзі солғын тартқан күйеуіне қарап «жас әйелі қуып жіберген бе?» деп ойлады да тұрып-тұрып:

- Кір, енді, - деген күйі бұрылып кетті.

Осындай ауыр үнсіздікпен 2-3 күн өтті. Әкелерінің үйде ұзағырақ бөгелгеніне балалар да әрі таңғалып, әрі қуанғандарын жасырмайды. Бірақ, ешкімнің бұл жайында әңгіме қозғауға батылы жетпейтіндей. 

Адамды кешірген жақсы, бірақ кейде кешіру арқылы өзіңді екінші рет өкпелетуге мүмкіндік беретінің де рас нәрсе. Сайра да күйеуін кешіргісі келген. Бірақ, ол мұның кешірімін әлсіздігі деп түсінсе қайтеді? Ертең бір айнала беріп қайтадан... кім біледі оны? Ал баяғыдан бері қасында келе жатқан күйеуін бес саусағындай білемін дегенді Сайра енді айта алмайды. Өйткені білем деп жүріп аузы аңқайып ақымақ болып қалған. Ал кешірмесе өзіне де оңай болмасын сезеді, онсыз да соңғы кездері іші лайға толы қап арқалап жүргендей ауырлап, қалжырап жүр. Тіпті сыртыңнан ештеңе сездірмесең де арқаңнан бірдеңе басып тұрғанын жасыра алмайсың. Әрі-беріден соң кешіре алмауда тұрған да ештеңе жоқ,  егер бұны шын көңілден жасау қолыңнан келмесе, демек, бұған әлі әзір емессің. Ендеше  Сайраның оны кешірмеуге қақы бар. Кешіруге болмайтынды кешірем деп өзін қинағанда не табады?

***

Сол күні олар үйде екеуден-екеу қалды. Екеуі де үнсіз. Ауыр үнсіздікте не барын тек екеуі аңғаратындай. Бір кезде Сайра балконға шықты. Оның соңынан Сәкең де балконға беттеді. Түнгі қаланың самала жарығы мың құбылып көз тартады. «Өмір негізі  қиын емес, қиындататын өзіміз... қарапайым ғана бақытты сезіну үшін көп ақыл керек пе...» деп ойлады ол осы сәтте қаланың қызыл-жасыл көрінісіне жоғарыдан көз салып тұрып.  Қол созымда теріс қарап тұрған Сайрадан бір жылы леп ескендей сезілді. Осы жылуды қайыра сезіне алса ғой... Сәкеңнің дәл осы сәтте әйелінің жанын қуантатын, кешірім тілей тұрып өзінің ішкі тілегін білдіретін  бір сөздерді тауып айтқысы келген, бірақ, қас қылғандай ойына ештеңе түспеді. Ол әжептәуір үлкен ұжымды басқаратын бастық болса да соншалықты шешен сөйлемейтін. Осы уақытқа дейін әйеліне жылы сөз айтып та қарық қылмапты. 

Біраз үнсіздіктен соң бір сұлба балконнан ішке қарай енбекші еді, екінші сұлба оны тоқтатты. 

Күйеуі мұның білегінен ұстағанда Сайраның шеке тамыры ысып кеткендей болды. Ол бүгін үстіне жақында сатып алған ұсақ гүлдері бар көгілдір көйлегін киген еді, соңғы кезде біраз жүдеген болса да тап осы сәтте балконның ауасы тымырсық тартып,  көйлегі тарлық еткендей, кеудесі қысылғандай болды.

- Сайраш, кешіре алмасаң, айт... мені көргің келмесе кетем... Бірақ, оған емес... өзім... бөлек тұрам. Оған енді бармаймын. Қабылдамады деп саған ренжуге қақым жоқ... бәріне өзім кінәлімін, - деді тарғыл дауыс.

Қайтадан ұзақ үнсіздік орнады. 

«Ол, міне, қасында тұр. Бұның күйеуі. «Кешіре алмасаң айт» деп міндетсиді тағы. Бұл кешірмеймін деген бір ауыз сөз айтса... қандай жағдайда да шешімі дайын. Еркектің өзімшілдігі мен көкірегі баяғы. Оның осы мінезінен бұның жүрегі ауырып, жаны тапталып жатқанын ол ешуақытта ойлаған емес, ойламайды. Қайтсем екен... өзің жақын тұтқан адамға өкпелеп күн кешу не деген азап еді?» - деп ойлады әйел ыстық жасы бетін күйдіре тұрып. 

Екеуі де балкон терезесінен сыртқа мағынасыз көз салады. Екеуі  бір-бірінің алдында жауап беруден қашып, сол терезе сыртындағы кеңістікке сіңіп кеткісі келетіндей. 

- Сайраш, мен түсіндім. Мені мен қылған - ол сен. Сенімен отау құрғаннан кейін ғой осы дәрежеме жеткенім... сен менің берекем екенсің. Енді қалған ғұмырымда...

- Болды, қойшы! Жетеді! 

Бұдан кейін ешкім үндемеді. Олар ұзақ тұрды. Олар осы үнсіздікте, шам жақпай-ақ қараңғы жерде бір-біріне ішін ашып сөйлесіп түсініскендей. Ауыздарын ашып әлдене айтып жатпай-ақ өзара ұғысқандай... 

Бір кезде олар сыбырласып сөйлесе бастады. Тіпті өзара не айтып жатқандары естілмей қалды. 

- Біз неге сыбырласып тұрмыз? – деді бір кезде әйел дауысы. 

- Баяғыда... Есіңде ме, екеуміз алғаш сөйлесіп жүргенде бақта келе жатқан едік қой, бір кезде жаңбыр жауып кетті,  мә-ә-ә, тіпті сатырлап қатты жауғаны сондай, екеуміз тоңып қалып едік қой, сол кезде... қолшатырдың астында осылай сыбырласқанымыз... есіңде ме...

- Ия, есімде...

Бір кезде екі сұлба қосылып, біреуге айналып кетті. Олардың арасында дәл осындай жып-жылы жақындық болмағалы қанша уақыт... екеуара жақындық. Балкон қараңғы болса да көше жарығымен әйелдің жанары нұр шашып тұр еді. 

- Сен енді менен бойыңды аулақ салмайсың ғой, солай ма, Сайраш?

Сайра күйеуінің  құшағынан өзіне  таныс жылуды сезініп тұрып, «кешіре алған да   жақсы екен ғой!» - деп ойлады.

Көрнекі суретке Густав Климттың “Древо жизни” картинасы пайдаланылды

Бөлісу:

Көп оқылғандар