Боладысы да, болдысы да қызық болды...

Бөлісу:

19.09.2024 1758

«Тойдың болдысынан боладысы қызық» дейді, қазақ. Бұл да біліп айтылған сөз шығар. Біздің елімізде «боладысы да, болдысы да қызық», ерекше дүбірлі той өткеніне де әлемнің осы ұлан-асыр мерекеге қатысқан қалың жұрт куә. Астана қаласында бесінші реткі дүниежүзілік көшпенділер ойындары қыркүйек айының 8-13 күндері өткізілді. 

Этникалық спорт түрлері алты құрлықты мекендейтін барлық ұлттарда да баршылық. Әлемдік дәстүрлі олимпиадалық спорт жарыстары, атап айтқанда Олимпиадалық ойындар сонау 1896 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқаны сияқты, көшпелі халықтардың ұлттық ойындары сайысы неге өткізіліп тұрмасқа? Еуразияның кіндігі Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделіп алғаш өткізілген бұл жарыстар кешені өзінің өміршеңдігін танытып үлгерді.

Этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған бесінші кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстанның, Астананың жақсы дайындалғанын әлемнің 85 елінен келген қонақтар бірауыздан айтып жүруі – мақтауға лайық. Бұған дейін Қысқы Азиада мен ЭКСПО-ны өткізуде жинақтаған тәжірибе көмекке келгені анық. 

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылуын тікелей немесе теледидардан тамашалаған көрермендердің алған әсері ерекше болды. Тіпті қызды-қыздымен: «Мұның қасында жақында ғана жүрілген Париждегі олимпиадалық ойындар жіп есе алмайды!» - деп бағалап жатқандар да бар. Әрине талғамға талас жоқ десек те, бұл бағалау да бекер айтылмаса керек.

Спорттық жарыстар болған соң, көрерменсіз өтпейтіні, олардың ойы барысында түйгені болатыны сөзсіз. «Тас – түскен жеріне ауыр» немесе «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дегендей, сексен бес елдің екі мыңға жуық спортшысы мен ондаған мың жиһангезінің басын еліміздің бас қаласы Астанаға тоғыстырғаннан кейін, оларды лайықты қарсы алып күтіп алу, астанамызды, қазақ халқын, оның салт-дәстүрі мен мәдениетін, жалпы Қазақстанды таныстыру мақсаты толықтай әрі ойдағыдай орындалғаны сөзсіз. 

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп құшақтасып», - демекші, осы бір айтулы да ауқымды, жауапты халықаралық спорт жарысын өткізуде спорттық кешендері сайма-сай Астанаға, рухани-мәдени тұрғыдан көмекке Қазақстанның барлық облыстары мен республикалық маңызды қалалары түгел атсалысқан екен. «Қазанат» атшабарының маңында келушілерге есігін айқара ашқан «Көшпенділер әлемі» этноауылы барлық келушілерге алты күн бойы қазақ халқының, сондай-ақ осы ойындарға қатысушы елдердің өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстырды. 

«Ұлы дала дүбірі!» ұранымен өткен көшпенділер ойындарына келіп қатысқан, көрермен болған іш пен сырттың әрбір адамы дәл осы этноауылдан үлкен әсер алып, Ұлы Даланың сан мың жылдық салқар тарихының демімен сәттікке болса да тыныстағаны анық еді.

«Нағашыма да барайын, тайымды да үйретіп алайын» дегендей, Көшпенділер ойынына да барайын, ажарлы Астананы тамашалайын, әрі өз ауыл-аймағымның тарихи-мәдени ерекшелігін, салт-дәстүрін таныстырайын, өнерімді ортаға салайын дегендей, әр өңірден келген қолөнершілер, ит жүгіртіп құс салушылар, ағаштан, темірден, тастан сүйектен сан түрлі өнер туындысын жаратушы ұста-зергерлер, түрлі аспаптардың құлағында ойнаған музыканттар мен асқақ дауысты әншілер, жалпы мәдениет мекемелерінің қызметкерлері облыстар мен қалалардан молынан жетіп, этноауылдың ажарын кіргізді.

Әр облыс, қала өзіне бөлінген аумақта тігілген киіз үйлердің іші-сыртын өзінің кешелі-бүгінгі жетістіктерін, туристік, әсіресе этнотуризмді дамытудағы әлеуетін танытарлықтай ақпарат алаңына сәтті айналдыра біліп, келушілерге тамаша қызмет көрсетті. 

Күнделікті өмір ағынында, осы ортада жүргендіктен бе, қаламыздың өзге жұрт қызығар ерекшелігін, жақсы жақтарын байқап-бағалай бермейтініміз де рас. «Сырт көз – сыншы», сырттан келген қонақтардың  таңырқай, тамсанған сөздерінен кейін ғана: «Шынымен де солай екен-ау», - ойланып қалатынымыз бар. Астана көшелерінің кеңдігі мен тазалығына, құрылыс алаңдарындағы самсаған крандардың көптігіне, төл мәдениетіміздің айқын да бірегей, сан алуан бояуына, т.б. көшпенділер ойынына алыс-жуықтан келген қонақтардың таңдана айтқан сөздерін жиі естідік.

«Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер.» Ең әуелі өзін өзі танып-біліп, өзара бірлік-берекені, татулықты бекемдеп, ішкі мүмкіндікті сараптап-саралап алғаннан кейін, өзге кеңістікке ұмтылу, өзінде барды жарқырата жарнамалау – әрбір есті қоғамның жетістік жолындағы әсіре пафостан ада, шынайы ұстаным қағидаты. Көшпенділер ойыны бізге осыны ұғындырғаны анық. Ауқымды этноспорттық іс-шараның аяқталуынан кейін іле-шала қазіргі таңдағы Қазақстанның брендіне айналған ән өнерінің мегажұлдызы Димаш Құдайбергеннің «Stranger» жеке концертінің өтуі де орайлы сабақтастырылған игі қадам болғаны анық. 

Он мыңнан астам шетелдік көрермен әлемнің сексеннен астам елінен келіп, қазақша сөйлеп, ән айтып, Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін әспеттеп жүргеніне қалай шаттанбайсың!

Көшпенділер ойыны – ең әуелі Қазақстанның туристік әлеуетін арттырудың орасан зор мүмкіндігін ашып берген ауқымды іс-шара болды. 

Туризм – кез келген елдің экономикасы дамуына зор серпін беретін табысты сала. ЮНВТО (БҰҰ жанындағы бүкіләлемдік туристік ұйым) мәліметі бойынша 2024 жылы Жер шары елдерінің туризмнен алатын табысы 1,4 триллион долларға жетпек. «Қалауын тапса қар жанар». Көзін тапса, бұл саладағы Қазақстан қазынасын еселеп толтыруға болатындығы сөзсіз.

Сонымен ел-жұртты елеңдеткен Ү Дүниежүзілік көшпенділер ойыны да аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші орын алды. Бұл да жетістік. 

Қысқасы, Ү Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – жақсы ұйымдастырылған, жұртшылықтың көңілінен шыққан жарқын күндер ретінде ел есінде сақталары сөзсіз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар