Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Еркек-соқпақ

Бөлісу:

14.05.2024 2166

Әңгіме

– Уһ, жаным!  Шыбын жаным-ай!..

Қолқасы ашыта ауыртып, демі бітердей болып үзіліп кете жаздап, жаны мұрнының ұшына келіп, бірде ауырлап, енді бірде жеңілдеп жатып алған Жақсыбек қария әр мезетіне тәуба тілегендей, тыртысқан қалпы, қатты қиналыс сәтінде-тін. Не өлі емес, не тірі емес. Ой-қиялы да көмескіленіп, бір сәт түсі, тағы бір сәт өңі секілденіп, сағымдана беретін. Төсек тартып жатып қалған күндерін ойша санамаласа аса ұзақ уақыт емес сынды, сөйтсе де өзіне тым созылыңқы. Соңғы екі-үш күн әлетінде әлдебір қияс ой қойнынан сумаң етіп шыға келетін әдет тапты. « Осы қақпасты бақи дүниенің қабылдауы барынша қиынға түсер-ау деп күбірлесіп жүрген шығар былайғы жұрт...». Мұнымен тоқтамайды, тағы да сыздықтатады: «Әрине, тірлікте ұмар-жұмар істегенің бар, ту-талапай етіп ұйпалап тастағаның бар, анауың бар, мынауың бар – қандай қисық қадам жасап бақсаң, соның сазайын тартпайынша көрге кірмейсің-ң...»

Ойбай-ау, өлмейін дей ме! Өлгісі-ақ келеді. Әй, бүйтіп, қозғалуға шамасы жетпей, төсек тартып жата бергенше бір-ақ күнде «жарық дүние қош бол» деп, жөнеп кете барғаны керек-ақ. Сөйтпек керек десе, ол жағы тағы да өз қолында ма! Алладан әмір келмесе, қалай көз жұмады? Жарық дүниелік тұз-дәм шіркін, жібермейін десе – жібермейді. Бес күндік жалғаннан көруге тиістіні көрмей, көрге де кіре алмайсың. Бұл өзі, анық-қанығын кім біліпті,  молдалардың айтуынша, қасиетті Құран Кәрімде де жазылып қойған дейді, ал былайша ойлап қарасаң да – шындығы сол! Бұйырғанды жейсің, бұйырмағанға тас та жоқ!..

Өзінің қыздай алған қатыны – Данашы, иә, Данабикені айтады, бұның  ана дүниеге апыл-ғұпылда даңғырата жол салғанын тілей ме екен осы? Біреу біліп, біреу білмей қалса дей ме! Жо-жоқ, Данаш сұлуға салса, әрине, шалының өз жанында болғаны, ұзақ-қ болғаны керек – қалай десе де, тағдыр-серік! Күнде аз-кем күбірлессе де, аракідік өткенді еске алысар, баяғыны тілге тиек етер, кешегіні айтып, кеңк-кеңк күлісер! Тірі жанға ол да қуат. Ерте кезді де елжіреп еске алар өз қатарың, өз замандасың қыл құйрық жоғалса, өмір қаншалық қызық дейсің! Кейінгі жастарға сенің ілгеріде не істегенің, қандай іс бітіргенің сөз бе екен! Сөз де емес, маңызды да емес. Сылдыр су!..

Сосын да оның жөні басқа.

«Ай, Данашым-ай, қара басыңды соншалық сыйлы көңіліммен кеудемде әлдилей тұрып, талай рет сезім азабына сүйреп салдым ба?  Байқап жүрдің бе соның бәрін де?  Әй, сездің ғой. Сезгенің айна-қатесіз...»

Тағы да қиқы-жиқылау, тарыдай шашыраңқы бықпырт ой көңіл сарайын  аралай түскен: «Апыр-ау, бірақ сыйлы көңіл басқа, сүю басқа десе ше? Осыны біліп-аңғарып жүргені ме?..»

Ішке кірген кейінгі дем сыртқа тез шыға қоймай, тағы да қинала түсіп, денесі дір-дір етіп, жан дәрменге ерік берген. Әй, шықты-ау демі құрғыр! Қинап тұрып, қорқытып барып шыққанын қарашы! Өй, көксоққан! Осы демді айтады да, осынша қымбат, осынша аяулы да қадірлі деп ойлап па әнебір жылдары! Дем деген не тәйірі! Бойда күш-қуат тасып тұрса, бәрін де оп-оңай өз дегеніне икемдеп алатындай мысық мұрттанатын. Сөйтсе,  кісі жанының ең нәзік, ең осал, ең жіңішке тұсы – емін-еркін кіріп-шығар дем екен ғой санамен салмақтап байқаса! Соны бүгін ғана, жо-жоқ, бүгін ғана емес, бірнеше күннен бері нақпа-нақ сезінген сыңайы тағы бар. Демі орнына келген соң, бұл пенделікті қоя бер, тағы да өткен күндерге ой ұзата түсіп, жан ләззатын іздегендей, лып етіп сезім пырағына жайдақ мінгескен.

Данашынан бір мін таба алар ма – өзіне жақсы жар да, былайғы жұртқа ибалы келін де, ал балаларына – өнегелі ана болғанына мына жер, мына аспан, тіпті бір Алла куә. Кішкентай Құрық аулының бар ақсақал-қарасақалдары оны «текті жердің қызы екенін сан рет дәлелдеді» деп аузының  суы құрып, әр бас қосу сәтінде көшелі әңгімеге оралып соғып, қиялап сөз етісетін. Бұл әңгімені  Жақсыбек естімей ме, әрине естиді. Тіпті бір қария өз аузымен, бетпе-бет отырып та кең толғап, кертіп сөз сауған.

– Ай, қарағым, мына жарғақ құлақ басыңдағы бағың жанып, тасың өрге өрлеп-тырмысқаны ең әуелім ана келіннің арқасы! – деген. 

– Ақсақал, осы  сөзіңізге қарсы  келіп, ләм деппін бе? Ләббай деймін! 

– Әрі қарай тыңда. Ер жігітті ер ететін де, жер ететін де – қатыны. Қатыны оңбағанның – отының басы да оңбайды. Бар бітірдім деген еңбегің құмға сіңген судай...

– Оны білем ғой!

– Тағы да тыңдай бер. Сен, қарақ, тырнақтай тірлікте, жақсы адамның қадіріне жету дегенді білемісің? Қадірліні қадірсіз ете бастасаң, алдымен өзің қадір-қасиеттен жұрдай боласың.

Сол қария, апыр-ай, сөз астарымен нені ұғындырғысы келді екен? Ойын ашып айтпаса да, астарында бірдеңе тасаланып-тұмшаланып тұрмады ма! Қайран да қайран қыртыс маңдай жақсы қарт, бүгінде сенің басқан ізіңе зармын! Заман мынау, адамдар анау! Жастар дегенің ә десең мә деуге әзір, бір сөз айтсаң, өзіңе екі сөз қылып жауап тықпалайды. Тәрбиеден кеткен тарыдай ақаулық па? Үйретуден кеткен ұшынды әдет пе! Ау, сонда бұл қайсысы?  Әнебір жылдары, соғыстың ар жақ, бер жағында туғандар қандай тәрбие көріп өсіпті? Кім олармен күндіз-түні «олай етпе, бұлай етпе» деп тәптіштеп сөйлесіп-айналысыпты? Жапан түзде жатқан, жығылма үйлерді паналаған бір уыс ауылда қандай тәрбие мектебі бар еді? Жас баланы емірене еркелету тұрмақ,  жамбасынан сипауға да уақыт таппай жатпаушы ма еді сол жылдарда. Бірақ, сол ұрпақ жаман-жәутік болып өсті ме? Үлкеннің бетінен ала түсетін көкала мінез бетпақ па?

«Данашым-ай, біздің бес баланың бар мінезі мен тәрбиесі тап мына сенің алақаныңда аяланды. Сен соларды бірінен соң бірін туып жатып та, әрі жұмыс істеп, әрі бала тәрбиесімен айналыспап па ең?  Бес баланың бесеуіне де...»

Ой кілт кесілді. Бес бала дейді, расымен сол бесеуі ғана ма? Анық өз белінен өрген балалар десе, онда неге бесеуін ғана атайды?  Тағы да жүрегі құрғыр тордағы балықтай шоршып қалып, бүлк ете түскен. Бұл жолы, бірақ, қаттырақ бұлқынды, өн-бойын қозғап өткендей тепкіні қатты.

«... Ай, қымбаттым, асыл туған Данашым десе, өзіңді соншалық дана көріп, ең бір қимасыма балап жүрсем де, саған сезім қиянатын жасағаным қалай еткенде де ақтап алуға келмейтін кесір қадам. Бірақ  сөйтейін дедім бе? Мені тастақты шатқалға итермелеп, еркімнен тыс жолсызға жетелеп әкеткен, тіпті, турасын айтқанда, қанымды тасытқан әлгі шолақ Шәкібай көрсетіп баққан қотыр айғырдың қопаңдауы секілді ерсілеу әрекет  болмады ма!  Жо-жоқ, оның  дәлме-дәл  аты – қызғаныш деген пәле ме? Бәлкім, одан да басқа бірнеңе...»

Кермек ойдан басын қанша алып қашайын десе де, неге олай еткенін бір Алла білер, көңілдің бір түкпірінен сәт сайын  Шәкібай шолақтың бейнесі мен мұндалап  тұрды да қойды! Өзі шолақ болған соң, қан-қасап соғысқа керек емес, елде қалған еркек кіндіктің әлдісі, қайраттысы – осы Шәкібай-ды. Бір қолы шолақ демесең, бүкіл қайрат-күші бойында, лапылдап жанып тұрған нағыз еркек кезі. Жақсыбек колхоз бастық болса, Шәкібай бригат. Ол  бастықтың  алдында мәймөңкелеп, өтірік күліп, түлкі бұлаң мінез байқатып жүрсе де, колхозшы қыз-келіншектерге оңашада қырғидай. Ел аузына кім қақпақ қояр! Сыпсың өсек былай дейді: осы Шәкібайдың «еркектік әрекеттеріне» бар қатын әбден-ақ тойып болған көрінеді. О, жасаған, біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді деген осы ма? Күйеулері майдан даласында қан кешіп жүрген, бір басының соры бес елі, күн азабы мен түн азабын қатар өткеріп жатқан бейбақ қатындарға шегірткенің айғырындай шіңкілдек әмірші табыла кеткенін көрмеймісің!  Өзіне салса, сүттен ақ, судан таза! Айтатыны – ауылдың ауызбіршілігі, елдің тыныш тіршілігі! Мін тауып көр өн-бойынан?  Сол Шәкібай басқаны қойып, бұның жақын әулетіндегі байсыз қалған қатын-қалашқа көз сала бастапты дегенді естігенде...

Тыстан естілген дауысқа елең еткен. 

– Ақсақал үйде ме?..

– Үйде ғой, қарағым! Сықырлауық сүйек пен көн боп қатқан теріге сүйеніп отырған кәрі кісі үйде болмай, қайда бара қоюшы еді, қазіргі кезде бір адым аяқ басуға да зар... – Данашының даусы. Жанашыр үн! Жылаңқы үн!

Ескі есік аянышты үніне басып, сықырлап кері шалқайды. Бірақ, тыстағы еркек әлі ішке кіре қойған жоқ. Өзі табалдырықтан аттауға асығар емес. «Бұл кім болды екен, а?..»

– Аман-сау бармысыз, әкей?

Өзінен бұрын қарлығыңқы даусы сумаң ете қалды  шал жатқан бөлмеге. Бұрын кім-кімді де даусынан тез-ақ ажырата алушы еді. Тани алмады дауыстан. Көптен естімеген, қарлыға шыққан қиқалаң үн. Содан соң өзі де әзер деп бас қылтитқан. Бөрі көз бозбет жігіт. Жанарында от бар. Жүзін жылытса да көзіндегі ызғар жібімегендей.

– Әкей, бұл мен ғой. Майданбекпін...

Оған көзін қадап қарап жатты да, жұтқыншағын жұтына түсіп, көңілдегі жылы сөзін, ықыласты ниет сөзін әзер тіліне байлаған.

– Майдан... сенбісің?..

– Менмін әкей!

– Қаладасың ба?

– Сондамын.

– Шешең қалай? Сырқаттан сау ма?

– Жоқ, сырқат емес.

– Қашан келдің?

– Осы қазір ауылға табаным тиді!  Сосын алдымен сізге сәлем берейін деп кіріп отырмын.  Шешем де солай тапсырып еді.

– Шешем дейсің бе? Сәлем бер деп айтты ма?

– Айтқан жоқ. Қатаң тапсырды. Кіріп, хал-жағдайын сұра деді.

– Онда барған соң менен сәлем айт. Менің ауырып жатқанымды білмей-ақ қойсын.

– О не дегеніңіз? Көптен сырқат екенсіз, мен қалай жасырам?

– Білсе, келем деп әуре болады. Айтпа дедім. Айтпа! 

– Жарайды, сіз солай қаласаңыз айтпаймын.

– Ал, өзің... өзің қызметтесің бе?

– Министрліктемін, әкей. Бір басқарманы басқарам.

– Бәрекелді! Өсе бер. Біздің әулеттен де тізгін ұстап, басшы  болар біреу  баяғыда-а шығатын жөні бар еді. – Маңдайын сипады. - Бәрі бірдей қой бағып, егін еге бере ме?

Майданбек қарттың көңілін аулаған боп, әрнені айтып, біраз уақыт отырды да, содан соң орнынан көтеріле берген.

– Әкей, айыпқа бұйырмаңыз, асығыстау едім. Көрші ауылға күн жарықта жетіп алуым керек. Жұмыс жағдайымен іссапардамын. 

-Ау, ас-су ішіп аттанбайсың ба? 

- Нан ауыз тидім ғой. Енді қозғалайын, әкей! Батаңызды беріңіз! 

– Е, онда не жорық! – деп, қария бата жасады. - Қалма жолыңнан! Шешеңе дұғай-дұғай сәлем!..

– Айтам! Сөзсіз айтам...

Ол шығып кеткен соң, қария қайталап тәтті күндерді еске салар әлдебір ой ізіне еріп кете барды. «... Майданбек!  Бұл Майданбек қой!  И-й, осы бала соғыс әні-міні аяқталады деп жатқанда туды емес пе? Атын да өзім қойған жоқ па едім?..»

Ойын бөгде бір қатқыл үн қиып өткен. «Ал, есімін қойсаң ше? Ат  қоюда қандай ғұламалық бар? Міндетсінерің сол ма?..»

Қандай үн? Қайдан шыққан үн? Неге мазалай береді? Не керек өзіне, а?  «...Сен, шырағым, соғыс кезінің май ішкендей, қолқа-құдығыңды лоқсытып тұрар кілкілдек күйін біле бермессің. Ол уақытты енді қайтып адам баласының басына бермесін деп тілелік...»

Тағы да бейтаныс үн сырнайлатты. «Адамзат тарихында тек сен көрген, өзін бастан кешкен соғыс қана болып па? Әлем мұндай сұмдықтардың талайын  тепкілеп талақ етіп, талайын көрге тыққан. Сонда да ел болып, жұрт болып түк болмағандай тіршілік кешіп жатыр...»

Сырнай – үнге сыбағалы жауабын да кесе-көлденеңдеді. «Оның рас! Әр заманның бақыты мен қайғысы, кермегі мен тәттісі өзінше қиюласары даусыз-ақ! Бірақ... қырқыншы жылдардағы Отан соғысының зардабы, халыққа тигізген кесапаты, елге әкелген қайғысы  ешқашан ешкімнің есінен кете  қоймас!»

« Оны қоя тұр! Сен жаңа  Майданбек  бөлмеңе кіріп келгенде сонша абдырап, неге абыржыдың, шал? Не құпияң бар еді осы жерде?»

« Оны сен сұрама, мен айтпай-ақ қояйын...»

« Неге? Неге білуге болмайды?»

« Соғыс кезінің сұмдығы мен кермек кілтипаны бізбен бірге кетеді, бізден соң ұмытылады. Осыған сенгім келеді менің де...»

« Ай, қайдам! Ай, қайдам-ау-у...»

***

        Ертесіне, таң көкжиектен еріне аттап, артынша  найзадай сәулесін көк аспанға ұзатып жіберіп, табақ бетін ақырын  айқаралап,  көріне  бергені сол еді, бұл үйге тағы бір тосын қонақ табан тірегені белгілі болды. Басқа емес, Данаштың өзі  есікті ашып кіріп, Жасыбек қарттың  хал-жағдайын сұрады да, артынша жаңалығын да айтып үлгерді. 

– Көрші ауданда тұрып жатқан Тынымбек бала келіпті, өзіңіздің қолыңызды алып кетуді ойлаған екен! – деді.

– Ол қайда?

– Есік алдында. Әуелі ояндыңыз ба, соны біліп алайын деп кіргенім ғой.

– Шақыр Тынымбекті! - Қарияның даусы өктем әрі ащыланып шықты. Тыста күтіп тұрған жігітті аса бір ынтызарлықпен, асыға көргісі келгенін де жасыра алмаған сыңай байқатты.

– Қазір, отағасы...

Ескі есікті  шиқылдата кері итеріп, енді  көз таса бола бергенде, бөлмеге қызыл галстук таққан, жеңіл сұр пальтолы жалпақ мұрын жігіт кіріп келді.

– Әкей, қуатты бармысыз? – деп жүгіріп келіп, қос қолын  қарияға асыға ұсынған.

– Жақсы, қарағым! Аллаға шүкір! Өлмеген соң, осылай жатырмыз. 

– Олай демеңіз! - деді қызыл галстукті жігіт елпең етіп. - Қазіргі уақытта тоқсан  дегеніңіз кәрілік пе? Кейінгі есеп бойынша, кісінің бүгінгі орта жасы сексенге ілініп тұр деседі.

–Тоқсан – айтуға болмаса, ауыр жүк. Аяғын салбырата еркелеп, ауыр салмағын салып, мінеки, мініп алды мойынға! – Ақсақал әр сөзін бөліп айтып, арасында демігіп те қалып отырды. 

– Мүмкін, дәрігер шақыртып...

– Жо-жоқ, бұл ит кәрілік.  Кәріліктің кәріне дәрігер енді не істей алар?  Әуре болма.

– Әкей, мына ит тұмсығы тиіп тұрған  жердегі ауданда  болсақ та, осында ат ізін салуға уақыт таппай жатамын. Келмегелі де көп уақыт. Айып етпессіз.

– Қызметтесіңдер. Сендердің жағдайларыңды  түсінбей, жын қағып па! – Қарт сақалын салалады.

– Сізді менің кәрі анашым апта  аралатпай сұрайды. Барып, жағдайын біліп келмедің бе деп ренжіп те қоятыны бар. Соңғы күндері тіпті жиі-жиі айтып, маған қатты зеки бастады, -деп, қызыл галстукті жігіт еріксіз жымиған болды. – Енді барып қайтпасаң таяқ жейсің деп...

– Шешең аман ба? Үйге өзі кіріп-шыға ма әйтеуір?

– Қыңқыл-сыңқылы  бар ғой. Жалпы жаман емес.

– Е, ендеше менен де сәлем айт. Жағдайы дұрыс екен дерсің.

– Құп! Айтамын сәлеміңізді...

Бұл жігіт те көп кідірмеді. Аз-кем әңгімеден соң, кетуге рұқсат сұрағандай, көз жанарын  сата қараған.

– Жолың болсын, қарағым! – деп, батасын берді. - Келгеніңе көп  алғыс.

Ол көзден таса бола бере, Жақсыбек қарт кеудесін әлдебір күйік күйдіріп өткендей болып, қатты-қатты күрсініп, тас төсекті түйгіштеп тастады. «... Мұрнын қарашы, жап-жалпақ болып жайылып барады! Өзі кімге тартты екен сабаз?»

Осыны ойлауы мұң, оқыс тағы да әлгі шолақ Шәкібай  шекеленіп келе қалды көз алдына. «Апырмай, сол көксоққанның де мұрны жап-жалпақ, бұзау тұмсықтау неме еді-ау! Мына Тынымбектің... түр-түсі со шіркінге бейімделіп бара жатқаны ма? Тәйт! Тап осыған көңіл сенбес. Өзге емес, өзім білем, өз көз алдымдағы тірлік!  Кім-кіммен де қыл арқан үстінде қасқайып тұрып айтысып-таласуға дайынмын керек десе! Осы бала дүние есігін ашқан күн санадан әсте өшер ме!  О-о, ол күн деген...»

Неге екені белгісіз, ақырын ғана жеңіл жымиып барып, бір езуін тартынып қалған. Көзінің алды буылдырланып, баяғы күндер жөңкіле көшіп, тізбектеле салтанаттанды. Әсерлі жылдардың әрбір сәті кеудесіне мол қуаныш сыйлап, бойына өзгеше қуат құя түсіп, сезім дүниесіне ат байлап, содан соң  шырқап кетті бір!  Жан рахатын сездіре, бойын балқытқан әсерлі күйін әлдебір сұңқыл үн сап тиғаны. «Бұған сонша рахаттанып, ерекше тән ләззатына тояттардай не көрінді саған, шал? Осының арғы түкпіріне ой беріп, санамен салмақтайтын жан болса, кеңк-кеңк күлу емес, еңіреп тұрып жылау керек, әлі...»

Сұңқыл үнге қыжыртпа жауабын дайындап алып, енді бұл да  тіл безеген. «Қайталап айтамын, аласапыран мен ала боранға ұласқан ол күндерді сен білмейсің де түсінбейсің. Оған баға беру үшін кісі бәрін де өз басынан өткеруі әбден қажет. Ал, біз  сондай тағдырды еншілеген жылаулы ұрпақпыз...»

«Ха-ха! Жылаулы ұрпақ дейсің, ә? Бәлкім, жылаулы ел болған шығар, жылаулы жесір болған шығар, бірақ сен емес. Сен  жан рахатын да, тән рахатын да бір кісідей еншілеген, оңды-солды  құйындатып шапқылаған  ерке айғырсың-ау!..»

«...Айғыр іздесең, ол мен емес, ана Шәкібай...» 

«Жөн! Жөн! Бірақ, Шәкібай есер айғыр, ал сен ерке айғыр болып қала бересің бәрібір....»

«Ай, сен  тіліңді тарт, найсап! Кешегі тағдырымды безбендеп, баға беріп, өткенімді електен өткізердей кім едің сонша! Жоғал, жоғал көзіме көрінбей!..»

Дауыс жым-жыластыққа сіңіп, жоғалып  бара жатқан.

...Аз-кем ой құшағына көміле түсті де, кенет  есін енді тізгіндегендей боп, басын сәл-кем көтеріп алып, бар даусымен кеңірдек созды.

– Ау, кемпір! Қайдасың?..

Тық-тық деп, кезек-кезек жер тескен аяқ даусы жақындады да, Данаштың  етжең, зор  денесі көрінді.

– Не болып қалды, шал-ау?..

– Дәнеңе де.

– Айқайладыңыз...

– Кеңірдектедім бе?

– Сөйттіңіз!

– Осы  көрші үйдегі әлгі жүгермекті – Жеңісбекті көзің шала ма?

– Оны қайтесіз, отағасы?

– Шақыр осында!

– Жарайды.

Көп ұзамады, сақал-мұрты бет-аузын түгел басып кеткен Жеңісбек  жылтың етіп, есіктен бері аттады. Кіре сала бұрынғы әдетімен жүрелеп отырып, қарияның аузынан сөз күтіп қалып еді.

– Балам, – деді Жақсыбек. – Он қадам жерде тұрсаң да, менің жағдайымды сұрап тұруға шорқақсың.  Салқын сезім, оған қоса тас жүрек мінезді қай ақымақтан үйреніп алып  едің?

– Әкей, ішке кірмесем де, жағдайыңызға қанықпын. Күнде апамнан сұрап тұрам ғой.

– Апам дейді! Апаң басқа, мен басқа! Неге өзің келіп, көзіңмен көргің келмейді? Шешең жас күнінде қандай  ажарлы болса, сондай ақылды да парасатты еді! Қысқасы, әйел затының асылы сенің анаң!

– Кешіріңіз! 

– Ой, ынжық неме! – Ашулана сөйледі. - Басқадан күтсем де, тап сенен мұндай  ездікті көрермін деп ойлаппын ба?

– Барым осы!

– Ал, мен сені... сені қанатын кеңге жайып, құлашын қияға сермеп, алысқа үміт жалғайтын қыран құсқа балап едім, арман етіп едім...

Арғы жағын айтпастан, өңештен әрі итеріп жібергендей болып, тілін тістеп алған. Ет қызумен көкейіндегі көптен сүрленіп жатқан, сарғайған сартап  сырын да жайып сала жаздағандай. Сөзді сосын-ақ кілт үзіп, қабағын түйіп:

– Бар! Бар жұмысыңа! – деді. Жеңісбек бүгежектеген күйі жылдам қохғалып, бөлмеден лып еткен.

                                                                            ***

«Пай-пай, мына тіршілік дегенің сынаптай сырғып өте шығар осынша жүрдек болар ма! Көзді ашып-жұмғанша зырлап-ақ кеткені ме?..» 

Төбеге көз салған қалпы өткен өмірін көз алдына әкеле салмақтап, қиял әлеміне үйрекше сүңгіп бара жатқанын байқамады.  Көп уақыттан бері баяғы күндерді ойлауды да доғарып қойып еді. Кешелі бері бірінен соң бірі есік қағып, «шешем жағдайыңызды біліп қайт деді» деп,  алдына  келіп жүрелеп отырып, ойына ойтамызық салған екі  жігіт, иә үшіншісі тағы бар,  қайталап кешегінің кермесінде қалып қойған кері заманға жіпсіз тартып-жетелеген. Оның үстіне әлгі бір құлақ түбінде тұрып алып,  сұңқылдап қоймаған сұмпайы үн де...

...Қырқыншы жылдары соғыс өрті лап етті. Батыстан неміс фашистері құмырсқадай қаптап, қасиетті  Отанға шабуыл жасаған соң, елдегі қарулы-қарулы жастардың бәрі дерлік майданға шақырылды: отбасы бар ма, нәресте өсіріп отыр ма, тұрмыс  жағдайы төмен бе – оған қарап жатпады. Бұл жағдай  Құрық ауылын да айналып өте алмаған.  Бары-жоғы тоқсан  түтін  кішкене елді мекеннен майдан даласына жарайтын жігіттерді саусақпен санап алып, жылдам-жылдам жөнелтіп жіберуге мәжбүр болды.  Өзінің ең жақын  әулетінен үш бірдей бозжігіт  соғысқа алынды да, үш бірдей жас келін  түн төсегін мұздатты: үшеуі де бірімен-бірі ілесе, таяуда ғана  тұрмыс құрған-ды; тіпті  шарана сүйіп те  үлгермеген; ел қорғау жорығына аттанып бара жатқан  ерлеріне  қимастықпен қараса да, көз жасын көрсетуге батылдары жетпеген.

Жазым ба, Алланың ісі ме – үш боздақтың біреуі де майдан даласынан аман-сау оралған жоқ. Ұрыс даласында  топырақ жастанып,  мәңгі ұйқыға кетіп, тыныштық көрпесіне оранды. Қаралы хабар мен ауыр қайғы  үш жесірдің ғана емес, уақытша колхоз басқаруға елде қалып қойған Жақсыбектің де жүрегіне  ине боп қадалған. Жақын бауырларынан айрылу оңай тиер ме! Әулеттің арқа сүйер қарулы азаматтары да солар еді, соғыс деген тажал аранын аша түсіп, бір-ақ қылғытып, жұтты да тынды.  Арнайы броньмен соғысқа бармай  қалған Жақсыбек үшін ауыр да азапты күндер сосын-ақ  басталып жүре берген: ел жылаулы еді; қай отбасына бас сұқса да, еңірегенде етегі жасқа толады; «енді біз не үшін өмір сүреміз», «кімге керекпіз»  деп бұған бар қайғы-мұңын ащы шерімен қоса лақылдатқанда, сай сүйегі сырқырап кететін.

...Бәрі де Майданбектің момын  мінез шешесі, жорға жүріс, кең мықынды келіншек – Өзипаға деген лап етпе көңіл қызғанышынан тұтанып ала жөнеліп пе еді, қалай еді өзі?  Ел ішінде «шолақ Шәкібай жесір келіншектерге үйірсектеп, айғырлық жасап, білгенін істеп жүр» деген өсек-аяң  ауыл үйді сумаңдай аралап, тез-тез-ақ тараған-ды. Оған, бірақ, аңғал  көңіл бәрібір сенгісі келмеген, елең қылмауға  тырысып баққан. Сөйтіп, кермектеу  қиялын «тәйт» деп шектеп,  құрық салып жүрген күндерінің бірінде мына шыққыр көзі ауыл шетіндегі молынан жайқалып өскен (сол жылы бидай бітік өсті) егін арасынан қатарласа шығып келе жатқан  Шәкібай мен Өзипаны  көрер ме! Жә-жә, сонда да күдік келтірер жөні жоқ-ты. Қай келіншек жұмыс жағдайымен ерте кетіп, үйіне кеш оралмайды екен!   Десе де  бойын бір сәттік пенделік  ашу қысып, Шәкібайға ұмтыла жаздап барып, өзін-өзі әзер тежеген.

«...Момындығын өз керегіңе  пайдаланғалы  жүр екенсің-ау, зымиян неме! Көрерміз әлі! Тұра тұр бәлем...»

Бұдан соң да сыпсың сөз басыла қоймады. Қайта-қайта  зың-зың етіп, өсекшінің тілінде түйінделіп, алдын орай берген.

...Елден таса, оңаша бір сәтте Өзипаны өз ыңғайына  бейімдеп, сөзге тартып байқамап болды.

– Сұрамасқа шамам жоқ. Шәкібай екеуіңнің араңда бірнеңе бар ма? Болса, бүгіп қалма?

Өзипа үркектей қарап, шошына түсіп, жауап  қатпақ болса да, қапелімде тілін тістеп алды. Денесі дірілдеп  қоя берді. Жақсыбек  тағы да өзі тіл жалғады. Енді ашулана сөйледі. 

–  Сендерге жағдай жасамай, тұрмыстарыңа қарамай жүрмін бе? Аш па едіңдер? Құрсақтарыңның қабысып қалған кезі бар ма?

Өзипа осы сәтте шыдай алмады. Келін болып, иба сақтап жүрсе де, енді өз арын өсек сөзден қорғау үшін амалсыз тілге келді. 

– Бұл не сөзіңіз, қайнаға?  Мен жайлы бұлай теріс  ойлағаныңыз қалай? 

– Әнеукүні өз көзіммен көрдім. Ол екеуің егіс даласынан  оңаша қайтып келе жаттыңдар.

–  Жұмысымды аяқтап кетейінші деп, жанталасып жүріп, кеш батқанын да сезбеппін. Енді жалғыз қалып қойып, асығып келе жатқанымда, артымнан қуып жетті. Әрнені айтып, ыржалақтай берді, бар болғаны сол...

– Шын сөзің бе осы?

– Алла атымен айтып тұрмын! 

Бұдан әрі сөзді теріске қарай сүйрелей беруге ыңғайсызданып, Жақсыбек атына мінді де, сипай қамшылап, кете барған.

...Ел ішіндегі гу-гу өсек бәрібір тоқтап қалған жоқ еді. Тіпті шолақ Шәкібайдың  «айғырлығын»  әсірелеп айтып, жесір келіншек Өзипаға теліп, екеуін оңаша жерде табыстырып та қоятын. «Келіспесіне, көнбесіне қоймапты, не керек...» дескен сыңар езу әңгіме де сумаңдап бара жатты. Жүрекке ауыр салмақ салар осы бір желөсекке жүрдім-бардым қарай алмай, алғашында  Шәкібайды оңаша шақырып, қамшының астына алсам ба екен деген.  Бірақ, ол ойынан тез-ақ қайтты. Не деп кінә артар? Көзбен көріп, қолмен ұстамаса – бәрі де бос сөз. Кім не демейді бұ заманда?   « Апыр-ай, өте момын!  Барынша момақан жан!  Сол момындығын ана мың айлалы «қотыр айғыр» пайдаланып кетуі де мүмкін-ау! Егер солай бола қалса...»

... Арада бірер апта өткенде Тынымбектің шешесі, кең иықты, томпақ  төс, әзілқой  келіншек – Қазына Жақсыбекпен тар жерде бетпе-бет келіп, жүз түйістіре  қалар ма? Сол сәттегі жанарын айтсаңшы! Өңменіңнен өтіп кетердей ме?  «...Біз де ет пен сүйектен жаралғанбыз, бастық болсаң – барлық жағынан да біздей пақырыңа көңіл ықыласыңды көрсетпейсің бе?» деп, жанарымен жазу жазғандай еді. Жақсыбек те жанарға жанармен жауап бермекке талпынып бақты.  «Қалай-ау, қалай? Қалай ғана олай  етем?  Күйеуің қан майданда шейіт болды, ал менің от пен су ортасындағы жайымды кім түсінер?» деген күмілжіңкі жауап шықты. 

Қазына  келіннің алдында  әу бастан қипақтап, сөзінен жаңылып, қысылып қалары бар болатын. Тілінің тікені бар. Айтарын жұмбақтамай, тарс еткізіп тура жеткізетін-ді. Ал, мына соғыс басталғалы бері, күйеуінен қара қағаз алған кезден бастап, тіпті өршеленіп кетіп еді. Жақында елдің аузынан естіді.

– Қайнаға, оу, қайнаға,

Қайнаға жарар пайдаға!.. – деп, ыңылдап әндетіп жүргенін өз құлағымен естігендер бар екен.  Ол ғана емес, тағы бірде былай деп ел арасына  сыпсың сөз жүгіртіп жіберіпті. 

– Мата дегеніміз бөз болды,

Еркек дегеніміз ез болды!

Қолынан келер ісі жоқ,

Айтары бос сөз болды...

Тіпті жұмыстан соңғы бір сәтте, бірнеңені сылтау етіп, өңкей қатын-қалаш  жиналып бас қосқан сәтте  айылын жимастан:

– Қайнағаларымыз – қайқаң, қайныларымыз – жалтаң, бұл бір кердің кезі  болды, қайтейік! – деп аһ ұра күрсінгенін қайтерсің!

Колхоз бастық осы жолы шыдамның шідерін күзіп:

– Ай, ақ келін, өзіңді не түлен түртіп жүр? – деп, қайнағалық жылы сөзін қолқасымен қоса, суырып берген. – Күннен-күнге қара қылық шығарып, буынсыз тілге жайдақ аттай мінгесіп алыпсың-ау, тегі...

– Күйеуім майдан даласында аман-есен жүрген кезде ойыма да кіріп шықпаушы еді, енді міне, бәрінен де күдер үздім, – деді Қазына. – Өмірдің асты үстіне, үсті астына түскендей. Онсыз да ащы тағдырдың түн төсегінде барынша ащыланып кетерін кімге айтып, кімге мұң шағар хал бар бізде?

– Оны түсінем. Бірақ...

– Жоқ! – деп даусын саңқ еткізді Қазына. – Түсініп жүрген жоқсың! Түсінгің де келіп жүрген жоқ. Соғыс жесірлерінің қай-қайсысынан да сұра, олардың қансыраған жан жарасына жалап жазып жүрген адам, ит те болса, Шәкібай...

– Ау, ол деген... – деп, бастық реңі күреңіте, ашуға булыға сөз бастай берді де, тағы да тұншықты. – Өй, оңбаған! Қап, бұдан кейін, шаруам сол Шәкібаймен болар!

Қазына еркекті құздан оңдырмай құлатып жіберіп, енді мысқылды үнмен сыңқ-сыңқ күліп тұр екен.

– Ал, айтайын! Ал, ашығына көшейін, ол бәріңнен де артық! Оған жетер қайсысың бар?  Ол – адамдық пен айғырлықты қоса тізгіндеген еркек...

Жақсыбектің басы айналып, көзінің алды қарауытып бара жатты.  Бұдан әрі ақталып әңгіме  айтып, ақылмен өзеуреп, жас жесірдің сезіміне еш әсер ете алмасын да іштей сезіп тұрған. 

                                                                  ***

Кәрі жүрек кезекті бір сәтте тағы да бүлк ете түскен.  Бүгінгі күн оның барынша ой құшағына батып, өткен күндермен бетпе-бет қауышқан сәттеріне айналып кеткендей еді.

...Алғашқы екі келіні  - Өзипа мен Қазынаның әрбір қадамын  бақылап ұстап, өзгелердің арсыз әрекетке баруына жол бермей, қай жағынан да  байлап-матап  тастаса, ал соңғысы – көз  жанары ерекше қиылып тұратын, қыпша бел келіншек ешқандай әйелдік әлсіздікке бармастан, бұдан қанша қашқақтағанымен, о тоба, енді өз бойындағы  ынтық сезімге еш құрық сала алмағаны қалай?   Шіркін,  бір құшақтасам-ау, ып-ыстық деміне тұншығып жатып өліп кетсем де қыңқ демес едім деп іштей арман еткен күндері де аз болды ма?  Бірақ батылдығы шектеліп қала беретін. «Келін ғой...» деп кідіре түсетін. 

Оның есімі – Жайдары еді. Өзі де жайдары десе жайдары, Алла әйелге тән  ұстамды  мінезді де бере салған, көрікке де кенде емес. Мына Жеңісбектің жылы күлкісі мен саңқ ете қалар ашық үні шешесіне ұқсайды, тіпті кейбір жүрісі де оның қозғалысын қайталап жатады. 

Ашық үн демекші, екеуі жаздың ең бір жайлы, тымық, мамық түнінде егіс жақта ұзақ-қ бөгеліп, бір-бірін қия алмай, түн жұлдыздарын санаған кездері кеше ғана еді. Сондайда ол даусын кенеп жіберіп, бір ән бастайтын. Даусы қандай ашық. Үнінде әдемі жылылық, әсерлі сұлулық дірілдеп тұрып алатын. «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Тау ішінде...» болып шырқалатын әндер әсте таусылмаушы еді-ау! «Шырқап жіберші, жаным» десе бітті, бәлсініп жатпастан, көмейінен күміс үн төгіліп кете беретін. Қатты айтпайтын, сызылтып шырқайтын. Сол күміс үн тұла бойын балқытып, жүрегін аттай тулатып, жақындай түсіп, жас жесірді ыстық құшағына құлатып жіберуші еді.

...Басқаларға  сездірмей жүргенімен, Жайдарыға келгенде сезім осалдығына ұрынды: үйге түнемей қалуды шығарды; үстінен бөтен әйелдің исі шығып оралатын сәттері көбірек болды; оны Данаш іштей сезіп те, аңғарып та жүрген болар, бірақ ләм деп тіл қатқан кезі жоқ.

                                                               ***

Өмір деген, міне, қыздың бұрымындай алма-кезек айқаса қабатталып, тіпті төрт-бес қабатталып, өрілетін сәттері де өте көп болады білем!  Өзі жастау күнінде тап осындай ойқы-шойқы тағдырға тап болармын деп өңі түгілі, түсінде де ойламаған шығар. Дегенмен, бұның маңдайына жазылғаны – осы!  Әсіресе  Жайдары десе неге ғана жүрегі бұлқына соғып, бойын әлдебір бұла күш қыса түскендей болып, дел-сал күйге  түсіп кете беретіні қалай? Баяғыда-а солай еді, қазір де сол сезімді мүлде сөндіріп тастағаны шамалы. Тіпті мына жарық дүниені әні тастап кетем, міні тастап кетем деп жатып та оның бейнесін көз алдына жиі әкеле беруі ненің құдіреті? Неге жиі-жиі ойша сырласа береді онымен?

...Соғыстың суық ызғары бойды тоңазытып, ойға кермек қиял ұялатқан сол бір сұсты күндерде, неге екені белгісіз, осы Жайдарымен жолыға қалса болды – еңсені басқан бар ауыртпалық сол мезетінде лып етіп, жоғалып кететін-ді.  Қалың өскен жүгерінің арасында, айлы түн астында екеуі қаншама рет жолығысты: түнгі сырдың түбі көрінбеуші еді, айтар әңгіме бірін-бірі қуалап кете беруші еді; тіпті көп-п уақытқа дейін сезімі аттай тулап жатса да, оған ауыздық салып, жас жесірдің көңіл қыбын көбірек ойлаған екен. Ақыры... кезекті бір түні екеуі де сезім ләззатына мас болып, орылған жүгері жиыны үстіне құшақтаса құлап бара жатты.

...Тағы бір жолы, енді іштегі сыр да ашық айтыла бастаған тұста, Жайдары аса бір ауыр сезіммен аһ ұра сөз бастап:

– Сізге айтпасқа ылажым қалмай барады, – деген. – Ана екі келін де...

– Е, немене, оларға не болыпты?

– Олар да үмітті! 

– Кімнен?

– Сезбей жүргеніңіз бе? Келін деген жолы бары рас, бірақ заты әйел, ет пен сүйектен жаралған жоқ па? 

– Не істе демексің енді!

– Көп матап ұстамаңыз!  Бас еркіндігін алсын...

– Апырмай, не дейсің! Қайда қиялап кеттің осы жолы?...– деп, Жақсыбек күмілжи сөйлеп, жаны қысыла, қара терге түсті. – Сенің аузыңнан естідім-ау! Енді не істермін! Қайтпек керек мынадай күнәһар пақырыңа? 

...Әнеукүні бар ой-сабырын көңіл жиегіне көгендеп қойып, кемпірі Данашқа:

– Шақыршы ана Жеңісбекті! – деп дауыстаған.

Жеңісбек келген соң, оған шаршаған, сықсима көзін сата ұзақ-қ қарап жатты да:

– Шешең  аяқ басып жүре ала ма? – деп сұрады.

– Қайдан жүрсін! Екі аяқтан сал боп жатқалы жеті жыл...

– Әлі сол қалпы ма? Әй, сорлы-ай! – деп күмілжіп қалды да: – Онда... онда өз қолыңмен көтеріп әкелші мұнда. Айтар сөзім бар.

– Жарайды, әкей! 

Көп ұзаған жоқ, Жеңісбек шүйкедей кемпірді – Жайдарыны алақанына салғандай боп, көтеріп алып, атайдың жатын бөлмесіне кіргізген. Кіргізіп, жұмсақ орындыққа отырғызған. 

– Сен бара бер! -деді қария.

Жас жігіт жылдам басып шығып кетті. Енді екеуі оңаша қалған. Оған әлсіз саусақтарын дірілдете соза беріп еді, Жайдары да өзіне барынша қымбат кәрі  адамның  саусағына саусағын  тигізген, қария ақырын ғана оң қолын сипалап отырып:

– Сенің анау сұлу ерніңнен шыққан әрбір лебізіңді екі етуге қауқарсыз   едім-ау, шіркін-ай десе... – деді.

– Оны білемін. Баяғыда-а білгем!

– Сосын да... Сол себепті де...

– Арғы жағын айтпасаңыз да түсінемін.

– Қайдан білейін, кей сәттерде өзімді кінәлап, өзіме-өзім соғыс ашамын. Арсыз, ұятсыз қақпассың деймін. 

– Кінә сізде емес. Оған қарғыс атқыр сұм соғыс кінәлі! 

-Бірақ, бүгінгі ұрпақ не дер? Түсінер ме мұның жайын? Сөйтпеске шарам қалмағанын қалай ұғындырармын енді мен? Қалай? Қайтіп?

-Түсіндіріп қажет емес! Есті ұрпақ онсыз да санасында салмақтай алады. Қазіргі жастар бізден әлдеқайда ақылдырақ. 

Қария жұтына, жұтқыншағын бүлкілдетті.

– Баяғы-ы даусыңды сағындым! – деді бір еркелік үнмен. Сосын аз-кем үзіліс жасап алды да:

– Ән салып берші маған! – деп, қиыла сұраған.

– Ойбай-ау, ондай дауыс бар ма қазір? 

– Сенің үнің мен үшін қай кезде де қымбат!

– Даусым жоқ қой, қинамаңызшы...

– Онда өлең оқышы! – деді.

– Бізден өлең қалғалы қай заман! 

– Жоқ, оқы! Хакім Абайдың өлеңдерін үзілдіре оқитынсың. Өтінемін!

Ақ кемпір әуелі сыбырлап айтып, артынан даусын да сыздықтата ыңылдап:

– Көзімнің қарасы,

Көңілімнің сарасы...– деп, әуенді  соза түскен. Мұңлылау, жан жабырқатар әнге қосқан. Шал үнсіз, жым-жырт құлақ төсеген. Сипалап отырған саусақтары да тоқтаған. Тек астыңғы иегі ғана ақырын дір-дір еткен.  Ән салып отырып та кәрі кісінің кенет бар сабырдан айрыла, сезім жетегіне түсіп кеткенін көңіл көзімен аңғарды. Аңғарды да даусын сазға бөлеп, одан бетер соза түскен. 

Кенет... ән кілт үзілді. Ақсақал селк етіп, өткір жанарын қадай қараған.

– Неге үздің?

– Даусым жетпей барады.

Қария аз-кем үндемей қалды да:

– Қасым ақынның да жырларын шабыттана айтушы едің! – деп, екінші қырына аунап, басқа тілекке құрық салды.

– Ұмыта бастаппын!

– Ең болмаса бір шумағын...

Амалсыз әлсіздеу, тіпті қуатсыздау лебіз-үнмен ақ кемпір отты ақынның бір өлеңін бастаған.

–Өкінбен, менде бір күн өлемін деп, 

Өкінем ұқсата алмай келемін деп!..

Енді бір сәт иегімен қоса дірілдей жөнелген сақалын да ұмытып, екі көзін жұмып алып, алыс күндер әлеміне,  қиялына қанат байлап алып, сапар шегіп кетіп еді.

«Сол баяғы даусы! Сыңғырлаған үні ғой мынау-у!  Менің ішкі жан-дүниемді тас-талқан еткен, еркімнен тыс  ессіз қадамға бастаған баяғы-ы әсем әуен!  Құдай-ау, кісі сезімі қартаймайтын шығар тіпті де...»

...Өзіне, Алла-тағала, торсықтай-торсықтай бес ұл сыйласа да, әкелік арманы жоқ бола тұрса да, тағдыр жазуымен өз әулетінен майданға аттанып, қайтып орала алмаған үш бірдей жас жесірге жүрек жылуын бөлісуге тура келгенін қайтерсің! Тіледі ме осыны? Арманы ма еді сол да? Жоқ! Жоқ! Жоқ!  Данаш сезді ме, сезбеді ме – бәрі өз ішінде, бірақ осы күнге дейін бұл оқиға жайынан тіс жарып көрген емес. Тек  күбір-сыбырға аса құмар өз ауылдастары арасында әредік сыпсың сөз ауыздан ауызға ауысып қоятын-ды.

«Осы біздің колхоз бастық ауылдағы жесір әйел біткенді сыпыра нетіп... қояр емес қой тіпті» деп, жеңіл сөзді қара судай сапырғандар болған. Естіді, естісе де естімеген болып жүре берді. Кімге ақталар, не деп ақталар!

Қашан да, қай кезде де өзінің жолы өте ауыр болады да тұратыны несі екен? Сонау-у соғыс жылдарында жесір қалған келіншек атаулыға қырғидай тиген бұл емес, ана шолақ Шәкібай емес пе! Неге ол сүттен ақ, судан таза болды да шыға келді? Неге оны мына жалпақ жұрт мүлде айтпайды? Неліктен еске алғысы келмейді? Әлде  бәрін де жуып-шайып кеткен оның ақ өлімі ме! Соғыс аяқталып, колхоз енді-енді аяғынан тұра бастаған тұста Шәкібай байғұс қатты ауырды: төсек тартып жатып қалды; тіпті ас-су ішуге де шамасы болмады; өлі мен тірінің арасында жанталас сәттерін бастан өткерді. Сондай күндердің бірінде Жақсыбек оның көңілін сұрай барған. Теріс қарап, бүк түсіп жатыр екен, кісі келді-ау демеді. Кім келсе де бетін бері бермейді екен, еш кісімен тілдеспей қойыпты деп естіген.

– Оп-поу, Шәкібай сері, сендей арыс азаматтың әркімде бола беретін әлсіздікке қол тапсырып, бұлай бүк түсіп жатып, жөнеп кетуі – ұят! Мына қаумалаған қауым үшін масқара өлім!  Ел сосын не дейді артыңнан?.. – деп дауыстап кірген үйге. Замандасы селк ете, төсектен басын әзер көтеріп, бері бұрылды. Бұрыла бере тоқтамастан сөйлеп ала жөнелді.

– Поу, Жақа, екеуміз елге бас ие болмағанда, мына жағалай жатқан жұртың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетер ме еді, қайтер еді? – дегені.

Жүрегі қылп ете түскен. Бірақ, сөз астарын бірден түсіне алған жоқ. Ол жас жесірлер тағдырын айтты ма, жоқ болмаса елдің ауыр жағдайын еске түсірді ме – онысы жұмбақтау естілді.  Алайда, осы сөзінің өзіне бек риза! Өліп бара жатып та өрелі сөзге ілгек салды...

Сөйтіп, қалған тірліктегі барша шырмауық-шу мен бықсыған түтіндей өсек-аяңды Жақсыбекке жиып-теріп берді де, өзі «қош» деп бақи өмірге оза берген.

Бұл былқылдақ өсектің тіптен лаулап ала жөнелуіне тағы бір себеп – арада бір жыл өтпей жатып-ақ Өзипа да, Қазына да, тіпті Жайдары да құрсақ көтеріп, бір-бірден ұлды болғаны. Кейбір жөні түзу ел ақсақалдары «е, бұл майданға аттанар алдында құрсақта қалып қойған сәбилер ғой» десе, аузы жеңілдері «арада біраз уақыт өтті, бұл балалардың әкесі олар емес» десіп, құрғақ сөз қуалап кеткен.

...Жайдары қарттың өтінішін орындап, көңілін жайлап болып, бөлмесінен шыққаны сол еді, Жақсыбек  аяқ астынан  тұншығып, демі жетпей, екі көзі аларып, қос қолын ербеңдете жөнелген. Бұл жолы да жарықтық демнің, ішке кіріп-шығатын бір жұтым ауаның қадір-қасиетін сезіне түскен жайы бар-ды.  Аһ ұрған дауысты ести сала қасына жетіп келген кемпірі Данаш та оның сұп-сұр жүзіне қарап:

– Терең дем алыңызшы! – деп зар сөзін айтқан. – Дем шығаршы, қане?

Жақсыбек осы сәтте дем шығара алмай, екі көзі аларып, қолдарын ербең-ербең еткізді. Данабикеде жан қалмады. Өмірінде айтпаған сөзін осы жолы еріксіз тіліне тізді. 

-Сол келсе болды, өстіп демігіп, дем жетпей, аласұрып қаласыз! Не сиқыры бар шіркіннің! -деп алып, артынша: -Ай, жалмауыз-ай! Жалмауыз десе! Жалмауыз-з...-деп, созып барып, сабырға келді. 

Қария бұл сөздерді, бірақ, әлде естіді, әлде естімеді - екі-үш рет тартына дем алып, соңғы демін жұтқанда, қайтадан шығаруға шамасы жетпестен, екі көзі алара, кемпіріне қараған қалпы, үнсіздікке аттанып кете барды...

                                                            ***

Құрық колхозын Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастап, он бес жыл бойына үзіліссіз басқарған, момын ауылға бас ие болған – Жақсыбек қарияны арулап жуып, мәңгі мекеніне алып кетуге әзірленіп жатқан сәт. Өзінің белінен туған бес баласы барлық істі әбжіл атқарып, қай шаруаны да тап-тұйнақтай етіп орындап, былайғы жұрт таң  риза боларлықтай шаруа жасаған: жерлеу рәсімінің атқарылуында да оғаштық байқалған жоқ. Қаралы жиын өткізіліп, екі-үш кісі сөйлеп, Жапсарбаев Жақсыбектің бұл ауылға жасаған жақсылығы мен игі істерін тізбектеп таратты. Осы топтың ішінде Майданбек те, Тынымбек те, Жақсыбек те бар-ды. Олар өзді-өзі болып, қатарласа бой түзеп, қазаға қатты қайғырып, көз жастарын тежей алмастан, іштей мүжілген.

...Өмірде, мына бейопа фәниде  тағы бір еркек-соқпақ кілт тоқтап, шорт үзілді! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар