Сәкен Сейфуллинге арналған конференция өтті

Бөлісу:

11.10.2024 1237

Қазанның 10-11 күндері қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, композитор, фольклортанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай ұлы тұлғаның атымен аталатын Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде С.Сейфуллин атындағы қормен бірлескен «Сәкен Сейфуллин: халыққа арнаған өмір» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің бас ғимаратында өткен конференция барысында келушілерге арнап мәжіліс залы алдындағы фойеде Сәкен Сейфуллин музейі қорындағы экспонаттар көрмесі ұйымдастырылған екен.

Мұнда өз заманында қазақ жігітіне тән нағыз серіліктің эталоны болған Сәкен Сейфуллиннің өзі тұтынған, ұстаған заттары мен киімдері қойылған.

Көрермендерге көзайым болған бұл заттардан Сәкендей асқақ тұлғалы азаматқа тәне аса бір бекзаттық пен талғам биігі аңғарылады. 

Отандық, бірнеше шетелдік зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушылар мен тарихшылар, мемлекеттік қызметкерлер мен парламент палаталары өкілдері, оқытушылар мен жастар, ауылшаруашылық саласы мамандары қатысқан конференцияның модераторы – мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Бейбіт Баймағамбетұлы Мамраев: «Қазақтың біртуар ақыны, жазушы, фольклортанушы, драматург Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған, Сәкен Сейфуллин халыққа арналған өмір» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қош келдіңіздер!» - дей отырып, залға жиналған қауымға бүгінгі іс-шараның аңдатпа сөзін арнады:

- Отаншыл ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойын бүкіл ел болып атап өтудеміз. Сәкеннің өмірі мен шығармашылығы тек әдебиетшілер мен тарихшыларға ғана емес, жас ұрпаққа жақын және мағыналы. Оның дәлелі – осы күндері өтіп жатқан Атырау, Өскемен, Астана университеттерінің челленджісі. Қазақ КСР Комиссарлар Кеңесінің ұлтымыздан шыққан алғашқы төрағасы Сәкен Сейфуллиннің отаншыл, мемлекетшіл қызметі гуманистік негіздерге толы болды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет тағдырында ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық зиялыларының трагедиясы көрініс тапқан. Олар халыққа қызмет етті. Бірақ тоталитарлық режимнің құрбаны болды. Олардың өмірі мен шығармашылықтары мемлекет пен оның институттарын қалыптастыруға, білім беру мен экономиканы, ауылшаруашылығын дамытуға, халқының бай мәдениетін зерттеуге арналды. 

Сәкен Сейфуллин, ақын, публицист, ірі тұлға. Ұлттық тарихымызда ерекше орны бар мемлекет және қоғам қайраткері ретінде жанжақты зерттеліп, жазылып жүр. Бірақ сәкентанудың соңғы нүктесі қойылды деуге әлі ерте. Қазақстан тарихының беттерін ашу үдерісі әлі жалғасып келе жатыр. Архивтер толығымен ашылды ма? Ғылыми айналымға кірді ме? Бүгінгі ғылыми форумда белгілі отандық кәсіби тарихшылар мен әдебиеттанушылардың пікірлерін еститін боламыз. Сәкен Сейфуллиннің тарихи бағасы оның өмір сүрген заманынан сай беріліп, сәкентанудың тарихы мен дәстүрлері үлкен құрметпен бағаланады деген үміттеміз. Өйткені бүгінгі күн тұрғысында өткен дәуірдің қоғам қайраткерлері туралы пікір айту, сөз саптау асқан жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Олай болса халықаралық ғылыми конференциямызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!

Ғылыми-практикалық конференция ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бердалин Аманғали Бисенбайұлы оқып берді: «Құрметті қауым! Сіздерді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Сәкен Сейфуллин мемлекетімізді нығайтуға және руханиятымызды өркендетуге зор үлес қосқан тарихи тұлға. Ол күрделі кезеңде ел басқарды. Қазақ қоғамын дамыту үшін бар күш-жігерін салды. Сол арқылы халқына қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Қаламгердің туындыларында гуманистік идеялар, асыл құндылықтар кеңінен дәріптелген. Сондықтан оның мол мұрасы төл әдебиетіміздің құнды қазынасына саналады. Бүгінгі басқосуда Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық негіздері тағы да зерттеліп зерделенеді, жазушының өмір жолын және тұлғалық болмысын аша түсетін салмақты ой-пікірлер айтылады деп сенемін. Мұның бәрі жазушының елге сіңірген еңбегін жан жақты танытуға мүмкіндік берері сөзсіз. Конференция жұмысына жемісті болсын деп тілеймін!» 

ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын сенатор Сағындық Лұқпанов оқып берді: «Құрметті конференцияға қатысушылар! Сіздерді қазақ әдебиеті мен руханиятында орны бөлек талант иесі, ағартушы, көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған халықаралық ғылыми конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихында ерекше орны бар қайраткерлердің мерейтойларын жоғарғы деңгейде атап өту – жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын маңызды қадам екенін айтқан болатын. Біздің конференцияны осы бағыттағы істердің жарқын көрінісі деп қабылдаймыз. Сәкен Сейфуллин өте терең, жан-жақты тұлға. Ол туған халқына қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Саналы ғұмырын жазуға арнаған Сәкен небәрі жиырма жасында «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы арқылы ұлтына үн қатып, ерекше парасат-пайымымен танылды. Қазіргі қазақ әдебиетінің және Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы ретінде ұлттық мүддеге өлшеусіз зор үлес қосты. Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүріп, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, Халық ағарту комиссарының орынбасары, Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Барлық істе қазақты оқуға, үйренуге шақырды. Елін егемендікке жетеледі. Сол жолда басын бәйгеге тікті. Ақынның әдеби еңбектері мен ой-тұжырымдары баршамыз үшін әрдайым рухани азық болып қала береді. Оның бірегей тұлғасы, туған халқымен бірге мәңгі жасайды. Және талай ғасырлар бойы алаш елін биіктерге бастайды. Есімі ел тарихына алтын әріппен жазылған осындай ерен тұлғаның елеулі өмірін ұлт санасында жаңғыртып кеңінен дәріптеу баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Сондықтан конференцияның жұмысына сәттілік тілеймін! Ұлы тұлғаның есімі ұлықтала берсін!»

ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын мәжіліс депутаты Серік Егізбаев оқып берді: «Құрметті университет ұжымы! Қадірлі зиялы қауым! Елімізде Сәкен Сейфуллин есімін білмейтін адам кемде-кем. Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақиық ақын, шебер жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде аты аңызға айналған тұғырлы тұлғаның туғанына биыл 130 толып отыр. Мәдени өміріміздегі осынау тарихи оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Сәкен Сейфуллин тек қаламгер ғана емес, қайраткерлігімен де көпке мәлім. Шығармашылықпен қатар өз дәуірінің ұлы оқиғаларына батыл араласып, мемлекет басқару ісіне де бел шеше кіріскен алғашқы зиялылардың бірі болып Қазақ АКСР-і Төрағасы қызметін атқарған. Осы жылдары елдегі сауатсыздықты жоюға, білімді өрістетуге, мәдениет пен әдебиетті дамытуға ерен еңбек сіңірген. Шығармашылықпен де жемісті айналысып, әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тербеген. Сонымен бірге Сәкен Сейфуллин есімі композитор ретінде де кеңінен танымал. Ақынның «Көкшетау», «Біздің жақта», «Тау ішінде», «Ақсақ киік» сынды әндері ескірмейтін, халықпен бірге жасай беретін бірегей туындылар. Даңқты тұлғаның мерейлі белесіне орай Сәкен Сейфуллин есімімен аталып отырған Қазақ агротехникалық-зерттеу университеті мен Сәкен Сейфуллин атындағы қор бірлесе ұйымдастырып отырған осынау ғылыми іс-шара – құптарлық қадам. Осы игі іске ұйытқы болған ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, конференция жұмысына сәттілік тілеймін!»

Конференцияға құттықтау хаттардың бірі Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектен келген екен. Бұл құттықтау хатты Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Есіркен Сәкен Зиядабекұлы оқып берді: «Құрметті конференцияға қатысушылар! Төл тарихымызда ғылым, мәдениет, саясат саласында ерлік жасаған қайраткерлер аз емес. Олардың қатарында бүгінгі конференцияға арқау болып отырған Сәкен Сейфуллин де бар. Сәкен Сейфуллин небәрі қырық төрт жыл ғұмыр кешіп, соңында өшпес із қалдырды. Үкіметке басшылық етіп, көптеген игі бастамаларды іске асырды. Кеңсе тілін қазақшаға ауыстырып, Жазушылар одағының негізін қалады. Оның тікелей араласуымен қазақты қырғыз деп атау тоқтатылды. Қазақ атауы қайтадан қалпына келтірді. Сәкен Сейфуллин, проза, поэзия жанрларында өшпес шығармалар қалдырды. Олар қазақ әдебиетінің үздік туындылары санатында. Бірнеше жоғары оқу орындарының ректоры, бірнеше газеттің бас ректоры да болды. Өз дәуірінің саяси қайраткерлерімен иық тіресе қызмет етіп, соңында саяси жүйенің жазықсыз құрбанына айналды. Халқымызда «тау алыстаған сайын биіктейді» деген тәмсіл бар. Ел игілігі жолында жанқиярлықпен еңбек еткен ұлт қайраткерінің асыл бейнесі халықтың әрдайым жадында қала бермек. Бүгінгі конференция жұмысына табыс тілеймін!»

Бұдан соң басқарма басшысы өз сөзінде Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин тұлғасына қатысты нысандар мен іс-шараларға қысқаша тоқталып өтті:

- Құрметті ағайын, Сәкен Сейфуллиннің өмірінде қазіргі Астана қаласының орны ерекше. Осы қалада үлкен саяси қызметтер атқарған. Үлкен-үлкен бастамаларға себепші болған. Сондықтан Астана қаласында арнайы көшесі бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын №80 мектепке Сәкен Сейфуллин аты берілген. Қаламызда музей-үйі бар. Ескерткіш орнатылған. Жыл сайын Сәкен Сейфуллин бастаған ұлт қайраткерлеріне арналған дәстүрлі іс-шаралар өтеді. Қазақта «Ерім деген ел болмаса, елім деген ел қайдан болады» деген жақсы сөз бар. Біз ұлтқа жан-тәнімен қызмет еткен осындай қайраткерлерімізді ел болып ұлықтау парызымыз деп санаймын. Жақсы келелі ойлар айтылып, практикалық тұрғыда жүзеге аса берін деп тілеймін! 

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламент Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімов өз сөзінде Сәкен Сейфуллин бастаған ұлт зиялыларының асқақ арманына тоқталды: 

- Ассалаумағалейкум, конференцияға қатысушылар, қонақтар! Бүгінгі орталарыңызда айтылып жатқан келелі кеңесті ықыластана тыңдап отырмын. Қазақстанның тарихында Сакеннің орны бөлек қой. «Қазақтың үш алыбы» деп қазақ даласының түкпір-түкпірінде Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арналған сан алуан іс-шаралар өтіп жатуы көңіл қуантады. Бұлар сонау ХХ ғасырдың басында, аласапыран кезде қазақ интеллигенциясының басында қазақтың проблемасын көтеріп, еліміздің болашағын көркейтеміз, Еуропа мен өзге де дамыған елдердің қатарына дейін көтереміз деген армандары болды. Оны қазіргі ұрпақтары жалғастырып жатыр. Сәкен – рух. Қазақтың рухы. Бүгінгі жастар рухты болсын, адал еңбегімен елге қызмет етіп жатса Қазақстан дамиды деп ойлаймын. 

Филология ғылымдарының докторы, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев, залда отырған студент жастарды бүгінгі конференциядан тағлым түюге шақырды:

- Ардақты конференцияға қатысушылар! Менің айтатын  бір-ақ нәрсем бар: Сонау Ұлытауда басталған, Түркістанда жалғасқан, кеше ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әрқашан ұлттық құндылықтарға мән беруіміз керек», - дей келе, ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтау мәселесін көтеріп, тарихи тұлғаларымызға арналған ордендер жасау, ескерткіштер орнатып, оларды еске алатын кештер өткізу қажет деген болатын. Кеше ғана Торғай жерінде, Амангелді ауылында Сұлтан Бейбарысқа ескерткіші орнатылған еді. Сондай ұлықты кештің бірі бүгін өтіп отыр. Осыны сәтті орайластырып отырған университет басшысы Қанат Маратұлына рақмет! Айта кетерлігі: мен Жоғарғы білім департаментін жеті жыл басқарған адаммын. Сол кезде «техникалық, ауылшаруашылық, экономикалық жоғары оқу орындарына осындай іс-шаралардың не қажеті бар, ақын-жазушыларды насихаттайтын өзінің гуманитарлық жоғары оқу орындары бар емес пе, соларда өткізілуі керек қой» деген сияқты қисық сөздер айтылатынына талай куә болғанымыз бар еді. Сол кезде біз оларға: «Жоқ, Қазақстан жастары – олар қай мамандықтың иесі болсын, өзінің рухани тұлғаларын, тарихи тегін ұмытпауы керек. Қандай ЖОО болмасын, ол жерде қазақтың рухы биік тұруы керек!» - деген мәселені табандап тұрып көтеретінбіз. Осы тұрғыдан алғанда алғанда, орынсыз мақтайын деп тұрған жоқпын, университет ректорының халықаралық осындай конференцияны қолға алып өткізіп отыруы ол – ұлықтаудың нағыз өзі. Мұндай іс-шара осында отырған үлкен кісілерге қажеті жоқ, бұл – мына отырған  жастарымызға керек. «Мен жастарға сенемін!» - деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, міне біз сіздерге сенеміз! Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты кадрлары, осы мәселені ары қарай жеткізетін сіздерсіздер! «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды», - дейді. Бүгінгі іс-шара туралы сіздер достарыңызға, туыстарыңызға ағайындарыңызға жеткізіңіздер! «Сәкен Сейфуллин тек қана ақын болған жоқ екен ғой. Бұл кісі Үкіметті басқарған екен, қазіргі тілмен айтқанда Премьер-Министр болған адам екен ғой!» - деген әңгімені айтып жүріңіздер! Сонда біз тарихи тұлғаларымызды ұлықтаған боламыз. Сонда ғана дәстүр жалғастығы ары қарай жалғаса беретін болады.»

Беларусь  Республикасы Жазушылар одағының төрағасы А.Карлюкевичтің құттықтау сөзін оқып берген ғалым, жазушы С.В.Ананьеваның жеткізуінше беларус халқы заманауи қазақ әдебиетінен хабардар, қазақ қаламгерлері шығармаларын, соның ішінде Сәкен Сейфуллин туындыларын оқиды деп атап көрсетті. Жазушы өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақ-белорус қаламгерлері арасындағы байланыстар туралы атап өтті. 

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы, ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тіреуов Қанат Маратұлы конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі:

- Сіздерді қазақ халқының ардақты ұлы, кемеңгер тұлғасы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Университетіміздің ғылыми кеңесі шешімімен 2024 жыл – Сәкен Сейфуллин жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай арнайы елуден астам іс-шара жоспарланып, оның барлығы толығымен жүзеге асырылды. 

Және соңы бүгінгі халықаралық конференцияға ұласып отыр. Қазақ халқының асыл перзенті, қайраткер Сәкен Сейфуллинді тағы да бір мәрте еске ала отырып, оның ғұмыры қатал сынықтар мен үлкен тәуекелдерге толы болғанына қарамастан, өзінің берік ұстанымдары мен мақсаттарына адал болғанын атап өткім келеді. Сәкен тек шығармашылықта ғана емес, ұлт мүддесі үшін күрес жолында да қайсарлық танытты. Оның елге сіңірген еңбегі халқымыздың мәңгілік рухани мұрасына айналды. Бүгінгі ерекше сәтті пайдалана отырып, сіздерге Сәкен есімімен аталатын жоғары оқу орнының жетістіктері жөнінде қысқаша мәлімет беруді жөн көрдім», - дей отырып, университеттің оқу-тәрбие, ғылыми зерттеу, халықаралық байланыстар және басқа да бағыттар бойынша табыс-жетістіктері туралы таныстырып өтті.

Бұдан соң Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы  ЕҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Светлана Ананьева, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шапағат Жалмаханов, драматург Қанат Жүнісов және басқа да әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдар мен студент жастар Сәкен Сейфуллин тұлғасына, сәкентану ғылымының даму тарихы мен зерттеу бағыттарына, бүгінгі күн тұрғысында ескеретін мәселелерге, Сәкен өмірі мен шығармашылығына қатысты болашақта атқарылуға, зерттелуге тиіс тақырыптарға тоқталды.

Профессор Серік Негимов Сәкен Сейфуллиннің мұраларындағы ұтымды, ұтқыр ойларды сүзгіден өткізе отырып «Сәкен Сейфуллиннің афоризмдері» атты кітапша әзірлеген екен. Конференция барысында көптеген сөз алушылар кейінгі кездері кеңестік дәуірге өмірі мен қызметі тұстас келген қайраткер тұлғаларға қатысты кейбір сыңаржақ пікірлердің қалыптасып отырғанына, бірақ Сәкен Сейфуллин сияқты елі үшін еңбек еткен асыл тұлғалардың есімі тот баспайтынына дәйекті дәлелдер келтірді. Конференция тартымды, тағылымды өтті. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар