Елім деп өткен есіл ер

Бөлісу:

25.09.2024 932

Бүгін небәрі жиырма екі жасында өмірден мезгілсіз өткен талантты ақын Баймағамбет Ізтөлиннің туғанына 125 жыл толды.  Осыған орай ақынның өмір жолы туралы  тоқталып өтуді жөн көрдік.

Ақын Баймағамбет Ізтөлин 1899 жылы бұрынғы Ақмола губерниясы, Петропавл уезінің Аққұрсақ болысы, Шәліңке аулында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы) дүниеге келген. 

Алғаш ауыл молдасынан оқып сауатын ашады. Жастайынан өлең-жырға құмар болып, тыңдап өскен бала Баймағамбет оқу сауатын игергеннен кейін ел арасына танымал қисса-дастандар мен батырлық жырларды жаттап алып, жырлап айтатын болған. Өз жанынан да өлеңдер шығарып, ауыл арасындағы айтыстарға қатыса бастайды. Он жасында алғаш әкесі Қанапияға арнап өлең жазады.

1913 жылы көрші Құрымсы аулында Сейіткерей Мағазов деген башқұрт азаматы келіп балаларды жаңаша оқыта бастайды. Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесін бітірген бұл азаматтың алдынан дәріс алған талапты оқушылардың бірі Баймағамбет болады. Мұнда әдебиет пен орыс тілі сабақтары оқытылады. Татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың, өзге де ақындардың шығармашылығымен танысуы арқасында әдебиетке деген құлшынысы арта түседі. Айналада, әлемде болып жатқан айтулы оқиғаларға сын көзбен қарап, азаматтық үнін таныта бастайды. «Соғыс» атты өлеңі осының дәлелі.

Бұған дейінгі білімі мен талабының арқасында Баймағамбет 1916 жылы Пресногорьковкадағы орыс мектебіне оқуға түсіп, төртінші сыныбына бірден қабылданады. Ақындық таланты ашыла түскен Баймағамбет осы мектеп қабырғасында жүргенде, айналасына талантты ақын, озық ойлы азамат ретінде таныла бастайды. «Он алтыншы жыл» өлеңі осы кезеңде жазылады.

1917 жылы Ресей империясындағы үлкен өзгерістердің бастауы – Ақпан төңкерісі болады. Бұл өзгерісті жас азамат қуана қарсы алады. «Туғаныма» атты өлең жазған ақын саяси белсенді күрес жолына түседі. «Саяси хал туралы бірінші мәліметті мен содан алдым. Оның айтуынша: патша түскенмен өкімет билігі капиталистер мен помещиктердің қолында екен. «Капиталист», «помещик» деген сөздермен де мені алғаш Баймағамбет таныстырды. Қазақ оқығандары «Алаш Орда» атты өкімет құру ниетінде жүргенін де маған сол айтты. Патшаны кім түсіргенін одан кейін не халде болып жатқанын мен енді ғана түсіне бастадым», - деп жазады, ақынның іні-досы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында. 

1917 жылы күзде Баймағамбет Ізтөлин Троицк қаласындағы «Уазифа» атты екі жылдық мұғалімдер дайындайтын курске түсіп оқиды. 

Ақпан төңкерісінен кейін, кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлардың жоғын жоқтаймыз деген ұранмен билікке келген большевиктерді шын ниетімен қолдаушылардың қатарында болған Баймағамбет Ізтөлин елдегі саяси өзгерістерге белсене араласады. Қандай жағдай болмасын, елдің сауатын көтеру, оқу-білімге ұмтылдыруды дұрыс жол деп білген азамат Петропавлда уездік ревкомның мүшесі, оқу инспекторы ретінде ел арасында мектептер ашып, мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырады. Қаладағы мұсылман бюросы мен қазақ-татар клубының жұмысына да белсене араласып, оқу-ағартуға қатысты жиындар ұйымдастырады. Қысқа мерзімге Қостанай облысы Федоров ауданы оқу бөлімінің нұсқаушысы қызметін де атқарады.

1920 жылы маусымда Петропавл қаласында екі айлық мұғалімдер курсы ашылады. Уездегі қазақ мұғалімдері қатарында Баймағамбет өзі де оқиды. Бұл курсте қазақ тілі мен педагогика бойынша сабақтарды Мағжан Жұмабаев жүргізген екен.

1921 жылы қаңтар айында Қызылжар қаласында аласапыран басталады. Кеңес үкіметіне қарсы күштер жан жақтан жиналып осы қалаға беттейді. Қалада ЧОН (части особого назначения немесе ерекше мақсаттағы бөлімшелер) отрядтары құрылады. Баймағамбет Ізтөлин ЧОН құрамында қарсы шабуылға шығады. Шайқас барысында Баймағамбет Ізтөлин қапияда қаза табады. Осылайша біреуді біреу біліп болмас аумалы-төкпелі заманда қазақ әдебиетінің болашағы дерліктей талапты да талантты ақынының ғұмыр сапары мезгілсіз аяқталады.

Баймағамбет Ізтөлинді жастайынан өзінің ұстазы санаған Сәбит Мұқанов ақын өлеңдерін жинақтап жарық көруіне атсалысады. Бірнеше рет жарық көрген жинақтарына бас-көз болады. Жазушының «Өмір мектебі» атты мемуарлық туындысында Баймағамбет Ізтөлиннің ізденімпаз шығармашыл, өршіл тұлғасы бар.

Баймағамбет Ізтөлин өмірі мен шығармашылығы туралы көп еңбектенген, туынды жазған адамның бірі – көрнекті педагог ұстаз, балалар жазушысы шығыс тілдерінің білгірі Сейтен Сауытбеков. Қаламгердің «Өртенген өлең» атты деректі хикаяты Баймағамбет Ізтөлиннің қысқа ғана мазмұнды ғұмыр жолына құрылған. Туған қарындасы Зүбирамен отасқан Сейтен Сауытбековтің Баймағамбет Ізтөлиннің өмірі, шығармашылығы білетіндігі сөзсіз де еді. Кезінде өзінің туған ауылы Балуан мектебін керемет деңгейге көтерген сан қырлы жаңашыл ұстаз Сейтен Лиманұлы Сауытбековтің өмір жолы да кейінгі буынға үлгі ретінде насихатталуы тиіс деп білеміз.

Жазушының туындысы «Өртенген өлең» деп аталуының себебі – ақгвардияшылар Қызылжарды басып алып, үйлерді тінтуге көшкенде, Баймағамбет Ізтөлиннің қолжазба жинағы өртеліп кеткен екен.

 Баймағамбет Ізтөлиннің шын жанашыр жоқшысы Сәбит 1957 жылы жарық көрген жинаққа жазған алғы сөзінде: «Біз әлі халқымыздың өткен өміріндегі қымбат оқиғалардың бәрін түгел зерттеп болған жоқпыз, көп қымбаттарымыз бізден тиісті бағасын алған жоқ. Сондай зерттелмеген қымбаттымыздың бірі - Баймағамбет Ізтөлиннің өмірі мен ақындық қызметі», - деп жазған екен.  Ақынның шығармалар жинағы бірнеше рет (1926, 1935, 1957, 1981) жарық көрген.

Академик жазушы Сәбит Мұқановтың: “Мен Баймағамбетті өлді дей алмаймын. Ол бізбен бірге мәңгі жасай береді. Өйткені ол тарихқа есімін қанымен жазып кеттіМына біз есімін ел есінде қалдыруға қарыздармыз”, – деп кейінгі буынға аманттай қалдырған сөзін ел-жұрты ескерусіз қалдырмаған. Облыс орталығы Петропавлдың бір көшесі Баймағамбет Ізтөлин есімімен аталған.

2000 жылы 24 ақпанда ақынның туған жері Қос Сұлтан көлі аумағындағы Киров селосына Баймағамбет Ізтөлин атауы берілген. Бұл да болса, аз жылдық ғұмырын елінің ертеңіне арнап өткен арманшыл қыршын жастың есімін ел есінде сақтау жолындағы тамаша қадам екені анық. Бір өкініштісісонау тоқсаныншы жылдардан бері үздіксіз ұласқан, сан түрлі себебі бар үдере көшу онсыз да қазағы аз солтүстік өңірдегі Сәбит, ҒабитБаймағамбет, СафуанСейтенАяғандай айтулы тұлғалар шыққан қаншама ауылдарды жыл өткен сайын меңдетіпжүдетіп бара жатқаны да – бүгінгі күннің ақиқатыБилік бір қайран қылып, кешенді бағдарлама құрып жүзеге асырмасадәл осылай қарқынмен кете берсеенді біраз жылда талай ауылдың жұрты ғана қалу қаупі бар. «Қайқая шапқан қарагерқайрылар ма екен қайран ел!» - деп Сұлубай ақын өкінішпен жырлағанындайсұлу табиғатқұнарлы жерге егелік етіп егін себетін, мал жаятындар табыларбірақ қара шоғыр қалың ел табылар ма?  Мектебі жабылып, жастары қалаға сабылып, туған жерден қалаға көшіп барып, жатын өмірдің дәмін алып қалған жұрт қайтадан елге қайырлар ма? Үміт үзуге болмас. Ел ер тудырмай тұра алмайды. Елінің ертеңі үшін ерте алаңдап, елең-алаңда көкөрім шағында өмірден өткен есіл ер Баймағамбет Ізтөлин есімі ұмытылмайды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар