Байтұрсынұлы туған күніндегі тілдер күні

Бөлісу:

05.09.2024 847

1998 жылдан бастап 22 қыркүйек "Қазақстан халқы тілдерінің күні" болып жарияланды еді. Араға аттай желіп он тоғыз жыл өткенде 2017 жылы мереке күні өзгеріп, 5 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдері күні болып аталып өтіп келеді. Тілдер күнін зор құрметпен атай өте отырып, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген аталы сөзге айналған Қадір ағамыздың сөзінің астарындағы, өз тіліңді құрметтеу мен құрметтемеуден туындап отырған кейбір келеңсіздіктерге байланысты азғана аял жасап, тіл, сана төңірегінде сөз қозғап көруді жөн санадық.

Геннің жат тілді сананы жатсынуы

Ата тек генге ағзалық тілдің жат қимылы, мидың ойлау формасын өзгертеді. Тіл ішкі Меннен бұлқынып шығып жататындықтан, ол көз бітелсе, көкіректі көлегейлеп, ішкі сана өзінен-өзі адаса бастайды. Сыртқа ағытылып шыға алмаған ежелгі рух лебі адамның физиологиялық қалыбына күйзеліс әкелді.

Баланың алғаш 120 күндігінде берілген өз ішкі рухы әуелгі таза қалпында құрсаққа түседі. Бірақ біз сол жан-рух кіре бастаған іштегі нәрестеден бастап өз еркіне, өзінің ата тек генімен таңбаланып келе жатқан ежелгі тілдік, дыбыстық, мимикалық тәрбиелерді берместен, керісінше, құрсақта жатқан жерінен қысымға алып, тұншықтырамыз. Әуелгі таза гендік (тектік) өз «Мені» туылмастан ЖАТ ТІЛДІ САНА соққысын ала бастайды.

Іштегі сəбидің сырт əлемді тыңдап түйсінетінін жəне дыбысты қабылдайтынын бəріміз білеміз. Əуелде туған бала дүниені көріп, естіп қабылдаса, ал іштегі сəби, негізінен, естіп ақпарат жинай бастайды. Міне, біздің ұлттық тәрбиеде қателік жіберетін жеріміздің ең бір трагедиялық тұсы – осы мезгіл. Қазақ «жатырында жаңылған», болмаса «жатырында қағынған» деп бекер айтпаса керек. ЖАТ ТІЛДІК САНАҒА жауланған ата-ана балаға «Тегіне» таңбаланбаған жат тілдің, жат сананың каналдарын жүктілік кезеңнен бастап құйып, тап-таза рухани қалыпты бүлдіре бастайды. Іштен санасы бүлініп туған бала ертең қанша жерден тап-тамаша тәрбиелі болғанмен, тұлғалық қасиетінен айырылған, ұлттық даралық өзгешелігін жоғалтқан, еркін ойлы, азат санасынан ада етілген ұрпақ болады.

Америкалық баскетболшылар мен әлемдік деңгейдегі футболшылар балаларынан болашақ ізбасарлар даярлау үшін өзгеше тәрбиесі әдісін пайдаланады. Олар көбінде құрсаққа шарана бітіп, сырт әлемді ести бастағаннан анасына өздері қалаған футбол, баскетболға байланысты көп ақпарат беріп, бейне баяндарды көрсете бастайды. Туыла сала өмірін спорт саласына байланысты мәліметтерге толтырып, баланы жөргектен шықпай жатып спорттың адам етіп бекітіп тастайды. Бала жастан санаға сіңген спорттың бұл түрлері жас өргенге есейгенде еш қиындықсыз жол беріп,  әлемді шулатқан саңлақтар осылайша өмірге келіп жатады.

Омар Жəлел бір сөзінде «Біз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдың ішінде соңынан елді ертетін от ұл тудыра алмадық» дегені бар. Омар Жәлелдің меңзеп отырғаны да осы бала санасына тікелей әсер ететін таза тілдік тәрбиемен қонатын ұлттық бір егейлік пен дара тұлғалық тұғын. Қазақ – ширек ғасыр емес, одан да әрмен ұл сияқты ұлды, қыз сияқты қызды тудырудан жаңылып қалған жұрт. Осы жылдар аралығында қаншама әйел толғатты, қаншасы ұл, қаншасы қыз тапты. Бірақ өкініштісі сол, дүниеге келген ұрпақты туа сала өгейлікке – рухани өгейлікке, рухани жетімдікке тастап кетіп отырмыз. Ежелден бар арғы жақта, генде лапылдап тұрған ата тектік сананың орнына жат өлшемге сығылған, өңшең тілі басқа, ойы ала шұбар, санасы тұман буындар тәрбиеленіп келді. Ал енді мұндай буыннан сен елдікті сұра, даралықты сұра. Қожайын сананың жиып берген ақпарын өзіңе құсып бергеннен басқа түкте өнер де, білері болмайды. «Оты бар» ұл тудыру үшін сәбиді іште жатқаннан болатын қысымнан азат ету шарт. Бала іште жатқанында ақ еркін, табиғи өзінің ежелгі сана дүниесімен қауышып тәрбиеленуі тиіс, олай болмаса трагедия ұлғая келе, ұрпақтың тума жат саналық болып туу кемтарлығы артқан үстіне арта береді. Екі-үш атамыз орысша сөйлеп, орысша тәрбие алғанмен, жетпіс жеті атамыз таза қалыбында мына жарық дүниені қабылдаған жоқ па? Арадағы үзілген екі-үш буын шынжыр қазақты қазақ, елді ел қыла алмасын көрсетті. Сана орнына түссе, рух қалыбына қонса, ұлт орнында отырып ақ гүлдейді.

Ал, ұлтты емдемей, баланы солайымен жат тілдің әлдиімен өсіре берсек, жасына, жынысына қарамай бала өспірім шақтан комплекске ұшырайды. Ал, комплекске түскен бала есейе бастаған шақта, қазақ қоғамын өзінен-өзі жат секілді қабылдай бастайды. Оның не үшін екенін ол өзі мүлде түсінбейді. Қалай болса да бұл менікі емес, мен бұлардан басқамын деп мыңдаған, миллиондаған бала жеке-жеке өмірге қадам басады. Əлгі жат тілді сананың илеуіне ұшыраған бала жаттығын, жетімдігін ата-анасы болса да сезінеді. Өзін не үшін тұмшалай бергісі келетінін де түсінбейді. Бұл жалғыздық, бұл жалқылық ұлғая келе суицидке не басқа бейәдеп әдетке итермелей береді. Біздегі жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың азаймай тұруының да бір себебі осы жат сана, өзге тілдің үстемдігінің ықпалына түсіп қалғаннан ба дейміз.

Рухы қалыбына түспеген бала өзінің не үшін, кім үшін өмір сүретінін түсінбейді. Қазақ үшін болайын, жанайын десе, санасындағы орныққан жат тілдік сананың ақпар құрсауынан шыға алмай алас ұрады. Жат болып, түбегейлі кетейін десе, түрі келмейді. Дене ішіндегі саналық тілдер соғысы адам жан дүниесін отқа орап, шоққа көмеді. Не бірыңғай жат тілді рухқа, не бірыңғай қазақылық рухқа бағытталмаған соң, екі жағаға кезек малтып шығу жасөспірімге, шынында, өте ауыр тиеді. Кейбірі осындай ішкі жақтан жарылуға шыдас бере алмай, өзін-өзі құртып тынады. Кейбірі не болса сол болсын дегенге көнеді де, өмірдегі құндылық атаулыны көк тиынға балайтын безбүйрекке айналады. Осы құбылысқа жасөспірімдерді жат тілді ата-анасы саналы-санасыз түрде аямай тастайтынын қайтара ескерте кетсек дейміз.

Тіліңіз қалыбына қонбайынша елің де дамымайды, ұлтың да өркендемейді. Себебі, тіл деген ниетті бір жерге тоғыстыратын ең озық фактор. Ортақ мәміле мен анық ұғысу үшін де адамда ортақ тілдік естеліктер көп керек. Сонда ғана қоғамның импульсі бір қалыпты соғып, үн бір ауыздан шыққандай ортақтыққа ұмтылады. Сонда ғана елің ел, ұлтың ұлт секілді қадірі артып, орыны егейлене өсе түспек. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар