Бағзалда сілтенген балта (соңы)

Бөлісу:

11.08.2024 1666

Жалғыз өміріңді қай түрде өткізесің, дәл өзім ойлағандай, өз ыхтиярыммен ғана өмір сүрем деу қаншалықты дұрыс, бұл сұраққа әркім өзінше жауап бермек. 1969 жылы мамыр айында Мюнхендегі түркістандық илатияны шошындыра, алмандарды селт еткізе бір суыт хабар жетті: «Азаттық» радиосының «Түркістан» қызметінің жетекшісі, қазақ қаламгері, журналист Мәулекеш Қайбалдиннің («Асан қайғы», «Асан ата», «Асан Қайгин») денесі Мюнхеннің шет жағындағы темір жол бойынан табылды. 

Мәулекешті жерлеген кезде қабір басында түсірілген фотосүгіретке қолмен «Мамырдың 13-і» деп жазылған. Ал «Түркістан» редакциясы таратқан арнайы аза хабарда қайтыс болған күні деп 23 мамыр айтылған. Біз соңғы мәліметке тоқтаймыз. 

«Осы 23 мамыр, яғни өткен жұма күні «Азаттық» радиосының Түркістан басқармасы өзінің ең талантты эмиграциядағы түркістандықтардың, Түркістан халқының ұлттық қайраткерінің бірінен айырылды. Эмиграцияда Түркістанның ұлттық азаттығы үшін күресуші Мәулікеш Қайбалдыұлы қайтыс болды. Мәулікеш Қайбылдыұлы эмиграцияда «Асан Қайғы» делінген атпен белгілі еді», – делінген ресми қазанамада. Одан әрі «Түркістан» бөлімінің қызметкері Мұрат Ташмұраттың авторлығымен марқұмның өмірбаяны берілген, 25 мамырмен белгіленген бұл хабарда бізге мәлімсіз бірқатар дерек болғандықтан, мәтінді толық келтірейік:

«Мәулекеш Қайбалдыұлы 1915 жылы 20 маусымда туған. 1931 жылы Солтүстік Қазақстанда орта мектепті бітіріп, Ленинград университетінің орыс әдебиеті және тарих факультетінде оқиды (1936 жылы бітірген). Алматыда СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалында 1941 жылға дейін қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеумен шұғылданады. Өз еркімен алман жағына өтеді. 1942 жылдың аяғынан Түркістан Ұлттық Комитетінде қызметте. 1943-1946 жылдары Хайделберг, Франкфурт университеттерінде фәлсафа факультетінде оқиды. Гетені, Шиллерді қазақшаға аударған. «Қырық өтірік» ертегісін де алман тіліне аударса керек. Неміс тілінде «Жұмақтан жеткен жансауға» деген роман жазды делінеді. «Азаттықтың» қазақ бөлімінің басқарушысы Жәкебай Бапыштың айтуынша, Мәулікеш Жамбылдың хатшыларының бірі болса керек».

Соңғы жазбада – сірә, деректері Мәулекештің кадрларды тіркеу бөліміндегі автобиографиясынан алынған – біз үшін тың бірқатар дерек кездеседі, айталық, туған күні, Қызылжарда мектеп бітіруі (әкесі бай ретінде сонда жер аударылуы мүмкін), Шиллерді аударуы. Қазанаманы әзірлеген қызметтестері әріптестерінің қандай жағдайда қайтыс болғанын жазбаған. Кейін ауызша белгісіз жағдайда қаза тапты деген Хасан Оралтай ғана естеліктерінде «Мәулекеш теміржол бағзалы жанында кісі қолынан қаза тапты – белгісіз біреулер басынан ұрып өлтіріп кеткен» деп ашып жазды. Досан Баймолда «Белгісіз жағдайда қайтыс болды» дейді. 

Мюнхен, Вальдфриедхов зираты, 1969 жыл мамыр, Түркістандық қайраткерлер Мәулекеш Қайбалдинді ақтық сапарға шығарып салып тұр.

Сонда қаза тапқан ба (кісі қолынан жазым етілген бе, яки жорта өлтірілген бе), оқыс боп өлді ме (айталық, пойыз басып кеткен не өзі астына түскен бе?), өз ажалынан қайғылы қазаға ұшыраған ба (жүрегі тоқтап, яки миына қан құйылып кеткен бе?), осы тектес қаптаған сұрақтардың қоршауында қаласың. Өз қазасымен өлген жағдайда – жүрек қызметінің жетіспеушілігін, гипертониялық және басқа да ауру-сырқауды, тіпті алкогольді ішкілік салдарын жоққа шығармаймыз – медициналық сарапшылар қапы қазаның себептерін анықтаған ба, ішіне токсикологиялық талдама, өңге де тексеру амалдары кіретін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, содан кейін барып 55 жастағы адамның аяқ асты қайтыс болуының себебіне көз жеткізген бе? Мас па, масаң ба, сау ма? Кісі тонайтын жырындылардың қатысы жоқ па, қалтасынан қанша ақша шыққан? Басынан ұрып өлтіріп кеткен жағдайда мәйітке криминалистік сараптама жасалып, кісіні өлімге душар еткен жарақаттың сипаттамасы беріліп, сол арқылы ғапыл қазаның нақ себебі, марқұмның дәл жарақат алу сәтіндегі хал-жағдайы анықталған ба? Басынан ауыр затпен дүк еткізген болса, бассүйегі үгітілген бе, сол күйі әлгі жерге өлімші етіп тастап, тайып тұрған ба, әлде тіл тартпай кеткен бе? Оқиға болған маңдағы адамдар жанына келген бе, жан тәсілім алдындағы «Мен өлемін, қош», яки ich Sterbe деген жалғыз ауыз арзуын, бәлки, өзге дерек боларлық сөздерін естігендер бар ма? Жалпы, куәгерлер болған ба, күдіктілер іздестірілген бе, ондайлар табылған жағдайда көзіктіру, мойындастыру, мәйітті түстеу амалдары жүргізілген бе? Айғақ заттар жинастырылған ба? Тұрған үйіне барып, айғақ боларлық нәрсе-қара, сипат қағаздар, уасиет, тәубанама түріндегі жазбалар іздестірілген бе? 

Ләм-мим. Әліге дейін жарияға шыққан бірде-бір тергеу-тексеру материалы жоқ. Қызметтестерінен бізге ауызша жеткен дерекке қарағанда, олар соңыра мансардтағы бөлмесіне барып көрген кезде, бірде-бір зат, яки қағаз көре алмаған. Біреулер бөлмені жылан жалағандай тап-таза етіп жинап кеткен. Қонақ үйден шығарда кілтті төменге тапсырып кетесің ғой, дәл сол сияқты жағдай. Ағамыз затқа, қағазға мұқият, ыспар адамның сұрпынан болмаған да шығар, сонда да соңында бірде-бір нәрсе-қара, бір бет қағаз қалдырмауы ақылға сия ма? 

Сыймайды. Devtsche Polizei-дің Мюнхен департаменті тергеу-тексеру материалдарын орналастыратын Staatsarchiv München, Pol.Dir.Mü ресурсында да, «Азаттық» радиостанциясының Ричард Каммингс басқарған қауіпсіздік қызметі ресурсында да ондай атты жарты бет сипат материалдың болмауы «Азаттық» радиосы бейкоммерциялық ұйымының іштен бойын ширатып, қанын жүргізіп отырған Амкомлиб-тің (КСРО халықтарын аза ету жөніндегі Америка комитеті) мәу демеуі, Мәулекеш Қайбалдин есімінің интернеттегі «Мюнхенде қайтыс болғандар» дербестемесіне енбеуі де еш сабаға сыймайды. Қазір интернет арқасында бүкіл ақпарат алақанда тұр деп ойлаймыз ғой. Тіпті де олай емес. Сондықтан да қызметтестері «Бұл қайғылы оқиға неміс полициясы тарапынан анықталмаған күйі қалды. Ол белгісіз жағдайда қайтыс болды» деген жан ашулы сөзін әбден дұрыс деп білеміз. Құдай басқа салмасын, жауыңа да тілемес едің ондайды. Өрескел заңсыздықпен, көпшілік жүретін орында қысас қып адам өлтірілген. Өліп жатқан адам – елдің азаматы емес, иммигрант. Тышқан мұрны қанаса, адам құқы бұзылды деп өре түрегелетін демократияшыл Батыс өлшемімен алғанда алман боданы кісінің басқа адамының қолынан (бәлкім, тіпті шетел агенттерінің қолынан) зорекерлікпен қазалануы шетін оқиға ғана емес, агрессиялық акт. Жеке бас есебімен өлтірілмегені дәлелденбеген жағдайда эмигрант саяси қарекеті үшін көзі жойылуы мүмкін ғой. Айталық, 1959 жылы күзде Степан Бандераны өз үйінің кіреберісінде бетіне шприц-тапаншадан цианды калий ұнтағын шашып өлтірген КГБ агенті Богдан Сташинскийді сол Мюнхен полициясы аттатпай ұстап, сегіз жылды басып, қатаң түзімді түрмеге жапты ғой. 

Неге екенін кім білсін, өз балаларын өзі жалмап бара жатқан Кронстың көзінен тасада Зевстің сәбиін емшек сүтімен асырап отырған алманның Амальтея ешкісі осы жерде қан балтаға заң балтасын сілтемеді. Кәдімгі аяугершілік, капиталистік те, социалистік те гумандылық, адамжандылық танытпады. Тырнаның балапанын жеп қойып, «ұзын мойынның бірі жоқ» деген Рейнеке түлкі сияқты жағдайды ақырын ғана тежегішке салғандай әсер қалады. 1954 жылдың күзінде танысының пәтерінде өлі күйде табылған «Азаттықтың» әзербайжан редакциясының меңгерушісі Али Фаталибейлінің қазасын жылы жауып қоя салғысы келгені сияқты. Дерек, айғақ болмауы мүмкін емес, ал сол бардың өзін жеріне, негізіне жеткізуге болатын еді ғой. Кім біледі, бәлкім, өздерін басып алып, бодан қылып отырған янкилерге қызмет етіп жүрген азиандарға алманның іші жыли қоймауы да мүмкін ғой, Бандераның көзін жойған Станшинскийді алты жылдан кейін түрмеден босатып, өз бетімен қоя бергендеріне қарағанда. 

Ішінде қарты, жасамысы, жасы бар «азаттықтар» мен түркістандық эмигранттар Мәулекешті Мюнхеннің батыс бетінде орман ішінде тұрған Вальдфридхоф (Waldfriedhof) – «Ормандағы қорымның» 29 зиратының бірі – мұсылман қабірстанына апарып жерлейді. Тұрғын халқының негізін католиктер мен протестанттар құрайтын Бавария федеральдық жерлігінің заңы бойынша, ол кезде санитариялық талапқа сәйкес мәйіттің қай-қайсысын да табытқа салып әкеп жер қойнына тапсырған, мәттақам алманның марқұмды дәл қабір орнына табытпен жеткізіп, ақымға түсірер алдында кебінге орауға рұқсат беруі көп кейін. Сол сияқты, қабір орнын да зират әкімшілігінің штатындағы сүйекші – алман-конвертит (дінін ауыстырған адам) қазған. Ал қалған жағынан Мәулекеш жаназасы шығарылып, Құран сүрелері оқылып, яғни көзі тірісінде өзі ойлағандай, ата-баба дінінің шарттарымен жерленген. 

Егер қателеспесек, Мәулекеш Қайбалдин соғыстан соң Германияда жүріп, уақытсыз уақыт болған, яғни өмірден кетуіне сырттан біреулер «көмектескен» екінші қазақ қайраткері (Шоқайдан кейінгі). Ұстазы да, шәкірті де жұмбақ жағдайда трагедиялық қазаға ұшыраған және екеуінің де өлімі ашылмай қалған десек, жаңылыса қояр ма екенбіз?! Алманиядан тыс көлемде алар болсақ, Ыбырайым Жайнақұлы ғана эмиграцияда өлтірілгені анық, ал қалған көпшілігінің фәниден бақиға рақат айлануының сыры, өлімі беймәлім: бейне тұңғиыққа батқан қара тастай Сатылған Сабатаев, Бақтыгерей Құлманов, Смағұл Сәдуақасов, Әміре Қашаубаев... Солар сияқты Мәулекеш Қайбалдинның да ізі айдаладағы темір жол табанының жанында мәңгілікке жоғалған. Ал сол жұмбақ өліміне кімдер мүдделі болуы мүмкін, қазасының түпкі бенефициарлары кімдер? Бізге бұл жерде жанама деректермен сөйлеуден, аяғы жерге тимей тұрған мәліметтерді бір жерге жиып, сынық айнадай жамап-жасқап, қисындық топшылау жасаудан басқа амал қалмай тұр. Ендеше кеттік. 

ІІ

ОГПУ кезеңінде тасшайнар чекистер саяси оппозицияның ішкі оппортунистік күштерді көместе көзін жойғаннан гөрі әрісі көпшілік алдында көрінеу қағазға ұшырату, берісі қорқытып-үркіту тәсілдеріне көбірек бейіл берген. «Қайда қашып құтыласыңдар, қолымыз ұзын, аспанға ұшсаңдар сирағыңнан, жерге кірсеңдер шашыңнан тартып шығарып аламыз» деп доқ көрсету. Сол себепті Смағұл Сәдуақасовтың, Әміренің беймағлұм қазасы жайлы «у беріпті, өйтіпті-бүйтіпті» деген әңгіменің барлығы да дәлелі кем, пікірі даулы долбар ғана. Әміре өмірінің соңғы жылдары ішіңкіреп кеткені белгілі. Райымжан Мәрсековтің өлімі жайында да анықтық жоқ. Ал Ыбырайым Жайнақовты 1938 жылы Маңғұл-Күре ауданында жүрген жерінде Гоминдан үкіметінің түрмесіне қаматып, кейін Үрмжі арқылы Семейге алдыртқан. Яғни, бұл кезеңде кеңестік арнаулы қызмет оппозициялық пиғылдағы ұлт сардарбектерін не ел табанын аулақтату, не шеттен бері алдырып, идеологиялық өңдеу тәсілдерін ұстанған. Көнбесе, қырына алған адамның жаман атын шығарып, барынша қаралап, ақыры халық жадынан өшіреді. Сталиннің «Буржуазияның кез-келген қайраткерін сатып алуға болады, сатылмаса, бөлінген ақшаны аяп, сығып қалғандарың, ал ақша өтпесе, онда ол жерден әйел өтеді, әйел өтпесе Маркс өтеді» дейтін қағидатын ұстанған зәлім саясат. 

Кейін жеке террор тактикасы қолданылған, бірақ ол жағдайға қарай, сол кездегі саяси басшылықтың жеке көңіл-ауанына, дара көзқарасына орай орын алады. Шетелге 1929 жылы кеткен Троцкийдің көзі арада он бес жыл өткенде, дәл соғыс кезінде неге жойылған? Себебі, дейді конспирологтар, Рудольф Гесс 1936 жылы Троцкиймен құпия жолығысып, оны Сталиннің орнына Ресей билігін қайыра қолға алуға шақырған екен.

Немесе 1954 жыл эмигрант чешен қайраткері Авторхановқа жасалған қастандықтар. Берияның басы жұтылған және сонан соң оның тереңге жасырылған жансыздары болуы мүмкін деп күдікке ілінгендердің басын бұлт алған кез. Мәулекеш, соғыс кезінде арғы бетке Берияның құпия тапсырмасымен жіберілуі мүмкін деп топшылағанбыз ілгеріде. 1954 жылдың күзінде өзі адам қылған бұрынғы легионер Мекайыл Исмайловтың қолынан қаза тапқан Абдул Фаталибейли өлімінде де сондай бір құпия жасырулы. Исмаилов Фаталибейли-Дудангинскийді әуелі басына балғамен ұрып, сосын тұншықтырып өлтіреді де, өзінің кәстөм-шалбарын кигізіп, зытып тұрады. Полиция мәйітті Исмаилов деп көмдірген жерде «Гутулуш» редакциясы оған келіспей, мүрдені қаздыртып алып, оның Фаталибейлидің денесі екендігіне көз жеткізеді. Кейін белгілі болғандай, Исмаилов 1951 жылы Совет Одағына оралған, жыл аралатып, арнайы тапсырмамен Мюнхенге келген кеңес агенті болып шығады. Сол 1954 жылы күзде Мюнхендегі Изар өзенінен «Азаттықтың» белорус радиосының қызметкері Леонид Карастың шынығып кеткен өлі денесі табылды. Бұл екі өлім Берия Сталин өлгесін ел тізгінін өз қолына басы бүтін жинай бастаған уақыт мұғдарына келеді, сәйкесінше Лаврентий Павлович кейін қайтқысы келмей шетте орнығып қалған бұрынғы жүлделі жансыздарын қайтарып алғысы келуі, көнбегеннің көзін жоюға бұйрық беруі әбден мүмкін. 

1950-жылдардағы кеңес барлау орындарының негізгі қызметі бұрынғы эмигрант отандастарды елге шақыру, соған мәжбүрлеу, көнбесе, өздерінше айтқанда «құпия түрде әкету» тактикасына тірелген-ді. «Кет дегем жоқ, неге сонша үресің?!» деп татар ақыны Дәрдмәнд жазғандай, «Сендерді қабылдамайын деп отырған біз жоқ, есік ашық, келіңіздер, барлық жағдайды жасаймыз» деп монтанысиды да. Сондағысы – бұқара халыққа «Әне, күндерін көре алмай қайтып келе жатыр» деу. Осы оймен бұл жақтан ол жаққа Отанға шақырған қап-қап әдебиет барған, тіпті иммигранттардың бұл жақта қалған балаларын да осы ойынға арсыздықпен пайдаланады. Мысалы, 1955 жылы чекистер Авторхановтың елде қалған қызы Зараның анасымен және сіңлісімен Қазақстанда айдауда жүрген жерінен әкесіне жазған хатын жариялады. Американдар баста бұл шантажға сеніп қалып, Авторхановты тіпті жалғандық детекторына салып, біраз әурелеген. Сондай-ақ эммигранттардың балаларын КСРО-ға алып кетіп, комсомол-коммунист жасап, туған жерлеріне қарсы қойып, антисоветшіл қарекеттерінен айнытпақ болады. Харестің 22 армия бойынша бұрынғы командирі Мәулекешпен «Винетада» қызметтес болатын Нерянинді (Алдан) антисоветтік жолдан тайдырмақшы болған МГБ 1953 жылы Мюнхендегі үйіне әйелі мен қызының елге қайтуын жалынып сұраған хатын, фотосүгіреттерін жасырын әкеп тастайды. Алдан осыдан кейін күйзеліске түсіп, 1957 жылы қайтыс болады. Чекистер дегеніне жетеді. Келесі жылы тағы да сол Мюнхенде грузин ұлттық қозғалысының жетекшісі, бұрынғы вермахт генералы Шалва Маглакелидзе қолды болды. Совет Одағына жасырын әкетілген ол елде адвокат болып істеп, Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде офицерлік зейнетақы алып, 83 жасында дүниеден озды. Кейбір деректер бойынша ол соғыс кезінде КСРО қауіпсіздік органдарымен астыртын байланыста болған. 

Ал Шалва тәрізді «көне кетпейтін», түзелуден кеткен антисоветшілдермен чекистердің сөзі өзі қысқа болыпты: оларға Богдан Сташинскийдің 1957 жылы Лев Ребетті, 1959 жылы Бандераны мүрдем кетірген цианды калийі жалынсын! Бандераның көзі Хрущев билігі тұсында, Никита Сергеевичтің өз сөзімен айтқанда, «Совет Одағының басшыларын сөзбен қорлаған арсыздығы үшін» жойылған. 

КГБ осы Хрушев тұсында, 1954 жылы ІІМ-нен чекистік жедеғабыл басқарма бөлімдері бөліп шығарып, түрлендіру жолымен қайта құрылды. Шынтуайтында, мұның астарында министрлікті комитет дәрежесіне түсіріп тастап, осынау «мемлекет ішіндегі мемлекетті» дербестігінен айыруды көздеген жытқыр саясат жатыр еді. КГБ-ны 1958-1961 жылдары басқарған, Мәулекештің ИФЛИ-дегі ботқаласы Шелепин сырттай «Темір Шурик» делінгенімен, ұлты еврей болуы себепті ме екен әйтеуір демократшылдыққа оң иығын беріп тұрған екен, экономиканы реформалауға да көп талпынған, бәрі де замана желі оңынан соға бастағандай көрінген 1954-1964-жылдарғы «жылымықтың» алдамшы әсері ғой. Ал «кеңсеге» 1961-1967 жылдары иелік еткен Семичастный кезеңінде хрущевтік деидеологияландыруға, социалистік мұраттардың күйрей бастауына қарсы жаңа бағыт басталғанымен, ол іс КГБ басына 1967 жылы келген Андронов заманында жүзеге асырыла бастады. Бұл кезең Сталинді «ақтау», яғни бұранданы қайыра қатаңдата бұрау ыңғайымен айшықталды. Енді кеңестік «терең бұрғылау конторы» басқалар осынау танымал мекемеде үлкен өзгерістер жүріп жатыр деп дәмеленбес үшін, халықтың да, истеблишменттің де тәубесін еске түсіріп қоюды ойластырады. Бұл іс ішкі диссиденттік алабұртуларды, Батыспен әуейіленуді, ұлтшыл ауанды басып-жаншып алудан басталып, онымен қоса халықаралық саясатта бұрынғы шантаж жасау, ұрлап әкету, «адасқан ұлға анасы мен баласы хат жазады» сықылды ескі «жанрларды» қайта қараумен қабат жүргізіледі. Енді әлгіндей жанрда хат жөнелтілсе, нысанға қауіп-қатер ызғарын шашатын доңайбат мазмұнды болмақ. Әралуандық үшін телефонмен де қорқытып-үркітіп қояды. Өстіп алыстан жасқап, қайбырта келіп, айтқанға көнбесе, «кеңседегі» «Шетелде диверсия жасау бюросы» арқылы, арнайы құрылған жасырын бүлдіргіш топтардың көмегімен қырына алған адамы отырған, қызмет істейтін орынды гексоген секілді қопарғыш заттармен жарып жібереді. Мюнхендегі «Сокол», «Буревестник» топтары сияқты. 1981 жылы еуропалық лаңкестік топқа біріккен қылмыскерлер қолымен (сірә, ГДР-дің «Штази»-інің қатысуымен) Мюнхенде «Азаттық» радиосы ғимаратында қопарылыс жасағанындай. 1981 жылғы «Азат Еуропа» радиостансасы үйіндегі сондай жарылысты заманының №1 лаңкесі, венесуэлалық Ильч Рамирес нитротаспа түріндегі қопарғыш заттек көмегімен орнына келтіргеніндей (әлбетте, КГБ-ның тапсырмасымен).

Талайды желкесінен қиған бидайық, сонымен бірге бұрыннан тән алған, жауын тасадан жалп еткізіп тайып тұратын кәнігі дертесінен де жаңылмаған сияқты ғой. 1965 жылы халықаралық қауымдастық герман әскери қылмыскерлеріне жаза беру уақыты (жиырма жыл) өтуі себепті мерзімі ескірді, жеңілдік берейік деп бір шешім алып еді, алайда совет өкіметі әйгілі «Эйхман процесін», оған халықаралық реакцияны алға тартып, әлгі шешімге «пішту» деді де, тасадан жайлап оқ жіберуін жалғастыра берді. 1978 жылы Лондонда «Азаттықтың» болгар редакциясының қызметкері Георгий Марков автобус аялдамасында қолшатырдың ұшына орналастырылған капсула-біз арқылы балтырдың бұлшық етіне енгізілген рицин  уынан қайтыс болды. Тіпті бертін, 2009 жылы Прагада әлгі радионың бұрынғы қызметкері, жазушы және құқық қорғаушы Тенгиз Гудава белгісіз жағдайда оқыс көз жұмды. 

Бұл жылдары социалистік лагерь елдері кісі өлтірудің әдіс-тәсілдерін жетілдіруде ғылыми ойсананың жарқын үлгілерін танытты: тамаққа қосып беретін, автоқаламмен, арнаулы тапаншамен, қолшатырдағы капсуламен, гүл шоғын піскілеу арқылы жүректі заматты тоқтататын бұлшық ет релаксантымен, хаттысқа салынған бомбамен саяси жағынан қауіпті эмигранттардың көзін жоя салатын құйтырқының неше түрін ойлап тапты. Арнайы зерттеулер жүргізілмесе, былайғы жұрт үшін – табиғи өлім. 

Мәулекеш кеңестік «кеңсенің» жоғарыдағыдай «стоп-тізіміне» енуі мүмкін бе? 1946 жылы МГБ отанын сатқан жаумен сыбайлас болған ұлттық легиондар қызметкерлерін іздестіру жариялап, ұзамай әлгіндей айрықша қауіпті қылмыскерлердің тізімін жасалды. Асылы, бұған заңдық негіз жоқ емес еді: оған Мұса Жәлел, сондай-ақ Харес Қанатбаев, Мәулекеш Қайбалдин енгізілген-ді ал тізімдегілер 1947 жылы Алматыда өткен сот процесінде сырттай он жылға, яғни өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасына үкім етілген-ді. Харес, Тағыберлі сияқты коллаборанттар Германияда Қазақстаннан келген кеңес азаматтарымен байланысып, оларды ұлттық рухта, идеологиялық өңдеу әрекеттері үшін айрықша назарды ұсталды. Бірақ Мәулекешті осы қатарда қарастырды деген дерек кездеспейді. Тегінде, біздің кейіпкеріміздің мұндайға табиғи қалпы да келмейді ғой. Кірсе, «Азаттықтың» белсенді «жарапазаншысы» ретінде кіруі мүмкін ондай тізімге. Қаламы қарымды, жазғаны, сөйлегені жұртты аударып әкететін ықпалды көсемсөзші, бүгінгі тілмен айтқанда «медиалық тұлға», «желінің жампозы». Ал кеңестік контрпанчерлер ондайлардың сөзін оқытпауға-тыңдатпауға қолдан келгеннің бәрін жасап баққан. Мысалы, жоғарыдағы Авторхановтың кітаптары Совет Одағында «Самизадат» арқылы тараған, тіпті оның «Билік технологиясы» партиялық элита оқу үшін тегін жабық басылым түрінде басылып шыққан. Сөйте тұра жай халық оқыса, соттап жіберген. Сондай үлкен бір сот ісі Юрий Гендлердің үстінен 1968 жылы қозғалған. Мәулекеш қазасынан бір жыл бұрын...

Осы және өзге де мәліметтерді сараптағанда бір ой келеді. Алманның аты даңды полициясының өзі қаза себебін аша алмағанына қарағанда, Мәскеудегі «кеңседегі» жігіттер Мюнхенге арнайы іссапармен келіп-кеткен жоқ па екен деген. «Азаттық» былай тұрсын, сол тұста жеті қабат қамалдың ішінде отырған «Гелен ұйымының» (ГФР федералдық барлау қызметі – БНД) арасына сыналап жансыз кіргізіп, алатайдай бүлдірген Андропов пен Кулагиннің сайып-қырандарына журналистің көзін жою әнеу бір қиын шаруа емес еді. Таңдау неге Мәулекешке түсуі мүмкін? Қисындасақ, бірнеше тіл білетін, өте білімді адам басқаратын редакцияда қорытылып шыққан, «құлақтан кіріп, бойды алар» радиохабарлар кеңестің идеологиялық шебінің беріктігіне қауіп төндіруі де мүмкін ғой (бір факт: Гелен естеліктерінде Пулахтағы өз ұйымында «азиялық тілдерді білетін тәжірибелі егделеу екі агент жұмыс істегенін» жазады). Осы тұрғыда тұрып қарасақ, Мәскеу «Азаттықтың» сұңқылдақ Түркістан редакциясын түгел тұншықтыра алмаса да, оның ми қазаны, идеялық қолқасы есепті сардарбегінің көзін жойып, бассыз қалдырғысы келуі қисынға қиғаш емес. 

Теміржол бекетіне жиі келетінін біліп алып, мылтық аузын қандап жүрген жендет (Мәулекеш жүрдек электр пойызы қатынайтын қала маңында тұруы да мүмкін) аңсыз тұрған адамды қапысын тауып, доңғалақ астына итере салса бітті емес пе?! «Кеңсе» өлім себудің бұл түрін де ара-кідік қолданып қоятын. Мысалы, кезінде Берияның көзін жою операциясын жүзеге асырған ІІМ бірінші орынбасары генерал Кругловты 1977 жылы Мәскеу түбінде қала маңы электр пойызы қағып кетіп өлтірген – оқиғаны оқыстан болған қаза деп бағалап, қылмыстық істі екі күннен кейін жауып тастаған. Мәулекеш те Кругловтың аяғын құшуы мүмкін, бірақ оны дәлелдерлік қылмыстық іс мәліметті біздің қолда жоқ. Сонда қалатыны жаңғыз версия – басынан ұрып өлтірілгені. 

Айталық, КГБ жендеттерінің сүйікті тәсілдерінің бірі жең ішіне білемдеп келген балғамен шүйдеден ұрып өту. Мюнхенде бұрын коллаборанттарға қарсы талай қолданылған әдіс сияқты ғой, егер ілгеріде айтылған Фаталибейлидің көзі қалай жойылғанын еске алсақ. Балғаның ыңғайы келмесе, сыннан өткен тағы бір қару – кастет бар. Ие, ие, ілгеріректе ауылда тентек балалар қолға киіп, бірге-бір шығатын әмбебап төбелес қаруы, ал негізінде casse-tete сөзінің төркіні – «басты сындыратын» яғни алдымен басқа соққы жасауға арналған қорғасын қару түрі. Қапысын тауып ұрса, мүрдем кетіреді. 

Салмағы жүз елу грамм болса жетіп жатыр, бас сүйектің быт-шытын шығаруға. Ілгеріде Мәулекешпен «Винета» радиосында қызметтес болатын Блюменталь-Тамаринді 1944 жылы банкет кезінде тағы бір «винеталық» Владимир Унишевский кастетпен ұрып, бассүйегін сындырып жібереді. Блюментальдың эфирде жынданып, аузы көпіріп көкігені үшін (кейін Унишевский кеңес жансызы ретінде күдікке ілінген, ал Блюменталь соғыс біткесін ақыры тағы бір совет агенті, немере інісі Игорь Миклашевскийдің қолынан қаза табады). Осыларды сараптай келгенде Мәулекешті басынан ұрып өлтіру ісінде КГБ-ның «құпия қолтаңбасы» болған деуімізге болар еді, алайда мұны кенеу тұтқызбайтын бірер жағдай бар.

Біріншіден, көпшілік орында көзапара ауыр затпен ұрып жатпай-ақ, жаңадан ойлап табылған құпия құралдардың біреуінің көмегімен шаруасын тындыра салуға болар еді ғой. Сонан соң бір бас жұлынса, орнына екінші бас келіп отырады. Бандераны жандарын шүберекке түйіп жүріп жаһаннамға аттандырып еді, орнына Халықтардың антибольшевиктік блогын (АБН) басқаруға оның ең жақын мұраттасы Ярослав Стецько келді емес пе. Ал не өзгерді?! Сондықтан Андропов кезеңі «Смокинг киген КГБ» сөзімен айшықталған. Тікелей кісі өлтіру азайған. Арнайы құрылған идеологиялық полицияның көмегіне сүйеніп, элиталық дендей енумен – стратегиялық барлау ісімен айналысу алғы орынға шыққан. КСРО-ға қарсы тіміскі әрекеттердің соққы күшін бәсеңдетпекке сыртта күшті агентуралық желі құру. «Азаттыққа» еніп алған Олег Туманов (псевдонимі – Валерий Шульгин) тәрізді ойық құлақ, қиық құлақ, салпаң құлақ сексоттар арқылы инфо жинап отыру, эмигрант тұлғалардың ең қауіпті дегендерінің түп ізіне түсіп аңдып, тыңшы қойып, осал жерлерін іздеу, арбап-алдап, өздерінің жағына шығарып алу, біріне-бірін ұтылап салып, іштен іріту. Ұңғыт Сталин мен Берия соғыс кезінде қолданған зәлім тактика. Сондықтан «бәрін біліп отыратын контора» үшін 1960-жылдардың аяғында Мәулекеш сияқты орташа лауазымды антисоветшіл журналистің көзін жою – соның ішінде айуандық тәсілмен өлтіру – мәнді шаруа емес еді. 

Ендеше не демексің, автор?! 

Не дейік? Алдымен, ағамыз біреулердің – басқа бір күшті де тісті тараптың тамағына кесе-көлденең түсіп жүрмесін. Мәселен, оның соғыс алды және соғыстың алғашқы жылдарындағы, бұған дейін өзіміз шетін басып өткен Берияның арғы бетке өздері ғана білетін тапсырмамен құпия жіберілген, «аса тереңге жасырылған» агенттеріне қандай да бір ықтимал қатыстылығы. Тарихында сондай бір «кәкір» болған Фаталибейли мен Мәулекештің бір «қолтаңбамен» – бастан ұрып өлтірілуі тегін бе?! Осының өзі «сакралды құрбандықты» меңземей ме?! Бұл орайда Сталин өлгесін елдегі билікті қолына алған Берия бірден қос Германияны демократиялық негізде біріктіріп, Совет Одағының геосаяси одақтасына айналдыру жобасын өткізбекке күш салуы ой саларлық. 1953 жылғы 12 маусымда СОКП ОК төралқасы Германияны біріктіру жөнінде шешім де қабылдаған және дәл осы шешім арада он төрт күн өткенде Берияны жасырын атып тастауға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Үш күн аралатып, төралқа соның алдындағы Германияны біріктіру шешімінен бас тартып, герман мәселесінде бұрынғы «екі Германияға» қайтып оралады. Осыдан бастап Берияның соғыстың алғашқы кезеңіндегі немістермен сепараттық келісімге келу әрекеттері жасырын тексеріледі, бірақ әлгі топта сол кезде қазанның тұзын татып отырған бірқатар мықтының болуына байланысты әлгі қорытынды жарияға шығарылмаған сияқты (әліге дейін солай болып отыр). Дегенмен, арғы бетке өткен «сәлемшілері» анықталып, кейін келе бұл іске қатысы бар әлгі кеңестік элита қоясын аштырмау үшін алман жеріндегі көзі тірі куәгерлерді (Берия агенттерін) жайластыруды ойға алуы мүмкін. Ескі сталиндік тәсіл – миссиясын атқарып болған, енді тірі жүрсе зиян ғана әкелетін «керексіз келсаптарды» білдірмей жоқ ету, қырғыздар айтпақшы, «көзін тазалау». Геосаяттағы «көбелек эффект» – алыс қалған уақиғалардың жаңғырығы, бір кезде Дориан Грейше әзәзілмен келісімге келмеудің салдары кейін келе кісінің алдынан шыққан. «Кеңсенің» заңында «түбегейлі шешім» қабылдамас бұрын нысанға алынған адамды көндірудің бейбіт шаралары қарастырылады. Әлбетте, неофиттің өзінде кеңестік прокси көңіл-күй, яки елге оралудың белгілі бір сойылдай себептері болған жағдайда. 1944 жылы Францияда жүргенде Мария Шоқайға келіп, совет жағына шыққысы келген ниетін жеткізгенін бұған дейін келтіргенбіз. Эссеміздің басында Найля Нұрханова-Мақбузова айтқан және бір сөз бар. «Мәулекеш ата біздің қазақстандық жазушыларға Германияда кітаптарын шығаруға көмектескен», деді ол бізбен әңгімесінде. Демек, оның елмен қандай да бір байланысы болған. Бәлки тіпті оған, Хареске жасалғандай елге қайту жөнінде нақты ұсыныс түсуі мүмкін. Айталық, елде қалған әйелі мен қызының хатын жіберіп, сағыныш сезімін оятып, сағын сындыратын ілкімді әдіс. Бізге жеткен Мәулекештің жалғыз өлеңіндегі алағызуға қарағанда ағамыз бір сәт елге қайтпаққа ауалануы да мүмкін. Отбасын сағынып, туған жерге барып жатайын деп. Неру сияқты, кеңестік коммунизм мен американ капитализмі арасынан өзіне ұнасымды бір үлгі пішпек болып. Неге келіспеген, айту қиын. Сірә, сенбеген. Түркияға кеткен баяғы Ахмет Темірді де осылай елге қайтаруға талай шақырған екен, бірақ ол «Барсам, кейін қайта алмай қалам» деп бас тартыпты. Ақыры 1979 жылы Анкарада белгісіз біреу оқ атып, ауыр жарақаттады. «Қызыл әнші» Дин Рид те социалистік лагерьден көңілі қалып, еліне – Америкаға қайтқысы келген екен, чекизм оған «екі жаққа ойнайтын стандарт» ретінде күдік келтіріп, кері жібермей қояды. Ақыры бес жерден пышақ салып, денесін көлдің түбіне таспен бастырып кеткен. Сірә, ГДР құпия қызметі – Штазидің ісі… Ойлаймын, жоғарыда айтылған Берия жоспары жүзеге асып кеткен жағдайда Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындылары қазірде ағылшынсакс клубтары айтып-жазып жүрген нәрселерден басқаша болар еді-ау деп.

Лаврентий Павловичтің «біріккен Германия» идеясының Батысқа ауыр тиген бір жері бар еді: Берия жоспары бойынша біртұтас Германия НАТО-дан тыс қаралған-ды. Тіпті оның адамдары сол кезде осы ұсыныспен Батыс Германияның канцлері Конрад Аденауерге шыға бастаған. Дәл осы мәселеде Андропов Батыстың тұтымына түсіп қалып, американдардың сойылын соғып кетуі мүмкін дейді Сергей Горяинов. Яғни, Берияның көзі жойылуына Батыс та мүдделі болған. Логикалық тұрғыдан алғанда, американдар Лаврентийдің Алманиядағы бұрынғы қолдастарына да оң көзбен қарамауы мүмкін ғой. Сондықтан Фаталибейли мен Мәулекештің қысас қазалануына американ жағының мүдделі болу мотивін жоққа шығаруға болмайды. Олардың да, Мюнхен полициясының да бұл екеуінің өлім себебін тергеп-тексеруге аяқ асты құлықсыз бола қалуының бір себебі осында жатуы әбден мүмкін. Екінші елеулі себеп, ол енді тек алмандармен байланысты. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, 1960-жылдары алман мен кеңес бір-біріне оң қабақпен қарай бастаған 1968 жылғы «Прага көктеміне» байланысты Германияда кенет КСРО-мен жақындасу саясаты жүреді. Оның алдында, 1964 жылы Аденауэр Мәскеуге келіп кеткен соң, Еділ бойы немістеріне қобалжу кіріп, баяғы автономды республиканы қалпына келтіру идеясы көтеріледі. Кеңестер алдында бұған оң көзбен қарағанымен, соңыра ұлттық қозғалыстардың тізбектік ұласуынан, әсіресе 1969 жылғы Целиноград көтерілісінен қорқып, тез есін жиып алады. Бірақ арадағы бес жылда КСРО-да тұрып жатқан екі миллион отандастарының қолын еркіндікке жеткізуді күйттеген герман үкіметі КСРО-ға біраз қызмет көрсетіп үлгерді. Маглакелидзе сияқты эмигранттардың ұрлануына көз жұма қарау былай тұрсын, оны советтерге қызмет етуші ГФР арнаулы қызметінің офицерлері шекарадан шығарып берген дейтін версия бар. Оның сыртында, Аденауэр мен Гельмут Коллдың үкімет кабинеттеріне кеңестік барлаушы Маркус Вольф басқаратын Штазидің агенттері еніп алған екен (ел бойынша барлығы мың жарым жансызы күпінің битіндей өріп жүріпті). Осыдан кейін алман арнаулы қызмет орындарының Мәулекеш, Фаталибейли уақиғаларына араласпай, бейтарап қалуының, тіпті бейресми тексеру әрекетіне кедергі келтіруінің астарын түсінгендей боласың. Әрине, онысын ашып айтпайды, әйтеуір «Пәлені өз іштеріңнен іздеңдер» дейтін емеурін. Кісіні өлтіріп тастап, онысын эмигранттардың өзара есеп айырысуларына апарып жаба салатын чекизмнің белгілі құйтырқысымен бір ізді басады, дегенмен, біз бұл жерде Фредерико Гарсия Лорканың жұмбақ өлімінің терең қабатында ғасырларға созылған әулеттік кландардың іштегі қырқыстары жатуы мүмкін деген версияны да ескермей тұра алмаймыз. Мұндайда алдымен баяғы «Шоқай архивіне» байланысты нацистік күштердің арасындағы шырғалаң еске түседі. Сенбейін-ақ дейсің. Бірақ жалданба бөлмесіндегі қағаз атаулыны түк қалдырмай сыпырып әкетудің соңында не тұруы кәдік, осының өзі архив іздеген әлгібірлердің тірлігі емес пе екен деген сұрақ көлденеңдей береді. 37-де ұсталып кеткендердің бірқатарының қолжазба еңбектері соңыра біреулердің ғылыми диссертациялары болып шыға келгені бар ғой, бертінде Болгарияда жұмбақ жағдайда қайтыс болған медицина докторы Халида Маманованың да зерттемелері ізім-ғайым жоқ боп кеткен. Осы ретте Мәулекештің Гетеден аударған «Фаустының», Шиллерден жасалған тәржімелерінің ізін кейін басқа авторлықпен жариялаған нұсқалармен салыстырып-салғастырып көрер ме еді дейсің, бірақ соңында ілік боларлық бір парақ қағаз да қалмаған ғой. Немесе қалдырмаған. Бәлкім, жоғарыдағы архив. Мүмкін шындық орнын табар күнге белгі етіп қағазға түсіріп қойған қандайда бір естелік-жазба. Қайткенде де постскриптум жазғызбауға керемет жағдай жасалған. Әлдекімдер, қағаберістегі әлгібірлер, әйтеуір сырттан келген жау емес, іштен шыққан «достар» болуы бек мүмкін. Әйтеуір бөлменің жайын, ондағы бұйым, қағаз-кітаптардың орнын білетін, келіп-кетіп жүрген жақсы таныстар.

Талаат Қошжігіттің Мәулекеш Мюнхенде жамағатының дені өзбек болып келетін бір мешітке жиі барып-кетіп жүрді, сондағы Наманғани дейтін молдамен жақын араласты деген сөзін ілгеріде келтіргенбіз. Айтуынша, Мәулекеш пен молда сөзге келіп қалған. Наманғани оның тарапына қорқытып-үркіту сөздерін айтқан. Содан көп ұзамай Мәулекеш ғапыл қазаға ұшырайды. Наманғани болса дереу Түркия асады. Сол жақта тоқсанды бүктеп барып қайтыс болыпты. «Кезінде Наманғани молдамен ашылып сөйлесу, мән-жайды бажайлап білу есімізде болмапты» деді Талаат ағамыз. Ашылып сөйлессе де, ашылып сайрай қоюы екіталай-ау өз-ағаңның, себебі, бажайлауымызша, осы арада дінге байланысты, дін арқылы үлкен саясатпен сабақтасқан бір гәп бар сияқты.  Ілгеріде тақырып ыңғайына қарай айтып өткеніміздей, американ барлау орындары КСРО-ға қарсы қырғи-қабақ соғыста нацистік Германияның іс-тәжірибесінен ойдай өрнек алған. Әсіресе Шығыс Министрлігінің тәжірибесінен көп нәрсе үйренеді. Екі жақтың консервативтік элитасы  – герман және ағылшынсаксон «неокондары» өзара мәмілеге келеді. Әрине, аз әрі тағы халықтарға бой теңдік айтып үйреніп қалған американ мағдишы-мессияшылдарының серкелігімен. Осы негізде АҚШ мессиандары постнацистік атлантшыл элитаға детант (жұмсару) саясатын қолданады. Бір кездегі нацистер сияқты олар да исламды коммунизммен ауырмаудың бірден-бір дауасы, ал түркішілдікті Орталық Азия – Хартленд соңыра бөлініп шыққаннан кейін орыстың аю құшағына қайыра барып тығылмауының кепілі деген бағыт ұстанады. Мюнхенде құрылған «Мұсылман бауырлар» ұйымы – ЦРУ-дің саяси ислам бойынша жобаларының отының алды, суының тұнығы еді. 

Алайда, кейін келе жеңімпаздар мен жеңілгендердің арасына кірбің түсті. Алман ұлты соғыстан кейін өздерінің «ұжымдық кінәсін» мойындаудай мойындады, сонымен бірге ескі национал-социалистердің арасында, сот, әкімшілік аппараттарында, университеттерде тәуір қызметтерге барғандар да аз болған жоқ (Израильдың көпке дейін ГФР-ды мойындамауының себебі). Гелен американдар көмегімен Мюнхен түбіндегі Пуллахта құрған Бундес Нахрихтен Динет (BND) қожайындарды бірде тыңдаса, бірде тыңдамай, қырын шауып қояды. Кешегі соғыс жылдарында «Үшінші жолға» түскен аз ұлттар сықылды, тағаны берік тартылған алман да өздерінің дербес әрекет етуге құлықты екендіктерін аңғартты.

Америка жағы 1951 жылдың көктемінде мұның түп тереңінде не тұр деп ізерлеп көріп еді, сонда бадырайып, алдымен көзге түскені – елдегі мұсылман қауымы, соның ішінде баяғы нацистік идеолог фон Менде айналасына жиып, Мюнхенде, оған тақау төңіректегі елді мекендерде орналастырған босқын мұсылмандардан тұратын саяси исламшылар тобы. Және бұл илатия бұрын, соғыс жылдарында, розенбергтік Шығыс министрлігінің дәстүрінде ұйысқаны, өзінің сол кездегі ми қазанын сақтап, әліге дейін жұмыс істеп келе жатқаны анықталды. Және кімнің атын жамылған дейсіз ғой – Аденауэр бастаған христиан-демократтық алман үкіметінің атын жамылған. Және де әлгі «жиһатшыл» жауынгерлердің мол бірқатары американдар терлеп-тепшіп құрған «Азаттық» радиосына еніп алған. Мәссаған безгелдек! Бүгінгі Еуроарабия – ислам түбегейшілерінің жауынгер бағыты –  нацистердің терең қойнауынан бастау алған! 

Ал енді бар ма, журналист Иэн Джонсон өзінің «Мюнхендегі мешіт: нацистер, ЦРУ және Батыста «Мұсылман Бауырлардың» күшеюі» дейтін терең де жан-жақты тарихи зерттеу еңбегінде наци-энтузиаст Герхард фон Менде басшылық ететін түркі мұсылмандары ұйымында жетекші зияткер ретінде Варшава көтерілісін басуға қатысқан, СС дивизиясының бұрынғы имамы қызмет еткенін жазады. Әлгі наци-имам баулып, тәрбиелеген мүридтер, еуропалық костюм киіп, жоғары білім алғаннан кейін діни ғана емес, саяси мәселелерді шешуде де асқан әбжілдік танытқан. Мұның өзі Мәулекештің соғыс жылдары Франкфурт университетіне түсу фактісіне сәуле құяды және ол одан кейін Мюнхенде фон Менде генерал Геленнің BND барлау ұйымының көмегімен құрған «Шығыс Еуропаны зерттеу қызметінде» жұмыс істеуі әбден мүмкін. 1956 жылы ЦРУ Менде ұйымымен бәсекелес Большевизмнен аз ету жөніндегі американ комитетін құрғаннан кейін бұл екеуінің арасы шиеленіскен. Американдар өз тарапынан Менденің исламшыларына бұрынғы нацистік мұсылман құрылымының қызметкері, әрі «Азаттық» радиосында жұмыс істеген Ибрагим Гаджаоглу дегенді қарсы дау – қарғаша етіп салғаннан кейін фон Менденің ықпалы біртіндеп әлсірей береді. 

Ал енді, назар аударыңыздар: Сергей Сумленный жоғарыдағы Иэн Джонсонмен сұхбат түрінде жазылған «Кресшіл Жиһад» деген материалында фон Менденнің сенімді серігі ретінде соғыс жылдары Варшава көтерілісін басуға қатысқан, СС дивизиясының бұрынғы имамы, Менде мен Ольцше 1944 жылы ұйымдастырған «Молла Щулле» қайраткері Нуреддин Наманганиді атайды. Менде оны Түркияға кеткен жерінен шақырып алып, мұсылмандармен діни байланыс жасау ісін тапсырады. «Намангани Германияда ғұмырына кететін зейнетақы алып тұрған және онда неміс шенеунігінің мәртебесі болған» – депті. Сумленныйға зерттеуші Иэн Джонсон.

Сонымен, Қошжігіт айтқан Намангани молданың ізі шықты және ол мешітте уағыз айтып отырар көп молданың бірі яки имам емес, фон Менде тәрбиелеп, келеге қосқан нацистік таппасар, кейінде Еуропа төскейінде түбегейшіл исламның отын тұтатушы бірегей дін қайраткері екен. Мюнхен исламистері исламның өте ортодоксальды, қатаң тұрпатын уағыздаған, онысы зайырлы еуропалық қоғаммен шалыс келіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Сірә, осы жағдай «жұмысшы сақал» қойған таухидшыл Намангани мен номиналды мұсылман, дүниетаным-көзқарасы ұлттық дүниәуи мюнхендік, көптеп сыралатып, харам тіскебасар жеп қоятын, сондайда сақтанбай жүрер серілігі, секемсіз сөйлер ірілігі болатын Мәулекеш екеуінің арасына үлкен керте боп түскен дейміз. Бағзыда адамның санасы діннен философияға қарай дамыса, екінші дүниежүзілік соғыстан соң философиядан дінге қарай жүрді. Мәулекештің кезінде соңғы үдеріс енді басталып келе жатты. Сондықтан оның дінге көзқарасы саяси теология деңгейіне жетпей, көп болса саяси философиямен ұштасқан фәлсафалық исламшылдық реңкін алған деу жөн. Сондықтан ол исламшыл жиһадшылар ұсынған монотеистік-таухидтық мұғжизаны толық күйінде қабылдамаса керек. Ал мұндайды діни фанатизммен шатыры кетіп қалған Намангани сияқты түбегейшілдер кешпейді...

Көзімді жұмсам, алдыма Мюнхеннің шетіндегі теміржол бекеті тартылып келе қалады. Әлденеге оны Хауптбанхоф бағзалы екен деймін. Аласа бойлы, жау мұрт, шегір көз кісі көктемнің көксалпағы жосылған перронда Маннхайм жаққа жүретін электр пойызды күтіп тұр. 

Міне, жиырма сегізінші жыл, көзі боталап, шығыс жаққа қараумен келеді. Жиырма сегіз жыл көлден өтіп, көлденең шөлден өтіп, шығыс жақтан басқа эшелон келмеді. Алты жасарында сонда қалған балдан тәтті бүлдіршінін көрмеді. Жиырма сегіз жыл өмірі құм жолындай бытпылдық. Жиырма сегіз жыл күшті әлсіздің, тісті тіссіздің қоң етін ойып жеген қу құлқын тіршілік таласы. Сол өмір шайқасының ыңды-зыңды шуының арасынан, әудемнен талығып, бір сағыныш әнінің күйікті әуені жетеді құлаққа. Өзі аударған неміс ақынының өлеңі. 

Мен сұрасам, жолаушыдан:

«Барасың қайда жол шегіп?»

«Үйге барам, үйге барам»,

дейді ол ауыр күрсініп.

Мен сұрасам, жолаушыдан:

«Барасың қайда жол шегіп?»

«Үйге барам, үйге барам»,

дейді ол ауыр қамығып.

Мен сұрасам, жолаушыдан:

«Бақытың қайда гүлдейді?»

«Үйімде менің, үйімде!» –

жайдарыланып, дейді ол.

Жолаушы менен сұраса:

«Жүрегіңде қандай шоқ?»

Қайта алмаймын үйіме,

«Енді менде Отан жоқ»

«Күш сарқылды. Жиырма бес жыл ұдайы шетте жүріп жан күйзелісіне ұшырадым. Шаршадым. Туғандарым алыста қалды. Осының бәрін көріп, өмір сүргім келмей кетеді». (Мұстафа Шоқайдың Мария Горинаға хатынан). 

***

Германия заңы бойынша зиратта орын жиырма жылға жалға беріледі. Құны – орта есеппен 2500 евро. Мерзімі біткесін, одан әрі ұзартылмаған жағдайда құлпытасты алып тастап, көрді тереңірек қазып, мәйітті төмен түсіреді де, үстіне жаңа мәйіт салады (бұрын), мәйітті өртеп күлін қалдырады да, орнын жаңадан жалға береді (қазір). Мәулекеш Қайбалдиннің Вальдфриейдхоф зиратындағы қабірінің жал мерзімі 1989 жылы біткен, одан әрі ақысы төленбегендіктен құлпытасы алынып, үстіне басқа бір мүрде салынған. Қазірде сүйегі дәл қай қабірде жатқаны белгісіз.

«Біреу нарын жоғалтады, біреу жарын жоғалтады, Отанын жоғалтқан бірден барын жоғалтады» деген екен Қадыр Мырза-Әлі. Мәулекеш ағамызға жатыр-мекенінен де, жат мекенінен де ақырғы тыным орын бұйырмады. Иә, «туған жерің – шығатын төрің, кіретін көрің» деп дана халқымыз қалай дөп айтқан. Сол төріне де, сол көріне де жете алмай кеткендер қаншама мына дүние тіршілігінде. Құй туған жеріңде, құй тұрған жеріңде, әйтеуір жүрген жеріңде төрің де, көрің де даяр біз қандай бақтиярмыз...

 

10 шілде – 30 шілде, 2024

Алматы, Қаскелең шатқалы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар