Жар жағалаған жалғыз

Бөлісу:

30.08.2023 1449

«Жар жағалаған жалғыз» идеясы: балаларды құтқаруға ұмтылыс

 

Төменде ой қозғалатын романға бірден ойыспас бұрын, ХХ ғасырдағы Америка әдебиеті өкілдеріне тән стилі жөнінде туындыларды оқу тәжірибемізден жазу туралы ойға шоғырланған шағын пікірімізді жеткізгіміз келеді. Прозалық туындының нарративтік бірліктерін құрастыруда, кейіпкерлер образын беруде, жағдаяттарды сипаттауда америкалық авторлар (мысалы, Ф. Фицджеральд, Д. Сэлинджер) ұсынғысы келетін идеяларының құрылымын алдын ала мықтап жоспарлағанын байқаймыз. Мағынасыз сөз саптау, ұзақ баяндау, өзіне ұнамсыз адамдардың табиғатын, саясатты, тіршілік бұралаңдарын суреттеуге келгенде сол тұсқа ұзақ тоқталып, қызылсөзбен бірсарынды баяндап, жазудың да, стилінің де сүйкімін кетірмейді. Біз төменде сөз қозғайтын романның басты жасөспірім бейнесіндегі кейіпкерінің сүйікті ұстазы Антонинидің: «Әр нәрсенің реті бар емес пе? Ричард әкесінің фермасы жайлы айтқан екен, әңгімені сонымен бітіргені жөн. Ал шешесінің ағасы туралы келесі жолы баяндасын» (166 б.) деген ескертпесі келтіріледі. Бұл Джером Сэлинджердің «Жар жағалаған жалғыз» атты романы кейіпкерінің сөйлеуде қамтылатын тақырып жайлы ойы еді. Кейіпкері арқылы жеткізген жазушы Сэлинджердің жалпы шығармада қозғалар тақырыпқа қатысты өз пайымы деп топшылауға болар. Ойды жеткізудің, жазудың әдісін меңгергендіктен, «Жар жағалаған жалғыз» және «Ұлы Гэтсби» сынды романдар ХХ ғасырдың ең үздік романдарының тізіміне енген деп ойлаймыз. 

Қоғамындағы ересектердің көлгірсуі мен көзбояушылығынан, әсіресе, мектеп директорының байлыққа ғана бас июінен жерінген жасөспірім Холден Колфилдтің құрмет тұтатын санаулы адамының арасында ұстаз қауымынан бір ғана Антонини болатын. Алайда Холден «Өзі білімсіз де емес, ақымақтығында да шек жоқ» деп бұл ұстазын да түйреп өтеді. Идеяны жеткізу әдістерін, жазу құрылымын меңгеру ұстаздың үйретуімен дағдыға айналатыны да жасырын емес. Жазу үйретілмейтін қоғамда жақсы қаламгерлер санатынан табылу да оңайға соқпайтыны белгілі. Осы тұстың өзінде біз Сэлинджер туралы айтпақ болған ойымыздан ойысып кетіп жара жатқандаймыз. Төменде қозғамақ болған тақырыбымызға қайта ораламыз. 

ХХ ғасырдағы Америка жазушысы Джером Сэлинджердің (1919-2010) «Жар жағалаған жалғыз» (1951) романында автор Холден кейіпкері арқылы қоғамның бет-бейнесін әсіреленбеген сөздік қолданыстармен айқын көрсетіп отырады. Тіпті, астарсыз, аллегориясыз-ақ, дәстүрлі баяндау арқылы көпсөзділіктен, рухани мешеуліктен, моральдан, екіжүзділіктен, жалғандықтан, мағынасыздықтан, білімсіздіктен, тәжірибесіздіктен, көзбояушылықтан, т.б. жалыққан әрі шаршаған Сэлинджердің авторлық образын Холден Колфилд болмысынан байқаймыз. Жасөспірім кейіпкері арқылы жазушы ХХ ғасырдағы Америка қоғамындағы жалған құндылықтар мен нормаларды, шарттылықтарды қабылдай алмайтынын көрсеткен болатын. Дереккөздерде роман жарық көргенде жастар мен ересектер арасында көп оқылғаны айтылады әрі әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Десе де романда жасөспірім кейіпкердің оғаш қылықтары мен нормадан тыс қолданыстардың болғаны үшін мектеп бағдарламаларынан алынып тасталып, сынға ұшыраған кездері болған. Романның нарративтік бірліктеріне ирония, сарказм элементтері басымырақ араласып, ХХ ғасырдағы Америка қоғамының бір қырын танытады. Туындыны қазақ тіліне жазушы, аудармашы Алдан Смайыл аударған. Қазақ тіліне өте жақсы аударылғанын атап өтуге болады. 

Романның «Жар жағалаған жалғыз» деп аталуы да назар аудартады. Атауға айналған тіркестер мағынасын романда Холденнің қарындасы Фибиге өзінің арман-мақсатын білдіретін жолдармен байланыстыруға болады: «Көз алдыңа елестетші, байтақ далада мыңдаған бала алаңсыз ойнап жүр, маңайда ересектерден менен басқа тірі жан жоқ. Балалар даланың қара бидай өскен жағында тік құлама жар бар екенін білмей, солай қарай жүгіріп барады. Менің жүрегім аузыма тығылады, алдарын орап құстай ұшамын, бірінен соң бірін құламаның жиегінен іліп әкетемін. Міне, мен аңсаған кәсіп» (156 б.). Яғни, Сэлинджерді жар жағалап жүрген балаларды «жиектен іліп әкететін» құтқарушысы деп атауға болатындай. 

Роман фабуласының қысқаша баяны: романның бір тұсында он екі жаста деп айтылатын Холден Колфилд есімді оқушының Пенсильвания штатының Эгерстаундағы Пенси жабық орта мектебінен шығарылу оқиғасы (төртінші рет мектеп ауыстырады) туындының басты оқиғалық желісін құрайды. Оқушы дегенімізбен Холден шашына ақ кіргені әрі еңгезердей болғаны үшін өзін ересек сезінеді. Ағылшын тілінен басқа пәндер сынағынан өте алмаған Холденнің бұл жағдайын ұстаздары да, отбасы да, тіпті, кейіпкер өзі жақсы көретін кіші қарындасы Фиби де қабылдай алмайды. Сәтсіз сынақтардан бөлек Холден мектепте оқуға құлықсыз болады. Бұған себеп – мектептегі оқушыларды алалау, директордың байларға әсіре құрмет көрсетуі әрі мұны екіжүзділікпен жүзеге асыруы, кейбір ұстаздардың директор алдында құлдық ұруы. Холден қатарластарының да дөрекілігі мен дүлейлігіне, жеңіл әрекеттеріне төзуге сабыры жетпейді. Басты кезекте мектептен шығып кету оқиғасын отбасының қалай қабылдайынын алдын ала ойша елестету де Холденге оңай соқпайды. Ата-анасының көзіне көрінуден жасырыну үшін бірде қонақүйге, бірде ұстазының үйіне қонып, тағы бірде кинотеатрға барып уақыт өткізеді. Кіші қарындасы Фибидің мектептен шығарылған ағасы үшін қайғырғаны Холденге қаттырақ батады. Шын мәнінде, романның барлық композициялық бөліктерінде Холден өз айналасына наразы кейіпте көрінеді, тек Фибимен арадағы диалогтарында ғана оны қамқор, ақжарқын, жанашыр қалыпта танимыз. Холден мектептегі ұстаздары, сыныптастары, қатарластары, мейрамхана мен қонақүйде кездескен әйелдер, өзі сұлулығын ұнатқан қыздардан ақылсыздықты, көпсөзділікті, епсіздікті, тәжірибесіздікті, жалғандықты, көзбояушылықты, т.б. байқағыш. Бөгде біреудің ақылы мен сөзін тыңдауға құлқы жоқ. Реті келсе, артық сұрақ қоймау, өзгені өзіне қарата көп сөйлетпеу. Көпсөзділік жүйкесін тоздырады. 

Мектеп оқушысы Холден мектептен шығып кету себебін немесе жалпы өзі жайлы сөз қозғауға ересектер арасынан адам таба алмайтын сәттері де болады. Өйткені ересектердің көбінің болмысы мен санасын жалғандық пен көзбояушылық жаулап алған. Белгілі бір нәрсенің екінші бір қыры туралы ой жүгіртуге көкірек көз мен зерделер бітеу, көзқарас пен танымы шектеулі. Холден Колфилд мектебі жайлы кішкентай қарындасы Фибиге ғана ұғындыруға төзімі жетеді.

«Фиби, Құдай үшін, тынышталшы бір уақ! – дедім қажып. – Менен енді мектеп жайлы сұрамашы! Бәрінің айтатыны сол бір қараң қалғыр мектеп. Ал одан кетуімнің жай-жапсары туралы ешқайсысы басын қатырмайды. Мектеп емес ол, жасанды бірдеңе. Алаяқтар мен екіжүзділердің ордасы, жағалай алалау, ылғи кемсіту. Саған айтсам сенбейсің, Роберт Экли деген баланы бетін безеу басып кеткені үшін мен кірген жасырын қоғамға қабылдамай қойды. Әділетсіздік жайлап алған мұндай сүреңсіз мектепті бүкіл Штаттан күндіз қолыңа шам алып жүріп таппайсың.

Фиби үнсіз тыңдап отыра берді, оған тек түсіндіре біл, бәрін де ұғады, өзінше қорытынды шығара алады» (152 б.). Холденнің осылайша кішкентай ғана қыз Фибидің алдында ғана ағынан жарылады. Оның мектептен шығуына басты себеп ондағы тыйым еді. Фибиге жете ұғындаруға тырысқанымен, романның кей тұсында санасы ақ парақтай балалар есейе келе шарттылықтарға толы ересектер қоғамына кірпіш болып қаланып кететіні де меңзеледі.   

Басты кейіпкер, 16 жастағы жасөспірім Холден романда жазушының сыңары іспетті кейіптеледі. Өйткені, «жазушы ағам Д.Б.» деп жиі-жиі еске алатын тұстары Сэлинджердің өмірбаян мотивтерімен сәйкес келеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, Сэлинджер өмірде әскерге баруға қарағанда соғысқа қатысуды артық санаған. Өйткені, «Армияда жексұрындар жыртылып-айырылады, фашистерден де өткен иттерден аяқ алып жүре алмайсың» (130 б.). Романдағы Холденнің жазушы ағасы Д.Б. Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!» романын ұнатса, Холден Фицджеральдтің «Ұлы Гэтсби» туындысын артық көреді. Нормандиядағы соғыс кезеңінде кездескенде Сэлинджер әңгімелерін Хемингуэйдің жоғары бағалағаны да деректерден белгілі. Романның бір тұсында Холден танысы Льюске Батыс философиясынан гөрі Шығыс философиясы ұнайтынын жеткізеді, бұл да жазушының өмірбаянынан кездесетін детальдің бірі. Яғни, автор өзіне қатысты кейбір өмірбаяндық деректерді кейіпкері арқылы береді. Льюстің ойынша, Шығыс халқы «махаббатты төсекте қатынасу ғана емес, бір-бірін рухани байыту деп біледі» (134 б.). 

Сэлинджердің өмірбаянында әдеби шығармалары негізінде кино түсіруге ұсыныс жасалғанда рұқсат бермегені айтылады. Романда өзінің кино өнерін ұнатпайтынын Холден «Кино атаулыны суқаның сүймейді екен, одан аулақ жүргенің дұрыс» деген ойымен байқатып өтеді. Холден кино мен театр актерлерінің ойынынан жасандылықты көп байқайды. 

Он алты жастағы кейіпкер Нью-Йорктағы жалғандыққа толы өмірден жиреніп кеткені бір кездері сүйіктісі Саллимен арадағы диалогтарынан белгілі болады. Сэлинджер де өмірінің бір бөлігінде көпшілік арасынан алыстап кеткені айтылады. Холденнің келесі ойы Сэлинджердің автор ретінде қоғамға деген нақты әрі шынайы көзқарасын аңғартқан: «Егер сен болмағанда (Саллиге) мен қазір Нью-Йоркте отырмас едім! Сен болмасаң, қияндағы орманның ішінде жатар едім! ...

– Тыңда! – дедім бір қаңғыбас ой баурап алып. Басымыз ауған жаққа кетейік. Гринидж-Вилледжде танысым бар, ол маған он доллар қарыз, машинасын бірер аптаға сұрап ала алам. ... Ақша таусылғанша туристердің лагерьлерінде боламыз. Ал қалта тақырланғаннан кейін нағыз рақат өмір басталады, ормандағы бұлақты мекендейміз. Қысқа керек ағашты, тағысын тағыларды өзін дайындаймын. Қандай ғажап! Көз алдыңа елестетші! Қалай? Келістік пе?» (122-123 беттер). Салли мұндай ойға келіспек түгілі, мүмкін екеніне де иланбайды. Тіпті, осындай әңгімеден кейін Холденмен арасын да үзеді. Сэлинджер өмірінің бір кездерінде аскеттік ғұмыр кешуді армандағандай сезіледі. 1953 жылы жазушы Нью-Йорктен Нью-Гэмпшир штатындағы тұрғыны аз Корниш қаласына көшкені туралы айтылады. 

Зерттеушілердің бірі оның елу жылдағы шығармалары жарық көрсе, әдеби сенсация болатынын айтады (Александр Кан). «Жар жағалаған жалғыз» романында Холденді мектептен шығарып жібергеннен кейін үйіне де келместен Батысқа кеткісі келеді. Ондағы мақсаты – жағармай орындарында жұмыс істеп, азын-аулақ қаржы жинап, арықарай біржола орманда тіршілік кешпек. Онда өзінің болашақ өмірі өтетін мекен моделін келесідей кескіндейді: «Ал Фибиге есігім әрқашан ашық, жазда, діни мейрамдарда үйімде емін-еркін аунап-қунасын. Д.Б.-ның да қалаған кезінде демалуына болады. Жазуға тыныш жер іздесе, қалың ормандағы оңаша үйшіктен қолайлы не бар?! Тек онда Голливудтың шым-шытырық сценарийлерін шимайлауға рұқсат жоқ. Әңгіме жазса – еркі» (183 б.). Жазушы кейбір жоспарларын романына да енгізгенін осындай тұстардан байқаймыз. Сэлинджер өзінің жазушылық қырын да жоғары бағалағаны байқалады. Өйткені Холден «жазушы ағам Д.Б.» деп таныстырған кейіпкердің «Жасырылған балық» әңгімесінің кереметін, таңғалдыратынын жеткізеді. 

Сэлинджер жасөспірім кейіпкері арқылы адамдардың ақылсыздығынан, көпсөзділігінен, екіжүзділігінен қаншалықты жерінгенін әңгімелесе де роман соңында қоғамнан мүлде қол үзіп кете алмайтынын елеусіз аңдатып өтеді. «Бір қызығы, әңгіме қылған адамдарымды (романда) аңсайтын секілденем де тұрамын. Жақын тартқандарды ғана емес, бәрін». Әрине, қоғамсыз жеке адамның өмір сүруі сирек кездесетін жағдай. 

Әдебиет:

Сэлинджер Д. Жар жағалаған жалғыз. Ауд. Алдан Смайыл. – Алматы: «Мазмұндама» қоғамдық қоры, 2021. – 196 бет. 

Кан А. «Над пропастью во ржи» – 70 лет роману, перевернувшему сознание поколений. URLhttps://www.bbc.com/russian/features-57842140

Бөлісу:

Көп оқылғандар