Мұхаммед Физули – 530 жыл

Бөлісу:

25.09.2024 758

Физули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Қожа Хафиз – бу һәммәси

Мәдәт бер я шағири фәрияд, - 

деп Абай атамыздың медет сұрап, піріндей аруақ шақыра есімдерін атайтын бұл шығыс шайырларының ықпалы өздерінен кейінгі жыр қонған ақындар мен поэзия сүйгіш жандарға өте зор болды. 24 қыркүйек күні Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Мәдениет күндері аясында әзербайжанның әйгілі ақыны Физулидің туғанына 530 жыл толуына орай, ақынның «Мұхаммед Физули – 530 өлең жолы» атты қазақ тіліндегі кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан мен Әзербайжан елінің зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылары қатысып лебіз білдіріп, сөз сөйледі. 

Ақынның қазақ, әзербайжан тілдеріндегі ғазалдарынан әртістер өлең оқып, әншілер әндер айтты.

Түркі әлеміне ортақ рухани жауһарларды топтастырған «Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының» президенті Ақтоты Райымқұлова іс-шарада былай деп баяндама жасады: «Шығыстың ұлы шайырларының өмірі, шығармашылығына қатысты «Түркі әлемінің көрнекті тұлғалары», «Түркі әлемінің әдеби інжу-маржандары» және «Түркі әлемінің ғылыми інжу-маржандары» атты үш жаңа кітап топтамасы құрастырылды. Аталған топтамалар негізінде жиырмасыншы ғасырдағы әзербайжан әдебиетінің классигі Мир Жалалдың «Низами Гәнжауи әлемі» атты ғылыми-публицистикалық мақалалар жинағы шықты. Сондай-ақ көрнекті жазушымыз Бердібек Соқпақбаевтың жүз жылдық мерейтойына арнап «Менің атым Қожа» кітабы әзербайжан тіліне аударылып жарық көрді. Биыл үш жүз жылдық мерейтойы тойланған көрнекті түркімен ақыны Мақтымқұлы Фырағидің «Ғашық болдық» өлеңдер жинағы, қырғыз ақыны Алықұл Осмоновтың «Заманнан заманға» атты өлеңдер жинағы баспадан шықты. 

Отандық ғалым, қаламгерлеріміз Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих», Мәлік Отарбаевтың «Біз күткен бақыт» атты кітаптарының жарық көргенін айта кету керек. 

Сонымен қатар жоғарыда атап айтқандай, біздің қорымыз кітап басып шығарумен ғана емес, түркі дүниесінің материалдық және материалдық емес мұраларын жандандыру бағытында да көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ат салысып келеді.» 

Туысқан жұрттар мен қазақ елі достығының мызғымастығына осындай рухани тұлғалардың еңбектерінің тигізер үлесі зор. Әзербайжан жұртының мақтанышы, асқақ тарихи тұлғасы Физули шығармашылығының тереңіне бас қойған қазақ елінің бауырмалдығы, қарт Каспийдің екі жағасындағы қос ел достығының мызғымас алтын көпірі екендігін тағы бір айғақтағандай. Мұхаммед Физули еңбектерінің насихатталуы хакім Абайдың жоғарыдағы арнау өлеңін санамызда қайта бір жаңғыртып, бауырлас әзербайжан халқына деген ыстық ықыласымызды қайыра бір оятқандай болды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар