Балалар әдебиетіндегі жаңа қадам: «Таңғажайып оқиға» жинағының тәрбиелік маңызы

Бөлісу:

30.07.2024 1426

"Таңғажайып оқиға" кітабы – қазақ және ағылшын жазушыларының әңгімелерінен құралған тамаша жинақ. Балаларға арнап құрастырылған бұл еңбек олардың рухани әлемін байытары хақ. Кітапта қалалық балалардың өмірі, олардың ішкі сезімдері мен қиялдары суреттеледі, сондай-ақ ұлттық ментальділік пен мәдениетке ерекше көңіл бөлінеді.

Жинақта ұсынылған әрбір әңгіменің ерекше мәні бар. Жазушылардың шеберлігі жеңіл әрі түсінікті тілде жазылған еңбектері арқылы бірден байқалады. Оқиғалар арқылы кішкентай оқырмандарын баурап алып, оларға этикалық, моральдық және мәдени құндылықтарды көрсете білген. Кітапта кездесетін көнерген сөздер мен фразеологизмдерге түсініктемелер беріліп, жас оқырмандардың тіл байлығын арттыру да көзделген.

Жоба авторы Мақпал Оразбек, өзінің нәзік әрі талғампаз көзқарасымен, қазіргі қазақ прозасының балаларға арналған бағытын жаңа деңгейге көтеруге өз үлесін қоса білді. Ол қалалық балалардың күнделікті өмірін, олардың жан дүниесінің тереңдігін аша отырып, ұлттық мәдениетіміздің байлығын көрсете алды. Әрбір оқиға, әрбір әңгіме балалардың ой-санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауды үйретеді. Осы жерде өзіме ұнаған бірнеше әңгіме жайлы айтып өткім келеді. 

Толымбек Әбдірайымның "Бір үзім нан" әңгімесі – балаларға рухани және этикалық құндылықтарды жеткізуге арналған тамаша туынды. Әңгімеде соғыс жылдарындағы қиындықтарды бастан өткерген Ғаббас қария мен қазіргі уақытта өмір сүріп жатқан Нұржан есімді бала кейіпкер арқылы нанның қадірін түсінудің маңыздылығы ашылады.

Әңгіме бес қабатты үйдің подьезінен шыққан кішкентай қыздың қолындағы дорбаны қоқыс жәшігіне төгіп тастаған сәтінен басталады. Жартылай желінген аппақ нандарды көрген қарияның жан дүниесі күйзеліп, өткен өмірін еске алады. Соғыс жылдарында ер адамдар майданда болғандықтан, елде қалған балалар, әйелдер, қарттар тылда еңбек етіп, қиындықты басынан өткерген. Ғаббас қарияның әңгімесі арқылы сол кездегі нанның тапшылығы мен оның қадірі қарияның "бір үзім нанның қадір-қасиетін білген жөн" деген сөзінен-ақ аңғарылады.

Шынайы өмірден алынған Толымбек Әбдірайымның бұл шығармасы оқырмандарға нанның қадірін білуді, оны ысырап етпеуді және үлкендердің өсиеттерін тыңдауды үйретеді. Сонымен қатар, соғыс жылдарындағы қиындықтар мен бүгінгі күннің байлықтарын салыстырып, қазіргі заманның құндылықтарын бағалауға шақырады. Бұл әңгіме жас оқырмандарға ғана емес, барлық жастағы адамдарға арналған тәрбиелік мәні зор туынды дер едім. Жазушының жеңіл, түсінікті тілі мен терең мазмұны оқырманның жүрегіне жетіп, оларға ой салары сөзсіз.

Есей Жеңісұлының "Қабылтайдың жаңалығы" әңгімесі баланың математикаға деген ерекше қызығушылығын және өзінің ізденімпаздығы мен табандылығы арқылы жетістікке жетуге ұмтылысын суреттейді. Қабылтай – білімге құштар, намысқой бала. Әңгімеде ол математика пәніндегі көшбасшылықты өз қолына алу үшін әртүрлі тәсілдерді іздестіреді. Қалаға көшкеннен кейін, жаңа сыныпта озат оқушы болуды мақсат еткен Қабылтай Асқар есімді сыныптасымен ойша бәсекеге түседі.

Әңгімеде баланың сандық заңдылықтарға қызығушылығы мен математикалық амалдарды зерттеуі сипатталады. Қабылтай күнделікті өмірде кездесетін сандардың қызықты заңдылықтарын байқап, оларды зерттеуге кіріседі. Әңгіме барысында ол 9 санының ерекше қасиеттерін анықтап, оны одан әрі зерттеуге қызығады.

Жазушы Қабылтайдың ғалымдарға тән ізденімпаздығы мен ынтасын шебер суреттейді. Әңгіме арқылы балаларға білімнің шексіздігін, ізденудің маңыздылығын көрсетеді. 

"Қабылтайдың жаңалығы" әңгімесі – балалардың математикаға деген қызығушылықты оятатын, олардың ой-өрісін кеңейтетін, білімге деген ынтасын арттыратын маңызды туынды. Есей Жеңісұлының бұл шығармасы жас оқырмандардың өзіне деген сенімділігін арттырып, әрбір баланың ерекше дарын иесі екенін түсінуге көмектеседі.

Нұрбек Нұржанұлының "Телефонда тентіреген балақай" атты әңгімесі қазіргі заманғы балалық шақтың мәселелерін тереңнен қозғайды. Әңгімеде Іңкәрім есімді кішкентай қыздың телефонға деген тәуелділігі туралы баяндалады. Іңкәрім күн сайын анасынан смартфонды сұрап, мультфильмдер мен видеоларды көрумен уақыт өткізеді. Оның бұл әдеті әкесіне де, анасына да қиындық туғызады. Әңгімеде Іңкәрімнің үлкен әпкесі Інжудің рөлі өте маңызды. Інжу сіңлісін телефоннан алшақтатып, бірге кітап оқуға немесе сурет салуға шақырады. Алайда, Іңкәрім телефоннан бас тартуға дайын емес. Оның виртуалды әлемге деген қызығушылығы артқан сайын, шынайы өмірден алыстай түседі.

Бір күні Іңкәрім телефон арқылы виртуалды әлемге кіріп кеткендей әсерде болады. Ол мультфильм кейіпкерлерімен кездесіп, сол әлемде өзін бөтен сезінеді. Бұл тәжірибе оны шынайы өмірдің құндылығын түсінуге мәжбүр етеді. Соңында Іңкәрім телефоннан бас тартып, әпкесімен бірге сыртта ойнауға шығады.

Бұл әңгіме қазіргі заманғы балалардың технологияға деген тәуелділігін сынға алады және шынайы әлемнің құндылықтарын түсінуге шақырады. Нұрбек Нұржанұлының шығармасын оқыған оқырмандар өз балаларын телефоннан ажыратып, оларға шынайы өмірдегі табиғатпен, айналасындағы адамдармен араласу қажеттігін үйрете алса, бұл да бір жеңіс болар еді. 

Джоан Айкеннің "Наубайшының мысығы" атты әңгімесі – балалар әдебиетінің таңғажайып мысалдарының бірі. Шағын қалада, екі тау арасында орналасқан наубайхананың иесі Джонс ханым мен оның ерекше мысығы Мог туралы баяндалады. Әңгіме барысында Мог пен оның қожайынының қарапайым, бірақ ерекше өмірі туралы суреттеледі.

Мог есімді мысықтың бейнесі ерекше сипатталған: оның мармеладқа ұқсас түстері, ақ табандары мен құйрығы, сүйкімді көрінісі оқырмандардың көңілін жаулап алады. Әңгіме Могтың тышқан аулаумен, жауын астында балық аулауға талпынысымен және қожайынының жылы сүтімен қанағаттанып, тыныш ұйқыға кетуімен басталады. Могтың іріленіп, үйдің ішіне сыймай қалуы оқиғаға күлкілі әрі қызықты элемент қосады.

Мог үлкен ерлік жасап, қаланы су тасқынынан сақтап қалады. Бұл сәтте әңгіме оқырмандарды Могтың мейірімділігі мен жауапкершілігін бағалауға итермелейді. Джонс ханымның және қала тұрғындарының оған деген махаббаты мен ризашылығы, Могтың қалаға көрсеткен көмегін бағалау арқылы көрсетіледі.

Әңгіме балаларға жануарларға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, Джонс ханымның қарапайымдылығы мен мейірімділігі де оқырманға үлгі боларлық. Джоан Айкеннің әдемі стилі мен ойнақы тіл қолдануы әңгімеге ерекше сән береді. Әңгіме оқырманға өмірдің қарапайым қуаныштарын бағалай білуді үйретеді.

Жалпы алғанда, "Наубайшының мысығы" – балаларға арналған жағымды әрі қызықты оқиға. Ол оқырмандарға қарапайым нәрселердің өзінде де таңғажайып сұлулық бар екенін көрсетеді. Әңгіме шынайы достық пен жанашырлықтың мәнін түсінуге де мүмкіндік береді.

"Таңғажайып оқиға" жинағы – кішкентай оқырмандарын ойландырып, болашағын бағдарлауға үйрететін еңбек. Бұл кітап қазақ және ағылшын әдебиетінің үздік үлгілерін біріктіріп, балалар әдебиетінің дамуына зор үлес қосады. Кітаптың көркем иллюстрациялары да оқырманның қиялын баурап, шығармаларға деген қызығушылығын арттырады. Бұл жинақ – жас оқырмандарды кітап әлеміне жетелейтін, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті оятатын маңызды еңбек.

Бөлісу:

Көп оқылғандар