Мия Алгожаева. Жер салқын (мистикалық әңгіме)
Бөлісу:
Біздің жақта бір аңыз бар. Мен оны кішкентай кезімнен естіп өстім. Бірақ сол аңыздың өміріме тікелей қатысы болатынын кім білген...
«Бұрын осы жерде бір әйел өмір сүріпті. Ол қырық жасында қайтыс болған екен. Өлгеніне он күн өткеннен кейін әлгі әйел тіріліп келіпті. Содан кейін ауыл тұрғындары оны «О, дүниені көріп келген» деп атап кетіпті. Осыдан кейін әйелдің есімі күллі аймаққа жайылып, «а» дегені айдай келетін көріпкелге айналыпты.
Бірде оған жас келіншек жыламсырап жүгініп: «Балама ем қондырып бер» деген екен. Көріпкел әйел кішкентай балаға қарап тұрып, оның дәм-тұзының таусылғандығын біліп: «Ертең балаң өледі, дайындал! ...Сен оны күнәда тудың, сондықтан сенің жазаң осы болады», - депті. Расында, келіншектің баласы ертеңінде шетінепті. Жас келіншек бұл қайғыны көтере алмай: «Оның өліміне көріпкел кінәлі, балама қарсы дұға оқыды!» - деп халықты қарсы қойыпты. Көпшілік қаһары оңай ма, әйелді таспен атып, ол қиналып қаза тапқан. Содан бастап бұл ауылда бала туу саны азайып, өлім-жітім көбейіпті».
Ауыл тұрғындары көріпкел әйелдің әруағы разы болмаған соң осындай қаралы оқиғалар өршіді деп болжайды. Кейбірінің сөзіне сенсек, көріпкел әйел әлі күнге дейін осы маңда тіршілік етеді екен. Сонда ол көріпкел адам ба, сайтан ба, мақұлық па белгісіз...
Осы аңызды естігеннен кейін менің ойымды әлгі көріпкел оқиғасы торлап алды. Күндердің күні ол әйел алдымнан шықса қандай әрекет жасамақпын деп қашудың жолдарын ойластыруды әдетке айналдырдым.
Жексенбі күні анам көрші ауылға тойға баратын болды. Осылайша мен үйде жалғыз қалдым. Кешкісін жаңбыр сіркіреп жауып, шатырдан үйге су кіре бастады. Жамамақшы болып үстіге көтерілдім. Шамамның келгенінше жамап-жасқап төменге түсе бере қолымнан біреу кеп ұстады. Қарасам, қарсы алдымда қап-қара шашы жайылған, өңі суық әйел тұр. Жынданған адамша айқайлай бердім, ары қарай не болғаны есімде жоқ… Көзімді ашсам көшенің бойында жатырмын. Қасыма біреулер келіп әлденелерді күбірлейді. Жедел жәрдем келіп ауруханаға алып кетті. Екі күн дегенде есімді әрең жидым. Бір таң қаларлығы: сол түні үйдің шатыры қирап түсіпті. Егер мен сол түні үйде болғанда, өліп қалар едім... Сонда мені өлімнен көріпкел әйел құтқарып қалғаны ма? Қызық, ол мені қайдан тапты, сол түні оқыс оқиға болатынын қайдан білген...
Мен сол жолы өзімнің неге тірі қалғаным жайлы ойлана бастадым. Ол әйел түсіме жиі кіріп, мазалай берген соң анам екеуміз көп ұзамай Қараторғай деген ауылға қоныс аудардық.
Бұл мекенде он үй ғана бар. Бейтаныс өңірде күн көру оңайға соққан жоқ. Менің жасым он үште. Анам мектепте еден жуушы және мектеп директорының үйін жинаушы болып орналасқан. Директор – әйел адам еді.
Ең қызығы мен оны алғаш рет автобуста көрдім. Қасыма бір адам келіп отырды, бастапқыда оған мән берген жоқпын. Жүйткіп келе жатқан автобустың терезесіне қарап қалың ойға шомдым. Көз алдыма өзімнің жарқын болашағымды елестетіп, әлдебір бақытты әлемге еніп кеткен едім. Дәл осы сәтте қасымда отырған адамның маған жақындып, жүзіме анық қарап отырғанын сезіндім. Есім шығып оған жалт қарадым. Тағы да сол әйел! Бірақ бұл жолы түсімде емес өңімде, автобустың ішінде, қасымда отыр! Ал оның көздері... көздері сондай таныс... Сұп-сұлу жүзіне Құдай осындай өткір, тұзды көзді неге тең көрді екен... Менің бастапқы бақытты сәтім аяқасты болып әлсірей бастадым. Ол маған ұзақ қарады, мен де одан көзімді тайқыта алмадым. Бір сәтте есімді жиып, тілге келдім: «Сізге не керек?». Ол маған сиқырлы жүзбен: «Мешітке бара жатырсың ба?» - деді. Дәл сол сәтте менің түсетін уақытым келіп, оған еш жауап қатпастан есікке қарай тырмысып, автобустан сытылып шыға бердім. Таза ауаны жұтынып, есімді жиып, тақиямды шығармақ болып қалтамды қармадым. Тақия жоқ, автобуста түсіп қалыпты, бірақ қалай?
Сыныпта мені өзіне жақын тартатын бір ғана оқушы болды. Оны барлығы Мара деп атайтын. Мара – жаңағы директор апайдың ұлы. Автобустағы әйел – біздің мектептің директоры болып шықты. Анама мені түсімде шошытып, бізді үйреншікті орнымыздан көшуге мәжбүрлеген әйелдің енді мектеп директоры болып шыққанын айта алмадым. Әрі қарай қайда қашамыз? Және қашанғы қашамыз?
Мара екеуміз дос болып кеттік, ол маған шым-шытырық әңгіменің мыңын тізіп айтатын. Түсінгенім бойынша директор апай оның туған шешесі емес. Жас қызы ерте шалыс басып, белгісіз жігіттен бала табады. Ол баланы өз атына жаздырып, көп ұзамай қызын ұзатады. Мара әжесімен тұрғысы келмейтінін, бірақ одан кете де алмайтынын және оның өзін дүлей күштің арқасында ұстап отырғанын, үйден қашқан күні өлетінін айтты… Оның бұл сөздері қаншалықты сандырақ, жынданып кеткен жасөспірімнің қиялы болып көрінгенмен, мен оған толық сенетінмін.
Бір күні директор апай анамды үйіне шақырды. Екі қабатты зәулім үй, іші алакөлеңке, әр бұрышта майшам орналасқан. Төрде мүйізді ешкінің суреті ілініп тұрды, бір қарағанда байқалмайтын бұл суретте жат әлем жасырынып тұрғаны белгілі еді. Менің иығымнан біреу ұстады, шошынып артқа қарадым.
– Не болды, балам, не істеп тұрсың? - деді директор апай. Дәл көз алдымнан суреттегі кейіптің тірі нұсқасын көргендей болдым.
– Сәлеметсіз бе, директор апай! Мен анама көмектесуге келген едім. Қазір кетемін!
– Кетуге асықпа, уақыты келеді!
Иығымнан бірнеше рет қаққылап, өз жөніне кете берді. Алдыман анам шелек ұстап шықты.
– Келгенің жақсы болды ғой. Түпкі бөлменің пердесін іліп берші. Содан кейін үстелді ішке кіргіз.
Мен мақұлдап түпке қарай жүре бердім. Ол Мараның бөлмесі еді... Бойымды үрей торлап, қолдарым дірілдеп пердені ілуге кірістім. Сұрықсыз бөлмеге денем үйрене бастады, батыл түрде жан-жағыма байыппен қарадым. Мараның жастығының сырты ешкі бейнесінде екен. Мен жақындап келіп жастықты көтердім, оның асты толған ине… және менің автобуста жоғалған тақиям! Бөлмеден шыға қашуға дайындалып, шегіншектей беріп едім, жолымды Мара бөгеді.
– Келгенің қандай жақсы болды. Мен сені көп күттім! - деген ол мені құшақтады. Мен жастықты орнына қоя сала оның абыржыған түріне қарадым... көздері қып-қызыл, сайтан дерсің…
– Маған көмектесе аласың ба?
– Әрине, не көмегім керек?
Ол менің қолыма пышақты ұстатты.
– Шешемді өлтір!
– Не деп тұрсың?
– Сөзіме құлақ сал, шешемді өлтір. Егер оны сен өлтірмесең ол сені өлтіреді!
– Мен сені түсіне алар емеспін!
– Бір топ әскер жақындап қалды. Жақындап қалды, жақындады… Шешемді өлтір!
Мен қорыққаннан қолымдағы пышақты жерге лақтыра сала, анамның жанына жүгіріп келдім. Директор апайдың анама ұрысып жатқанын байқадым.
– Сен менен қай бетіңмен ақша сұрап тұрсың! Сенің ұлың менің баламның бөлмесінен ақша ұрлады.
– Мүмкін емес…
– Сенбейсің бе? Қазір мен сенің ұлыңнан сұрап көрейін, ұрлады ма, жоқ па?
– Өтірік айтасыз, мен ешқандай ақша ұрлаған жоқпын!
– Олай болса қалтаңды тексеремін! - деген ол мені жұлқылап, қалтамды ақтара бастады. Қалтамнан он мың теңге табылды.
Анам менің бұл қылығыма қатты ренжіді. Директор әйел анамның қиналып істеген жұмысына соқыр тиын да төлеген жоқ. Ал мен ақшаны алмағанымды дәлелдей алмадым… Шындығында ол ақшаның қалтама қалай түскенін өзім де түсінбедім. Бұның барлығы үлкен күдік тудырады... Бірақ тіл-ауызым байлаулы еді. Ертеңінде суық хабар естідім. Мара үйінің шатырынан секіріп кетіпті…
Жұтып тынды. Көріпкел әйелдің рухы содан кейін Директор апайды тастады ма әлде әлі де бойында қалды ма, білмеймін... Бәлкім оның өз жиен немересіне деген жеккөрініші, қызының некесіз туған баласына деген өшпенділігі осы адуынды Жынның иелігінде қалуына септескен болуы керек. Ал мені қудалау себебі – тағы да сол әкесіздігімнен бе деп топшылаймын.
Біз бұл ауылдан да көшіп кеттік. Бірақ, бойымды әлі үрей билеп жүр, тыныштығым бұзылды… Бұрынғыдай өзімнің жарқын өмірімді ойша елестете алмайтын болдым. Елестете қалсам көз алдыма директор әйел келеді.
Жаңа ауылда басқа мектепке орналастым. Оқушылармен тез тіл табысып кеттім, олар мені бірден өз орталарына қосты. Қасымда көп досым болса да мен өзімді жалғыз сезіндім. Шындығында, Мараны сағынып жүрдім. Бір күні анама Мараның бейітінің басына барып, құран оқытайық деп өтініш жасадым. Ертең Қараторғайға жол жүреміз, бүгін сол үшін ерте жаттым. Айлар бойы шала ұйықтаған мен бұл түні бірден көз ілдім... Түсімде Мараны көрдім, ол: «Досым, жақсылап дайындал, жер салқын!» - деді…
Бөлісу: