Ағыраптағы аты жоқ адам кім?

Бөлісу:

29.08.2024 948

2024 жыл қазақ прозасы үшін Тәуелсіздіктен бергі ең салымды жылдың бірі болды дер едік. Жарты жыл көлемінде дүркіреп бес-алты романның тұсауы кесіліп үлгірді. «Жас қалам – жаңа роман» жобасымен үш кітап: «Мұтылған» Әлібек Байбол, «Ағыраптағы аты жоқ адам» Қанат Әбілқайыр, «Абыл мен Қабыл» Мақсат Мәлік сынды авторлардың дүниесі жарық көрген еді. 20 ғасырда Жетісудың байы Маман ұрпақтары Алаш заманында қазақ романдарына бәйге жариялағаны сияқты, «BELES» компаниясының демеушілігінде шығып жатқан бұл кітаптар да, жаңа заман қазақ ұлттық буржуазиясының ұлттың руханиятына қосып жатқан зор үлесінің бір парасы.

Әдетте роман дейміз, хикаят дейміз мәселе көлемінде ме, әлде көтерген жүгінде ме? Оқығанда ойыңның белін опырып, санаңды сойып түсетін кейбір әңгімелер болады. Ондай әңгімелерді романға бергісіз әңгіме деп жатамыз. Бүгінгі әңгіме әңгіме жайында емес, роман жайында болмақ. Сөзді романның тақырыбынан бастасақ.

Дүниеге келген шығарма жазушының баласындай десек, оған тақырып қою балаңа ат қойғандай маңызды болмақ. Тағдыр-талайдың оң-солды болуы берілген есім-сойымен қатысты деп жатамыз ғой. Ендеше, жазған туындыңның да жасырын, жария миссиясы шығарма атауына ілініп тұратынын еске сала кетсек. Соңғы ширек ғасыр қазақ қоғамы ислам дінімен мол сауаттанған ескерсек, «Ағыраптағы аты жоқ адам» тақырыбындағы ағырап сөзі құранның жетінші сүресі екенін, бұл сөздің мағынасы жұмақ пен тозақ арасындағы бос кеңістік дегеннен хабар беретінін білеміз. 

«Ағыраптағы аты жоқ адам» шығармасы Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы әлеуметтік проблемаларды көтерген романдардың бірі. Бірі болғанда қазақ баласының кеудесінде дақ болып табын қалдырған «Шаңырақ уақиғасын» астар ете отырып, билік пен халық арасындағы қақтығысты суреттеуге батылы жеткен роман. 

Автор әуелі шығарманы бастағаннан Мыңқыстақтан-Ағырапқа жол алмақ болған бас кейіпкер Меннің қайдан шығып, қайда бара жатқанын, өмірі неге бұлай тас-талқан болғанынан сыздықтатып ғана хабар береді. Көбіне Меннің жеке өкініші, ішкі күйзелісі, ата-анасы туралы, інісі Елдес туралы, сүйгені Әния туралы қайталамалы абзацтармен айналып соғып отырады. Шығарма атмосферасын бірден қамырықты, ауыр ойдың лебі басады. Әрине, шығарманың тақырыбы басында айтқанымыздай «Шаңыраққа» байланысты екенінен хабардар болғандықтан, кейіпкердің не үшін, неліктен бұл азапқа қалғаны етене таныс еді. Ендігі бізге қызығы осы уақиғаны автор қалай бере алды, біз күткендей «Шаңырақ уақиғасының» жай-жапсарын аша алды ма, аша алмады ма деген ой ішкі оқырмандық қызығушылығымызды оятқаны бар-тұғын.

Не керек Мыңқыстақтан басталған меннің ішкі ой ағысы үнемі балалығына, өткен күніне соғып отырады. Вокзалда кездескен Әлиямен таныстық өзінше бір романтиканың қарапайым өрнегі іспетті. Оған деген кәдімгі пендеуи жігіттік құмарлықты жасырып-жаппай ашық ойлайды да, оқырман алдына жайып салып отырады. Бірақ, кейіпкеріміз он төрт жыл абақтыда жатып енді ғана шыққанын, оның алдағы адами қарым-қатынаста қандай қиындықтар күтіп тұрғанын менімен бірге қинала-қынжыла оқып отырасыз. Түрмеден шыққан адамның хәлін, және онда отырып келген адамға деген біздің қоғамның қандай қарым-қатынас жасап, қалай қарайтынын жақсы білеміз. «Отырып келді» деген пенде көрсек, кәдімгі адам жегіш көргендей, болмаса жарылғыш бомба құшақтап жүрген террористпен бетпе-бет қалғандай күй кешетін фобияны қайда қоямыз. «Отырып келген» адамға біздің қоғамда дұрыс қарым-қатынас да, дұрыс жұмыс да жоқ, қоғамнан алыс, сыпырынды болған басы артық пенделердей қарайтынымыз шын. Шығарма басынан кейіпкердің осындай ішкі мазасыз қынжылысын оқып түсініп отырасың да, ал, өмірде кездессең ше деген сұрақ еріксіз алдыңнан шығады. Жауыздық қылып, адам өлтіріп, қаныпезерлігі қанға өтіп кеткен біреу емес, тікелей саяси қылмысты болып жазықсыздан-жазықсыз түрмеге жабылып, құқығын қорғағаны үшін шырылдап кеткен қанша азаматтарды білеміз, автор бұл тұста оларға қалай қарау керексің деген де сұрақ қояды. 

«Сапарластарым менің ұзақ жыл абақтыда жатканымды білсе, теріс айналар. Жай тілдесу былай тұрсын, ұры көргендей іш жия қалар. Қазір ғана аз-кем әңгімелескен Әлияға да өзім туралы пәлендей ештеңе айтпауым керек деп шештім. Бірақ он төрт жыл бұрынғы әңгімелерге қосылармын-ау. Одан кейінгісі қалай болмақ? Аспаннан түскендей ауа жайылып кетпеймін бе? Айтар, ақтарылар нем бар? Түгім жок емес пе?...» деп кейіпкеріміз өзімен-өзі арпалысумен болады. Он төрт жыл әйел түгіл мына қоғамның тынысынан жырақ қалған оған Әлиямен әзілдесе кетсе де, қасын бояған апамен сөйлесе кетсе де, ішіндегі өзге адамға деген жатсынуын жасыра алмайды. Пойыз іші ой кемесіндей, меннің ой шүңетіне түсетін, өткен күніне соға беретін пейзажы Әлиямен арадағы әзіл-қалжың, кездесулермен кезектесіп беріліп отырады. Тіпті балалық шақтың картинасы бүкіл шығарманың тағаны болып қаланып жатқанын, кейіпкердің не үшін абақтыға жабылатын себебінің ұшығын да сол балалық шаққа тірейді.

Баста айтылғандай алғаш әлеуметтік мәселені қозғаған роман дедік. Шынында роман бойынан пәтерден-пәтерге көшіп жүрген, баспананы өмірдің басты құндылығы еткен, ауылдан қалаға лап қойған қарапайым халықтың бастан кешкен азапты күдері айна-қатесіз, еш әсірелеусіз нақты беріледі.

«Шаңырақ уақиғасы» артқы картина етілген бұл туындының қаланың аты да, шағын ауданның, көшелердің аттары тергеліп басқаша берліп отырады. «Ағырабыңыз»-«Алматы», «Нұршық»-«Шаңырақ» дегендей. Автордың Ағырап деп қала атауын таңдап алуы да кездейсоқтық емес. Қазақтың Алматысы қазаққа не жаннат емес, не тозақ емес, екі ортаның отына күйдіргені сонша бұл қала қазаққа ағыраф секілді болған еді. Автордың шығармаға ат қоюына келгендегі бұл тапқырлығына әбден қол соғуға лайық.

Бұл уақиға халық пен биліктің арасын алғаш ашқан, биліктің халық тарапына бұрыла бермейтін қатыбас саяси шешімдерімен бәріне бара алатынын дәлелдеген уақиға.

Тым жұпыны балалық шақ, үпі-тәпі күн көріс. «..Кеш бата «Тарный цех» қайдасың» деп кері қайтамыз. Әкем шағын лашық тігіп алған. Лашық та болса кең сарай... Лашық та болса өзіміздікі... Басып алған алты сотық ұлтарақтай жеріміздің төрт бұрышында төрт қада бар. Лашық пен төрт қададан баска түгіміз жоқ. Төрт қадаға төрт құбыласы тең адамдай көз тоя қараймыз. «Біздікі» деген, «менікі» деген жып-жылы сөз кеудеге қуаныш сыйлайды...» Азат елдің баласы, ес жиып, етек жаптым деген, кезіндегі қалаға қазақ жолатпау деген қитұрқы заман артта қалған кезең болса да, қалаласуға, қаумаласып ел болуға ниеттенген жұрттың алдынан не күтіп тұрғанын білді ме екен. Үй салып біттім дегенше, біреудің есігінде пәтер жалдап күн кешкен шағын отбасының көрмегені жоқ.

Дәурені жүріп тұрған қала әкімінің тікелей қолдауымен қалаға келген тозған халықтың азда болса көзі ашылып, Ағырап-Алматы қаласының шетінен жер басып алынып, үй сала бастайды. Бірақ, бүгіндері батырға айналған сол қала әкімінің базары тарқаған шағында, ендігі билікке қарапайым ауыл халқы,  заңсыз жер басып алушы болып, үйлері сүріліп, өздері қуғынға ұшырап, соңы он бес, жиырма жыл арқалап кеткен бас кейіпкер Мен секілді ұзақ жылға сотталып кете береді.

Сол он төрт жыл сотталып, пойызда келе жатқан Мен Ағырапқа жеткенше Ағырапта белгісіз қалған ата-ана, бауыр, туыс-туғанын ойлайды. Ескі күнін аңсайды. Қарабайыр болса да, базар жағалап күн көрген жанкешті күнін еске алады. Оқып отырсаңыз, Индия ма, Пәкістан ба, бір елдің базарында ұрлықпен, жоқшылықпен күн кешіп ержеткен баланы көз алдыңызға елестетесіз. Мысалға, әкесінің базарға екі ұлымен бірге кіріп кетіп жеміс-жидек, ішпек-жемек ұрлап тамақ асырауы қандай логикаға сияды. Сауда істей қоятын болып таразыдан жеу секілді адамдық өлшемнің әділ таразысына сия бермейтін қарекеттерге барады. Ал, бұндай Алматының Барахолкасын жағалаған, базардың шуы мен шаңын жұтып өскен үрпек бас, қара сирақтар мен отбасылар қанша ма? Кей оқырман бас кейіпкер аты жоқ Менді кіналау мүмкін. Әкесі неге дұрыстап ақша таппайды, неге дұрыс құжаты бар жер алмайды. Неге кембағалдығын проблема қылады деп. Мәселе, онда емес. Кейіпкер мен кейіпкердің отбасы және айналасы иесіз Бетпақта қаңғып қалған адамдар секілді. Қарасаңыз, өмірлілерінде ешқандай түйін, тоқтам, байлам жоқ. Тоз-тозы шыққан бір отбасы мен жамау-жамау болған қоғамдық ортасы. Бұл ортаны автор ойдан жасап болмаса аспаннан алып отырған жоқ, бұл орта біздің қоғамда әлі күн қатар өмір сүріп жатқанында еді. 

Енді осындай ортада өсіп шыққан баланың басына қара бұлт үйірілгені аздай, әке-шешесі ажырасқан, інісі жындылар емханасынан бірақ шыққан. Тас керең қоғамға көрген жетімдік, ешкімге керегі жоқ, тастанды баладай. Соның өзінде де ескі естелігімен кеудесін сүйреп, Ағырапқа асықпайтын пойызбен болса да ағызып келе жатқаны. Кітапты парақтап отырып, неге балалығына, өткеніне ауыса береді дейсіз, ал, шындығында бұл кейіпкерде еске аларлық одан басқа естелік те жоқ екен ғой. Ал, Әлиясы алдынан шыққан жарық нұр, жаңа үмітіндей. Оның алғашқы ғашығы «Нұршықта» қалған Әниясына ұқсай қалуының өзі Менге дәтке-қуат болса да медет бергендей.

Бұл картиналардан тәуелсіздіктің алғашқы он бес жылын өткізген қазақ қоғамының ескі жүйенің құлап, жаңадан нарықтық деген мүлде жауапсыз, мүлде қатыгез жүйесіз жүйенің орнығуымен бетпе-бет келген қарапайым халықтың далада қалған жетімек күйін көресіз. «Терезесі жерге жартылай кіріп тасбақадай жарбиып жатқан ескі там. Кішкентай ғана асханасы, сосын жатын бөлмесі бар. Сол бір бөлмеде әкем, шешем, Елдес төртеуміз иен тіресіп өмір сүрдік.

Қожайынымыз қалақтай ғана ұйғыр шал. Жертөленің қарсысында төрт бөлмелі еңселі үйі бар. Сол төрт бөлмеде бір өзі тұрады. Ұйғыр атам өте тынымсыз, шақар мінезді адам еді...»

Роман бойында дәл осындай қоғамның қыжылы мен шыжығына күйген, көп оқырманға өте таныс абзацтар топтамасынан аяқ алып жүре алмайсыз. Асықынған әлеуметтік проблемаларды шешуге құлқы жоқ үкімет, жас мемлекеттің қабырғасын көтеріспек болған халықтың бір жағына шығып дем бергеннің орнына: «Шыдасаң қаңғы, шыдамасаң тозып жоғалға» көшкенін қалай жасырып-жабамыз. Бір кітаптың, роман ретінде негізгі көтерген тақырыбы Қасым Аманжоловқа «Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды» дегізетін, қазақтың мынау өмірге келгендегі пешенесіне жазылған бұлжымас бір миссиясына айналған, өмірінен де маңызды құндылыққа жеткен – тілкімдей жер мен қуықтай ғана баспана үшін күллі ғұмырын сарып қылыу, кеудесінде жаны бар адамға мүнәсіп пе еді? Соған жету жолында қазақ шыт-жаңа жоңғармен соғысқандай қанын да төгеді, арын да төгеді, жанын да берді екен. Мына заманда бұл масқара емес пе?

Өмір трагедиясының шығыршығы қатты айналған шақта мына дүниеге кейде небір шедевр туындылар келіп жатады. Дүние әдебиеті мен музыкасын еске алмасақ да, қазақ өнер аспанында қаншама туынды қан жұтқан жылдардың естелігі мен естемесі ретінде өмірге келді. Осы орайда тәуелсіздіктен кейінгі саяси тақырыпты астар еткен «Қоңыз» (Ы.Дәбей) бен «Ағыраптағы аты жоқ адам» романдары қазақ қоғамының әлеуметтік проблемаларын, саяси күрестерін көтерген үшін де алқауға лайық.

Жалпы романның әр абзацына тоқталып, сөйлем мен сөздеріне тіреліп отырмадық. Романда артық суреттеу жоқ. Табиғат суреті деген атымен жоқ. Тек уақиға, ой. Кезектесіп отыратын ескі-жаңа сюжеттер желісі. Желі дегенде Әлияға қатысты және Меннің абақтымен қатар шыққан, ақтарылып таусылып болмайтын ойлары. Осы екі желіні алады да автор кезек-кезек өрмек тоқығандай кейде абзацпен, кейде сөйлем етіп, ұйғыр шалдан үйренген картадай араластырып отырады. Бейне екі повестьті бір-біріне кірістіріп жібергендей. Бірі шынайы өмірде болған да, екіншісін бәлкім өзі бастан кешкен, болмаса қиялдан жасап шыққан уақиғасы. Бұндай бір кітаптың ішінде қатар жүретін сюжеттің кездесу әдісі көптеген повесть, романдар да, сосын тарихи кино-фильмдерде жиі кездеседі. Екі повесть дегенді көпсініп отырсаңыздар ішінде дінни тақырыпта жазылған тағы бір әңгіме бар. Оқырмандар оған мән беріп отыр ма, жоқ па оны білмедік. Ал, бірақ автор дағаутқа (дін насихаты) шығатын Таблиғ жамағатының бүкіл іс-әрекеті, жүріс-тұрысын, дін таратудағы әдіс-тәсілдерін сонша тәптештеп жазғаны қызық көрінді. Бұл жерде автор өзі сол жамағаттың құрамында болған ба, әлде он төрт жыл абақтыда отырып келген Мен сол жамағаттың сапында шынымен болған ба деген ой келеді. Ал, көркем әдебиеттің ішіне бұндай діннің үгіттеу жолдарын автор не үшін кірістіріп отырғанын онша түсінбедік. Әлде автор бет санын толтырғысы келіп солай жасап отыр ма, болмаса 2022 жылы қаңтардағы қырғынға «кінәлі» деп танылған жамағаттың «шашбауын» көтергісі келген бе деген ой қоздайды. Не болса да автор бұл тұста тым сәтсіз жүріс жүргендігін айта кеткіміз келеді.

Екінші бөлімінде шығарма басындағы Әлия және Мен ортасындағы нәзік жіп үзіліп қалады. Енді Әлия романтикасын таппайсыз да, бірыңғай Ағыраптағы психологиялық жақтан ауытқыған бауыры сосын өскен, тұрған жері туралы баяндауға көшеді. Алдыңғы бөлімдегі рөлі басым болған Әлия екінші бөлімінде Әния секілді анда-санда болса да еске де алынбай бейнесі солғындайды. Бұл бір. Екіншіден «Шаңыраққа» байланысты болғандықтан да Арон Атабек туралы роман ба, сол кісінің өмірі туралы жазылған ба деген ой туады оқырманға. Бірақ, аты жоқ кейіпкер Менмен таныстық. Бұл енді автордың өз шешімі. Десе де, «Шаңыраққа» қатысты романның бір тарауын Аронға арнауға болатын еді. Атабектің де бейнесі «қызметкерге ұқсайтын аға» деп ғана тым солғын берілгін. 1937 жылғы Алаш арыстарындай толық ақталуын ақтық деміне дейін талап еткен принципін сатпаған бұндай тұлға туралы он роман жазсаң да татиды.

Романдағы абсурд

Бұл роман қазақ саяси өміріндегі әділетсіздікке қарсы жазылған роман. Әділетсіздіктен шырылдап кеткен бір ғұмырды суреттеген роман. Бірақ, әділет деген ұғымның өзі кейде абстракті бола беретінін айта кетсек. Қатып қалған, бір мінезді әділет деген ұғым бар, сосын, иіле беретін, мүдделестер позициясына қарай жығыла кететін әділет бар. Соңғы жығыла кететін әділет біздің қоғамның басты индикаторы. Әркім өзі бір әділет жасап алады да, соны ақтап, соны қорғап шығады. Мысалға, бірінші бөлімінде Меннің балалық шағын оқыған шағыңызда Меннің және әкесі Кененнің, анасының сондай әділетті өмір сүре алғандығы туралы бірдеме деу қиын. Себебі, әкесінің іс-әрекеті жанын жалдап жан бағу деген түсінігінің өзі қып-қызыл ұсақ әділетсіздіктер. Мысалға, базардағы суық қолдылыққа баратын ұсақ ұрлығы, таразыдан жеу секілді қылықтарын ол ұлымен бірге жасайды. Және оны отбасын асыраудың қосымша бір табысы деп мүлде шімірікпейді. Бұндай қоғамдағы өзіне әділет етіп алған өлшемдер төменнен жоғарғы билікке дейін жетуінің нәтижесінде Меннің тағдыры талқан болғанына куә болып отырмыз. Бұның бәрін автор әділетсіздіктің ішіндегі әділетсіздік деп түсініп жазды ма, әлде кейіпкер Меннің шынымен де балалығы солай өткені ме, оны автор айта жатар. Бірақ, бұл шығармадан мынаны көреміз. Тұтастай азғындыққа құрылған қоғамдық қатынастардың әлсіз торы астында, өзінше әділет таппақ болған, өзінше күн көрген, өзінше жарық іздеген адамдар тағдырының үмітін көреміз. Бұл біздің жасаған қоғам. Шынайы бейнесі неше түрлі фазада болса да өтіп жатыр. Қоғамнан қалай ізгілік таппай қалып жатырмыз, бұл роман  бойынан да сондай ізгілік таппайсыз. Оқып біткенде не бақыттың ізі жоқ, не жеңістің дәмі жоқ. Екіұшты, кетеуі кеткен жабайы өзіңізді көресіз де, үнемі құрбандыққа ұшыраған, тағдырын біреу шешкен, біреуге тәлкек болған қазақтың ауыр тағдырына қайыра бетпе-бет келесіз. Сөз соңын автордың өз сұрағымен аяқтасақ: «Нұршықта өртеніп кеткен Кеңесов те кінәсіз. Тiптi үй бұзуға келген қалың жасақ та бұйрықты орындаушылар. Олардың бізде кеткен ата кегі жоқ. Біз өз ошағымызды қорғамақ болдық. Бізде де айып жок. Сонда кім кінәлі? Кім?» дейді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар