Несіпбек Айтұлына ескерткіш тақта орнатылды
Бөлісу:
2024 жылдың 25 қыркүйек күні сағат 12:00-де Астана қаласы, Абай даңғылы 1 үйдің қабырғасына қазақтың аса көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Қара өлеңнің қара қайнарынан қанып ішіп, жыраулар сарынының түтінін үзбей бүгінге жеткізген жампоз ақын өз заманын жеріне жеткізе жырлап, Әлішер Науаидай әлем классиктерін туған тілімізге аударған кесек талант. Ескерткіш тақта ақынның көзі тірісінде 20 жылдан астам тұрған Абай даңғылы 1 үйдің қабырғасына орнатылды. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына елімізге есімі белгілі ақын-жазушылар, өнер иелері, және ақынның туған-туыстарымен қатар жырсүйер қауым қатысты. Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімін ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.
Дәулеткерей Кәпұлы өз сөзінде: «Бостандық жырының бозжорғасы атанған» қазақ елінің азаттығын айрықша жырлаған, жирма үш жасында жазған «Бас сүйектер» дейтін поэмасынан бастап жетпіс үш жасында жазған «Шұбартау көтерлісіне» дейінгі аралықта қазақ тарихының панорамасын жасаған, өзі айтатындай «ұстамын ескі үлгімен өлең соққан» деп, өзінің бабалары Ақтанберді, Абай, Дулат сынды қазақ жырының бағын жандырған, қазақ өлеңінің аспанында үйір-үйір бұлт қайырып, қазақ жырының ақ жауынын селдеткен, көсегесін көгерткен, Сарыарқасының шөлін басқан, Астанасының айбатын асырған айтулы ақын Несіпбек Айтұлының өмірден озғанына да жыл таяп қалған екен, бүгін өзі тұрған шаңырақтың іргесінде ескерткіш белгі тақтасын қоюға жиналып тұрмыз», - деп әуелгі сөзді бастады. Ары қарай ақынның өмір жолын, алаш әдебиетіне сіңірген еңбегін, адами келбетін тілге тиек ете келе, алғашқы сөзді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовке берді. Ерлан мырза өз сөзінде Несіпбек Айтұлы қазақ әдебиетінің қазынасын байытып кеткенін, жалпы қазақ жырының, қазақ мәдениетінің өрлеуіне мол үлес қосқанын атап өтті.
«Ондай азаматтар қазір арамызда өте аз, сирек кездеседі. Несіпбек аға бір ғана ұлттың мүддесіне қызмет ететін мұраны емес, бүкіл әлем руханиятына арналған мұраны артында қалдырды деп айтуға болады. Бұл кісі әлемдік деңгейде ойлайтын. Баяғы жырауларымыздың жолымен жүріп, поэзияда ерекше ізі қалды. Рухына бас иеміз. Оның еңбектері жас буынға да, келер ұрпаққа да үлкен өнеге, бағыт-бағдар, тәрбие береді деп кәміл сенеміз. Еліміздің дамуына, ел әдебиеті мен мәдениетінің өрлеуіне үлес қосатын осындай азаматтар көп болсын деп тілеймін», - деді Ерлан Каналимов.
Одан кейін сөз алған, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай: «Несіпбек Айтұлы туралы көп айтуға болады. Жалпы қазақтың рухани, әдеби, мәдени әлеміне аса зор еңбек сіңірген, жұртының жүрегіне есімін жазып кеткен адам. Қазақтың қара өлеңінің ғажайып үлгілерін жаңартты, 37-38 поэма жазды. Ағыл-тегіл ақ жаңбырдай өлеңдері, жырларына жазылған «Сарыарқа», «Дәурен-ай» бастаған әндер, Жүніс Әміреден бастап, Әлішер Науаиге дейінгі аудармалары қазақ әдебиетінде, қазақ өлеңінде есімін мәңгілік айқындап тұрады деп ойлаймын», – дей келе, Несіпбек Айтұлына арнап өлең оқыды.
Қобыз боздап қалған күн…
Қараөткелде,
қазанда,
қобыз боздап қалған күн,
Қырдан асып барады жарық күні жалғанның.
...Астананың аспанын алты қазың айналып-
Аққу құстың көз жасы,Есіл, саған тамған күн...
Ақындардың ағатай,
керуені қаралы,
Қараөткелдің кешеден ашылмай тұр қабағы.
Сананы илеп сауалдар...
сарнағанда самалы-
Көкала үйрек кеудеңнен-хош,-деп ұшып барады.
Жақын болдың жұртыңа,
Ақын болдың-айыбың,
қай тереңге салмадың,
қара өлеңнің қайығын.
...түмен ойдың түйінін түйіп берген, абызым,
Қос қанатын қазаққа қиып берген, шайырым!
Желбіреген байрағы,
Мөлдіреген жыр –тұма,
Ұлы сапар тіледің,
ұл боп туып ұлтыңа.
...Тарбағатай тауының тарам-тарам жолдары-
Сені бастап әкелген Абай атаң жұртына...
Кездескенде қалушы ек жарық күндей жарқылдап,
Арғымаққа мінгізіп,
ер-тұрманды алтындап...
Астанаға келгенде,
іні болып ергенде-
--Бауырым көшіп келді-деп ақ самалдай аңқылдап...
Өмір соңы білгенге
бір үміт пен бір күдік,
Бұғалықты үзе алмай булығасың, бұлқынып...
Бізді тастап барасың Абай атаң ауылына -
Қара өлеңнің көзінде мөлдір тамшы тұр тұнып...
Қош, ағатай!
Ақынның туған жері Абай облысынан келген «AMANAT» партиясы Ақсуат аудандық филиалының төрағасы Ержан Құттыбаев облыс әкімінің сәлемін жеткізді. Ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтып, естеліктерді жаңғыртты.
Талантты әнші Өзгеріс Шерікбай Несіпбек Айтұлының өлеңіне жазылған Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-Дәурен» әнін шырқады.
Ұрпағы, ағайын-туыстары атынан сөз алған Нұрат Несіпбекұлы жиналғандарға рақмет айтып, Астана қаласы әкімдігіне, қалалық Мәдениет басқармасына, Сарыарқа ауданының әкімдігіне алғысын жеткізді.
Бөлісу: