Думан Рамазанның «Көш» әңгімесінің көркемдік-аксиологиялық ерекшеліктері
Бөлісу:
Жалпыадамдық құндылықтарды арқау еткен көркем туындылардың ғұмыры да ұзақ болатыны заңдылық. Өйткені, күллі адам баласы үшін маңызды болып табылатын категориялар қоғамдық формациялар ауысып, дәуірлер өзгергенімен, өзектілігін жоймақ емес. Содан да аталмыш ұғым-түсініктерді ту еткен әдеби мұралар ғасырлар бойы өз оқырмандарының рухани-мәдени қажеттіліктерін өтеп келеді. Аксиологиялық сипаты басым әдеби мұралардың поэтикалық салмағы аса ауыр болмаса да, аталған қасиеттеріне қарай кейде өз құнын жоғалта қоймайды деп ойлаймыз. Мысалы, совет кезеңінде мақтауға ілініп, көп насихатталған кейбір әдеби шығармалардың бүгінде ауызға алынбайтыны осының айғағы болса керек. Ал таптық, социалистік шындық аясымен шектелмей, жалпыадамдық құндылықтарды арқау еткен кейбір шығармалар әлі күнге дейін оқырман ықыласына бөленіп, өзінің маңыздылығын арттыра түспесе, кеміткен жоқ. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі оның қатаң цензурадан босап, ұлттық және жалпыадамдық мұраттарға қол созуында деп есептейміз. Бұл өз кезегінде проза жанрында да әрі аксиологиялық, әрі поэтикалық қуаты мол көркем туындылардың жазылуына түрткі болды. Әсіресе, тоқсаныншы жылдары әдебиет айдынына келіп қосылған қаламгерлердің үні өзінше бөлек шықты деуге негіз бар. Мысалы, жазушы Думан Рамазанның шығармашылығына зер салған оқырман оның мифологиялық, аллегориялық және діни сипаттарды астастыру арқылы ұлттық және жалпыадамдық құндылықтарды шебер қиюластыра білгеніне көз жеткізеді. Ә.Әлиакбар [1], А.Кемелбаева [2] т.б. сынды жазушының белгілі замандастары баспасөз беттерінде оның шығармашылығына жоғары баға беріп, әдеби-ғылыми тұрғыдан талдаған болатын.
Біздің назарымызды оның «Көш» деп аталатын әңгімесі аударды. Әңгіменің тақырыбының өзі ұлттық құндылықты танытатын концептілік мән арқалаған. Біз кезінде Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романындағы көш концепті туралы сөз еткен болатынбыз. Дегенмен, концептінің жеке-дара шығарманың тақырыбы ретінде алынуы сирек кездесетін жайт. Әңгіменің сюжеттік желісі де қысқа. «Қуарған даланы шаңға көміп, ұзыннан-ұзақ шұбатылған» [3, б.23] көштің бетке алған бағыты – Жұмақ-Жай. Көш басшылары алтын, күміс, қола күймелерге жайғасса, арып-ашыған қарапайым халық жаяу-жалпылап ілгері жылжиды. Таудың арғы бетіндегі Жұмақ-Жайға бара жатырмыз деген Малбұқа көсемнің уәдесіне қалың елі де күдікпен қарайды. Дегенмен, сенген кейіп танытады. Айналасындағы жағымпаздар көсемнің күймесін таласа көтеріп, таудың арғы бетіне өтіп кетеді. Ал жүдеп-жадаған қауым асудан өте бергенде қатты дауыл тұрып, көбі қырылып қалады. Аман қалғандары әрең жеткенде билік басындағылар көсемнің асқан даналықпен көш бастағанын мадақтап, той жасап жатыр еді. Бас уәзір бастаған жағымпаздар қу тақырды көрсетіп, жасыл желек жайқалған жаннат мекенге келгенін айтқан кезде басқалары да қуана қолпаштайды. Шылғи өтірікке шыдай алмаған Нағыз ақын ғана батылдық танытып, шындықты жайып салады. Алайда, уәзір оның жүрегіне қанжар сұғып өлтіреді. Өтірікке бой алдырған елдің күні сол арада бітетінін оқырман құзғындардың жинала бастауынан-ақ біліп отырады.
Әңгімеде Малбұқа көсем, бас уәзір, Нағыз ақын, Дәлдүріш ақын және бірді-екілі жағымпаздардың бейнесі көрінгенімен, негізгі көркемдік детальдар мен идеялық концепция дана қарт пен он үш жастағы немересінің бейнесі арқылы, олардың арасындағы диалогтар арқылы ашылады. Дегенмен, осы екі кейіпкердің өзі тұтас халықтың бейнесін ашып береді. Дана қарт пен баланың арасындағы диалог өз дәуірінің құндылықтар жүйесінің деградацияға ұшырағанын дәл танытады. Солай десек те, әңгімеде реалды уақыт жоқ, нақты айтылмайды. Одан гөрі шығармада аллегориялық-ертегілік уақыт басым. Түптеп келгенде, оқырман астарлы мәнмен берілген идея арқылы шығарманың дәл қазіргі өміріміз туралы екенін іштей біліп отырады. Үзінді келтірейік:
– Ата, біз осы қайдан шықтық? – дейді бала сұраулы жүзбен.
– Менің білуімше, Бағзы жақтан шыққан сияқтымыз! – дейді дана қарт та тартынбай.
– Ол қай жақта?
– Арт жағымызда.
– Қазір қай жерде келеміз?
– Жетер жеріміздің желке тұсында келеміз.
– Сонда біз осы қайда бара жатырмыз?
– Біз қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жатқан сияқтымыз! [3, б.24]. Баланың сұрақтарын, бір жағынан, тұтас ұлттың тағдырына қатысты қойылған сұрақтар деуге болады. Ал жауап беруге тиіс дана қарттың, аға буынның өзі сенімсіз, сөзі нық шықпайды. Бұл – алдыңғы толқын мен кейінгі буынның арасындағы мәдени-психологиялық сабақтастықтың үзіле бастауының көрінісі.
Асудан өтіп жатқан кезде дауыл тұрып, қарапайым халықтың көбі мертігіп қалды. Тіпті күймелер құзға құлап, әлсіздер түгел қазаға ұшырады. Ал дана қарт аттан түсіп, жартастың ығын паналайды. Осы кезде қарттың діни құндылықтарының басым екені білінеді. Ол Аллаға жалбарынып, медет тілейді. Бұл, бір жағынан, адамның табиғатында бар қасиет сықылды. Себебі, көптеген әдеби туындылардағы кейіпкерлердің бойынан тап осындай ерекшелікті байқадық. Қысылтаяң шақта кейіпкердің құндылықтар жүйесіндегі наным-сенім құндылығы іріленіп, алға шығады. «Көш» әңгімесіндегі мына үзінді ұлттық құндылықтардың өзіндік ерекшелігін танытады: «Талай адамды тас басып қалған. Анадай жерде жүк-мүгімен аударылып түскен кәрі атан ыңырана ыңырсып, әлсіз ғана тыпыршиды. Оның жанында быт-шыты шыққан ағаш бесік жатыр. Сәл әріректе қара қазан төңкеріліп қалған.
– Ой, астапыралла! – деді оны көрген данышпан қарт көңіліне кіді алып, – Ел-жұрт аман болса екен!..» [3, б.28]. Осы үзіндіден қарт кейіпкердің танымындағы ұлттық ерекшелік даралана көрініс табады. Өйткені, біз қара қазанның төңкеріліп, бесіктің быт-шыты шыққанын елдің амандығымен ұштастыратын кейіпкерді тек қазақ әдебиетінен ғана таба аламыз. Өйткені, көш, бесік, қара қазан сынды ұғым-концептілердің этнотаңбалық сипаты басым. «...этнотаңбалардың өзі ұлттың зерделеген, бақылаған, байқаған, тәжірибесінен сұрыпталған таным-түсінігінің қолданыста қайталануы, екшеленуі нәтижесінде түпкі санада терең сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетуі негізінде қалыптасады және олар символдық, икондық, индекстік бағыттарда таңбаланады», – деген А.Әмірбекованың пікірі бұл ойымызды қуаттай түседі [4, б.13]. Этностың ғасырлар бойғы тәжірибесінің негізінде қалыптасқан аталмыш ұғымдар концептілік өріс құрап, белгілі бір деңгейде символдық мәнге ие болған.
Әңгімеде Малбұқа бейнесі шынайы көшбасшы ретінде көрінбейді. Ол – тек Жұмақ-Жайға жетуге аз қалғанын айтып, халыққа болымсыз үміт сыйлап қоятын немқұрайды басшы ғана. Басқа уақытта өтірік сөзге малданып, етке тойып, сарай ақынының өлеңіне мастанып жүрген адам ретінде көрінеді. Оған қарағанда бас уәзірі билік айтып, шешім шығаруда белсендірек. Ол – бар билікті қолына алып, елді авторитарлық жолмен басқарып отырған ақылсыз уәзір. Осының бәрін көре-біле тұра көсем араласпайды. Одан да жыр тыңдағанды құп көреді.
Жақын қалды арамыз,
Жұмақ-Жайға барамыз.
Ол да сіздің арқаңыз!
Асу бермес құз-шыңнан,
Алып өттің елді аман,
Ол да сіздің арқаңыз!
Жер басып тірі жүргеніміз,
Адам боп өмір сүргеніміз,
Бұл да сіздің арқаңыз! [3, б.30].
Бұл – Дәлдүріш ақынның көсемге айтқан арнауы. Осы тұста сарай ақынының бейнесі ашылады. Ол зерлі шапан киіп, әрненің ең таңдаулысын алады. Өйткені, көсемнің көңілінен шығып, өтірікті ұқсатып жырлай алады. Таудан өтсек, жасыл желек жайқалған жаннат жерге жетеміз деп сенген халық оның бірін де көре алмайды. Малбұқа көсем айтқан сарқырап аққан суы да, жүгірген аң-құсы да жоқ. Өздері өлімші халде. Осы тұста автор пейзаж поэтикасын орынды қолдана білген. Жалпы, психологизмнің айрықша маңызды көркемдік тәсілдерінің бірі болып саналатын пейзаждың шығарманың көркемдік салмағын арттырудағы рөлі орасан. Ол көп жағдайда кейіпкерлердің эмоциялық-психологиялық жағдайын танытуға қызмет етеді. Біздің нысанамызға іліккен «Көш» әңгімесінде де пейзаждың аталмыш функциясын көруге болады. Халықтың образын ашу үшін жазушы пейзаж поэтикасына жүгініпті. Қарапайым қауымның жан-дүниесіндегі қалтарыстарды ашу үшін қаламгер құлазыған табиғат бейнесін параллель суреттейді. Ол оқырманға тигізетін рецептивтік әсердің артуына өзінше мол үлес қосып тұр деуге болады. Пейзаж поэтикасын зерттеген әдебиеттанушы Б.Майтанов ол туралы мынадай пікір айтады: «Көркем әдебиеттегі табиғат пен адамның байланысы – ең негізгі философиялық, эстетикалық мәселелердің бірі. Өйткені адам тіршілігінің барлық мезеті алып табиғат аясындағы уақыт пен кеңістікке тән сан алуан астрофизикалық, геоморфологиялық құбылыстармен қабаттас дәурен кешеді» [5, б.105]. Халықтың психологиялық күйін танытуда әңгімедегі құлазыған табиғат көріністері зор қызмет атқарып тұр. Табиғат көріністері туралы айтылған халықтың пікірінен біз олардың құндылықтарын тани аламыз. Бас уәзір шыжғырған ыстықта ауыздары құрғап, құлаудың аз-ақ алдында тұрған халыққа қарата: «Мына жап-жасыл жазыққа қараңдаршы!» – дейді [3, б.31], халық та қоштап кетеді. «Анау сыңсыған ну орманды көріп тұрсыңдар ма!?!», «Анау ағып жатқан сарқыраманы көріп тұрсыңдар ма?» [3, б.31] деп әртүрлі сұрақтарды қойса, халық та бірдей жамырасып, ештеңе көрмей тұрса да, бәрі жабылып, сөзін қостап, растап кетеді. Жазушы осы тұсты былайша суреттейді: «Кенет ортаға бойы бір-ақ қарыс жылмаң қаққан бір жылтыр қара суырылып шығып:
– Суының дәмі қандай керемет, бал татиды ғой! – деп еді, бас уәзір оған күлімсірей қарап:
– Сен өзі болайын деп тұрған бала екенсің, тобырдың арасында неғып жүрсің?!. Дастарқанға кел! – деді мырза кейіп танытып, – Сенің орның мына жақта! Бұдан былай сен бізбен бірге жүресің!..» [3, б.32]. Осылайша, шындық жоқ жерде әділдіктің де болмайтынына көз жеткіземіз. Ал әділдікті жақтап, шындықты айтқан адам ондай қоғамда жексұрын болып, тіпті өз өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Біз оны Нағыз ақынның бейнесі арқылы танимыз. Уәзірдің арсыздығы мен халықтың жаппай оны қоштап отыруына шыдай алмаған Нағыз ақын бар шындықты жайып салады. Халықтың шынайы жағдайын айтқанмен, оны ешкім қуаттай қоймады. Қайта уәзір оның жүрегіне қанжар сұғып өлтіреді. Нағыз ақын көш басындағылардың тамұққа бара жатқанын, ал Жұмақ-Жайға тек шындыққа адал өзінің ғана баратынын емеурінмен жеткізіп өмірден өтеді. Шығармада Нағыз ақынмен бірге шындық та қоса өлгені туралы айтылады. Бір адамның өмірден өтуі арқылы шындық, ақиқат атты құндылықтың өзі келмеске кетуі, расында да, шығармадағы құндылықтар жүйесіне өзгеше сипат дарытқан. Өйткені, Нағыз ақын – қоғамдағы шындықты батыл түрде айта алатын соңғы адам. Басқалар шындықты білсе де, өз қарақан басының күйін ойлап, ол қадамнан саналы түрде бас тартады. Нағыз ақын – білімді, талантты, өнерлі, адал әрі ақылды. Шындықты айтқаны үшін үнемі есек мініп, бейшараның күнін кешіп жүретін. Ол асқан дана, өнерпаз, білімді әрі ғалым болса да, шындық деген құндылыққа берік болғаны үшін қоғам қабылдай алмайды оны. Нағыз ақын бейнесіне Дәлдүріш ақынның бейнесі қарсы қойылады. Сарай ақыны өтірікті суша сапырғаны үшін атақ-даңқы аспандап, байлыққа батып, жайлы өмір сүреді. Осы тұста екі ақынның материалдық жағдайына қараған баланың да болашақта Дәлдүріш ақын секілді болсам деген арманы оянады. Бұл жас буынның құндылықтық бағдарын анықтап, арманын белгілейтін факторлардың зиянды екенін көрсетеді. Бір жағынан, бала бейнесі бүгінгі жас буын өкілдерінің психологиялық-мәдени бет-бейнесін ашып тұрғандай. Олар интеллектуалдық деңгейіне қарап өлшемей, қоғам алдындағы материалдық құндылықтарға белшесінен батқан тұлғаларға қарап бой түзейді. Сондай болуға тырысады. Оның әдейі он үш жастағы бала бейнесінде алынуы да тегін емес деп ойлаймыз. «Он үште отау иесі» деген қазақ танымында балалық пен ересек өмірдің алтынкөпірінде тұрған кейіпкердің психологиясы жақсы ашылады. Мұны, бір жағынан, автордың елдің болашағына деген ішкі алаңы деп қабылдауға тиіспіз.
Шағын әңгімеден тұтас халықтың бейнесін тануға болады. «Қабақтары салыңқы тартып, кірпіктерін кіреуке жапса» [3, б.23] да, олар ақиқат шындықты айтуға именеді. Өйткені, шындықты айтқан адам көзінше өлім құшты. Көшке ілескен халық физикалық тұрғыдан бостандықта жүргенмен, олар – психологиялық-рухани еркіндігінен айырылған адамдар. Ал тұтас қоғам осындай адамдардан құралған кезде өмір құндылығы қалай көрінеді деген заңды сұрақ туындайды. Шығармада оған да лайықты жауап таба аламыз. Нағыз ақынмен бірге шындықтың өліп, ендігі өмірде өтіріктің салтанат құратынын терең түйсінген дана қарт немересіне жалған сөйлеп қана аман жүресің дегенді айтады. Оған рухани тазалығы бұзыла қоймаған бала таңданып, өтірік айтқысы келмейтінін жеткізеді. Бұдан кейінгі дана мен баланың диалогі былайша өрбиді:
– Өтірік айтқың келмесе, үндеме. Үндемеудің өзі де жетеліктің белгісі.
– Үндемей қалай өмір сүреміз?
– Өмір сүргің келсе, үндемек түгіл, өтірік сөйлеуге де үйренесің, балам! Өмір саған емес, сен өмірге бейімделесің! Бұл – өзгермес өмір заңы. Бейімделгің келмесе, көрдің ғой не боларын!.. [3, б.34]. Баланың атасының осы сөзіне күлгенін естіген уәзір ашуға булығып жетіп келеді. Бала да тойынғаннан секіріп тұрғанын айтып, алғаш рет өтірік айтқанын байқамай қалды. Өйткені, өмір құндылығы басым оған да. Тек бала емес, жалпы халық үшін өмір құндылығы бірінші орында. Сол жолда олар өтірік айтып, шындықты іште бүгіп қалуға әзір. Ал өмірдің мәні, оны мәнді ететін басқа да жалпыадамдық құндылықтар кейінгі орындарға ысырылған. Абайдың «Масғұт» поэмасындағы кейбір мотивтер Думан Рамазанның «Көш» әңгімесінде де кездеседі. Өтірік айтпаса, өмір сүре алмайды. Шынтуайтына келгенде, өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Жазушы халықтың ішкі күйзелісін, қалжыраған қалпын: «Халықтың көз жасынан қара топырақ ми батпаққа айналып бара жатты…» – деп суреттейді [3, б.34]. Осы сәттегі қара құзғындардың олардың айналасын торуылдап, жинала бастауы әңгіменің аллегориялық сипатын күшейтіп жіберген. Бұл – тағдырдың жазылмаған заңдылығы – шындықты жоғалтқан халық та жойылуға лайық.
«Көш» әңгімесінде ақиқат, шындық, сенім, өмір, әділдік, еркіндік, ұрпақтар сабақтастығы сынды құндылықтар көтерілген. Жазушы аталған құндылықтардың табиғатын ашу үшін қарсы мәндегі ұғымдармен астастыра отырып суреттейді. Көркем детальдардың өзі осы жүйеге негізделген. Өз кезегінде бұл құндылықтық-рухани коллизиялардың туындауына түрткі болған. Осылардың ішінде ерекше биік тұрғаны – шындық пен өтірік ұғымдарының арасындағы қақтығыс. Шындық құндылығы сенім, абырой, өмір, еркіндік, әділдік құндылықтарына қарсы қойылады. Шындықты айтқан адам аталмыш құндылықтарынан айырылуы мүмкін. Ал өтірік ұғымы абырой, даңқ, ерлік, ақыл, парасат құндылықтарымен ұштасып кеткен. Өтірік айтқан адам асқан дана әрі көреген адам ретінде көрінуі мүмкін. Оған Дәлдүріш ақынның бейнесі дәлел. Шындап келгенде, олардың сыртқы бейнесі мен ішкі әлемінде өзара ұштастық жоқ, рухани Темірқазығынан айырылып қалған. Содан да өтірікке бой алдырған. Көсем ғана емес, тіпті оның тоқалы да шынайы кейпін жасырады. Көсемнен көзін ала оның уәзіріне көз салып келеді. Малбұқаның балаларын қорғаштап, қалбаңдап жүрген қалың нөкерлердің де іс-әрекеттерінде шынайылық байқала қоймайды. Малбұқаға жыр арнап отырған ақын да шындықтан алыс екенін біледі. Алайда, қарақан басының қамы үшін саналы түрде одан бас тартқан.
Жазушы күші – қаламында. Ол шындықты ашық айтпаса да, астарлап айтады. Задында, көркем шындықтың тарихи-реалды шындықтан артықшылығы да, ерекшелігі де осында болса керек. Образдарды сөйлету арқылы ол қоғамның ең өзекжарды мәселелері жөнінде кесімді сөз айтады. Жазушы Думан Рамазанның «Көш» әңгімесі осындай сипатымен құнды. Үнсіздікке бой алдырып, өтірікке еті үйренген қоғамның шындығын шырылдата жеткізуге тырысқан автордың аталмыш әңгімесіндегі әрбір деталь идеялық концепцияны ашуға қызмет етіп тұр деуге болады. «Күнәһәрлар бастап келе жатқан көш еш уақытта Жұмақ-Жайға жете алмайды» [3, б.26] деген дана қарттың немересіне айтқан сөзі әңгіменің лейтмотивіне айналған. Шындық жоғалған жерде ұлт та жоғалмақ деген идея емеурінмен, көркемдік астармен оқырман көңіліне қонады. Осыны жеткізу үшін, тіпті, жазушы топонимикалық атаулар мен жалқы есімдерге де белгілі бір символдық-аллегориялық астар үстеген. Жұмақ-Жай, Нағыз ақын, Дәлдүріш ақын, Малбұқа көсем, дана қарт, бала образдары – осының айғағы. Жұмақ-Жайға бара жатқан қауым елдің басшылары шындыққа адал болып, әділет құндылығын биік қойса, өз кезегінде, өтірік пен құр мақтаннан бойын аулақ ұстаса, Жұмақ-Жайдың өзі-ақ орнайды деген емеурін де жоқ емес. Ал қулық пен өтірік арқылы халықты бастау тек көштің басындағыларды ғана емес, тұтас елді құрдымға кетіреді деген идея бар. Әйтсе де, мұндағы көш – заман көші. Автор ежелгі көшпелі халықтың тарихи-этнографиялық жадындағы көш құндылығын қайта жаңғырту арқылы бүгінгі уақыттың керуенімен алға жылжып келе жатқан қазақ қоғамының беталысын бағамдап, оқырманына ой салуды көздейді. «...өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам ғой, ұзаққа бара алмайсың. Уақытша жолың болуы мүмкін, мәңгілік көсегең көгере қоймайды» [3, б.26-27] деген дана қарттың сөзі «Мәңгілік ел» идеясын өзінің ұлттық идеясы ретінде қабылдаған Қазақ Елінің бүгіні мен болашағына жөн сілтер өсиеттей әсер қалдырады.
Қазіргі қазақ прозасында ұстанымдары, құндылықтар жүйесі мен таным-тәжірибесі өзара қайшылыққа толы кейіпкерлер әлемі қалыптасып үлгерді. Бұл, біздің ойымызша, рухани-мәдени тоқырауға ұшыраған қоғамда болмай қоймайтын құбылыс. Бір қоғамдық формациядан екінші формацияға ауысу үдерісінде құндылықтар жүйесінде айтарлықтай өзгерістердің жүзеге асатыны белгілі. Әдебиеттегі экзистенциалистік жатсыну құбылысының өзі осындай мәдени құлдырау тұсында пайда болады. Жатсыну құбылысы тұлғаның асыл деп жүргені жасыққа айналып, өзінің құндылықтық бағдарынан адасқан кезде пайда болады. Кейіпкерлердің бойын күдік пен күмән, сенімсіздік, қорқыныш, белгісіздік билеп алады. Мысалы, тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасында Т.Әбдікұлының «Парасат майданы» болсын, Д.Рамазанның «Көш» не болмаса Т.Шапайдың «Айна сарай» әңгімесі болсын, бәрінде де осындай күрделі кейіпкерлер жүйесі айқын көрініс табады. Социалистік режимнен нарықтық қоғамға ауысқан кезде қазақ ұлты бұрынғы өзінің құндылықтарын жаңғыртуға мүмкіндік алғанымен, өзінің болмысына сай қоғамға өтті дей алмаймыз. Мысалы, академик Ә.Нысанбаев қазақтардың болмысы, олардың құндылықтар жүйесі туралы айтқан кезде мынадай дүниелерге баса назар аударады: «Қазақ философиясы онтологиялық және гносеологиялық мәселелерден гөрі, этика мен антропологияға көбірек көңіл бөледі, аксиологиялық мәселелерге, әсіресе, рухани құндылықтарға ерекше назар аударады; қазақ философиясы өзінің ғарышпен, әлеммен үндестігі арқылы сипатталады; философиялық мәселелер, қазіргі тілмен айтқанда, негізінен, экзистенциалдық, дидактикалық және прагматикалық сипатта қарастырылады, қазақ философиясында нәпсіден, байлықтан, табыстан гөрі, ар-намыс, қанағат, тәубе, әділеттілік және тағы басқалары жоғары қойылады; ұжымдық мүдде жеке мүддеден жоғары қойылады» [6]. Көріп отырғанымыздай, этикалық-моральдық құндылықтар аясында өмір сүретін қазақ қоғамы ендігі ретте материалдық-экономикалық құндылықтарды ту еткен нарықтық қоғамға аяқ басты. Мұның өзі қазіргі қазақ әдебиетіндегі күрделі кейіпкерлер жүйесі мен идеялық-мазмұндық бірліктердің көрініс табуына түрткі болды.
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ прозасында қоғам шындығы, ұлттың болмыс-бітімі құндылықтар дағдарысы контексінде танылады. Біздің ойымызша, құндылықтар жүйесінің бет-бейнесінің құбылуына түрткі болатын ірі қоғамдық-саяси оқиғалар әдебиет сахнасына бейуақ мотивін шығарады. Ірі тарихи оқиғалар қоғамдық санаға айрықша әсер етіп, елдің аксиологиялық болмысын түрлендіреді. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан саяси-юриспреденциялық жүйесі жойылып, дәстүрлі төл рухани-мәдени институттарының аясы тарылған ХІХ ғасырда да, патшалық отарлау жүйесінің орнын басып, айтулы саяси-тарихи дүмпулер туғызған ХХ ғасырдың бас кезіндегі қызыл өкіметтің орнауы кезінде де қазақ халқының санасында зор сілкіністер болғаны мәлім. Аталған тарихи-мәдени сілкініс өткен ғасырдың соңғы онжылдығында да жүзеге асты. Дегенмен, бұл бодандықтан босап, азаттығын жария еткен елдің санасындағы мәдени сілкініс болатын. Қазақстан ұжымдық құндылықтарға арқа сүйеген социалистік режимнен индивидуалдық һәм материалдық-экономикалық құндылықтарға негізделген нарықтық қоғамға ресми түрде 1991 жылы көшкенімен, халықаралық деңгейде тек 2000 жылдан кейін ғана нарықтық қоғам деп танылды. Сонымен бірге ондаған жылдар бойы тұғырын бекітіп, қоғамдық санада мықтап орныққан коммунистік идеология нормалары рухани бағдар болудан қалды. Міне, аталған факторлар қазақ әдебиетінде бейуақ мотивін туғызды. Оған жаңа дәуірдің құндылықтарына дер кезінде бейімделе алмаған қоғам өкілдерінің мәдени қыспаққа түсуі, соның салдарынан қоғамнан, айналасынан және өзінен жатсынған, жалғыздыққа салынған кейіпкерлердің арта түсуі түрткі болды. Осындай өтпелі кезеңде сөз өнерінде құндылықтар қақтығысы айрықша көрінеді. Әсіресе, экономикалық-материалдық құндылықтар мен моральдық-этикалық құндылықтар арасындағы шиеленіс тәуелсіздік тұсындағы көптеген көркем туындылардың негізгі арқауына айналғаны жасырын емес. Бүгінгі қазақ прозасы аталмыш ерекшелігінен әлі толық мәнінде айыға қойған жоқ. Дегенмен, құндылықтық қақтығыстар күшейген тұста көрінетін рухани деградация процесі ұзаққа созылмақ емес. Ендігі ретте қазақ прозасында бейуақ мотиві солғын тартып, оның орнын басқа көркемдік-эстетикалық үрдістер басып келеді.
Нұрбол Құдайберген,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
ғылыми қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Әлиакбар Ә-С. Думан Рамазанның әдеби әлемі / Жұлдыз. – 2013. – №9.
- Кемелбаева А. Думан Рамазанның әңгімелері туралы / Ақиқат. – 2013. – №5.
- Рамазан Д. Жылап аққан тамшылар: Әңгімелер. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2011. – 320 б.
- Әмірбекова А.Б. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар / Айгүл Әмірбекова. – Алматы: Елтаным, 2011. – 240 б.
- Майтанов Б.Қ. Пейзаждың көркемдік семантикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 108 б.
- Нысанбаев Ә. Қазақ философиясының рухани бастаулары // Егемен Қазақстан. – 2013. – №69
Бөлісу: