Жас буын Бейсақаңды біле ме екен?

Бөлісу:

04.10.2024 1004

4 қазан – көрнекті әдебиеттанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың туған күні. Кешегі кеңестік дәуірдің қаншама теперішін көріп жүрсе де мойымай, қазақ әдебиетінің тарихын бірнеше ғасыр ілгерілетуге күш салып, осы жолда шәкірттер тәрбиелеп мақсатына жеткен қажырлы да күрескер ғалымның туғанына 120 жыл толып отыр.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев 1904 жылы 4 қазанда қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Бөген ауылында дүниеге келген. «Тәңірі пендесінің тағдыр жолы әуел бастан-ақ тура сызылса керек. Бастан-аяқ нақты болмағанымен, негізгі тұрғысы, ақырғы нәтижесі. Шалғай ауылдан шыққан, жат шаһарда жоқшылық астында, біржола азып-тозып бітуге тиіс жетім бала қапелімде Түркістан жастарының көсемі Ғани Мұратбаевтың көзіне шалынып, бүгінгі тіршілігін ұзартумен қатар, болашақ дарқан ғұмырына қадам басса, ақыры ұлттың рухын ұстаған әйгілі ғалым болып шықса, бұл – кездейсоқ оқиға ма, әлде табиғи заңдылық па? Сөз жоқ, әуелгі кесім.», - деп ғалымның төл шәкірті Мұхтар Мағауин жазғанындай, жасынан әдебиетке құмар бозбала өршіл қайраткер Ғани Мұратбаевтың алқап қолдауымен шығармашылық әлеміне қадам басады. Журналистика саласында қызмет істеген талантты тұлғаның өмірі баспасөз саласымен өрілді. 1923-1928 жылдары «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттерінде, 1929-1930 жылдары «Кеңес туы», 1932-1933 жылдары «Оңтүстік Қазақстан», 1928-1929, 1931-1932, 1933-1935 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») басылымдарында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор болып жұмыс істеді. 1925 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Әдебиет институтының екің жылдық курсын, 1942 жылы ҚазМУ-ді (қазіргі ҚазҰУ) бітірген. 1938-1941 жылдары «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ведомостары» ресми басылымында аудармашы, 1941-1944 жылдары Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып қызмет істеген. Жоғары оқу орнында ұстаздық қызметке қабылданған соң 1961 жылдан ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі, 1975-1987 жылдары аталған университеттің профессоры болды. 1987 жылы 17 шілдеде 63 жасында Алматы қаласында дүниеден өткен. 

Бейсенбай Кенжебаевты өз дәуіріндегі көптеген үзеңгілестерінен ерекшелеп тұратын ерекше қасиеті – ұлт мүддесі жолындағы жанкештілігі, туған халқының әдебиеті тарихына деген шынайы жанашырлығы екені анық. Қазан төңкерісінен кейін билікті қолға алған большевиктер «түрі ұлттық, мазмұны советтік қоғам құру» мақсатын жүзеге асыру жолында ХХ ғасырдың 20-50 жылдары барынша белсенді іс-әрекет жүргізді. Ұлттық әдебиетті пролетарлық соцреализм талаптарына сәйкес сүзгіден өткізді. Мұның салдары ұлттық сананы жұтаңдандырып, жоғалтуға әкелетін еді. «Қазақ әдебиетінің тарихы ХҮІІІ ғасырдан, Бұқар жыраудан басталады» деген жалған, жаңсақ тұжырым сол кездегі сталиндік жазалау лагерінің азабын бастан өткеріп, жүрегі әбден шайлыққан мүйізі қарағайдай әдебиеттанушылардың аузымен айтылып, орнықтырып шегелеу басталған еді.

Сталин өмірден өткен соң «хрущевтік жылымық» кезінде Совет Одағындағы ұлттық әдебиет тарихының шектеулі межесінен асу, арғы ғасырларға тереңдеу үрдісі біртіндеп күш ала бастады. Қазақ әдебиетіндегі осы үрдістің көшбасшыларының бірі де бірегейі – Бейсенбай Кенжебаев болды. ҚазМУ-де ұстаз болып жүрген Бейсенбай Кенжебаев сенімді ақтайды-ау деген талапты шәкірттері Мұхтар Мағауин, Алма Қыраубаева, Мырзатай Жолдасбеков қатарлы аспиранттарға әдебиет тарихын ілгерілету бағытындағы күрделі де тың тақырыптарды кандидаттық диссертация тақырыбы ретінде ұсынып, оларды жігерлендіріп отырады. Тақырып таңдауға қатысты іс-әрекеттер жөнінде филология ғылымдарының кандидаты, бүгінгі заңғар жазушы Мұхтар Мағауин былай деп жазады: «Тақырыбым белгілі – «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет». Бұдан бұрын Бейсекеңнің бір аспиранты түбіне жете алмай, аяқсыз қал­дырған. Енді маған жүктелмек. Мен ол кезде қиыннан қорықпаймын, қолымнан келмейтін нәрсе жоқ деп білем, тасқа шабудан тайынбайтын сияқтымын, бірақ алмағайып, аусар іске бармас едім, соңғы елу жылда біздің әулеттің басынан өткен опат пен топан мені мөлшерлі сақтықта қалыптаған, әуелі қазақ эпосынан шұғыл қорғап алайын, содан соң, ғылыми атақтың қалқасында мына тақырыпқа табандап отырайын деп үгіттеп көріп едім, мені баласындай еркін ұстайтын Бейсекем илікпеді. ...Тақырыптың ауқымын межеледік. Арыда Асан Қайғы, беріде Бұқар жырау. Асан Қайғыңыз – аңыз, Бұқар жыраудың өзінің басы ашық емес. Ал екі орта үңірейіп тұр. «Ел болған соң, халық болған соң әдебиет те болады,– деді Бейсекең.»

Міне, осы үңірейіп бос тұрған, Бұқар мен Асанқайғы арасындағы ұланғайыр кеңістікті толтыру қажет еді. Бұл миссияны шәкірттерінің білім-білігі, күш-жігері арқылы орындау немесе орындату – Бейсенбай Кенжебаевтың ұлы мақсаты еді. 

Бейсембай Кенжебаев – абайтану ғылымының қалыптасуына үлкен үлес қосқан тұлға. Абай Құнанбайұлының ақындық қарымы, ойшылдық сипаты ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде әбден мойындалып болғанымен де, оның шыққан тегі большевиктер партиясы басқарған жаңа қоғам үшін «томпақ» еді. Сондықтан да Бейсекең сияқты ұлтсүйер әдебиеттанушылардың алдында бұл томпақтықтың тігісін жатқыза отырып, тәпсірлеу міндеті тұрды. 

Кезінде әдебиет тарихын әбден «тазартуға» тырысқан біршама қызылкөз сыншылар Абайдың өзін байшыл, феодал деп әдебиет тарихынан аластауға әрекет еткенде, сонау жиырманшы жылдардан мақала жазуы да, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығына қатысты да өзінің азаматтық үнін білдірген де, мемлекеттік баспаны басқарып жүрген кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын шығарып жібергені де Бейсенбай Кенжебаевтың ұлт мүддесі жолындағы жанкештілігінің көрініс еді. Мұны Мұхтар Мағауин өзінің «Ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев» атты мақаласында жақсы түйіндейді: «... Бейсекеңнің маған артқан жүгі – ақылға сыймас ауыр еді. Ауыр емес, буалдыр, елесі жоқ. Сол жоқты барға көшіріп, селдір тұманды батпан-батпан, тай-тай жүкке айналдырып, қияметтің қыл көпірінен арқалап өтуім керек екен. Бейсекем мені аямады. Немесе, ғажайыпқа сенді. Осы уақытқа дейін жер әлемде қалған қазақ ішінде жалғыз-ақ ұлтшыл бар, ол – мен деп ойлаушы едім. Шын фанатик ұлтшыл – менің ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев екен.» 

Бейсенбай Кенжебаевтың абайтану ғылымын дамытуға қатысты келесі бір еңбегі – «Абай шығармаларының соңғы басылуы туралы» сыни мақаласы. Абайдың өмірден өтуіне елу жыл толуына байланысты 1954 жылы Қаз ССР ҒА  Тіл және әдебиет институты баспаға әзірлеп жарық көрген, ақынның екі томдық шығармалар жинағына сыни шолу ретінде жазылған мақаласында Бейсембай Кенжебаев бұған дейінгі (1909, 1933, 1945-48 жылдардағы басылымдарында жіберілген текстологиялық қателер мен кемшіліктер болғанын, бірақ бұл жинақтар Абайды зерттеу ғылымының елеулі табысы екенін айта келе: «Абай шығармаларының соңғы басылуын баспаға әзірлеген, басқарған жолдастар осы табысты пайдалануға, оның кемін толтырып, қатесін түзеп, ұлы ақынның мұраларын мінсіз етіп, нағыз ғылыми тұрғыда шығаруға, Абайды зерттеу ғылымын тағы да дамыта түсуге міндетті еді. Бірақ бұл жинақ көп ретте жұртшылық күткен дәрежеде шықпаған», - деп өзінің бұл жинаққа көңілі толмайтынын, көптеген қате, кемшіліктер бар екенін ашық айтады. Мұнда сыншы жаңа басылымның кемшіліктері ретінде, әзірлеушілер тек Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларына ғана сүйенгенін, кеңес үкіметі орнағаннан бергі кезеңдегі ғылыми экспедициялар жинаған өлеңдерді енгізбегендігін атап көрсетеді. Сондай-ақ Абай өлеңдерінің жазылу тарихы, көздеген дәл нысанасы бар екендігін, сондықтан да баспаға әзірлеушілер осыны сезінуі қажеттігін ескерте отырып, бұл бағытта қанағаттанарлықтай жұмыс істемегенін нақты мысалдар арқылы көрсетеді. Абай және басқа да қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы таптық сипаттағы пікірталастар, айтыс-тартыстар заманында Бейсембай Кенжебаев та өз үнін қатады. «Абай – халықтық ақын» деген пікірлі ұстана отырып, жиырма бір жастағы жас ғалым «Абай қазақтың феодал табынан шықты: оның өз әкесі Құнанбай, арғы аталары Ырғызбай, Өскенбай – ірі бай, феодал, әйгілі би, сұлтан болған, ел ішінде үстемдік жүргізген, феодализмнің барлық уытын жайған адамдар.», - дей отырып, Бейсембай Кенжебаев Абайдың шыққан тегіне емес, оның ақындық тұлғасына мән беруге шақырады. Абай тұлғасына қатысты бұл ұстанымына ғалым ғұмыр бойы адал болып өткенін көреміз. «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократ жазушылары» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған Бейсенбай Кенжебаевтың Абай тұлғасына қатысты жанқиярлық еңбегі – М.Әуезовтің «Абай» романын баспадан шығартуы еді. «Бейсекеңнің ол күресі текке кетпеді, ақыры баянды болды. Баспада бас редактор болып тұрғанында жоғары орындағылар «шығарылмасын» деп тоқтатып тастаған Әуезовтің «Абай» романын 1942 жылы жауапкершілікті мойнына алып шығарып жіберіп, басы дауға қалғаны бар. Сол үшін арыз беріп, жұмысынан кеткен. «Абай» романын халық романы деп алғаш мақала жазған да Бейсекең. Сондай бір қиын жылдарда Мәскеуге барып, жаңағы өзің айтқаныңдай, бірнеше жыл сонда тұруға да мәжбүр болған», - деп жазады өз естелік жазбасында М.Мағауин.

Ұлтының жоғын жоқтап, ұпайын түгендеу жолында саналы ғұмырын арнаған қажырлы ғалымның арманы орындалды, әдебиет тарихының өрісі бірнеше ғасырға ілгерілеп, зерттеу тақырыбының аясы кеңіді. Мұның өзі ұлттың рухани сана-сезімінің жаңа деңгейге көтерілуіне игі әсер етті. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы осындай игілікті қадамдардың, рухани өрлеудің бастауында тұрған көрнекті тұлғалардың бірі ұлы ұстаз Бейсенбай Кенжебаев екенін бүгінгі ұрпақ біле жүрсе игі еді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар