Сұраған Рахметұлы. АЛТЫН МҰРА ҺӘМ МОҢҒОЛДЫҢ ҚҰПИЯ ШЕЖІРЕСІ (МҚШ)
Бөлісу:
“Моңғолдың құпия шежіресі» (МҚШ) жалпы саны 282 бөліктерден құралатын, құдым замандық құнды көнежазба. ”Монголын нууц товчоо" (Mongɣol‑un niɣuca tobciyan) буюу “Юань-чао ми-ши ” ( 元朝秘史, Yuan chao mi shi).
Шыңғыс қағанның ғұмырлық құжағұры һәм құрама құжат. Түпнұсқасы беймағұлым құпия бітік. Әуелгі кезекте Иран тарихшысы Рашид әд-Дин (Фазлалаһ ибн Әбу-ль-Хайр Хамадани (1298-1317) Абағай ханның құзырындағы 1265-1282 жылдар арасында немесе 17 жыл қызметте ұлықталған тұсында МҚШ-ні көп аударып, төңкерген тәуіп ғұлама.
Бұдан кейін де теңдессіз құндылықтың аясында қисапсыз жазбалар таңбаланған бұ ғаламда. (Бұл турасындағы соны әрі содағай деректерге соңыра оралармыз бұйырса). Әрине мыңдаған жылдар өтсе де ешқашан ескірмейтін жадтағы самал ол: Қадырғали Қосымұлы (Қадыр Әлі Қосымұлы әл Жалайыри 1530-1605) жазған «Жылнамалар жинағы» (1602) және де Шыңғыс қағанның жиені Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі» «Шежіре-и Түрк» (1665) сықылды жазбалар қалды. Бұл шежірені әйгілі сөзқуар, дуалы ауыз, лингвист Бодаухан Тоқанұлы моңғошылаған-ды (2010 ж.). Тәржіма туралы әдейі жұмылған ауыз көп ашыла қоймады. Мүмкін ауыздың да ашылар, еріннің де емеруі танылар кезі келер де!?
Бұ жерде ең тағылымды осындай құндылықтардан егер жарымес болмаса, туада санаңыз зағип болмаса жарты әлемді жаулаған жаңалықтан жалқыланып, ақиқаттан жарты айналып өту мүлдемге мүмкін де емес.
ПРАВОСЛАВИЕ ПӘЛЛЕ
Мұнда бір ерекше жазбалардың ақиесі Қазан ғаламатының қаспағын қырған қырағы православие теологі ортодокс ғұламасы Архимандрит Палладий (П.И.Кафаровтың 1817-1878) 1866 жылы МҚШ-ні қытайшадан тәржімелеген жақсы сипатта транскрипциялаған (transcription) нұсқалары бүгінге шейін үнемі ізденімпаздар мен үміткер, білімгерлердің жадында жүр. Паллади пәлсафасы жарты әлемде пәрменді болғаны әмбеге аян: әмбе тауыриһат дәуірінде тындырымды бір іс болғаны да хаһ. Қап бәлки бір өкініш өткенге ұқсайды!?
Бірегей саналы саналатын Кафаров тәуір «қытайшы» болғанымен «моңғолшы» емес еді. Сол тұрғыда өзінің сапарлас інісі әрі әріптесі қара қалмақтың тілін зерттеп жүрген Позднеев Алексей Матвеевич (1851-1920) деген жігітке береді. Позднеевтің пышақтың қырындай тәржімесі соңынан таптырмас ірі құндылық болады деп ешкім нақты сәуелеп, долбарламады.
ҚАРА ҚИДАН ДЭХУЙ
Ең күшті дерекші, екшеуіштігі күшті тағы бір еңбектенген тақуа қытайдың Хунань өлкесінің тумасы қара кидан нәсілінің Ей Дэхуй (葉德輝 Yè Déhuī 1864-1927) деген бей зейінді хакімі.
Чин империясының соңғы ширегі – Мәнжу Чин династиясы түбімен күйреген дәуірдің алмағайып оқиғалар тұсындағы саналы шайыры, ұқыпты жазбагері,таңғайып шежіреге әбден берілген бітікшісі. Ей Дэхуй сықпыты мен сырты жағынан тым әлжуаз, көтерем жүдеулеу данышпан болатын дейді. Бірақ, адам сенгісіз қомақты руһты іс тындырған қарапайым қара қытай. Мүмкін сол әлетте осыдан өзге тақуа көп болды ма, екен!? Оның тасқа бастырған өңге де шығармаларының саны 350 000 томға жетіп жығылады дейді...
Ол, өзі МҚШ-нің тұңғышқы тұсамысын шорт кесіп, құндылықтың тура жолын 1907 жылы ашты да ғаламдық жұмбақ шешетін ой сайыста орасан-орасан тартыстарда (көбінде өзіндік) ірі шешен пікір таластарды кеуелетіп қайталап-қайталап жайып салғаны бар-ды. Бұнысы біреулерге тіреу бақан, біреулерге жақсы таған болғаны бар. «Жазса қара қытай жазсын...» деді кезеуілде.
ЖАҢҒЫР ЖАҢҺР
Ал, Ресейдегі моңғолтанушылардың көшбасындағылардың бірі, XV ғ. жауһары «Жаңһр» эпосын аударған ғалым Б.Я.Владимирцовтың (1884-1931) «Чингис хаан» ғұмырнамалық (небәрі 176 бет) шағын сараптамасы 1922 жылы Петербург, Мәскеу, Берлинде жарық көрген-ді.
Осылайша Шыңғыс қағанның қалың тауыриһаты сол дәуірде Еуразия құрлықтарында енді ғана бой көтеріп келе жатқан... Мүлдемге мүдірді бір сорақы дәуір, соқыр заман, содырлы кезеңде.
Тура еуроцентрлік батыстың таптық көзқарастарға біріге бастағаны белгілі еді әуелгі мезетте. ХІІІ ғасыр ауқымындағы тауыриһат таласы осымен ойранға түсті.
Содан соң сан ғасырларда ерекше тұңғиықтанған тұманды тауыриһи ұғымдар империализм, интернационализм деп екіге жарылған ғаламның шытынаған терезесіне қарай жөңкілді, біршама көтерілді, тауыриһаттық қайнар бұлақтар бұлаңға түсті де ақ, қызыл деп екіге жарылды, кейбірі көпіріп тасыды, кейбірі көбіктеніп барып, барып шым-шытырық интригалар басылды.
Осы сәттен бастап ескі кеңестік МХР-да «Чингис хааны цэдэг» (1925), ХVII ғ. жазбасы – «Лу Алтан тобчи» (1926) атты қос шежіре қолға алынып, қайта жаңғыртылды. Құпия ашылар осы тұста: феодалдық, таптық деген утопиялық ұсақ-түйек мазақы себептермен бір кезеңде керемет көмескіленді әрі біржола жойыла жаздады. Ғұннан бергі біткен тауыриһаттың басталуы ма, әлде түп-төркінімен аяқталуы ма деген сауалдарға келгенде ғалымдардың танауы қатты тасқа тірелген.
ЭРИКТІҢ ЕРЛІГІ
Батыс пен Шығыста Шыңғыс қаған дүрегей дүркірей жөнелген. Әуелі Эрик Хаениш (Erich Haenisch 1880-1966) есімді неміс ғалымы 1937 жылы Хаениш «Manghol un niuca tobca'an» мәтінін тереңірек өңдеді, ол үшін 1939 жылы сөздікті басып шығарды және 1940 жылы алғашқы аудармасын жадты жұртқа ұсынды. Солай 1943 жылы неміс тілінде оп-оңай тасқа бастырылғанымен бүткіл жіміле әлемге таласқан саяси зорлықтарда бұл сараптама да саяси кесапат, кедергіге тап болды. Дүниежүзілік қанды жаугершілікте әлгі сақалды гүржі Сталин мен адуын Адольф Гитлер екеуінің қырғын майданы кезінде еңбектің бір парасы отқа өртелген. Мүлде күйіп те кеткен жоқ. Әйтеуір жарты жұрнағы қалды есен-сау.
ҚҰПИЯДАН ҚҰПИЯҒА
Бұдан кейін Богда ханның ақылманы Бавуугийн Цэнд гүн (1875-1932) деген кісінің өсиеті бойынша: белгілі моңғол-буряд абызы, академик Цэндийн Дамдинсүрэн (1908-1977) Орыста оқып жүргенінде бағына жарай бабасының руһына көңіл бөліпті. Мүмкін тағылым, тапсырыс... Қалай болса да 1940 жылдары МҚШ-ні орыс тілінен моңғолшаға өте-мөте жаттықтап, әрі барынша көркемдеп аударды. Әрине бұған қатысты екіұдай пікірлер бары рас. Алайда шежіре түсінікті әрі өте тегеуірінді еді.
Құпия шежіренің дәл осы нұсқасын қазақшалаған Моңғолияның Халық жазушысы Мағауия Сұлтанияұлы (1921-2019) төрт, бес дүркін бастырды (МҚШ Өлгий, 1979. МҚШ Алматы,1998.) т.т.
Сонымен қатар ол кісі қосалқы көне эпостар моңғол-түбіттің «Гэсэр», ойрат-қалмақтың «Жанһр» қатарлы құнды туындыларын да қазақшалап құпиямен бірге жария етті. Тақияға тар келмейтін еңбек еді. Марқұмның еңбегін әдейі қомсынған құдай ұрғандардың іштері қатты ашыған болуы керек әрқилы өсектерді қоңырсытып та жүрді.
«ҚОЖЫҢ» КОЗИН
Орыстар МҚШ-ні ертерек қолға алғаны белгілі. Мысалы, 1914-1916 жылдары Моңғолдың дінбасы Боғда ханның есеп-қисап жөніндегі кеңесшісі болған «қожың» лақапты пысық мұжық Сергей Андреевич Козин (1879-1956) деген есімді алғыр да ойы есепке тым жүйрік әрі сергек ғалым әлдебір тапсырыспен 1941 жылы МҚШ-і орыс тіліне тәржімалап біршама пікірталастар туындатып бақты.
ПАРИЖ һәм ӨРІМШІ
Шығыстанушы француз ғалымы, аса зерделі тіл маманы қытай, араб, парсы, тибет, моңғол, санскритше еркін сөйлейтін Поль Эжен Пеллио Пелльо (Paul Pelliot 1878-1945) Шығыс Түркістандағы (бүгінгі ШҰАР) экспедициялық топты басқарған еді. Экспедиция деген аты болмаса құрамындағылардың түгелі “барлаушылар” еді.
Осы оңтайлы сыбағалы, ұрымтал тұста Сырдарияны көбелеп, Өзбектің Тошкент, Әндижан, Қырғыздың Ош, Алатау өңірі, қазақтың Талдық пен Өркештау өңірлерін кезіп, елді мекендерін аралай жүріп, ақыр аяғында Қытайдың Өрімші-Дихуа кентіне дейін барғанда көшпенді бұқаралардың қыр-сырынан көп ізденгені байқалады.
Ол, 1905-1909 жылдар аралығындағы тұтас 4 жыл бойы сапар шеккенінде көшпенділердің тарихи ерекшеліктерінен ерекше ой түйген. Ұлы ғалым майдан аяқталып, мағыналы сапарының баяғы баянын мөрлеп бітірген сәтте аяқ астынан асқынған дерт тиді. Байғұстың ажалы екен, қатерлі ісікке шалдығып қайтыс болған.
Оның мұрасы ретінде МҚШ-нің 1948 жылы тәуір тәпсірленген нұсқамалар жинағы Парижде қайтадан басылды (Histoire secréte des mongols. Paris, 1948.).
КОТВИЧ АЛТАЙДА
Алтай тілдерін зерттеуде көп үлес қосқан Котвич Владслав Людвигович (1872-1944) ақ орыс еді. Ол да өз кезегінде біршама әрекет қылды. Алтай тілдерін түгел түгендеп жүгендеу ол сәтте өте күрделі болған. Көп сарапшылардың көзі жете бермеген жұмбақ көмбеге Котвичтер ғана бара алды. Осы Котвичтен өзге көрнекті ғұламалардың күрделі сарапқа баруға «кө...і» де белгілі тұғын!
БАЗЫЛХАН БАСҚАН МӨР
Демек, Алтай тілдерін зерттеуде тағанды еңбек еткен Моңғолдағы қазақ ғалымы Базылхан Бұқатұлының (1932-2012) жаңалықтары айқара ашылды.
«Қазақ-моңғол сөздігі» (1977 ж.), «Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы жүйесі» (1975 ж.), «Моңғол-қазақ тілдерінің тарихи филологиясы» (фонетика) (1975ж.), «Қазақ-моңғол тілдерінің морфемасы» (1980 ж.), «Моңғол-қазақ сөздігі» (1984 ж.), «Көне түрік жазуының тілдік құрылымы» (1984ж.), «Қазақ, моңғол тілдеріндегі сын есімдердің салыстырмасы» (1988 ж.). «Моңғолия қазақтарының тілі» (1991 ж.), «Моңғол қазақтарының тілі және оның кейбір Алтай тілдеріне қатысы» (1993 ж.), «Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы (фонетика, морфология, синтаксис, лексика)» (1996 ж.), «Моңғол-қазақ тілдерінің Моңғолия қазақтарының әдеби-мәдени анықтамалығы +тарихи филологиясы» (лексика) (2000 ж.) сияқты еңбектері бар.
«ЖАСТЫҒЫМДЫ АЛЫП ӨЛЕЙІН...»
Бұдан кейін ерекше МҚШ-сі бойынша өте тұшымды ғылыми жаңалықтар ашқан ғалым Шанжмятавын Гаадамба (1924-1993) болды. Ғалымның 1958 жылы қорған еңбегі ақыры 1979 жылы «Құпия шежіренің жұмбағы» деген атпен жеке кітап болып басылған-ды. Гаадамба ғалымның осынау дүрегей тағылымды еңбегінде: «МҚШ-дегі: «Татаар өгүүлэлдрүүн: Хүмүүн тутам ханцуйдаа хитугай ханцуйлж, дэр аван үхье» деген бір ғана құпия сөздің кілтін ерекшелеп ашып көрсетеді.
Ал, осы бір «жастығымды алып өлейін» деген ұғымды бүткіл иісі қазақтар, әсіресе Алтай, Қобда бетіндегілері күнделікті ауызекі мақамдарында қолданады. Осы «жастығымды алып кетейін» деген өзін қайраған бұйрық райлы сөз үздіксіз ойға қалдырады. Осыған ұқсас шежіредегі «Аға, Аға! Кісі ағалы, тон жағалы...», моңғолша: « Агаа, агаа! Хүн ахтай, дээл захтай...» деген атау да қадаулы тұрса бұ да кімдікі деген сауал туары сөзсіз... Шыңғыс қағанның тегі мейлі қият, мүмкін шивэй тағы кімдерге телуге жақын екенін де шаруамыз жоқ. Тек қана бұл сөздердің тегі қайдан деген наз, аз ғана бұйымтай!?
ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМ ЗАРДЫХАН ҚИНАЯТҰЛЫ (1940-2016) НЕ ДЕДІ?
Шыңғыс қаған тауыриһатында тағанды танымдық еңбектерімен түрен көтерген ғалым «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті» (2010) қос томдық 728 беттік монографиялық еңбегінде біздің тәнтіректеп әйтуір жете алмай долбарлап жүрген «қиялымыздағы қыңыр қисындарды» тезге салды.
Ал, екінші мәрте екінші басылымға ұсынған ұласпалы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» (2014) 368 беттік еңбегінде қыпшақ даласындағы өткен таңғайып оқиғаларды талдайды. Алтын зерлі, атақты Ақ Орданың ғаламмен байланысындағы өрбіген шыңырау қиян шындықтарға сапар шегеді. Бірақ, оны әлгі бір күлкілі сөйлейтін апамыз айтқандай: «... мынау біздікі... өзінікі...» деп ешкім елемеді және «...ол менікім, кінәлім емес...» дегендер де керісінше табылмай жүрді!?
Тұлғаның ғұмырының ақырғы сәтіне таяу тұсында таңбалаған «Найман хандығы және мәдениеті» (2017) еңбегі өткен сегіз ғасырдағы (ХІІ-ХІХ) наймандар тауыриһатын түгендейді.
Тарихшы, ғалым Зардыхан Қинаятұлының бір жазбасында: «... қазіргі моңғол тілі қорында ежелгі түрік тілі мен түбірі 3000-ға жуық сөз сақталған...» дейді (Зардыхан Қинаятұлы. Тарихқа көзқарас. І том «Мерей баспасы», 2017. 456 бет. 134-145 беттері).
«ЮАНЬ-ЧАО БИ-ШИ»
Моңғолияда әлденеше мәрте болған мәнжу тілінің маманы Борис Иванович Панкратов (1892-1979) МҚШ-нің («Юань-чао би-ши») бірқанша бөлігін латын тіліне негіздеп, недәуір жақсы транскипциялады. Бірақ, бұл ғалымдардың бәрінің жете алмаған тұстары да көп деуге болады.
ИГОРЬ ДЕ...
Үшінші елдерде қарап жатқан жоқ. Игорь де Рачевильц (Igor de Rachewiltz 1929 -2016) – моңғолтану бойынша маманданған итальяндық тарихшы және филолог. Тегі жағынан сәл жақындығы болуы мүмкін осы Шыңғыс қағанға. Оның әжесі Алтын Ордадан шыққан Қазандық татар еді.
Рачевильц Ұрым университетін бітірген заңгер. Демек Шыңғыс қаған тауыриһатын қолға алған бөгде маман. Ол, Қытай тарихы бойынша ғылым дәрежесін алған синолог 漢學家. Диссертациясы: Шыңғыс қағанның уәзірі, XIII ғасырдағы қытай ғалымы Ел Чуцайға (耶律楚材) арналған жінтікті тақырып.
Осы заманның ұлы тұлғаларының көзі тірі ғұламасы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс қаған» 4 томдық еңбегі қазақ тілінде жазылған ең үздік туынды ретінде әлемдік деңгейде қалары сөзсіз.
ШЫҢҒЫС ҚАҒАН, ТОҒЫРЫЛ
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, зәудіғаламға танымал турколог, ғалым, филология ғымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы (1947-2024) осы тақырыптан арыға жол тартты. Ежелгі сақтар (скиф) мен байырғы түрік этномәдениетінің сабақтастығы түрік мәтіндерін оқудың қолданбалық және теориялық мәселелері, түріктердің ел басқару жүйелерін, алтай танудың кешенді мәселелерін тынбай талдады. Ғалымның осыдан бірнеше жыл аллындағы Бұрқан Қалдуындағы сараптамалары, Шыңғыс қағанды жерлеу рәсімдеріне қатысты салмақты ойлары,тұжырымдары да қызықты. Бұл кісі Жошы-Қыпшақ империясының өзекті тұстарын да өте тартымды саралап келді. Әсіресе Х-ХІІІ ғ. Керей хандығы, ХІІ ғ. басындағы қидандардың Ляо патшалығы тұсындағы оқиғалар тоғысы,Тоғырыл Оң хан тағылымдары оның күйреуіне дейінгі тарихи ғажайып талдауларды жазып қалдырды.
IRGE (ІРГЕ) ҺӘМ ИРГЭ (Н)
1206 жылы Онон дария сағасында дүйім Моңғол шаңырағын көтеріп Шыңғысты қаған сайлаған. Қаған ордасының өкімшісі Тататунга ақ мәрмәр тасқа қашалған хас таңбаны ұлы қағанға ұсынған.
Тастағы хас таңбаға: «Мөнх тэнгэрийн хүчин дор Икэ Монгол улсын далайн хааны зарлигийг ил болгон иргэн дор хүргэбэсу биширтүгэй, аюутугай!». Қазақша мағынасы: «Мәңгі теңгірдің жарылқауымен Зау Моңғол Елінің далай қағанының жарлығы ірге үріміне жеткізілсін, жарылқаңдар, үшбу!» деген ұлы ұлағаты сақталған.
Құпия шежіреде нақты көрініп тұрған «irge», «иргэ» сөзінің баламасы қазақтың ірге, іргелі ел, іргесі бөлінген деген нақты ұғымдарынан алшақ емес. Мұндағы IRGE сөзі шежіреде «иргэ» (иргэн емес — Р.С) деп жазылады. Өкінішке орай irge сөзі көп жағдайда «иргэ-н», «еркін ел» делініп түрліше тәржімеленіп жүр. Мысалы мына түб сөз, сөйлемдерге шұқшия қарап көрулеріңізге болады. Шыңғыс қаған сарбаздарын «садақ тартар» деп атайды.
Çingis-qağan zarliq bolzu eke-de, kögüt-te, degüner-e
irge qubiyazu ögüye kegen ögürün ulus quriyağan zobaqsat
Eke buyu ze. Kögüd-ün min-ü aqa Zoçi bui ze. Degüner-ün min-ü
nilqa Otçiyin bui ze kegezü eke-de Otçiyin-u qubi kiget tümen
irge ökbe. Ekeçimatçu ese dunqotba.
Бұл сөздердің қарапайым мағынасы: «Шыңғыс қаған жарлық қылып, ұлдарына, інілеріне ірге ел бөліп беруге, шешесіне, ағасы Жошыға, жылбысқа (nilga) Отшығынға ірге ел бөліп берді...»!?
ТҮҢКІЛ
Енді жер-су аттарына барудың қажеті болмас. Онсызда жазылған жайлар қисапсыз. Тек қана шежіредегі Түнхлэг деген жердің атауы бізге «түңкелі мекен» төл ұғымымен бір түрлі етене жақын... Моңғолда Түңкіл (түнхэл) деген жер аты да бар!? Бұл атауды Қобда бетіндегі қазақтар ежелден бері қолданады. Мысалы, ең бергісі Мағауия Сұлтанияұлының «Сүмбіле» (1993) роман 152-ші бетінде «түңкелі жер» атауы анық бар.
ҮШ ҚАРАҚАС...
Құпияға құлшына құштарланған ағалардың үшеуі де қарақас руынан екен!!!
МҚШ-ні сыналап аударған Мағауия Сұлтанияұлы, салыстыра жүйелеген Базылхан Бұқатұлы, сығалап оқып, тоқыған Бодаухан Тоқанұлы... Әзірге осы «үш бұрыш» құбылыстың үштаған құпиясы бар біздің жақта.
Соңынан қосылғандар бар болса олардан кешу өтінеміз...
Бөлісу: