Ахаң туралы он дерек

Бөлісу:

05.09.2023 1459

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – сан қырлы тұлға. Қазақстан Халқы тілдері күніне орай Ахаңның гуманистарлық сала бойынша он қырына тоқталып отырмыз. 

Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 5 қыркүйек. Бұл дата ұлы ғалымның қолжазба құжаттарындағы мәліметке негізделген. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 5 қыркүйек – Қазақстан Халқы тілдері күні болып белгіленді.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы. Қазақ әдебиеттануының ғылыми негіздері, әдістемелік бағыттары, терминдері мен категорияларын жіліктей отырып ұсынған «Әдебиет танытқыш» еңбегі алғаш 1926 жылы Ташкентте жарық көрді. Ахаң қазақ фольклорын жіктеп, жанрларға бөліп, әрқайсысына лайықты атау берумен қатар, әдебиетімізді дәуірлерге бөліп, әр кезеңде туып қалыптасқан жанр түрлерінің сипатына қарай жеке-жеке терминдік атаулар берді. Олардың көбісі Ахаңның өзі жазықсыз нәубетке ұшырап кеткеннен кейінгі кезеңде де еш өзгеріссіз мәңгілік қолданыс тауып келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі ғылымының негізін салушы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі ғылымын алғаш рет барынша толықтай жүйелеп, арнайы оқулық жазып ұсынған отандық ғалым. Өзіне дейінгі жинақталған теориялық білімдер негізінде жазылған «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы болды. Онда қазақ тілінің фонетика, морфология, синтаксисі жүйеленіп, тілдік ұғымдар мен категорияларға жеке-жеке терминдік атаулар берді. Ахаңның берген бұл атауларының аса дәлме-дәлдігі соншама, ғасырдан астам уақыт өтсе де, туған халқымен етене жасасып келе жатыр. Бастауыш, баяндауыш, көсемше, есімше, қаратпа сөз т.б. жүздеген ұлттық тілдік терминдер – Ахаң тудырған төлтумалар болып саналады.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық қазақ жазуының негізін қалаушы. Ол ХХ ғасыр басында қазақ және түркі дүниесінде қалыптасқан рухани ахуалды ескере отырып, араб графикасы негізінде жаңа әліпби түзіп шықты. Ұлттық дыбыстар жүйесіне, сингармониялық ерекшелігіне негіздей отырып, араб жазуын барынша оңайлатылған 28 әріптен тұратын жаңа әліпби – төте жазу – Ахмет Байтұрсынұлының 1910 жылдан басталған көп жылғы еңбегінің нәтижесі болды.

Ахмет Байтұрсынұлы – тұңғыш ұлттық басылым «Қазақ» газетін ұйымдастырушы, әрі редакторы болды. 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында, Ахмет Байтұрсынұлының өзі түзген төте араб қарпімен басылып шыққан газеттің 265 саны жарық көрген. «Қазақ» газеті – қазақ халқының ұлттық санасының биіктеуіне, білім-ғылымға, әлемдік мәдениетке талпынуына үлкен әсер етті.

Ахмет Байтұрсынұлы – мысалшы. Туған халқының санасын оятып, жүрек-сезіміне әсер етіп ойландыру үшін Абай үлгісімен, И.Крылов бастаған орыс мысалшыларының дәстүріндегі мысалдарды пайдаланды. Ахаң Эзоп, Лафонтен, Крылов мысалдарының классикалық сюжеттерін қазақ қоғамының түсінігіне лайықтап, ондағы түпкі ойды мейлінше байыта, өз жанынан қоса отырып ұсынады. Сондықтан да Ахаң аудармалары нәзирагөйлік төл туындыға ұқсас. Бұл еңбек алғаш 1909 жылы «Қырық мысал» деген атпен Петербург қаласында жарық көрді. 

Ахмет Байтұрсынұлы – білікті басшы. Ахмет Байтұрсынұлының білім, ғылым, басқару саласындағы көп жылдық зор тәжірибесін Кеңес үкіметі де алғашқы жылдары молынан пайдаланды. Ол Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-төңкерісшіл комитеттің мүшесі, 1922-1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комисариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары (қазіргіше – Білім министрі)  болып қызмет атқарды. Сондай-ақ Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің, Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз, педагог. 1890 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген Ахаң 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ училищелерінде мұғалім, 1925-29 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институтында оқытушы профессор ретінде қызмет атқарды. Осы кезеңдерде Ахаң көптеген оқулықтар мен көмекші оқу құралдарын жазды.

Ахмет Байтұрсынұлы – көсемсөзші. Қазақ халқының сол дәуірдегі тұрмыс-тіршілігі, келешек тағдыры, елдегі оқу-ағарту, саяси-әлеуметтік жағдайлар т.б. мәселелерге шынайы алаң көңілмен үн қатып, мақалалар жазды. Көсемсөз жанрында қалам тербеген Ахаң қазақтың газетін тілін қалыптастырушылардың бірі. «... газетті қазақтың қара тілімен жазғанымыз ұнамсыз көрінсе, ол кемшілігімізге кешу өтінеміз. Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс…», - деген Ахаңның қазақ журналистикасын қалыптастырудағы еңбегі орсан.

Ахмет Байтұрсынұлы – шебер аудармашы. Қазақ тіліндегі көркем аударма саласындағы алғашқылардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы И.А.Крылов мысалдарын аударумен қатар, И.И.Хемницердің «Ат пен есек», А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» туындыларын, орыстың лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңдерін, сондай-ақ М.Ю.Лермонтовтан, Ю.Жадовскаядан өлеңін қазақ тіліне көркем аударды.

Ахмет Байтұрсынұлы – түркітанушы ғалым. Тек қазақ тілінің ғана емес, туыстас түркі халықтары тілінің табиғаты, өзгешеліктері, грамматика, әліпби мәселелері жөнінде мақалалар жазып, жиындарға қатысып, түркітанушы ғалымдар арасында үлкен беделге ие болған Ахаңның бұл саладағы еңбегі ерекше. Ахмет Байтұрсынұлы 1926-жылы Бакуде өткен Түркітанушылардың бүкілодақтық 1-съезіне қатысып «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасаған. 

Ахмет Байтұрсынұлы – әнші, домбырашы. Ахаңның әншілік, домбырашылығымен қатар скрипка, фортепиано ойнай алатындығы туралы естеліктер бар. Ахаңмен рухани қарым-қатынаста болған әйгілі музыкатанушы Александр Затаевич былай деп жазған екен: «Туған елінің әндерін шын сүйетін және білетін жан ретінде, оларды нақышына келтіріп орындаушы және тамаша домбырашы ретінде Байтұрсыновты отандастары да өте жоғары бағалайды. Ахмет Байтұрсынұлының білімі мен біліктілігінің бұл қырын бағалауға менің де мүмкіндігім болды. Өйткені менің мына еңбегімді ол үнемі назарына алып, Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей ордасы және Қарқаралы (Семей губерниясы) өңірлеріне тән өзі білетін, қойын кітапшасына түртіп алған әндердің жазбаларын беріп, тіпті тамаша екі күйді өзі домбырада шертіп берді. Қазақ тарихы, тұрмысы мен этнографиясының терең білгірі ретінде мен жинаған мол материалды жүйелеуге бағыт-бағдар сілтеп отырды. Оның бұл елеулі еңбегіне аса тәнтімін, айтар алғысым шексіз». Сонымен қатар Ахаңды өз жанынан ән шығарған әуесқой композитор деуге негіз бар. Ахаңның А.Затаевичке айтып жаздырған 19 әнінің ішінде «Аққұм», «Екі жирен», «Қаракөз», «Қарғаш», «Достар»

Өзінің бар саналы ғұмырының туған халқының өсіп-өркендеуіне арнаған, ұлтының жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеген, осы жолда небір қиындықтарға ұшыраса да сабыр мен шыдамды серік етіп, жат пиғылдардың көрсеткен азабы мен мазағына шыдай білген, ақыры зорлықшыл қызыл биліктің құрбаны болып жазықсыз жапа шегіп өмірден өткен ұлт ұстазы қайран Ахаңның қадірін бағалап жүрміз бе? Ешбір халықтыкінен бір де кем емес теориясы, терминологиясы, практикалық-әдістемелік жүйесі толымды қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеттануы атты ғылымдарымыздың болғаны үшін ғана Ахаңа қарыздармыз. Өзге қаншама рухани ізгіліктердің бастауында тұрған Ахаң осының барлығын да атақ-абыройға ие болайын, тұрмыс жағдайымды көтерейін, танылайын деп істемегені анық. Ұлтының бағына туған Ахаңдай азаматтар дүниеауи түсініктерден өзін әрқашан биік ұстағаны – олардың әр өмір кезеңіндегі іс-қызметтерінен, әрекеттерінен көрініс тауып отырады. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында туған халқының, дәуірінің аялап алқауынан гөрі, аяусыз жаныштауын көп көріп, арманда өткен Ахаңдай арыстың есімі елу жылдан соң елімен қауышты. Елі үшін еткен еңбегін ештен кеш болса да ескеріліп, туған халқының игілігіне айналып жатыр. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» деген – нақ осы. Ахаң атындағы Тіл білімі институты, университет, кітапхана, музей, мектептер, даңғылдар, көшелер, сыйлықтар, орнатылған ескерткіштер, т.б. – бұлардың барлығы да ұлтының ұлы тұлғасына деген құрмет-тағзымы, махаббаты. Ахаң есімі жылдар өткен сайын, егемен елінің ертеңгі ұрпағының елшілдік санасы биіктеген сайын етене бола түсері анық.

Бөлісу:

Көп оқылғандар