Ирландия әдебиеті - Еуропадағы үшінші көне әдебиет
Бөлісу:
К.С. Льюис. Классикалық мифологиядан қазіргі теологияға дейін
«Сиқыршының жиені» – К.С. Льюис өзі тамсана суреттейтін (Нарния шежіресі) «Архенланд тауының» көгілдір жоталары сынды таңғажайып шығарма. Романдар сериясының жазылу ретіне қарай, «Сиқыршының жиені» алтыншы кітап болып баспадан шыққан, дейтұрғанмен, оның мазмұны Нарния оқиғалары өтетін кеңістік-ғаламның қалай құрылғанын баяндайды, яки ілкі тарих, – «Дүниенің жаратылуы». Сондықтан, кейінгілер оны 1980 жылдардан бастап, серияның ең басына шығарады, кейін бұл біртұтас дүниежүзілік басылымның дәстүріне айналады.
Музыканың рухынан бүкіл ғалам жаратылады, су перілері мен орман құдайлары адаммен үйленеді, мыңдаған жыл иен жатқан Чарн қаласының тағдыры тарихта бір ауыз сиқырмен шешіліпті... Әрине, құпия кеңістіктерге қарай өршелене жүгірген батырлардың соңынан өкпеңіз өшіп сіз де «қансонарға» шығып бара жатасыз.
Хикаятты оқи отырып, Льюис қаламынан шыққан Нарния әлемнің ғажайыптарын қазақ-түркінің қадым заманғы ойлау жүйесімен салыстырғың келеді. Дигори мен Поллидың басқа әлемге өтетін алғашқы кеңістігі – орманды алқап, ағаштар. Ал, қазақ ұғымында мифтік үш әлемді вертикалды жалғастырып тұрған әлемдік ағаш ол – бәйтерек. Бұл ағаш – адамдар мен құдайларды, жер мен аспанды байланыстыра алады, ол – дәнекер. Бәйтерек түбінде айдаһарды өлтірген Ертөстікті алып қарақұс аспанға алып ұшады, бірде жер астынан жер үстіне шығарады, бірде осы бәйтеректің түбінен жер асты әлеміне сапар шегеді.
Кітапта Асылан Нарния әлемін жасаушы – жасампаз құдай. Нарнияның бел-белесі, тау-жотасы жайқалған шалғынға оранып, орманмен көмкеріледі, томпиған төмпешіктерден аңдар жұп-жұбымен жарып шығып, құстар мен жәндіктер гуілдей ұшады, жабайы адамдар, фаундар, сатирлер мен кішкентай гномдар дүниеге келеді. Осының бәрін Асылан ән шырқай жүріп, әуеннің, музыканың құдіретімен орындайды, Асыланның әнінен бүкіл жан-жануар тіршілік иесі нәр алады. Қорқыт қобызынан күй төккенде бүкіл жан-жануар, аң-құс, бақа-шаян, жыланға дейін Сырдарияның алқабына жиналып, музыканың өміршең күшінен бойларына қуат дарытып, сазына елітеді дейтін аңыз сарыны санаңда қылаңдай қалады.
Нарния орманындағы су перілері қазақ ертегісіндегі үббе бейнесін, сатирлер қазақ мифіндегі орман перісі – серейді, кішкентай гномдар Торғай қазақтары арасында тараған бейшара сынды образдарды еске түсіреді.
Шығармада жаратылыс кітабын, яғни діни сюжеттерді ойға салатын тұстары да жетерлік, Абрамдық діндердің болмысынан хабардар біздер үшін бұл да бейтаныс емес. Льюис бір сөзінде христиандық аңыздарды тікелей баяндау өзінің мұратында жоқ екенін айтып, бұның бәрі шығарманы жазып отырған кезде бейсаналы түрде пайда болды деген ойды айтады. Ол да мүмкін, діндар отбасында өскен Льюистің ежелгі мифтер мен діни сюжеттерді «бір қазанда қайнатып өскен» санасы осындай тұспалдарға ерік беруі табиғи жағдай.
Бастапқы күнә және азғыру, қасиетті жеміс ағашы, тиым-табу сынды тақырыптардың ортасында тұрған Асыланның образын болжауға болады. Ол жасампаз қаһарман. Қазақ мифіндегі шексіз-шетсіз телегей мұхитта қалқып келе жатқан тасты қақ айырып, мынау ғаламды жаратқан құдайдың образымен сипаттас мифтік фигура һәм діни образ.
Асылан жаратқан Нарния әлемі – Асанқайғы өмір бойы іздеп өткен Жерұйық сынды жұмақ мекен, жан-жануар мен аң-құс алаңсыз өмір сүретін ауасы шипа, суы шәрбәт өлке. Кішкентай Дигори шешесін құтқарып қалу үшін мәңгі жастық мекенін үнемі ойынан шығармайды, бейне қазақ арасына тараған Ескендірдің өлместің суын іздеген аңызы сынды. Алтын науадан су ішіп тұрған алтын құлындарын іздеп аспан еліне сапар шеккен Кендебайға ұқсап, Дигори мен Полли де қанатты пыраққа мініп алып, қасиетті күміс алманы іздеп, таулар мен далалардан ары ұшып, сапар шегеді...
Льюистің кейіпкерлері сапарға қорықпай шығады, батыл қимылдайды. Себебі миф қай-қашан да адамды шығармашылыққа итермелейді, адамның істегелі отырған ісінің бәрі бір кездері істеліп қойғандықтан, толық сенімділік береді, күмәндарды сейілтеді, бар болғаны, бұл жоралығыны қайталау керек. Мифтер мен символдар арқылы ғана уақыттың, туудың, өлу мен қайта тірілудің, жаңбырдың, өсімдіктер дүниесінің, өсіп-өрбудің тағы басқа арасындағы тылсым байланыстарға кіруге болады.
Олай болса, кітап авторы Льюис деген қаламгер кім?
***
Британ аралдары. Ұзына созылған жағалау теңізден солықтай келіп қорық тастарға ұрылған мұхит шуылы естіледі, ақбас толқындар сұрғылт жартастарды ақжемін шығарып кеміруде... Ашулы толқындардан Левиафанның өңешінен мүңкігендей қышқыл иіс бұрқырайды. Жаңа ғана жүздеген шақырымға бауырын төсей созылған «Хаар» тұманы мұхит жағалауына меңіреу патшалығын құра бастап еді. Мызғып кеткен Мананнан құдай ақ шымылдық тұманның астарын жұлқылай тартып, оған есірік жел мен дауылды қоса шақырды, боз тұманның тоз-тозын шығарып алыс теңіздерге айдап, әлдеқайдан қорғасындай зілмауыр бұлттарды қуып әкелді. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, граупел бұршағы аралас суық, сүркейлі жаңбыр жауды... Мананнан құдай қайта мызғып кетіп еді, осының бәрін ұмыттырып, бұлттар ыдырап, күн шайдай ашылды да, виктория кезеңінің романтикалық бояуындай жарық етіп, шаңырақтай доғаланған жеті бояулы сұлу кемпірқосақ Британ мұхитының көкжиегінде балқып тұрды.
Тіпті, осы сәтте әлдебір қамкөңіл балықшы Шотландияның солтүстігінен немесе Оркни аралдарынан солтүстік шұғыласын (аurora) көріп қалуы да мүмкін. Міне бұл – бір күннің ішіндегі Британ аралдарының күн райы, мінезі.
Британ аралдары жұртының әдеби ландшафты да оның күн райы сынды күрделі, құбылмалы болыпты. Клайв Стейплз Льюис (1898-1963) дүниеге келмес бұрын XIX ғасыр аспанынан тырнадай тыраулап қаншама әдеби, мәдени оқиғалар өтпеді деңіз.
Ғасыр басында табиғатты, көңіл-күйді, жеке тұлғаның қасиетін дәріптейтін әдеби, көркем ағым – романтизм қанатын кең жайды; қорқынышты, жұмбақ, табиғаттан тыс элементтерімен сипатталатын әлемнің есігін қағып готикалық жанр мен виктория дәуірінің көрнекті жазушылары келді; ренессансқа дейінгі орта ғасырлық өнер мен символизм тақырыптарын бейнелеп жүрген суретшілер май бояулы кенепке ықылас қоя үңілді. Ирландия XIX ғасырда ирланд тілін, мәдениетін, әдебиетін жандандыруға тырысқан «Ирландия әдеби жаңғыру» қозғалысын қолға алды; Шотландияда ғасыр соңында шотланд ренессансына, әдебиетіне, галл тіліне деген қызығушылық жанданды, Уэльстегі жұрт валлий тіліндегі әдебиетке ұмсына қол созып, әдеби жаңғыру көңіл-күйін басынан кешті; діни-теологиялық қозғалыс – оксфорд қозғалысы англиканизмнің католиктік тамырларын көрсетіп, британ әдебиетіне интеллектуалды күш қосты; осыларға қоса индустрияландыру мен қалаласу салдарынан туындаған әлеуметтік, экономикалық мәселелер XIX ғасырдағы әдебиеттің үлкен тақырыптарына айналып үлгерді.
Кейіпкеріміз Клайв Стейплз Льюис мырза дәл осы қыз-қыз қайнаған ғасырдың соңғы жылдары 1898 жылы терістік Ирландияның Ольстер өлкесіндегі Белфаст қаласында дүние есігін ашты. Атасы XIX ғасыр ортасында Уэьлстен Ирландияға көшіп келіпті, әкесі заңгер, анасы шіркеу қызметкерінің қызы болатын. Әрине, басқа балалар сияқты Льюисте бір жасқа келген жылы «шомылдыру» рәсімінен өтті.
Қара танып, кітаптарды ежіктей алатын болған сәттен бастап Льюис әкесінің бай кітапханасына сүңгіп кетті. Ол жазушы Беатрис Поттердің кітаптарын сүйіп оқыды, антропоморфты жануарларға қызықты, ағасы екеуі жануарлар мекендейтін «Боксен» атты әлем бейнесін жасап, балалық шақтың бақытты күндерін кешіп жатты. Алайда, тоғыз жасында анасы қатерлі ісік ауруынан қайтыс болады, әкесі оны Англияда ағасы оқып жатқан мектепке оқуға жібереді, көп ұзамай қайтып келген Льюис Белфастағы Кэмпбелл колледжінде бірнеше ай оқып, ол жерден денсаулығына байланысты кетіп қалады. Кейін ол Англияда Шербург дайындық мектебіне оқуға түседі, дәл осы кезде Льюис шоқынған дінін тастап, атеист болады, Еуропаның түрлі мифологиялары мен оккултизмге қызығады.
Льюис 1913 жылы қыркүйекте Малверн колледжне оқуға түседі, онда бір маусым оқығаннан кейін Лурган колледжінің бұрынғы директоры У.Т.Киркпатриктен жеке оқи бастайды. Мектеп атаулыны тасқаяқтай қағыстырып жүрген Льюисті жазушы, сыншы, және христиандық аполог ретінде танымал Киркпатрик «Ұлы кітаптарды оқу» деп аталатын ерекше қарқынды оқу курысына қабылдайды. Ұстазы Льюистің грек әдебиеті мен мифологиясына деген ықыласын оятады. Онсыз да исланд сагалары мен аңыздарына, әндеріне деген ішкі сағынышы күшейіп, солтүстіктің сұлу табиғаты мен скандинавиялық мифологиясы баурай тартып жүрген Льюис осынау әпсаналардың қай-қайсысын да жатырқамай қабылдапты.
1916 жылы 18 жастағы Льюис Оксфорд университеті колледжіне оқуға түседі. Алғаш келген кездері ол өзіне ғана тән мәдени күйзелісті бастан кешірді. Бұның себебі, Льюис Англиядан мәдени өзгешелігі бар Ирландияда өсті, екі жұрттың арасындағы акценттен бастап, әдет-ғұрып, айнала дүние пейзаждағы айырмашылыққа дейін оның назарынан тыс қалған жоқ. Тіпті бұл оның өзі жоғары бағалайтын норвег және ирланд аңыздары әсерінен де болуы мүмкін. Мәселен, Льюис бірге оқитын ағылшын достарының Уильям Батлер Йейтс пен Кельттердің қайта өрлеу қозғалысына бей-жай қарайтынына таң қалады. Ескі ирланд мифологиясындағы рух пен сұлулықты жырлап өлеңдер мен пьесалар жазған Йейтс туралы Льюис: «Мүмкін оның тартымдылығы нағыз ирландиялық болғандығынан шығар, егер осылай болса, онда мені ирланд етіп жаратқан құдайға мың алғыс!» - деп жазады.
Бұл кезде І Дүниежүзілік соғыстың үшінші жылы жүріп жатқан еді, 19 жастағы Льюис 1917 жылы қарашаның соңында Францияның Сомма даласындағы майдан шебіне келеді, екі досы соғыста қаза тауып, өзі әуе шабуылынан жараланып, Англияға қайтады. Оқуын жалғастырады, 1925 жылдан бастап, Оксфордта 29 жыл ұстаздық қызметте болады.
Льюис діни отбасында өсіп, Ирландия шіркеуіне барып жүріп есейген еді, 15 жасына атеист болған ол 1926 кейінірек ағылшынның атақты жазушысы болған, филолог Дж.Р.Р. Толкинмен танысады, Толкиннің және Г.К.Честертонның «Мәңгілік адам», Шотландия жазушысы Джордж Макдоналдтің кітаптарының әсерінен кейін қайтадан христиан дініне орала бастайды. 1929 жылы теизмды қабылдаған Льюис 1931 жылы достарымен бірге түнгі серуендегі ұзақ талқылаудан соң, 18 жылдан кейін христиан дінін қайта қабылдап, англикан шіркеуінің мүшесі болады.
Дүниежүзілік екінші соғыс тұсында 40 жасқа ғана толған Льюис әскери қызметке сұранғанымен, өтініші қабылданбайды, соғыс жылдары Лондондағы BBC таратқан бағдарламаларда жұмыс істейді. 1954 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Кембридж университетінде жаңадан құрылған орта ғасыр және ренессанс әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Ол 1956 жылы еврей текті американдық әйел жазушы Хелена Джой Девидманмен үйленеді. Британдық жазушы, әдебиеттанушы, теолог Клайв Стейплз Льюис мырза 1963 жылы қарашада Лондонда қайтыс болды.
Льюис ғылыми жұмыстардан сырт, ересектерге арналған ғылыми фантастикалық ғарыштық трилогия, балаларға арналған нарния шежіресін, және күнә, тәубе сияқты християндық мазмұнға көптеген жазбалар арнап, христиандық апологетикада ықпалды тұлғаға айналған адам.
Льюис соғыс аяқталғаннан кейін, 1949 жылдан 1954 жылдар аралығында 7 кітаптан тұратын «Нарния шежіресі» атты фантастикалық романдар жазды. Бұл кітаптар қазірге дейін ққырықтан астам тілге аударылып, 100 миллион тиражбен жер-әлемге таралып кетті. Кітапта Льюис грек, рим мифологиясынан тыс, британдық, ирландиялық аңыздардан өзінің кейіпкерлерін жасақтап, аллегориялық сипаттағы теологиялық аспектілерді де қамтуға тырысады.
Шын мәнінде, өзінің ұзақ және бай тарихымен ирланд әдебиеті Еуропада грек пен рим әдебиетінен кейін тұрған үшінші көне әдебиет болған еді. Алғашқы ирланд әдебиеті ерте орта ғасырлардағы эпикалық ертегілерден бастау алса, V-VI ғасырлардағы Ирландияға христиандықтың келуімен ирланд монахтары көне мәтіндерді сақтау, көшіруде үлкен рөл атқарады, VI-IX ғасырларда монастырлық ғалымдар еуропалық ғылымға ерте христиандық білімді сақтап қалумен үлес қосады. IX-XII ғасырлардағы нормандттар мен викингтер шапқыншылығы ирланд қоғамы мен мәдениетіне өзіндік із қалдырса, XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басында В.Б.Йейтс пен Августа Грегори сынды авторлар, XX ғасырда Джеймс Джойс, С.Беккет, Семус Хини қатарлы жазушылар әлем әдебиетіне елеулі үлес қосты. XIX ғасырда Ирландияда «Картоп аштығы» деп аталатын 7 жылға созылған үлкен ашаршылық бір миллионнан аса адамның өмірін жалмайды, ағылшындардың ғасырлар бойы жасаған отарлық жорығы, соғыс, ашаршылық сынды оқиғалар ирландықтардың ұлттық психикасында терең жара қалдырды. Ирландия ғана емес, Шотландия, Уэльс туралы да осы күрделі тарих тұрғысынан пайым жасап, әдебиет пен мәдениеттегі жан ауыртар жарақаттар туралы айтуға әбден болады. Міне, осы кезде К.С.Льюистің алғаш Лондонға келген кездегі мәдени күйзелісін, жан дүниесінің шытырман қайшылығын, классикалық мифология мен теология руханияты арасында маятниктей тербелген жүрек сырын тереңірек түйсіне аламыз.
Дейтұрғанмен, Льюис өспірім және жастық кезіндегі елдік (ирланд) санадан да биік өлшемдерге әлдеқашан-ақ көтерілді. Өмір бойы Оксфордта, кейінрек Кембриджде қызмет атқарды, өзінің жаңа ортасымен тіл табысып, ағылшын әдебиеті мен академиясында көрнекті тұлға болды, күллі еуропалық, қала берді адамзаттық мәдениетке бір кісідей еңбек сіңірді. Ол ғұмыр бойы жатырқау мен мойынсұнбаудың қамытын киіп өткен емес. Бұның бәрі оның өмірінің белгілі бір сәтіндегі жеке тәжірибесі мен сезімдерінің көрінісі деп білген жөн.
XX ғасыр басында Британ аралдарының әдеби, мәдени тарихы модернизм қозғалысымен басталды да (Д.Джойс, В.Вулф), ол алғашқы жаһан соғысына ұласты. Ирландияда әдеби жаңғыру үдерісі жүрсе, Екінші жаһан соғысынан кейін, Британ аралдарының жазушылары әлеуметтік өзгеріс, соғыс жарақаты тақырыптарымен күресті; осы әдеби оқиғалардың қақ ортасында К.С. Льюис пен Толкин де болды, олар өздерінен бұрынғы Шотландиялық автор Джордж Макдональд пен Э. Несбит қатарлы мифология мен қиялды зерттеген авторлардың дәстүрін жалғастырып, фэнтези жанрына олжа салды. Олар XIX ғасырдағы романтикалық ағымның тебінімен қиялды, ұлылықты, эмоцияларды зерттеп, романтикалық идеалдардың ықпалына ұшырағаны да шындық. Енді бір тұрғыдан XX ғасыр басындағы жаһандық соғыстың салдары, қалаласу мен өнеркәсіп әкелген жылдам өзгерістер Льюис пен Толкинге оқырмандарды қазіргі өмірдің қатал шындығынан жырақтатып, оларға ғажайыптар мен қиял әлемін ұсынуға мүмкіндік берді.
Ең бастысы, сонау бала кезден уызынан ұйыған рухани негіз, фольклор мен мифологияға қызығушылық, еуропалық мәдениеттің маңызды бөлегі болған аңыздар мен эпикалық ертегілерге, көне тілдерге деген аңсар, теологиялық, философиялық сауалдарды аллегориялық, символдық тәсілдермен зерттеуге деген құштарлық олардың жолын тоғыстырыпты.
***
Льюиске «Нарния шежіресін» жазуға деген шабыт Солтүстік Ирландияның Морн тауын көргенде туған деседі. Ирланд мифіндегі Бойрче қойшыны көз алдына келтіргендей болған ол: «Күн сәулесі астында осынау көріністі тамашаладым... маған бұл таулардан кез-келген сәтте бір алып адам басын көтеріп, келесі бір тау жотасынан ары асып бара жататындай сезім сыйлады», - деп жазады...
Шотландияның солтүстік аспанында құдай оттары жарқылдайды. Ирландия қыраттарында граупел жауын-шашыны кеңістікті алақұйын сапырып, сиқырлы сарын ойнауда. Англияның шығыс жағалауын соқыр тұман, меңіреу тыныштық жайлайды. Льюистің сиқырлы тұманы – оқырмандарын трансформациялық саяхатқа шақыру үшін Ирландия жағалауына бауырын төсей жүздеген шақырымға созылып жатыр…
Бөлісу: