Максималар мен қоғамдық ойлар...

Бөлісу:

11.10.2024 1470

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның тағы бір бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын, құрметті оқырман қауым! Ілгеріде жарық көрген бес бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан оқуларыңызға болады.

 

***

Осы біздің «қызмет», «жұмыс» деп жүргеніміз астыртын ғана айлықпен алдарқатып қойған еңбекпен түзеу колониясы емес пе екен?

 

***

 

Қилы-қилы заман болар

Қарағай басын шортан шалар... (Асан Қайғы)

Нағыз сюрреализм суреті. «Көкірегінде оты бар ойлы адамға, бұл сөзімнің суреті тұрар дайын» (Абай) демекші,  XV ғасырда осы екі-ақ жол өлеңнің  Сальвадор Далидың елесі де жоқ ескі заманда сөзбен салынған ұлы сюрреализм кескіні екендігін сол дәуірде жүрегі дауалап кім бағамдады дерсің?.. 

 

***

 

Мұны еш алмастырып алмағанымыз дұрыс шығар. 

1991 жылғы 16 желтоқсан – мемлекеттің саяси тәуелсіздігін жариялаған күні. Ал оның ұзақ жыл отар болған халқының тарихи әм генетикалық үрейінен арылған ішкі танымдық тәуелсіздігі, сол ұлттың рухани деколонизациядан өтіп, толыққанды тазарған мерзімінен ғана басталады. Ендеше екіншісіндегі еркіндік датасы  жайында ештеңе демесек те болатын секілді ғой.

 

***

«Бабамыз би, атамыз болыс болған. Ендеше текті атаның ұрпағымыз» дегенді дереу доғарсақ қайтеді?!

Сіз технологияның текпен, мәдениеттің қанмен берілмейтін қасиеттер екенінен әлі хабарсызсыз-ау деймін...

 

***

 

Еркіндіктің төл табиғатын шын зерделесек, адамның абақтыда отыруы шарт емес. «Үй, үндеме  деймін, қане, тыныш отырайық» деген  ішкі үрейіміздің өзі  – біздің түрмеде екеніміздің нақты көрсеткіші. 

 

***

«Наданның сүйенгені – көп пен дүрмек». Көкек айын «сәуір» деп өзгерткеніміз секілді қазақтың апталық күнтізбесіндегі сенбі мен жексенбі атауларын түбірімен құртып «той» мен «томалақ» деп атасақ тамаша болар еді. 

 

***

Әдебиет  рухани  құндылық жарату қағидасында болса, ол қалайша саудагерлік жолды мұрат тұтады? 

Бұл жағынан келсек, коуч ұғымдары мен әдебиет атын жамылған тым арзан коммерциялық  шимайларды  «эпидемия» мен «нәубат» ретінде қабылдап, оларды ортағасырлық «оба» індетімен пар қойған болар едім.

 

***

Қырық қабат, отыз бүктеулі  шүңет дүниенің сырына кімдер бойлаған дерсің?.. 

«...Сұлусамыр елдің жайлауы, 

Өмірдің бар ма байлауы?».

Расымен де, «өмірдің байлауы» бар ма екен? Не деген ауыр сауал еді? 

Әлде, мұны үшкілсіз көйлек есебіндегі кебіннің үш жерінен буылған шүберек бауы деп өзімізше долбар жасасақ па екен?

 

***

Құдай бар болса, оның қол жайған пендесін құр қалдырмайтыны рас болса,  мен құдіреті күшті сол Құдайдан шен мен шекпен емес, Сальвадор Далидың шексіз қиялын ғана сұраған болар едім. 

 

***

Дінді түлкіден үйренсең, тауық ұрлау парызға айналады. (Әзербайжан мақалы).

 

***

«Ел дамуының 2030 жылғы стратегиясы...». Ендігі екінші сөйлемнің бұған еш қатысы жоқ.  Сұрайын дегенім, жалпы сіз  «Түлкінің қажылыққа баруы» деген өзбек ертегісін оқыған ба едіңіз?

 

***

Ғылымдағы аффект ұғымына (лат. affects – жан толқынысы) адам көңіл күйінің кенеттен өзгеріп сала беруі, сондай-ақ тұлғаның тез ашулануы мен абыржу сәтіндегі сезімдік эмоциясы жатады. Бұл эмоция көбіне жәбірленуші тараптың ішкі жарақатынан туындайды. Қайыра айтайық, жәбірленуші жақтың ғұмырбаяндық жарақатынан шығады. Ал ұзақ жыл метрополияда болып, жәбірленген ұлттың тыз етпе, қорланған психологиясын айтпағанда, біздегі көп адамның өзі (бүгінде) не істеп, не қойып  жүргенін білмейтін аффект жағдайындағы ауыр ахуалда екені жайлы ғылыми сараптама жасалды ма? Саяси корпустың өз халқын оққа байлаған опасыздығы, мемлекет мүлкіне қырғидай тиетін өшпенділігі,  қысқасы, Сара Ахмед зерделеген «аффектілі экономика» құбылысына кешенді баға беріліп, күйреген мәдени матрица құндылықтары қайыра жолға қойылмаса, осы тозғанымыз тозған енді. Бұл жайында Карл Маркстің «Отарлық рухта тәрбиеленген интеллигенциядай өз халқына қарсы жау жоқ» жарақатын Зигмунд Фрейдтің «бейсана эмоция» негізінде тәпсірлеп  көлемді дүние жазуға да болады. Бірақ қағымыздан жеріп қате кеттік-ау деп отырған саяси билік, оны қажет етіп отырған ұлттық идеология бар ма?

 

***

Тарих сөзсіз басқа пішінде  қайталанады екен. Қағаз бен құжатқа бастырылып, А4-форматынан алып Пирамида тұрғызған бізді де бір ежелгі Египет құлдарымен тең санасаңыз да болады…

жалғасы бар…

Бөлісу:

Көп оқылғандар