ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТТІҢ ШЕБЕРІ
Бөлісу:
Рымғали Нұрғали айтқандайын, бір романмен әдебиетке олжа салған қаламгер Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романына белгілі бір тарихи кезең шындығы арқау болған. Романның негізгі оқиға желісі 1916 жылы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, одан әрі тағдырдың бұралаң жолына түскен Құлан атты кейіпкер төңірегінде өрбиді.
Алдында айқын мақсаты жоқ, тұйыққа тірелген шарасыз тағдыр иесі арқылы тұтастай қоғам шындығы, ұлт тағдыры көрінеді. Роман авторы тартысты оқиғаларды емес, кейіпкердің ішкі әлемін, жан күйзелісін беруді мақсат тұтқан. «Әлеуметтік-психологиялық сипаты басым» (Б.Майтанов) шығармада сан алуан әлеуметтік топтың, әртүрлі мінез-құлықтың бірен-саран өкілін өзіндік іс-әрекетімен даралап көрсете отырып, автор заман шындығын нақты адамдар тағдыры арқылы баяндап береді. Басты кейіпкер Құлан бейнесімен қоса Ефим Кутский, Шарбақбай, Майлық, Көктөбет; Апанас пен Рүстембай бейнелері де түрлі оқиғалар желісі арқылы көрініс беріп, әлсін-әлсін жазушы тарапынан айналып соғып отыратын әрі басты қаһарман бейнесін ашуға қажетті бейне ретінде алынған.
Жазушы замана құрбаны болған Құлан бейнесін романда түрлі тәсілдермен ашқанымен, ең өнімдісі – психологиялық портрет. Құланның ішкі әлеміне бойлап, жан толқынысын жайып салады. Ішкі арпалысы мен ішкі қайшылығы оның психологиялық портретінен де, диалогтардан да көрінеді.
«Қазір Құланның осы тұрысы қатерді сезген дала тағысын көзге елестеткендей. Кішкене шегір көзінің қарашығы көк сүңгінің ұшындай өткірленіп алған, еті қашқан жақ сүйегі шодырайып, ұрт еті бұлт-бұлт ойнайды, бар бет терісі көзінің айналасына жиналғандай қатпар-қатпар. Әр жерге бір-бір талдан өскен шанжау-шанжау сарғыш сақал-мұрты тікірейіп, таңқылау танауы шедірейіп кетті». [1.13] Бұл – Құланның жасырынып жүрген Ефим Кутскиймен алғаш кездесердегі портреті. Әлденеге елегізіп, белгісіз күйден жаны шошыған кезде осындай кейіпте болады. Әзірше шегір көзі мен таңқылау танауы нақты белгісі ретінде көрсетілген. Шегір көз адастырмай дөп түсіретін басты белгі ретінде шығарманың өн бойында қайта-қайта оқырманның көз алдында көрініс беріп отырады. Портреттік деталь қызметіндегі көз жанарының өзгерістерінен сыртқы ортаның әсеріне қарай құбылып отыратын характерлік нышан көрінеді. Ал жағдайға қарай өзгеріп отыратын сол нышан көбіне өзгелердің пайымдауы арқылы беріледі. Маңындағы кейіпкерлер батырдың батырлық болмысын, характерлік сипатын, түрлі сәттегі ішкі сезім ауанын көрсетуде аса қажетті бейне ретінде алынып, оқиға желісінің қиюласуында үлкен жүк арқалап тұр.
Жалпы, жазушы көркем бейнені ашу мақсатында екі түрлі портреттік белгіге тоқталған: оның бірі – жоғарыда айтып өткен шегір көзі, бет-жүздегі өзгеріс болса, екіншісі – жағдайға қарай өзгеріп, белгілі бір қалыпқа түсетін дене күйі. Төмендегі үзіндіде Құланның қозғалысы жолбарыстың жүрісімен салыстырылып, осының өзі бір қорытындыға алып келетіндей. «Бүгін ұзақ жол жүріп ат соқты болғанын да ұмытты қазір. Өткір көзі жапырақтың жыбыр еткеніне дейін шалып, құлағы шөп арасымен тышқанның жорғалағанын да еститін халде. Қозғалысы да қамыс басын сыбдыр еткізбейтін жолбарыстың жүрісіндей, табанымен сырғи басып, ұрланып келеді. Межелі жеріне жеткенше неше бір шоқ тал, тобылғы, шағыр бұталарының арасымен өтті, бір қу бұтақ аяғының астында сытыр етіп сынған жоқ». [1.13] Мінездеме берілмесе де, оның қандай адам екенінен хабар береді. Оқырман өзі-ақ қорытып, қиялымен ойша толықтырады. Балалық шағынан күні бүгінге дейінгі өмірі дала төсінде өтіп, табиғатпен сырласып өскен даланың бел баласының сақ, сезімтал болмысы осылай ашылады. Оның үстіне кәнігі мерген, балалық шағынан бастап әкесіне еріп, ен даланы еркін жайлаған, ең сақ дейтін ақбөкеннің өзін аулап, жымын білдірмей жүруге әбден машықтанған кейіпкер қимыл-қозғалысының осылай сипатталуы заңды да.
Ақ қашып, қызыл қуған күрделі әрі қайшылыққа толы заманда, одан кейін жаңа өкімет орнап жатқан кезеңде өмір сүрген Құлан болмысын мінсіз дей алмаймыз. Бірақ автордың өзі мінсіз кейіпкер бейнесін сомдауды мақсат тұтпаған. Өткен ғасыр әдебиетінде белгілі бір тарихи кезеңдегі негізгі оқиғаға қатысатын орталық қаһармандар жалынды күрескер ретінде дараланса, Құлан басында мұндай ерекшелік жоқ. Рас, ол – әйгілі Амангелді батырдың серігі, асқан мерген, кеңес өкіметін орнату жолындағы іс-әрекеттің бел ортасында болған жан. Романда оның толғаныстары мен өткен өмірі шегіністер арқылы беріліп, еске түсіріліп отырады.
Мынаған мән беру керек: Құлан тура жолдан тайған жоқ, адасты. Адасуының себебі аңғалдығында жатыр. Даладай кең болмысы, кеңпейілдігі, алды-артын таразылап жатпайтын мінезі себеп болады. Шарбақбайдың айлалы, қалтарысы мол, сұмдығы басым адам екенін біле тұра, үнемі соның маңынан табылады. Майлықтың ол туралы айтқан дәлелді пікіріне де құлақ аспайды. Жазушының сюжетті жымдастыру шеберлігі туралы сөз болғанда кейде нанымды характер жасау үстінде автор тарапынан дәлелдеме жетіспей жататынын айта кеткен жөн. Кейіпкердің іс-әрекеті сендірмейді. Қандай екенін біле тұра, Құланның Шарбақбай маңынан ұзап шыға алмауы – осының дәлелі. Ол, тіпті, Көктөбеттен өткен сұм. Көктөбет – елге белгілі қарақшы. Ал Шарбақбай – ұстатпайтын жырынды. Кеңес үкіметіне барша қастандығын жасап бағады. Маңына үнемі кеңес қызметіне кіріп алған Болжық сияқты жандайшаптарын ұстайды. Солардың қолымен от көсейді. Ал сондай жаннан іш тартып, іргесін аулақ салудың орнына бүкіл тағдыры байдың қолында тұрғандай қайта айналып соға беруінің сыры неде? Белгілі бір әрекетке бару үшін кім болса да қабырғасымен кеңесіп, қадамын іштей салмақтары сөзсіз. Алайда автор тарапынан оқырманын сендірерліктей уәж ұсынылмайды. Ефим Кутскиймен кездескенде оның түр-тұрпатынан күдіктеніп, іштей: «Бірақ қанша зымыстан болсаң да, сен Құланнан айлаңды асыра алмассың. Құлан ондай өткелектің талайын өткен», - деп ойланады. [1.16] Дәл осы ойына сүйенсек, Құлан анау-мынау адамға алдыра қоймайтын адам тәрізді. Сөйте тұра Шарбақбайға қылар қайраны жоқ.
Портреттік белгілер диалог арқылы беріліп, екі диалогтан да кейіпкердің жүрек түкпіріндегі шын келбеті көрініс береді. Осы ретте: «Диалог – кейіпкер жан-дүниесінің, моральдық-этикалық қасиетінің айнасы», - дейтін оймен біз де келісеміз. [2.13] Сүргін тірліктен әбден қажыған Құлан жанына тыныштық іздейді. Абақтыдан жаны шошығанмен, қуғын-сүргіннен, қажытқан тірліктен басын арашалап алудың одан басқа амалы жоқ сияқты көрініп, лажсыздан сол жолды таңдағысы келеді. Тумысында адалдықты жанына серік еткен, жаңа орнаған өкіметке қастығы жоқ жан жолайырығында қалып қойғандай. Қашып жүрудің де жөні жоқ. Ал түрмеге бару дегенің, Құланның ойынша, өз еркіңмен кеудеңді оққа байлағанмен тең. Айбарлы серігіне айналған Амангелді батырдың, тағы басқа азаматтардың тағдыры түрмеде шешілгені белгілі. Оның үстіне адам деп сырласқан Шарбақбайы, болмаса ешкімге қатты зияны жоқ, бұрын ұры болған Майлық екеуі бірдей төндіре сөйлегенде, таңдаған жолынан шегініп, басқа арнаға бұрылуға мәжбүр болады. Ел ішіндегі қауасетті кесілген үкім сияқты қабылдаған кейіпкердің күйзелісі сол сәттегі күйін дәл сипаттаған авторлық баяндаудан анық көрінеді.
Романда Құланға берілген портреттерде ол түз тағысымен, жолбарыспен, түздің қара бүркітімен салыстырылады. Жоғарыда үзіндіде келтірілген «оба басындағы түздің қара бүркітіндей қомақталып отырған ол енді бір түрлі кішірейіп шөгіп кеткен тәрізді» сөйлеміндегі ойдың кейіпкердің өмір жолына тікелей қатысы бар тәрізді. Қыранша қанатын кең сермеп, кеңістікте еркін өмір сүрген Құлан дүрбелең уақыт тезінен өтеді. Қатігез уақыт қанатын қырқады. Уақыт адам талғап жатпайды. Құлан да уақыттың уысынан шығып кете алмайды. Психологиялық күйі біз келтіріп кеткен үзіндіде дәл берілген. Оның «кішірейіп шөгіп кетуі» денесі туралы ғана емес, тұтастай алғанда, бүкіл болмыс-бітіміне тән. Құлан – уақыт құрбаны.
Шығармада бір ғана жерде Құланның сырт келбетіне қатысты толығырақ портрет беріледі. Барақ шалдың қабылдауындағы Құлан келбеті мынандай: «Алдыңғысы тақымына мылтық қыстырған ақбоз атты түйе жүн шекпен, ноғай бөрік киген біреу. Бет-бедері де енді анық көзге шалынды. Атжақты, жарқабақ, қасқыр маңдайлы, селдірлеу сақал-мұрты бар орта жастағы адам тәрізді. Кішірек өткір көзінде от алауы ойнап, лапылдап тұр». [1.109] Тағы да көз сипаты алдымыздан шығады. Қалай болғанда да Құланның Құландығын танытатын негізгі белгі – оның көзі. Бет-жүз, тұлға-тұрпатының көзге шалынар бір белгісімен кейіпкерді даралау әдебиетте бұрыннан бар тәсіл. Зерттеу нысанасына айналып отырған роман Тоғжанның ақша жүзі, Есенейдің таяқтай-таяқтай саусақтары, Әбілқайырдың сұп-сұр бейнесі тәрізді қалыптасқан образдар галереясының қатарын толықтырған сәтті туынды десек қателеспеспіз.
Құлан тұлғасы – кесек тұлға. Мықты, күшті, толыққанды қалыптасқан. Жастығын ала жығылатын қайраты бар, ар-намысын өзгеге таптатпайтын кесек бейнесін, мығымдығын мына бір портреттік штрихтан көруге болады:
«Құлан шығыс беттен өрттей алаулап көтеріліп келе жатқан айға көзін қадап біраз үнсіз тұрды. Бетінің бір бұлшық еті дір еткен жоқ, тек тағының көзіндей кішірек көзінде қызылды-жасылды ұшқын ойнап, жалт-жұлт етеді. Қазірде тотыққан өңі қызыл мыстан құйған мүсін дерлік». [1.71] Құланды даралау үшін автордың түрлі салыстыруларға баратынын жоғарыда айтқанбыз. Негізінен, түз тағысы – салыстырудың басты нысаны. Символикалық сипатқа ие осы салыстырудың астарында тағыша тірлік еткен Құлан болмысы жатыр. Тағы еркіндікті сүйеді. Құлан да еркіндікті аңсайды. Қапаста ұстауға жаралмаған жан. Орнаған жаңа заман оны тығырыққа тіреп, жан-жақтан қаусырмалағанмен, заманның илеуіне көнгісі келмейді. Одан шығатын тура жолды және пайымдай алмайды. Қанша көңілденейін десе де бұлыңғыр өмірі туралы ойының шырмауынан шыға алмай, үнемі көңілсіз күйге түседі. Алаңдаушылық, мазасыздық, секемшілдік оның ең негізгі психологиялық қалпы ретінде алынып, көптеген эпизодтарда нақтылы мысалдар арқылы дәлелденеді. Жеті үйлі Текесінің ақсақал-қарасақалдарымен мәжілістес болғанда, сондай-ақ Ефим Кутскиймен, Шарбақбаймен, Майлықпен, Апанаспен, Рақымбаймен, Көктөбетпен, Барақпен кездескенде кейіпкердің ішкі әлемінде болып жатқан өзгерістер түрліше ашылады.
Сонымен, суреткер түрлі жолмен (авторлық баяндау, диолог) берілген портрет арқылы кейіпкерінің жан-дүниесін, психологиясын жайып салады. Сонымен қоса портрет дараушылық әрі жинақтаушылық қызмет атқарады. Қаламы қарымды жазушы ретінде Ақан Нұрманов «Құланның ажалы» романында кейіпкерінің характерлік сипатын психологиялық портрет арқылы жан-жақты ашып берген. Портрет-деталь (Құланның бірде сұстанып, бірде өткірленіп, бірде жылып, бірде от шаша қарайтын көзін) қайталана отырып, сол арқылы кейіпкер бейнесі әр қырынан танылады. Кейіпкердің рухани әлеміне үңілу, жан дүниесіндегі құбылыстарға психикалық талдау жасау – жазушы шеберлігінің айқын айғағы. Қаламгер кейіпкердің өткеніне үңілу арқылы дәуірдің сипатын танытып, қазақ әдебиетінің қанжығасына ұтымды образ үлгісін байлады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Нұрманов А. Құланның ажалы.
2.Керейқұлов Қ. Келісім кестесі. – Алматы: Жазушы, 1985. – 160 бет.
3.Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. – Алматы: Жазушы, 1987. – 232 б.
5.Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. – Астана: «Елорда», 2003. – 424 бет.
6.Әбдезұлы Қ. Әдебиет және өнер. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 300 бет
Бөлісу: