Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов драма театрының жаңа маусымы – жаңа ізденістерге толы болмақ

Бөлісу:

23.09.2024 793

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының жаңа маусымашар салтанатты шарасы Т.Ахтанов және Қ.Шаңғытбаев ескерткіші алаңында қос тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталып, қос труппа актерлерінің қызыл кілеммен жүріп өту салтанатына ұласты. 

Шараны Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Сәлімқызы ашып беріп, шығармашылық ұжымға жаңа табыс, жемісті еңбек тіледі. Орыс труппасының белді актрисасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ангелина Недюжинаның 50 жас мерейтойымен құттықтап, өрнекті қамзол жауып алғысын білдірді. Театр директоры Сайлау Ғалымжанұлы көпшілік театрсүйер қауымға ыстық ықыласын білдіріп, шаруашылық жөніндегі менеджер Нықтаева Гүлсімді 50 жас мерейтойымен құттықтап, алғыс хатын табыстады. 

Биыл қазақ труппасы 34-маусымын 18-қыркүйек күні «Қобыланды» дастан-драмасының шымылдығын түрді. 

Қобыланды батыр ақтөбелік жұртшылық үшін бөгенайы бөлек тарихи тұлға, эпостық жырдағы батыр тұлғасы да қойылымда бөлекше сипат алған. Эпос желісімен сахналанған қойылымның режиссерлік шешімі де ұтымды. Театр репертуарындағы жаңа тынысты, жас актерлердің алғашқы дебюті болуымен қатар, тарихи қойылым жыршылық екпінге, ширыққан қақтығысқа толы. Әрі тақырыптық жағынан актуалділігімен қоғамның жанды  жарасын ашады. 

Айта кетерлік жайт, «Қобыланды» (реж. Дина Жұмабай) қазан айында Өскемен облыстық драма театрында өтетін 30-республикалық фестивальге жолдама алып отыр. Ең үздік қойылымдар ішінен сұрыпталған қойылым эпостық жырдың баяндалуына емес, іс-әрекетпен ұғындыруға баса назар салған. Яғни, сіз жырды бастан-аяқ әртістердің диалогтарымен тыңдап отырмайсыз, пластикалық би арқылы кейіпкерлердің ішкі ойын, оқиға барысын оқи аласыз. 

Т.Ахтанов театрының жаңа маусымдағы басты жаңалықтарының бірі - Ақтөбе қаласында қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстарының басталуы. Былтыр Президентіміз Қ.Кемелұлы өңірімізге келген сапарында жаңа театр ғимаратын салу туралы тапсырма берген болатын. Көп кешікпей қолға алынған істің басталғаны туралы да хабар жетті. Алдағы уақытта Ақтөбе қаласында жаңа қазақ музыкалық драма театрының ғимараты бой көтереді деп сенімді түрде айта аламыз.

Театрдың музыкалық бағытта өсуі - үлкен шығармашылық жұмысты талап етеді. Музыкалық мүмкіндігі зор актерлерге жаңадан штат ашылу жолдары да қарастырылуда. Қазірдің өзінде театрымыз музыкалық әрі хореографиялық мүмкіндігі зор жаңа мамандармен толығып отыр. Театрымызға жаңа буын - Қазақ ұлттық өнер университетінің «Актерлік шеберлік» курсының 10 студенті келіп қосылды. Олар дуальді оқыту жүйесі бойынша онлайн түрде оқуын театрымызда жалғастыратын болады. Жаңа маусым алдында жас мамандар өзара танысу кешін де өткізіп жіберген болатын. 

Музыкалық бағыттағы қойылымның бірі - Т.Теменовтің «Махаббат бекеті» мен «Қобыланды» драмасын атауға болар. «Махаббат бекетінде» жас актерлар қойылым барысында бірнеше әндерді жанды дауыста орындайды. Ал, «Қобыланды» қойылымында жыр-дастанды жырлайтын ақын образы бар. Актерлардың диалогында жырлап жатқандай дауыс тембірімен көрермен жүрегін баурайды, әуезді дауыспен әндеткендей әсер береді. Оған қоса, орыс труппасының 60-маусымының ашылуына орай, «Ханума» музыкалық комедиясы да көрерменге жол тартпақ. «Хануманы» музыкалық бағытта қойған ресейлік режиссер Татьяна Лукомская актерлердің музыкалық, хореографиялық жаңа қырын ашып, жарқын колорит сыйлай алған. 

Тахауи Ахтанов театрының жаңа маусымы зор серпіліспен басталғанын атап өту керек. Халықаралық деңгейдегі мәскеулік режиссер Әлібек Өмірбекұлы таяуда театрымызға келіп актерлерге шеберлік сабағын өткізді. 4 күн бойы актерлердің шығармашылық мүмкіндіктеріне қарап, қазіргі театр саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Алдағы уақытта театрымызға қайта оралып жаңа қойылымды сахналауға кірісетін болады. Бұл біздің театр үшін жаңа белес, жаңа тәжірибе асуы болмақ. Әлібек Өмірбекұлының Қазақстандағы әр қойылымы өзгеше талқылауға, жаңа көзқарасқа құрылғанын ескерсек, театр репертуары тың дүниемен толығары қуантады. Қазақстандық театр өнерінде жаңа бағыт пен форма қалыптастырған атышулы режиссердің облыстарға келіп қойылым қоюы өте сирек құбылыс. Әлібек Өмірбекұлынан кейін театрымыздың қос труппасымен жұмыс істеуге танымал режиссер Гүлназ Балпейісова келеді деп жоспарлануда. Гүлназ Балпейісова да өз кезегінде мәскеулік театр сахнасында мойындалған, қазақстандық театр сахнасын көркем қолтаңдасымен таңқалдырып жүрген бірегей режиссер. Қос труппаның шығармашылық потенциалын арттыруға, мүмкіндіктерін ашуына зор ықпалы бар деп ойлаймыз. 

Театрдың 34-маусымға жоспарланған қойылымдары туралы айтатын болсақ, келесі жыл қазақ батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, қазақ еліне аяулы батыр қыздың мерейтойына арналған сахналық қойылым жобасы дайын. Өз режиссерін күткен қойылымның көркемдік шешімі, тарихи қалпы шынайы бейнеленбек. Бұл қазірге құпия. Сондай-ақ, Мөңке бидің 350 жылдығына орай тарихи қойылым сахналау жоспарда бар. Дәстүрлі түрде өтетін балалар мен жасөсіпірімдерге арналған драматургиялық шығармалар байқауы да өз кезегін күтуде. Бірқатар театр әртістерінің мерейтойлық бенефисін өткізу де кезекті міндеттердің бірі. Театрымыздың ақсақалы, актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мағзұм Сафиұлының 75 жасқа, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айнагүл Өлмесекова 50 жасқа, орыс труппасының белді актрисалары - ҚР Мәдениет саласының үздігі Ангелина Недюжина 50 жасқа, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ольга Павлова 60 жасқа толып отыр. ҚР Мәдениет саласының үздігі Әсет Оразалин мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Майгүл Мұзбаеваның театрдағы еңбек жолына 30 жыл толып отыр. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде мерейтой иелерінің бенефисі аталып өтеді. 

Биыл орыс труппасының 60 жылдығы, бұл жарты ғасырдан астам уақыт. Осындай айтулы мерейтойды атап өту жұмыстары да қолға алынып отыр. Орыс труппасының 60-маусымы Авксентий Цагарелидің «Ханума» комедиясымен ашылғалы отыр. Басты рөлді – ҚР Мәдениет үздігі, актриса Ангелина Недюжина ойнайды. Бұл атышулы классикалық қойылымға барлық орыс труппасының әртістері қатысады. Ерекше атмосфералы қойылым орыс труппасы қоржынына қосылған жауһар дүниенің біріне айналары сөзсіз. 

Театр ұжымы өткен жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыстық деңгейде гастрольдік сапарлар ұйымдастырып жүр. Биыл қыркүйек айында Темір ауданы мен Байғанин ауданы тұрғындарына «Келіндер көтерілісі» мен «Жеті лақ» ертегісін ұсынбақ. 

Театр режиссерларының ізденісі мен жаңалыққа, жаңа көкжиектерге ұмтылуы да театрдың мәртебесін көтерері хақ. Т.Ахтанов театрының белді режиссері маусым ашыла салысымен Тараз драма театрында жаңа қойылымды сахналауға кірісті. Ол 33-маусымда Жезқазған қаласының драма театры сахнасында «Шақан шері» драмасын сахналап, республикалық фестивальде үздіктер қатарынан көрінген болатын. Биыл Жезқазған драма театрында «Войцек» тұғыры биік туындысын сахналады. Қазіргі уақытта тараз облыстық драма театрында жаңа қойыылмды сахналау үстінде. Өз қолтаңбасымен танылып жүрген Мейрам Хабибуллинге зор табыс тілейміз. 

Сағадат Ордашева

Т.Ахтанов театрының баспасөз хатшысы 

Бөлісу:

Көп оқылғандар