Баһманиар. Әйел және айна

Бөлісу:

10.11.2023 3034

Әңгіме

Айна өзінің әдеттегі орнында, үйдің нақышталып сыланған қабырғасының жанындағы шифоньердің қасында, күйеуі екеуінің төсегіне қарама-қарсы нық тұрды. Асуденің айнаға үңіліп қарағаны сондай, оның тек орнында тұрған, тұрмағанын білуді ғана қалағандай көрінді. Бір сәт терезеден сыртқа көз тастады. Аулада ешкім жоқ екенін байқаған соң айнаның жанына келді. Айнадағы өзінің бейнесіне сұқ саусағын шошайтып, әндетті: "Сабзине ханым, қандай аяр едің! Жадылап алдың, сені жылан ба дедім! Мекерліктен саған шайтан да жете алмас, Бидай ектім деп жерге арпа егіп жатырсың!".

Езуіне күлкі үйірілді. Ернінің бұрышынан бұрын болмаған әжім көрінді. Оның жанынан тағы бір әжім пайда болды. Үшінші әжім араның шағысы сынды дірілдеп, таңдандырып, қарауытып барып, беймезгіл келгенін түсініп, көзден таса болды. 

Асуденің езуіндегі күлкі жоғалды. Алайда екі әжім қалып қойды. Олар бұрын да болған. Күніне екі-үш реттен артық айнаға қарайтынымен, бұл көрмеген сияқты. Мұның себебі көп уақыттың өткенінде болғанымен, ол оны көп күлгеннің салдары санады. Өзін осылай жұбатқанымен, күн ұзаққа көңіл-күйі бұзылып, енді айнаға қарамады. Есіне айнаға қарау деген ойдың келмегеніне де таң қалды. Күйеуі айтқандай, анасының «айнаға табыну» салтына ерген әйел үшін бұл тосын оқиға еді.

Анасы айнаны су, от, ұн сияқты қасиеттіліктердің қатарында санады. Күн сайын таңертең ұйқыдан тұрғанда бәрінен бұрын айнаға қарап: «Жақсы қасиеті бар. Күн жақсы өтеді», – дейтін. Егер бір жерге бара қалса, қол айнасын алып жүретін: «Табыс әкеледі. Жол жақсы болады», – дейтін. Түнде ешқашан айнаға қарамайтын: «Пайдасы жоқ. Ырзық азаяды», – дейтін. Ол жаңа түскен келіндерге айнаға қарауға кеңес беріп: «Өмірлерің айнадай жарқын, жарық болады», – дейтін. Егер ауылда адам қайтыс болғанда — бөтен адам қаза болса жеті күн, жекжат-жұрағат болса жиырма күн, жақын-жуық болса қырық күн айнаға қарамай, қарағанды күнә санайтын. Ол оң жақтағы қыздарға түнде айнаға қарамауға кеңес беретін, әйтпегенде күйеуге шыққанда күндес пайда болады дейтін. Ұзын сөздің қысқасы, анасы айнаға ауылдағы кемпірлерден өзгеше қатынас ұстанды. Ол тіпті өлер алдында да табытына айна салуды сұрады. 

Анасының кішкентай барқыт қолдорбасы болатын. Оның күлгін түсті матасы алтын жіппен сүріліп, кестеленген еді. Ал ішінде әтірдің құтысы секілді неше түрлі зат жүретін. Қолдорбаны ұрлап, анасы айтпақшы, бір пұттық үлкен сырғаны құлаққа, ақық моншақты мойынға тағып, жасанды шашты қысқа кекілге жабыстырып, көзді сүрмелеп, соңсоң кішкентай қол айнаға қарау балалық шақтағы қызық ермек еді.

Бірте-бірте ол да анасы сияқты айнақұмарға айналды. Онысы әкесі қаладан жақтауы сары түсті үлкен айна сатып әкелгенде мәлім болды. Ол үйде жалғыз қалғанда күніне айнаға бес-алты рет құмары қанғанша қарайтын. Тіпті, бір жолы басқалардан, әсіресе анасынан тығылып, түнде айнаға қарады. Бәрі, әсіресе күнәһар анасының да оны бұл істен тыюы әуестігіне май құя түсті. Жүрегінің түбінде бірдеңе пайда болып, біртіндеп бой көтеріп, ерік-жігерін құрсаулап, сау ақылы қапылдыққа ұрынып, оны осы іске бағыттады.   

Қиялы шарықтағанда айнадан басқа адамды көріп тұрғандай болды. Таңданыстан көзі бақырайып, зәресі ұшып, бажайлап қарағанда өзін таныды. Ақырын күрсініп, жүрегіне кірбің ұялап, өкініп қалғанымен, сол бір сәтте айнадан өзінің, жоқ, бақталасының бейнесін көргеніне сенімді еді. Бірнеше күн өзі мен айнаға ренжіп жүрді. Кейін бір сәттік көріністі ұмытып кетті. Кенет басына өзі мен айна арасында жауластық бар деген ой келді. Бұдан былай айна ол үшін әйелдік әуестік немесе қажеттілік емес, оның күні бойғы тыныштығын бұзатын тірі мақұлыққа айналды. Жүрегінде айнаға деген өшпенділік пайда болды. Өшпенділіктің өткінші немесе шынайы екенін білмеді. Оның айнақұмарлығы екіжақты: сырттай бір басқа, іштей өзгеше еді. Әйтпегенде осынша күн мазасы кетпеуші еді. 

Дегенмен, өзі мен айна арасындағы дұшпандық екі күн бұрын пайда болды. Алдыңгүні Асуде айнаны қабырғадан алып, шаңын сүртті. Алтын түстес жақтауын шаңнан оңай тазалады. Айнаны сүрту үшін шүберек керек болғанымен, әйелдің көңіл-қошы болмады ма екен, аңдаусызда түкіріп, айнаның бетін түкірігімен сүртті. Сол сәтте, кенет, айна асаулық танытып, әйелдің бейнесі жоғалып кеткендей көрінді. Мұның бәрі көзді ашып-жұмғанша өтті. Сол себепті әйел оны көзіне қос көрінді санап, мән бермеді.

Бірақ бүгін сол түстер бір демде көз алдына қайта келе қалды. Енді олар елес немесе ойдан шығарылғандай сезілмеді. Тылсымға толы қорқынышты ақиқат көрінді. Асуденің көңілі алабұртты. Күні бойы байыз тауып отыра алмады. Түнде оған айнадан бір нәрсе немесе әлдебіреу өзіне қарап тұрғандай көрінді. Мұны ол бар болмысымен сезді. Ұйқыдағы күйеуіне жабыса түскенімен, алаңдаған сезімнен арыла алмады. Айнадағы әлдене немесе әлдекім мұның әрекетін келеке еткенін де ол бар болмысымен түйсінді.   

Бұрын да осыған ұқсас бір нәре басынан өткен. Айнаның жанында, сары түсті жақтауда қайынатасының түрлі-түсті суреті ілініп тұрған. Жаңадан келін болып түскен алғашқы түндері қайынатасы күйеуі екеуінің жақындасуына куә болып тұрғандай көрінетін. Бұл сезімнен әлгі суретті жасауына келген сандыққа тығып тастағанша арылмады. Күйеуі ештеңе байқамады. Әлде оның суретке көзі үйреніп кеткені соншалық, бос қабырғадан да әкесінің суретін көрген болар.   

Асуде келесі күні айнаны қайтадан байқап көргісі келді. Күйеуі таңғы асын ішіп, жұмысына кеткенде бұл тағы айнаның қасына келіп, өзіне қарады. Жүзін бұрынғыдан бетер балғын көрді. Тіпті кешегі әжімі жазылып кетіпті. Одан бар болғаны кішкентай із ғана қалыпты. Денесіне салқын самал жел ескендей болды. Қарап тұрмай, әдетінше әндетті: "Ей, тоғыз жүрек, он жүрек, барлық онын да аш. Өз болмысыңның жауһартанушысы бол, жақсы бол. Бір кеште сені қатты қысып, құшақтаймын. Егер көңіліңнен шықпасам, маған назалан".

Айнаның алдында тұрып ән салу да әдетіне айналған. Күйеуі бастапқыда әйелінің әндеткеніне мән бермегенімен, кейін ол айтып тұрған өлеңнің мағынасына ден қойғанда, ашуланды. Асуде үйде жалғыз қалғанда айнадағы өзінің түріне қарап, ән айтқанда, күйеуі айтпақшы, «мағыналы» өлеңді неге әндетіп жүретінін түсінбеді.   

Келесі күні Асуде айна туралы ойламады. Түнде ұйықтау керегін ойлады. Көңіліне қайтадан күдік-күмән ұялады. Күйеуінің көзін ала беріп, айнаның үстіне кішігірім орамалды жаба салды. Түн жарымында орамал әлдеқалай арпалысқа түсті. Беймәлім себептен басталған бұл жағдай қорқынышты еді. Орамалдың дыбысы бірде бәсеңдеп, бірде үдей түсті. Асуде айғайламауы үшін, күйеуі оянып кетпесін деп көрпенің бір бұрышын қатты тістеп жатты. Орамалдың төбелесі кенет басталғандай тосын аяқталды. Үнсіздік орнады. Әйел өзі мен күйеуінің тынысын анық естіді. Күйеуі ақырын, бірқалыпты, бұл қатты, терең тыныс алып жатты. Айнаның сиқырынан осынша тез әрі оңай құтылғанына сене алмады. Айнаға күдікпен қарады. Түнгі ай сәулесінің астында, орамалдың тасасындағы он төрт айна желектегі қалыңдықтай сумақай көзден жасырынып, құпия-сырға тұнып тұрғандай көрінді. Таңға жуық Асуденің көзі ілініп кетті. Сол сәтте үрейден оянды. Шынын айтқанда, қалғып-мүлгіп отырғанда біреу оны жеңінен тартып, оятқысы келгенін сезді. Асуде үйдің алакөлеңкесінде адам тектес нәрсені немесе әлдекімді ажырата алмады. Бірақ өзінің қасынан оның болмысын анық сезді. Мақұлықтың өте кішкентай және суық екенін байқады. Айнадан шыққан сыңайлы... Айнадай түскен секілді... Осы ой әйелді оятып, есін жинатты. Бірақ қорқыныш оны құрсаулап, тілін байлады. Асуде бар күшін жинап, ойын айна мен адам сықпытты мақұлықтан бұрып, оң қолына бағыттады. Алдымен саусақтарын, кейін қолын қозғалтып, икемге келтірді. Асуде күйеуін оятпақ болып, қолын созды. Адам тәрізді ергежейлінің де күткені осы әрекет болса керек. Бірден айна жаққа жүгіріп, қабырғадан құмырсқадай өрмелеп көтерілді. Әйел оны анық көрді. 

Мақұлық айнаға еніп, ғайып болмас бұрын, айнаның жоғары жағындағы орамалды алып, оны жерге лақтырды. Асуде шыңғырып жіберді. Күйеуі оянып: «Бұл не жағдай? Не болды?» – деп сұраған күйде шамды жақты. Әйелінің қуарған жүзін көріп: «Бастырылдың ба?» – деп сұрады. Әйел біресе күйеуіне, біресе айнаға қарады. Айнаның үстінде орамал жабылып тұрды. Асуде жағдайын сипаттап айта алмайтын күйде болғандықтан «иә» деп күйеуінің сөзін растады. Күйеуі дәліздегі шелектен пиаламен су әкеліп, оған ішкізді. Шамды сөндірмек болып еді, Асуде қарсылық танытты. Ол әйелінің сөзіне құлақ асты. 

Таңертең күйеуі әйелінің ыстығы көтеріліп жатқанын көріп, дәрігер шақырып келуге кетті. Асуде орнынан күшпен тұрып, айнаны қабырғадан алып жатқанда оған бір рет те қарамады. Көтеріп апарып, үйдің артындағы жарға лақтырды. Айна сықырлап, Асудеге оның шыңғырғаны, жардың тереңдігіне құлап, күл-талқаны шыққанда қанның саулап аққаны естілді. 

Тәжік тілінен аударған: Айнаш Қасым

«Баһманиар» деген атпен танымал тәжік әдебиетінің қазіргі заманғы қаламы қарымды жазушысы Наджмиддин Арабзода 1954 жылы 15 шілдеде Тәжікстанның Пенжикент қаласында дүниеге келіп, 2020 жылы 10 қарашада Душанбеде көз жұмды. 

Жазушы Тәжік мемлекеттік университетінің шығыс тілдері факультетін араб тілі мамандығы бойынша бітірген.

Баһманиар көптеген шығарманың, соның ішінде «Саятшының махаббаты», «Су аты», «Мұң түтіні», «Сармаддеһ» және «Шаһиншаһ» романдарының авторы. 

Жазушының әңгімелері әлемнің көптеген тіліне аударылып, әртүрлі елде жарияланды. «Сармаддеһ» кітабы 2015 жылы Лондонда парсы тілінде жарық көрді.

«Әйел және айна» – Баһманиардың тәжік тілінен қазақ тіліне аударылған ең алғашқы шығармасы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар