«KitapTime-2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі

Бөлісу:

17.09.2024 417

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен 20 қыркүйек күні жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын  – «KitapTime – 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі  өтеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың  отырысында елдің ертеңі мен келешегі үшін кітап оқу мен кітап басып шығару ісінің маңызына тоқталып еді. Кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналатынын баса айтқан болатын. 

Кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылатын республикалық шара биыл Елорданың рухани ордасы – Ұлттық академиялық кітапхананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа- тұс келіп отыр.  

«KitapTime – 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі аясында түрлі баспалардың («Абай», «Арман-ПВ», «BG-PRINT», «Фолиант», «Қасым», «Қазақ кітабы», «Мұқаба», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Steppe&World» және «Алматы кітап», «Кіtapal», «Ziyat кітап» кітап дүкендері; шет елдер елшілігінің кітаптар көрмесі) қатысуымен кітап жәрмеңкесі, қолөнер шеберлері мен суретшілердің павильоны, (саз балшықтан бұйым жасау үйірмесі, сиқырлы мозаика,  қыш құмыра жасау, қолөнершілер шеберханалары, т.с.с) bookcrossing, интерактивті, балаларға арналған ойын-сауық түрлері, түрлі тақырыптағы дәрістер, тренингтер, шеберлік сағаттары, шығармашылық кездесулер, концерттік бағдарлама және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады. 

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясын қолдау мақсатында фестиваль  қатысушылары мен қонақтары  арасында кітап табыстау рәсімі өтеді.

Сонымен қатар, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана қорын қолдау, қазақ әдебиетінің әуеде насихатталуын көздеу мақсатында  «Air Astana» әуе компаниясымен ынтымақтастық меморандумға отыру салтанаты, бірнеше жаңа жобалармен таныстыру сынды мәдени, рухани шаралар фестиваль аясында жүзеге аспақ.   

Дәл осы күні кітап мерекесі республиканың көпшілік кітапханаларының ұйымдастыруымен еліміздің әр өңірінде өтеді деп жоспарлануда. 

Мәдени іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетел елшіліктерінің өкілдері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, суретшілер, қолөнер шеберлері, иллюстраторлар, блогерлер, БАҚ өкілдері, ата-аналар, балалар, студенттер, кітапханашылар, оқырмандар және қала тұрғындары қатысады деп күтілуде.

Кітап фестивалі республика бойынша БАҚ өкілдері арқылы насихатталып, әлеуметтік желілерде жан-жақты таратылатын болады.

Өткізілетін мерзімі:  20 қыркүйек 2024 жыл, сағат 11.00-18.00

Ұйымдастырушылар: 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы

                                                     Байланыс ақпараттары: Астана қаласы, Достық көшесі, 11.

e-mail: uak_2022@mail.ru Аккредитация үшін:  87027639151

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар