«Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары» туралы ойлар мен ұсыныстар

Бөлісу:

27.10.2023 1760

Жақында Меңдекеш ақынның туған жері Жылыойда Атырау облыстық Білім басқармасы, облыстық «Дарын» Таланттарды анықтау және қолдау орталығы, Жылыой аудандық Білім беру бөлімі мен Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы мектептің ұйымдастыруымен екінші облыстық «Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары» байқауы өтті. Бұл шара тағылымы да тәрбиелік маңызы бар шара болды. Шараға аудандардан және Атырау қаласынан елуден аса оқушы қатысып, төрт номинация бойынша сынға түсті.

1. «Азырақ болып ортаңда, көңілде жүрсем көбірек» номинациясында - ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқуда оқушылар белсенділік танытты.

2. «Қазағым әлі туарсың біздей, Қаһармандарды қайталап...» - мәнерлеп оқу номинациясы бойынша «Қазағым , әлі туарсың біздей, Қаһармандарды қайталап...» деген шумақтарды жалғастырып жыр жазу тапсырмасы болды.

«Қазағым, әлі туарсың біздей,

Қаһармандарды қайталап.

Қан құсып өткен күндердің құны

Қап, бәлем ,сонда қайтар - ақ!

Қараңғы түнде еміс те еміс от көрсең

Қаһарман ұрпақ! Сен оны

Қалтыратпай қайта жақ!» - бұл Меңдекештің «Махамбеттің монологы» деп басталатын өлеңі. Кілең «қ» әрпінен басталатын ұзақтау ,салмағы ауыр жырынан үзінді. Отты өлең. Рухты өлең. Ойлы , ойландыратын өлең. Мүмкін балалар ойлансын деп осы тақырып таңдалған болар. Осы жырды өз ойларымен жалғастыру үшін өлеңге таласы бар оқушылар бір кабинетте жыр жазып жатты. Бұл қиын тапсырма еді. Дегенмен бұл сайыста та екі ауыз болса да, салмақты сөз құрауға талпынғандары қуантты.

3. «М.Сатыбалдиевтың прозалық шығармаларынан иллюстрациялық суреттер» номинациясында оқушылар М.Сатыбалдиевтың «Қоңыр қозы» повесі бойынша сурет салды. Тапсырмада орындау техникасы кескіндеме, графика деп көрсетілген екен. Ойладым, бұл шығармаға сурет салу үшін шығармамен таныс болуы керек, балалар оқыды ма? Қалай ойланады екен. Өзіме барлық сурет те ұнады. «Қоңыр қозы» повесіндегі бейнет кешкен Жұпаргүл ана, соғыстан оралмаған Сегізбек, соғыстың кесірінен балалығын ұмытып қалған Жұлдызбек, Жырау, Шәриман қарт, үзілмеген үміт, қасіреттің көз жасы , соғыстың азабы, тылдағы мұң мен намыс- мұның бәрін олар өз жүрегімен ұғып, бояулар әлемінде бейнелепті. «Қоңыр қозыдағы» жер- су аттары Жыңғылтоғай, Ақкиізтоғайдан бастап Бейнеу , Маңғыстауға дейін суреттелетін көріністер де бар екен.

4. «Жүректерге жетсем-ау шуақпенен...» деген номинацияда кейбір оқушылардың көркем шығарманы оқып қана қоймай , талдауға бейімділіктері бар екені көрініп тұрды. Бірақ көбінесе жазылып қалған кітап сөздеріне ден қоюлары, өз ойларын толықтай жазып жеткізу жағынан ақсап жатты. Дегенмен жақсы нәтижеге қол жеткізуге ұмтылатын, болашағынан үміт күттіретін оқушылар да бар екен. Соған қуандық. Оқушылар ұсыныстарында «Меңдекеш өлеңдері оқулыққа енсе екен, түсініксіз өлеңдер оқып жүрміз оқулықтан» деген батыл пікірлер де айтыпты. Екінші рет өткізіліп отырған облыстық «Меңдекеш оқулары» осылайша қанша баланың жүрегіне от жақты. Танысты, достасты. Ұстаздар тәжірибе алмасты. Оқушылардың намыстары шыңдалды, кітапқа, әдебиетке қызығушылықтары артты, ұстаздарына деген құрметтері алғысқа ұласса, ұстаздары шәкірттеріне жанашырлықпен қарап ,олармен бірге қуанып тұрды . Кейбірі мұңайып тұрды. Қазылар алқасының қорытынды шешіміне сәйкес шарада талантты да дарынымен ерекшеленген жеңімпаздар дипломдармен, арнайы сыйлықтармен және Меңдекеш ақынның кітабымен марапатталды.

5. Оқушылар үшін белгілі қаламгерлер мен суретшілер, театр әртістерінің қатысуымен арнайы шеберлік сабақтарын өткізу ( ақындық өнер, тіл ұстарту, сахна тілі, сурет өнері, көркем шығарманы талдау бойынша).

Облыстық «Меңдекеш оқулары» келесі жылы да жалғасын табады. Биыл жүлде алмағанның келесі жылы жұлдызы жанар деп жұбатып қоямыз десек те, басқа аудандар және Атырау қаласымен салыстырғанда , Жылыой ауданы оқушыларының бұл жолғы сайысқа дайындықтары тыңғылықты болмағаны байқалды. Неге екені белгісіз, аудандық іріктеу сайысы облыстық «Меңдекеш оқулары» басталардан екі-үш күн бұрын ғана өтіпті. Бұл жолғы Байқауда Жылыой оқушылары былтырғыдай жақсы нәтиже көрсете алмады. Бұл - Жылыой аудандық оқу бөліміне үлкен сын. Айта кетерлігі, «Меңдекеш Музейін» жарқырап қойған Меңдекеш мектебінің директоры Алтынгүл Ыбыраеваның еңбегі зор екен. Музейге Меңдекеш ағаның кітаптары, фотосуреттері, естелік альбом, материалдары, жазу машинкасы, тыңдаған пластинкасы, 70-жылдың басында киген пальтосы мен қалпағы да қойылыпты. Меңдекеш музейінің жасақтауға ақынның немере қарындасы Айкен Аманшина апамыз да көп еңбек сіңірген екен. Алғыс айтамыз.

Келер жылы өтетін «Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары -2024» байқауын өткізу жөнінде Атырау облысы әкімдігіне , облыстық Білім басқармасына, облыстық «Дарын» Таланттарды анықтау және қолдау орталығына, облыстық Мәдениет басқармасына , мынандай ұсыныстар айтқым келеді.

1.Атырау қаласында Меңдекеш Сатыбалдиев атында үлкен көше бар. Сол көшенің бойындағы бір бұрылысқа ақынның мүсіні орнатылып, шағын болса да сквер салынса.

2. «Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары - 2024 байқауын» аймақтық (Маңғыстау, Ақтөбе, Орал) денгейде өткізу. Себебі, ақын шығармашылығының өміршеңдігі, өзектілігі маңызды екені даусыз.

3. Ғ. Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы ұйымдастыратын «Бір өлке –бір жазушы» жылдық оқу акциясы бойынша 2024 жылы Меңдекеш Сатыбалдиев шығармашылығын таңдау және насихаттауға арнау. Ақынның екі томдық кітабын шығарып, кітапханаларға, мектеп кітапханаларына тарату.

4. «Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары» жоғарыда аталған 4 номинация бойынша өткізіліп келді. Келер жылы бесінші қылып «Драма- Сюжет» номинациясын қосу. Ақын шығармаларын театрландырылған көріністермен көрсету. Бұл әдіс-тәсіл де мектеп оқушыларының өнерге, әдебиетке деген құштарлығын арттыра түсер еді.

Маржан ЕРШУ,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты

арнайы «Атырау» газеті үшін

Бөлісу:

Көп оқылғандар