Евгения Гранде
Бөлісу:
Сонымен Гранденің ажал алдында жаны үзіліп бара жатып жалғыз қызына айтқан сөзі: «Бар шаруаға мықты бол! Арғы бетке барғанда әлі есеп бересің!» Жан алқымға келген сәтте өзінің ең соңғы жанашырына мұншама безбүйрек сөз қалдырған әкенің жан әлемін түсініп көріңіз?.. Әкенің осы «өсиеті» оның қаншалықты дүниенің былығына батқанының анық белгісі екені анық. Романның «Отбасының ойраны» бөлімі тұтас шығарманың шарықтау шегі. Гранде өзі сүліктей сорып отырған адамдарды ғана емес, өз басын да, отбасында күйретіп, құрдымға батырады. Ол бар өмірінде бір адамға қуаныш, бақыт сыйлап көрген жоқ. Керісінше ақ көңіл Гранде ханымды құсадан өлтіріп, қызының бақытын жастай жерлеп тынды. Гранденің адам айтса сенгісіз аярлығы иманыңды ұшырса, ізгі жандардың ауыр тағдыры еңсеңді езеді.
Гранде ақша толы қоймасын аңдып отырып көз жұмғаннан кейін, елдің бар назары қайтадан Евненияға ауады. Романның соңғы екі бөлімі «Өмір деген осы» мен «Шешім» дерліктей Евгения өмірінің қортындысына, тағдырының соңғы байламына құрылған. Автор оны «Отызға келгенше Евгения өмірінің қызығын, қуанышын таталмай өтті» деп баян етеді. Жанашыр жалғыз анасы қайрымсыз әкенің кесірінен мезгілсіз мерт болды. Өзінің Чарлизге деген іңкәрлығының қайтарымы болмады. Ал анау үйіндегі үйіліп жатқан байлыққа көз сүзген достары да аш бөріге ұқсап «Евгения мен оның дәулетінің соңынан бір қалмай қуып келеді». Оның шашбауын көтеріп, ханшайымдай әуестенеді. Олардың пиғылында мейір қанатындай еш шынайылық болмасада, кей-кейде Евгенияда қолпаштаған қошеметке мардымсып қалатыны бар. Дәл осы кезде, ол өзін сағыныштан сарғайтқан немере інісінің шет елде ырғынға батып, ғашықтық сертін баяғыда желге ұшырып жібергенінен мүлде бейхабар еді. Чарлиз бала жасынан думанға толы Парижде ой емес той қуалап өсті. Көл-көсір тұрмысқа еті үйренген. Оған өмір «бір жіпке сабақтаулы алмалы-салмалы ойыншықтай» болып көрінетін. Әке өлімі, шаруашылқтың күйреуі, Евгенияның ізгі махаббаты оған адамдар ара қатынастың шынайы дәмін сездірген еді. Бірақ жүре келе Гранденің озбырлығы мен қатыгездігі оны да иектеп алған. Ол тіпті Грандеден асқан «жүрек жұтқан» болып шықты. Жоғары өсімді қарыз беріп, адам саудалайды. Теңіз қарақшыларының арам олжаларын алып сатады. Тағысын тағы толып жатқан сұрқиялықтар жасайды. Чарлиз осылайша мемлекет аттаған зорекер тонаушылармен де ауыз жаласып үлгіреді. Осылайша ол шайқап ішіп, ұрттап төгіп әуейіліктің сарпалдаңына түсті. Әкесінің шаруашылығын тіктеп, қарызын қайтарғанның орнына ұсқынсыз әйелге үйленіп, ақсүйектік мәртебені ақшаға сатып, фамилиясын өзгертуге дейін барды. Ол осылайша азғындықпен Евгенияның махаббат тұнығын лайлап қана қоймай, беті бүле етпестен одан өзі сыйлаған қобдиды сұрайды. Евгенияның осы бір махаббат символы болған мүлікті қорғау үшін қаншалықты бодау бергенін түсініп те қоймайды. Осылайша Евгенияның бар тілегінің тілерсегі қиылып, мұраты мерт болды. Оны бар арманы жексұрындық жайлаған адамдар ортасында, желді күнгі түтіндей тарап жоқ болады.
Бұл күнде алтынға құмар, байлыққа мас әлемнің көлгірлігінен Евгения әбден күдерін үзген. Ол Чарлиздың орнына оның марқұм әкесінің қарыздарын қайтарды. Жоқ-жітік пен мұқтаждандарға көмектесіп қайрымдылықпен айналысты. Кітапхана ашты. Евгенияның әрбір іс-әрекетінен ізгілік пен адамдықтың асыл нұры есіп тұрды. Балалығы, жастық шағы дүниеқор адамдардың ортасында еш кетсе де, Евгенияның бұндай бекзаттық танытуы оқырманның оған деген құрметін еселей түседі. «Жас ару өзінің жоғалтқан махаббатын жырға қосып өтсе де, дүниеқор өзінің айрылып қалған байлығын өлең ете алмас еді» деген өлең жолдары осындай да еске түседі. Қалай болмасын Евгенияға қияметтей қиын өмір сыйлаған қоғамға қарғыс айтпай тұра алмайсыз. Адам қандай кезеңде де өзінің көркем сезімдерімен, ізгілікті, жылылықты, махаббатты жырлап өтуден тайсалмауы керек. Евгенияның адал болмысы бізге ең әуелі осыны шынайы сезіндіреді.
«Евгения Гренде» романы 1833 жылы жарық көргеннен бері, қаншама халықтардың тіліне аударылды. Қаншама ұрпақ, қаншама қоғам жаңарсада, дүниежүзіндегі қалың оқырманның жүрегіне әрдайым жол тауып отырды. Романды оқып шыққан соң Гранде образының санаңда ұзақ сақталып қалғанын байқар едіңіз. Бұл әрине, Бальзактың Гранде образын барынша тұлғаландырғанының арқасы. Бальзак бізге күрт байыған ағаш шеберінің қалай дүниеқоңыз құбыжыққа айналғанын кестелі тіл, нанымды образбен сомдап берді. Бальзактың Грандесі де Француз жазушысы Мольердің «Сараңындағы» Гапагон, Гогольдың «Өлі жандарындағы» Чичиков, Шекспирдің «Внеция саудагеріндегі» Шарлок сияқтылармен бір тиіптегі адам. Олар әлем әдебиетінің төрт «Қарынбайы» тектес кейіпкерлер. Романдағы Бальзактың өз сөзімен айтқанда: «Қарау, қара ниет, кежір адамдардың мейірі, өздерінің өмешегін үзген мәлім бір затқа алабөтен ауып тұрады. Алтынды көрсе иемдене кеткісі келу – Гранденің қашанғы әдеті». Осынау сараңдардың бәріне ортақ бір ерекшелік – алтынға деген ынсапсыздықтары. Олардың байлыққа деген аңсары мен құмары қандай да бір жанашыр-жақынына деген сүйіспеншіліктен биік. Олар рухани, мөралдық тұрғыдан баяғыда-ақ адами келбетін жоғалтқандар. Олардың тамырында қан емес қатігездік ағып жатыр. Тек алтынның буы ғана олардың жандүниесін бір сәтке тыныштандыра алады. «Евгения Гранде» романының әлі күнге өміршең болатыны, біздің Бальзактан бұрын да, Бальзактан кейін де осындай тоғышар адамдармен бір қоғамды өмір сүріп келе жатқанымыз. Бальзак ондай адамдарды өз жазу шеберлігі арқылы мәңгілік сипатқа ие биікке көтеріп тастады. Арнасынан асқан құмарлықтың неден басталып, немен аяқталатынын ең нәзік қалтарыстарына дейін суреттеп берді.
Уақыт өткен сайын, түсінік жаңарған сайын оқырманның Гранде образы туралы пайымдары әртүрлі түс алады. Бір қауым оқырман Гранденің байлыққа құныққан образы жоғары тап қанаушыларының табиғатын танытады деп қараса, енді бір сыпыра оқырман, бұл образды адам табиғатынан тән озбырлықтан туған қанағатсыз, рақымсыз, ашкөздіктің тамырын басқан бейне ретінде қабылдайды. Күрделі кейіпкердің образы қашан да күрделі идеяға, күрделі болмысқа негізделіп құрылатынын ескерсек, Гранде образын бір өлшемдегі бейнеге сыйдыра алмас едік. Біз өзіміз бастан кешкен тұрмыс кешірмелерімізді ойымызға алып, тереңіне үңіліп көрсек, Гранденің бітіміне жақын сезімдер ояна бастауы да мүмкін. Әдеби шығармадан ләззат алудың мәні романдағы кейіпкерге ғана емес, сол кейіпкерді трагедияға душар еткен қоғамдық сана туралы ойлана білуде болса керек. Егер адам баласы өз нәпсісінің құлына айналатын болса, онда бойындағы барша ізгі қасиеттер бірте-бірте су алады. Асыл сезімдер аяққа тапталып, тіршілігіміз мәнін жояды. Жердің үсті сезімсіз, шындығын жоғалтқан, құлазыған қу медиян далаға айналады. «Егения Гранде» романы ғасырлар бойына адам баласына баһра беріп қана қоймай, ұлы роман оқудың ләззатын қоса сыйлайды. Романның өміршеңдігінің мәні де осында. Романның тіліне, Гранденің іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, портреті Бальзактың нағыз суреткерге тән шеберлігін тағы бір асқақ биіктен көрсетеді. Бальзак қаламынан туған бейнелер арқылы біз өмірді бақылаудың, зерттеудің біршама әдістерін, шығарма жазудың тәсілдерін үйрене аламыз. Бальзактың Грандесі алпамсадай зор денелі, биік те семіз, алтыннан өзгеге ықлассыз адам. Ақшаны көргенде зәрлі көздері ұшқын шашатын ол, дүние үшін бәрін құрбан ете алады. Болмашы тиін шығын үшін үйді басына көтеріп, бәрінің апшысын қуырады. Бальзак жанды детальдар арқылы Гранденің келбетін, күнде қасымызда жүрген тірі адамдай көз алдымызға әкеледі. Романның табысы да Гранде образының сәтті сомдалғанымен құнды.
Бальзак бір кейіпкерді ойдағыдай сәтті сомдау үшін, соған қарайлас көптеген адамдарды бақылайды. Адамдардың басындағы тивтік харектрлерді қатар қойып, салыстырып, саралайды. Осылай жазған кейіпкерде ғана бай идеялық мән, баурамды, шынайы образдық ерекшеліктер сақталады. Оқырманға тайға басқан таңбадай айқын елес қалдырып, өмірдегі таныс адамдарға да ұқсап кететін және одан гөрі айбынды, өміршең әсер сыйлайды. Деректерге қарағанда, Бальзак өмірдегі өзгешелеу адамдарға ерекше назар аударатын болған. Кейде білдіртпей соңынан еріп, көше-көшеге дейін соңынан қуып бақылайтын болған. Қашан оның жүріс-тұрысы мен тіршілік барысындағы айрықша, тосын мінездеріне қаныққанша қыр соңынан қалмайды екен. Евгения Гранде де осындай ұзақ бақылау мен зерттеуден туған роман екені анық. Біз осы мақаламызда романның сюжетін барынша ықшам баяндап, шығарма туралы ойымызды ортаға салдық. Назарларыңызға «Евгения Гранде» романының соңғы бір абзацын ұсына отырып, жазбамызды аяқтаймыз.
«Евгения ізгілікті жанына жолдас қылып, жаннаттың қойнына ене берді. Жанының ұлылығы оның тәрбиесінің нашарлығы мен кезіндегі тұрмыс әдеттерін қаға берісте қалдыра берді. Міне, бұл – Евгенияның хикаясы. Ол пәни ғаламда тіршілік кешсе де, пендешіліктен қалыс жасады. Ол туада асыл жар, аяулы ана болуға жаралған жан еді, сорлағанда оған күйеу де, ұл-қыз да, отбасы да бұйырмады».
Бөлісу: