Мақсат Тәж-Мұрат. Интернат, үшкөл және бала бит басқа шыққан күн
Бөлісу:
(пионерия хикаяты)
Главное достоинство нашей книги – это
не её литературный стиль и даже не
изобилие содержащихсяв ней разного рода
полезных сведений, а её правдивость.
Страницы этой книги представляют
собой беспристрастный отчёт о
действительно происходивших событиях.
Работа автора свелась лишь к тому,
чтобы несколько оживить повествование,
но и за это он не требует себе
особого вознаграждения…
(Джером К. Джером, «Трое в одной лодке, не считая собак»/ Предисловие автора)
Қара күзде, Жайықты бойлап, саршұнақ інінің түндігіндей әр жер-әр жерде отырған көп ауылдың онбірінші нөмірлісінде қария тауарих үшін уақ-түйек, ал ауыл еңбеккерлері үшін кейін бұлтсыз күні найзағай ойнатқандай бір сторис жүріп өтті: осындағы он жылдық мектептің 6-класының старостылығына Қылышбай Құлжанов сайланды.
Қылышбай – өзі құралпы жасөспірімдердің жай алды, яки зейінді, есті балалардың бірі ғана емес, алдымен озат октябратшы, сосын алқызыл үшкіл галстугы желбіреген үздік пионер, қатарластарынан ерте туып көбеген бала-тын. Сондықтан да «Октябрьде құрыш қайрат, атқа мінді қылыш қайрап» дейтін өлеңді жадында жаттап өскен алтыншы класс Қылыштың сынып билігін өз қолына басы бүтін жиып алуына тіпті де қарсы болмады. Қарсы болмақ түгіл, – дүз... жоқ, екі дүз процент дауыс парқын берді.
Ол кездегі мектеп сыныбында старостадан бөлек бірнеше мәртебелі лауазым бар еді. Олар – старостаның үш (кейде төрт) орынбасары – звено жетекшілері, тазалықшы, қабырға газетінің редакторы және сүгіретшісі, отряд кернейшісі мен барабаншысы. Жаңадан сайланған естияр солардың әрқайсысымен екеуара әңгіме өткізіп болған соң кезек тазалықшыға келді. Әдеттегідей староста біраз қоқилана отырып өрбіткен осы әңгімелесу барысында жаңа басшы тазалық секторының назарын төмендегідей маңызды мәселелерге аударды.
Өзің білесің, «Аврора» үнімен асқақтай саңқ ете қалған революция дабылына биыл артық-кемі жоқ елу екі жыл толайын деп отыр (әңгіме қазан айының басында болған еді). Екі ұрпақтың жасына жетеғабыл мерзім. Совет өкіметі қазақ даласына автоләпке мен өкпе ауру ғана әкелді деу, албатта, қате пікір. Қате пікір емес-ау, бұл – шекараның аржағындағы идеологиялық дұшпандарымыздың өршіте таратып отырған шылғи өтірігі. Бірақ, сонымен бірге... – осы жерде староста мәнді бір кідіріс жасады. – Сонымен қатар, бұдан бес мың жыл бұрын ойлап табылған тіс пастасы ауылға енді ғана жетіп отырғаны яки елімізде шығарылғанына бақандай он сегіз жыл болған телевизордың әлі күнге ауылдарға қолжетімді болмауы, – осы жерде бала бастық «телебезір басқармада, парторгте, рабашком мен бас бухгалтерде ғана бар» дегісі келді де ... демеді, – іштегі бет-пердесі толық сыпырыла қоймаған «сарқыншақтардың» етектен тартып, аяқтан шалуы демеске әддің жоқ. Шет жақтарға электр тоғы да бармағанын, жұрт баяғысынша білтешаммен отырғанын, шымнан ойып тұрғызған жертөледе өмір кешіп жатуын басқа немен түсіндіресің!? Жиырмасыншы ғасыр өрмек жүзінен ауды, ал ауыл еңбеккерлерінің әліге дейін ауызды қара тұзбен шайып, тіпті тіске ем деп, төсекке қойдың тұздалған құйрық майын тістеп қисаятыны қай сабаға сыяды? Қысқасы, елдің тұрмыс-күйі аса ажарлы емес, алайда бұл жағдай тазалық сақтау мәселесіне жаман жағынан әсер ете алмауы тиіс, оның себебі, ата-бабамыз бұдан да қиын кезде тойға барған.. тойыс, бой-басын күтіп жүрген. Ал бүгінгі класс жағдайында, гигиена мәселесінде ойсыраған олқылықтар орын алып отыр. Бұл сөз, әсіресе, мектеп жанындағы интернатта жатып оқитын шопан балаларына тікелей қатысты деп сөзін сабақтады кластың жаңадан сайланған естияры.
Тазалықшы осы міндетті бірінші кластан бері абыроймен атқарып келе жатқан, осы Есбол ауылындағы Есімнің қызы Ұлмаш еді. Өзі үріп ауызға салғандай-ақ, одан бұрын Қылышқа саусақтары майысып қиялап жазатын жазуы ұнайтын (кластың қабырға газетіндегі мақалаларды осы қызға көшіртіп жаздыруды да көңіл түкпіріне түйіп отырған). Тек үш ұлдың ортасында бұлаңдап өскендіктен шығар, өзі шамалы еркіндеу. Міне, қазір де бәлекей қыз Сүндет ағайдың мына бақа болғыр баласы алты жылғы еңбегін бір-ақ сәтте тарих жүзінен сызып тастардай сыздана сөйлегеніне шамданып:
– Сонда сен... сіз... балалардың көйлектерінің жағасы кір болып, жең-ұштары қырқылғанын, тырнақтары өсіп, көбесі кірленіп жүретінін менен көріп тұрсың...тұрсыз ба?! – деп шырпыныңқырай сөйледі. – Одан да зоры бар... Бірақ... бірақ, соның өзі интернаттың балдарының кінәсінен емес!
Жаңа староста «Мынау не деп тұр өзі?!» деген кісіше, салбырыңқы қабағын қиғаштай керіп, көзәйнек астында ұлудың ақ қабашық қабығындай жылтыраған тынымсыз өжет жанарларынан өткір ұшқын тастады. Осы кезде бастығы көзбен қойған сұрақты қапысыз ұққан тазалықшы қыз жан-жағына қаранып алып, аз қымсынып, аузын құлағына тақап, бірдеңе деп сыбырлады. Сыбырлаған кезінде Қылыштың бетін ыстық демі шарпыңқырап өтті. Әйел пішініне қалыптасып үлгермеген шыбықтай майысқақ денесі денесіне жақын келді. Құлынның құйрығындай қып түйіп қойған бұрымының мойнына толқындана төгілген ұштары құлақ тұсын қытықтаған кезде, о тоба, құрыштан құйғандай шымыр естиярдың денесі дір етті, темір жүрегі шым етті. Жаңа басшы, жас басшы... денесі бір түрлі жанып-ысып, дегбірінен айырыла жаздап, айырыла жаздап барып, абырой болғанда бойын тез жиып алды – өзінің староста екені, осынау мәртебелі орынға енді ғана жайғасқаны қапелімде есіне түсе кеткені нендей абырой.
Орынан атып тұрды.
– Қой! – деді, дебдіреп. Сасқанынан Құлжан атасынша «Астағыпыралла!» деуге шақ қалды.
– Қайдан көрдің?! – деді сосын далбырақтап, қызды бүгін көріп тұрғандай таңырқанып. Бағыныштыға әмір етуге әлден үйреніп қалған дауыспен «не сандалып тұрсың?!» деп зекімекші еді, бірақ көзіне сүрме сүртіп, төрткөзденіп қалған тұштақай біздей тілін тағы сұғып алар деп тосылды.
– Ойбай, сұрамаңыз! Кекіл шаштарында ... өріп жүр. Секіріп түсіп жатыр... – деді тазалықшы шыныаяқтың кемеріндей еріндерін әрең жуыстырып.
Есі шыққан естияр енді белең алған аттай шындап шошынды.
Арада екі-үш мүйнет өтті. Үлкен қоңырауда дәліздің шаңын көсеп жүрген интернаттың балдары құрамына тазалықшы, қабырға газетінің редакторы және кернейші кірген арнаулы топтың қоршауында старостаның алдына келтірілді. Шанағы ашық, тілшелі жез қоңыраудың -до-диез бен -соль-диез аралығындағы сыңғырлы шыңғырын күтпей, тез келтірді. Дереу «шмон» басталды. Кешегі Сталиннің қырағылары тінтуді тұтқынның үстінен бастаған көрінеді ғой, ал бұлар болса сол сара жолды аттап өтіп, жоғары жақтан – бастың өзінен бастауға мәжбүр болды.
Құрметті бүгіннің оқырманы! Сіздерге түсінікті болу үшін, осы жерде совет оқушыларының мектеп киімі жайынан қысқаша мәлімет беріп өтейік.
Қылышбай оқыған класс
Бұрынырақта, оқушы қыздар мектепке алдына ақ матадан тігілген алжапқыш байлап, жең-ұш салған жағалы қоңыр белдемше-көкірекше, ал ұлдар солдат гимнастеркасы үлгісіндегі қаракөк шұға кәстөм-шалбар киіп келеді екен. Үшбу дресс-код кеңестік кезеңге дейінгі ескі гимназиядан қалған сарқыншақ болғандықтан соғыстан кейін Сталиннің бұйрығымен оның орнына қыздар сыртынан көгілжім белдемше салған ақ көйлек, ұлдар көк шалбар, ақ көйлек киетін болды. 1962 жылы бағзы тұншықтырғыш белдіктен, темір тоға мен айылбас, кокардадан біржола құтылғанның соңында бірыңғай оқушы формасы санқұбыла келіп, ақыры, біз сөз етіп отырған 1969 жылы ұлдар көк шалбар, ақ көйлекке, қыздар қоңыр көйлек, қара фартукке біржола табан тіреген. Мерекелі күндері ғана ақ фартук тағынып шығады, тек қалай болғанда да көйлек тізеліктен он сантиметр жоғары болмауы шарт. Қайсыбір мектеп директорлары жанына тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын алып, кіреберісте сызғышпен өлшеп жіберген жағдайлар болған. Бас киім ғана баланың еркінде – біреулерінде бөрешкі, енді бірінде кепкі және ұлдарға жоғары класқа жеткенше шашты ұстарамен тақырлап алдыртып, тоқырбас жүру («котовский» шаш үлгісі) немесе төбелігінен бастап маңдайға дейінгі аралықта кекіл қалдыру бұлжымас тәртіп етілген. Шашты алдымен мәшіңкемен алып тастайды, сосын ойбайлатып отырып ұстарамен тақырлайды, төбесінде, еңбектің үстінен кекіл (айдар) қалдырады.
Әлқисса, арнаулы кемесия жұмысты өздеріне ең керек тұстан – кекілден бастады. Үйдегі үлкендердің «Биті жұғады, қотыры жұғадысынан» тән алып қалған сүттенген собықтай тазалықшы қыз тиісті міндетін ада қылудан кенет бас тартып, үргелектеніп, сапта тұрғандарға қарай баспай қойғасын, күдікке ілінгендердің милықтата киген пролетар тігісті кепкілері кернейші Мараттың әлеуетті қолының пәтімен орындарынан ұшып-ұшып түсті.
Ап-май, ата-бабалары қалай дөп айтқан?! Бүркеген жерге бүрге өш болатыны рас екен!
Жылқының меңсіз қара төбеліндей ирокез кекілдің, тарақ тимей білте-білте боп обыраған шаштың ара-арасы тұтасқан ақ және қара түсті біттей паразиттер және олардың ақ жамбыдай жарқыраған титтей жұмыртқалары.
Бит! Гәмбіл бит, ермақамбет-ау! Қатесіз, бастың қара биті! Шешіндірсе, көптен сабын-су көрмеген денелерінен киімнің ақ биті де молынан табылып қалары сөзсіз!
Алты оқитын жылы Фурманов атындағы мектептің бұл класы он ұл, тоғыз қыз баладан тұратын. Жартысына жуығы – маңайда жалғыз үй болып отырған шопан қыстауларынан Жайықтың суы қабыршақтана пермі басына кеп, жатақта жатып оқитындар. Мұндағы ел қыстау-отгондарды қысқартып «қой ауыл» дейді. Міне, солар, қойшы ауылдардың балдары бүгін көздері шидің түбіндегі тышқанның көзіндей жылтырап, күлімсі исі бұрқырап, қаһары күшті кемесиенің алдында жапырақша қалтырап тұрды. Айтатындары: «Білмеймін.. Білмейміз». Тек қағылез келген жұқа сары ғана старостаға жапақтап қарап қойып батылсыздау етіп:
– Сен... сіз.. білмейсіз ғой, – деді. Біліп тұрған сабағына қол көтермейтін бала еді, осы жолы көзінен жас мөлдіреп қоя беретіндей дірдең қағып, – Білмейсіз ғой, түнде шаққанына шыдай алмай дөңбекшіп шығатынымызды... – «Бит» десе, тіпті «қансорғыш» десе, тап қазір пыртоколға түсіп қалатындай осынау кіді мәселе, құбыжық сөзді айналып өтіп тұр көбейгірдің баласы.
– Неге моншаға түспейсіңдер? – деді Қылышбай дал болып.
Қағылез сары Наурызбай Биғалидың баласы еді, көнтиген еріндерін жалап-жалап алып бірдеңе дегелі келе жатты да, аяқ асты қоя қойды. Сыз жерді баспай, тағы да орағытып тұр. Қылыш анадайда ит көрген ешкідей состиған тазалық секторына қарап еді, ол жақтан леп болмады. Сосын «Жас қалам» қабырға гезетінің редакторы Бауыржан оның орнына жауап берді:
– Білмейтін бе едің... едіңіз... Ауылдың моншасы бір жылдан бері бұзылып тұр ғой. Қазандыққа су айдайтын насос кеткен.
Әдетте тез-тез, дыбыр-дыбыр сөйлейтін староста мына сөзден кейін үндемей қалды. Бір ауық терезеден сыртқа көз тікті. Әлден быттиыңқырап қалған етжеңді бетіне әбден лайығы келетін бітіктеу көзі бұрынғыдан бетер жұмыла түсіп, әйнегінің сыртындағы жүміле дүниені томсырая шолды.
Класс түске дейін оқитын – күрең күздің бәсең күні қызылқұлақтанып, сәскелікке жақындап қалыпты. Ауылдың үсті аспанға созылып шұбалған түтін, ал одан әрі ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуен сықылды беті ауған жаққа жылжып-ұшып жөңкіле кетіп барады. Мектеп үйінің жанында, балалар доп қуалап шаңын шығарып тастаған айтақырда қара қаншық, оның жанында борсаңдап қара құлақ ақ күшігі жүр.
Қылышбай тырнағын шұғылдана тістелеп, биология кабинетінің төрт көз сатпақтау терезесінен тысқа қарап отырып, терең ойға шомды.
Неге екенін кім білсін, алдымен әлденеге көңіл түкпірінде бағанағы біртүрлі бір сезім қайтадан қымсына бас көтергені. Тұла бойын қуалап ғажайып жылы ағын жүгіріп өткенде, жүрегі тулап, буыны босап қоя бергені... Қылтиып қалған қыз балалар дала гүлдері секілді әрнеки ғой, солардың ішінде әнеу нәркес көз ішке шоқ түсіріп жандырған соң бір сәт кейістікті ұмытып кете жаздап барып... жаздап барып, өзін әрең игергені несі екен?! Қойшы, айтуға да ұялып тұрмын, тіпті. Өмірінің алғашқы бір, бастауыш кезеңінде ойының көбін өршіл талапты класс жұмысы, пионерия, одан әрі комсомол алып (осы жерде өзінің мектептің пионер дружинасының командирлігінен дәмесі барын да іштей ұрлана еске алып қойды) тұрған адамның от көрген көбелектей басын тау-тасқа ұруы бойына да, ойына да жарасар қылық па осы, неғылса да!? Октябраттық, пионерлік өтілі бес жылға еркін толып тұрған – бір үшітігі жоқ озат оқушы ретінде пионер қатарына 22-сәуірде, дәл Ильич дүние есігін ашқан күні қабылданған, қабылдана сала сынып отрядына әсем әннің қайырмасындай романтик ат тағындырған, толып жатқан іс-шараларда ортаға шашағын желбіретіп керней қойғызған, әңгіртаяғымен барабан дүңкілдеттіріп дап ұрғызған, кемшілігі барды талқыға салып, бетіне басып ұялтып, тезге қойып түзеген, «Жас қаламға» қосымша ретінде «Тікенек» қолжазба сатира журналын шығарған, кластан тыс жұмыстарды – қолөнерден бастап фото ісіне дейінгі алуан үйірмелер мен спортсекцияларды ұйымдастырған, соңғыларын бүгінгі «пионербол» реалити-шоуы сияқты етіп, сол кездің өзінде-ақ жеттіктіріп тастаған, балаларды жаппай кітапханаға жаздыртып, кітап оқытқан, клубқа апарып, «Орлята Чапая» фильмдерімен сусындатқан, отрядты тәрбиелеу төрт қабырғада қамалып қалмас үшін істі мектептен тысқа, кең жерге алып шыққан – темір сынықтарын жинаттырған, әскери-патриоттық «Жалт-жұлт» – «Зарница» ойындарын ойнатқан, қырағы көз, темір жүйке, құрыш білектердің бастау көзі ГТО-ны тапсыртқан, стадион жанында кәмір үйгізіп, жалындатып алау жақтырып, топ атып, керней қойып, алдымен «Взвейтесь кострами, / Синие ночи! / Мы пионеры, / Дети рабочих» деп әуелеттірген, іле-шала «Мылтығымыз оқтаулы, ел қорғауға, / Қайратымыз сақтаулы келген жауға. / Жігер білек, жас жүрек, қызыл қыран, / Үйрен, оқы, жас тілек, ойна, жайна. / Жайна, жайна!» деп шерулеткен, сонан соң әуенін Самат Мәдиев, сөзін Берқайыр Аманшинның өзі шығарған «Есбол жастарының маршын» әуелеттірген, осы Қылышбай емес пе еді?! Бәрін айт та, бірін айт, жетегіне еріп арманның, талай көкөрімнің көкірек көзін көзеп ашып, жігерін жанып, ұшқын беріп отөрім қып шығарған Сүндеттің Қылшаны емес пе еді?! Сол, соның өзі болатын! Карьералық баспалдақпен қарыштап көтерілудің басы еді бұл. Қысырақтың үйіріне ие боп арқыраудан да дәмесі бар-ды...
Енді, міне... бәрін күндей күркіреген мына сұқ хабар соқты да бұзды. Кімнің, ненің кесірінен десейші – әлдеқандай бір біттей биттер мен кіттәй сіркелердің кесірінен бір күнде заяға шықты.
– Ошшым, былай, балдар! – деді ауыр ойдан арылып, терезеден көзін алды да. Өте ұзақ ойлана алмайтын, жиырма секөндтай ғана ой ойлап, тез шешім қабылдайтын ғадетімен сабақтан соң кезектен тыс класс жиналысын отряд отырысына қоса өткеріп тастап, екі жиналыстың тиісті қаулысын «Бригантинаның» желкеніндей жалтылдатып Қылыш бала түс қайта алдымен завуштың, сосын тұп-тура деректірдің алдынан табылды. «Интернат үйінде ең болмаса оқушылар жылы суға шомылып алатын жағдай жасалсын» деген қарарды жазбаша мағлұм етті. Бастықтар бұларды сығандардың таяқпен басқа ұрып, биге үйреткен аюдың баласындай көріп, сабақ сұрағанды ғана білетін, яки бұларды сонау сапқоз орталығына дейін жаяу-жалпылай дедектетіп апарып, түрлі саяси-мәдени шараларға қатыстыру керек болған кезде ғана еске алатын қаспақ әдет советтік мектеп оқушысын саналы адам ретінде қорлау... мұны, енді, ауызша айтты. Тазалық, монша мәселесі өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудің партия нұсқап отырған комплексіне кіреді деп сөзін сабақтап тұрып, аздаған зіл қосып бітірді. Міне, солай.
Фурманов атындағы білім ұясы – сонау патша заманында, ел Сіберті болысы атанып тұрғанында екі тепкішекті орыс-қазақ мектебі ретінде ашылған ескілікті оқу ордасы еді. Және де Есбол ауылы бірер жыл Бақсай деген атпен ауданның орталығы болып гүрілдеп тұрғанда жеті жылдық мектеп ретінде оқу жалпыластырылып, Есбол кейін келе пермі орталығына айналған кезде де сапқоздың орталық усадбасындағы Қосарал орталау мектебімен бәсекелесе кейін онжылдыққа көшкен. Бұларды оқытып отырған мұғалімдер – Жабу Дөкесов, Сәуле Масаева, Насиха Ермұқанова, Бақтығали Әлдешев, Сембі Берғалиевтер қазір атын көп атай беруге болмайтын ескі мұғалімдерден оқыған, ал ол халық мұғалімдері өз кезегінде аттарын атауға болмайтын Досмағамбетов пе, Досмұханбетов пе, әйтеуір әйдік бір білгірдің еңбектерінен білім тиянақтаған. Сондай өнегелі мектептің қазіргі деректірі Жабу Дөкесов көп сөзге жоқ, байыпты, байсалды кісі-тын. Сүндеттің тағы мысықтай шақ-шақ еткен нәсіл-нәсібінің әділетсіздік атаулының дымын қалдырмаған жалынды спичін соңына дейін үндемей тыңдап алды да, жәймендеп отырып бір сөз айтты: «Жарайды, көрейік, тек бұл моншаға рабашкомның ұйғарымымен жауапты адам ретінде жұмысшы-механизатор Сүндет Құлжановтың бекітілгені есте жүрсін».
Қылыш баланың төбесінен біреу гүрзімен гүп еткізгендей болды.
* * *
Кешкісін, төсекте жатып, Қылшан тағы да қилы-қилы терең ойға шомды.
Бесіктен белі шықпай жұртшылық жұмысына жегілген қасқаң кітап- газет сөзіне өлгенше құмар еді. Адамиеттің ғасырлар бойы жиған асыл қазынасын кітапханада күнұзақ отырып, ұзақ аңдап, терең барлай оқып, құныға зерттеумен қатар әсіресе «Шытырман оқиғалар мен фантастика кітапханасының» түрлі-түсті томдары қойылған сөрелерді және үндіс каноэсі, ерлікке құштарлық, әділет үшін күрес хикаяланатын «Чингачкук Үлкен жыландарды» нағашысының төріндей жайлайтын. Әрі сол кітаптардан жинап алған білімін бір жерге – «Жер ортасы – коммунизм» ұранына әкеп сарқып жатушы еді. Титімдей кезінен жүрегіне әліп-бидей кіріп, жатталып қалған, қатталып қалған бүгіні келісті, болашағы ғажайып, ешек үстіне қарға жұмыртқалайтын коммунизм әлеміне жетелеп апаратын.
Бұл жолы да, үйдің төбесіне бағжия қарап жатқан «советтік жас қыранның» ой-қиялы шартарапқа алып ұшты. Ой-санасы әлденеге, алдымен Павлик Морозовтың жалаулы ерлігіне бет нұсқады. Иә, иә, Павлик Морозовтың дәл өзіне, Пионер 001-ге барып тірелді.
И-и, несін айтасың, ол кезде бала атаулы енесінен пионер болып туатын. Кейбіреулері тіпті Павлик Морозов болып дүниеге келеді. Кейін ғой, совет өкіметі өкіре құлағанның соңында шындықтың беті ептеп ашылып, Павканың өтірікке мөр басып, әкесін «тап жауы» ретінде көрсетіп жіберуінің түп себебі шешесін шиттей баламен тастап кетіп, деревнядағы жәлепі бір қатынның қолына кіріп алғанына ызаланғаннан туған үй-ішілік қыжыл екені белгілі болғаны, ал біз сөз етіп отырған уақиға орын алатын жылдары досты жаудан нағыз пионерше айыра білу, жаныңдағы жолдасыңның теріс қылығы жайында дер кезінде хабарлау (өзің жөнінде де хабарлауды ұмытпау), тіпті Павка Морозовтан ғибратланып, әке-шешеңнің де лайықсыз іс-мінездерін уақтылы құлақтандыру, ондайларға бірінші болып өзің қарсы тұрып, тойтарыс беру – пионерияға тән қос сапалық қасиеттің: байқампаздық пен қырағылықтың да, сын мен өзара сынның да қалыбына кіретін.
Павканың құрметіне қасиетті, киелі ант беріледі, оның атындағы жүлдені алу үшін қым-қиғаш спорттық ойындар ұйымдастырылады, барабан дүңкілінің қошеметімен ерлік сабақтары өтеді, ал мейірімсіз тап жаулары батыр пионерді орман ішінде айуандықпен азаптап, өлтіріп кеткен 3 қыркүйек күні арнайы түрде пионерлік алау тұтатылады.
Павлик аты орталықта ғана емес, ұлт республикаларында да қатты кәделенеді – 1952 жылы Алматының хайуанат бағында Павлик Морозов атында «Кіші Түркістан темір жолының» іске қосылуының өзі неге тұрады!
Оны айтасыз, Қылыш алғаш мойнына жұқа салқын жібек, шымқай алқызыл галстукты шарт байлап, «лениншіл ұрпақтың» сапына саусылдап тұрған отрядтың да атауы Павлик Морозов еді (дәлірек айтқанда, «Морозов гвардиясы») және бұлар құлаштай созатын отряд әніне «Павлик Морозовқа теңел!» дейтін мелотармақ міндетті түрде қатысатын. Бұған қоса Павканың мәшһүр ерлігін қайталаған «советтік жас пионер» Болатбек Омаров туралы «Батыр бала Болатбек» әні бөлек шырқалады. Бұл екеуі һәм татарстандық Оля Балыкина, Проня Колыбин сияқтылар орталықта шығатын «Пионерская правда» газетінде, «Пионер», «Вожатый» журналдарында, Алматыда жарық көретін «Қазақстан пионері», «Дружные ребята» газеттері, «Пионер» журналында жиі жазылып тұрады және алды 16 миллион, соңы 400 мың тиражбен тарайтын бұл басылымдардың тасқа басылған сөзі семсерден кем емес. Бүкілодақтық пионер ұйымы мен оның республикалық жауынгер бөлімшесі жылма-жыл өткізетін Қырағы пионерлер слеті және бар. «Юные дозорники» кітапшасында «бала тілшілердің» саяси жауынгерлік қабілетін көтерудің, көрген-білгеніңді еш ойланбастан, еш толқымастан тиісті жерге жеткізудің шарттары баяндалып, қажетті нұсқаулар беріліп отырады. Театр барсаң, «Павлик Морозов» операсы, ондағы көпдауысты колхозшылар хоры: «Что за Пашенька! Честный, смелый он! Врагов не испугался, с отцом не посчитался! Скромен да умён…». Осы әнді айтып болған соң қыз балалар Павканы айнала үйіріліп билеп келіп, Батыр баланы төсегіне жатқызады да, бесік жырымен әлдилеп ұйықтатады. Неткен ғажап қалар көрініс! Басқаны қайдам, бала Қылыш қойылымның дәл осы жеріне келгенде кенет қатты толқып кетіп, бүгінгі күннің тап жауларын аямауға, аяспауға бейіл бір сөзді ішіне серт етіп түйеді. Сол серттен ғой класс тізгінін қолына ала сала «Зоркий дозор» үлгісімен «Тікенекті» дүниеге келтіргені, онда қырағы пионерлер пост жазып тұратын арнаулы бұрыш аштырғаны. Сынып естиярының көре сап құстай ұшып жеткізетін осынау «жеңіл кавалериялық» әдісі дружина басшылығына қатты ұнап, «Павлик Морозов атындағы отряд өз атын күрес үстінде жеңіп алды» деген бағаға лайықты еткен.
Қылышбай оқыған класс
Өй, алдай, қызық заман екен-ау!
«Аврора» үнімен асқақтай саңқ ете қалған революция дауылы жаңа ұрпақ туғызып, ол буын жан-жағынан анталаған тап жауларының қоршауында күнбе-күн күреспен өсіп жетіліпті. Солай болғандықтан да оларға балабақшаға барғаннан троцкийшілдерді, кулактар мен шпиондарды дер кезінде әшкерелеу міндет еді. Қылыш өзін сол жаңа ұрпақтың тұяғындай, жалғасындай сезінетін. Яғни, ол да солар сияқты Жаңа адам – балаларды, айналасын іш пыстырарлық қысқы ұйқыдан оятатын, сергектікке, қырағылыққа баулитын үр жаңа, соны сипаттың адамы. Бірақ, бүгінгі уақыт... ие, ие, заман, дәл Павканың дәуіріндей емес, біраз басқашалау. Тәрізі, Павликтей жүрек жұтқандардың уақыты өтіңкіреп кеткендей ме, қалай?! Оның үстіне бұ күнде Қылшан – көп оқитын, оқығанын тоқитын және одан қажетті қорытындылар шығаратын Қылыш «морозовтар» тарихының тасадағы кейбір кілтипанынан да хабардар боп қалған: қайтсе де ол кезде солшыл қылышты қылилар мен оңшыл мәнжубас келісімпаздардың екі арасында көзге онша шалынбай қалған, бірақ топан судай қайратты бір күш – көптің мінезі тұрған екен. Сол көп – халық, Павликтен кейін елді теміреткідей жайлап кеткен бала «тоқылдақтардан» запы болып, әлгілердің қолтығына су бүркіп отырған өкіметтен білдіртпей кек те алыпты. Оның жарқын мысалы – Батыр бала Болатбектің өлімі.
Өлім! Осы жерге келгенде Қылыш өзіне де өлім қатері төніп тұрған адамша жатқан жерінде түршігіп, түшіркеніп кетті. Дәл Ұлмаштың ақтұлымы жанасқандағыдай, денесі қазоттанды. Және де тарихтан оқығаны еске түсті: туған балаларын жеп қоятын Сатурн құдай, өз кіндігінен жаралған Исаакты құрбандыққа шалмақ боп пышағын жалаңдатқан Аврам, Баһадүр Рүстемдей әкесін қапия өлтіріп алған Зораб, Ұлықбек сынды әкесін қазалаған Абдулатиф, сатқындығы үшін баласын атып тастаған Тарас Бульба, тұла бойы тұңғышы Жошыны қаза етуден шімірікпеген Шыңғысхан, ұрқын жалғар ұлдарын буындырып, кескілеп өлтіруге жүз жанбаған таққұмар, қанқұйлы Иван, Бірінші Петр патшалар... Көз алдына әдетте жонынан таспа тілетін белдігінің орнына шоландағы қара пышақты ұстап тұрған әкесі елестеді... Екі оттың ортасында қалғандай бір күй кешті: шеккінің бір басына қара белдік, қара пышақпен қапталдаса перзенттік сезім кеп тұра қалса, таразының екінші басын пионерлік борыш сезімі тайғанатты.
Өзара қайшы алысқан арпалысқан сол сезімдердің тепкінімен бір сәт қырмызы бояуы төгіліп қалған қиял дүниесін тастап шығып, күнделікті тірліктің көріністеріне ауысты...
Өзі алғаш пионер қатарына қабылданып, бірінші пионерлік жиылыста Павлик Морозовтың жалаулы ерлігінен хабардар болған күні кешкісін естігенін әке-шешесіне жүрегі өрекпи отырып айтып бергені бар – ол сондай шыншыл, нағыз пионер ғой.
Бірақ, ата-ана осынау жүрекжарды хикаяны әлденеге сұлқай, салқындау тыңдады. Әсіресе, әкесі... Ұлына бір сәт барлай қарап, қулана сұрақ қойды:
– Ал сен… әкеңнің үстінен көрсетіп жіберер ме едің, ана Павлигің сияқты?
– Сөйтер едім, бірақ сіз кулак емессіз ғой, – деді баласы жұлып алғандай.
Сүндет не дерін білмеді. Мына шортудың түрі жаман ғой! Содан кейін ұлын әлгіндей адами-адамгершілікті дилеммамен тергеуге алуды қойды. Себепсіз шөлмек сынған ба, оның да өзіндік себебі мен сойылдай гәбі бар екен ғой, оны кейін білді емес пе.
Сүкең, зады, шаруасына мығым, шаруашылығына тұтқыр адам еді. Бай емес, байлығы жоқ, бірақ күн көргіш. Алайда, жүйрік ақсап, өтірік өрге шығып, жапалақ жарқашақ даусымен «сайрамақ» замандардың қай-қайсысында да жаңғыз адал еңбекпен «таба нанға» пұл табу оңай болған ба, – ол кезде советтік ауылдарды, соның ішінде ондағы жылжымалы автодүкен, автошеберхана, автоклуб, автомонша секілді ымы-жымын білдірмей жылжып жүрер майлы құралдардың құлағын ұстағандарды жайпағынан орап алып, орнығып қалған түсінік осындай-тын. Жер барып хабар бермесін, қырдағы малшы қыстақтарына жыл он екі ай қамдаған малазықты «Газ-52» мәшінімен жеткізіп беретін механизатор-жүргізуші Сүндет Құлжанов та күйкі өмірдің керегіне бой алдырып, далада саулық отар, тұсақ отар баққан екі қос отгонға (әдетте ағайынды жігіттер отырады) мәшінімен жеткізілер комбикормнан үлес ап қалушы еді. Перміден бүтін шығады-ау, бірақ барған жерінде түсірген кезде астаудың түбінде бірнеше қанар құрамажем «ұмыт» қап кетеді. Шопан көрсе де көрмегенсиді – «шүкір дең». Әлгі үлес түнде Сүкеңдердің пермідегі үйіне жетіп, қамбасынан орын табады. Екі жігіт өз қорасына өзі түсетін баяғының жәман ұрыларындай бұқпантайлап, ырсылдап жүріп кіргізіп береді шоланға.
Осының бәрін көріп-біліп жүрген Қылыш бала ішінен «Бәсе, білдік саған ақшаның қайдан келетінін!?» деді.
Бір күні түк сездірмей жымпиып жүретіндерге айтып салды сол ойын. Коммуниске әсте жараспайтын ұрлықты, теріс қылық екенін.
– Айтатындарың өтірік, істейтіндерің подлог, сөйтіп отырып… – деді отты көзі онан сайын жайнай түсіп, демігіп. «Бетін бүркеп жүрген тап жауларысыңдар» деуге шақ қалды. Дәл осылай дегісі келген. Туған әкеге.
Сүкең үндемеді. Көзімен бір атты да, өрістен қайтқан малды қоралауға жүре берді. «Бұғанаң сенің қатқан жоқ, балаққа жүнің жеткен жоқ – саған үлкендермен алысуға әлі ерте» дегенді қас-қабағымен ұқтыра кетті.
Ие, Қылышбай баяғыдан бергі ата ғұрпымен қарағанда, әке тұрмақ ағайынды, тіпті ауылдасты сынау, бетіне басып айту сөкет іс екенін түйсігімен сезеді-ақ. Әкесін солай ету – елдің көзіне тіптен шеннен шығу. Бірақ әділшіл, турашыл совет өкіметі, партия, пионерия не деп отыр? Соның біреуіне де қарама, қызыл тілің тіл емес – темір сүңгі, сияқаламың қалам емес – қандауыр, ендеше қарсы келгеннің біреуіне де бой берме, ала жіпті аттағанды, алып жүрген жұмысына жүрдім-бардым қарағанды сын жалақы садағымен түйре дейді. Жан-жағыңды аңда, ұзақ қара, терең барла деп үйретеді. Масылдық белең алып тұр, жас тілші, мұны бір сәт есіңнен шығарма деп, таптап тұрып түсіндіреді. Еңбек етудің, ой ойлаудың масылдығы. Жұмыстан үйге қоғам меншігін, социалистік меншікті тышқанша таситын масылдық. Қазірде жымқыру делініп жүрген мемлекет мүлкін талан-таражға салу. Жең ұшынан жалғасып, халықтың қаржысын ұрлау, пара алу. Әлбетте, қазіргілер сияқты кеңірдектеп жемейді, өңештеріне өгіз құлап жатқан жойдасыз жемқорлық емес – ашық асамай, айламен бүркеңкіреп жейтін жеменқорлық, шикідей шайнамай-толғамай қылғытса, шамадан асса төгілетінін біледі. Өкіметтің өзінің емеуріні солай: қазына сыбағасынан бір сыдырғы жіп алдың ба, білдірмей ал, білдірттің бе, аяушылық күтпе – торкөзді терезенің аржағынан бір-ақ шығасың. Кеңестік жүйенің өзара шалыс кеп қалатын, бірақ терең түбінде әмісе кісінің жанынан ескі мұржаның көлеңкесіндей ербиіп қалмайтын пәндәуи осалдықтарын жіті ескеруден туған қағидаттарының бірі. Бұл пенде оңай жатқан олжаға суық қолын бәрібір созбай тұра алмайды, десе де өкіметтің соны тежеп, шектеп отырар пәті керек.
Жайықтың жағасын жастанып жатқан көп сапқоздың әкімқараларының арасында да жоғарыдағы көмескі қағидатты көрінеуде қапысыз ұғып, шаруашылықтардың қоң ет, майлы сүбесіне тұмсықтарын қадап, білдіртпей теспей сорып жатқан сүліктер жоқ емес-ті. Жекеменшікшіл баяғының сарқыншақтары мұнда да өткел бере қоймаған. Анау Проня Колыбинді айтсайшы, осындайларға қарсы аяусыз күрес ашқан – үй-ішін, соның ішінде өзін тамақтандырмақ боп, жиын-терін кезінде алқаптың аңызынан жиналмай қалған масақты теріп әкеп, шиеттей бала-шағасына талғажу еткен туған анасын әшкерелеп жіберген ғой! Социалистік меншіктің жауы сүйтіп түрмеге тұтылды, ал оның батыр ұланы Қырымға, Артек пионер лагеріне жолдама алды. Бұл тауарихты пионер-әктибис Қылышбай Бүкілодақтық пионер ұйымының тарих кабинетіне қоймастан хат жазып жүріп біліп алған.
Осының бәрін ой елегінен өткізген Қылыш – Ильичтің бала кезіндегі сүгіреті бар октәбрәт үшкілін Күнкөсемнің «Ұлыорыстық шовинизмге өлім қатерін тіге соғыс жариялаймын!» деген сөзін еске алып тұрып қадаған, яки жас жүрегі «Павка – біздің мәңгілікке кетер құрдасымыз!» деп соққан Қылышбай, міне, бүгін Шолпан жұлдыз үзіле өзі үшін тарихи, ал ауыл-аймақ, аудан үшін соңыра дүрбелең әкелер бір шешімді қабылдап кеп жіберді. «Көппен күресетін заман келді. Шылық жеңе ме, біз жеңеміз бе?!» деп күбірледі ол жертамның терезесінен себезгілей түсе бастаған оймақ сәулелерге қарап жатып, шешімтал үнмен. Әгәрәки, әкесі зиянкес боп шықса, онда ол бұған әке емес, зиянкес адам ғана, тіпті жау (астағифиралла!), демек, ендігі жерде оған аяушылық білдіруге де себеп жоқ. Қаны бір туыс кісі рух жағынан келгенде дұшпан боп шығуы әбден кәдік – партия бізді солай деп үйретеді. Ендеше... ендеше, бұл – ойға алған ісі әсте де әкенің үстінен жай көрсетіп жіберу, сілтеу беру де емес, пионерлік қасиетті міндет болып шығады.
Әлгі мезетте Қылыш пионер дәл осындай ой ойлады ма, жоқ па, ол жағын біз білмейміз, бұл жөнінде қария тарих ләм-мим. Сөйтсе-дағы, со бір маңызды шешім қабылданар мезетте оның кіршіксіз пәк бала жүрегінде моншаны дер кезінде жөндеуге мұрындық болмаған, тіпті сол аралықта кірдің ауылын көшірер су-сабын жағын да қамдамаған әкесіне деген белгілі бір іреніштің орын алуы объективті тұрғыдан бек мүмкін еді (жарайды, интернат баласының қарны ашпай тұрмайды, ал Ай мен Күннің аманында биттетіп жіберу, құрттатып жіберу, бұл енді сұмдық қой!). Ең бастысы, қашанда ашығына, әділіне жүретін мінезді, жауапкершілікті – Зор жауапкершілікті сезіне білуін айтсайшы! Алтыншы кластың оқушысы, ғажап емес пе?! Жілік майы жасына жетпей жетілген мұндай бала бар ма өзі мынау сұм жалғанда!?
* * *
Сол сәт ... со бір сәтте, алакөбеңде, күркедей бұлт көлегейлеп тұрған Күннің көзі ашылып, көкжиек алтынның буындай ақ себезгі сәулеге малынып, айнала төңірек көгілдір белдеуге бөлініп жүре бергендей көрінді. Арты жер иіскемейтін құланаяқ бала таң алдында бойын езген тәтті ұйқыны еңсеріп, таңертеңгі шайын апыл-ғұпыл ішті де, перміден жеті шақырым сапқоз орталығы тұрған Онүшінші ауылға жаяу жөнеп берді. Ойы – сондағы кітапханада жанға азық, ойға қуат кітап ақтарып, күмәнді нәрсесін адалдайтын «риуайт» қарастыру.
Бірден ат басын медициналық әдебиет бөліміндегі сөрелерге тіреп, бағасы алтын-күміспен боталдап әшекейленген байырғы томдардан әсте кем түспейтін ен байлыққа күрп ете қалды. Сіресіп тұрған қалыңды-жұқалы кітаптарды қопарыстыра жүріп, ұлықсан қағаздардың біреуінен бит-бүргеге қатысты байтақ мәлімет кезіктірді. Педикулез дейтін құбылыстың тұңғиығына батты. Бит өре алмай, тайғанап құлай беретін жаңғыз үлде – жібек матадан тігілген киім деген жеріне келгенде 7246 кітаптың салмағымен құлауға қолы тимей тұрған саман кітапхана үйі тығыншықтай жүгірмектің күлкісінен теңселіңкіреп, жер шамалы қимырлағандай әсер бергені. Бестің шәйін ішіп отырған кітапханашы әйелдер – өмірінше бөзден ғана көйлек киіп келе жатқан ауылдың қатындары құла суға шашалды. «Ермақамбет-ау, біздің ауылда жібек киім неңді алған?!.»
Үйге іңір әлетінде жетті. Ақшам жамырай шабыттың шырағы жағылды. Қолға қалам алынды. 1930-жылдарғы «тоқылдақтардың» сырттай көрсетіп жіберуі емес, газетке жолданар хат. Нақты-затты мақала. Ашық, ымырасыз айыптау. Етпеттеп жатып алып, қаламға бағындырған, қағазға табындырған, өзін кешелі бері – бәлкім, тіпті пионер атанған саналы ғұмырында – ұдайы толғантып келген, келе жатқан ой ағыны. Қысылшаңда тез жазып тастайтын журналистік машық Қылшанға көп кейін, қара тәжірибемен келді ғой, ал тап сол күні тырнақалдысын жазу оған оңайға түспеді. Темір сап ұшы көстеңдеген он үшінші нөмірлі ағаш қаламсабын қара сиясауытқа қайта-қайта матырып алып, жазғанын дүркін-дүркін жыртып, не түртсең де көтере беретін бейшара қағазды біраз шығындап, түнімен қалам тебірентті. Осы жерде оған ғайыптан бір күш көмекке келіп (мұның өзі сол 30-жылдары балаға шекті қолжетімді болған газеттік жанр – доностың тарихи дүмпуі екенін ол кез білген жоқ), кенет кестесін келістіріп, яки «эзоп тілімен» тәсілшеңдеместен, ширатқан қылшылбырдай шиыршық атып, ашуға булыға сойдақтатты.
Түсі суық. Оқта-текте қарсы алдына әшки астындағы бітіктеу ойлы көзімен қадала қарап алады да, шапшаң жаза жөнеледі. Ақ қағаздың бетінде жорғақтаған қаламсаптың сықыры ақпа жорғаның қара жерді дүрсілдете тайпалып бара жатқанындай естіледі. Бір мезгілде қаламсабының ұшын ақырғы жазған сөзінің соңына қаттырақ тық еткізді де, көрпеден бауырын көтере тұрып, демін бір-ақ алды. Құлашын жая керіліп, кімге айтқаны белгісіз, «Ай да Пушкин! Ай да сукин сын!» деп орысшалап жіберді. Жаңағы бір кездегі суық түсті Қылшан бала қазір мүлде жайраң. Бірақ, мұның аты творчестволық қуаныш екенін өзі сезген де жоқ.
Интернат үйі
Содан соң ондық шамның білтесін көтеріңкіреп қойып, жазғанын саудыратып бір оқып шықты. Шалғы басы сияқтанған үтірлерді, жаңа туған Ай сынды қияқтанған сұрақ, шоқпарбас леп белгілерін орын-орындарына қойып шықты. Есіл сауат-ай, өмірден ойып алынған фактілер қазаққа дес бермеген қара тілмен қаз-қатар өріліп түскен екен. Жазып отырғанында кейбір жеріне қолы сүйсініп еді, енді көзі сүйсінді. Күллісі – кереге көз дәптердің үш беті, жанрлық жынысы... енді фельетон деуге де, памфлет деуге де болатын уытты әшкерелеу шығарма, улы мысқыл. Авторын жазуға келгенде ғана сәл бөгелді. «Жұлдыз» журналынан көрген «Тураби Туғансызовты» пайдаланып жібермек боп бір отырды да, плагиат мәселесі есіне түсіп тартынды. Өзінің атынан шығарып, «Қиғыр қылыш» ұғымын беретін Хисамеддиннің ізімен Қиса демекші де болды, бірақ аудан орталығында осындай есім иеленген белгілі әнші-жыршы тұратындықтан, бұл райынан да қайтты. Қисакең өлеңді де, әңгімені де бірде көлбеу әуелетіп, бірде тік шаншылтып айтатын қисықтау кісі деп еститін. Өстіп отырғанда миын «Осы менікі не қорқу!» деген бір сөз қоңыраулата шаншып өткені. Шынында да неғып өз аты-жөнімді қоймасқа? Тасадан тас атып, бұғып қалатын адамың – пионер емес, демек мен емес. Пионер қорқатындай ештеңе жоқ бұ қоғамда. Себебі, егізекі – партия мен үкімет қашанда батырлан пионердің жағынан табылады. Партия қашанда қырағы пионерлерге қол ұшын созады, ал қырағы пионерлер социалистік Отанға қол ұшын созады. Болды, бітті – шешілді. Мақала соңына «Есбол ауылы, Фурманов орта мектебінің 6-класс старостасы, пионер активисі Қылышбай (Сүндетұлы дегенді де қосып қойды) Құлжанов» деген тіркесті жазып, шиыра қол қойды.
Ендігі масһала – қайда, қай газетке жіберем? Әттең, бұл шақта баяғы 30-жылдардың алмастай өткір «Юношеская правдасы» болсашы!? Бүгінгінің орталық һәм республикалық балалар газеттері пионер ұйымының өмірі болмаса, мұндай әлеуметтік жүгі салмақты өткір сынды баса бермейді. Оның үстіне, монша мәселесі әрбердесін жергілікті жердің шаруасы. Ендеше ең қолайлысы – аудандық газет.
Ертесіне, жазармандар арасында сиясы кеппеген делінетін үржаңа материал – ауылдағы жас тілшінің отының алды, суының тұнығы шет-шеті қызыл және көк түсті жолақтармен көмкерілген қарлығаш қанат, әдемі конвертке салынып, пермінің поштабайы Шайырманға тапсырылды. Қылыш «Юные дозорники» кітапшасында жазылған нұсқаулама бойынша өз қолымен апарып берді. Махамбеттегі редакцияның адресі көрсетіліп, оған қоса «редактор Теңдік Жауыровқа» деп жазылған – ие, ие, дәл осылай, тұп-тура редактордың өзіне! – депешаны алған поштабай көз ұшында бұлдырап көрінбей кеткенше жас автор көзінің алмасын суарып соңынан қарап тұрды. Ия, сәт! Павлик Морозов пұтиенің рухы, желеп-жебей гөр! Осы сәт Махамбетке шығарар жотаға асылған қасқа жол көзіне арманға бастайтын даңғыл жолдай болып көрінді. Қосаметкей әлденеге жүрегі құрғыр түйткілденді. Келер күн келер екен не дайындап ?!
***
Поштабай – ауылдағы ең қадірлі мамандықтың бірі. Ол қарулы болуы керек, жолда қарақшы-марақшы, ұры-қары кезіге қалса, бой бермес үшін. Ол әділ, таза, саяси ұлтаны қалың, моральдық жағынан тұрлаулы кісі болуы тиіс, себебі, ол хат-хабар ғана емес, ауыл еңбеккерлеріне жалақы таситын инкассатор да ғой.
Поштабай Шайырманның үйі, кейде хат-хабар осы үйге әкелінетін
Шайырман сапқоз мүшесі деп танылмағанымен, азын-аулақ жалақыны әрең алып, премияның мөрін көрмегенімен, жоғарыдағы талаптарға әбден жауап беретін бірсөзді, біртоға азамат-тұғын – апта аралатып, екі доңғалақты арбаға жеккен көкшолақ атын борбайлатып ... жо-жоқ, көк «Урал» матасекілімен тепеңдеп, одан әрі хат тасушы Ағиба жас тілші Қылышбай Құлжановтың «Ауылда монша жоқ» деген айқай тақырыпты сын мақаласы жарияланған «Малды өңірдің» кезекті санын жеткізді сүрліге. Редакцияның шап бермесі қандай – екінші бетінде Арқаның даласындай далиып сұлап жатыр әшейін.
Хат тасушы Ағиба апай
Газетті алдымен қолға алған, әлбетте, жас автордың өзі және оның әшкере ашық сөйлесіп, сырын айтар жаншығар досы Ғалымжан Нұрышев. Автор жүрегі атқақтай соғып, мақаланың соңында тұрған аты-жөнін қайта-қайта оқып жатқанда, бүгінде марқұм ақеден досы жазбаның өзіне үңілумен болды. Екеуі әгі көшкен қарақожалақ пештің жанында жатып, жақтарын қолмен тіреп алып, түннің бірталайына дейін қайта-қайта оқыды. Шам жағылған мезгілде бастаған, түнде жарық қылатын жалпылдақ білте шамның сығырайған сәулесі әріптердің бетін ашық көрсетпей, жоспарлап танып отыруға шыдастық бермеген соң Ғалымжан үйіне барып, қолдың басындай қара лупасын алып келді. Кешкілік Сүкең жұмыстан оралып, мал суғарылып, қораланғасын мақала үй-ішінің жиылысында тағы (бұл жолы дауыстап) оқылды. Енді ше, тауарихқа өзінің ғана емес, отағасының да, атасының да аты ілігіп тұр ғой. Тасқа басылған сөздің құдіреті-ай, Құлжан тұқымынан жазушы шыққанына және әшейін бір нама жазу емес, балапандай қабыршағын жарып шыға сала мынадай әйдік сын мақала бергеніне үй-іші, ағайын-тума түгел қуанысып, шүкірлік айтысты. Тіпті шыдамсыздау Оңайша ағасы қара тоқтының біреуін жайратып тастамақ болып қораға ұмтылып еді, оны Сүкең тоқтатып тастады.
Білгендей-ақ тоқтатқан екен.
***
Ол кезде ауылдарда газет-журнал атаулы пұшпағына дейін оқылады. Ақша шығарып жаздырып алатын газетті оқымау ерсі дегендіктен емес. Қырға барсаң – қой семіз, ойға барсаң – ой семіз, қойшының қонышында қос бүктелген «Жұлдыз» бен «Жалын» журналы жүретін алабөтен заман еді ғой ол. Зәуімде оқи алмай қалса, оқығаны оқымағанына ұзын сүрелеп айтып береді. Бұл жолы да солай, біреу әдеттегідей бірден бірге жайылып, бүкіл ауыл қабарланып қана қоймай, сұқ хабарша түрленіп, сан құбылып жетіп, екінтіге дейін жұрт түгел құлақтанды да қайран қалды. Әшейінде өзеннің бойында бұйығып жатар ауыл тұрғындары бірінен бірі алып оқып, бірінен бірі тыңдап, жампаңдасып, құштарлана әңгімелейді. Әсіресе, от ала келген, сабынның бұлқыншағын сұрай келген немесе дәйек тұтып отыра алмай, соларды сылтауратып жүгіре басып жеткен қатындарға керім бір тақырып табылды: «Ибәйі, көтек, жазғанының ішінде әкесі де жүрген көрінеді ғой, біздің үйдегі солай деп отыр», «Өш, нағылдит?! Ойбуй, сорлы шұнақ баланың ісін-ай!», «Өз әкесін өзі қарақтағаны несі, бесіктен белі шықпай жатып?!»
«Алатаудай атаға ұл қышқырған заман болды ғой, е-е деген...» – бұл енді шаруақор ересектер жасаған тұжырым. «Кекірей келін, бедірей қыз, ежірей ұл...Жарықтық Мөңке би болжап кеткен екен ғой осыны: «Ат жақсысы арбада болар, Жігіт жақсысы саудада болар. Жас балшықтан үйің болар, Жас баладан биің болар» деп... – шалдар ғой мұны айтқан, шанжау сақалдарын бір-бірлеп шөжімдей сауып отырып. Көзі қарақтылары кеңсе жақтың ауанын аңдап, иіс тартып, әліптің артын күтісті. «Газетпен бір шыбынды, бір сапқоз деректірін өлтіруге болады, әй осы жолы Нұрмақан Аудановтың тобығы ісер, тіпті басы кетіп жүрмесін» деп базбіреулері кешкісін сәкінің үстінде шынтақтап жатып, өздерінше бал ашты.
Сүкең мұның бәрін үйде отырып жауырынымен сезді, әрине. Әлгінде Есім заппермі: «Қап, сақалды қолдан бердім-ау!» деп ойбайлап жатыр деген хабар жеткен. «Көбейгірдің баласы, не істеп қойған?!» деп, аудандықты ары-бері аудастыра ақтарып, дау қуған мақаланы тағы бір рет шұғылдана оқып шықты да, көбейгіріне сұраулы жүзбен қайрылды.
– Кейбір жерлеріне не согласныймын, – деді онысы көзілдірігін азырақ дұрыстап қойып.
– Ондашы жазсай сол несогласныйыңды, қарсы мақала етіп! – Сүндет отағасы қатулана бастағандағы әдетімен шықшыт етін бұлт-бұлт ойнақшытты.
Қылыш қысыла бастады.
Ертесіне «Ойбуу, Сүндетті орталыққа әкеткелі жатыр екен» деген хабар дүңк ете қалды. Сәкібатыр палшылардың мұралы берді. «Әне, айттым ғой тірідей жүндейді енді деп». Айтса айтқандай, о кезде газеттің қаһары күшті еді. Жүсіп Баласағұнның бір нақыл сөзін «Келдек қалам ұшында көк найзаның сұсы бар» деп шамалы өзгертіңкіреп алған хүкімет пен партияның кескен тәртібі бойынша, бастауыштан орталыққа дейінгі баспасөз буындарында жарық көрген әрқандай сын мақала, фельетон, тіпті дерексіз памфлеттің өзі аяқсыз қалмайды – міндетті түрде жауапты органдар тарапынан талқыланып, кінәлі лауазым иелері жазаға тартылады да, сын иесіне мерзімінде жауап беріледі. «Правданың» сөзі үкіметтің бағасына теңестірілген, ал «аудандықтың» беделі содан бұрынырақтағы, Аджубей тұсындағы «Хабаршы» газеті сықылды зор болғаны соншалық, сын мақаласы тым жоғарыға, құзырлы органға кетіп қалса, сотқа білдірумен теңдес еді. Ең кемі, заметкасы бастықтарға өзінше бір нұсқау ретінде қабылданатын. Сондықтан да ауылдағы көпті көрген білгіштердің «Қап, қасқайтты-ау мына бала!» деп тіксінуінің жаны бар-ды.
– Енді Ауданов жиылыс шақырмай тұра алмайды, ал ол жиылыста кімнің басын бұлт шалады, кімнің тобығы ісіп, сөгіс алады, тіпті жұмыстан қуылады, міне, мұның барлығы кешкісін жиылыс тарқаған соң мағлұм болмақ. Болды қызық! – есболдық деванпортшылар алақандарын қуана ысқылады.
Таңертең асаудан үйретілген бестідей үйден қалпағын осқырайта шығып кеткен Қылшан бала түс қайта сабақтан келсе, мәссаған безгелдек, кешегі үй ішіндегі өзгеше жандану, қозғалыс, іскерліктен дым да қалмаған. Ертемен шақырту басқармадан хабар түсіп, Есім заппермі сол бойынша «бар бәленің басы» Сүндетті алдыға салып, екі жағына әктіпті отырғызып, «Газ-52»-мен топ болып Онүшінші ауылды маңдайға алыпты. Әлгі үркіншіліктің куәгерлерінің айтуынша, Сүкең кәбинада ескі құлақшынының бір құлағы жымқырулы, реңі құмдай қурап кетіп барады екен. Мына сөз орталыққа суыт әкетілген отағасын енді үкім шығарылатын суық орынға әкеттіге айналдырып көрсетті. Кешегі 37-нің зобалаңын, сондағы «арастовайт қылды», «под сот кетті» сықылды құбыжық сөздерді ести қалған мақпал кәзекейлі шешенің көз алдына әлгі хабар атышулы «үштіктің» онбес мүйнеттік өлім мәжілісін елестетті. Бері қойғанда, Ермақамбет айтып кеткен «шілтерлі терезенің» ар жағы – көрдей қараңғы іншік.
Бұл:
– Апа-ау, қорықпа, көп болса жиналыста бір сілкіп алар,–деп үміттің шырағын жасауратпақшы болып еді,
– Қайдағы сілкілеу, алдымен астындағы мәшінді тартып алады!–деп, тап бір қорадағы жалғыз сауын сиырын біреулер жетекке алып бара жатқандай өрши түсті шешесі. Баласы нағашыларын есіне алып:
– Е, өзі ашуланғанда «жау айдағыр» дейтін еді ғой сол «газигін», алса алсын, адекеңнің екі өркеші баладай балқоспағы аман болсын жегіліп жүрерге, – деп әзілге жығып көріп еді, мә, Маңғыстаудың жаңғыз өркеш қызыл нары мен ақ маясынан өңгені малға алмайтын адайдың адал сүт емген перзенті ошақтың күлін бұрқылдатып, айқайға басты.
– Әй, қылдың-ау қылықты, жарымағыр! Енді итаяқтан ас ішкізіп, иненің көзінен күн көргізетін болды. Жолға қалта-құлта да әзірлеп үлгермедім-ау! – деп дауыс қылды пешке саңылтырды сымбалап толтыра түсіп. Арғы жағы белгілі ғой – баяғы отыз жеті, соның «Бітті. Құрыды. Сөз сенде, жолдас маузері!»
– Зілқабақ, ойбай, зілқабақ заман келе жатыр!..
«Ағамыздың мінезі сабақты жіп, жеңгеміздің мінезі тесік ине» десе де, «зілқабақ» заманды естіген соң Қылышекең енді шындап дызақ қақты.Үйге бір кіріп, бір шықты. Екпіні бәсеңдеп қалған баланың екіншісі ғой өзі, бұдан соңғы үйелмелі-сүйелмелі алты бала, Серік, Орынша, Мәншүк, Қалижан, Әлия, Сәкен бойын жазып ойнай алмағасын жүдеулікке кіріп, інінен қылтаңдаған суыр құсап жүктен басын қылтитып отырған еді, оларды белуардан келетін үлкен сандықтың артына қуып тығып, өзі де төр үйге барып, қолын жастанып жатып қалды. Бір мезгілде басын құшақтап, бір жамбастай бүктетіліп аунады. «Әйелден дана да, ақымақ та шықпайды, еркектен екеуі де шығады, мұны генетик зерттеулер ыспат еткен» деп, пионерлік тұжырнамасына жат бір пәлсапамен өзін өзі жұбатты. Екі аяғын екі жаққа жіберіп шалқалап, іле-шала қайыра бүктелді. Біртүрлі бір көңілсіздікке түсе берді. Қарағайдан құлаған Ер Тарғын сияқты бүкшиіп қашанғы жатасың, түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күн өтпей қойған соң дәйек тұтып жата алмай, орталыққа кеткен айғыр топ оралады-ау деген мұғдарға жақындатып, есік алдындағы қораға кіріп отырды.Телміріп, терең ойдың түбіне шомды.Тезек шоланмен жарлас етіп, күбірдің үйіндісін жұмбаздап салған шом еді мекен еткен тұрағы. Қараңғы түндегі жұлдыздай жылтырап, әр жерден тесіктері көрінеді. Солардан және есіктің шытырманынан түскен оймақ сәулелер зілқабақ заман тұтқыны Сүндет отағасының күдік пен үміт шырағы қатар жағылған жанарларындай болып елестейді. «Әй, Қылыш-ай, Қылыш! Нең бар еді шенділермен шендесіп!? Қасқайттың-ау мені!» деп тұрғандай.
Көп ашуланбайтын, ал ашулана қалса, баяғы бабасы Исатай сықылды көкдолысы ұстап көтеріліп кететін Сүкеңе шапалақ деген жай әшейін нәрсе. Ондайда қолында плантатордың бишігіндей ысқырынып келіп, жоныңды жостырып өтетін жалпақ былғары белбеуді айтсайшы. Әсіресе, доға бас айыл жағы қолына тие қалған күндері ұзын аққан Жайықтың суын насоспен айдап жатқан каналдың қалың жыңғыл бұтасын бетке алып талай зытқан бұл пионер батырекең.
Ал, дәл қазір жас тілшіде әкенің желке таяғын ойлайтын күй жоқ. Біреу мойнынан сығымдай көтеріп алғандай орнынан еріксіз тұрып кетіп, көк жұлдыздай көмескі жылтыраған терезеден көз алмай біраз тұрды. Бірақ, балықшы орыс құсап қалбиып қашанғы тұрсын, аяғы ауырғасын астындағы жаңғырыққа бұқшиып қайтадан отыра кетті. Біреу мойнына қамыт сап қойғандай ұзақ отырды. Сүкеңде мал дегенде сары құнажын, торы ат және бес-алты уақ жандық бар еді – торы ат «қасіретіңе ортақпын» дегендей қораның боқ іздеген қара шыбынымен алысып отырған жаңа тұрақшысына мөлие қараса, мазасыздау сары құнажын, керісінше, бұл көтерілгенде түкпірдегі садырадан созалаңдап қоса көтеріліп, талтайып тұра қалды да, елес құсап ербиген бұған сөлеңдей қарап, «бұ нағып кетпейтін төрткөз бұзау!?» дегендей қылғына өкіріп жіберді. Оны естіп, көршінің баспағы ауланы басына көтеріп мөңіреді. Кешкі апақ-сапақта ауыл іші ың-жың –шәбелеңдеп үрген ит, маңыраған қой, мөңіреген сиыр, боздаған түйе, шұрқыраған жылқы, ағытылып кетіп, шаңды аспанға көтере шапқылаған құлындар, қайыру бермеген сиырларын шелекпен басқа ұрған қатындардың бажылдаған дауыстары... Көше бағанына ілулі радио динамигінің сампылы, Котэ Махарадзенің таулықтарға тән көмейден алатын сәл қарлығыңқы мақамы – Тбилисидің «Динамосы» біреумен ойнап жатыр-ау, сірә. Ауыл үсті кеше «Малды өңірдің» жаңа саны келгендегідей ызы-қиқы, қым-қуыт. Одан әрі – күзгі күннің алашабыр, түйдек-түйдек сұп-сұры бұлттар көшкен салбыраңқы аспаны астында өзен бойынан бері жылжыған сыз байыр, сұрғылт тұман мұнары. Қысқа да тұншығыңқы, бейне су түбіндегі балықтардың шолп еткеніндей талып естілетін адами дыбыстар. Ақшамы жамыраған ауыл лүп еткен самалға құлақ түріп, жалп еткенге көзін сатып отырған біздің заманның Павлик Морозовымен әсте ісі жоқ, өзімен өзі күйбеңдеп, кешкі шамдарын жағып, тіршілік күйін ойнап жатыр.
Павканың кенет жылағысы кеп кетті. Пионерлік жүректен қайнап шыққан ыстық жас мөлт-мөлт етіп, көзінің жанарына толайын деді. «Айтарын айтып қалған абайламай, Исатай-Махамбет пен Қылышбай-ай!». Адам не көрсе де тілінен көреді деген сөз нендей ащы рас. Балалық аусарлықпен, маңдайы қасқа шындықты ғана айтамын деп, енді, міне, ауылдың масқарашылығына қалып, әкенің назасына, шешенің наласына ұшырап, шомқорада жағы сопайып, иіні түсіп, төрт аяқты мақұлықтарға кампан болып, алды – өрт, арты жар күйде отырысы мынау. Ой деген теңіз екен. Қораның жартылай ашық есігінен ауыл сыртында бетегесі бозарған сайын далаға, сағым қыдырған жалпақ жонға көздері боталап ұз-ақ қараған сайын ойдың жамалы да ойқы-тойқы қалыңдай берді. Ұяттылық сезімі қысты. Әкесін аяп кетті. Жайына қарап жүрмей, моншаны жазып несі бар еді!? Ел ішіндегі шылқыған әділетсіздік мұның несін алған? Ашығын айтсаң – ағайынға, ақиқатын айтсаң, нәшәндіктерге жақпайтын мына заманда әкесіндей кісілерге... жо-жоқ, асқар таудай әкеге ақыл айтып, мін тағатындай ол Құнанбай, бұл Абай ма еді? Тоң мойын, томар желке, былғары бас бүгінгінің болыс-билерін жөнге салар қаршадай бұл ма еді!?
Жасыл желек арасынан оқта-текте бір жалт етіп, сылаңдай ағып жатқан сүйікті өзені ауыл іргесімен сырғып, каналды жанай, ұлы теңізге қарай шеру тартып барады – сағада атырау жасап, анасы Каспийге барып құятын аңсаулы да аңсарлы сәтіне асығулы-ау, шамасы. Кешкілік Жайық дем тартып, кеңірек тыныстайды. Өзеннің осы тұншығыңқы сарыны құрақтардың бір сарынды гуіліне, қарғалармен ию-қию қызылдасып жатқан өгіз шағалалардың шаңқылына ұласып, алқап үстін алуан дауысты өзгеше бір әуенге толтырып жібергендей еді.
Көңілі ереуілдей берді. Бір кезде әлдеқалай естіген өлең жолдары, құдауанда, өзінен өзі кеп жүрегінің басына құйылғаны.
«Аққанда Жайық жарғабақ тіліп.Тартқанда дала ағайран. Басы жоқ ақын тарлан ат мініп, Шығады түнгі Қаройдан. Не деген шексіз жалын қасірет! Дауылға не айтам есірген. Бірдеңе деуге... Оның Басы жоқ. Ал менің тілім кесілген!»
Арада бірқыдыру уақыт өтті. Бала Қылыш танауын желге төсеп, иіс аулағандай, құлағын тігіп, дыбыс аулағандай сергек отыр. Мәшіннің дарылдаған дауысы шығар ма екен дейді. Бірақ, қанша тың тыңдаса да, өзенді құрсаулай бастаған жұқа шарбы мұздың ағынға шыдамай, әйнектей шатырлап жарылған жаңғырығынан өңге дыбыс естіле қоймады.
Революция ойлау жүйесін бұзған жазған бала шомқорада мұздаяқ боп осылай отыра тұрсын, ал біз орталықтағы жиналыстың жайы не боп жатыр екен, енді соған келейік.
***
Мойын бұзғызбастай орынды дәлел, бұлтартпас фактілердің негізінде қорғасындай сомдалған қолбасындай мақала аудан, сапқоз басшылығы үшін қос бетті алып шіреніп жататын сын материалдардан кем соқпады. Алтыншы кластың баласы жазды дегенге кім сенеді – апырай, төрт жағынан төрт трактор троспен тартып тастағандай, балталасаң бұзылмайды-ау.Түптеп алғанда, мәселе моншада ғана емес-ті, мәселе мына жағдайға жоғарыдағы үкімет-құриет қалай қарайдыға кеп саятын. Осынысымен Есболда орын алған оқиға енді уақиға ретінде ауыл деңгейінен көтеріліп, аудандық масштабтағы төтенше жағдайға жетеғабыл өң алып қалған-ды. Оның себебі, мақала аудандық партия комитетінің назарына ілініп, үгіт-насихат ісімен айналысатын хатшы Есбол ауылындағы мектеп моншасының жайын аупарткомда идеологиялық жұмысқа жауапты Қыдыр Есімовтің қадағалауына тапсырылған. Өнерден құралақан емес, үйінде болашақта елге танылатын Хафиздей әнші тәрбиелеп отырған, өзі де бармағына күй айналған домбырашы Қыдекең дереу Аудановпен қабарласып, сапқоздың жалпы жиналысын – партия, кеңес және жұмысшылар ұйымдарының кезексіз бас қосуын шақырайын деп отырған Нұрмұқанның назарын әктіп жиналысына қарай бұрған. Бұл енді мәсһала майшаммен емес, жайдақтау шаммен, яғни артық дау-дабырасыз қаралса деген ыңғай еді. Неге дау-дабырасыз? Өйткені, коммунизм табалдырығынан аттап өткелі тұрған, бит-бүрге ымырасыз күрестің нәтижесінде біржола жойылды, тарих еншісіне өтті деп күніге рапорт ұрып жатқан мынадай ақжарылқап заманда бір емес, бақандай он бес советтік үлгілі пионердің үстінен көп мөлшерде қара және ақ түсті феодалдық заман паразиттерінің табылу пәктісі алда-жалда буржуазиялық сынампаздардың назарына іліге қалса, сөйтіп құмдағы кеңестік кесірткелердің ізін кесіп, судағы советтік жыландардың тісін санап отырған «Голос Америки», «Свобода» радиолары арқылы эфирге беріліп кетсе не болатынын тек көзге елестетуге болады – түпкірдің түбегінде жатқан «Заурал» сапқозының аты қымбатты Леонид Ильичтің баяндамасына кіріп, тарихқа мәңгілік қара жазумен жазылып қалмақ. Және осының бәрін бүлдіріп отырған бүлдіргі кім дейсіз ғой – моншаға жауап беру жүктелген коммунист озат механизатордың өзінің бармақтай баласы! Фактінің буржуазиялық табада шыжғырылған күйік исі келе ме мұрныңызға, келмей ме?
Сапқоз конторының қазіргі көрінісі
Ауданов партия адамының тастай логикасына тәк тұрып, бір сәт шықшыт еті ойнап, бөгеле отырып келісті. Ауданнан мектеп қарайтын уструктор мен райқомқоздың өкілі келіп қатысатын болды.
Осы күндері көз жіберсең, бұрынғы «Зауралдың», бүгінгі «Ортақшылдың» орталығында зәңкиіп тұрған тұрғын үй мирасқоры болып саналатын, ол күндерге ой жіберсең, ауылдағы жерге шөгіп жантайысқан үйлерден биғайым бөтендігі жоқ екен-ау сапқоздың конторының. Совет көшесінде, Қосарал орта мектебінің дәл қарсы бетіндегі шипыр шатырлы, ұзынша келген жатағандау шым үйде орналасқан еді ол. Жалғыз ғана өзгешелігі – жыпырлаған көп терезелі.
О күнде әктіп жиналысына шақыру іспесігіндегі адамдардың реті мынадай болып келеді: сапқоз директоры төрт орынбасарымен, парторг, рабашком төрағасы, бас есепші, селсәбет, селсәбет хатшысы, қой пермі, жылқы пермі, сиыр пермі басқарушылары, өндіріс бригадирлері, гүрд бастықтары, аға жұмысшылар, мектеп деректірі, ордін-медалді өнеге тұтар озат колхозшылар – механизаторлар мен малшылар және аудандық, облыстық газеттерге белсенді жазып тұратын бір-екі штаттан тыс тілші. Шамамен осындай. Бұл жолы олардан бөтен сапқоздың глапбрашы және бір враш, Есбол орталау мектебінің деректірі, интернат меңгерушісі, осы пермідегі қоғамдық моншаның басқарушысы және ақыраны арнайы шақыртылды. Пермінің механизатор жұмысшысы Сүндет Құлжанов, әлбетте, сол тізімді бастап тұр.
Бүгінгі жиналыс – жұрттың бойы үйреніп кеткен, айтарға болмаса, берері шамалы көп жиыннан мәнісі бөлек, кезексіз жиылыс. Кезексіз болғанда да, бір мезгілдік өсек алып қайтатын ерекше басқосу. Солай болған соң оның «боладысы» онсыз да онүшінші ауыл жаққа құлақ тігісіп, бір-біріне қанаттасып отырған көп ауылға апиын сорғандай әсер етті. Әдетте шүкіршіл ауыл тұрғындары өзара тез қабарласып, таң бозынан бірі мәшінмен, мәшін жетпегені матасекілмен, одан орын тимегені үйреншікті жолда қалдырмас «балтырқұланы» мініп, дала жолдарын, екі арадағы ескі ауыл жұрттары – күргейлерді тез игеріп, таңертеңгі сағат тоғыздан қалмай кеңсенің алдын толтырып жіберді. Сапқоз деректірі мінетін жаңалау және брезенті оңып, ақшылтым тартқан парторгтің ескілеу көлігі – қос «Уазик» қатарынан ошарылған аулада екеу-екеу жекеленіп, үшеу-төртеуден топтанып тұрды. Орта буын басшылар – рабошком, пермі бастықтар, гүрд басқарушылар, бригадирлер былғары сөмкені қолтыққа қыстырып, кінеге көтеріп, салмақты кісімсіп, сәл әрірек шоғырлана, қайсібірі шалғай шуақтап кетіп еді. Сонадайдан көнелеу «Москвичті» соқтырып келіп, кәбинадан шетен қалпағымен шелтиіп түскен селсәбет ентелей басып барып ішке еніп кеткеннен кейін есіктен басын қылтитқан қатшы қыздың шақыруымен дүрмек топ маңдайшасына қызыл бояумен «Планы партии – планы народа» деп айқырта жазылған канторға қызмет, дәреже ретін сақтап кіре бастады.
Қылышбай оқыған Фурманов атындағы мектеп үйі
Әктіп жиылысы өтетін шағындау залдағы қызыл барқытпен көмкерілген үстелдің басында ауданнан келген екі өкіл, сапқоз деректірі, оның орынбасарлары, парторг, рабашком және селсәбет отыр. Сырлап тастаған, тартпасыз ұзын үстелде қарындаш салынған жазу аспабы, су құйған графиндер, шылым сауыт, күлсалғыштар тұр. Бөлменің екінші жақ бұрышындағы ұзыншалау үстелді жағалай пыртокол толтыру тапсырылған қатшы қыз, одан әрі орта буындағы бастықтар жайғасқан. Қалған әктіп пен жиылысқа арнайы шақырылғандар залдың ортанғы бөлігінде қатарластыра тізілген орындықтарға барып отырды. Осы жиылыстың бас айыпкері Сүндет Құлжановқа шеттен, терезе алдындағы орын тиді.Селсәбет алдына қарынды қара пәпкісін қойып, ішінен қобыраған көп қағазын суырып, іспесіктегілер мен шақырылғандарды бір-бірлеп оқи бастағанда жиылысты кім жүргізіп, өткеріп отыратыны түсінікті болды. Шатақтың отының алды, суының тұнығы да осы кезде шықты. Мына жиылысқа шақырылуы тіпті ақылға сыймайтын монша ақыраны Түсекеш аты аталуы мұң екен, ортаңғы буын бастықтар отырған үстелден біреу «Оу, пермі басшылығы моншаға бекіткен слесарь неге шақырылмаған?» деген сауал тастады.
Сұрақ оқымаған жерінен тиген жиылыс басқарушы қапелімде апалақтап, екінші пермінің басқарушысына қарады. «Иә, моншаға слесарь етіп Қобдашты бекіткенбіз», – деді Есім орнынан көтеріліп. Селсәбет өз бетімен іс істемейтін кісі еді, деректір жаққа бір қарап алып, одан ишара көргесін, бастықтардың осындайда кінәлі адам іздейтін әдетімен шаруашылық жөніндегі орынбасарға шүйлігіңкірей көз салды. Ол болса өз кезегінде екінші пермі мектебінің запқозына иек қақты. Қағылез денелі Қожантай Онбірінші ауылдағы Қобдашты алдырмаққа жүгіріп кетті. Жиылыс басталды. Үлкен үстелдегі құрамы онсыз да мәлім президиум ресми түрде сайланып, бір-екі уақ қабарландыру жасалғаннан кейін жиылыс төрағасы күн тәртібін оқыды. Бүгінгі жиылыстың қарауына екі мәселе қойылған екен. Бірінші – «Заурал» сапқозы бойынша қысқа жалпы дайындық мәселесі, екінші мәселе – сапқоздың №2 пермісіндегі санитариялық-тазалық ахуалы.
Бірінші мәселе бойынша баяндама істелді, бірақ оны жасаған сапқоз деректірінің шаруашылық және камқоз жөніндегі орынбасары Дәріжанның шеберлігі жетпеуден, жұрттың ұғымына терең болмағандықтан емес, жүмілә халық екінші мәселеге ынтаны қатты салып отырғандықтан, баяндамашының көңілі алаңдап, күбіжіктеп, ақыры сөйлеген сөзі баяндама мен байымдаманың арасындағы шөре-шөре бірдеңе болып шықты. Мінбеге екінші мәселе бойынша сөз берілген «Саахов жолдас» – 2-пермі басқарушысының шаруашылық жөніндегі орынбасары Болат көтерілгенде ғана күбір-сыбыр сап тыйылып, бөлмеде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.
Әктіп жиналысында
Болат ашаң жүзді, жұқа адам еді, «жолдастар!» деп тамағын кенеп, бойын тіктеп алып, «әктіп жолдастар!» деп бастады. Желілі сөзіне бірден түсе алмай, тастақ жерде тосырқаған қолау аттай бірқыдыру уақыт түйткілденіп тұрып, пермі жайлы сипырлар мен фактілерге келгенде ғана бауырын жазыңқырады.
–Жолдастар! Қалхозшылар, әктіп жолдастар! Біздің Онбірінші ауылда... тойыс «Заурал» сапқозының нөмірі екінші пермісінде барлығы дүз жетпіс үй бар. Адамы – мың да екі жүз отыз. Оның алты жүзі мектеп жасындағы балдар, олар ауылдағы онжылдық мектепте оқиды. Шағын жинақталған мектеп, бір-бір кластан. Есбол орта мектебінің негізі алғаш 1926 жылы сауат ашу мектебі ретінде қаланған, 1931-1932-ші оқу жылынан бастап жетіжылдық мектеп болды. Сол жылдары Алпан Құдайбергенов, Қапиза Құдайбергенова, Қабдол Қыстаубаев, Жұмабике Шәтенова, Батиқа Жәкиева сияқты ұстаздар еңбек етіп, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатты. Қара шаңырақтан дәріс алған шәкірттер кезінде осы білім ордасына оралып келіп, ұстаз болып, басшылық қызметтер атқарды. Олардың ішінде Орынбасар Жұбанов, Алдияр Шыниязов, Жабу Дөкесов, Сауле Масаева секілді білім саласының үздіктерін атауға болады. Мектеп 1968-1969-шы оқу жылдары... – деп, тарих пәнінің мұғалімдері сөзден ұшынған әдебиетшілердің қатысуымен жабылып жазып берген қағаздың сорабына салып шұбыртып бара жатыр еді, төрағаның «жылдамдықты ауыстырсайшы» дегендей жорта жөткірінуінен соң сәл қыбыжықтап тұрды да, әңгіме арнасын кілт бұрып әкетті, – жарықтық, қайқиған қара қайықтай, былай ессең – былай, олай ессең, олай кете беретін кісі еді.
Онбірінші ауылдағы заппермі сөз алды
– Иә, моншаның жайына көшейік... Пермінің орталығында бір қоғамдық монша жұмыс жасайды. Мында сөз болып отырған интернаттың дәп жанында. Монша үйі саманнан тұрғызылған, іші-сырты цемент, саз аралас железнятпен қатырылған. Үш бөлімнен тұрады: ауызғы үй – шешінетін бөлме, одан әрі жуынатын жер, түкпірде кішкентай бу бөлмесі бар. Бір жатыс күні еркектер шомылады, екінші жатыс – әйел жолдастардың күні. Жуынатын жер шылапшындармен толық жабдықталған, сабын-мәшалкі, орамалды ауыл тұрғындары өздерімен бірге әкеледі. Оларға Бәтима Рамазанова жолдас қызмет көрсетеді. Енді техникалық жағына келейік. Жуынатын, су алатын бөлмеде су жылытатын екі бак қойылған, әрқайсысының сыйымдылығы дүз летр, су қи мен ағаш жағылатын пешпен ысытылады, пештің суды булауының орташа көлемі 10 квадрат метрге дейін, жағу тереңдігі – 350 миллиметр. Қатқыл отын жағатын қазандықтың қабырғалықтары мен мойындығы қалыңдығы 8 бен 10 миллиметр келетін 2Г2С маркалы шөген құрыштан құйылған.
Осы кезде залдағы қылжақбастар жағынан үш түрлі, бірақ мағынасы бір реплика шешеннің сөзін бөлді.
– Сол қазандық қаңырап, тат басқанда бар ғой, өтелге жіберіп ақшалайды.
– ... немесе темірінен неше пар шелек жасатып алады.
– ... болмаса көпірдің аузындай жаман арбаларына күпшек болып тұра қалады.
Шаруашылық орынбасар мына бірқақпайларға көңіл бөлместен сөзін жалғастыра берді.
– ... Бір жартысы бөлмеге кіріп тұр, аузы жуынатын жақта. Бөлмеде екі желдеткіш терезе орнатылған, көлемі елу де елу сантиметр. Одан бөлек желдеткіш тесік қалдырылған, ол жаппалы, түтін шығаратын мұржа, оның да басына зонт кигізілген. Бұл бөлменің есігі қамысқақырадан жасалған, бір терезелі. Барлығы да СНиП, ГОСТ талаптарына сай және...
Осы жерге келгенде залдан «Негізгі мәселеге, негізгі жағдайға көшіңіз!» деген дауыс шықты. Реплика тастаған Айса алыстан одағайлап сөйлейтін кісі еді. «Қайқиған қара қайық» әдетінше дереу солай қарай есті.
– Иә, өзім де насос мәселесіне келе жатыр едім, – деп жұдырығына жөткірініп алды.
– Айтсам, моншаға су гидрофорлы насоспен жеткізіледі. Гидрофор дегеніміз – жабық резервуар, оған берілген су насостың күшімен ауаны сығымдайды, сығымдала ұлғайған ауа есебінен су системаға барып түседі. Суды Жайық өзенінен аламыз. Өзен моншадан бес жүз метрдей жерде, екі араны жыңғыл бұталы тоғай бөліп жатыр (осы жерге келгенде залдан бір қужақ «Одан арғы жидетоғайды ұмытып кеттің ғой!» деп сөз қосып келе жатыр еді, жиылыс төрағасы алдындағы графинді қарындашпен тықылдатып, мәнсіз сөзді тыйып тастады.) Ие, ие, жағалауда жиде тұтаса өскен алап бар, насос осы иір-қиыр қиындау жерлердің үстімен төселген. Бір жеңілі – гидрофор насос суды оған батып тұрып итере шығармайды, ағынды өзеннің бетінен сорып алады. Қысым 0,15 МПа-ға жетіп төмен түскен кезде сорғы қайтадан іске қосылады, өстіп қайталанып кете береді. Гидрофордағы су деңгейін қалыпта ұстау үшін Клингер әйнегі – ыссыға шыдамды боросиликатты сукөрсеткіші бар шыны қолданылады...
Сорап пен бұлқынның ұзын-сонары осы тұсқа жеткенде енді төрағаның өзі шыдамсызданып:
– Жолдас баяндамашы, мәселенің мәнісіне көшіңіз. Насос неге сынды, сонша уақыт неге жөнделмеді, соны айтыңыз, – деді графинды және бір тықылдатып.
«Қара қайықтың» румпелінен бұл жолы да қайт болған жоқ.
– Өзім де соған келе жатырмын, жолдас төрағасы... Негізі, гидрофор – дербес насос стансасы болғандықтан, оның құрылысы да күрделі болып келеді. Екі сорғы тұрбасы, вибрацияға қарсы шлангісі, инжекторы, моторы, шүмектері, арнаулы золотник-клапандары, тағы да басқа толып жатқан бөлшектері бар. Оларды жөндеу, ауыстырып отыру оңай емес, себебі, шығарушы зауыт алыста, сонау Челябі қаласында, уақтылы жаңалап тұру үшін қосалқы бөлшектер қорын жасайық деп, райқомқозға құдайдың зарын қылдым... – Осыны айтып, баяндамашы президиум жаққа, райқомқоз өкіліне көз қиығын тастап қойды. – Негізінде... негізі, тұрба, шлангі сияқтыларды өзіміздің шеберлер қолдан қиюлап жасап ала береді, бірақ, былтыр инжектордың түбіне орнатылатын кері бағыттың клапаны кеткен кезде зәпчасті таба алмай қатты қиналдық, соның кесірінен монша істемей тұрып қалды. Кері клапан дегеніміз – торлы сүзгі ұштығы бар сондай бір бөлшек... – деп, қосағасы тағы да әңгімені тымақша желпілдете бастап еді, осы жерге келгенде манадан үнсіз отырған деректір бірінші рет сөзге араласты.
– Болат Жанбосынұлы, сен мынаны айтшы, насосты жөндеуге жауапты слесерлерің нешеу, олардың біліктілігі қандай?
– Негізі... негізінде, пермі басшылығы тарапынан монша құрал-жабдығына жауапты екі слесер бөлінген – Таңатар мен Қобдаш, екеуі кезектесіп жұмыс жасайды, қолдарының бос болуына қарай. Жоқтан бар жасайтын шебер мамандар, – Баяндамашы басқа не айтам дегендей айналасына жалтақтады.
Осы кезде арт жақта отырған біреу бойын көрсетпестен, бірақ жұрт еститіндей етіп күңк етті:
– Женски күні, қыздар жуынып жатқанда газовый клюшін асынып кіріп келіп, «Не могу терпет, повернес задом!» деп айқай салатын, осы, Таңатар ма еді, Қобдаш па еді? – деді. Бұл жетінші ауылдағы күрт Олжабай пысықтау, кісі жиналған жерде сөз қыстырмай қалмайтын жатыпатар жігіт еді.
Жұрт ду күлді.
- Таңатар қой, Таңатар! – деп дауыстады Таңатардың залда отырған Жәңгір құрдасы, қыбы қанып. –Ленинградтан стройотрядпен орыс қыздар келетін урожай жылы…
Тағы да күлкі. Онбірінші ауылда іліп аларға жалғыз орыс бар еді, оның өзі де әскерге барып, «Өңкей орыстың ішіне келдік, емге қазақ жоқ» деп ауылға хат жазатын Виталик қой.
Төрағасы жұртты тыныштыққа шақырып, әдеттегідей графин тықылдатты да, сөзді келесі баяндамашыға берді.
Сапқоздың шаруашылық-қамқоз жағына жауапты Дәріжан сөзге кірді.
Интернатқа таяу моншаның орны
– Аудандық «Малды өңір» газетіне Есбол мектебінің алтыншы класс оқушысы Құлжанов Қылышбай жолдастың «Ауылда монша жоқ» дейтін сын мақаласы шыққаннан кейін сапқоз деректірі Ауданов жолдастың тапсырмасымен арнаулы кемесие құрылып, оның мүшелері 2-ші перміге барды, ондағы санитариялық-гигиеналық жағдайды тексерді. Сонда анықталғанындай, пермі орталығындағы қоғамдық моншаға су беріп тұратын насос біраз уақытқа істен шығып, натижасында мектеп жанында шопан балаларына арнап ашылған интернатта жатып оқитын оқушылардың бірқатарының педикулез – қышыма қотыр ауруына шалдыққаны білінді. Сабаққа бастары жаман емес, бірақ жатақ үйде арнаулы орынның және жеке тазалық заттардың болмауынан үй жағдайында суға шомылып тазаланудың мүмкіндігі болмаған.
– Балдар биттеп кеткен, завшивели деп турасын айтпайсыз ба, отағасы? – деді осы кезде ауданнан келген өкілдің бірі, оқу жағын қарайтын жастау уструктор жігіт.
Өлсе де танып өлетін ұрыша бетбақтырмайтын Дәріжан кісі еді, алдындағы Болат қыбыжықтап-кібіжіктеместен, қолорамалмен маңдайын терден бір дегдітіп алды да аспай-саспай жауап берді:
– Мен сізге отағасы емеспін, жолдас уструктор, біріншіден. Екіншіден және мәселенің ең мәндісі – кемесия келіп тексерген уақытта сіз айтып отырған паразит жәндіктер табылмады, сондай-ақ қышыма қотыр белгілері білінген оқушылар жатақта өңгелерден бөлек жатқызылып, шаштары тақырланып, арнаулы күтімге алынғаны анықталды. Кемесия қорытындысы қолымызда, егер танысам десеңіз...
Уструктор жігіт шашын кейін қарай бір-екі сипап қойды да, осқырған аттай одырайып алдындағы қағазға үңілді. «Шорттың ісін!»
Бұдан кейін селсәбет Сәнім:
– Ендігі сөзді медиктер айтқаны жөн болар, – деді де, мінбеден түсіп жүре береді.
Медик – сапқоз ауруханасынан осы жиылысқа арнайы шақырылған Марат деген дәрігер жігіт еді. Қарағандыдан санитария-тазалық саласы бойынша дәрігерлік оқу түгесіп келіп, бейімі бойынша орын табылмағандықтан терапевт болып жүрген. Ол мінбеге көтерілем дегенше деректір жанында отырған орынбасары Жұмажан Сағындықов бірдеңе дегендей болып еді, орынбасар жалма-жан әлденеге залға түйліге қарап:
– Жолдастар, осы жылжымалы автомонша мәселесі неге сөз болмай отыр? Өздеріңіз білесіздер, шаруашылығымыз өкімет пен партияға аз пайда әкелмейді. Өздеріңіз білесіздер, сапқоз өндіретін қаракүл терісінің бәсі қай жерде де жоғары, білесіздер, жыл сайын жоспарды асыра орындап келеміз, – деді.
Бұл залға емес, президиумда отырған аудандық қамқоз өкілінің бақшасына атылған тас еді. Жұрт құйтырқыны бірден түсінді. Әлбетте, қамқоз өкілі де. Жұдырығына бір жөткірініп, тамағы құрғап кеткендей графиннен орталау стақан су құйып ішіп алды да, сөзге кірісті.
– Жолдастар, көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығын біз де жақсы түсінеміз. «Заурал» сапқозы төрт түлік мал өнімінен жылына тәуір көрсеткіш беріп келе жатқаны да бесенеден белгілі. Бірақ, сұрақ ретсіз қойылып отыр. Әрбердесін жылжымалы монша шопан қыстауларына қызмет етеді, оның интернат жатағына қандай қатысы бар? – деп алақанын жайды. – Ие, төтен жағдайда мектеп оқушыларының қажеті үшін жылжымалы моншаны келтіруге болады, бірақ аудан бойынша жалғыз автомоншаның интернат аралап жүруге мұршасы жоқ. Шаруашылықтардың үстеме жоспардан тапқан табысының бір бөлігін өзімізде қалдырып, соның есебінен тағы бір автомонша алуды сұрағанбыз, ол ұсынысымыз орталықтан қолдау таппады...
Залда тыныштық орнады. Осы сәтті пайдаланып, төраға әдетінше алақтап, деректірге бір қарап алды да, Нұрмұқанның түйілген қабағынан өзге мезірет болмаған соң сөз кезегін мінбеге беттер-беттемесін білмей дағдарып қалған дәрігер жігітке аударды.
Марат ауылдағы «кітап жинағыштардың» қатарынан еді, бұл жолы да дәрігерлігінен бұрын сол «оқу өтіп кеткендігіне» бағып, үлкен кісілердің әңгіме айтқанындай алыстан сөз шалды.
– Біздің халықты баяғыда татар жұрты «сасы қазақ» деп атаған екен, ол сөздің қайдан шыққанын мен білмеймін, – деп төтен сөзбен бастады баяндамасын. – Қой көрмесек те, қи көрдік, менің білетінім, ата-бабамыз көшіп-қонып жүрген күннің өзінде де бой-басын күтіп ұстаған. Бастың битін, сіркесін кірәсін, скипидармен өлтірген. Біздің даламызда бұрын ауру тарататын микроб кем келген ғой. Онда моншаға түспесе де, кірлі киім кисе де мүмкін еді. Көздің шарасындай тұнып жататын мөлдір сулы өзен-көлдер моншаның орнына жүретін. Мисалы, адай дейтін халық суға жылына бір-екі рет – көктемде және күзге қарай түскен. «Балық болып кетеміз» деп (залда қозғалыс, сылқ-сылқ күлкі мен наразы дауыстар).
– Сонан соң... – Осы жерде шешен мәнді бір кідіріс жасады. – Сонан соң ата-бабамыз, білетін адамдар, монша қан-сөліңді сығып алып қояды деп, үйде жылы суға шомылған, сақар қайнатып жасаған қара сабынмен кірін езіп, еркектер жұмыр қоғалақ таспен денесін ысқылатып, құрыс-тұрысын тарқатысқан. Ал ондай үй жағдайы жоқ уақытта, көп адам шоғырымен бір жерде тұрған кезде, баяғыда Римде терма делінген ортақ монша салу керек. Соның ішінде қалалы жерлерде, интернаттағы шопандардың балаларына бөлек монша. Әйелі қойымен бірге қозылап жататын қойшыға «Қасқа тіс құнаным-ай, қалқоздың орындайық планын-ай!» деп өлең айтқызу үшін де жағдай керек. «Тәні саудың жаны сау» деген сымға тартқан күмістей әдемі, жылтырақ сөз болып қалмауы лазым. Ендеше, ауылда моншаның жылдан аса уақыт бостан бос тұруы оғат іс, әрине. Оғат демекші, қайбір халықтар моншаға бойдағы оғатты шығару үшін де түседі, ал бит қарамаса отыра алмайтын қазақ моншаға жиі түсіп тұрмаса, болмайды. Ал мектептегі балдар шаш қоймай, киімдерін жиі ауыстырып, үсті-басын үйде, бөлмеде жиі-жиі сабындап жуып тұруын мектеп мұғалімдері, кластағы тазалық секторы, интернат тәрбиешілері үнемі қадағалап отыруды жадқа алуы қажет. Бит пен бүргеден әлгі жәндіктерді кірәсін сіңген орамалға мықтап орап тастап қана құтылуға болады. Бірақ, бұл мақұлық – аса жансебіл пәле, кірәсін орамалдың ішінде жатып та тіршілік етуін тоқтатпайды. Мұндай жағдайда балдардың басын тоқырлап алдырып, шаштарын өртеп жіберіп отыру керек. Әйтпесе, паразиттер бір шаштан екінші шашқа – лас шаштан таза шашқа жорғалай жетіп, ауысып алады. – Осы жерде білмейтіні, оқымағаны жоқ «қарбыз бас» және бір іркіліп алып, сұқ саусағын жоғары безеді. – Естеріңізде болсын, жаңағыдай альфонс биттер бір минутта жиырма үш сантиметр қашықтықты жорғалап өтеді. Содан да өзара жиі контактідегі балдардың арасында ауыс-жұғыс көп кездеседі. Түнде, ұйықтап жатқанда балдар әлгі биттер келіп шаққан жерлерін тырналап қасиды да, ол жерлерге инфекция түседі. Осыдан дерматит ауруы пайда болады. Ондайда битті паранит, репеллент сияқты арнайы сұйықтықтармен жояды. Менің «Заурал» сапқозының ауруханасына жұмысқа тұрғаныма үш жылдың жүзі болды, осы үш жылда әлгі аталған препараттардың өзі түгіл мөрін көрмедім. Тіпті десе, санитарист-гигиенист дәрігердің қызметі штаттық кестеден жойылып жіберілген! – Осыны айтты да, Марат рұқсат күтпестен, салмақпен адымдап барып орнына отырды.
Үстел құшақтаған мықтылар Мараттың тосындау шыққан сөзін неге жорырын білмей дағдарыңқырап отырғанда залдың орта тұсынан «Мен сөйлейінші!» деп, қарабұжыр бетті қанардай қара орнынан қопарыла тұрды. Төрағасының рұқсатын алар-алмастан сөзге кірді. Бұл – бірінші пермінің егіс бригадирі Макар Ысқақов еді.
– Жаңа, дәрігер баланың жүдемелдете жүргізіп шыққан оқуын тыңдадық. Шыратылып тұрып, қансорғыш «жәндік» деді, «бит қарамаса отыра алмайтын», «жылына екі мәрте суға түсетін» қазақ деді, әйтеуір, сөздің неше түрлі нәшін келтіріп бақты. Ал осыдан не түсіндік? – Денесі ауыр Макар бір сәт аз-кем тыныстағандай болды. Шырпына сөйлегеніне қарап, оның тәжіке адай екенін білетін отырғандар дәрігер сөзін шам алып қалғанын аңдады. – Бірақ, ілгергі шешен бір жайды қаперге алмапты. Мына мен, мен ғана емес, осы отырғандардың көбісі... – Макар күректей қолындағы әрқайсысының жуандығы бармақтай саусақтарын тарбита жайып, бөлмедегілерді нұсқады, – битекең азаңдау боп қалса, «таздың битіндей екен» деп қомсыныңқырап қалатын шикі қазақтың зәузатымыз, шырақтар. Бит-бүрге ауру кісінің қанын сорып, сау кісіні келіп шақса, бұл кісі бастапқы кісінің ауруымен ауырады деп білгіштер ыспат етіпті. Шорту сөз. Қазақ үшін биттің пайдасы зор! Оның пайдасы – теріні аурудан сақтайды, шағып дененің құрыс-тырысын жазады, артық қанды сорып, қанның қысымы көтеріліп кететін кеселдің алдын алады. – Осы жерде Мәкең келесі сөзіне назар тіккендей болып, сұқ саусағын шошайтты. – Қазекең битті нанға орап, сары ауру болған адамға жегізеді. Мұны қазіргі табиб ілімі де мойындап отыр. Онан да зорын айтайын. Өте ертеде, Мәсих сұлқын ұстанатын елдерде тас ғибадатханаларда топтанып өмір сүрген қаратон сопы, дәруіштер ластық өмірлерін әз көріп әспеттегендері сонша, аяқтарына өткелден өткенде ғана су тигізген екен. Ал бит-бүргені киенің нышаны деп біліп, құдайдан жіберілген інжу деген. Қысқасы, битті біржола мансұқ ете алмайсың, олай болуы үшін бүткіл дүниенің жәмиғаты түп-түгел тап-таза болып жүретін зарарсыз, залалсыз ортақ нырыққа көшуі лазым. Ал бұл мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес. Демек, бит дүние тұрғанша тұрады. – Осылай деді де, шешен отырғышына гүрс етіп отыра кетті.
Қызыққұмар жұрт ойламаған жерден опыра архаик соққы алған жаңашыл дәрігер енді қандай уәж айтар екен деп, әліптің артын бағып тына қалды. Рақмет те тықпыршып әрең отыр екен, Макар орнына жайғасар-жайғаспастан ұшып тұрды. Ұшып тұрды да, қағылез денесін екі жаққа шапшаң бұрып, қолын дәл бір броневик үстіндегі Ильичше қапаш-құпаш сермеп, аттың басын қоя берді:
– Ие, жөн айтасыз, Макар жолдас, дұрыс айтасыз. Бит дегеніңіз, бүрге дегеніңіз, қайтсе де әлемнің жарығы, тіршілік атауының гүлтәжі ғой. Осы бір жайбасар, елеусіз ғана жәндіктерді аспанды қоңыраулатқан жанартаулар да, жер бетін қаптаған топан су да, қыстың қылыштаған аязы да, дүн-дүниені түнек боп басқан ауасыз кеуек хаос та жоя алмай келе жатқаны нендей құдірет! Қателеспесем, Горький ғой деймін айтқан ... Жазылған тілінде келтірейін, «Человек-человек, у тебя две ножки, хоть и очень ты велик, едят тебя мошки!» деп. Өз жанымнан осыған бір сөз қосайын, адамизәт түгел түсінсін, тағы да сол ұлы да қуатты лұғатта: человек ест всё, а вощь «ест» человека и чё-то не спится человеку, пока эта не заснёт. Ғажап емес пе?! – Осыны айтып Рақмет те кенет сылқ етіп отыра кетті.
Ойда жоқта қызыққа кенелген жұрт мәз болып, алақанды соғып жіберді. Ал үлкен үстел жағы Макар мен Рақмет өздерінен бұрын, ағаштан құлап түскен адам сияқты далаға лаққан сөздерін құп алып, қошемет көрсеткен көпке наразылықтарын көбірек таныта жақтырмағандай кіртие қалды – жиырмасыншы ғасыр ортан белінен асты, қазақ түгел сауаттанды, ал мыналар әлі күнге бірі ескінің қаспағын жалап, екіншісі буржуазиялық пәлсапа соғып емініп отыр. Не деген қыңыратқылық! Неткен көрсоқырлық!
Тіпті әшейінде көңіл күйін байқата бермейтін сарабдал Аудановтың өзі төрағасы жаққа аударыла еңкейіп, ілгергі шешендердің сөздерін онша жақсы көрмеген адамның қалыбын істеп, бірнәрсені жәйлап сөйлесе бастады. Ауданнан келген өкілдер қатысып отырған жиылысты ойламаған жерден басталып кеткен, «бас» десе «құлақ» деген балабажырдан құтқарудың жайын ақылдасып отырған сияқты екеуі.
Осы кезде есік қағылып, бағана Онбірінші ауылға кеткен Қожантай «Кіруге мүмкен бе?» деп бас сұқты. Парторгтің ескі «Уазигін» ұшыртып отырып, Қобдаш слесарьды алып келген беті екен.
Әдетте қойшы-қойманшы келе қоймайтын жиналысқа ойда жоқта топ болып, күбіжіктеп, ішке сенер-сенбесін білмеген адамша енген Қобдашқа ілтипат білдірген ешкім болмады. Бұл бір өзімен-өзі елеусіз жүретін, пермі бастықтары тапсырған қай жұмысты да жапырып беретін, жалпақ бетті, батыңқы мұрын, қарға бойлы пішінсіздеу қара кісі еді. Қалтасынан молақ бас өткір бәкісін тастамайды – жұрт оған малдарын қидыртатын. Өзі кемтар еді – бір аяғы екінші аяғынан қысқа болғандықтан, жүргенде оң аяғын жер сыпырғандай сүйретіп әкеп недәуір көтеріп алады да, қара жерді солқ еткізе теуіп қалады. Осынысына қарап қужақ біреулер оған «Тап-осы-жер» деген ат таққан. Шаруа істетіп алғысы келсе – Қобдаш, Қобеке, іс біткесін – «Пох, пох, садаққа салған оқтай, тұлпарына тола мініп келе жатыр ғой Тап-осы-жер!» деп сығырая күліп отырар еді Төлеп сияқты қылжақбастар.
Міне, енді қазір ешкім ортаға оз деп ілтипат білдірмесе де, сол аяқпен бөлменің сыры көшкен тақтайын тесіп жіберердей дүрсініп, «көңілді комбайнерше» секіріп-қарғып барып, арт жақтағы бос отырғыштың біреуіне отыра кетті. Отырғандар тұқшиып, күлкіге тұншықты: тебінген тұсы еден болмай топырақ болғанда бар ғой, анау аяқ піл сауырлы қара жерді қандауырдай тесіп өтер еді-ау...
Баяндамалар жасалып кеткендіктен, слесірден жауап алу жиылыстың жарыссөз бөлігіне қалдырылды.
Бұдан соң төрағасы екі негізгі және екі қосымша, барлығы төрт баяндама жасалғанын қабарлап, кезекті жарыссөзге берді. Манағы балабажырдан ауызы күйіп қалды ма, әйтеуір жиылыста өткір сынға еш шек қойылмайтынын, тек сөйленетін сөздер қаралып отырған мәселеден ауытқып кетпеуін, сынның нақты, сындарлы болуын ескертті.
Жарыссөз басталды.
Аудандық архивте сақтаулы үшбу жиылыстың пртоколдарына қарағанда, жарыссөзде жұрт екі-үшке бөлініп алып, әбден болдырғанша дауласқан. Алдымен сөз алған бастықтар жағы екен. Бірінші сөйлеген парторг Қайдар Аманов коммунист Сүндет Құлжановтың мәселесін осы жиылыстан қалдырмай, тап қазір қарап жіберіп, тиісті жаза қолдануды ұсыныпты. Оны залда жиылыстың басынан тырсиып отырған рабошком қолдап шығып, өз тарапынан кінәліні жұмыстан шығарып, сеніп тапсырылған сапқоз мәшінін дереу қайтарып алу керек деп іріленіпті. Көпті көрген көк тұқыл селсәбет болса алдыңғы екі шешеннің сөйлеген сөзін ашық қоштамағанымен, сапкоз басшылығын (деректірі деп түсініңіз) сүмірейтіп мақтап, арқатаңу қылып алатын әдетімен сол бір әдреске нелер тәтті сөздерді біраз ағызып келіп, залда отырған көптің осы турадағы пікірін сұрап, жарыссөзге ілік тастаған. Кантордың кең бөлмесін кернеп отырған жұртқа содан кейін тіл біткен.
Алдымен орынынан тұрып, жиылыс төрағасынан сөз айтуға рұқсат алған – 2-пермінің егіс звеносының бастығы Бақи Жексенғұлов екен. Бұл орта жастан асқан, мінезі шадырлау көсем кісі еді. Мұндайда сөзге кіріспей қалмайтын, талай жиылыстарда өңешін керіп, күре тамырын білеулендіре сөйлеп жүрген белгілі шешен-тұғын. Жұрт одан ылғи «сойып салатын» сөз күтетін және Бакеңнің өзі мұны жақсы білетін. Міне, қазір де орынында тұрып сөйлеуді місе тұтпай, беліне күш түскен міңгі аттай тәлтеңдеп алға шығып тұрды да, бірден сөзге кірісті.
– Шетін әңгімелерден шошымалы болып қалдық қой бұл күндері, – деп бастады оқалақ болған аттай мойынын бір жағына бұра ырғап-ырғап алып. –Бақа-шаян құрлыққа шығып, басқа мінген заман болды... Осы жиылысымызды ойда жоқта шақыруға себеп мақаланы да ауылдағы бір шиаяқ бала жазған екен. Немене еді, тәйірі, соның аты?!. – Өтірік есіне түсіре алмағансып, шеке тамыры білеуленген маңдайын ұстап, қысып-қысып қойды.
– «Ауылда монша жоқ»... – деп дауыстады отырғандардың бірі.
– Ие, ие, ауылда монша жоқ депті. – Сосын шанжау шыққан мұртының жебесі тікірейіңкіреп. – Шашының дымы кеппеген, тыраштаңдаған жас балаға біткен неткен әулиелік бұл!? Өздері шешініп жату дегенді білмейді, содан биттеп-құрттап жүреді, шалбарын да дұрыстап кие алмайтын жас балдар, солардың балалық-шалалығын қопақардай жыр қылып, әкесінің, әкесіне қарайлас үлкендердің осыған дейінгі бүткіл еңбегін жоққа шығарып, іске алғысыз қылып тастау қазақтың «Ит құтырса иесін қабады» дейтін аталы сөзінің керін келтіріп тұр емес пе?! Қазіргі күннің балдары енесінің етегінен шыға сала заң-зәкүн соғып, той-топырда екі қол қалтада, ортаға шығып талтайып тұрып ап, сені өмір сүруге үйрететін дағдыға бой ұрып барады. Жаңағы мақаланы жазған жүгірмекті айтам-ау, өзінің әкесін сыйламаса да (мына бізді дейтін деп тұрды да, шамалы кідіріс жасап), ауылын сыйласа нетті! Елдің декпірін жаңылдырып, жаһанға жар салмай-ақ, үлкендердің талқысына салып алса, несі кететін еді. Бұрын үлкендердің ымырасымен іс істеуші ек... – Қыжыртып сөйлегендіктен өңі күреңітіп келіп, қалай лап етіп жанса, солай жалп етіп сөнді.
– Тағы қандай пікір бар? – Мәжіліс төрағасы көпшілікке сұраулы жүзбен қарады
– Мен сөйлейінші! – Саңқ еткен дауысқа жұрттың бәрі жапатармағай мойын бұрды. Сидаң бойлы, етсіз қара кісі бой көрсетті. Бұл – жылқы пермі Мырзахмет еді. Сөзінің мөрі ескіше боп келетін коммунист, бірақ соны қазақы тілмен жатық жеткізетін ауыз өкімі күшті кісі-тін.
– Жолдастар! – деді басында сөз сұраған кездегі ашық даусын одан әрі саңқылдатып. – Жолдастар, жаңа менің алдымда сөйлеген Бақи жолдастың сөз ауаны негізінен дұрыс болғанымен, сөзінің нәші баяғы өткен феодалдық заманды еске түсірді. «Боғымен жасты баладан қорқып», «Өзіміздің ауылдың жаман балдары» – осы сияқты сөздерден бұрынғы ескі ауылдың иісі аңқиды. Екінші сөзбен айтқанда, шешен мәселеге сол феодалдық көне ауылдың көзімен қарағандай болды. Бұл дұрыс емес. Мындағы мектеп, мына интернат – жай мекеме емес, олар – патша заманының интернат-мектебі емес, социализмнің мектеп-интернаты. Соның кесірінен мәселенің маңызды бір жағы қалтарыс қалып қойды...
Осы кезде Бақи да қарап қалмай, тіктеліп:
– Мен «боқ» деген сөзді айтқан жоқпын, «жаман балдар» да демедім, сөзді бұрмаламай, жала жаппай сөйлеңіз! – деп айқайлайды. Жұрт гулей бастап еді, олардың дабырасын тәжірибелі төрағасының бәрінен басым шыққан шәңкілдек даусы бөліп жіберді!
– Қане, тынышталыңыздар, жолдастар! Мырзахмет жолдас, сіз пәктімен сөйлеңіз!
– Бар пәктілер, бар. – Мырзахмет ендігі сөзді жүзін президиум жаққа бұрып тұрып сөйледі. – Бақи жолдастың салыстырмалы сөздерін тірілтіп айтсақ, айдары жаңа шыққан бала қоразға бар жағынан жетіліп отырған советтік ауылды сүмірейтіп көрсетуге кім права берді екен?! Осы жағынан өте қатаңдық қылып тұр бұ бала. – Даусы бірден-бірге күшейе түсіп. – Осы отырғандардың көбі біледі, әнеу бір жылы орталықтан келген «Спидола» транзисторлы радиоқабылдағыштың үлкен бір пәртиясы пермілерге қылдай бөліп берілгенін. Саусақпен шұқып көрсетпей-ақ қояйын, бірқатар саналы азамат атанып жүрген қалқоз мүшелері соларды алған соң нілдей бұзылды – түн баласы қой қорада шетелдің «Америка даусы» радиосын тыңдайтын болды. Солардың ішінде бұл жолдастардың бала-шағасы да жоқ емес.
– Пәктімен сөйлеңіз, жолдас, пәктімен! – деп дауыстады біреу орнынан.
– Пәктілер бар, кезі келгенде жарыққа шығады. – Мырзахмет алдында мінбердің беттақтайы тұрғандай, бос ауада саусақтарын тарбита жайып, тақтай бетін қаққандай қимыл жасады. – Мәсһала идеологиялық өң алып тұр. Әгәрәки, аудандық газеттегі әлгіндей мақалалар шетелдегі империалистік қас дұшпандарымыздың көзіне түссе не болмақ – белгілі: оларға таптырмайтын пәкті, материал болады. Міне, сондықтан да қаралып отырған мәселенің арты зілді, дүмпуі зор деймін. Қысқасы, бұ баланың өзінің тәртібін қарау керек.
Жұрт гуілдеп кетті.
– Рас айтады! Жоқтан пәле туып, басымызды сотқа іліктіріп жүрер...
– Ығатын емес үлкеннен, ықпайды да!
– Мен болсам аузынан қанын келтіруші ем...
– Баяғы ескі жырлардан оқитын едік, «Қарсы алдыңнан қарасам, жасың кіші баласың, оттай қаулап жанасың» дегенді. Бұл сол шынашақтай бала болды... –Шынымен ашынған, яки әдейі отқа май құйып ұшындыра түскен үйірайқас дауыстар жарыса шықты.
Төрағасы бұл жолы да сөзді көбейттірмей, дайындалып отырған келесі шешенге назар жықты. Ол – осы сапқоз орталығындағы Қосарал мектебінің деректірі Нұреддин еді.
– Осында жиылып, манадан тіліміздің ұшына басып отырған мәселе –шынында да күрделі мәселе, – деген Нұреддин деректір бір тыныстап алды да, отырған жұртқа көзін қыдыртып шықты. – Осыған дейін талай сөз айтылды. Білгіші көп жерде сөзге кемдік болған ба?! Ендеше оқыған-тоқығанымызды айтпай кетсек, біз үшін де іште пікір өлгендік болар еді.
Зал қозғалақтап, бірнеше орындық сықырлады. Бұл «орағытпай тура тартсаңшы!» деген дабыл-белгі еді.
– Айтайын, ендеше... Оқыған жоқпыз, естігендерден жеткен сөз. Эйзенштейннің Павлик Морозов жайлы «Бежин луг» дейтін киносын алдын ала көрген Сталин «Әлдеқандай бір баланың құдды совет өкіметіндей әрекет етуіне жол беріп қойып, қарап отыра алмаймыз» депті. Нәтижесінде Горький тәрізді саңлақ жазушы, жастардың Косарев секілді отөрім жетекшісі елеуреткен «Морозов жайлы аңыз» жөргегінде тұншығыпты. Тіптен үкімет сол жылдары Қызыл алаңға кіре берісте қоюға қаулы еткен ескерткіші де орнатылмай қалған.
Шешен құдды педсоветте тұрғандай тіктеліп, пенжегін тастүйін түймелеп алды.
– Осының өзі нені білдіреді? Айтайын... Жоғарыдағылардың көзіне бұл Павлик баланың бейнесін баспалдақ еткен көместегі анархияның бастауы болып көрінген. Жаппай берекесіздіктің, жүгенсіздіктің салқын лебі сезілген. Ойласа – ойлағандай, айтса – айтқандай-ақ. Әлгі жылдары Павлик Морозов жайында жазылған көп туындының бірі – Нина Белецкая дейтін автордың «Менің құдайым – Павлик» деген пьесасы. Өзін Павлик сезініп, оның қаһармандық ерлігін қайталағысы келген пионер қыз туралы. Яғни, әлгі қыз бала дәл Павликше әкесінің үстінен көрсетіп жібермек болған. Дәлірегін айтқанда, туған әкесін сатып жібермекке ниеттенеді. Ол ол ма, кейін жаңағы пьесаны жазған жазушы өзінің де бала кезінде басына сондай бір ойлар келіп, қатты ауаланғанын мойындапты. Жаңа, менің алдымды сөйлеген Мырзахмет жолдас «Мақала авторы баланың өзінің тәртібін қарау керек» деп ұран тастады. Мен айтар едім: мұндай көзқарастан өткен заманның шаш ал десе бас алатын ұрдажық әрекетінің ауылы алыс емес деп. Кешегі асыра сілтеуді – әлдеқандай бір қателігі үшін жөндемі адамның өзін ұстатып жіберген тікаяқтардың заманын біз әлі ұмыта қойған жоқпыз. – Осы жерде шешен президиум жақты көз қиығымен бір барлап алды, олар тарапынан ашық бір наразы кейіп аңдалмаған соң батылданып, сол бір қысылшаң уақытқа тап келген жастық жылдары есіне түскендей өршеленіңкіреді. – «Сегодня праздник у ребят, ликует пионерия. Сегодня в гости к ним идёт, Лаврентий Палыч Берия» деген өлеңді ұмыта қоймадық.
Осы сәт сілтідей тұна қалған зал орасан үлкен жалғыз құлаққа айналып жүре бергендей, отырғандар бір-біріне бұрылып, ондаған, жүздеген көз енді шешеннен ауытқып, бір-біріне, жан-жағына, көршілеріне қадалыңқырады. Үреймен қадалыңқырады.
– Ие, ұмыта алмадық... Доносты. Жеткізіп баруды. Үстінен көрсетіп жіберулерді. Сілтеу берулерді... Ал енді келіп, осы италғыр әдетті қайыра тірілтетін болсақ, жұрт бір-бірінің үстінен сөз таситын таза тоқылдақтардың заманы оралып келмесіне кім кепіл?! Бұл – індет, ал індет бір етек жайып алса, оны тоқтату қиын болады. Сонда біздің милиция не істейді? Прокуратура, я сот органдары немен айналысады? Олардың жұмысын, бақылау, қадағалау қызметін алмастыру болып шықпай ма көптің бұл тірлігі?! Сонан соң... сосын, осы отырған өзіміздің де әлгі жаптым жала, жақтым күйе індеттен аман қалатынымызға кепілдік қайда?! Ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан, бұл індеттің қылтанақтап келе жатқан түйнегіне осы бастан, дереу балта шаппаса болмайды. Көп жылдық тәжірибесі бар мұғалім, өшетіл ретінде айтайын: қазір мектепте балдарға биік идеялар үшін лас әрекетке бару, нас қылықтар жасау қаншалықты қажет екенін түсіндірудің өзі қиындап барады. – Осылай деп, деректір орнына барып жайғаса берді де, сол жерден қаттырақ дауыстап сөзін сабақтады. – Бала ма кінәлі? Жоқ, бала болғандықтан да кінәлі бола алмайды. Үлкендер кінәлі, біз өзіміз кінәліміз. Себебі, біздің баладан айырмашылғымыз – үлкендерге таңдау құқы, әрекет ету құқы берілген. – Іле-шала есіне бірдеңе түскендей орнынан атып тұрды. – Осы күні, кешелері «Правдада» құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық уақиға хабарланды. Шешесі құрбысымен бірге шетелмен хат-хабар алысып, капиталистік радио тыңдайтын ұлының үстінен тиісті жерге сілтеу берген. Жігітті шпиондығы үшін ату жазасына кескен. Шешесінің сілтеу беруі оның моральдық борышын орындауы деп бағаланған. Қорытынды: бұрындары ата-аналарын ұстатып жіберген кішкентай Павликтер бұ күнде өсіп-жетіліп, өздері де ата-ана атанған соң енді өз балдарын ұстатып жіберуге көшкен!
Школ деректір орнына отыра берген бойда сөзді агроном Алпысбай алған еді, бірақ аяқ астынан елеуреген көпшілік оған жуырмаңда тізгін бере қоймады. Гулеп ала жөнелген залда әр тұстан:
– Соны айтам-ау, жоқ заманның белгісін шақырып!..
– Тұқымың жайылғыр, гәзитке жазбай-ақ, өзімізге келіп айтса, қарсы келетін біреу бар ма еді?!
– Әке-шешенің үстінен жазу деген не сұмдық!?
– Құдайдың көк шөбі тұрғанда артыңды Сталиннің үндеуі тұрған гәзитпен сүртіп не көрінді! Хи-хи-хи... – деген дауыстар басымырақ шықты.
Қиқылдақ күлкілі соңғы репликаның иесі қашанда құйтырқыланып, сықақтамай, шандымай сөйлемейтін Сарықожаның тілге тиек еткені ел ішінде кеңінен тараған ескі бір әңгіме-тін. Осында отырғандардың көпшілігі ұзақ қол шапалақтаудың алқауында құрметті пионер қатарына қабылданып, мойындарына алқызыл галстук байлаған қырқыншы жылдардың мұғдарында сегізінші ауылдағы Әлмұрат дейтін кісі бір тойдан кейін бе екен, әлде той үстінде ме, әйтеуір қағаберісте түзге шығып, үлкен шаруасын бітіріп болғасын қапелімде қағаз таба алмай қалады да, шарбаққа қыстырулы тұрған облыстық газеттің дәл «мұртты көсемнің» үндеуі жарияланған бетін пайдаланып жібереді. Оны көріп тұрған бір қу дереу тиісті орындарға жеткізе қояды. Соңы әлгі Әлмұраттың ұзақ шаталуына әкеліп соғады. Сонда ел ішінде беделді, қызыл тілге жүйрік Кенжеш деген кісі жамағайын болып келетін әлгі інісіне бір отырыста: «Құдайдың көк шөбі тұрғанда, Сталинның үндеуі басылған гәзитпен артыңды сүртіп нең бар еді?!» деп ұрысқан екен. Сарықожаның жібітіп отырғаны сол қатқан көң. Ол айтып аузын жиғанша залда отырған баласы Қалидың көк долысы ұстап көтерілді. Өзі найзасының ұшы болат тама елінің өкілі-тін.
– Кімді меңзеп отырсың, қыңыратқып? Ашықтап айт! – деп ақилана ілінісе түсіп еді, оны жұрт әрең дегенде басып, мана Нұреддиннен кейін сөз сұраған Алпысбай «Айтарым бар!» деп сораңдап отыра алмай, қолын қайта-қайта жоғары шығарып мәулет алғасын ғана жиылыс негізгі әуселесіне оралды.
Аудандық «Малды өңір», облыстық «Коммунистік еңбек» газеттерінің штаттан тыс белсенді тілшісі Жомарттың сөзі әсіре-қызылдау шығатын, әманда қызыл шүперегін желпілдетпей сөз сөйлемейтін егделеу скаут еді. Бұл жолы да әдетінен жаңылмай, біссіміләсінде өзінің алдындағы мектеп деректірін атын атамастан аяқтан бір іліп қалды.
– Жаңа, менің алдымда шығып сөйлеген жолдастардың бірқатары үлкендердің жат қылығын ашық жазған жеткіншектердің іс-әрекетін сынап сөйледі, бәтір-еке. Тіпті кейбіреуі қыза келе, мұны ауыр кеселді үздікке алып шығудың қатарына қосты. Осы және залдан берілген қошемет сөздердің аржағынан «Әкені бала, баланы ата жағадан алатын зұлымшылдық қазақтың қанында жоқ, қазақ ағайынға жақсылық жасаумен қазақ атанған» деген сықылды ескіліктің сарқыншақ түсінігінің исі мүңкиді, бәтір-еке. Бұл – түбірімен қате сөз. – Еріндегі насыбайын алып, қалтасындағы дайын қағазға мұқияттап орап салып қойды да, бір-екі түкірініп, сөзін жалғады. – Идея жолында әкесі баласына, баласы әкесіне бұрылмаған замана болған, бола да береді, жолдастар. Біз қазір өмір сүріп отырған толысқан социализм де осының жуан ортасында. «Әрбір асбасшы әйелге дейін үкімет жұмысын жүргізе білсін» деп, Ленин қалдырған уәсиет бүгінгі, кемел коммунизмге алып баратын сара жолдың үстінде де қай кездегіден өткір, зәру тұр, бәтір-еке. Соның ішінде партияның резерві, жас жеткіншегі – пионерлер де үкімет жұмысына қатысатыны күн тәртібінен алынбаған. Тек оған уақыттың биігінен қарап, замананың талабымен жаңадан қан кұйып отырмақ керек. Мысалы, отызыншы жылдары ағарту міністрі болған Бубнов жолдас енгізген әдіс. Тойыс, әке-шешесі балаға күш көрсетер болса, жәбірлесе бала мұны дереу мұғаліміне айтады, мұғалім мектептің басшылығына хабарлайды, ал әкімшілік өз тарапынан әлгі озбыр әке-шешені сотқа береді. Өтімді, пәрменді әдіс, бәтір-еке.
– Тағы бір жол бар, – деген дауыс шықты әрменіректен. – Мақаланы әркім-ақ жазады. Негізі бірден «үндемеске» хабарлау керек еді. Атадан қалған жол солай. – Мұны айтқан Мұқажан еді. Тұрып жалғастырмақшы еді, жанындағы Мәлік «Сен құйтырқыланбай отыр!» деп, бүйірінен солқ еткізе түйіп жіберген соң басыла қалды.
– Сөзімді қорытындылайын, – деді Жомарт репликаға елең етпестен. – Түнеу бір жылы Москваға барғанда көрдім – астана қаламыздың «Красная пресня» ауданында Павлик батырға қойылған қола ескерткішті. Жер жүзілік көлемді алып қарасаңыз, осы қай елде балаға арнап ескерткіш қойылған? Елің не, республикада? Республикаң не, облыста? Мына іргедегі Оралда батыр партизан бала Миша Гавриловқа орнатылған ескерткішті айтам. Жаудың оғы тиіп құлаған атының тізгінін шаужайынан алып, қайтадан лып етіп ерге қонуға дайын тұр ғой жарықтық балақан! Тек бізде, Советтер Одағында, соның ішінде советтік Қазақстанда ғана бар мұндай ескерткіш! Капиталистік бір елдің үлкен қаласының қақ ортасында тас мүсін бір бала фонтанның жанында тұрған көрінеді... і-і, айтуға да ауыз бармайды тіпті тірліктерін... тәшауынан су шаптырып... Буржазиялық тоғышар жұрт сол келеңсіз көріністі тамашалап, үлкен әуезе етеді екен, бәтір-еке. Ал енді біз өзіміздің Онбірінші ауылдың қақ ортасына, қоладан құйып, Қылышбай бала Құлжановтың ескерткішін... кеуде мүсінін орнатсақ, іріп-шіріп бара жатқан капиталистік «азат дүниеге», әлгі тәшаулы баланың жұртына өлтіре берілген соққы болады емес пе!? Ондай ескерткіш мейлінше балдарды ерлікке, ымырасыздыққа үндеп, жеткіншек жастарға тән үздік, сапалық қасиеттерді, совет балалары өнеге тұтатын нағыз пионердің образын бойына жинар еді, бәтір-еке!
Тым-тырыс тынып, шешенге елегізе зейін салып отырған зал осы мезет ду қол шапалақтады.
Жомарт күшейді. Саңлақтанып:
– Онбірінші ауылдағы Қазақстанның бас пионеріне қойылған ескерткіш... ересектер партиясының балалар филиалы – пионерия қаһарманының кеуде мүсіні... шалғайдағы советтік гүлденген ауылдарда Павлик Морозовтың әліге дейін өз постында тұрғанының жарқын белгісі – міне, еңбекші елдің азып-тозған капиталистік дүниеге пәрменді жауабы, бәтір-еке! (Ұзақ қол шапалақтау).
– Елімізде бір ғана партия, бір ғана партиялық құрылыс бар. Және де қарапайым ауыл адамының, қатардағы еңбекшілердің қайсысы болсын даусыз жалғыз моральдық праваға – белгі беру, дабыл ұру құқына ие, бәтір-еке! (Бөлме ішін кернеген көтеріңкі үндер, лепті дыбыстар).
Сансыз көп жиналыстың көрігінен өткен төрағасы тағы да графин-қоңырауын қаңғырлатты.
– Жарайды, Шегеев жолдас, отыра беріңіз, – деп, залға көз тастады.
– Мен де айтайыншы! – Алдыңғы жақтан ортадан төмен бойлы, шымыр денелі Шыңғырбайдың қолы жоғары шыққанда жұрт осыны көптен күтіп отырғандай оған опырыла қарады – «Болады, қызық!». Бұл жолғы шешен көлгірсіп, құлдық ұруды білмейтін турашылдығымен аты шыққан-ды.
– Жақсы, сөз кәсіподақ председателінің орынбасары Шыңғырбай Ермұхановқа беріледі. Жолдастар, тыныштық сақтаңыздар, әдептен аспай сөйлеңіздер!
Білгендей-ақ айтыпты – кезекті шешен сөзін оқыс әрі сұрақты сөйлеммен бастады.
– Ал, халайық, айтңыздаршы. Осы асқынған, шыңғырған үгіт-насихат дегеннің не екенін кім біледі?
Залдан үн қатқан ешкім болмады: бұл – көлденең қыстырылар кергіме керауыз сауал емес, жауабы айтушыға тиесілі шешендік сұрақ екеніне және сол жауапты сәлден соң Шықаңның өзі дұрыстап тұрып беретіні сыралғы жұртқа айтпаса да түсінікті еді.
– Білмесеңіздер, айтайын. Асқынған, шыңғырған аққаптал насихат дегеніміз – жұмалағың есіктің босағасына қыстырылып қалғанда бар даусыңмен екіленіп «Интернационалды» шақыру.
Бір кұйтырқыға әзірленіп отырған жұрт ду күлді. Парторг қапелімде шалғынға салынған орағы құм қауып шақыр-шұқыр ете қалғандай, түсі бұзылып, көзімен үстелдің беттақтайын шұқып кетті. Кәсіподақ Мұқажан «Қазақстан» қорабынан қызыл көтен сигареттің бір талын суырып езуіне қыстырды да, деректірдің өзіне алайған көзін көріп, кері салып қойды. Төрағасы ежелгі «қоңырауын» іске қосты.
– Шыңғырбай Ермұханов жолдас, мәдениеттен озбай сөйлеңіз, бұл сізге той-топырдың мәжілісі емес!
– Иә, иә, дәл солай, той да, топыр да емес бүгінгі біздің жиылыс. Мана бір шешен жолдас айтқандай, басынан-ақ идиологиялық пон алып кеткен жиылыс қой бұл. Ақты ақ, қараны қара деп үйрететін советтік өнегеде, сипақтатпай, мәймөңкелемей ашық айтуды тілеп тұрған әктіп бас қосу. –Жиналыс десе, ептеп шалқымаға салмай қала алмайтын Шықаң қозыға денелі болғанымен, даусы зор еді, залды жаңғырықтырды. – Солай болғасын-дағы бұл жиылысымыз біліксіз білгіреуді, үгіт баян қылуларды көтермейді. Алдымен, ділшіл, турашыл, айдарлы алтын партия мен совет өкіметінің ондаған жылдар бойы сындарлы түрде жүргізіп келе жатқан сауыттай берік жалпы саясатының сорпа бетіндегі майына емес, түп-тереңіне байыптап үңілуді қажет етеді. Біздің жиылыс талқылап отырған тақырып та осы тұрғыдан қарағанда қос қыртыс, терең мағыналы мәселе дер едім. Түптеп келгенде, бір кездегі паразиттерге – уақ зиянкестерге қарсы күрес науқандары еңбекші халықты, соның ішінде жас балдарды да, екі аяқты ірі паразиттерге қарсы майдан ашуға да үйреткені белгілі. Рухани жағынан бізбен бітіспес жауларды анықтап, қадағалап, дер кезінде тиісті мекемелерге білдіріп отыруға баулығаны рас. Ал бұл тақырыпты жасынға шығарғандай боп талқыға салып, айтысқа айналдыратындар және айналдырып жүргендер... – Осы жерге келгенде шешен өз сөзінің бір ұшын әкеп тіреп тұрған мектеп деректірі жаққа жүз бұрып қойды, – иә, иә, жоқ жерден дау туғызғандар тап жаулары, зиянкестер, социалисік меншікті талан-таражға салушылар болатын.– Осы жерде Шықаң әдейі кідіріс жасап, сөзінің көпшілікке қалай әсер етіп жатқанын бір бағдарлап алды: әзірге жаман емес сияқты. – Әсіресе, соңғысы... өзара жымын біріктіріп, еңбекші елдің игілігін білдіртпей бөліп алып, ұрлап-жырлап тойынған паразиттерге Павлик Морозовтың қылығы ашық күні найзағай ойнағаннан кем соқпаған. Сол бит-бүргелер осы күндері біржола мансоқ болды деп айта аламыз ба?! Жоқ, айта алмаймыз. Тіпті де олай дей алмаймыз және мұны осы отырған көпшілік тегіс біледі деуге аузым барады. Себебі, ондай зиянкес паразиттер алыста емес, өз арамызда жүр. Оларды танып алып, бет пердесін сыпыруымыз үшін әулие болудың керегі жоқ – осы отырғандардың қайсыбірінің майлы бетінің жылтырынан бит тайып жығылып жатса, дәл сол адам социалистік меншікті талан-таражға салушы паразит!
Жұрт «Мынау қайда бастап барады өзі?!» дегендей ырықсыз еміне түсті. Президиум тағы да қозғалақтап кетті. Төрағасы сөзге араласты:
– Жолдас Шыңғырбай Ермұханов, анығын біліп сөз ашыңыз. – Факті бер демеді, біртүрлі жақаурата, риза болғаны, не ренжігені белгісіз үн қатты.
– Қайдан білдіңіз деріңіз бар ма, жолдас төрағасы, естіген құлақта, көрген көзде жазық жоқ, – деді шешен енді президиум жаққа қарап, тікіленіп. – Парторг, кәсіподақ, рабашком, басбух, заппермі, қылаяғы гүрт бастықтарына малшылардан қап-қабымен сүрленген сауқат келіп жататыны, арасында маңырап тірі сәлем де жетіп қалатыны, аталған жолдастардың жұмысты сылтауратып, мал қостарында қонақ болып, шопандардың алты қанат қоңыртөбел үйінде сары қазыны еміп, сапыра қымыз ішіп, әйдәй қызды-қыздымен жататындары осы отырғандардың қай-қайсына да бесенеден белгілі пәктілер. Оңаша, шетке шыққасын, әлбетте, жақсылап тұрып сылқияды, оған да айғақ жеткілікті. Партияның саясатын дұрыс түсініп жүргізе алады-ау деген басшы адамдар осылай етсе, жұрт алдындағы абыройынан бас пайдасын артық санаса, өзгелерден не қайыр?! Солар қосыла кетсе, төменнен жоғары қарай толқын боп тарап, жаппай жауапсыздыққа ұласар болса, ондай елдің іргесі жәйлап сөгіле бермей ме?!
Шыңғырбай осыны айтып, бұл уәжі отырғандардың басым көпшілігінің ортақ пікірі екендігіне және ол жалпы саясатпен сәйкесетіндігіне кәміл сенімді кісінің қалпымен кідірді. Көпшілік бас шұлғысып қалғандай болды – «Иә, алар жағың кетсе де, айтар жағың кетпесін». Дәл осы кезде ортаңғы тұстан:
– Шықа, әлгі атаған адамдарыңыз отгондағыларға жеке малын қосып бақтыратынын айтуды ұмытып кеттіңіз! – деген дауыс саңқ ете қалды. Мұны айтқан – есепші Керей Медеуов еді.
Бұл сөз залдың жанды жерінен тисе керек, іштей бас шұлғысқан жұрт енді гуілдей бастады.
– Соны айтам-ау!
– Он қой қоссаң, келер жыл төлімен жиырма қой болып түрегеледі.
– Қайдан, былтыр Қуаныш Оралбаевтың отгонында рабошкомның қойы деп, қошқар жоламай қойды ғой...
Соңғы сөздің иесі – Базарбай келістірдім деп ойлап, жан-жағына мадиықтана көз тастаған, бірақ бұл кез күбініңкі жұрт оны дабырлап қоштаудың орнына президиум жақты бағып, әсіресе, парторгтің бет құбылысына барлай назар тіктеп кеткен-ді.
Есбол ауылындағы Фурманов мектебінің орны
Мәжілісте бастықтардың бір бөлігі – президиумда, екінші бөлігі арнайы қойылған үстелде, әйтеуір, бірөңкейлеу отырған. Ол кезде жемқор деген сөз малға қарата айтылады да, дүниеқоңыз қарауды «жырым жеген», «арам қалта» немесе жинақтап, «жебір» атайтын. Өздерінше – «жинақты кісілер». Солар іштей ылғи да бір-бірімен іліктес, ашына жүретін. Сырттан да айтылар, іштен де бетке соғылар айыптау сөздеріне күндерден күндер, жылдардан жылдар өте бет тарта машықтанып, жел жағынан жібермеуге үйренген жырынды топ бұл жолы да түстері бұзылыңқырап, маңдай терлері бұрқ ете қалғанымен, сырттай сыр алдырмады. Тіс қағып қалған әдетпен, «оу, нақақтан нақақ неге кінараттайсың?», «осы өтірігіңізді айтпаңыз, Пәленшеке!» деп түйлікпестен, өршеленбестен, қайлаға кіріп, бірақ сертке бергісіз ауыр сөздерді ішке құлта қып түйген күйі күйген жапырақтай бырысып қалған.
Шыңғырбайды көпшілік үсті-үстіне сатыр-сұтыр қол соғып, орнына шығарып салғанның соңында Ауданов кенет селсәбеттің алдын орап, әлгі бір әзірде орнында отырып пікір қосқан Нұрышевке көз тоқтатып, тұрғызып алды.
– Сөзді сізге береміз, Жұмабай Нұрышевич, іркілмей сөйлей беріңіз, – деді.
Жұмабай – осында талқыланып отырған мақала авторының жандай досы Ғалымжанның әкесі, сапқоздың бас экономисі, Шықаң сықылды кемшілік иесінің екі аяғын бір шоқайға тығатын турашыл, тік кесіп сөйлейтін кісі болмағанымен, мінезінің едәуір «бұйралығы» бар-ды. Әсіресе, шындыққа келгенде садағын сайлап алатын. Оның үстіне бұл жолы тәжірибелі, қақсал қызметкер сапқоз деректірінің айтылар сөзге жел беріп, өзін білдірмей жөптеп отырғанын жұлынтұтамымен қапысыз сезді.
Сезгені шығар, сөзін өзінің алдындағы Шықаң сықылды бұл да төтен пәктіден бастады.
– Газет өтірік жазбайды ғой, қайтсе де, халайық... – Залдағы бас изескен, мақұлдаған пішіндерден алғашқы сөйлемі жұртқа дұрыс әсер бергенін аңдап, одан әрі даусын мәнерлей созды. – Өтірік жазбайды-ы... Осында отырғандарға жалпы мәлім бір сөз бар. Біздің елде болған жағдай... Кім екенін нұқып көрсетпей-ақ қояйын, әйтеуір ілгеріде бір шопанымыздың әйелі ішек-қарын аршып отырып: «Айналайын үкімет-ай, осының бәрін қалай үйлестіріп жасаған?!» деп таңғалған көрінеді. Үкіметке, оған басшылық жасаушы жасампаз партияға неткен сенім, не деген құрмет десеңші! Ал енді осындай алғаусыз сенімге жергілікті басшылар, соның ішінде өндірістің орта буын басшылары лайық па? Олар бұған немен жауап беріп отыр? – Шешен кідіріп, залды барлап алды. – Бит-бүргемен жауап беріп отыр!
Осы кезде залдан:
– Жұмеке, айтып тұрғаныңыз Қосөзекте отыратын Ізғайырдың қатыны Жұмабике ғой, – деген даусы шықты.
– Қайтесің оны, ауылдың қатындарының мына қарап отырған мәселеге қандай қатысы бар?! – Қабырға үстел жақтан шыққан бұл дауыстың иесі 1-ші пермінің меңгерушісі Нармағамбет еді. Қойшы Ізғайыр қыстауы осы пермінің екінші бөлімшесіне қарайтын.
Мінбедегі шешен мола үстіне қонған қарақұстай қомданып алды:
– Қателесесіз, жолдас Нармағамбет Сәтбергенович! Жұмабике жолдастың сол сөзінің бүгін біз қарастырып отырған мәселеге қатысы тікелей. Ластық, бит пен бүрге бұрын көбінше мал соңында көшіп-қонып жүретін қыр қазағы жарлы-жақпайда, сосын соғыс кезінде, майдан жағдайында ұшырасқан. Содан бері неше ондық жыл өтті, құлдықтан, құлданудан құтылдық, а бірақ әліге дейін жалбыр тонға жайылған жабысқақ биттен құтыла алмай келеміз. Жасыратыны жоқ, қыстауларда, отгондарда отар, табын қостап отырған шопан, бақташы қауымның көпшілігі... жо-жоқ, бәрі дерлік мойны ырғайдай, биті торғайдай жаман ахуалмен күн кешуде. Үкіметке, басшыларға сенімдерінің зорлығы сонша, сонда да осы күйлерін жұмаққа балап, бұдан артық тұрмысты көксеген емес. «Бақ-малда» деп, Отан игілігі үшін жангешті еңбек етуден танбай келеді. Енді осы сеніммен, үмітпен өмір сүріп жатқан ауыл еңбеккерінің үстінен тажал семсеріндей дүрдия үңіліп бір зілді қауіп төніп тұр. Ол – арам жолмен жиған байлық. Яғни, жоғарыдағы орта буын басшылардың бойын дендеп алған тоғышарлық, дүниеқұмарлықтың сиқыр жұтқысын қарапайым ауыл еңбеккері де жұтып қоя ма деп қорқасың. Таспағанға тасқанның салқыны тие ме дейсің...
Шешен бөгеліп, жұдырығына жөткірінген болып, президиум жаққа, әсіресе, деректірдің бет-әлпетіне бір қарап алды. Не кейігені, не мақұлдағаны белгісіз қаражусан жүз. Сөйтсе-дағы ажарында кейістік жоқтай көрінді. Жалғастыра беруге болар.
– Біз түбегейшіл, тұрлаулы коммунистер, барынша максималистерміз. Басқаша болуы мүмкін емес. Оның себебі – біз алға сеніммен жүріп келеміз, жарқын болашаққа сенгендіктен, осы қозғалысымызды тоқтатқан емеспіз, тоқтатпаймыз да. Бұл қияли немесе масқарашылық нәрсе емес. Бұл – өміріміздің бұлжымас нормасы. Сол нормадан тыс, зор күнә, масқарашылық жағдай – өзіне партия мен үкімет сеніп тапсырған жұмыс учаскесінде қосып жазумен, өтірік ақпар берумен, қосанжар бухгалтерия жүргізумен, жалпы алғанда, күніге жүзіңді мың құбылтып, алдамшы сұрқиялықпен тірлік кешу.
Шешен қызынып, ашыла түсті.
– Өздеріңіз білесіздер, өзен алабының бойы, оның екі бетінде тұскиіздің оюындай ойдым-ойдым болып жатқан көп ауыл малға толы. Кең атырап, шүйгін жайлау. Қысқасы, тіршілік көзі – мал. Біз осы «Зауралды» бастап құрған елу бесінші жылы бұрынғы бес-алты қалқоздың қойы жиырма мыңды төңіректеген, сол отарлар төлежіп, бүгінде тоқсан мың басқа жетіп отыр. Сапқозды айтпағанда, осы қазір талқыға түсіп отырған 2-ші пермінің өзінде ғана сегіз мың жылқы, сауындығы мен бойдағы аралас алты жүз мүйізді ірі қара, жиырма мың бастың үстінде қой малы бар. Оларға арнап берік жемшөп базасы жасалған – «Зауралда» үш мың гектар алқапқа жоңышқа егіледі, беденің гектары жетпіс-жетпіс бес сентнерден айналып жүр. Дендердегі ауданаралық ет комбинатында күніге екі мың қой бауыздалып, қырық сиыр маңдайдан тоқпен ұрып өлтіріледі. Күніге, жолдастар! Соның бәрі шәңгекке асылып, терісі сыпырылып, сұрпы еті алынғаннан кейін тұяғы бөлек шығарылып, кейін одан түйме, желім жасалады, қылаяғы сүйек-саяғына дейін ұнталып, тыңайтқышқа айналады. Ал бір қойдың үстінде үш-төрт кәстөмдік биязы және ұяң жүн жүретінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Біздің «Зауралдың», оның ғана емес, Жайықты өрлете кіл нөмірлеп тастаған ауылдардың өсіретіні жай қой емес, асыл тұқымды мал – қаракүлше. Қаракүл елтірінің бұйра жібек ылтыры – сауда-саттықта аса пұлды, ал туғанына екі-үш ай болған марқа қозы – тума қаракүлдің терісіне тіпті бәс жоқ. Өзбек пен ауғанның қаракүлі мен қаракүлшесі ауған мен Африканың свакарасынан артық болмаса, кем емес. Бұрын қазақ одан ішік, тымақ тіккен, қазір аса бағалы елтірі ретінде шетке шығарылады, қалғанынан айбынды әскеріміздің қолбасшыларына арнап қоқырайма пәпекі тіктіріліп, пәлте-шинельдеріне қайырма жаға салынады. Сәйкесінше, ұртын бүлкілдеткен бұл бифштекс пен иінін жаңалаған елтірілі социалистік шаруашылықтарға айрықша көңіл бөлмесе де, жалпы назардан қақас қалдыра қойған жоқ – пермі сайын еңбекші халыққа қажетті жағдай жасалған, тұрмыстық, мәдени қызмет орындары жеткілікті, әлеуметтік объектілердің пайдалануға берілу қарқыны жаман емес.
Осы жерге келгенде Жұмекең сөздің екпінімен мінбеге жатыңқырап қалған еңсесін тіктеп, ыңғайланып тұрды.
– ...Жаман емес, әрине. Десе де, тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға ерте дер едім...– Өз лебізінен өзі шошып кеткендей сөзінің аяғын жұтып, сонысына ызаланғандай кейіпте жалма-жан терезенің аржағын иекпен нұсқады. Жұрт та жапырлап, шешен көрсеткен жаққа қарады. – Мисалы, әне ана екі қабатты үйді көріп тұрсыздар, сырты силикатпен қапталған, отын-суы ішінде әп-әсем жай. Өкініштісі, ондай үй осы сапқоз орталығында біреу ғана және бұл екі пәтерлікке таяу арада кімдердің семьясы кіріп орналасатыны шешіліп қойылған.
– Білеміз, білеміз, кімдерге берілгенін!
– Заңтөбе дейтін ауылдың алды ғой бұл үй, – деген дауыстар қосанжарласа шықты. Президиумдағы рабашком пен жиналыс жүргізуші селсәбет қоса бұқшиды – ленинградтық жобамен салынған типтік үлгідегі әлгі екі пәтерлікке кіретін осы екеуі-тін.
– Ал, қалған екі пәтерліктердің құрылысы бастала бере тұралап қалды, – деп жалғастырды сөзін Жұмекең. – Себеп? Себебі, орталықтан бөлінетін қаржы тоқтаған. Айтсаң, үкіметке іренжулі сөз болып шығады, бірақ, шынына қалғанда, жағдай солай: біздің шалғайдағы еңбеккер ауылдар... енді, өгей баладай шеттетілуде демей-ақ қояйын, дегенмен, ортақ үлестен қағылып, қағажу көріп келе жатқаны ащы рас. Ақыры бастадық қой төбелесті, құлта қалдырмай айтайын. Әнеу бір жылы кәсіподақтардың мәслихатына барғанда кіріп көрдім, Москвада көп пәтерлердің еденіне ксиллолит дейтін ағаш көмірлі материал төселген екен және сонау отызыншы жылдары-ақ төселіп қалған. Ал, біздің ауылдарда жұрт алды саздан ойып алған қамкесектен тұрғызылған шым үйлерде, соңы еденіне қарақағаз төселген жертөле, жертамдарда отыр. Сол Мәскеудің ресторандарында «қара уылдырыққа» еркіңше заказ бересің, небәрі үш сом, ал мұнда, көктемде жөңкіліп іргемізден өтіп жатқан бекіре жазатайым ауыңа іліге қалса, өлім қатері үйіріледі басыңа. Партия мен үкімет үнемі айтып, жолбасшылыққа алып отырған әлеуметтік әділет бұзушылыққа ұшырап тұрғаны айдан анық. Қысқасы, осы жиылыстан бастап сапқоздың берген пайдасының бір бөлігін шаруашылықтың өзінде қалдырып, әлеуметтік-мәдени нысандар салу мақсатына жұмсау мәселесі жоғары орындардың алдына арнайы қойылсын. Мүмкін, тіпті кейбір социалистік лагерь елдеріндегідей, сапқоздың шаруашылық есепке көшіп, өндірген өнімінің бір бөлігін аймақтарға тікелей саудалауға шығып, түскен пайданы өзінде қалдыруын да көтеру керек шығар... – Жұмекең осылай деп, демігіп барып тоқтады.
И-и, несін айтасың, ақиқат деп даукестеніп, дауласып, өмірінің көп кезеңін текке өткізіп алатын бір жандар болады ғой. Шындық деп шыңғырған, шыңғырғасын да шындықтың шідерін ала алмаған Шыңғырбай сондайлардың сұрпынан еді. Оның турасын қиыстыққа балай салу нелер қиыннан таспадай сыдырылып, тақтайдай қиылып, аман өте беретін селсәбет-төраға секілді жырындыларға пәлендей қиын шаруа емес-ті. Қиыны – жақсылығынан жамандығы көбірек қоғамның терең түкпіріне жасырылған құйтырқыны дөп басып тауып, осал жерлерін көрсетпек экономист маман Жұмабай Нұрышевтардың жан айқайын тоқтату-тын. Мәселенің өңі теріске айналып бара жатқанынан әлден шошынып отырған төраға Сәнім енді жанталасып, қоңырау-графинін қаттырақ қаққыштай, өзінің ырқынан тыс сөз берілген шешенді сөзін аяқтатпастан мінбеден қақпайлай түсіріп тынды.
***
Бұл кезде осы жиылысқа іреліп-сойылу үшін шақырылған Сүндет отағасы сөзге араласпай, сол терезе жанында, шетте отырған қалпынан қозғалмаған. Жұмабай орнына барып отырғаннан кейін манадан денесін тақаңқырап қызуын алған шөген радиатордан алыстаңқырай отырып, терезеге жүз бұрды. Тепе-тең төртке бөлінген көзінің астыңғы сыңар әйнегі бетінің тұсына кеп тұрған, содан оңтүстік-батысқа ғана жылжи алмайтын сұп-сұры ұшпа бұлт жапқан қысқа салымның жабырқау аспанына қарай отырып, бедері өшіңкіреп қалған өткен күндердің елесіне түсті. Сәлден соң сағымдай сусып, ұзап кеткен бағзы уақиға көңілінде күндізгідей ап-анық көрінді.
Әлқисса, бұдан аттай алпыс жеті жыл бұрын, мамырдың бесінші жұлдызына қараған түннің бір уағында, Жайық бойында бұйығып жатқан Онбірінші ауылда пермі шопыры Құлжанның Сүндетінің жарқосағы Күйкін толғағы ащы келуі себепті ауылдың қатындарының ұйғарымымен желбауға асылды.
Таң атып, торғай әнге басқан шақта ғана қағанағы қарқ етті, сағанағы сарқ етті бәйбішенің. Жәй сарқ етпеді, бала шешесін әбден қинап және жер-әлемді басына көтере «ән салып» шықты. Ең сұмдығы, теңселменің астында мақтасы түйдектеліп жатқан ескі көрпеге барып түсудің орнына, шақалақты етегіне орап көтеріп алмаққа дайындалып тұрған көршінің әйелі Сәлияның еңбекпен шорланған күсті алақанын да, салпы етегін де қоса-қабат қос аяқтап шірене теуіп барып, анадай жерде шоғы жайнап жатқан қазандық пештің аузына таман топ ете түскені.
Мә, манағы манағы ма, көзі жартиып, басын ошаққа ұрып, жылауды үдетті. Беймарал жатқан қазақ сахарасын масқаралық ұйқыдан оятпаққа соққан кішкентай жез қоңыраудың шыңғыр-шыңғыр «сүйкімді» дыбысы адамның дегбірін алғаны соншалық, кіндік кесуге алдын ала әзірлеп қойған пышағы түскірді қапелімде таба алмай, Сәлия апай далаға қашты. Аулада қалжаға деген қара қойдың терісін іреп, шелмайын сылап жатқан қасапшы жігіттің пышағын жалмажан жұлып алып келіп, баланың жолдасын енеге жалғап тұрған кіндікке салып жіберген, – о, құдіреті күшті құдайым! – жаңа ғана зуылдап тұрған қара селебе баспай қойды. Енді кешіксе, өмірдегінің бәріне өзін жауаптыдай сезінетін әлеуметтік беймазалықпен қарашығы аунап, ақшелісі көрініп жатқан заржақ бала кіндігі мойнына оратылып, бір ұрттам судай ғана көрініп жоқ болмақ мына жалған дүние тіршілігінен заматта баз кешпек. Енді зәрезап Сәлия мойнына сол бір орасан жауапкершілікті алудан қорқып, зәре-құты қалмай аулаға қайта зытты.
Бұл кезде баланың әкесі әуеде ұшқан қызғыштай алыстан қанатымен бәйек боп, қора жақта теңселіп жүрген. Неге екені, осыған дейінгі бүкіл өмірі тізбектеліп, көз алдынан шықпай қойды. Атасы Қараш... әкесі Құлжан... бала күніндегі елді жалпағынан ораған күйзеушіліктер... талайды жер тірентіп кеткен қу соғыс... бәр-бәрі кинолентаның кадрларындай зырқырап, бір-бірлей сырғып өтіп жатыр. Жә, оны қойшы, бәрінен де беріп тұрып қайта әкеткен перзенттерінің мәңгілік шор жара күйігін айтсайшы. Екі еркек бала, екеуі нашар бала. Қазекең қыз баланы әуеден тамған тамшыдай, қолға ұстаған қамшыдай көріп, бала демеген деп келетін сөз – білмей, байыбына бармай айтылған сөз. Жас бала өлсе, «теректен бұтақ ұшып, теңізден көбік шашырапты» деп қоя салады екен дегені де шындыққа сай келмейтін жәреуке. «Біреудің шығар-шықпас жаны бар, екеудің пышақ сырты жалы бар, үшеудің Бұқарда жолы, Қорасанда қолы бар, төртеудің аспанға салған жолы бар» деп, іштей мадиықтанып жүруші еді, құдай көпсінді ме, балаларының алды – желкілдеп жетіліп келе жатқан қос жауқазын қызы, үлкені беске, соңы үшке толғанда елдегі шағыр біреулердің көзі өтіп, тілігіп өлді. Мана мінбеден шамырқана сөз сөйлеген Жұмабайдың ағасы Қабижан заманында дәл осылай, бала тұрмай шетінен кете бергесін әкесі Нұрыш тарапынан әйелі Залиқаның төркін жұртының – нағашыларының бауырына салынған, содан жолы құтты болып, бірінен кейін бірі Жұмабай бастаған екі бала дүниеге келіп, адам боп кеткен. Сол сияқты Сүкеңнің де екі қыздан соңғы ұлдарының төл басы Оңайшаны баласы жоқ нағашылары түйенің шоқпыт жабуына орап әкетіп, сол жақта Шоқпыт-Жабу деген атпен өсіп жетілді. Оның да жолы құтты боп, Оңайшадан кейін көрген Бүркіті – ашамайға мінгізермін деп жүрген ұлы, бірақ туа сала шетінеді. Енді, міне, құдіреті күшті, рақымы мол құдайы жалқұйрыққа деп, шекесі торсықтай және бір ұл беріп еді, онысы да туа сала отқа түсіп, тырысып өлейін деп жатыр. Ныспысын Қоңырша деп бадырайтса да, Лашын деп қоқырайтса да, Жаратқан Ие қарайтын емес, тағы да беріп тұрып алып кетер сұры бар. Енді кәйтті?
Бала тұрмай, зәрезап болып қалған әке жанқысылдыда тағдырды өзінше арбамақ болды. «Тоғыз баланы төсегінде ойнатқан» бауыры құтты ата-бабаның өтелек-төтелегін ойша көктей шолып, әдетте Қазақ қарт зарығып көрген баланы аман алып қалу үшін жасайтын кәде-сәде, ырым-жырымдарды ақыл зердемен жанталаса ізерледі. Көп қой онысы, жетеді, қайсыбірін айтып тауысарсың: бауыр еті баласы үшін ата-ана байғұс не жасамаған десейші – жаңа туған нәрестені қырық ошақтың бұтынан өткізіп алған... біреу өтірік сатып алғансып, есімін Сатыбалды қойған... кісінің жебеуші аңының атын арқалап, Қасқырбай, Құндызбай, Итемген болып атыққандар, тіл-көз тимес үшін Ошақбай, Қойшыбай, Тезекбай секілді жағымсыз есім тағынғандар... бертінгі Сергейлер, Александрлар, Светланалар... Тұрғандар, Тұрсындар, Сақтағандар...
Сүкең ойланды. Фермібай десе ше, перміде туды ғой. Бәлкім, Шора. Бірақ, естуінше, ол үшін баланың шешесі жолбарыс етіне жерік болуы және бала елден ерек болып тууы керек екен, ал Күйкіннің не нәрсеге жерік болғаны дәл есінде жоқ, әйтеуір, Жайықтың қалың қорысынан жолбарыс іздемегенін біледі – жағаның қоқтысы мен қоғасынан жолбарыс құрығалы қай заман! Сонан соң... мына шарылдақ баланың елден ерек емес екендігі аныққа шығып қалса, ертең өскен соң Есболдың суға сиген тентек балдарының мазағына қалар. Шораға ұйқастырып Шота десе ше?! Шота...Шота....не – Теміршот...
Бұл бір ерекшелеу есімді бала тұрмағасын кіндігін ырым етіп шотаяқпен кескендерге қойған дегенді біреуден – сірә, Амантай доғдырдан – естіген еді. Гүржіде Шота Руставели дейтін атақты ақын өтіпті, өзіміздің қазақта дәл осындай атты Шота Уәлиханов мүсінші иеленіпті, екеуінің де кіндігі шотпен кесіліп, бір Шота, екіншісі Шот-Аман атаныпты деген еді бір қонақтықта оқымағаны жоқ «қарбыз бас» дәрігер. Ым-м... Кім біледі, ауылдың әлгі суға кіш еткендері Шотабайды Тәпкібай деп, айнала күліп жүрмесе...
Біз жазған бейшара қағаздың бетін аяусыз күйелей, ұзақ-сонар сыпаттап отырған ой кешу сол сәтінде Сүкеңнің ми қауашағында мүйнеттің жүзден, мыңнан бір бөлшектеріндей ғана уақыт мұғдарында зырқырап өте шықты. Ақыр соңында әлгі қауашағындағы боз быламығының бір бұрышынан құндыз сақалы төсін шайған салуалы бір ақсақалдың бейнесі түрегеліп, көз алдына тартылып келе қалды. Қараш атасы болар-ау деп шамалады, жо-жоқ, шамалағаны несі, соның өзі! Жарық ғаламнан бұл туылмай тұрып жанар тайдырған жарықтықты әкесі Құлжан һәм шын мұсылман, һәм батыршалыс кісі ретінде ыспат етіп отырушы еді, сол рас шығар – қолына ақ қарабас ту ұстап, жауар қардай түтеп, қазық аяқ, кесе тұяқ тұлпарымен үй жанынан дүсірлете өте шықты да, анадайда шымырлап ағып жатқан өзенге қарай жөнеді. Сол дүбірлі келісімен-ақ әлдеқандай жағдайды ым етіп, ишарат білдіріп кеткендегі болды. Құдауанда, сол сәтте есі ала, ақылы шала күйде, өң мен түстің арасында жүрген Сүкең жаралы аңдай атылып барып, төрдегі кілемде ілулі тұрған қара қылышты жұлып алғанын өзі де аңғармай қалды.
Қылышбайдың кіндігін кескен сапы
Қаражолақ қынды ескі қылыш. Заманында тау-тастан қайтпасын деп заһарға салып суарған шарболат, темір мен тасқа қарымас нағыз көкбалдақ болғаны көрініп тұр. «Елдің шетін бер, жаудың бетін бер» дейтін ер беріш түнеу бір жылдары шеп қылуға жігіт бермейміз деп атқа қонған шақта Құлжан атасы да тағынып шыққан екен. Сол талайғы аттаныс-түсіс, үргін-сүргіннен бір белгі боп балдағының сағалдырығынан жоғарырақ жерінде жау құралының ізі – кетік қалған. Дұшпанның төбесінде жасындай ойнағаны былай тұрсын, асылған адамның арқан-жібін қолмен шешпей, осы қара қылышпен кесіп, аспадан түсіріп алған, босана алмай қиналған әйелдің төбесіне үйірген деп отырушы еді жарықтық білетін шалдар. Бұл ес біліп, етек жапқалы ауырған адамның, әсіресе, кеселді баланың көпшілігінің басына қойып келеді. Қынынан алмай қояды. Қылыштың да серті бар. Бұрынғыдан қалған жол солай – оқталған соң қайтуға, кезенген соң атпауға, суырған соң шаппауға болмайды. Енді, міне, Сүкең еркінен тыс, белгісіз бір күштің пәтімен осы шаңырақтың құты – қара қылышты қынынан суырып қарап тұр. Талай жыл торғайкөз темір сауытсыз жетімсіреп, жүзін тат басып жатқан имек бас сапы дүние дидарын жаңалап көруі-ақ мұң екен, үйдің сыртын ала, айнала төңіректі дүбілтіп, дүсірлетіп, үзеңгілері сартылдаған, ауыздықтары қаршылдаған, күлік мінген әлдекімдер жосып-жөңкіліп өткендей болды. Мұның да күллісі мүйнеттің үштен біріндей ғана уақыт алды, одан әрі Сүкең өзі де байқамастан имек бастың мізін сылап көрді. Құдды егеумен егегендей, білеумен білегендей дем тартып, қылпып тұр екен жарықтық шарболат жүзі: ер түркінің қылышы, самурайдың қатанасындай адамның денесін түйреуге және кескілеуге ғана арналған, оны орынсыз суыруға, жерге даңқсыз қадауға болмайды. Қойдың шикі құйрығымен майлап, ер қаруын мейірлендіріп алса болар еді, бірақ оны уақыт күте ме!?
Сүкең жебей басып, қазандық бөлмеге өтті. Күбірлеп: «Иә, Алла, қарғамның шыбын жанын қалдыра гөр!» деп, тілек тіледі. Содан соң талықсып жатқан Күйкінді жапырақтай қалтыратып, жүресінен отырған күйі кіндікті шорт кесті. Қылыш тартудың тәсілін ешкім үйретпеген, сонда да әлденеткен тылсым қылыш дегенің жүзі қылпылдаған ұстара, яки шаппа емес екенін сөзсіз-ақ ұғындырды: имек бастың қайырыла бастаған пышақ әліптес жүзін қиғаштай салып, оқыс тартып қалды. Қылкеңірдегі тажал кіндіктен босаған шақалақ анасының омырауына бара салысымен иіс алып, жылағанын қоя қойды. Көзі кілбиіп, ұйқыға кетті. Әкесі болса кіндікті таза жіппен байлап, түбіне күл септі. Қыз бала туса от басы, ошақ түбіне көмер еді, мынаның шүметейі шүртиіп жатыр, ендеше үй күшік болмасын деп ырым етіп, қыр асыра лақтыру керек, не шабандоз болсын деп ат жалына, оқымысты болсын деп кітапқа байлайды.
Сүкең әлденеге соңғы жолды таңдады. Әлде, таңдамады... Дәл айта алмаймыз, себебі, далалық ауызша тауарих бұл хақында ләм-мим демейді. Қызылшақа шындықты ғана айтатын қызылшақаның ныспысы өзінің кіндігі кесілген құралға орайластырылғаны ғана талассыз шындық.
Негізінде Сүндет отағасы баланың ат-есімін семсерге орайластыруды ойға алып қойған. Ертең азамат атанғанда жұрт «Сүкеңнің Сүкесі» деп кәделеуге жақсы болар еді деген ой ғой. Бірақ, бұл іс әруаққа – тәйт десе талдырып түсіретін әруаққа шет. Оның себебі: атадан қалған мұра – семсер емес, қылыш, тіпті қылыштан да кішіректеу, оның сапы дейтін туысы. Бұл жағы жұртқа аян. Көздінің көзінен, сұқтының сұғынан, тілдінің тілінен запы боп қалған Сүкең осы жағдайды бажайлай келіп, қазанның құлағын онша дабыралатпай қағуды жөн деп тапты. Содан да, онша азандатпай ат қою үшін оңаша алғызған молдекеңе жәйлап қана «Баланың аты Қылыш болсын, кіндігін қылышпен кесіп едік» деді. Молдекең хоп деп, азанды шақырып кеп жіберді, баланың өзіне де, айналаға да естірте үш рет «Қылышбай!» деп айқайлады. Ал, ағайын-аумаққа «Қылышбай дегенге баяғының Әлібек батыры сияқты шешесінен алты қарыс селебе ұстай туған бала екен деп қалмаңдар, кіндігі қылышпен кесілгесін және ғұмыр жасы ұзақ болып, елін жауға алдырмайтын, жерін дауға салдырмайтын қылыштай өткір азамат болсын деп ырымдап қойып отырмыз» деп жарияланды. Көкірегі даңғыл қарттар әлгі сөзге ұйып, бірауыздан бата берді. Және бір қара қойдың басы бұл дүние тіршілігінен тайып тұрды.
Ал, бұл кезде мынау фәниге айнала төңірегін ұлардай шулатып келіп, бір емес, екі қойдың обалына қалған шақалақ Қылыш мәмесін сылп-сылп еміп қойып, көзі кілбиіп, ұйқыны теуіп жатты. Бір күнде бір жасап, екі күнде екі жасап ержететін ертегінің батырындай тез жетілгенін, Сүкеңнің қасқа құлыны желісінде бұлқынғанда мына таусыншақ баласы бесігінде бұлқынғанын былайғы көз көрді, ал араға оншақты жыл салып, қынаптан әбден шығып ап, айналаны шулыған қылып, кіндік шаруашылықтың нән канторына жұртты жинап, қырғын жиылыс ашқызады деп, сірә, кім ойлаған!?
Бұл не сонда, бес жасамай жатып шырық бұзу ма, әлде ат тағынғанында боплық шашып жария етілгендей, шынымен де елін жауға алдырмайтын, жерін дауға салдырмайтын қылыштай өткір азамат атануының алды ма?
Кіндік шаруашылықтың нән кеңсесіне жиылған жұрт алдымен үшбу сұраққа жауап іздеуі керек-ті. Алайда, сарыала қамшыны сусытып төбесіне талай үйірген береке тапқыр баласының оқыс қылығының себебін ашып, салдарын түптеймін деп отырып, осындайда болатындай, бір ойын бір ой қозғап кетіп, қаузап кетіп, ақыры өзін бағзы күндерге апарып тастап, әкеліп тастап отырған Сүкең өң мен түстің арасынан кеңсеге қайтып келгенінде мүлдем басқа талқыға кез болды.
Сапқоз деректірі Нұрмұқан Ауданов малшылармен кездесуде
Жұрт осы екі арада талпа-талпаға бөлініп алып, жақ-жақ болып айтысып жатыр екен. Бұл жолғысы – өңештеген, өзеуреген трайбалистік қаржасу. Қылышбай Құлжанов кім өзі – сталиндік жеке басқа табынудың нышаны арызқой пионер ме, әлде туыстан, отбасынан әлеуметтік қыжылын биік қойған отөрім азамат па, әгәрәки соңғысы дұрыс болса, бұл балдарының ата-анасын көрсетіп беруінің моральдық ақтаушысы болады емес пе... , т.б. маңызды мәселелер айдалада қалған, білектерін түріне, көздері шақшия шырт түкірініп, шартпа-шұрт ұстасқан кәдімгі ата жігі, ру партиясы.
Ілгеріде айттық қой, Атыраудан жоғары қарай, Жайықтың бойында бұрынырақта жалпағынан ел отырған деп. Осы ел сәбет өкіметі орнағаннан кейін де ешқайда кетпей, табан орындарында қала берді. Тек патша заманының нөмір орнына қалқоз-сапқоз атымен жаңадан айдарланды, бірақ сонда да жақындаса араласып қона беретін баяғының тату ауылдарының сүйкімді салтын, ғайып ғадетін бұзбай сақтап қалды. Бұрынырақта қыс қыстаулары бөлек болғанымен, жазда көбінесе қоңсыласа қоныстанатын бір шалдың баласы он бір атаға толған соң өз алдына тақта атанып, бөлек ауыл болып кеткен күннің өзінде де борық тамырындай айқасып, араласып жатады. Ру жігімен алғанда, Жайықтың арғы, оң жақ бетін беріштің жайық бөлімі қоныстанса, сол жағалауды тұтасмен себек, бегіс беріш жайлаған. Және көбірек адай, аздаған тама, есентемір, шеркеш бар. Бұлар да шыған-тоғайда орын ап қалатын ауыл арасының әрі отыр, бері отыры болмаса, мекен-жайлауы жапсарлас болғандықтан, бір Байұлының нәсіл-несібіміз деп, сыйластықтарына қылау түсіре бермейтін. Дәмдес-сыйлас боп, айт-тойларын ылғи бірге өткізіп жүруші еді. Ауылды сәбеттендіру келіп, бұрынғы ру жігімен шоғыр-шоғыр отыратын Пәленінші, Түгенінші ауылдар қалып, орнында қалқоз-сапқоз құрылғасын бір ауылда бірнеше рудың адамдары мидай араласып кетті. Сырт алғанда, ауылдар бұрынғыдай бірлесе қойын құрттап, жабағысын қырқып жатқандай көрінетін, бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп отырған рулар нағашылы-жиен, балдыз-жезделі боп, жиылған жерде кәрі насыбайшыларша ілінісе кететін жарасым бардай еді, а бірақ әртүрлі жағдай туғанда Нұрыштан туған Құрыш, Құрыштан туған Қылыш, Қылыштан туған Былыш бірін-бірі тауып, ежіл-қажыл боп, кісінің оң қолтығынан сүйер бауыр-тумаға айналып шыға келер еді де, мұның өзі әлгі ауылдағы өзге ру, ата-бабаларының көзіне орасан одырайып түсер еді. Біз сөз етіп отырған жапсарлас Қосарал, Есбол ауылдарын бір сөзбен себек елі – Шебекино деп атауға болады, сонымен бірге оларда кейінгі жылдары Адай атаның нәсіл-несібінің басы көбейіңкіреп, жауынгерлігімен, ақкөздігімен аты шыққан олар елдің табаны – себекке іргесін бір ширек ұттырмайтындай жағдайға келіп қалған-ды. Екі жақтың да «ата баласы» дегенде таңдайы тарс айрылып тұрар еді. Әсіресе, бүгінгі жиылыс сияқты шетін мәселелі басқосуларда сондай-сондай бір көңіл ауаны парық беріп қала-тұғын. Осындай бір сырттан тіл біріктіруді беріш жағының бір зерегі аңдап, орнынан атып тұрып, «неге мына адай жағы Сүндетті жазаға тарту керек деп, қайта-қайта қадала береді?!» деп шақшиыпты. Сүкең бұл кезде өз ойымен алысып отырып, байқамаған-ды, кейін білсе, отқа тамыздық тастаған қу Қобылан екен. Жанды жерден тиген жебе оңдырсын ба, ілгеріде Құлжановты дереу жазалауды талап еткен парторг та қарап қалмай, жалма-жан атып тұрып, «Тоты құс, артыңды қыс!» деп, оған бас салған. Бұл сөз, әлбетте, жаннаттан келген себектік тотықұстарға мылтықпен атып жібергеннен кем тимейді. Содан не керек, Шебекино жағының мүйізіне ұрылған соққыдан тұяқ сырқырап, тіпті әшейінде шапқа түртсе шаппайтын біртоғасына шейін ыңырана сөз сұрап, боғауызшылдаулары «сболыш»,«кебенематриден» жіберіп, әйтеуір, кантор іші алағай да былағайға айналды. Екі жаққа да қосылмайтын «аздағандарға» – құйрықтары үстел тесіп, мына мыжымадан шатырлары жылжып кете жаздап отырған былайғы көпшілікке тіпті керім болды мына сахна. Ал, президиум үшін хәл нашарлап, іс насырға шапты. Керауыз кекірлердің кесірінен божыраңқырағанымен, тұтастай өз жөнімен өрбіп келе жатқан жиылыс аяқ астынан дертесінен жаңылып, тезек қораның сыртындағы әңгімеге біржола бой алдырды. Аудановтың көзінің ағын молайтып қарауы жиіледі.Төрағасы жанталасып, қоңырауының сыңғырын қаттырақ шығарды. Ру партияларының серкелеріне қарап, әрқайсысына бағыттай, «Сіз енді берекетті алмаңыз, жиылысты дөңгелетейік, әбед болды!» деген күшті ауыз өкімінен кейін ғана жұрт сәл тынышталды. Айтса-айтқандай, қысқасалымның қысқарып қалған күні тас төбеге келіп тұр екен – қымыз бен етке қарбығып алатын уақыт жеткен сияқты, нағылса да. Енді не істемек керек? Мына тыныштық кідірісін үзіп алмауды жанталаса ойлаған төрағасының есіне ауылдағы бір шалдың «Ай, шырағым, домбыраны тыңқылдатып болсаң, біздің балаға бер» деген аталы сөзі түсе кетті. Жанары жүзіктің көзіндей жылтылдап, залды тінте қарады. Арт жақта салқиып отырған Қобдаш слесір әлгі әбжылан жылтылға іліге кетті. Өзі одан жауап алуды жиылыстың жарыссөз бөлігіне қалдырған еді ғой. Иә, сәт!
– Сөз екінші пермінің слесір-жөндеушісі Қосмұхамедов Қобдашқа беріледі. Мана жауап сөзін жарыссөзге қалдырғанбыз. – Графин сауытқа тиген қарындаштың шыңқ еткен үні шықты.
Қобдаш – Есболдан қарға адым ұзап шығуы сирек болуы себепті мұндай жиылысыңды да сирек көрген адам. Көп жиналған жерде бірдеңе айтуды өмірі өзіне борыш санап көрмеген және осы үстелдің басына келген адам сөйлеуге тиіс шығар деп білмейтін, тіпті кейінге шегерілген өзіне сөз беру дерегі жұрттың жадынан шығып кеткен шығар деп жайбарақат отырған ол жиылыс төрағасы кенет өзіне қайрылған кезде селк ете қалды. Газ кілтін иығына салып алып күйтеңдеп жүретін осы бір біртоға шойнақ жарытып не айта қояр дейсің деп, соның алдындағы ру кикілжіңін әңгіме етіп, өзара кеукелеп отырған жұрт Қобдаштың еденді дүрс-дүрс тепкілей ортаға озғанын да, бірер қақырынып, тамағын кенеп қойып сөзге дайындалғанына да, котельный, насос, сальниктер жайында түсініксіз техникалық терминдермен шұбырта сөз бастағанына да оншалықты мән бере қоймаған. Ұзаққа созылып кеткен жиылысты қалайда қайымдауды ойлаған қызыл шүперекті президиум да, тіпті басқосу ауанын, адамдардың көңіл-күйін қабағының астынан қадағалап отырған деректірдің өзі де мына шұбырындыдан жалыға бастағандай еді.
Осы сәт айтып ақталған сөздері далаға кетіп жатқанын шешеннің өзі де қытықсыз сезінді. Қотанға ілген қарақшыдай жарбиған тұрқын тіктеңкіреп, отырғандарға әлдебір оқыс ашумен қадалыңқырап, еденді солқ еткізе теуіп қалды да, кенет шамырқана сөйлеп кетті:
– Асқар тау, сенде бір мін бар – асу бермейсің. Тасқын су, сенде бір мін бар – өткел бермейсің. Жақсылар, сендер де бір мін бар – өзгеге сөз өңгертпейсің!..
«Осы шойнақ не айтар дейсің» деп дыбырласып отырған жұрт кеукеуін тыйып, аңтарыла қалды. Залда ендігі сөз анық естілетіндей тыныштық орнады. Дауысы ажарлы баритон екен, әжептәуір еңсесін тіктеп, сөйлеп кеткен кезде онысы анық, ашық шықты.
– Жамиғат, шапандарыңды теріс жамылатындай, шикі еттерің шімірікпестен жиналысқа салып көптіретіндей, талқыға салып талқанын шығаратындай не істеп қойыпты бұл әкелі-балалы екеу?!. Кімнің, кімдердің үрпін үзіп, шырқын бұзыпты, өздерің «еңбек адамы» деп ұлықтайтын қарапайым механизатор мен оның қантүбіт ұланы?! Жалын тарап топқа қосқан екен әкесі баласын, бапасы ұлының арманына оның өзімен бірге сенген екен, ал ондай балада арман бар ма, сірә?! Нәтижесінде дүниеге болашаққа көз жіберіп, алдыңа қарақшы тігерліктей ашық пікірлі жас ұлан, тіпті десе, шындықты ағайын деп, тума деп бөлмей-тұғын, бауырын тіліп, өзегін жарып айтатын, «басы орнындағы Махамбетің» келген екен, бұған қуанбайсыңдар ма қайта?! Намысты қайраты үшін алқамайсыңдар ма?!. Әлде ашына айтқан шындығы үшін баласын, оған қоса әкесін ағаш атқа теріс мінгізіп, көре-біле итжеккенге кетіретіндей жылма-жыл жалынды азамат, тәуір кадр бордақылап шығарып жатқан пермілерің бар ма еді?! «Елімнің ертеңі – жалын жастар» деп, сымға тартқандай әдемі сөзді күніге дүз рет айтып-жазатын ел жақсылары, сіздер, осы жерде шындықтың жағына жығылғандар көтерілген дәрежелеріңмен түсіп қалар ма едіңіздер? Азамат, ойланыңыз. Заман күн санап ілгері кетіп барады. Кешегінің бүгінгіге, бүгінгінің ертеңгіге керексіз болып отыратыны болады. Сонда да... соның өзінде де бір нәрсе шығар күндей ақиқат – біз сенген, біз үміт артқан жарқын болашақ, оны жасар жас ұрпақ, жарқын ұрпақ, бақытты ұрпақ жаңадан жауқазындай қылтиып көрінген жастармен, жаңадан молығып келе жатқан жеткіншектермен өсіп-жетілмек. Шын таза жүрек – оқығаннан, оның ішінде өнегелі оқығаннан шықпақ. Міне, мынау Қылышбай, жас өмірі жамырап, қаршадайынан әріппен сөзді бағындырып отыр, ол енді өскенде не болмақ, кім болмақ? Сөзсіз, өткір де өжет, қағылез де намысқор ызалы жазушы болайын деп тұр. Сол жолға түспегеннің өзінде де, ел алдында жүретін кісі атанады, иншалла. Осының өзі аз олжа ма, біле білгенге?!
Қобдаш әлде көптің тарапынан өзінің шешендік сауалына жауап күткендей, әлде алдағы ой жүлгесін қуалап кеткендей біршама бөгелді.
Отырғандар оны бүгін көріп тұрғандай таңырқай қарады. Әрдайым қиқым тірліктен аулақ жүрер біртоға жанды жаңа көргендей таңданысты қарастар. Апырм-ай, әлгі бір... жалыны лапыл қаққан асқақ шырқаулы сөз, шынымен-ақ мына кембағал-қортық Қобдаштан шығып жатыр ма өзі деп, аңтарыла үңіле қарау. Көпшілігі-ақ оның ашылып сөйлегенін одан әрі ден қойып тыңдауға әзір екендіктерін аңғартып, бейілдене бас изеп жатты. Сырттай сыр алдырмағанымен, Сүндет жүрегін ауылдас інісінің сөзі әжептәуір жылытып жіберді.
– Мына есіліп аққан Жайықтың қос беті, жалы сұйық жүйріктен жабы озған заманды да көрді ғой. Бірақ, соның өзінде де бұл киелі топырақта текті шалдардың қойнынан тегеурінді ұлдар өрбуін тоқтатқан емес-ті. – Қобдаш залдың бейілді қарастарынан от алып, жазыла бір сөйлейтінін аңғартты.– Міне, солар... сол ұландар ...бұлттай жабырқай бермей, найзағай боп жарқ ете қалып, шойын тұрықты тағдыр қақпасын талай бұзып шыққандар. Іштегі өртін сыртқа шығара алмай шерменде болар қиракезік, қиын уақытты бастан кешті солар, алайда жалған айып көлденең тағылғанда да ақиқаттың аппақ туын бермей кеткенін білеміз. Соңына сенгендіктен сүйткен. «Арыстан айға шауып, мерт болғанмен, артында жортқан баласы арыстандық етпей қоймас. Ақсұңқар ауға шырмалғанмен, ұясынан ұшқан балапаны ақсұңқарлық етпей қоймас» деп. Қандай жақсы айтылған, шынымен де сұр айдың артынан күншуақ орнамай тұрған ба?!. Күн көзін мәңгілік бұлт басып тұруы мүмкін бе?!. Мүмкін емес! Әгәрәки, торлаған тұманда жылтылдаған бір сәуле көрсетсең! Сонда артыңда өсіп келе жатқан жастарға сенімгершілікпен қарасаң! «Балапаннан бау тағып, талпынтып қолда өсірген, сұңқарларым сендерсің деп. Қараңғыға жарық беріп, жиһанға тегіс нұр шашқан, толған Айым сендерсің деп. Қысылғанда баратын, қиналған күні табатын, болған барым сендерсің. Ағытқан қойдай шулаған, тілегімен халықтың Тәңірім берген ерлерсің деп. Талма кездер жеткенде, тайғақ кешу өткенде, тілектес қара халқыңа қолдарың ұшын бергейсің. Сендерге айтпай кімге айтам, бір деп білектеріңнен, екі деп етектеріңнен, ұстайды халқың сенген соң. Көз алдыңда мінекей, екі көзі жаудырап, торға түсіп халқың тұр, іш-бауырын дерт алып, жан алқымғатақалып, тұла бойы салқын тұр. Сендер бәрі тапқаны, тауып мұңын айтқаны, күндердің күні болғанда, көздерің сала жүргейсің...»
Осылай деп келіп, елеусіз ғана жүретін көрнексіз слесір өз сөзін аяқтап, арт жақтағы елеусіз орнына барып отырды.
Әдетте, мұндай жағдайда көпшілік не ойлайды, нені айтады осы?! Қандауырдай тіліп түскен сөздеріне қарап, текті атаның ұлы ғой, тегіне тартқан екен-ау дер, сірә. Әкесінің (атасының) үлкен үйге кіре білетін, кіші үйге сыя білетін нағыз азамат болғанын еске алысып қояр, бәлкім. «Әкесі молда болған, оқыған деуші еді» деп келетін еміс-еміс естеліктерді де ойға оралтар. Мына кітап сөзін содан қалған кітап жиғыштығына апарып тірер.
Бірақ, Қобдаштың өз жағында «заттың тұқымы-ау осының» дегізерліктей ешкім жоқ-ты. Мұны осында отырған жұрттың бәрі білетін. Жалғыз-ақ Еркін отырып, маңдайын сүйеп, ойлана бөгеліп: «Бұл Қобдаштың шешесі – Тоты апамыз Қызылқоға жақтағы оқыған әулеттің қызы емес пе өзі?!» деді. Өзімен-өзі сөйлескендей, бірақ айнала жұрт еститіндей етіп айтты. Бірден елп ете қоймайтын суық сырдаң, сөйтсе-дағы бар мен жоқты қадағалап отыратын кісі-тін. Жұрт сонысы үшін сыйлап, сөзіне құлақ асатын. Алайда, соның өзінде де, Қобдаштың нағашысы мына іргелес Қызылқоға жерінен шыққан, 37-де жаман атақ жапсырып, Үскентау асырған қазақтың аты даңды, оқымысты кісісі екенін білетін жұрт елп етіп қоштай қоймады Еркін сөзін. Бұл – сырттай жасаған қалыптары. Ал, іштей адамдар, қымқуыт тірліктің илеуінде жұтылып жүрген жұрт Қобдаш сөзінен соң бойлары тазаланғандай, тазарғандай, бір жеңілейіп қалғандай болып отырған-ды. Күнде көріп, көзқашты болған тірліктеріне ашық тұрған терезеден саф ауа енгендей еді. Әлгі, атын атауға болмайтын түймелі кителді кісілердің алдын көрген, сабақ алған мұғалімдерден білім тиянақтаған жасы егдеулері бала шақтарында миларының бір бұрышында, ол бұрыштың терең түкпірінде берік ұялап қалған әлдебір сөздерді шым-шымдап тірілтті. Ие, ие, ұмытылмапты, сақталған екен жадуалдың алыс түкпір бір қоймасында...
«Арыстандай айбатты, /Жолбарыстай қайратты- /Қырандай күшті қанатты, /Мен жастарға сенемін!/ Көздерінде от ойнар, /Сөздерінде жалын бар,/Жаннан қымбат оларға ар, /Мен жастарға сенемін!/ Жас қырандар- балапан, /Жайып қанат ұмтылған, / Көздегені көк аспан, / Мен жастарға сенемін!/Жұмсақ мінез жібектер,/ Сүттей таза жүректер,/ Қасиетті тілектер-/ Мен жастарға сенемін!/Тау суындай гүрілдер,/ Айбынды алаш елім дер,/ Алтын Арқа жерім дер,/ Мен жастарға сенемін!/ Қажу бар ма тұлпарға, / Талу бар ма сұңқарға,/Иман күшті оларда,/ Мен жастарға сенемін!../ Мен сенемін жастарға, / Алаш атын аспанға,/ Шығарар олар бір таңда, / Мен жастарға сенемін!»
***
Сапқоз орталығындағы төтенше жиылыс аяқталған шақта күн көкжиекке еңкейіп, екінді таялған еді. Жиналған жұрт бет-бетіне тарап, ауылдарына жеткенше қоналқаға жақындады. Ел жататын уақыт болды, алайда алдыңғы күні орман өртіндей дүр ете қалып, неше саққа жүгіртілген сұқ хабардан дүрлігіп барып басылып отырған елдің құлағы жиылыс нәтижесімен жаңадан көтерілген. Гу-гу қайтадан күш алған. Қойшы, әйтеуір, қысқартып айтқанда, о күнгі ауылдың сторителлингі мынадай болды.
Күн еңкейе, Қобдаштың сөйлеген сөзінен кейін көп ұзамай төрағасы бас қосуды аяқтамақ ыңғай білдіреді.Тәртіп бойынша әктіп жиылыстың пртоколы жасалып, шешімі сол жерде әшкере оқылуға тиіс. Сонымен бірге, мұндайда жазылмаған және бір заң бар-ды: әктіп коллективтің бірінші басшысының шешімді сөзін күтеді және пыртокол со кісінің тақияға тас тастағандай, яки емеурінмен жақаурата созған сөзінен кейін барып жасалмақ.
Бұл жолы да солай болыпты. Бізге үзік-үзік жеткен мәліметтерге қарағанда, айбаты Алатаудай деректір жауар бұлттай тұнжырап, біраз ойланып отырғанның соңында, бірнәрсеге бел буғандай, қаламын құшырлана сығымдапты. Кейін жұрт бұдан өздерінше түрлі мағына шығарып алған, десе-дағы, бір жағдайдың басы ашық – Нұрмұқан Ауданов сол жолы мәселені шешудің «аупарткомдық» тәсілінен басқа, өзінше бір бөлек бағытпен кеткен. Алдымен, қарамағындағыларды бір сілкіп, сілкінтіп алмақ ниетпен бүй депті:
– Осы сендер, барлығың да, малшылардың арқасында жер басып, бала-шаға асырап отырсыңдар. Шынына келгенде, жекедегі малдарыңды қырдағы бақташы мен қойшыға қосып қойып, өздерің мында алшаң басып жүрген жүрістеріңді жердегі мен жасырғанмен, төбедегі «деректірдің» алдында жасынға шығара алмайсыңдар. Сөйте тұра, сол еңбекші қауымның шын мұң-мұқтажын шешіп, кем-кетігін толтырудың орнына қарекетсіздіктеріңді ауадан уәде, тозаңнан тілхат беріп, қыздырманың қызыл сөзінің топанына көміп құтылып кеткілерің келеді жауапкершіліктен. Моншаның істен шыққанын, мектептің құрттап бара жатқанын сезіп-біле жүрген мына сендер үнсіз қалғанда, тышқандай бала шыдамай майдан ашыпты. «Заң-еке, партия-еке, кәсіподақ-еке, бұған не айтасың?!» деп. Біле білсек, бәріміздің жалақы алып жүрген жұмысымызды алтыншы кластың оқушысы өз мойнына артқан. Айтпады демеңдер, бұл бала кейін, өскен соң ел басқарады әлі, тек ғұмыр берсін дейік. Осы тұрғыдан келгенде, Сүндет Құлжановтың мұндай жас жеткіншекті тәрбиелеп өсірген еңбегі жұмыс барысында жіберген жекелеген кемшіліктерін жояды әрі осы жағдайды бақпа қонақ – ойсыз бала өсіріп отырған өзге отбасыларға ұнасымды үлгі, сүйкімді өнеге ретінде ұсынуға әбден лайық дер едім. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды...
Жай-күйді уақыт билеген заман еді дегенмен, басы үйірілсе, аяғы айналасынан шығып қайда барады. Қобдаштың тосын жалынды сөзінен тән алып, едәуір өзгеріп қалған жиылысқа қатысушылар бірінші басшыны қостап, екі байлам, бір түйінге келіпті: жазалаудың орнына Сүндет Құлжановты көтеріп, заппермінің орынбасары-аға жұмысшы лауазымына тағайындауға ұсыныс берген және мұнымен шектеліп қалмай, бір жалақы көлемінде премия беру, Сочиге курорттық емдеу-сауықтыру жолдамасын ұсыну жөнінде шешім алады. Монша дейтін мұғжизаға екібастан бүкіл күш-қайрат жұмылдырылмақ. Ойбүу, ұмытып барады екенбіз ғой, әктіп тіпті қыза келе Қылышбай Құлжановқа Артекке жолдама беру жөнінде де ұсыныс тастап жіберген. Аудан бұған жеке бастамашылықты өшірмеу жолындағы қадам деп, оң көзбен қарапты.
Сол жолы Аудановтың орнында бүгінгінің бәріне баяғы қоржынның түбінен қарайтын біреу болғанда бар ғой, мәселе мүлде басқаша шешілер ме еді, қайтер еді. Әр шешімнің артында адам, отбасы тұрады. Соны білген жақсы басшы – елге құт. Жарықтықтар, халыққа «әй, кәпір» атанбай, соңына түйір сөз ертпей кетті ғой солар...
Бұлар осылай тоқтап тұрсын, енді. Есболдың Айтуар би көшесіндегі 18- нөмірлі үйде не боп жатыр екен, соған келейік.
Не болсын, шәй ішуден соң мал қорада мұздаяқ боп, дірдек қағып отырған ұлын алдыртты. Тұмсығы өзімен кампан болған төрткөз бұзаудың тұмсығы сынды дәрігердің статескопындай сұп-суық. Үй іші қараңғы тартып, жатаған дөңгелек үстел үстіне шам жағылған екен. Кірәсін шам леппен тұншығып, қалтырай жанып, жарығы көмескі ғана түседі. Әкесі үстелдің терезе жақ төрінде қолындағы облыстық «Коммунистік еңбекті» көз алдына бір қырындата жақындатып, қиялай қарап отыр екен, монтанысып Қылышбай кірген соң газетті үстел үстіне қойып, оның үстіне көзілдірігін тастады да, екеуін қолымен жапты. Күс-күс, тарамыс еңбек адамының қолы. Сонан соң баласын жаңа көргендей, әсіресе, бөлекше бас бітіміне таңдана қарап иегімен жанынан орын нұсқады:
– Кел, келе ғой, Болатбегім.
Герой пионер Марат Казей демеді. Тіпті Павка Морозовты да айтпады. Алыс Алатаудың бөктерінде тап жаулармен тең емес айқаста мерт болған «Батыр бала Болатбек, советтік жас пионер» – Болатбек Омаровты айтты. Ұлының «Ақкөке, не болды» деген сұрағын көзінен үнсіз оқып, күндіз Ортақшылда оздырылған жиылыстың мән-жайын, тоқтамын үй-ішіне қысқаша мәлім етті де, аз үнсіз отырып:
– Ал енді,балам, тоқтап қалма, жаза бер,–деді. Жалмауыз өлім бауыры суық қара жерге айқастырған ұлдары еске түскендей жанары шыланды.– Менің атымды абыроймен алып жүргін ...
Одан арғы ду-ду әңгіме үстінде Сочи демалысы көбірек сөз болды. Ол кездің шетелге саяхаты – Қырым мен Кавказды шарлау еді. Болгария барсақ 700 сом төлейсің, ал мында су тегін дерлік жолдама – бақандай жиырма төрт күн, қалтадан шығатыны 36 сом ғана (толық құны 120 сом, жолдама иесі соның отыз процентін төлейді, қалғанын рабашком көтереді.) «Оны қойшы, бәрінен де астаулы «Көкқасқаны» айтсайшы!» деді Күйкін жеңгей қаңылтыр шайды аққұманға еселей салып жіберіп.
Ие, «көкқасқа» бар екен ғой. «ЗИЛ-130», орқояндай орғып тұрған жап- жаңа...бәлкім, аздап жүрген мәшін, қалай болғанда да, су жыландай ағып, Есболдың, одан әрі Онүшіншінің кең көшесінде жын қуғандай жүйткіп жүрсе байы, шіркін! Ауылдың боқ сасыған қатындарын көрер едім сонда...
Шайдан соң Қылыш тезек қораны қойып, төрдегі үйреншікті текемет орнына барып жатты. Кәйтсін енді, балалық масатпен төбесі көкке тиердей болып қуанып жатыр. Әсіресе, Артек еске түскенде Есбол ауылы дым қызық болмай қалды. Бір нәрсенің соңына түссе, түбіне жетпей тыным таппайтын тызалақ Артекке батыр Әлия апасы барған екен дегенді бір жерден оқып еді. Осы өзіміздің Гурьевте соғыстың алдында жасаған ақын Далабай Жазықбаев дейтін отөрімнің де табаны он жеті жасында Гурзуар түбегіндегі, орыс тілі келмей Артек деп кеткен Артық жеріне тиген деседі. Негізі, ол заман Артекке бару Айға ұшқанмен бірдей еді –комсомолдың Орталық комитетінің қарамағындағы пионер лагері халықаралық мәртебеге ие, тіпті оған сонау жексұрын капиталистік елдерден азаттық аңсаған ақ (қара, сары) кептерлер де келеді, қысқасы, жолдама саны тым шектеулі. Ал зәуімде бара қалсаң – о, отрядтық костер, концерттік номерлер, сахналық көріністер...жатар алдында берілетін бір кесек бөлке нан мен айғыр стақан айран ... Күннің көтерілгенін тамашалау үшін Аю-Даг шыңына өрмелеу ... артекшілердің атақты ескек есу флотилиясының өнерін тамашалау... тоқ омырауы сары мәйкіні бұлтия керіп, бұлшық еті тығыз қыпша белі анадайдан андағайлаған әлде пионервожатый, әлде жүзгіш, әлде ескек есуші қыз... әйтеуір, айнала толы құлын мүшелері айқындалыңқырап қалған қызалақ балдар...Осы жерге келгенде, қысқасалымның суығына қарамай Қылыш баланың мығым денесі өзінен өзі пысынап кетті. Жалғыз жатса да әлденеге қарадан қарап қысылған ол әлгі бір үнділік гимнасткалар совет пионерлеріне жасаған сый – Камасутра төңірегіндегі әуейі ойдан құтылмақ болып, «Ауылдағы ферма парторгы Балтабай құсап бапама Қырымнан сырлы шегіршін таяқ әкелсем, жұртқа «Шіркін, ұл туса – Сүндеттен тусын» дегізсем...» деп келетін қиял дүниесіне кетті.
Советтің еркесі ғой, қанша айтқанмен. Қылыш баланың Артекке барғаны жөнінде анық-қанық дерек жоқ, сөйтсе-дағы осы аралықта Ортақшылдағы тарихи жиылыстың тарихи шешімінен соң-ақ, жасы кішірек болғанымен тетелесе теңесіп, құрдастай кеңесіп, кездескен жерде қылжақтаса бастайтын үшбу жолдардың авторының үшбу әңгімесінің басқы жағында айтылған Сүкеңнің Қақасы, болашақ келіндерінің «Асығыс қайнағасы», енді кержорғасына мініп, шын мәніндегі «Сүкеңнің Қақасына» айналғаны зайыр ақиқат. Содан соң-ақ мығым, кесек денесі өзіне үйлесім тауып, байсал тартқан. Әсіресе, ортасынан жарып шыққан жас пері, өңге балдар сырғанақтан кейін құйрығын қасқыр тартып кеткендей жамау киіммен жүргенде, шікірейе, шытырая киініп алатын бұл жаңадан ұшталып келе жатқан қынабы алтын қырқарып тағып, шоқпарын беліне байлап, найзасын кезеніп, күреңтөбеліне жайдақ мініп көшеге қылаң ұрып шыға келгенде бар ғой, енді, тағы да сол қызалақ балалар... өзін бірде менсінсе, бірде менсінбей жүрген кінәмшіл сәкілдектер, небір мықты балдарды маңына жолатпайтын ту асаулар анадайдан тал шыбықтай бұрала келіп, жанынан өтіп бара жатқанда әдейі көзбен тістеп, шекер жанарларын төңкере қарап, мұны биік те саф таза советтік сезіммен аялап өтетіндерін айтсайшы! О шіркіндер-ай, әлдеқалай бір жерде кездесе қалса, тәлімсіп, өзді-өзді құлақтарына сыбырлап, ұялып-қызарып, тәңірлеріне жазады да қалады. Өңгелерін қойшы, анада, уақиға тұсында шақырғанда келмеген, демек, старостасын тауық екі шақырмай жатып сатып жіберген тазалық секторы енді кездескен жерде еріндері күлкімен қауыз жарып, нұрлана қарап, тұлымы шұбыртпадай салбырап, шыпта кірпіктері шаншыла қалатынын немен, қалай түсіндіруге болады?! Әділсіздік атаулыға он үшінде атой сап қарсы шапқан есболдық Дон Кихоттың зауралдық Дульсинея жүптісі болудан кетәрі де емес сияқты ғой өзі. Бәрінен бұрын, – айтуға да ұят, – сол қызы құрғырдың дөңгелене үлбіреп, сәл жымия күлгенде жіңішкере қиыла қалатын шоқтай еріндері осы сәт..., иә, осы сәт қарашығын аунатып, бойындағы еркек белгіге белгі бергізгені неткені... «Өзімді қойшы... Сезімді қайтем тулаған!?»
Ұзамай мұның да емі табылғандай еді.
Ілгеріде айттық қой, Қылыштың аты аталған жерде оған «Сүкеңнің Қақасы» дейтін жанабы ілесе шығатын болды деп. Біздің заманымыздың кішкентай қаһарманы... жо-жоқ, жарқын болашақтың, толысқан социализмнің ақ қанат хабаршысы ендігі жерде сөз сауып, сөйлем бағуға белін бекем буып, білегін мықтап түрініп кіріскен-ді.Тым көп жазылған жазу, тым көп оқылған кітап баланы балалық мінезден айырған да шығар, бірақ қайтесің, шындық солай: өңге жүгірмектер астына сиырдың жапасын қойып, сырғанақта жүрген шақта біздің Қылыш бес саусағы мәймеңдеп, тереңнен құрастырып намажазумен отырды. Танылып келе жатқан жас қаламгер деген атақты ақтау керек. «Шыншыл» дейтін атын қылапсыз қорғап қалғаны жөн. «Он үшінде халық қамы үшін қабырғасы сөгіліп, жүйкесі жүдеген азамат» деген сөздің жауапкершілік салмағы нендей ауыр, қорғасындай... Осы екі арада жұрт бұған «Еңбек жазатын бала», «Газетке жазушы», «Аударып-төңкеріп жазатын бала» іспетті қилы ныспы тағындырған. Бірқатары – әсіресе нәшәндік жағы – екі көзі оттай жайнап, асығынан жер қазып тұрған сығырдан қойдай ығысады. Ұстара-қаламын тізесіне сырт-сырт жанып, әкесінен бастап басқармаға шейін мұртын басып, сақалын алып отырған баламен – бала емес-ау, бәлемен – тіпті «Пәленшекең» атанып жүрген елдің бас адамдарының өзі жақсы болғысы кеп тұра ма, қалай?!. Егер солардың мұны қолпаштап, «Ат арқасына мінді деген осы» деп көпшік қоя сөйлейтінін, тіпті қос қазыны бұзбастан салып, етпен сыйлап жібергісі келіп тұратынын ескергенде, мұның бәрі балаға деген мейірімнен дейсің бе?.. Жо-ғә. Ермақамбет-ау, пермідегі әртүрлі буын басшыларының сегізінші кластың оқушысын бейне бір аудандық газеттің тілшісін қадірлегеннен бетер күтіп алып, жанында салмақтарынан айырылып, Қылшеке, Қылшан деп, үпелектей елпілдеп, үкідей ұшып-қонып жүретіндері ше!? Жо-ғә, тәйірі, бәрі де Қылшандароғлының садақ тартар, яки қалам қозғар оң қолына әлдене үрейлене қарайтынының әлегі.
Міне, содан бастап Қылыш бала өзгеріп еді. Мінезіне бір қатаңдық бітіп еді. Намажазу арқылы ауыл тізгінін түгелдей қолға иіруді ойға алып еді. Қылыш солай өзгеріп еді.
Оның өз жазғанына фотоайғақ тартатын тәсіл табатыны да осы мұғдар. Ол кеңесті берген – «Малды өңірдің» жауапты хатшысы Қапез Мұхтаров ағасы. Со кісі «Жазуға ебің бар, қалдырмай жаз, көптің алдына сал, тек мақалаларыңды фотомен әрле, журналистік зерттеу объектісін фотоаппарат дүрбісіне де іле кететіндердің бәсі бір саты жоғары» деген соң Сүкең алпыс сом жалақысынан үнемдеп, зауыттың тікелей өзінен, он бес сомға «Смена-8» фотоаппаратын сатып әперген. Солай, бүгінгі Илон Маск еңбектегі елгезектегі үшін тоғыз жасында әкесінен компьютер алса, біздің Қылыш фотоқұрал алған.
Қылшан негізі әке-шешеге алақан жаюдан өзін-өзі қамтамасыз етуді жоғары қоятын саналы совет пионері ретінде үш ай каникулда тас басып, мектеп киіміне керек тиын-тебенді өзі табатын. Жаз бойы бес мың саман кірпіш құйып шықсаң, бес жүз сомды қалтаға басасың – ол кезде бұл міністірдің айлығынан да көбірек. Сондықтан Қылшекең он бес сомды қиналмай қайтаратынына бек сенімді-тұғын, бірақ оның армандағаны ғажайып «Гелиос» объективті «Зенит» еді, ал оған шашының талы жетпейді (дерек үшін айта кетейік, Қылшан «Зенитке» ақыры кейінірек, жоғары класта жүргенінде қол жеткізді). Ал мына «Смена-8М» – жер шарында әлі күнге ең көп сатылатын, сонысымен Гиннестің рекордтар кітабына енген фотоаппарат, Ленинградтағы ЛОМО оптика зауытының тумасы, түгел алынбайтын, салбырап тұратын қызғылт-қоңыр былғары қорапқа салынған пластмасса (бакелит) корпусты құрал. Артқы жағы ашылып, кассеталы перфорациялық фотопленка салынады. Оны тас қараңғы жерде арнаулы ыдысқа орналастырып, содан соң фотоқағаздарды төртбұрышты пластмасса табақтарға салады да, «проявитель», «закрепитель» аталатын химиялық қоспалармен жуады. Оптикалық фото басып шығаруға арналған фотоүлкейткіш дейтін қосымша әрі негізгі құралы және бар. Айқындауыш қоспаны бірнеше рет қайталап қолдансаң да фотография өңін бермей, ағы – ақ, қарасы – қара күйінде анық, контрасты қанық болып шығады. Газетке керегі де осындай кәртішке.
Қылышбайдың аудандық газетте жарияланған алғашқы фотоэтюді
Қылышбай өзі фотолабораторияға айналдырып алған сарайдың бір бұрышында әзірленген сондай тұмса өнер туындысы «Түйелер де шөлдепті» деген атпен «Малды өңірдің» екінші бетінде кідірмей жарқ ете қалған. Сол жылдары «Комсомольская правда» газетінің бетін бермей жүрген Василий Песковтың «Сымға қонған торғайларына» еліктеуден туған қарапайым табиғат этюді еді бұл: кешкі апақ-сапақта өрістен қайтып, тасдередегі ағаш астаудан сырп-сырп су ішіп тұрған ауылдағы Маңдайлы кемпірдің жабулы екі түйесі да. Десе де, сол бейбітшіл сүгіреттің өзі бағзы біреулерге іш жиғызыпты. Қылышбай бұл күнде әуе шарына отырғызып, алыс қияндарға сапар шектіретін, сүңгуір қайыққа мінгізіп, су астына саяхат жасататын қиял-ғажайып кітаптарды аттап өтіп, өмірмен, шынайы өмір шындықтарымен біте қайнасқанын, сөйтіп жалғандықпен бітіспейтін жаңа арна, ымырасыз соқпақ таба бастағанын ағатсыз ұқтырыпты. Маусымның әйдік жаңалығы «Қылыш» дуст ұнтағы – зиянкестерге, паразиттерге қарсы күресте тиімді де арзан жойғыш құрал. «Қылыш» – барша үй мақұлықтарымен, шыбындармен, тарақандармен, біте-күйемен, бит-бүргемен және басқа да жемқор жәндіктермен бітіспес күресте таптырмайтын көмекші. Жарнама демесең, үшбу мінездеме осы жерге дәл еді.
Әңгіме былай. Фотоөнердегі отының алды, суының тұнығы «Түйелер» этюді редакцияның лездемесінде мақталып, былайғы жұрттан да жылы лепес естіп жігерленген Қылышбай енді «Кеш» дейтін фотоэтюд түсірмек болды. Алаулай батып бара жатқан "аспан шырағы" – кәдімгі Күн ғой. Әсіресе, оның су бетіндегі қызыл жалқын шапағы болмақ керек. Қойшы, әйтеуір әрдайым қағылез жүретін, шабытының шыңына ұшқан құс жетпейтін береке тапқыр бала бұл жолы да үйде тыншып отыра алмай, бір күні кештете ауыл сыртына шығып кетті. Үйге жақыны – айғыр үйірлі жылқы шұрқырай кеп суатқа құласа да кемері лезде толып қалатын жыра сай канал-тұғын, бірақ ұлттық фотожурналистиканың нәнталап үкілі үміті өзінше сөйлеп жатқан одан әлдене барқадар таппады. Ойлай келіп, Жайық қайдасың деп тартып кеткен. Қазіргі тілмен айтқанда, риверспоттинг жасауға. Өзен аулау – өзен көру, өзен тануға. Басқалар балық ауласа, бұл өзен ауламақ. Жұртты тағы бір мәрте тәйкісінен түсірерлік тосын тірлік емес пе, ә?!
Айдың қай жаңасы екені есінде жоқ, әйтеуір, ерте көктем, балық жүріп жатқан кез. Ауылдағы келіндердің алдағы «Асығыс қайнағасы», мойнында асынған былғары қорап фотоаппараты, бөктергісінде өңгерген су құйған шишасы бар, ауылдан төрт-бес шақырым өзенге ойпыл-тойпыл жүріспен демде жетіп келді. «Ишәкай!»деп барып күмп ете түсетін жаз емес, сондықтан жағаға жеткен бойы фотоаппаратын оңтайлап, жар басында қарақшыдай ербиіп тұра қалды. Сонадайда сарқырап ағып жатқан арналы өзенге «Сменаның» көзгелдегінен сығалай қарап еді, ойпырм-ай, бұрын қалай мән бермеген – бәлкім, өре басында, бұлақ-бастаудан шапшып шығып, жылға-жылғамен төмен құлдилап аққан шағында Ақжайық атанса атанған шығар-ау, бірақ мұнда, төменгі ағысында соның бірі де жоқ – жас фотографтың көз алдында суы көксіген көкпеңбек жайқын шалқып жатты – Көкжайық. Мамыр туа қоймаса да туған елінің, туған өзенінің мамыры кіріп қалыпты: тайлақтай-тайлақтай ақша бұлттарды перделеген буалдыр мұнар жалқынтабақ батар Күннің селдір қызыл арайына шомылып, алтынның буындай толқиды. Өзен көктемде арнасымен емес, қызылсуымен тасып жатыр. Жаға – өздері талай қармақтарын қалдырған қоға-құрақ, тал-шілік быдырық. Алаптағы сай-сала – сарқыраған су, шұрқыраған балық. Фотоаппаратының фокусы нысанның қашықтығына қарай қолмен қойылатын-ды, соны жақындатып көріп еді, құжынаған балығы құрмағыр көзіне ыңғай ақ сүбе, қызыл қанат шабақ болып көрінгені. Үйір-үйір жосылып келіп, кісі жақындай бере қақ жарыла бытырайды да, судың үйірме айналған ағысымен шұңғымаға кетіп, бейне бір жылымға жұтылғандай зым-зия жоғалады.
Қылышбай Жайық жағасында түсірген “Кеш” фотоэтюді
Қураған тоғайдың құсы да көктем шыға қайтып оралыпты. Айналаның бәрі – қанатының жігінен сөгіліп, айдын бетінен дүрк көтеріліп, далпылдап ұшқан қу мен қаз. Кеңк еткен, қарқ еткен дыбыстар. Құрақ ішіне, ескі қамыстың саңылтырын су бетіне жиып жұмыртқа салатын өгіз шағалалардың балапанын шығарып әкетпеген кезі, содан да тарғыл түсті кішкене сопақ жұмыртқаларын қорып, алысқа кете алмай, шаңқ-шаңқ етіп, ұясын төңіректей жүзіп жүр.
Әрегіректе, өзеннің қарсы бетінен қашықтау тұста, Жайықтың оң жағалауында доңғалақты көліктер тоқтаусыз ағылған Гурьев-Орал тас жолы таспадай қарауытады. Ол кезде Советтер Одағының үлкен өзендерінің бетімен суасты қалаш-қанаттары бар «Ракета», «Метеор» дейтін жолаушы кемелер жүйіткитін. Ал Жайықтың мына тұсында, Гурьевтен Индерборға дейін жүк баржалары жүреді, одан бөлек, жолаушы таситын сукөліктер, Махамбет селосына дейін күніге «Можаев» дейтін есек жүрісті екі қатарлы кеме-трамвай қатынайды. Арысы қалтылдап, таяу ағашы сораңдап, будақ-будақ қою түтінді бұрқ еткізіп қойып, ара-тұра алқапты жаңғырта үзік-үзік гудок беріп өтетін әлгіндей сукөлік көксіп еді дегенге әлемнің базары мен назарын тоғыстырып отырған өлкенің қазіргі жастарын сендіру белкүллі қиын…
Жағадан жағаға жаңғырығып жататын осы бір дыбыс-дабыстардың арасынан көктем туа жағалау жұртының құлағын көтерер алабөтен бір шу кездеседі. Ол – лох. Жайықтың сағасына теңізден көтеріліп, одан әрі ағысқа қарсы жоғары өрлеп, уылдырық шашар жеріне дейін тоқтамай жүзетін шоқыр. Гөриіптің ескі аттылы қазағы айтатын «щаврюга» мен «ощетра», қазақша әліптегенде бекіре тұқымдас балықтар, сәуір мен маусым аралығында ені екі жүз-үш жүз метр айдынды жерді алып, тереңінде өзеннің құй табанына шейін сықаса толып, қаптап келіп судың бетін жауып қалады. Әлгі, Сегізінші ауылдан шыққан Құмар Жүсіп жырау «Каспийдің теңеу таппан балығына» деп қиналса қиналғандай-ақ еді – о күнде Жайыққа бекіренің жеті түрі қара уылдырық шаша-тұғын. Және уылдырық болғанда қандай, шіркін, маржан уылдырық еді әрқайсысы. Солар көзден бұл-бұл ұшып, орнына келген кәді уылдырықты малданған бүгінгінің жастарының қаперіне сала кетейік, бүгінде Атыраудан жоғары аттап баспай қалған бекіре бабамыздың ерке Жайығының денсаулық жағдайының қылапсыз дәл көрсеткіші еді: біз сөз етіп отырған жылдары ол бүткіл әлемдегі қара уылдырықтың жартысына жуығын, яғни қырық пайызын бір өзі берген. Совет Одағы өкіре құлаған соң әлгі көлем қырық есе азайып, күрт орта түсті. Сөйтсе-дағы бұрын да, қазір де Жайықтың «қара тарысы» ішкергі жақта жақсы бәс шығарады – кеңес кезінде қара базарда келісі 35 сом тұратын (ол кездегі орташа пенсия сомасы сексен сом, есептей беріңіз). Ал Мәскеудің ресторандарында қызыл балықтың белкеспесін алдыңа тәрелкесімен, қара икраны зәкүскіге деп кесесімен әкеп қояды, cорпа-суан, сусынды қосқанда соның барлығына бес сом бірдеңе тиын ғана төлейсің. Ыссылай қақталған түрі 89-ақ тиын. Шетелдіктерге әсіресе қара уылдырыққа орап пісірген орыс блинчиктері бек ұнайды.
Ал, енді ГУМ-ның «жүзінші» бөлімі арқылы астаналық номенклатураның өңешіне өлшеусіз құлап жатқан жеңсік астың, жай кезде жергілікті халықтың тіршілігін нәрлендірген, адамдар адал ас ішуден қалған анау бір керзаманда ажалдан алып шыққан береке-байлықтың тынысы өз суында тарылып, өз қорығында өрісі кесілетін. Аю-құшаққа мәңгіге құлай жаздап, құлай жаздап, әупіріммен отырған елде басқадай болуы мүмкін емес те еді. Зәуімде ақан құрып, яки тор тастап аулай қалдың ба, «браконьер», «қырыпсал» деген қылмыстық атқа оп-оңай ілігіп, қалған өмірің қорлықта өтеді. Каспий мен Оралдағы Барбастаудың аралығы ерекше күзетілетін «қорық аймақ» болып жарияланған. «Рыбнадзор» дейтін, кесіп алса қан шықпас мекеме бар, алап соның қатаң-қатқыл бақылауында. Өзенді бойлай, әлгі қорық зонаны тұтастыра, әр дүз метр сайын бір-бір милиционерден қойылады. Жергілікті мілиса жетпесе, ішкі жақтан әкеледі. Және бұл орыс милицияң заңсыз балық аулады-ау деген күдікке ілінгенге «браконьер» атағын сыраның шөлмегіне жапсырған акциз қағазындай оп-оңай жапсыра салады да, әй-түйге қарамай бірден соттатып жібереді. Жалпы, бекіре балық уылдырық шашып, шоқыр жүріп жатқан кезде жаға-жағалауда той тойлап, улап-шулап көңіл көтеруге де тыйым.
Алайда, соған қарамастан, бекіре балық ау қабатын көктемнің құтты күні – жағалау толы қарны ақтарылып теңкиіп жататын «шаврюга» мен «ощетра». Контрабандылық арда сезімдері көктеммен бірге оянатын жергілікті жаһаткер жігіттер ау құрып, ішіндегі уылдырығын аударып алады да, сұрпы етін жағаға лақтырып кетеді. Мілиса ше? Е, олардың да, – орысыңның да, – күніге үш мезгіл тамақ ішкісі келеді, ал айлық айына бір-ақ рет беріледі емес пе?! Советтік лохотрон.
Қылыш бала, бала болғасын да осының бірімен де ісі жоқ, ай аттатып келер көктемнің ең бір тамаша шағы – май ішінің тамылжыған күндері де алыс емес екендігін бүткіл жан-дүниесімен қуана сезініп, сәуірдің алашабырланған құбылмалы аспанының астында, тұла бойын шығармашылық шабыт-қуаныш сезімдері кернеген күйі шартабақ күннің батуын қызықтап тұрды. Бұл кезде Күннің қызыл шарасы жергілікті жұрт «тау» деп атайтын жалпақ қыратқа табан тіреген еді. Несі бар, адамдар балық ауласа, бұл өзен аулап, фотокөзіне аспан шырағының қызыл арай шапағын қонақтатпақ. Мына сұм жалғанда сондай жалқы сәттерден тұратын уаныш-ләззаттан артық не бар екен десейші...
Жас фототілші осы жерде балық аулаған адамдарды көзгелдек ұшына жайдан-жай алмаған-ды. Әлгілердің контрабандылық масқара сезімдері оянғанда Қылыш баланың баяғы туабітті сыншыл, шыншыл мінезінің де оянбай қалмауы әсте мүмкін емес еді. Әлде оянбады ма екен?! Бұл жөнінде қария тарих тағы да ләм-мим десе де, сол бір сәтте, жарлауыт жағаның өзенге қарай құлдайтын тұсында, сең жырып тастаған қалың талдың арасында үш-төрт кісінің отырғаны, Олжағали лұғатымен айтқанда, бұлтартпас пәкті еді.
Жарлауыт жағаның үйіріліп аққан көкшілдеу, лайсаң сулы өзен арнасына қарайтік құлайтын тұсындағы тегістеу ояңға біткен жалпақ көгалда, қабықтары ырсиған талдарды қалқалап, бір-екеуі от айнала отырып, бірі шалқалап жатып, әралуан әңгіме өрбіткен, дәлірек айтқанда балыққұмарларға ұқсаған төртеу осы Онбірінші ауылдың жігіттері еді. Лапылдап жанған отқа қу бұтақ сындырып тастап, тал көлеңкелеріндегі қоңырсалқынға көсіліп отырғаны ауылдағы пошта бастығы Шайырман Серішалыстау, ауызбатырлау жігіт, осы топтың бейресми бастығы, серкесі. Төртеуі ара-тұра кесе толы әлдене сұйықтықты өңештерінен қылқ еткізе өткізіп қойып, іле қайзаңдап бірдеңе шайнап, ащы балықтың құйрығын рақаттана сорғыштаған болады. Ауыздары босай қалса, жан-жақтарына қаранып алып, әңгімені қыздыра соғады. Құдды үш құлаш қайық мініп, төрт құлаш таяу ұстап, алты құлаш ау өңгеріп көк теңізге шығып келген кәнігі балықшылардай құтыра соғады. Оған айғақ-дәлелдері де жетерлік – шалғыны ат арқандай боп жапырылып қалған ояңда қармаққа ілінген қызылқанат, сарықанат балықтың неше атасы, сарыжез бауыр сазан, көксіген көксерке, сағағынан ілінген майлы сыла, жемеңқор жайын, несін айтасың, талдан жасаған тізекіге желбезегінен шәлкілеп тізген де тастаған. Кейбіреулері жондарында шалаң балдырлары көгершіп, бұл фәни дүниеден кетер алдындағы соңғы демдерін ауыр алып, жансырап жатыр.
Былай қарағанда, қоңырайған балық сорпасын аңсап келген, ауылдың кәдімгі жігіттері. Дегенмен, осы көрініске ұзақ аңдап, терең барлап көз салар сырт жан болса, олардың жар басында Қылыш бала пайда бола кеткелі әлденеге аяқ астынан құты қашып, берекесізденгенін байқар еді. Ернеудегі тал шоғырының түзуінен қармақ сап кесіп тұрса да, таңдап тұрып шомыр таяқ сындырып алып жатса да, күйелеш-күйелеш көк шәйнекті үш ағаштың басын түйістіріп жасаған мосыға іліп, астындағы бықсыған отты түрткілеп жалынды шалқыта түсіп отырса да, қолтығының астына көпшік сияқты етіп томпайтып үйіп қойған топыраққа бүйірінен жантайып жатса да, қойшы, не керек, қандай жағдайда да әбігер төртеуге беймезгіл уақытта жар басында жол торыған қарақшыдай жан-жағына қаранып, тас мүсіндей бедірейіп тұрған жаңғыз бала тіпті ұнамай барады. Ұнамағаны несі, Ильич аталарының буржуйларға қарағанындай қараспен сығырайып, әр қимылын аңдиды баланың. Бала емес-ау, бәленің. Әйтпесе, не жейін деп жүр бұл жерде бейуақта, балшыққа батқыр?! Поштабастық Шайырман шөптің сабағын изелей үзіп алып, тісіне қыстырды да, онбірінші ауылдың Павлик Морозовына күн сала қарады.
Бұ күнде құдай ісі болып, бірқатары дүниеден озып кеткен төртеудің көңіліне күдік қашатындай-ақ бар еді.
Жарқабақтың қоға кемерлеген бір иінінде жондары атластай жалтылдап бір топ бекіре балық жатқан. Уылдырығынан арылып қалған шоқыр өлімтіктеріне қарақұс, қарға, өгіз шағала жиналып, той тойлағалы бірқыдыру мезгіл. Күні бұрын жайып қойған ұсақ көзді зілбатпан жайқын торды екі жағынан қаймана иіс сасыған балығымен түйіп, көтеріп әкеп тастағаннан кейінгі тірлік. Іштері ақтармаланғаннан соң уылдырығы әрменіректе, таса жерде суға батырылған дорбада тұрған. Әлгі жылдары бүткіл Одақты дүр сілкіндірген, гурьевтік генерал Саппаевтың басшылығымен жүзеге асырылған атышулы «Икра ісі» кезінде қолға түскен алтау – Атырау уылдырығын посылкамен екі күнде одессалық сыбайластарына жеткізіп отырған жырынды, әгәрәки есболдық браконьерлер бойын ширатып, қанын жүргізбесе, кәсібін осыншама уақыт сәтімен дөңгелетіп отырар ма еді?! Әлбетте, дөңгелете алмас еді.
Енді, міне, қораларын қойға, шараларын майға толтырып отырған ен байлық әп-сәтте тігісінен тозған бөздей ыдырап, уыстан сусып кеткелі тұр. Осы ойлар төртеуінің ми қабаттарын әне-міне нажағайдай шаншып өткенше баланың фотоаппараты да шырт ете қалды. Алда ғана иттің асыраған баласы-ай!
Бұл дүние тіршілігінің соңғы Идеалисі қара эбонит батырманы басып қалды. Затвор шырт етті, бейнеіздегіш оптика Күн көзіне шағылысып, қазіргі заманның жоғары сападағы айналы фотоаппараттарынан кем түспейтін синхроконтактілі фотожарқыл жарқ ете қалды. Батып бара жатқан Күннің сәулесі, сатырлап жанған алау оттың қызыл айдарлы жалыны фотоэмульсияға бір мезгілде қатар тізілді. Бітті, бәрі де бітті!
Сол уақиғадан алты жыл өткенде ғой, аң-құсты түсіру және шпиондық мақсатта пайдалану үшін «Зенит-125»-тің ұзартылған объективіне тұтқа орнатып, қолжалғас фотомерген ойлап табатындары, ал мына бақаболғырдың қалам ұстаған қолы неқадар мерген болса, фотоаппарат ұстаған қолы да соқадар «снайпер» екенін жағада ойбайлап жатқан төрт малтапқыш ағатсыз ұқты.
Білгендей-ақ ойбайлапты. Шынында да бұ баланың өмірді ақ пен қара түсте бейнелеу стилі алабөтен екен – тіпті жұрттың қолы жете алмай жүрген түрлі-түсті эктахром пленканың қажеті жоқ. Әңгіме былай.
Ымырт үйіріліп, көз байлана Нұрадым бастаған төртеу өзен жағасынан төтелеп Сүндет үйіне келді. Сүкең сәкіде кешкі шәйін енді алдына ала берген еді, төртеуі «Сүке, мына Қылышбай бізді сүгіретке түсіріп алды, онысын газетке бермес бұрын біз көріп алайық» деп жалынған соң «Ендігәрі Жайыққа жоламаймыз, ақ көке!» деген сөздерін ала отырып, сарайда фото шығарып жатқан Қылыштың үстіне кіргізді. Бірақ ондағы әңгіме өзгеріп, шұғыл да қарасуық, қатқыл өң алды. Поштабастық Шайырман : «Ей, Қылшан, сен бізді газетке беріп, тағы да шұбыртып бірдеңе жазбақсың ғой, дабай, қой оныңды, әйтпесе ана кәлләңді шырт еткізіп кесіп алып, форточкадан лақтырып жібереміз!» деп, тоқпақтай жұдырығын білемдеді. Батырға да жан керек, Қылыш жағалауда түсірген кадрларының шығарып үлгергенін қолдарына түгел ұстатты. «Браконьерлікке жатады-ау» деген кадрларды, әсіресе ау шығарып жатқандары ілігіп кеткен тұсты төртеуі пленкадан өз қолдарымен қиды, дубль негатив қалғанын біліп, оларды да жойды. Сонымен «іс бітті, қу кетті».
Бірақ, үлдірге шығарып үлгермеген бірнеше кадр қалған-ды. Соңыра Сүндет отағасы «фотолабораторияға» арнайы келіп, соларды жарыққа тосып қарады. Көріп, баласының шеберлігіне қабағат қайран қалды.
Қазіргі фотоаппараттарда жарық, түс қою деген нәрсе өздігінен, автоматты түзімде жасалады ғой, ал ол кезде бұларды фотограф қолмен келтіреді, содан да сүгірет сапасы анағұрлым артады. Ол заман фотограф мамандығына ынта қойғандар бұл істі техникалық техникумдарда арнайы үйреніп шығады, осы жолда әсіресе оптикадағы «жарық күші» деген құбылысты білудің жөні бөлек. Ол дегеніңіз – объективтің өз қарауылына ілінген бейне-көріністі не күшті, не әлсіздеу тіркеуі, көрсете білу қабілеті.
Шәкілді «Смена-8»-дің объективінің көру бұрышы 55 градус-тұғын. Үш бірдей әйнек линзамен жабдықталуы кейінгі «сабын қойғыштардың» пластик оптикасынан әлдеқайда тәуір сапа беретін анықтық деңгейіне жетуге және соны реттейтін арнаулы шәкілдің болуы объективтің кескінді мейлінше анық қамтып, қанық сүгірет түсіруіне мүмкіндік беретін еді. Көрініс ұсталымы мен диафрагманы қолмен ретке келтіру түсіретін кадрларға өзіндік мән-мағына дарытуға апаратын жолдың басы еді десе де болады. Міне, техникумда оқымаса да, әлгі шындыққа қара тәжірибемен жеткен Қылышбай алғашқы түсірілімдер кезінде-ақ үш триплет дөңес айналы, кең бұрыштамалы объектив параллакты көрінісіздегіш көретін аумақтан әлдеқайда кең ауқымды қамти алатынын жете түйсінген. Бірақ, көрінісіздегіштің мүлтігі де осыдан шығатын: оны өзі терезеден кадр түсіріп талай байқаған – шығарылған фото мен көрінісіздегіштің көзгелдегінен көретін терезе сыртындағы әлем екі басқа болып тұрады. Бірақ, қанша жаттыққаныңмен, көрінісіздегіш бәрібір назарына артық көрініс, артық нәрсені іле кетуін қоя алмайды.
Сүкең фотоісінің мұндай қыбынан бейхабар еді, сол себепті ол поштабастықтың экзекуциясынан әлдеқалай аман қалған кәртішкелерді жарыққа тоса қарап тұрып, ондағы артық көріністерді солай болуы керек, заңды нәрседей қабылдады. Бір сүгіретті шұқып көрсетіп, «Ей, мынау біздің Қобдаш қой, ол нағып отыр мұнда?!» деп таңғалды. Оны Қылышбай да байқамаған екен, әкесі айтқан сүгіретті аударып-төңкеріп, тесіле ұзақ қарады.
Халел Досмұхмедовтың кітабы
Алтын табақтың өлген балықтардың бозғылт көзіне түсіп шағылысқан жалқын сәулесі, жас оттың қырмызы қызыл реңкті жалыны, сытыр-сытыр жанған ошақтан кешкі самалмен бұраңдап, шұбатыла ұшқан селдір түтін… бұрын көрген, бар көріністер. Ал мынау… әртаман, кадрдың шетіне түсіп қалған танылмайтын ұшпа объект кім, қайдан келген?! Кемтар аяғын суға малып қойып, кешкі самиян ауадан нәр алып, қарсы алдындағы батар Күннің шұғыласына шомған сомдал көрініске сұқтана көз тігіп отырған кім еді, шынымен де кембағал-қортық Қобдаш слесір ме өзі?!
Әкелі-балалы екеуі көңілдегі күмәнді сейілтпек болып, кадрға одан әрі тесіле үңілді. Сөз жоқ, соның өзі! Тізесіне қойып, алақанымен сипап отырған кітабына шейін анық түсіпті. Жұқа сары баспаханалық мұқаба қағазға қия жазулы араб қарпімен бәдізделген кітап атын да ажыратуға болады.
Сүкең бала шақтан білетін ескішесін шым-шымдап еске түсіріп, араб қаріпті сөздерді ішінен тасымалдап оқи бастады. Қоянның жонындай кітапшаның сыртына «Халел Досмұхамедұлы. Адамның тән тірлігі. Ташкент, мемлекет баспасы күншығыс бөлімі, 1927 жыл», деп жазылған екен.
Халел Досмұхамедовтің жиені Еркін Митанов
Бұлт астынан булығып Күн жарқырай шықты. Ноқтасыз, ерке Күн.
Әкелі-балалы екеу жанарлары қарыққандай, еріксіз көздерін қалқалады…
Маусым-желтоқсан, 2023.
Атырау-Қаскелең
Суретті салған – Мәлік Қайдаров
Бөлісу: