Қазақ-Қытай еліндегі қазақ тілді кітап бұрышы мен оқулықтар туралы

Бөлісу:

14.08.2024 1192

Рим империясы тұсында болса керек, императорлар кітап оқудан ерініп «Илиада», «Одиссея» сынды кітаптарды бір-бір құлға жаттатқызып қояды екен. Император қалаған кітабын тыңдағысы келсе «Иллиада!» деп шақырса «Илиаданы» жаттаған құл, «Одиссея!» десе, «Одиссеяны» жаттаған құл кіріп келеді екен де, кітапты сарнап айта жөнеледі екен. Бұл жағдайды алғаш оқығанымызда тым оғаштай көрініп, қалай бір кітапты адам әр тарау, әр бетіне дейін жаттап алады және жансыз кітап рөлін атқару адам деген затқа мінәсіп пе екен деген бір кереғар сұрақ туындап еді. Кейін, тірі кітапқа айналған екі түрлі адамдарды көре бастадық. Бірі оқыған кітабын мазмұн мәйегімен кеудесіне қаттаған жандар болса, бірі құранды үтір-нүктесіне дейін жаттаған қари адамдар болды. Сол оқыған, жаттаған кітабымен жоғарыдағы кісілердің адамдығы мен келбет, құрметі өлшеніп, кісілігінің дәм-тұзы етіппіз. Жеке адамдарды да кеудесінде қанша кітаптың сағымы бар дегенмен бағалауға құштар болсақ, ал, ұлт ретіндегі сіздің кітапханаңыз бен ана тіліңдегі кітаптың саны мен салмағы қаншалық екені ұлттың зиятын паш етіп отыратынын ұмытпайық.

Қағаздан ақша аяу

Көрші Қытай елінде жылына он бес миллион оқушы бірінші сыныпқа барып, он бес миллион оқушы мектеп бітіріп жатады. Сонда әр жылдығында он бес миллионнан бала бар деп есептеп, он екіге жылға көбейтсеңіз Қытайдағы мектеп жасындағы оқушылардың саны – жүз сексен миллион болып шығады. Енді қараңыз, осы жүз сексен миллион балаға Қытай Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын жаңадан оқулық басып шығарып таратады. Бұл жерде университет студенттерінің оқулығын қосып отырған жоқпыз. Ойлаңыз, жүз сексен миллион балаға қанша пән болса, сонша дана жаңа оқулық үшін миллиардтаған тиражбен жаңа кітап басылып шығады. Бұл – жылда болатын құбылыс. Кітап топаны әр жылғы жазығы демалыс кезінде сатырлап басылып жатады да, күзгі сабақ басталар алдын жап-жаңа иісі бұрқырап, қыры сынбастан мектептерге жеткізіліп болады. Бір баспа, бірыңғай кітап, біркелкі оқулық. Шашау шыққан, артық ештемесі жоқ. Бұны аз десеңіз, осыншама рәсуа кеткен қағаз бен бояудың бәрі су тегін жеткізіледі де, таратылады. Осылай балалар жыл сайын өздерінің, біреудің емес, біреуге келер жылы беретін емес, өздеріне тәуелді кітабына иелік етіп отырады. Қалағанынша керекті жерін сызып оқиды, керекті жерін бүктейді, керекті жеріне әдемілеп атын жазады. Менікі деген, менің кітабым деген пайым бейсаналы баланың қолы мен санасына жазыла береді. «Бір жерін сызып алсам апай ұрыса ма, жыртып алсам ағай не дейді, жоғалтсам қайдан табамын», - деген үрей мен қорқыныш сезімінен ада. «Мына кітап шимайланбасыншы, жыртылмасыншы», - деген ауыр жүк санасында жоқ. Бір мектебі бір баспамен, екінші мектебі мүлде бір басқа баспамен оқитын ала-құла емес, оқулықты он-жиырма жыл бойы бір-біріне мұраға қалдыратын, төрт миллион балаға қағаз бен баспаның бояуын аяйтын біздің елдей емес, ол елде кітап қолтықтап өскен, кітабына иелік ететін, кітапқа жақын адамдар тобы лек-легімен өсіп келеді. Біздікі – жұтатып, жоқшылықта ұстау. «Менің атым Қожа» киносында кездесетін Қожаның апайын алдап кітап алып кететіні бар емес пе еді. одан бері қанша жыл. Біздің кеп – әлі сол, кеңестік кезеңнен қалған кезекпен кітап алу, таласу, жетіспеушілік. Бұл бір, ал екіншісі біздің қазіргі бала қолындағы дәптерлердің де гәбі көп секілді. Оның анау оң-сол жағындағы қызарып тұратын екі шекті сызығының баланың еркін жазуына, қысылмай қалам тербеп үйренуіне тосқауылдай тұрады. Қазіргі заманның талабы баланың еркін өсіп-жетілуіне көп көңіл бөліп отыр. Бала ойнап отырып үйренеді, ойнап отырып еске сақтап есейеді. Бұны Фин фонеманы дәлелдегенін бәріміз хабардармыз. Осы дәптердегі қызыл сызықтар  туралы әдіскерлер мен оқу-ағарту ісінің мамандары және балалар психологі ескеріп көрді ме екен. Бір қарағанда ұсақ іс секілді көрінетін тіпті еленбейтін бұл дәптердің беттері, баланың психикасына қаншалық әсер еткенін көзбен көрген соң осы жерде қозғап отырған жайымыз бар. Біздің пікірімізше бізге оқулық реформасы түгіл дәптердің өзіне де реформа керек-ау. Мынау математиканыкі, мынау оқу сауаттылығынікі деген іші ала шұбар дәптер болмағаны дұрыс секілді.

Айналдырған төрт миллион балаға жылына жап-жаңа оқулық таратып бере алмай отырып, білімге инвестиция құйып жатырмыз деп, ол аздай түрлі-түрлі баспалардың оқулығын мектепке таныс-біліс арқылы тықпалап саудагерлік пен алыпсатарлықты білім саласында жасап жатқан елдің сауаты қаншалықты ашылады, баласы қаншалықты білімге бас қойып, кітап кеміргіш болып өседі. Қазір жастар кітап оқымайды дейміз. Кітапқа жолатпай, кітапты бір құнды зат емес, жарылғыш бомбадай қылып қойсаңыз балаңыз қалай кітапқа жақын өспек. Өзіңіз ойлаңызшы! Ал, бұл фобиядан баланы шығару үшін әуелі мектеп жасындағы баланың өз меншігіндегі оқулығы болғаны шарт. Екіншіден, балалар министірліктің қатаң қадағалауымен авторсыз, бірыңғай құрастырылған оқулықпен оқуы шарт. Үшіншіден, оқуға баратын баланы тойға баратын адамдай костюммен емес, отыруға, жүруге ыңғайлы мектеп формасына ауыстырғаны шарт. 

Бала ой-санасына оқулықтан бастап дәптер, формаға дейін біздің елде еркіндік берілмейді. Баланы тәртіпке түсіреміз деп, оның сыртқы жүріс-тұрысы мен киім киісімен жағаласып жүріп, ішкі рухын сындырып тастаймыз. Мектеп білім құятын, шабыт беретін, зердесін ашатын жер. Мектеп төрт бұрыш адамдар өндіретін жер емес. Бір сызықтан аспайтын, біркелкі ойлайтын адамдар топанын шығарған кеңес үкіметі не ұтты? Қазір қайда ол ел? Бізге отыз жылдан асып барады, біз неге жеттік, неге жетпедік. Неге жұрттан қалып бара жатырмыз? Неге ескі ережені, ескі форманы тастамай сүйреп келеміз? Ойланатын емес, шешіп тастайтын дүние!

Кітап бұрышы

Неше жылғы үзілістен соң Қытай асып, Шыңжаңға қарасты кіндік қанымыз тамған Алтай аймағына жолымыз түскентұғын. Алтай қаласында бұрыннан келе жатқан бірнеше әлеуметтік кітапхана мен кітап дүкені бар еді. Мектеп оқып жүргенде үнемі бас сұғып, барып тұратынбыз. Сонда қазақша әр түрлі кітаптар мен өткен ғасырда жарыққа шыққан газет, журналдардың әр жылғы сандары рет-ретімен, қатар-қатар тізіліп, самсап тұратын. Еркін кіріп, қалағанымызша аралап, өзіміз ұнатқан кітап, журналдың ескі сандарын алып оқи беретін едік. Бұл жолы барсақ кезіндегі қазақша архивтік кітаптар базасы нөлдік деңгейге дейін түсіп, жоқтың қасына айналыпты. Өте аз қормен тұрған кітаптар тізімі тым жұпыны. Іздеп келген журналдарым жоқ. Қазақстан авторларынан бұрыннан келе жатқан Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтің кітаптары, «Құз басындағы аңшының зары» деген бірнеше кітап ғана тұр. Басқалай бұрынғы, бүгінгі белді авторлардың ізі де жоқ. Көбі Қытайдың аударма кітаптары мен жергілікті қазақ қаламгерлерінің әңгіме-повестері мен жыр жинақтары ғана тұр. Ал, келесі бір кітапханада мерзімді басылымдар «Шыңжаң газеті», «Шыңжаң қоғамдық ғылымдар» журналы, «Мұра» журналы сынды бірнеше журналдар мен газеттер ғана қалдырылыпты. Көбі қытай тілді және қытай авторлары мен әр түрлі басылымды журналдарымен толтырылған екен. Анау кезіндегі журналдар, газеттер, кітаптар қайда десек, 2017 жылғы тазалауда сүргінге айдалып, қоятын орын дұрыс берілмей, архив ретінде емес, қаланың бір бұрышында қалай болса, солай жиналып, құнтсыз сақталып тұрғанға ұқсайды. Ондағы қызметкерлер ол архив туралы нақты ашып айтпады, әрі одан іздеймін деген материалыңызды таба да алмайсыз және рұқсат да жоқ дегенге сайды. Ол елдегі кітапханалардың жайы солай болды.

Қытайдағы кітап дүкендерінің алпауыты – «Синьхуа» кітап дүкендер желісі. Жалпы бұл кітап дүкені «Синьхуа» агенттігі құрамына қарайды. Осы кітапхананың Алтай қаласында да бөлімшесі қаладағы ең үлкен кітап дүкені болып саналады. Сапар барысында үш қабатты бұл дүкенге де соға кеттік. Он жыл алдында екінші қабаты қазақ және қытай тілді әдеби кітаптар сатылатын орын еді. Ол кезде сол екінші қабаттың жартысы қазақ және ұйғыр тілді кітаптарымен толып тұратын. Авторлар мен кітаптар мазмұны көп болатын. Қазақ авторларының көптеген кітаптары былай тұрсын, құмалақ ашу, бата беру деген шағын кітапшалардан бастап, Гитлердің өмірбаяны туралы жазылған кітапқа дейін тұратын. Ал, биыл негізгі кітаптарды бірінші қабатқа түсіріпті. Соның өзінде қазақша кітаптар бір қабырғаның жартысын ғана алып тұр екен. Әрине, бұрынғыдай мазмұны бай, ауқымы кең кітаптар емес, тек таза қытай авторларының аудармалары мен жергілікті қазақ ақын-жазушыларының жинақтары тұр. Алдын анау кітапханада көрген кітаптар секілді сүзгіден өткен, талапқа сай келген кітаптар. 

Екі елдегі жағдайды салыстыра келе айтпағымыз: қазағынан қытайы неше мың есе көп елде, шағын бір қаланың кітап дүкеніндегі қазақ тілді кітаптар саны мен топаны, қазағы көп, басқа тілді халқы аз Астана, Алматы сынды қаладағы кітап дүкендеріндегі қазақ тілді кітаптар санынан көп. Біз соны байқадық. Біз өзіміздегі кітап дүкендерінен қазақша кітаптарды көзіңе емге сүрткендей іздеп, болмаса көз тиіп кетпесін дегендей Меккеден әкелген бойтұмардай, көрінбейтін бір бұрышқа тығып, жасырып сатамыз ғой. Ол жақта кітаптар бұрынғыдай бай мазмұнды болмаса да, мынау кітаптар санын көріп, іш тартып қалған жайымыз бар. Қытай дейміз, өзге ел, саясаты қиын десек те кітап дүкендеріндегі қазақша кітаптары саны салыстырмалы түрде біздікінен мол. Ал, ол жақтағы қазақтан бұл жақтағы қазақтың саны неше есе аз. Біздің дүкендерге келіңіз, құдды ресей елінің кітап дүкендері секілді. Мәскеудегі кітап сататын жерде жүргендей боласың. Бір ұлттың қаншалықты тәуелсіз екендігі рухани суатыңның қаншалықты бейтарап, тәуелсіз болғандығымен өлшенеді негізі. Қытай мен орыс мемлекеттік тіл үшін миллиардтарды төксе, біз триллион төгуіміз керек. Олар қалай болса да мемлекеттік тілге жағдай жасап, баспа, кино, радио, оқулық саласын шып-шырғасын шығармай қадағалап отыр. 2017 жылға дейін баласына қытайша сөйлесуді ар санайтын арғы беттегі қазақ, 2024 жылы қалай қытайша сайрап, қалай қытайша бала тәрбиесін жүргізіп кеткенін өзі түсінбей қалған. Мейлі, мемлекет тізеге салған шығар, бірақ, ол үлкен мемлекет болғанымен көп халық қой. Көп халықтың өзі заңмен тілін қорғап, заңмен ұлттық бір тектілігін сақтап отыр. Ресейде де сол. Бір миллион қазақ бар елде қазақша бір кітап, бір мектеп бар ма екен? Біз тіл дегенді тізеге сала алмасақ та, кітап саласына басымдықты беруге ешкім кедергі болмаса керек. Не көп, қазір баспалар көп. Онсызда тендермен күн көріп отырған баспаларға жылына он-жиырма кітап аударып басасың деп міндет қойса кім қой дейді екен. Сосын кітап дүкендерінде тілдік балансқа байланысты лимит қойылса. Қазақ тілдегі кітаптар саны қай дүкен болсын 60-70 пайызын ұстау керек деген заң талаптарын енгізбей жағдай түзелмейді. Кітап ұлттың ұлттық бет-бейнесінің бір парасы. Аудармаң мықты, басқан кітабың мол болған сайын ұлттық иммунитетің күшейіп, тілдік оқырманың артатынын қалай жоққа шығара аламыз. Жалпы, мемлекет көңіл бөлмей, мемлекет оң қабақ танытпай бұл кітап, тіл мәселесі шешімін таппайтынын мың мәрте дәлелдедік. Биылғы өткен құрылтайда президент Тоқаевтың көтерген кітап пен кітапхана тақырыбының негізгі ұшығы осында жатыр. Президенттің пейілі түсіп, мейірленіп тіл мен кітаптың жоқшысы бола алса, өткізілген құрылтай мен ел мәселесінің шешіміне ортақ мүдделесе жұмыс жасағаны болып табылары хақ!

Бөлісу:

Көп оқылғандар