Айтылып қойғанды басқаша қиыстыру

Бөлісу:

14.08.2024 2520

Гүлмира Сәулембектің

«Қазіргі прозадағы

постмодернизм» (2023) атты

монографиялық зерттеуі

Аталған монография жаһандық әдеби таным кеңістігінде көркем бағыт мәнінде орныққан постмодернизмнің қазақ әдебиетінде көрініс табуы бойынша қазіргі әдебиеттанудың өзекті талаптарында жазылған.

Жұмыста осы заманғы қазақ әдебиетіндегі постмодернистік үрдіс әлемдік көркем тәжірибе ауқымында алғаш рет арнайы қарастырылған.

А. Жақсылықов, Т. Әсемқұлов, Д. Амантай, Ж. Қорғасбек, Д. Нақыпов, 
Ә. Байбол, М. Қосын, т.б. қазақ қаламгерлерінің шығармаларын постмодернистік бағыттың көркемдеу тәсілдеріндегі айрықшалықтарында саралау; сол негізде қазақ әдебиетіндегі құрылымдық, мазмұндық жүйенің тосын, тың тәсілдерінде айқындау міндетінде жазылған зерттеу еңбек нақтылы, ғылыми нәтижелерге қол жеткізген деуімізге толық негіз бар.

Постмодернизмнің сөз өнерінің атамзаманғы дәстүрлі тәжірибесі мол тарихында «аспаннан түскендей» оқшаулану негіздері мен «бас қатырар» күрделі көркемдік тәуекелдерінің қазақ прозасында орнығу үдерісі жеке қаламгердің шығармашылық беталысындағы әлемдік үрдістердің ықпал-әлеуеті; ұлттық таным таңбалары тұрғысында нақтылы мәтіндік тұғырларында, сәйкес әдіснамалық негіздерінде таным түзген бұл еңбек теориялық та, тәжірибелік те тұрғыдан маңызды. Әдеби теориялық сәйкес ұғым қалыптастыру бойынша да зерттеуші «постмодернистік талдау жүйесі», «еренсілтеме», «әдеби сынақ», «тану мен таныту», «желілік әдебиет», «қайта құрылымдау, т.б. термин мәнді қолданыстарды айналымға тартып отырады. Постмодернизмнің дәстүрлі көркемдік таным аясынан шығып кететін, «осы шақ категориясына байланып қалғандығы, өмір шындығы және субъект мәселесі» сынды басқа да таңбалы айрықшалықтары пән тілінде негізделеді.

Гүлмира Сәулембектің мәселе бойынша айқын, ықшам, ұғынықты, жүйелі сабақтас, салалас, құрылымда мазмұндалған бұл монографиясы – көркемдік танымның күрделі, әлемдік ауқымда да шешімін таппай келе жатқан танымдық тұйық сұрақтары сақталып отырған постмодернизмді қазақ әдебиетінің фактісінде байыптау айқындығымен осы бағыттағы келешек зерттеулерге негіз болатын тұғырлы еңбектің бірі.

Гүлмира Сәулембек осы, дүдәмалы, дауы жетіп артылатын тақырыптың әлемдік ауқымда зерттелу, танылу тарихы бойынша том-том еңбектер ақтарыпты. Аңысын аңлап отырып «шым-шытырық» кереғар ағымды қазақ әдебиетінің табиғатымен сабақтастыра нақтылай түсуге бекемденіпті. Шашыратпай, жиған-тергенін ұқсатып, қазірде әдеби үрдістер бойынша таным түзуде қат болып отырған қажетті теориялық еңбек жазыпты. 

Әдеби дамудағы әрбір «измнің» өзара сабақтасуы және айрықша оқшау басымдықтарында әлем әдебиетінің озық, үздік үрдістері талқыға түсетін; қазақ әдебиетінің «қара жаяу» қалып көрмеген көркемдік әлеуеті жоталанып жатқан бұл монографиялық зерттеуде жеке авторлық шығармашылық бағыт постмодернизмнің басты тұжырымдарында зерделенеді.

«А. Жақсылықовтың «Ант ұрғандардың түстері» атты романынан постмодернизмге тән көркемдік тұтастықтың болмауы, гиперкеңістіктегі кейіпкерлерінің аты-жөндерінің көмескіленіп берілуі, ирониялық орын алуы сынды белгілерді атап айтсақ, Т. Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі мен Ж. Қорғасбектің «Жаконданың жанары», «Өлмейтін құс» әңгімелерінде оқырман санасымен ойын, симулякр тәрізді әдістер пайданылады, ал 
Д. Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романында фрагменттілік, автордың өлімі, интертекст метапроза т.б. тәсілдерін қолдану арқылы жаңаша эксперименттерге барған» (аталған еңбек, 17-бет).

Мәтін. Аль Матин (несокрушимый). Әдебиет – мәтін. Әрі оның бастапқы бұзылмайтын, өзгермейтін қалпы бар. 

«Яғни Р. Барт пен Ю. Кристеваның тұжырымдары бойынша мәтіннің түп-негізін, шыққан тегін іздеу бос әурешілік, өйткені Адам атаның Жаратушының пәрменімен үйренген жаңа ұғымынан басқалардың барлығы да шыққан тегін ұмытқан сансыз мәтіндердің астасуынан тұрады. Әрбір мәтіннің басқа мәтіндермен міндетті түрде байланысы болады. Сол себепті, постмодернистік ойлау стилін «дәйексөзбен ойлау», ал постмодернистік мәтіндерді «дәйексөзді әдебиет» деп бағалайды» (аталған еңбек, 29-бет).

Батыс әлдеқашан барлық әдеби беталыс, бағыттардың бастауында дінмен байланған дүниеауи таным болғанын, бар екенін, бола беретінін айтып қойған. 

Дж. Ривкин мен М. Райан құрастырған, қазақ тіліндегі «100 оқулық» жобасымен жарық көрген 5 томдық «Әдебиет теориясы» антологиясында бұл мәнде егжей-тегжейлі зерделеулер бар. 

Мәтіннің өзгеруі мәтіннің бұзылмайтын мәніне бір мысқал да «зиянын» тигізе алмайды. Нәзира дәстүрі – мәтінді өзгерту емес, мәнді жеткізудің ықтимал, оңтайлы тәсілдерін шығармашылықпен кәдеге жарату. Осы мәнде Г. Сәулембек әлем әдебиеттануының түптамыры байланған өзекті шындыққа мейлінше иланып, иіп (осознанно) мән берген. 

Теориялық тұрғыдан да, талдау тәжірибесіндегі әдіснамалық әдіс-тәсілдерде де Гүлмира Сәулембек әлі де айғақталып болмаған шығармашылық заңдылықтардың атын атап, түсін түстеп беруді міндеттейтін мамандық қалауында тәуекелге барып отыруға бейілді.

Қазақ прозасындағы интертекстуалдық байланыстарда бірнеше қаламгердің постмодернизм әдістерін қолдануда біріне бірі ұқсамайтындығы қызықтырған зерттеушінің олардың барлығына ортақ талдау қағидасын қисындауы – әдіснамалық біліктілік.

Бұл әдістер:

  1. мәтін ішіндегі «бөгде» мәтінді (интертекстуалдық сілтемелер көздерін) анықтау;
  2. сілтемелердің мәтінде қандай тәсілдер арқылы жүзеге асқанын анықтау;
  3. интертекстуалдық мәтіндердің қызметіне және олардың интерпретациялануына талдау жасау (аталған еңбек, 41-бет).

Мәтінге кіріккен мәтін теориясын қазақ әдебиетінің фактісінде дәл осылай саралау тәжірибесін түбіне түсіп зерттеп жүрген теоретик болмасақ та, бұрын-соңғыда дәл осы қалыпта танымаған едік.

Гүлмира Сәулембек шегедей қағып, әрбір ұсыныс-ой, болжам-байламды дәйектемей, құбылыстың бар құпиясына бойлатпай асығыс айта салып, сыдырта баяндап, сылдыратып құлақ алдауға жоқ. Айтты – бітті. Айғақтамай әрі қарай аяқ баспайды. Аталып отырған үш әдіс төңірегіндегі пысықтауды Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» (2003) романынан бастауы орынды. Бұл шығарманың постмодернистік сипаты, жазылу бағытындағы «бөтендік» бастамашылдығы айтылып келеді.

«Бұл зерттеулерде романға тән ерекшеліктерді санамалап өтеді. Алайда олардың ешқайсысы да эксперимент-роман ретінде онда қолданылған жаңа әдістерге жете мән бермеді және әлемдік әдебиет тәжірибесінен алынған әдістерді талдауда тиісті талдау аппараттары, терминдік атаулар қолданылмады. Сондықтан біз әлемдік әдебиеттің ықпалы ретінде қазақ әдебиетіне енген жаңа романның тиісті талдау категориялары арқылы жете зерттеліп, ғылыми айналымға енуі маңызды деп ойлаймыз» (аталған еңбек, 44-бет). 

Зерттеуші интертекстуалдық теориясының озық негіздерінде туындаған ортақ талдау аппаратын таңдайды. 

Гүлмира Сәулембек «Гүлдер мен кітаптардағы» интертекстуалдық сілтмелердің түпнегізін анықтайды; үш топқа бөліп зерделейді.

Әуелгісі – әдеби шығармалар мен теориялық еңбектерден алынғаны. Екінші – ауыз әдебиеті үлгілері. Үшінші – діни мәтіндер, сәйкес зерттеулер.

Автор өзі атап көрсеткеніндей, роман мәтінінің өзіне шейінгі мәтіндермен байланысы интертекстуалдылықтың тұспал (аллюзия), реминисцензия, белгілі атау, белгілі есімге сілтеме арқылы жүзеге асқаны талданып, дәлелденеді. Сілтемелердің мәтіндік мағына түзу функциясы анықталады.

Романның жазылу алғышарттары, авторлық ұстанымның бейтараптығы тұрғысындағы толымды дәйектеулер проблема бойынша зерттеулер жүргізуде теориялық негіз боларлықтай ғылыми мәнге ие.

Дидар Амантайдың бұл шығарманы жазуға белгілібір дәуірдің рухани дағдарыстарында іштей әзірленгендігі Гүлмира Сәулембек зерттеуінде егжей-тегжейлі тексеріліп, сыр алдырмас ықпалды факторларда дәйектенеді.

«Ол аз көлемді шығармаға бірнеше қабат оқиға, ойды сыйдыра білу керек деген тұжырымға келді. Нәтижесінде, әлемдік әдебиет туындыларымен, теориялық бағыт-бағдарларымен, сондай-ақ әлемдік пәлсапашылардың еңбектерімен таныс жазушы, Батыс Еуропа мен АҚШ әдебиетінде осындай өліара шақта пайда болған бағыт постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі үлгісін жасады» (а.е., 46-бет).

Шығармадағы метапроза, фрагменттілік, интертекст, тұспал, бинарлық оппозицияға қарсылық, автордың ойын принципі, романның көп қабаттылығы, түрлі деңгейдегі оқырманға арналуы, пастиш тәсілдерін қолданғандығы айтылды (а.е., 47-бет).

Романды дәйексөздерден тоқылған постмодернистік мәтінге балайды зерттеуші. Мәтіндегі тырнақшаны қою, қоймау, сілтемелер, автордың оқырманға ерік беруі, «құрақ көрпе» (интертекст) ұғымы – осының барлығы Д. Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романына арналғандай дейді. Постмодернизмнің қабылдануы «қиын» тәсілдерін ашуда «Гүлдер мен кітаптар» оңтайлы мәтіндік база болған. 

Г. Сәулембек әдеби тәсілдің ендігі мақсатына берілген дәл баға деп ден қойған А. Ісмақованың интертекст «постмодернистік мәтінді талдау тәсілі ғана емес, бүгінгі адамның постмодернистік сезімінің көрінісі» деген пікірі мәнді. Әдеби ағым, бағыт адам танымының трансформациялы эволюциясымен байланған. Адамның қалпы әу бастан постмодернистік қой. Бір сәтте нені шолып, нені тауысып түгендемеуші еді қас-қағымға тұтас дүние сыйғызатын қабілетпен жарылқанған кісі баласы.

««Гүлдер мен кітаптарда» автордың дәстүрлі шығармалардағыдай оқырманды сюжеттік желімен емес, интертекст тәсілімен қызықтыруы шығармашылық стратегия ғана емес, постмодернистік дүниетанымның да көрінісі деп, ғалым пікіріне іліктес ой айтуға болады» (а.е., 48-бет).

«Постмодернизмнің ақ, қара деп бөлмейтін, абсолюттікті сүймейтін қасиетінің» (Г. Сәулембек) өзі адам баласына жүктелген біреудің мінін бетіне басып айтпау; қандай да бір істің ақыры, қайыры туралы білмейтініміз; ғайбат сөйлемеу; ұғымына адам түйсігі жетпейтін құбылыстармен астасқан, тәртіптен бұлжымаған «бей-берекеттік» емес пе.

Дидар Амантай жаңа тұрпатты роман жазуды нендей әдіс, тәсілдермен жүзеге асырды?

Р. Барттың «Автордың өлімі» эссесін, У. Эконың «Раушан гүлінің аты» романын, Х.Л. Борхестің «Вавилон кітапханасы» әңгімесі, Абай өлеңдері; түркі халықтарындағы көкбөрі мифі, Асан қайғы толғаулары; қасиетті төрт кітап – Інжіл, Құран, Таурат, Забур, «Авеста», діни энциклопедиялар, арнайы зерттеу еңбектер аталып, автордың осы мәтіндердің романда қолданғандығы ұғымды дәйектеген.

Романда қолданылған тұспал, дәйексөз, сілтеме, реминисценция сынды интертекст түрлері әлемдік әдебиеттегі постмодернистік бағыт өкілдерінің авторға ықпалы. Дидар Амантай романы – әлем әдебиетіндегі жан арпалысының жаңа бір көркемдік сапада ашылу тәжірибесі. 

«Гүлдер мен кітаптардың» жанр, бағыт мүмкіндіктерінде мазмұн түзген дара көркемдік сапасын Г. Сәулембек араша түсіп, «ақтап» шығарады.

Әншейінде де өз функциясы қанық «тырнақша» постмодернизм теориясындағы ұйытқы категория дәрежесінде талай міндет көтеріп кететіні небір тылсымы ашылмайтын құпиялармен беттестіретіндей. 

Р. Барт «Мәтін болса жасырын, байқалмайтын және сонымен бірге оқыған дәйексөздерден – тырнақшасыз дәйексөздерден құралады» деген екен. 

Зерттеу еңбек Р. Барт және Д. Амантайды ағайындастырып тұрған постмодернизмнің шарттарында, «автор өлімі», «автор-әке» ұғымдарын ұтымды саралайды. 

Д. Амантайдағы теориялық түсіндірудің қатар жүруін У. Эко, М. Павич, т.б. авторлардың жазу тәсілін шығарма мазмұнына кіріктіріп отыратын жаңадан қалыптастырған стилімен сабақтастығында екпін түсіре атап көрсетеді.

Д. Амантай «Гүлдер мен кітаптарды» жазуда қолданған амал-тәсілдерінің Х.Л. Борхес шығармаларына да ұқсастығы байқалатынына кідіріс жасайды. Мұнда да тасада қалмаған авторлық, шығармашылық даралық атап көрсетіледі. «Алайда Д. Амантай романында қарапайым шырғалаңдарды жетілдіре түсті. Күрделі есепке құрылған «Түркі күнтізбесінің» мәтіндік нұсқасына қоса кестесін жасап ендіруі арқылы тек үлгі алу ғана емес, өзінің жеке ерекшелігін де көрсете алды» (а.е., 55-бет).

Интертекст заңдылығы шығармашылықтың сарқылмас қайнарларында ұтымды, оңтайлы негізделген Г. Сәулембек монографиясы таным түзу өзектілігіндегі дөп, озық зерттеу тәжірибесін қалыптастыру өнегесімен өтімді.

Интертекстуалдықтың сілтемеге негізделуі бойынша да Д. Амантай романы алуан дәйексөздерге референция жасауында тарқата сараланған. Романдағы мәтіндік деңгейлерді М1, М2, М3 сызбасында айқындап көрсету – күрделі теориялық категорияларды «оңайлатудың» ұтымды бір тәсілі. 

Гипермәтіннің постмодернистік функциясы да баппан, байыпты ұғындырылған.

Мәтінмен диалогқа түсу... Бір жарым беттік шығармадағы кең мазмұн...

«Жазушы осылайша оқырманын еріксіз шексіз мәтіндер әлеміне жетелеп отырады. Постмодернизмнің негізгі қағидасы бойынша оқырман автормен бірге мәтіндер шырғалаңын аралауына да, мәтіндерден құрастырылған мозайкаға тұтас сурет ретінде қарауына да толық құқылы.

Д. Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы – батыс пен шығыс әдебиетін бойына сіңірген, сондай-ақ ежелгі және заманауи шығармалардың түрлі жанрларымен интертекстуалдық байланыс орнатқан шығарма. Өз шығармасын автор постмодернизмнің басты тұжырымдамасы болып табылатын «әлем – мәтін» теориясын ұсына отырып, оның өзгеше заңына бағынатын және түрлі дәуірлер мен түрлі стильдердің қатпарларынан тұратын өзгеше әлем жасады» (а.е., 69-бет).

Зерттеуші Д. Амантайдың жаңа көркемдік кеңістік түзуіндегі бөгде мәтіндердің сілтемелерін анықтайды; авторлықтан бас тарту пиғылына «автордың өлімі» теориясы негіз болғанын дәлелдейді; интертекстуалды роман жазуындағы әлемдік тәжірибе ықпалын саралайды. Романның жазылу алғышарттарындағы тарихи кезең, рухани-әлеуметтік дағдарыстарға мән береді.

Монографияда Т. Әсемқұлов, Ә. Байболдың постмодерн дәуірінде жазылған шығармалары дәстүрлі әдебиеттен қара үзіп шығып кетпегімен, интертекст арқылы жаңа тәжірибе жасау мәнінде зерделенеді. 

М. Қоныс шығармашылығындағы жазу тәсілдері; желілік әдебиеттің спецификасы талқыға түскен.

Автордың Ж. Делез бен Ф. Гваттаридің пәлсапасынан келіп туындайтын шизофрениялық дискурсқа бой алдырғандығы атап көрсетіледі. Интертексті пародиялық сипатта қолдану тәжірибесіне мән беріледі.

Әрбір тарау, әр тарауша зерттеу мазмұнына, зерттеу нәтижелеріне бейімделген өтімді, өзекті атаулармен таңбаланып отырған. 

«1.3 Т. Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі мен Ж. Қорғасбектің «Өлмейтін құс», «Жаконданың жанары» әңгімелеріндегі симулякр».

Симулякр – постмодернистік бағыттағы діңгек ұғым, тірек атаудың бірі. Постмодернистік мәтінде баяндаушы көп, бір шығармада бір-біріне қатысы жоқ бірнеше уақыт бөліктері тоқайласады. Яғни, дәстүрлі бүтіндік «бұзылады». 
Г. Сәулембек симулякрдың шығарма шындығына қатысымы туралы мәселені осы айрықшалыққа ден қоюымен бір тұйықтап өтеді. 

Постмодернизм теориясындағы симулякр ұғымын беделді танымдық еңбектер негізінде тарқата келіп автор Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі, Жүсіпбек Қорғасбектің «Жаконданың жанары», «Өлмейтін құс» әңгімелеріндегі симулякр тәсілін қолдану тәжірибесінің «сәтті», «сәтсіз» тұстарын байыптайды.

«Жаконданың жанарындағы» симулякр әдісін көруі, көрсетуі сынды дөп, дәйекті талдаулар Гүлмира Сәулембекке «түк емес». Жеңіл, ұғымға сыйдырып, сендіре, егжей-тегжейлі талдауға көне бермейтін постмодернизмнің бөлек-салақ мінезінен қайтпайды. Шегіне жетіп қайырады.

«Жүсіпбек Қорғасбек «Жаконданың жанары» әңгімесінде оқырманмен ойын симулякр әдісі арқылы жүзеге асқан. Әңгіменің «Жаконданың жанары» аталуы аты әлемге әйгілі картинаға жанама қатысы болғанымен, мұндағы оқиғаларға өнердің де, өнер туындысының да тікелей қатысы жоқ. Әңгіменің басындағы оқиға былай өрбиді: Мюнхендегі Бавар мәшине зауытынан Жаконданың жанары түстес көлігіне қалай қол жеткізгенін әңгімелейді, қылмыстық жортуылдарда жолда қалдырмаған көлігін сөз еткенімен, негізгі оқиға Атағұлдың кісі өлтіруге тапсырыс алуына байланысты болады. Межелі жерге жеткен ол жендеті болғалы отырған адамды көлігіне отырғызып алады. Құрбанының бір кездері сүйген қызы Бағилаға дәріс берген сүйікті ұстазы екендігін таниды да, рақымшылық жасап, оны жарты жолда мәшинесінен түсіріп кетеді. Болған-біткенді сүйіктісі Бағилаға айтып, оның да асау басын идіреді» (а.е., 98-бет). Бірақ бұлай емес екен. Ж. Қорғасбектің оқырманмен ойын әдісінде жазған бұл шығармасының шырғалаңы көп. Атағұл көлік апатына ұшыраған сәтке шейін шебер бүркелген, оқырман әңгіме соңында ғана жететін шындық бұл емес. 

Г. Сәулембек Ж. Қорғасбек әңгімесі мен В.В. Пелевиннің «Нина», «Кафедегі Зигмунд» әңгімелеріндегі ортақ тәсіл – жалған психологизм дейді. 

«Ж. Делездің пайымдауы бойынша адам баласы тумысынан симулякр. Симулякрде сайтани сипат бар. 

Монографияда постмодернистік бағыттың көркемдеу тәсілдерінің қазақ прозасына сіңісу, ықпалдылық өрісі мәтіндік саралауларда нақтыланып отырған. 

Постмодернистік ирония бойынша бірнеше тараушаның басын құрап тұрған екінші тарау да пәндік негізде танымға тартып отырып, нақтылы проблеманы пысықтау, байыптау, айқындау, ұғындыру өрісінде мазмұн түзген.

Табанды, тұғырлы таным тиянақтаудың жауапкершілігінде постмодернистік мың түрлі құбылмалықтан автор «қорықпайды». Себебі постмодернизмнің «Түрлі мәдени құбылыстарды, түрлі жанрларды, салаларды, стильдерді кесіп-пішіп, қайта құрап бір шығарманың бойына жинақтаған постмодернистік шығармадағы иронияның аясы ирониялық дүниетаным деңгейіне жеткенін», иронияның ежелгі табиғатының өзгергендігін бар құпиясында біледі. Жетік. 

Осы еңбекті оқу барысында Батыс әдебиеттануында мығым орныққан танымдық тұғырлардан қаншалықты кейін қалғандығымыз алаңдата түсті. «Батыс – былық», «Батыс – шірік» деуде алдымызға жан салмай, біржақты қыңырайып бара жатқандай шығарматанудағы теориялық кембағалдығымыз қымсынтып отырды. 

Г. Сәулембек еңбегіндегі теориялық құнар, ондағы әдіснамалық тұғыр кейінгі кезеңдегі тұйықталу қаупінде қалған отандық әдебиеттануға қосылған өзіндік бір тың серпін деп айтар едік. 

Д. Нақыповтың «От орны», А. Жақсылықовтың «Ант ұрғандардың түстері», Д. Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» шығармаларын постмодернистік ирония көріністері бойынша саралауындағы тұжырым-тоқтамдар тұтас әдеби үдерістің даму тенденцияларын сараптау әлеуетінде иландырады. «Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз, құрылым бұзушылыққа негізделген постмодернистік дискурс техникасының маңызды қырларының бірі белгілі ережелерден бас тарту болып табылса, оның бірден-бір көрінісін үш автордың да романдарынан көре аламыз. Олар мәтін тұтастығына, этикаға, моральдік құндылықтарға негізделген классикалық шығарманың мақсаты мен мазмұнына, әдеби тіл нормаларына, ғасырлар бойы қалыптасқан имани түсініктерге, ежелгі фольклорлық мұраларға төңкеріс жасайды, әжуамен, күмәнмен қарайды. Осылайша мәтіндерден бірнеше деңгейдегі күрделі иронияның сипатын көруге болады» (а.е., 108-бет).

Г. Сәулембек зерттеуі әдеби мұра, көркем шығарма табиғаты, жалпы тұтас рухани құндылықтар бойынша адам баласының ендігі уақытта танымдық, көркемдік-эстетикалық парадигмалардағы көкейін тескен тосындықтарға теориялық негізде ден қояды. Расын айтқанда, постмодернистік бағыттың бойындағы айқын айрықшалықтары сөз өнерінде де, басқа жерде де атамзаманнан болғандығы туралы түйсігіміздің түбіндегі ақиқатпен бетпе-бет келтіріп оқылатын еңбек жазылыпты.

«Постмодернистік иронияның басты нысандарының бірі – мәтін. Ол мәтінге күмән көлеңкесін түсіріп, оқырманға абсолютті ақиқат болмайтындығына, оның екінші, үшінші қырлары болуы мүмкіндігіне ишара жасап отырады» (а.е., 109-бет).

Осы бағыттағы қазақ романдарының ортақ, дара сипаттарын тап басып, тарқата сіңіруінде Г. Сәулембек постмодернизм деген бас қатыру емес, осызаманғы адам болмысы туғызбай қоймайтын ақиқат іздеудің ендігі бір оңтайлы көркемдік амалы екендігіне мәтінді бұзудың нақтылы тәсілдерінде де ден қойған. 

Оқырман жүйкесіне күш түсіру амалдары. Психоделикалық дискурс, шизофрениялық дискурс, құрылым бұзушылық, лингвистикалық ойындар, постмодернистік нарратив, нонселекция қағидасы, нониерархия қағидасы, синтаксистік бейсауаттылық, әдеттен тыс типографиялық рәсімдеу. Семантикалық сәйкессіздік, мәтіндегі фрагменттілік...

Бұл терминдердің әрқайсысы бойынша арнайы зерттеу жазу артықтық етпес еді. Г. Сәулембек зерттеуінде термин таңбасы тасасындағы шығармашылық шарықтаулардың күрделі құбылыстарын ашатын кілт бар.

Зерттеуші постмодернизмнің мүлдем мойындамай бұзу болып көрінгенімен, өткенге байлаулы тағдыры туралы беделді танымның жетегімен ғана жүріп отырып сипаттаудың тұзағына түспейді. 

Постмодернизмнің шексіз мүмкіндіктерін тұжырым, тоқтамдарында айғақтауға бейілді. Шындық салтанат құрған, тым пәлсапа да соқпай, тым сөз бояушылыққа бармай қорытылған қорғасын салмақ пайымдаулары бар. 

Шығармаға көркемдік талдау жасаудың дағдылы, әбден ақжем болған тәсілдерін постмодернизмнің кәдесіне жарату мүмкін емес. Г. Сәулембек постмодернизм ағымы заңдылықтарында шығарма талдаудың тұтас жүйесін қалыптастыру өзектілігінде жүргізілген мақсатты зерттеу әдіснамалық негіздері мәселе бойынша тәжірибелік те, қолданбалылық та мәнге ие.

Бағыт бойынша қазақ тіліндегі термин сөздерді қалыптастыру маңыздылығы да назар аударады.

«Автор ерікті түрде бейнелеген болмыс шашыраған жекелеген сәттердің, ой қиындыларының (астын сызған біз – Қ.М.) жиынтығынан құралады», – дейді мәтін мағынасына қатысты бір тұста. 

Бұл зерттеу постмодернизмнің бағыт мәніндегі құпиясын қазақ қаламгерлері шығармашылығында ашу әлеуетінде өзекті. 

Зерттеу еңбекте жоғарыда аталған үш романдағы құрылым бұзушылық қитұрқылары салыстырылады. 

Постмодернизмнің жазу қағидалары, көркемдеу ұстанымдары, бәлкім, адамзаттың адасып жүріп-жүріп, жүздеген мыңдаған жылдардан соң өзін қайта табуы шығар деп ойладым Г. Сәулембек мүлт жібермей бақылап, баққан қазақ қаламгерлерінің шығармаларындағы болмыс иелерінен қалмай еріп отырып. 

Әрбір көркемдік амал, шешімнің теориялық негіздері байыпталған бұл зерттеу ұзақ жылдар бойғы тоқтаусыз ізденістен, әрі шығармашылықтың ұстатпайтын тылсымдарын тізгіндеуге деген мамандық құштарлықтан, кәсіби біліктіліктен туған. 

Еңбекті оқып отырып әдебиеттің өзі әу бастан интерпретация, интертекст, интертекстуалдылық, гипертекст, метатекст деп, сөз өнері әйтеуір бір соқпай қоймайтын постмодернизм жандандыра түскен терминдердің барлық сипаты ә дегеннен болғанын түйсіне түсесіз.

Қазақ әр нәрсенің басын бір шалған әлдекімді «жынның сөзін сөйлеп» деп айрықшалайтын. Шизофрениялық дискурс осыны еске түсіреді. Қара өлең – постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көне үлгісі. Адамның түс көруі, бұл да тұнып тұрған постмодернизм. Түптеп келгенде, түсі ғана емес, кәдімгі өмірдегі әрбір ісі, әр сәті – постмодернизм. Шексіз жаратылыстағы шектеулі адам дүние болмыстың құндағында құпияға құштар ашкөздігінен барлығына жетем деп ой қуып қанша әуре болды. Айналып келгенде, постмодернистік жазу машығы адам пенденің стақандағы судың бұрқылындай арпалыспен өтетін сәттерін түзуде құрақ-құрақ, құрау-құрау көрінгенімен, шексіздіктегі шектеулі бүтіндікті классикалық әдебиеттің қайсыбір тұста сылап-сипап, бірыңғайландыра немесе өркештендіре ұзақ-сонар қамтып баяндау нәтижесінен бір де кем түспейтіндей, Ақиқатпен арақатынаста әлдеқайда реалды қамтитындай. 

Г. Сәулембек еңбегі қилы бағыттағы теориялық ізденістерге асықтыратын емеурінімен; постмодернизмнің барша дара көркемдік бағыттар сынды айқындала түсіп отырған өзіндік қағидаларына жетіктікте қисындалған саралау жөндерімен, тапқыр тұжырым-тоқтамдармен бекіп отырған нәтижелерінде мәнді. Бір тілек, отандық әдебиеттануда бұл жөнде айтылған ой-пікірлердің басын қосып, қорытып өту артықтық етпеген болар еді. 

Аса мол танымдық ақпаратқа қанықтырған; күрделі теориялық үйірімдерді «шемішкеше шағып» оңтайлы саралап, олардың нәтижелерін айналымға ұсынып отырған бұл зерттеу еңбектің маман әдебиеттанушылардың да, кітап тағдыры толғандыратын көпшілік әдебиет сүйер қауымның да сұранысын тудыратыны анық.                                                             

Постмодернизмнің қилы дискурстарда жасау жаратылысын малданып ойға келгенді тықпалаудан дәнеңе шықпайды; әрбір жаңа бағыттың әдіс-тәсілдері көркемдікті үміт жалғап, құтын қашырмай жаңа бір суреткерлік алыммен ашуға жұмсалады.

Г. Сәулембек зерттеуі ығы-жығы жазсаң постмодернизм деп қалам ұстап, адасып жүргендердің құлағына алтын сырға. Бей-берекет жүйесіздік жазу өнерінде жүрмейді. Оқырманмен ойнаудың аса бір сыр бермес сапасын орнықтырып отырған постмодернизмнің көркемдік құпияларын игеру парызында жазылған Г. Сәулембек еңбегі бұл бағыттағы осы заманғы әлемдік әдебиеттанудың он-сан зерттеулерімен иық тірестіріп қатар тұрған монографиялық жұмыс.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,

М.О. Әуезов атындағы

ӘӨИ бас ғылыми қызметкері, 

ф.ғ.д., профессор

Бөлісу:

Көп оқылғандар