Осы жұрт Нұртасты біле ме екен?

Бөлісу:

14.10.2024 849

«Осы жұрт Ескендерді біле ме екен» деп Абай хакім айтқандай күзде туылғанына 120 жыл толатын Нұртас Оңдасынов туралы бір естелік жазып, еске түсіріп қоюдың артықшылығы жоқ шығар. 

Әлемдегі әрбір халықтың жүріп өткен жолы, ерте заманнан бүгінге дейінгі өзіндік тарихы бар. Мұхтар Шаханов айтқандай «Туған тарихы, еске алуға қаншама ауыр әрі қасіретті болса да...» дегендей қазақ халқының тарихы да оңай болған емес.

Тарихты тұлғалар жасайды немесе тарих та тұлғаларды жасайтыны белгілі. Қазақ халқының тарихында да есімдері алтын әріппен жазылған, лайықты орынды иеленген немесе лайықты бағасын ала алмаған тұлғалар бар. Жиырмасыншы ғасырдың тарихында, оның алғашқы отыз жылында-ақ қазақ зиялыларының аса көрнекті қайраткерлері тарихқа тұлға ретінде танылған. Сол айтулы есімдердің білімдарлық һәм азаматтық тәлімдерінде кейде көріне бермейтін арналар бар. Оның бағасын ұрпақтарға, бүгінгі қазақ зиялылары бағалауы, ұмытылып кетпес үшін әркез халықтың жадында сақтау мақсатында насихаттауды тоқтатпай жүргізіп тұрулары тиіс.

Сол дәуірдегі қазақ зиялылары – Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаев, Сәдуақас Оспанов, Әмин Жүсіпов, Мұхтар Әуезовтерден, Қаныш Сәтбаев, өкшеден басып ілесе шыққан және олардың кеңестік кездегі жалғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді. 2024 жылғы 15 маусымда Егемен Қазақстанда «Қос алыптың қасиеті» деген мақаланы оқыған соң туғанына 120 жыл толуға жақындаған Н.Оңдасынов жайында ой толғауды жөн көрдім. Ол кісі мемлекетіміз деңгейінде өзіне лайық орнын алды деп айтуға болғанымен, орталық ақпарат беттерінде, басқа да басылымдарда жарық көрген материалдар бар болғанымен көпшілік қарапайым халық орталық басылымдарды, кітапханаларда жаздырып алып оқи бермейді, қазіргі кезде елдің көбісі телефонмен әлек. Ауылды жерлерде, аудандық елді-мекендерде қолына түскен шағын газеттерді оқып бір-бірімен әңгіме айтуы мүмкін. Сондықтан біздің кейіпкеріміз секілді, айтулы тұлғалар жайында БАҚ беттерінде мақалалар, инстаграмда шағын үзінділер, өмірі үлгі, өткен жолы өнеге азаматтарды насихаттап тұрудың артықшылығы жоқ шығар. 

Өзі жазып қалдырған өмірбаянында көрсетілгендей, Нұртас Оңдасынов 1904 жылы 20 қазанда қасиетті Түркістан жеріндегі Үшқайық ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Туған анасы Жұмагүл оның 3-4 жасында қайтыс болып, екінші анасы Дәрігүлдің қолында тәрбиеленеді. Ол кісі өте жақсы адам болған екен, сондықтан Нұртас туған анасы мен өгей анасының айырмашылығын білмей өседі. Анасы қолынан жетелеп, ауыл молдасына алып барып: «Мынау біздің кенжеміз... Баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі. Оған құран оқуды үйретіңіз», - деп өтініш жасаған. Сол алған білімі кейін зейнеткерлікке шыққан кезінде араб-қазақ және парсы-қазақ сөздеріне түсініктеме жазуға нақты көмегін тигізеді.

Н.Оңдасыновтың жастығы өте қиын, 1916-17 жылдардағы жұтқа сәйкес келіп, жаппай ашаршылықтан тірі қалған адамдар жан-жаққа босып кетеді. Нұртас та Ташкент қаласына қоныс аударады. Ақыр соңында солақай басшылықтың салдарынан халық аштыққа ұрынып, ел күнкөріс үшін, бір үзім нан үшін баса ауған жаққа босып кетті. Өзі айтқандай: «Кедей шаруа үйінде дүниеге келген мен де сондай қиындықтың ортасында болдым, жас шағымда әкем де, анам да, өгей анам Дәрігүл де қайтыс болды. Бірақ қанша аш-жалаңаш қалсам да мен ешкімге алақан жаймадым. Өз еңбегіме, өзіме сендім. Ауылда егін ектік, мал бақтық, кейіннен Ташкент ауып, өзбектерге жалданып не керек, өз нанымды өзім тауып жеп жүрдім. Осындай тәрбиеден шыққандықтан ба, әлде қанағатшылдығымнан ба, білмеймін кейіннен қанша лауазымды жұмыс атқарсам да, мүмкіндігімді пайдаланып қалайын деп, дүние-мүлік, қымбат заттар жинауға құмарланбадым», - деген екен Нұрекең.

Ол Ташкентте алдымен жүн зауытында, содан кейін қыш зауытында қатардағы жұмыскер болып істейді. Сөйтіп жүргенде жетім балаларға арналған мектептер ашылыпты деген хабар естиді. Нұртас 1920 жылы солардың бірі болып №14 мектеп-интернатқа барып, оқуға түседі. Ол интернаттар Шығыстың жұлдызы атанған Ғани Мұратбаев бастаған жастардың күшімен ұйымдастырылған екен. Сол интернаттың түлектері орыс тілінен тұңғыш сабақты Ғани Мұратбаевтың өзінен алады. 

Мектеп-интернатты тәмамдаған соң 1923-1927 жылдар аралығында Нұртас Ташкент Орман шаруашылығы техникумында білім алған. 1927-1930 жылдары Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қалаларында су шаруашылығы мекемесінің қызметкері болады. Жас кезінен алғыр, зерек жас жігіт 1930-1934 жылдары Ташкенттегі Орта Азия университетіне қарасты Ирригация институтында оқиды. 1934-1938 жылдары Қазақ орман шаруашылығы басқармасында орынбасар кейінірек басшылық қызмет атқарған. Ол қызмет бабымен 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетіне төраға болып тағайындалады. Онда Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитетінің бюро мүшесі, Қазақ ККР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясының II съезіне делегат болып сайланады. Сөйтіп, сол облыста алты ай қызмет жасап жүрген уақытында іскерлігі мен жанашырлығының арқасында 1938 жылы шілде айында оны Үкімет төрағалығына сайлайды. Сонда алты ай ішінде облыс басшылығынан Республика басшылығына дейін көтеріледі. Қазіргі кезде Премьер-Министрдің 5-6 орынбасарын ауыстырумен әлек. Бұл қызметті ол 1951 жылдың қазан айына дейін 13 жыл үздіксіз атқарды. Қазақстанның арғы-бергі тарихында бұл қызметті Нұртас Оңдасыновтан ұзақ атқарған бір-ақ адам болған. Ол – Бәйкен Әшімов қана. Егемен Қазақстан тарихындағы 30 жылдан астам уақытта 13 ке жуық Үкімет басшысы, яғни Премьер-Министр жұмыс атқарды. Оның да бір себептері бар шығар...

Нұрекеңнің білімді, іскер болып шығуы алдымен Алланың сыйы шығар, одан кейінгі ата-ана тәрбиесі болса, одан кейінгі интернатта сабақ берген ұстаздары – Ғ.Мұратбаев, Сәдуақас Оспанов, Әмин Жүнісов т.б. Нұртас Оңдасынов бірге оқыған жас балалар – Райымбек Ахметов, Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Бектас Шынарбаев т.б. Ұстаздарының бірі Сәдуақас Оспанов интернатта тәрбиеленген балаларға Абай өлеңдерін жаттата береді екен.

Содан Н.Оңдасынов пен Б.Кенжебаев таңдайына сіңген Абай рухы ұлтшылдық, олардың маңдайына пешене болып жазылған. С.Оспанов кейін Қазақстанда 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен. Небәрі 18-дегі мұғалім Ғани Мұратбаев жайында Н.Оңдасынов естелігінде: «Біздер сияқты жастар үшін, білімге енді ғана қолы жеткен көшпелі елдің қарадомалақ ұлдары үшін Ғани ерекше тұлға еді. Алдымызда сондай абзал ағаның болғанына бұл күнде қуанамын. Себебі біздер сол кісіге қарап өссек, соның жолын қусақ деген асқақ арман бізді алға жетеледі», - дейді.

Нұртас Оңдасыновтың өмір жолында және қиын сәттерде оның алдынан қазақ зиялылары жолықты, тәрбие берді, бағыт көрсетті. Ташкенттегі оқуға қабылдануына Халық ағарту Халық комиссары Сұлтанбек Қожанов қол ұшын берген. С.Қожанов 1922 жылы Нәзір Төреқұловтың басшылығымен шыққан Абайдың 1-томдығын өзінің алғы сөзімен 1923 жылы шыққан Мағжан Жұмабаевтың 1 томдық шығармалар жинағын беріпті. «Осы екі ақынды көбірек оқы үлгі алуға тұрарлық», - депті. Кейін С.Қожанов арқылы Н.Төреқұловпен танысады. Нәзір ағасы: «Халық мұрасын жинауға атсалыс, ескілікті жыр-дастандарды көп оқы, тілін меңгер», - деп ақыл берген екен. «Кейін Мәскеуде шығармашылықпен айналысқанымда Нәзір ағаның сөзі қамшы болды», - деген екен.

Нұрекеңнің естелігінде жазылғандай, қариялардың айтуына қарағанда, оның бабалары Сырдария, Қаратауға Жиделі-Байсыннан көшіп келген екен. Оңдасынның үшінші перзенті өмірге келгенде ата-анасы қуанышына ағайын-туыстарын шақырып, Құдайдың берген ұлы ғой, оның сенімді елшісі болған деп нәрестеге «Нұрмұхаммед» деп азан шақырып ат қойған. Кейін сол аттың «Нұр» түбірін қалдырып өмірі тастай берік болсын деген үмітпен «Нұртас» аталып кеткен. Осы ат қою жөнінде Мұхаммед-Қанафиядан – Шоқан, Ибрагимнен – Абай болған, Ғабдулғаниден – Қаныш болған секілді Нұрмұхаммедтен – Нұртас болған азаматтар қазақтың біртуар тұлғасына айналғаны кездейсоқтық емес шығар. Ауыл молдасынан ашқан сауатының арқасында бала кезінен-ақ «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Көрұғлы», «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты қисса-дастандарды дауыстап оқып, үлкендердің батасын алатын. Сонымен бірге жарты ғасырдан кейін Нұрекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін сол білімі «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» пен «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздікті» жазып шығуға негіз болған.

Министрлер Кеңесін басқарған бір-екі жыл ішінде Кеңестің беделі артып нағыз шаруашылық штабына айналған. Н.Оңдасыновтың қол астында нарком болған С.Қайназаров, Қ.Едігенов, А.Кисеновтар: «Нұрекеңдей үкімет басшысы болған емес, талабы күшті, ісіне тиянақты, айтқан сөзінен танбайтын адам еді. Біз оны төраға демей, хозяйн дейтін едік», - деп естеріне алып жүретін еді.

Н.Оңдасынов Республика Үкіметінің басшысы болған соң Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету шаралары бойынша КСРО Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы В.М.Молотов пен И.В.Сталинге кездесуге барады. В.М.Молотов Н.Оңдасыновты жоғары бағалаған, соның нәтижесінде үшінші бесжылдықта республиканың осы саласы біршама биікке көтеріліп мал шарушылығына жаңа жүйе енгізілген.

Зерттеуші ғалымдардың жазуынша Н.Оңдасынов республика үкіметін басқарған жылдар Қазақстан Республикасының өрлеу кезеңіне айналды. Оның тікелей басшылығымен өлкеде қара металлургия өнеркәсібі, мұнай және көмір өндірістері қарқынды дамыған. Қызылорда күрішті, Шымкент мақталы, Жамбыл мен Талдықорған қант қызылшасы, Алматы жеміс-жидекті, Семей малды, Атырау мұнайлы өлкеге айналды.

Н.Оңдасыновтың іскерлігі мен жоғары жауапкершілігі, сабырлығы мен байсалдығы Ұлы Отан соғысы жылдарында байқалды. Қазақстан Халық комиссарлары Кеңесінің жанынан төтенше жағдайға байланысты бюро құрылды. Бюро жұмысын Н.Оңдасынов өзі қадағалап, басшылық жасады. Республикадан 319-атқыштар дивизиясы, алғашқы 3 ай ішінде 238, 310, 314, 357 және 391 атқыштар дивизиясы құрылып, Н.Оңдасынов олардың алдында сөз сөйлеп, майданға шығарып салды. Н.Оңдасынов соғыстың қиын жылдарында да мәдениет саласының дамытушысы болды. Дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты, Қазақ опера және балет театры, Ғылым академиясының ғимаратының іргетасы қаланды. 1943 жылы желтоқсанда ақындар айтысы өткізілді. Өзі қолдап, қазақ тілінде шыққан М.Әуезовтың «Абай» романын Сталиндік сыйлыққа ұсынды.

Үшінші бесжылдықта өндірісті дамытуға білікті мамандар, ғылымды дамытуға ғалымдар керек болды. 1942 жылы Лениногорск түсті металдар комбинатының директоры Д.Қонаевты өзіне орынбасарлыққа шақырған. Қазақстан КОПК бірінші хатшысы келіспегенде Мәскеуге барып, рұқсат алып, 9 жыл бірге жұмыс істеген. Кейін кімнің алып келгенін білген Д.Қонаев: «Нұреке, сіз екен ғой мені алып келген», - дегенде: «Мен СЕНІ алып келген жоқпын, Қазақстанға қызмет ететін адам алып келдім», - деп айтқан екен. Сол сөздің де кейін қандай әсері болғанын кім білсін.

1938 жылы мақалалары арқылы таныс Қ.Сәтбаевты Мәскеуге шақырып, сөйлесіп, сол кездегі КСРО Ғылым Академиясының Президенті В.Л.Комаровқа таныстырып: «Қазақстан Ғылым академиясының болашақ Президенті осы жігіт», - деп таныстырған. Сонымен бірге Қ.Сәтбаевтың 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, кейін толық мүшесі болып сайлануына белсене атсалысқан.

1943 жылы Қостанай облысына іссапармен барғанда ауаткомның атбағары, саздан әртүрлі мүсін жасайтын бозбаланы Алматыға алдыртып, оқытады. Қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев өзінің естелігінде: «Қайраткер Н.Оңдасынов болмаса мүсінші Х.Наурызбаев та болмас еді», - деп жазған екен. 

Ғылым академиясының қалыптасуына көп көңіл бөлген. Академиктердің біразы соғыс жылдарында «эвакуацияда» Бурабайда тұрған. Қ.Сәтбаевты ертіп барып, арнайы сәлемдесіп, мұқтаждарын сұрап, жұмыс істеулеріне жағдай жасаған. 

Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Н.Оңдасыновтың өмірі де қызметтік жолы да нағыз «тар жол тайғақ кешу» кезеңінде өтті. Бары-жоғы 34 жасында Үкіметтің басшлығына келді. Артында «үш тазалық дана» сөзі: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза. Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза. Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» Сөйте отырып үш өкінішін де жасырмайды, «Біріншіден – сөз өнері дертпен тең» деп Абай босқа айтпаған екен. Сөз төркінін іздеу қандай қызық, қандай ғажап, қандай сиқырлы! Тек өкінерім: жүргелі тұрған поезға билет алып қойған жолаушыдай қопаңдаймын да отырамын. Уақытымның аз қалғанына,  шәкірт тәрбиелемегеніме өкінемін. Шәкіртсіз ұстаз – тұл. Екіншіден –зейнеткерлікке шыққан соң Мәскеуге емес, Алматыға көшуім керек еді. Елден ұзап, үнемі сағынышта жүремін, басқа ортаны өгейсимін. Үшіншіден – әйелім орыс ұлтының өкілі. Өмір бойы сыйластықта өткен әйелімді ол үшін жазғыра алмаймын. Өкінерім – балаларымды «жоғалттым» деуге болады, олар қазақи рухтан, тектілік түйсіктен, тәлім-тәрбиеден, салт-дәстүрден мақұрым қалды. Ол үшін халқымнан кешірім сұраймын.

Тағдыр маған ел басқаруды , халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі елдің, халықтың мүддесін жоғары қоюы керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге – қанағат».

Егемендік алған Қазақстанда Н.Оңдасыновтай «Үш тазалық дана» сөзін айтатындай қайраткер болды ма екен?

Қосшы қаласы 

Маслихатының депутаты Ерғали ДІЛДӘБЕК.

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар