Былғары табыттан ұққан сыр...

Бөлісу:

31.07.2024 1331

Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романы хақындағы ой-толғамдар

Қазіргі қазақ прозасының қабырғалы қаламгерлерінің бірі, беделді тұлғасы – Асқар Алтайдың соңғы кездегі қаламынан туындаған соқталы да ірі шығармасы – «Былғары табыт» романы өзінің сырлы да жұмбақ әлемімен, қатпары қалың көркемдік түйсік-талғамымен, суреткерлік парасат-пайымымен оқырма көңілін елең еткізгені хақ.

Қазақ прозасында өзіндік көркемдік соқпағымен ерекшеленіп, проза әлемінде ерекше қаламгерлік өрнек-нақышымен таңбаланған жазушының ертеректе жарық көрген «Қыр мен қала хикаялары» атты повестер мен әңгімелер жинағы (1998), «Алтай новелласы» атты прозалық жинағы (2001), «Нарық нақыштары» (2003), «Казино» әңгімелер жинағы (2008) да қым-қуыт өмір шындығын дәуір, заман контекстінде шынайы ашқан бедерлі дүниелер екенін айта кекеніміз жөн.

Жазушының шырайлы дүниелерін айтқанда, әңгіме-повестерін былай қойғанда, оның қаламынан туындаған романдарының орны алабөтен. Бүгінгі таңда Асқар Алтай роман жанрының қалыптасқан, төселген, кәнігі шеберлерінің біріне айналып отыр. Үлкен жанрдың өзіне тән заңдылығы, күрмеулі түйіндері, қиындықтары бар. Сюжеттегі оқиға желілерін бөлек-салақ етпей, пышыратпай, ішкі бір көркемдік түйсікпен қуатты ортақ бір композициялық бірлікке, тұтастыққа әкелу зерделі қаламгерлік қарымды, шеберлікті қажет етеді, әлбетте. Асқар Алтай да өз романдарында дәуір, заман тынысын ширыққан динамика арқылы көркемдік полотномен өрнектеуге құмбыл қаламгер екенін айғақтап отыр.

Жазушы ретінде Асқар Алтайдың жаңылмайтын бір тақырыбы бар. Ол не дейсіздер ғой?! Ол – оқырмандарын үнемі еліктіріп, ұмсындырып, таңғалдырып, тамсандырып отыратын, қазақ даласының көп өңіріне ұқсай бермейтін табиғаты тұмса, арда бітімді, тәкаппар да паң, асқақ Алтай өңірі, Алай әлемі. Алтай – Асқар Алтайдың көркемдік әлемінің өз «Йокнапатофасы».

Жазушының бүкіл шығармаларында, соның ішінде, әдеби құбылыс ретінде бағаланатын «Алтай новелласы» роман-мифінде, «Туажат» романында және біз сөз еткелі отырған «Былғары табыт» романында сырлы да сымбатты, асқақ та жұмбақ Алтай болмысы көркемдік әлемнің тақырыптық өзегін құрайды. Жазушының осы шығармаларының барлығында дерлік ерекше бір мифтік қабат, мифтік түсінік, мифтік ұғым-пайымдар шығарманың көркемдік тінін құрайтынын, көркемдік конструкциясының динамикасын ширықтырып тұрғанын байқаймыз. Барлық шығармаларында жазушының, Асқар Алтайдың, дүние-ғаламды, ортаны қабылдау, түйсіну, сезінуінде өзіндік мифопоэтикалық әлемі қалыптасқан. Әсіресе, біз сөз еткелі отырған «Былғары табыт» романында «ерекше мифтік сезіну», «тылсым әлемді сезіну құдіреті» стильдік өрнек-нақышқа, концептуалдық бітімге айналған. 

Қазақ прозасының көрнекті өкілі – жазушы Дулат Исабеков Асқар Алтайдың көркем прозадағы орны туралы: «Ол өзінің ешкімге ұқсамайтын, алдындағы ағаларының сарынын қайталамайтын, өз тақырыбы, өз үні, өз тілі, өз стилі бар, нені жазса да жанымен жазатын, біліп жазатын, нені айтуды емес, қалай айту тәсілін түбегейлі меңгерген, қазақ қара сөзінің бояуын қанына сіңіре білген жазушы екенін танытты» - деп жазды. Жазушы шығармашылығында ерекше орын алатын «Алтайдың алқызыл модағайы» романындағы мифтік өрім жайлы филология ғылымдарының докторы, профессор Шерияздан Елеукенов төмендегідей пікір білдіреді: «Айқоңыр – кейіпкер ретінде адамның құпия бейсаналылығының айнасы. Бұлан-талан бұлағай салған жүгенсіз тағылық сезім әрекеті. Ондай сезімді ноқталап қана ұстау керек. Ноқта – адамзат мәдениеті, өркениеті, ар-инабат секілді Құдай дарытқан қасиеттер болса керек. Алтайдың алқызыл модағайлары ғана жаз шыға тіршілік белгісін береді. Көңілден бәрі ұмыт. Ұмытылмағаны – жұмбақ аңыз, миф. Енді роман беттерінде көркем бейнеге айналды. Ендігі жерде тіпті ұмытылмақ емес. Өйткені тіршіліктің терең құпияларына көз жіберген талап қағаз бетінде таңбаланды. Өмір көкжиегінің арғы жағындағы не барға ұмтылды Ал алқызыл модағайлардың ат тұяғындай ауыр бастарын шұлғытып тұрған жел – романтика әлемі...»

Осы мифопоэтикалық таным қабаттары «Былғары табыт» (Марқа сұлу симфониясы) романында айқын көрініс тапқан. Романның фабулалық желісі Астанадан белгілі археолог ғалым, профессор Мағдан Жұрағатұлы бастатқан археологиялық экспедицияның еліміздің шығысындағы әйгілі Марқакөл өңіріндегі құнды жәдігер болып табылатын сақ патшасының қорымын тауып, құнды археологиялық қазынаға тап болу оқиғасы сипатталатын жайттарға құрылады.

Ал осы романның басты протогонисі (басты кейіпкер), негізгі тұлғасы – Мағдан Жұрағатұлы кім?! Қандай жан?! Романда ол өз кәсібіне шын берілген, ғылым үшін жанын беретін әпенді профессордың образын менмұндалайды. Мағданның есімі мен болмысы туралы жазушының: «... Анасы жетім ұлын Мағжан ақын «хакім» атаған Абай ақынның өлеңін жатқа айтқызып, «Абай жолы» романымен баулыпты... Сонау соғыс жылдары істі болып, Сібірдің тескен тауын әкесі асып кеткен қара күзде бұл алты айлық болып анасының ішінде қалыпты. Әкесі Жұрағат: «Бала тапсаң, Абай мен Әуезовті оқыта бер!..» - деп өсиет айтып, бір жапырақ хат жазыпты.

Бір-ақ рет Жұрағаттан келген сол бір хатты анасы тұмардай сандық түбіне тығып, сақтап өтіпті...

Ол хатты профессор ұлы да әлі күнге дейін сақтап келеді. Қабырғасы иін тірескен кітап толы кабинетіндегі үстел үстінде беті әйнек, қарапайым ағаш рамка қалып ішінде сақтаулы. Хат соңында: «Оралар-оралмасым бір ... аян!» -деп, «Алла» деген сөзді жаза алмай, Жаратушы есімі орнына көп нүкте қойып: - Ұл тусаң, «Мағдан» деп ат қой. Қыс келсе, «Маржан» болсын. Әкесін ұмыттырма! Біліп жүрсін. Мен оралам әлі-ақ!..» деген үміт арқалаған сөйлемінің астын сызыпты.

Ғалымның «Мағдан» есімінің атышулы Сталин Магаданына қатысты сондай сойқан сыры бар... Бәлкім, бейшара әкем ұлымның атын осылай қойсам, көсемге дейін жетіп, адалдығына мархабат етіп, «кешірім» бере ме деген үміті болған шығар деп айтып еді ұстазы» - деп жазатыны бар. (Асқар Алтай. Былғары табыт. Фолиант баспасы. Астана 2022, 106-107 б. б.)

Жұрағаттан қалған жалғыз ұрпақты өсіру үшін жесірлік ғұмырды таңдаған анасы Жамал туралы көзіне жас алып отырып айтқан: «Сөйткен анама не істей алдым?!» - деп налыған еді профессор. Көңілі бос, жүрегі кең ұстазы аңқау да адал жан ғой. Маңғаз қалпы даланың маң түйесіндей тұғын»» Сонда,, 107 б.).

Бұл – Мағдан Жұрағатұлының талантты шәкірті, докторант Дулаттың ұстазы, жетекшісі туралы пікірі. Дулат – Мағданның ғылыми ісін жалғастырушы талантты шәкірті, докторлық диссертация жазып жүрген докторанты. Ол – сүйікті ұстазының ісін жалғастырушы әрі туған жердің тарихи қазынасына жанашырлықпен қарайтын адал жігіт. Көңілі жетекшісіне, өз ісіне, алғаусыз таза, пәк, адал.

Мағданның екінші шәкірті – өзінің сүйіктісі, жаңадан қосылған нақсүйер әйелі Аршын сұлу. Жай әйелі емес, егде адамның кәрі көңіліне медеу боларлық эскорт бикеш, жас, сұлу ханым. 

Аршын сұлу сияқты кейіпкерінің болмыс-бітіміне жазушы былай тоқталады: «Әуежайда кісі қарасы мол көрінді. Асығыс-үсігіс адам ағыны. Түнгі жолаушы дүрмегі үзілмепті. Бурыл бас профессорды қысыр жыландай жас әйел қолтықтаған. Эскорт сұлу бөксесін билей басады. Олар ақбоз әуе лайнеріне отырғанда, мұнар басқан қала енді оянып жатты. Қала қарбаласы бастала қоймаған мезгіл. Отызға енді іліккен сұлу Аршын сұқтана қарасқандарға көңіл аудармағансып, алпысты аралап кеткен еріне жанаса жүрген-ді. Ұшақ креслосына да тізе қағыса отырысты. Күйеуінің көктамыр қолдарынан жұмсақ қана қысып-қысып қойды. Оған ол да мән бермегенсіді. Профессор Мағдан Жұрағатұлы да сүйіктісінің соңынан сөз ермесе де, көз еретініне үйреніп қалған... Салиқалылық сақтап, сабыр мен сенімге жеңдіретін-ді. Қайта көкірегінде «Қолыма мынадай құсты қондырған мен қандаймын?!» деген еркекке тән өрлік сезімі ұялайтын. Кеудесін көтере түсіп, Аршын сұлудың қасында атақаздай маңғаздана басатын.

Онысын жас әйел де сезіп, аққудай мойнын созып, аппақ төсін үзіп, қаздаңдай жүретін. Еркек атаулы өзіне көз салмай өтпейтініне сенімді сұлу ондайларға елеусіз мойнын бұрғансып, ер-азаматтың намысын шабақтар, нәпсісін оятар көгілдір түсті ұялы жанарын ойнақшыта өтетін. Мұндай жымысқы, жасырын қылықты байқап қалатын кейбір ұрғашықұмар көзін қысып қалысатын-ды.

Қылмаң қылықты Аршын сұлу көлеңкелі келген жанарының жалынын бөгде жанға да аса ептілікпен тіктейтін. Әйелден айла артылған ба, түзу жүріп, түзу тұрған әйгілі ғалым азаматы байқай да бермейді. Екеуінің ерлі-зайыпты болғанына да жыл жарымнан енді асқан». (Асқар Алтай. Былғары табыт. Фолиант баспасы. Астана 2022, 21-22 б. б.)

Аршын сұлу сияқты эскорт бикештің болмысын қапысыз жеткізген жазушы Мағдан сияқты ғалым азаматтың қайшылықты тұлғасын да аңғартқандай болады. Романда Мағданның екі шәкірті Дулат пен Аршынның ішкі тартысы үнемі көрініс беріп отырады. 

Роман финалында ғылыми экспедиция Былғары табыт обасын қазу кезінде сақ патшасының мүрдесі мен маңдайына гауһар орнатқан алтын тәжі бар ғылыми құндылығы өте жоғары қазынаға тап болады. Сырты жалтырап жүрген Аршын сұлудың ішкі пиғылы осы жерде сыртқа шығады. Алтын тәжге көзі тұнып, қызыққан Аршын сұлудың күйеуіне тілі тиеді. Бұған төзе алмаған профессор күйеуінің қан қысымы көтеріліп, артынан инсульт алады. Аршын сұлу Полицай Парызбен бірге ақ джиппен алтын тәжді алып, биік шың-құзға жасырмақшы болады. Бірақ олар дегеніне жете алмайды. Полицай  Парыз ажал құшады. Бірақ оның ажалы бұл дүниеден емес, о дүниедегі рухтар әлемінен келеді. Осы жерден романның мистикалық қабаттары ашылады. Романда магиялық реализмнің сипаттары анық байқалады.

«Бұл сағымдай сусындаған, құйындай ұйытқыған түйдек шаңыт – Білге қаған бастаған сақтар еді... Толғанбай аруағы ғана түйдектелген ақ шаңыт тұтқын шүршіттер мен салт атты сақтар екенін айырған-ды.

Ақ шаңыт дүние Аршын сұлу мен Полицай Парызға тез-ақ жақындап келе жатты. Тілсіз аруақ Толғанбай не істерін білмей шырылдады да қалды. Шаңыт болса, әне-міне құйындай соғып, елестей кезіп, үстерінен өте шықпақ. 

Толғанбай аруағы жас әйелді жеңінен тартқандай болып, желемік болып жүзінен желпи тиді. Сезімтал сұлу сілкініп қалды... Жанындағы Парызды тастай жүгіре жөнелді. Өзін қандай күш жетектеп келе жатқанына мән бере алған жоқ. Әйтеуір, жар басындай опырайған құлама құз бойынан аулақ кету керек деген бір суық түйсік түртіп, қуатты күш ала жөнелгенін ғана біледі. Ол екі өкпесін қолына алып, аруақпен аулаққа кетіп үлгерді...

Шаңыт боп келген саңылаусыз дүние Түйеқұлағанның үстінде ақ тұман болып шалқып тұрды. Полицай Парыз ақ джиппен сол ақ шаңыт тұман ішінде көрінбей қалды. (Асқар Алтай. Былғары табыт. Фолиант баспасы. Астана 2022, 307-308 б. б.)

Аршын сұлуды ажалдан романда Жады Толы, Жады Толик атанған Толғанбай аруағы құтқарып қалады. Ал арамза Полицай Парыз осыдан екі мың жылдай бұрын шүршіттерді ойсырата жеңген Тәңірқұт Білге Дің қаған бастаған сақтардың найзасынан қаза болады.

Романда осы бір жантүршігерлік мистикалық сәт былайша баяндалады: «Полицай Парыз мәйітінің аруағы баяғыда-ақ бұл дүниеден жырақтап кетіпті. Жарық жалғаннан кете алмай қаңғалақтап жүрген Толғанбай рухы ғана... Қу сүйек етпетінен түсіп жатыр екен.

Ту сыртынан қақпақтай жауырын ортасынан сақтардың бағзы замандағы шолақ найзасы қадалыпты...» (Асқар Алтай. Былғары табыт. Фолиант баспасы. Астана 2022, 318 б.)

Осы романдағы Жады Толы, Жады Толик атанған Толғанбай кім? Ол өткен ғасырдың отызыншы жылдары елдің басына әңгір таяқ ойнатқан қызыл өкіметтің шолақ белсендісі болып, кейін сол қызыл өкіметтің кесірінен жас әйелі мен баласынан айырылған соң, ауыр кеселге ұшырап, кейін емші емдеп жазған соң, осы Жады Толик күйіне ұшыраған. Үйленбеген. Отбасын құрмаған. Өткенмен тілдесе алатын ерекше мистикалық сезімталдыққа ие болған. Қасына мақау бала Отанды ертіп алып, өткен мен бүгінгіні жалғастырып, бір мистикалық кеңістіктен екінші бір кеңістікке емін-еркін өте береді. Көбіне бір кезде осы қырғынға өзі себепші болған Ақсөңке сайдағы аруақтармен сөйлесіп жүреді. Жұртшылықта Жады Толик пен Отан сияқты мистикалық ерекше сезімталдыққа ие болған жандарды ерекше қасиеті бар деп біліп, алдарына астарын қойып, үйлеріне қондырып, жатырқамай қабылдаған. Ақыры Толғанбай Қалжырдағы ауылды топан сел басқанда опат болады. Ал Толғанбайдың рухы енді мәңгілік кеңістікпен астасып, сақ патшасы, Тәңірқұт Білге Дің қаған бастаған сақтардың шүршіттермен болған бағзыдағы шайқастарына куә болады. Мына дүниедегі Аршын сұлуды ажалдан алып қалады. Толғанбай жастық кезінде жастықпен, албырттықпен талай қиянпұрыс істерге ұрынып, күнәға белшесіне батса да, жаңылыс басса да, ақыр соңында әулиелік сипатқа ие болған киелі жанға айналады. Осы образдың бойында жазса да, жаңылса да, бүкіл заман, дәуір тауқыметін тартқан пенделік ғұмыры арқылы рух қонған, туған халқының жиынтық образы бар сияқты көрінеді маған.

Роман композициясына кірігіп, оны шырайландырып тұрған бір дүние ондағы аңыз-әпсаналардың авторлық идеяны жарқыратып ашуы дейміз. Марқакөл атауына байланысты ежелгі аңыз – Таян ханның қызы Марқа сұлу туралы әпсана шығарма арқауына ерекше серпін, жарасымдылық, әсемдік дарытып тұр. Аңыз сырлы әуенге, сыршыл сезімге толы. Құлағыңызыға ерекше сұлу симфония әуені, әуезі себезгілегендей, әдемі күміс үн сыңғырлай жететіндей... Күміс үн... Сұлу симфония... Тіпті романның екінші атауы Марқа сұлу симфониясы деп те аталады ғой. 

Романның полифониялық өріміне үн қосып тұрған тағы бір арқау – Алтай өңіріндегі сақтардың патшасы Тәңірқұт Білге Дің қаған бастаған сақ сарбаздарының Былғары табыт обасы жанында шүршіт әскерлерін ғарап қылу оқиғасы. Әсіресе достық қолын соза отырып, ту сырттан пышақ ұрған шүршіттердің Бас Сарай елшісінің опасыздығы үшін Тәңірқұт Білге Дің қағанның былғары табытқа салып, қинап жазаға тартуы қатал да болса әділ! Сақтардың ежелгі жауын осылай қинау салты мейірімсіз де опасыз жауға деген ашу-ыза, кек, қатал заң боп дәстүрге енген. Қатал да болса бабалар салтына бас иесіз! Опасыздық жасаған жауларына бабаларының қандай жаза беретінін кейінгі ұрпақтары біліп жүрсін деген қатал салт!

Ал қазіргі күйіміз қандай?!

Оны жазушы Толғанбай рухы арқылы былайша өріпті: «Гауһар тас сәулесі санасын саралаған ол алтын тәжді қимаса да, ұшақ соңынан ілесе қоймады. Кеше ғана арыстандай азулы көрінген профессордың кембағал кебі ой-санасын ойран етті...».

Осы бір сәт санасына сақтың былғары табыты қысқан пенденің мүшкіл халі оқыс оралып, «Адам – былғары табыт тұтқыны» деген тұнық ой әзиз рухын шабақтап өтті. 

Өр рухқа тән зерек сана шіміркеніп кетті!..

Оқыстан оралған ойдан шыбын жаны шырыл қақты. Ет жүрегіне сақтың суық найзасын сұғып алғандай салқын санасы дүр сілкінді. «Күллі қоғам – тасбақа сауытындай былғары табыт жамылулы... Бәрі де былғары табыт ішінде қиналулы. Шыбын жан кешулі». (Асқар Алтай. Былғары табыт. Фолиант баспасы. Астана 2022, 325 б.)

«Ал бағзыдағы бабалары дұшпанына кеудесін бастырмапты, уақытқа рухын жасытпапты...» Жазушының ой аңсары қандай?! «Жат жұрт жадылаған сананың» сауығуы. Қазақ қоғамының былғары табыттан шығуы. Шығарманың философиялық аңсарындағы көркемдік түйіндер осындай,» Былғары табыт шерткен сырдан біз осыны ұққандай болдық,,,»                                                                        

Бөлісу:

Көп оқылғандар