«Күлтөбедегі» кезекті әдеби талқы: жаңа роман
Бөлісу:
«Мұтылған»
Махамбет университетінің филолог магистрант жастарымен «Күлтөбе» хабарында тағы да бас қосқанбыз. «Күлтөбедегі» әдеби басқосуды хабар қонақтары магистранттар жаңадан жарық көрген Ә. Байболдың «Мұтылған» романына арнады. Магистранттар романның тек оқырманы болған жоқ, жан-жақты талдауға тырысты.
Әдеби талқылауға қандай романдар алынды деген сұрақты қайта қозғасақ... Олар Қазақстан Жазушылар одағының «Жас қалам – жаңа роман» жобасы аясында жақында ғана жарық көрген Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» (талдауымызды осы романнан бастаған едік), Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» (талдау нысанына алынған екінші кітап болған), Әлібек Байболдың «Мұтылған» атты романдары мен жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың «Заманауи қазақ прозасы» сериясымен шыққан «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы.
Кезекті әдеби сұхбат магистрант жастардың Әлібек Байболдың «Мұтылған» атты романын талдауымен жалғасын тапты.
Рита Сұлтанғалиева, модератор:
- Жас қаламгер Әлібек Байболдың «Мұтылған» романының бүгінгі прозаға, роман жанрына әкелген жаңалығынан бастасақ...
Жазира Жұбанаева, магистрант:
- Автордың айтуынша, романның бұлай аталуы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі» деген толғауынан алынған. Романдағы Мұрат деген кейіпкер Абай мен Шәкәрімді ерекше жақсы көргендіктен, ауыл адамдары оны Мұтылған деп атаған екен. Оқиға екі кеңістікте, яғни өткен және бүгінді баяндайды.
Жас қаламгер Әлібек Байболдың «Мұтылған» романының бүгінгі прозаға, роман жанрына әкелген жаңалығына келер болсақ, қазақ прозасына, роман жанрына соның ішінде метароманды әкелуі деп айтуға болатын шығар. «Мұтылған» романы – метароман. Алдымен метароман не деген сұраққа жауап беріп көрелік. Метапроза – мәтін туралы мәтін. Сюжетті басқаша дамыту үшін баяндауды күтпеген жерден басқа арнаға бұрып әкетуі үшін де пайдаланады. Романда бас кейіпкер Мұтылғанның өміріндегі әртүрлі оқиғалардан құрала отырып, тұрмыс-тіршіліктегі оқиғаларға кейіпкердің көзқарасымен баға береді және ондағы адамдардың бет бейнесін ащы мысқылмен бейнелейді. Карикатура жеке адамдардың не өмірдің көлеңкелі жақтарын, кереғарлық пен кертартпалықты шарж бен гротеск арқылы типтендіріп, аяусыз сынап-мінеуге құрылады. Бұл метапрозалық шығарманың бір ерекшелігі болып табылады. Автор бұл тәсілді шығармада қолданғаны мына мысалдарда анық көрінеді: Доқаң жомарт, Доқаң мәрт, Доқаң… Доқаң абзал. Оның да бір ғана міні бар. Бір ғана. Елеусіздеу. Кекшіл және таз. Ұрсысқанда түрі доңыздан айнымайды тура. Қорсылдап, айналасын тарсылдатып, халықтың берекесін алады. Бір жақсы қасиеті – жан-қалтасына айна мен тарақ салып жүретіні. Доңызға айналып бара жатқанын сезсе, айнаға бір қарайды да, сол жерде доғара салады…
Модератор:
- Роман тақырыбы несімен өзекті?
- Бұл романда бүгінгі қоғамның ахуалы, жанға жара салар
жағдаяттары, бір сөзбен айтқанда, отыз жыл бойы қордаланған қазақ қоғамындағы қилы-қилы мәслелерді қаузайтынымен ерекшеленген туынды деп ойлаймыз.
Модератор:
- Интермәтін бір мәтіннің өзге мәтінмен байланысы. Мәтіндердің диалогтық қарым-қатынасы дейміз. Постмодернистік мәтіннің өзге мәтіндерден алынған дәйексөздер беру, реминсценция жасаудан т.б. құралатыны белгілі және оны көркем мәтінді құраудың негізгі түрі мен тәсілі дейміз. Осы романда интермәтіннің қолданысындағы ерекшеліктерге тоқталсақ...
- Аружан Ибатолла, магистрант:
- Шығарма метароман екені айтылды, ал соған тағы да дәлел ретінде романдағы интермәтіндік қолданыстарды айтуға болады. Интермәтін – бір мәтіннің өзге мәтінге кіруі, мәтіндердің кірігуі. Ол мәтін шекарасын бұлдыратып, оны жаңаша пайымдауға жол аша түседі. Интермәтіннің негізгі қасиеті оның ішкі әртектілігі, ашықтығы, көпнұсқалығы екендігін айта кету керек.
«Көзіне қан толған ашулы бүркіт қапелімде селт ете қалғандай болды. Көсей төсеп келе жатқан көгіс тырнағын жалма-жан тартып әкеткендей болды. Қанатын далбаң-далбаң қағып қаша жөнелгендей болды. Біраз жерге дейін лақтырған кесектей зымырап барып қайта самғады. Әлі де болса мұның мағайынан кете алмай, шыр айналып шүйіп жүр. Бірақ бұрынғыдай «Бұл неткенің?» дегендей көзі қанталап, кәрлене шүйімейді. Айдалада бүйірін соғып, тілі салақтап, өкпесі өшіп, шоқиып отырған бұны мүсіркеп, қиып кете алмай жүргендей айналып ұшады...» [Әбіш Кекілбайұлы. “Елең-алаң»].
«Есін жинағанда өне бойы сырқырап ауырып жатыр екен. Екі солдат екі аяғының басынан ұстап алып, қара жермен дырылдатып, сүйреп келеді. Ай-шайға қаратқан жоқ, бас-аяғын сілке ұстай көтеріп, үстіне брезент жабылған жүк машинасына қап лақтырғандай тастай салды. Көк ала қойдай қылып әбден тепкілесе керек, белі шым ете қалып, еріксіз ыңырсыған. Бортта кейбіреуінің қолы байлаулы, кейбірі шалажансар ғана, қан-жоса болып өзі сияқты жас жігіттер жатыр. Қыздар да бар сияқты. Кеспелтек таяқ ұстаған бірнеше солдат баса шығып, үстеріне отырған». [Нұржан Қуантайұлы. “Қараөзек»].
Мұтылғанның «Оңашадағы ой...» атты күнделігімен танысып шықтым. Ол сабаз былай депті: «Адам болу үшін 3 нәрсе қажет: құлық, күш-жігер және рух. Менде қайсысы басым екенін білмеймін». Жігіт-ойлы, бір жағынан арманшыл, мұратшыл, оқуға құмар, бөлекше жан. Ұшқыш та, ақын да, музыкант та, инженер де болуды аңсапты. Жазба иесі Күнге сұмдық ғашық-тын: «Мен Күннен күш алам. Күнге қарасам, өмір сүргім келеді. Ол жылу бөледі, адам да сондай болу керек. Сөйтіп қана әлемде мейірім салтанат құрмақ...». Мұтылғанның күнделігін оқып отырып кәдімгідей сүйсініп қалдым, мәтінінде мән бар екен: «Адам өзгереді. Өмір өзгереді. Әлем өзгереді. Өзгермейтін Жаратушы ғана. Өйткені өзгеріс те, тұрақтылық та, жүйе де-бәрі Құдайға тиесілі.... 2007 жыл».
Қанша уақыт өтсе де ескірмеген Кабуснамада: «Егер мәрттік пен жомарттық жолында жүрмек болсаң, әр уақытта үш нәрседен сақтанғайсың: көзді жаман назардан, қолды жаман істен, тілді жаман сөзден» делінген.
Оқырман көкейінде романды оқи отырып бірнеше сауал туындайды: Мұтылған адал, мейірімді, турашыл адам ретінде көрінеді, ал шығарманың кей жерінде ғана көрінетін Мұрат кім? Шығарманың басында, ортасында және соңында кездесетін банк менеджері Мұрат туралы үзінділер қайталанып келуі түсініксіз ойға қалдырды. Бұл тұста осы екі мәтін арасына байланыс жетіспеген сияқты.
Тағы да айта кететін мәселе, шығармадағы осы интермәтіндік қолданыстарға келсек, жоғарыда мысал келтіргеніміздей, шығармада интермәтіндер көптеп кездесетінін байқадық. Бұған Ә. Кекілбайұлының «Елең-алаң», Н. Қуантайұлының «Қараөзек» романдарынан келтірілген мәтіндерді, поэзиялық шығармалардан келтірілген үзінділерді, Мұтылғанның ойы және оның күнделігінен келтірілген мәтіндерді атап өтуге болады. Автор бұл тәсілді қолдануда кей тұстарында мәтіндерді өте ұзақ көлемде енгізген деп ойлаймыз.
Модератор:
- Әдебиетші ғалым Гүлмира Сәулембек осы талдау сабақтары алдында қонақ дәрісін өткізген болатын. «Классикалық, модерндік және постмодерндік әдебиет» тақырыбындағы дәрісіне оралсақ. Осы үшеуін талдай отырып, бір-бірінен негізгі ерекшеліктерін айқын ажыратып, нақты мысалдармен түсіндірген болатын. Мәселен, классикалық әдебиетте біртұтас композиция сақталады, шығарманың белгілі бір сюжеті болады және ол обьективті, шығарма кейіпкерлерін обьекивті көзқараспен ұсынады. Және мұнда бинарлық оппозици, жағымды және жағымсыз кейіпкерлер болатынын, реалдылыққа жақын қабылданатынын, жаратушы автор позициясы болатынын, яғни классикалық шығармада автордың түпкі ойы айқын және оқырманға менің айтып отырғаным жалғыз шындық, тек осыған сеніңдер дейтіні. Бұл айтылғандардың барлығын романнан таба алмасымыз айқын. Сөз басында айтқанымыздай, интермәтінділіктің көрінісіне мысалдар келтірдік. Метапрозаға жататынын айттық. Зілді әзіл, иронияның кездесетінін байқадық. Бұл ғалым тұжырымы бойынша романда кездесетін постмодернизмнің категориялары екені айқын. Ал осы постмодернизмдегі ойын категориясы романда қаншалықты көрініс тапқан?
Жазира Жұбанаева, магистрант:
- Автор романда оқырманын сендіреді де, соңында мұның бәрі болмаған оқиға екені жазылады. Оқырманмен ойын көрінісі деген ойдамыз. Классикалық баяндауда бірінші не үшінші жақта баяндалады. Романда автор-баяндаушы ретінде экспериментке, авторлық ойынға барады. Мәселен, әдебиетші ғалым Гүлмира Сәулембек айтқан классикалық әдебиетте бинарлық оппозиция болатынын, жағымды және жағымсыз кейіпкерлер болып, реалдылыққа жақын қабылданатынын, жаратушы автор позициясы болатынын, яғни классикалық шығармада автордың түпкі ойы айқын болатынындай, бұл романда кейіпкерлерге нақты сипаттама берілмейді, оны оқырманның өзіне қалдырады, ол жағымды ма, жағымсыз кейіпкер ме, оған өзі көз жеткізуді де оқырманға қалдырады. Романда автордың түпкі ойы айқын көрінбейді, авторлық позициясы да жасырын, біреуді жақтап, біреуді ақтамайды. Бұл жерден автордың негізгі мақсаты оқырманға бәрін дайын күйінде жайып тастамай, оқырманды ойландыруды мақсат тұтқаны айқын көрінеді.
Модератор:
- Романға қандай баға берер едіңіздер?
Аружан Ибатолла, магистрант:
- Автор бұл романды жазу барысында экспериментке барғаны айқын
көрінеді. Жанрлық жағынан, формалық жағынан қазақ прозасына, соның ішінде роман жанрына жаңалығымен келуін атап өтуге болады. Интеллектуалды оқырманын күтетін шығарма. Автордың әдебиеттанудағы жаңашыл әдіс-тәсілдерді меңгеріп барып романға келгені айқын.
Жалғасы бар…
Рита Сұлтанғалиева,
М. Өтемісов атындағы БҚУ
қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты
Бөлісу: