Адам қалай ессізге айналады?
Бөлісу:
Егер адамды өмірінде жасаған жалғыз шешімі – сүйгені, балалы болғаны үшін кінәлай берсе, еңбегін жарты бақырға бағалап, оның қоғамда ешкім емес екенін, еш құқы жоғын есіне сала берсе, үнемі тұқыртып, айтатын жауап, қашатын бағыт таппайтындай қылып қинай берсе, ол ақырында есалаң күйге түсетіні анық.
Войцектің миына тәжірибе жасап, тек асбұршақ жегізіп, өз еркінше дәрет сындыруға да рұқсат етпейтін дәрігер ше? Оны біз танитын сияқтымыз. Ол біздің адам еркіндігі, биік сана туралы айтып, бірақ өзі «кішкентай адамдарды» өз мақсатына аяусыз жұмсайтын, кезекті атақ-дәрежеге жету үшін жолындағыларды үстінен таптап өте беретін кейбір «ақылдыларымызға» ұқсайды.
«Құлағыма дауыстар естіледі, миымның ішінде концерт болып жатқандай» деген сөздері кейіпкердің жан-дүниесіндегі ғана емес, санадағы мазасыздықты, ұлы хаосты білдіреді. Жай ғана қарапайым адам болып өмір сүру де үлкен мәселе екен. Адами қарым-қатынасқа қатысты ережелерді күшпен қирату, адамды адам ретінде қарастыратын қағидаларды күл-талқан қылу қиын емес, бірақ қиналған адамға бұрылып, қол ұшын созу әруақытта қиын. Войцекті айналасының бәрі таптап, жаншып тастауға бейім. «Кішкентай адамның» үлкен проблемасы. Бір жағынан кедейлік пен жоқшылық қысқан (сондықтан да дәрігердің тәжірибесіне көнген), бір жағынан «сен менің ғылыми тәжірибемнен басқа түкке жарамсызсың» деп дәрігер қысқан, бір жағынан «некесіз баланы дүниеге әкелдің" деп шіркеу қысқан, ақыры тіпті өз еркімен дәрет сындыруға еркі болмай қалған Войцектің бары Мария ғана. Бірақ, бұл да оның кеудесін керіп толық тыныстауына көмектесе алмайды. Осынау міндеттер, қыспақтар арасында қысылып қалған Войцек еркіндікті сезінгісі келеді, бірақ, еркіндік туралы түсінігі жоқ адам оны қалай сезінбек? Осы еркіндікке ұмтылатын Войцекті зал толы көрерменнің өзі құтқарғысы келіп отырғандай сезілді.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрындағы «Qalleki театр лабораториясы» ұсынған «Войцек» спектаклінің премьерасына барғанда осыны сезіндік (айта кетейік, 2021 жылы жұмысын бастаған театр лабораториясында кілең жастар еркін шығармашылық бағытты ұстанады).
Пьеса немістікі. Авторы Георг Бюхнер өткен ғасырда өмір сүргендіктен шығарма романтизм бағытындағы дүние ме екен деп ойлап қалғанымыз рас, себебі сол кезеңде европа елдерінде романтизм дәуірлеп тұрған еді ғой. Жоқ, бұл, қаһармандары қажымайтын, қайтпайтын, үлкен ерліктер жасайтын романтизмнен алыс, кейіпкері бастан-аяқ азап шегетін, реалистік жанрда жазылған шығарма екен. Бастапқыда спектакльге кіре алмай отырғандай болдық, басталуында «Бауырсақ» ертегісінің желісінде мысал келтіргесін комедия секілді көрінді ме, декорациясынан біртүрлі еңсені езетіндей күй білінді ме... режиссер осылай көрерменді дайындап алып барып оқиғаға кірісетіндей, өйткені, бұл шынымен драма екен.
Войцек есімді жігіт капитанның сақал-мұртын алып, етігін тазалап, сонымен бірге дәрігердің қолынан асбұршақ жеп үлгеріп жатыр. Оның өте жұпыны өмір сүретіні сондай, үш жыл бойы ішпей-жемей жинаған ақшасы сүйгені Марияға киілген, ескі қалыңдық көйлегін алуға әрең жетеді. Ал өзі үш жылдан бері әлдебір ғылыми жаңалық ашпақшы болып зерттеу жүргізіп жүрген дәрігердің асбұршағымен күнелтіп жүр. Өзі ғана емес, әйелі мен баласы да дәрігердің асбұршағына тәуелді. Өйткені қанша еңбектенсе де Войцектің тапқаны дымға жетпейді. Сөйтіп жүргенде келген сайын Войцекті «шіркеуге некеңді қидырмастан бұрын некесіз бала таптырдың» деп кіналап, күстаналай беретін капитан ақыры Войцектің жары Марияны азғырып, қалағанынша қолжаулық қылады. Войцектің рөлін ойнаған жас актер Ақжол Мамыр Войцектің ессіз әлемін бере алды деп қорытынды жасадық. Ойланып отырасың: осы болып жатқандардың бәрі нақты өмірде болып жатыр ма, әлде Войцектің миында ма, мүмкін, Войцек шизофреник шығар? Мүмкін. Бәрі мүмкін. Оның тек асқазаны ғана емес, миы да асбұршаққа толып тұрғандай. Бірақ оның сандырақтарында шындық бар. Ал Марияның рөліндегі жас актриса Аяужан Малғаждарованың даусындағы сәл сенімсіздік болмаса, сансыраған күйді беруі, қозғалысы, әсіресе, биі тамаша екен.
Қоюшы режиссерді түсіндік пе, түсінбедік пе... ол музыканың әсер-күшіне көбірек сүйенгендей. Онысы сәтті де. Адамның даусы музыкамен әдейі тұншықтырылған, ешкім ешкімді естуге құлықсыз, ешкім ешкімге керек емес.
Осы кеңістікте қажетсіз, мағынасыз әрекеттер жүріп жатыр, әр жерден шығатын дауыстар, бір-біріне қатыссыз, жүйесіз, байланыссыз сөздер, оның бәрі біздің өміріміздің мағынасыздығы. Бір жағынан сахнаның сыртқы формасындағы минимализм, жұпыны өмір көрінісі, бір жағынан осы қатты музыканың әсерінен көрерменнің өзі қорғансыз сияқты болып отырады.
Сахна кеңістігін темірдей тәртіппен бөліп-бөліп тастаған музыканың құпиясы қарсылықта. Бұл Войцектің жанының қарсылығы. Войцектің көмек сұраған үнсіз зары музыкамен берілген. Музыка бір мезгілде адамды басып, бір мезгілде өмірдің соңғы демін сезінуге мүмкіндік беріп, адамға «еркіндікке қақың бар» дегенді сіңіргісі келетіндей. Адамның сезімін аямайтын музыкалар да болады екен деп отырасың. Бірақ бір қап-қара түнекке бергісіз бос құрдым бәрін жұта салады. Адам сезімінің ынтазарлыққа толы күйі бар, адам жаны осы жан-жақтан соққылаған бір толқынның ішінде қысылып, жаншылғандай көрінеді. Войцек өзінен-өзі жанталасып жүгіре береді. Ол өзін езгілеп жаныштаудан жалықпайтын айналасынан, қоғамнан қашып келе ме, өзінен қашып келе ме...
Режиссер осынау аллегория, гротескіге толы дүниесін ерекше көңіл қойып ойластырған, эффект беретін нәрселер арқылы сол кезеңдегі қалыптасқан құндылықтардың қалай күйрегенін шашып тастаған. Бір жарым сағатта осы кезеңде отырдық, басқа ештеңе ойламайсың. Әлеуметтік иллюзиялар күйрейді. Гуманистік тұжырымдар мен оларға берілетін «кепілдіктер» де саудырап түсіп, маскалар шешіледі. Метафоралық спектакль болып шығыпты, көрермен сезімін аямайтындығымен де әсерлі шыққандай. Сондай сұрықсыз, ауыр, жиіркенішті көріністі бере береді, бере береді, осы кезде өзіңнен-өзің алдан ба, ішіңнен бе, бір жарық сәуле тауып алып, соған қарай жүгіре жөнелгің келеді.
Адамның қадір-құнын жоқ қылуға жету, жанның өлуі бар. Режиссер ышқынып, осынау жаны өлген адамдарды көрсете отырып, «негізі біз – адамдар тірі емес пе едік» дегенді айтқысы келетіндей. Бірақ осы жаны өлгендер ішінде қайсысы тірі? Қоғамы, айналасы, ортасы қысқан, сүйгені опасыздық қылған, ең соңында қызғаныштан ғашығын өлтіріп тынған Войцек пе, «капитанға шықсам, әйтеуір, таңертең тұрғанда балама не тамақ берем деп уайымдамаймын ғой» деп капитанның көңілдесі болудан жиіркенбеген Мария ма, сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан пафос көрініп тұратын желбуаз капитан ба, біреудің ғұмырын рәсуа қылған дәрігер ме, әлде Войцектің достары болып жүріп оны құрдымға итере түскендер ме... Тіпті қойылымды көріп отырғанның өзінде Войцектікі дұрыс па, дұрыс емес пе деген ойға қалып отырасың. Бір жағынан оны түсінгің келеді, өзі қапалы, өзі сынып кеткен, өзі ессіз күйге түскен Войцек әйелі ойнас қылғанда басқа не істеуі керек дейсің, бірде бәрібір ол адам өлтірмеуі керек еді дегенге тірелесің.
Адамға деген немқұрайлылық тек сахнада емес, оның табанына кез келгеніміз түсуіміз мүмкін. Шексіз немқұрайлылық әруақытта қорқынышты. Адамды белгісіздіктен, қауіп-қатерден сақтай алатын тек өзі, онда да шамасы келсе. Еркі мен жігері жетсе. Ешқандай әлеуметтік қағидалар соңғы межеге дейін ұстап тұра алмайды. Біз қандай жағдайда да Войцекке айналмауымыз керек. Тіпті азап шектік дегеннің өзінде дәл мұндайға жетпеген дұрыс.
Қойылымды көрермен қалай қабылдады, оны сұрамадық, бірақ адам жанының кірін езгілеп шығаратын, сөйтіп отырып оны тазартуға асыққан дүние көрінді бұл. Режиссердің адам жанының ең қараңғы түкпіріне еніп, жан сезімдерінің пернесін басып көргенін байқағыңыз келсе, қойылымды көріңіз. Әйтеуір, «Войцек» осындай азаппен аяқталса да спектакльден шығып жатқан көрермендер жүзінен өзі де түсінбейтін әлдебір жеңіске жеткендей түр байқалды.
Айта кетейік, осы пьесаны жазған кезде Георг Бюхнер небары 24 жаста болған екен, ғұмыры қысқа болған, өмірінің соңғы айларында жазыпты, бірақ аяқтап үлгермепті (оның диагнозы сол кездегі құжаттарда мидың шаршауы деп қойылыпты). Соңы немен аяқталғаны ап-анық болмағанының өзі қойылымға бір ерекшелік беріп тұр, режиссердің қиялына да еркіндік бар және көп ой көрерменнің өзіне қалады.
Цюрихте жан түршігерлік оқиға болып, жалдамалы солдат Войцек қызғаныштан әйелін өлтіргені жайында ел шулап жатқан кезде бұл істі мән беріп, тиянақтап, себеп-салдарын анықтап қарау деген болмаған, өйткені бұл жерде қолын қанға малған бір адам бар, ол Войцек еді, автор болса оқиғаға басқа жағынан келген.
Драманы қазақшаға аударған – Ләззат Қайратқызы. Режиссер – Ұлан Қабыл. Қоюшы суретші – Шынар Елембаева. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов, Мәдениет саласының үздіктері Жәнібек Мұсаев, Дастан Әлімов, жас актер Марғұлан Наменов қатысты. Қойылымда А.Байтұрсынұлының, Ш.Құдайбердіұлының, С.Торайғыровтың, Омар Хайям, М.Жұмабаевтың өлеңдері оқылды, ол да өзінше мазмұн беріп, көрерменге ой жеткізуде көмектесіп тұр.
Бөлісу: