Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ. СІҢІР ҚАЙНАТПАСЫ (Әңгіме)

Бөлісу:

14.10.2024 1709

 Қамыр бет, маймұрын еркек жай қозғала басып, жаныма жақындай берді. Жүзі оншалық таныс болмаған соң, алғашқы сәтте аса көңіл аударғам жоқ, жанымнан өтіп кететін болар деген ойда едім. Оның үстіне анадай бет бейнесі де тым тартымсыздау. Алланың жаратқаны десек те, қарауға ішкі ықыласың тартыншақтайды. Жақындап келіп, тоқтап тұр. Енді ғана оған бұрыла қарап, еріксіз назар аудардым. Қамыр бет, маймұрынды жақыннан көрсең, тіпті көңілің құлазып сала берердей. Жасы менен біршама кіші, ары кетсе қырықтың жуан ортасында болар. 

 -Маған бірдеңе айтайын деп пе едің, інішек? -дедім көңілсіздеу үнмен. 

 -Жотағали!

 Танысқысы келетіні белгілі болды. Таныссам танысайын. Несі айып?

 -Орманғали! 

 -О-о! -деп, аяқ астынан шек-сілесі қата күлген. Май мұрнын қайта-қайта сауып қояды. Не үшін күлді? Түсінбедім. Атыма ма? Жоқ, даусыма ма? – Айыпқа бұйырмаңыз, өзімді ұстай алмай қалдым, - деді сосын. - Осындай ұстамсыз, жеңілтектеу мінезім бар. Күлкі қысқан себебі – екеуміздің есіміміздің ұйқаса кеткені еді.

Мен оқасы жоқ дегендей, басымды изедім де қоя салдым. Ол тағы да сөйледі. 

 – Басқалай ойым болған жоқ. Оллаһи, шыным...

 -Жарайды! - дедім енді мен де үлкендігімді алға тартып. – Ағаңа еркелегенің деп қабылдадым. Ол жайынан ұмыталық.

 Бильярд үстеліндегі ақ түсті шарларды ана бұрыштан мына бұрышқа жүгіртіп, оңды-солды қуып, өзіммен-өзім ойнап жатқан жайым бар еді, шақырған досым әлі келе қоймаған-ды. Маған арнайы бұрылып келіп тұрған соң, бірдеңе айтқысы келді ме деп ойлап, оның үстіне қонақжайлығымды көрсетіп, шәй ішетін үстелге жайғасуын сұрадым. Ол қарсы болмады. Отырдық. Ішімнен кішкене қияс ой ойлап қоям. «Тегін бильярд ойнап, ішер тамағын осы жерден айырғысы келетін қу неме емес пе екен?..» Мұнда кімдер келмейді? Қалтасы тесік кейбіреулер үстел жағалап жүріп, серік іздегендермен шар таластырып болған соң, кейде үн-түнсіз жоғалып кететіндер де, ал кейде сөзге тартып, біраздан соң жақсы танысыңдай болып кететіндер де бар. Көргенбіз біразын. Ендеше мұндай жандар аса таңсық емес. 

- Мен жүрек жалғап алмақшы едім, -дедім оған шынымды айтып. -Қаласаң, саған да тамаққа тапсырыс берейін. Келіп сәлем бергеніңе рахмет, қонағым бол.

Қамыр бет, маймұрын жігіт басын шайқады. - Мен бұл жерден ештеңе татып алмаймын! - деді сосын. – Сенсеңіз, көңіл ықыласым мүлде жоқ! 

Мен аң-таңмын. Бильярд клубындағы асхананың ас мәзірі өте дәмді болып келетін, не жеймін десең де табылады мұнда. Сосын да кей кездері бірнеше жолдастарыммен келгенде, тек бильярд ойнап қана қоймай, тамағын да сүйсіне жеп қайтатынбыз. 

- Қысылма! Ағалық көңілмен ниет білдіріп тұрмын. Айт. Жұмыртқа қосылған бифштекс, бұзау етінен дайындалған котлет, палау...

- Жемеймін, ағасы! 

- Бәлкім, қамыры бар ет алдырсақ ше? Соны қалап тұрсың ба? - Беті қамырға ұқсап тұрған соң, ет тамақты өте сүйсініп, көп жейтін шығар деген ой да көңіл түкпірінен қылаң еткен. 

Жотағали осы кезде ақырын тіл қатып, көрінгенге айта бермес бір сыры жайында сыналап сөйлеп, әңгіме бастап кетіп еді. Әуелде мынадай түріне қарап, сезім атаулыдан жұрдай жігіт болар ма деп топшылап қойып ем, сөйтсем қатты қателескен сияқтымын. Жаны барынша нәзік көрінді. Әп деп бастаған әуелгі сөз саптасынан-ақ соны байқап үлгердім. 

- Мен сізді осы бильярд клубынан жиі көрем, ағасы! -деді Жотағали. - Көзіме түр-түсіңіз әбден жатталып қалғандықтан, ескі танысымдай емін-еркін келіп, сөйлесіп отырмын. Ойыңызда не бар екенін де сезгендеймін. Мен осы жасыма дейін ешкімге масыл болып, біреудің есебінен тамақ ішкен жан емеспін. Құдайға шүкір, қаржы жағы жеткілікті. Маған жетіспейтіні басқа нәрсе...

 Сөз соңын соза түсті. Жанына қаяу түсірген бірдеңе бар сияқты. Әйтеуір әлденеге жаны күйзелетіндей. Ол не еді деп жағасынан ала түскем жоқ, әңгіме аяғын сабырмен күттім. Онсыз да ешқайда асықпаймын. Әлгінде ғана өзіме арнап тапсырыс берген жұмыртқа қосылған бифштекс келгенше әжүк-күжік әңгімелесе тұратын кісі де керек. Ал, арғы жағында бильярд ойнайтын досым да келіп қалар! 

- Бұл сырымды жария етпей, іште мәңгі сақтасам да болатын еді, алайда өзіңіздей өмір көрген, арғы-бергіні салмақтай білетін жасы үлкен ағаға айтпағанда кіммен бөлісермін? -деді қайта сөз жалғап. – Соңғы уақытта ойламайын десем де, мазамды ала береді. Өз жайым, әрине, өзіме үнемі дұрыс сияқтанады. Анығында, мен де қателік жасап жүрмін бе? - Тағы да мүдірді. Әңгімені асықпай-аптықпай айтатынын байқадым. - Мен отбасылымын. Келініңіз осы қаладағы бір мекемеде жап-жақсы қызмет атқарады. Екеуміз сырт көз қызығардай, тату-тәтті өмір кешіп жатқалы, міне, жиырма жылдан асып барады. 

Осы жерде сабырды бұзып, тосын сауал бере қоярмын ба! 

- Е-е, онда кішкентайларың да өсіп қалған шығар, ә? 

- Сол жағынан ұяттымыз! -деп, Жотағали мұңайған кейіп танытты. Мен бұл сұрақты қойғаныма бармақ тістегендей болып, іштей қатты ыңғайсызданып қалдым. Сол жағдайымды байқап қалды ма: - Қысылмаңыз! -деді. – Алғашқы жылдары баланы ойлап бас қатырмаппыз. Жас кездің өз қызығы жетерлік-ақ. Оған үлгереміз деген соң, келініңіздің дегеніне көніп жүре беріппін. Ал, жасымыз отыздан асып, қырыққа қарай жылжығанда әйел затына бала көтеру қиындай береді екен ғой. Рас, бір рет аяғы ауыр болды, бірақ көп ұзамай белгісіз себептермен түсік тастады...

Енді сұрақ қоюды ойлағам да жоқ. Оны айтасың, мына інішекті не деп жұбатармын деп, өз ойыммен өзім әлектеніп кеттім. Менің ойымды Жотағалидың даусы бұзды. Даусы емес, күлкісі бұзған екен. Түкке түсінсем бұйырмасын. Жаңа ғана мұңайып отырған жігіт енді қарқ-қарқ күледі. «Ақыл-есінде кінәрат бар ма» деп оқыс қиял қозғап үлгергем. Кенет күлкісін сап тыйып: -Әйелімді айтам да! -деді. – Мен оны қанша жақсы көрсем де, бір нәрсені қабылдауым қиынға соқты. Келініңіз былайша өте жақсы адам, қанағаты да жоқ емес, алайда үнемі салтанатты өмірді, нақтылап айтсам, баршылықты қалайды. Үйдегі тұрмысымыз жаман да болмады, мен оның қалауын орындап, жап-жақсы жұмысымды тастап, бизнеске ауыстым. Сосын да ақша-қаражат жағынан таршылық көрсетпедім дей алам. 

Жотағали тағы да тоқтап қалды. Арғы жағын айтқысы келмегені ме? Негізі, ер адамның өз от басындағы мейлі ірі, мейлі ұсақ – қандай да бір жағдаяттарды көрінген адамға жария ете беруі мәдениеттілік белгісі бола алар ма? Өз басым барлық уақытта отбасы жағдайын құпия ұстауды қатты ұстандым, солай өмір сүрдік те. Ал, бірақ, мына жағдай басқашалау сияқты: қамыр бет, маймұрын інімнің ішкі сырында айтпасқа болмайтындай бір ерекше сипат барын сезіп, ары қарай тыңдай түскім келген. 

- Бизнесті де қолынан келгендер өз биігінде бипаздап жүргізе алады, -деп оны қостап қойдым. - Әйтпесе, естуліміз ғой, талай мықтысынған жігіттер орта жолда сыр беріп жатады.

- Аға, менің сізге білдіргім келгені ол жағы емес, - деді Жотағали. – Жалпы өзім жайлы кішкене мағлұмат беріп жатқаным ғой. Ал, жаныма аяздай бата беретіні басқа...- Сәл саябырлады. Сосын май мұрынын бір тартып қойып, қайта жалғады. – Келініңіз екеуміз отау құрған соң, ол маған мынадай екі шарт қойды: біріншісі – үйді жинап, шаңын сүртіп, еденін жууға қызметші – служанка жалдаймыз; екіншісі – үйді бықсытып, түтіндетіп тамақ әзірлемейміз, сырттан ішеміз. Жас кез ғой, оның бұл екі ұсынысына да қарсы болмадым, бас изеп келісім бердім. Ол кезде тұрып жатқан пәтеріміз тым тар еді, кеңейтуіміз керек деген соң, қосымша қаржы табу үшін бизнеске кеттім де, ол арманын да орындадым. Жаңа пәтерді өз қалауынша түрлі жиһаздармен де толтырды. Қолын қақпадым. Кімнің жайлы үйде тұрғысы келмейді? Оның үстіне жиһаздарың да көздің жауын алып, жарасып тұрса, қандай ғажап! Біз екеуміздің кішкене сөзге, жо-жоқ, болмашы сөз-ілікке кеп қалған жағдайымыз бертінде болды. Мен, шынымды айтсам, қырықтан аса бере сырттағы кафе-мейрамханалардың тамағынан жери бастадым. Әттең, ең болмағанда кешкі асты үйде, әйелім өз қолымен әзірлесе екен деп армандадым. Қиялымда көп уақыт шайқаған осы ойымды бір күні оған айтып ем, қолдайтын шығар десем, шалқасынан түсер ме! «Сен енді баяғы заманның масыл еркектерінің әдетін аңсай бастапсың» деп дүңк етті. Дұрыс айтпадым. Дүңк еткен жоқ, еркелікке салып айтты. Артқы жағын түзеп жіберді. «Күнбе-күн қаладағы ең таңдаулы мейрамханалардан ас ішеміз, қаржы жағынан тапшылық көріп отырғамыз жоқ, не қаласақ соны аламыз, несі жаман екен?». Мен қоғамдық тамақтану орындарындағы тамақтың қай-қайсысы да дәмсіз бола бастағанын, тәбетім тартпай бара жатқанын, сен өз қолыңмен әзірлесең, қандай дәм болса да сүйсіне жеп алар едім деп шын сырымды жайып салайын. Тіпті осы арқылы оған деген ыстық сезімімді де орап жеткізгендей едім. Бұған әйелімнің жауабы әзір екен. «Бар арманың сол болса, мен ертеңнен бастап жаңағы үй жинайтын қызметшіге – служанкаға кешкі асты әзірлеп қой деп тапсырайын» деді. Мен әбігерленіп кеттім. «Жоқ, тек сенің қолыңмен әзірленген асты жегім келеді» дермін бе? Әйелім онан бетер шалқалады. Дауысындағы еркелік ақырындап жоғалып бара жатқандай. Салқын үн сезілді. «Енді түсіндім, сен мені үйге қамап ұстауды ойластырып жүр екенсің. Жо-жоқ, бұл сылтау, анығында менен жериін депсің, басқа бір шүйкебасқа көз сала бастаған сияқтысың» деп қайдағы бір қияли әңгімені шұбыртсын. Сол сәтте мен тұңғыш рет үлкен қателік жасадым. Оны еркелете сөйлеу орнына, шырт кетпе ашулы сезімге ерік беріп қойыппын. «Керек десең, мына сырт көз қызығар керемет пәтерімізді апта сайын басқа бір адамның, яғни служанканың жуып-тазалап отыратыны да маған ұнаған емес», - дедім. «Өйткені, мен диванға отырып, теледидарды қосқанда, оның бетін сенің алақаның емес, қайдағы біреудің сипалап-тазалағаны есіме түседі. Кешкі жатын төсекке жатқанда да соны ойлаймын. Ойымнан еш кетпей қояды». Бұл, бірақ, оны мұқату емес, керісінше, беделін көтерер уәж деп ойлаппын қара басым. Әйелім болса бұның бәрін өзінің атына айтылып жатқан дөрекі сын деп ойлады ма, орнынан сілкіне тұрды да, келесі бөлмеге кіріп кетті. Қысқасы, сол күні түнде екеуміз екі бөлек ұйықтап шықтық. Келініңіз өз ойын дұрыс деп есептеді, мен өз ойымда қалдым. 

- Осыны сылтау етіп, ажырасып кеттіңдер ме? - деп, еріксіз сауал бердім. Жотағали басын шайқады. 

- Жоқ, ағасы! - деді. - Неге ажырасайық? Мен оны жақсы көрем ғой. Алғашқы да соңғы махаббатым! Арада бірер күн өткен соң, келініңіз екеуміз қайта келісімге келгендей болдық. Әй, бірақ...

Осы кезде менің жұмыртқа қосылған бифштексімді алып келген еді. Исі бұрқырап тұр. Қарным қатты ашып тұрған. Дереу жеуге кірісе бердім де, тағы да алдынан өтейін деп: 

- Дегенмен, бірдеңе жеуді қаларсың? - дедім. - Мен алдымдағы асты жеп отырғанда, сенің ауыз сипап, тымпиып отырғаның ыңғайсыз көрінеді екен.

- Онда, - деді Жотағали. - Осы клуб асханасында әзірленетін, өзім сүйсініп жейтінді алдырайын. - Асханадан келген даяшы жігітке қарап: - Сіңір қайнатпа...-деп еді, ол түсінбеді. Мен де қапелімде түсіне алғам жоқ. - Ол не?- деп аңырып тұрған жас жігітке дүрсе қоя берді. – Сіңір қайнатпасы дегенді бұдан былай ұмытпа, ол - холодец! - деп айқайлап жіберді. Жас жігіт бас изеп, жөнеле берді. Мен өзімнің де мынадай қазақша атты бірінші рет естіп тұрғанымды айттым. 

- Холодецті өзіңше қазақшалаған молодец екенсің! - деп қойдым. – Көп жерде оны іркілдек деуші ме еді? 

- Айтпақшы, өліп-өшіп жақсы көрген келініңізге деген алғашқы салқындау сезім осы холодецке байланысты леп етіп шыға келген болатын, - деп Жотағали одан әрі әңгіменің тиегін ағытты. – Жылда бір-екі рет базардан жаңадан сойылған сиыр етінің бір бөлегін сатып алатынмын. Үйде мүлде тамақ әзірленбейтінін білсем де, сиыр етіне қосып, төрт бақайын да ала келем. Мен үшін сол бақайлар аса бағалы. Әйелім ұнатпаса да өзім тазалап жуып, сосын қазанға салып, күні бойы қайнатам, піскен кезде суытып қойып, артынан өзімше сіңір қайнатпасын әзірлеймін. Оны сүйсіне жейтін де өзім. Келініңіз «исі қандай жаман еді» дегендей, маған байқатпағансып, мұрнын шүйіріп отырады. Онысына көңіл аудармаймын. Тойғанымша жеп, артылғанын мұздатқышқа салып қоям. Бір жолы мұздатқышта тұрған холодецтің қалғанын далаға лақтырып жіберіпті. Сол жолы ашу-дұшпан алқымдап кетті мені. Қалай екенін қайдам, сабырды сырт айналып, өзімді-өзім ұстай алмай қалдым, не керек! «Менің жеке басымды қадірлемеуің – махаббатымыздың мұздай бастағаны!» деп жіберіппін. Ол сөзіме маңыз бермеді, сайқымазақтана күлді. Күлкісі маған түрпідей тиіп тұрды. Бірақ, өзі сезер ме? 

Ол әңгімесін аяқтап болғанша сіңір қайнатпасы да келе қалды. Жотағали шанышқыны қыса ұстап, оны ашқарақтана жей бастады. Мен көз қиығыммен оған қарап қоям. Расымен де мұндай сәтте тәбеті ашылып кететіні байқалып тұрды. Бір-екі рет қарбып жеп алған соң, маған бұрылып: 

- Осындай сіңір қайнатпасын анам марқұм өте дәмді етіп әзірлеуші еді, - деді. – Бұл холодец деген дәм екінші жағынан асыл анашымды есіме салады. Сағынышымды оятады. Көңіл аңсарын жұбатады. 

- Міне, келінге осы жағын баса айтуың керек еді, - деп, мен де сөз қосып қойдым. - Сонда сенің жағдайыңды жақсырақ түсінген болар ма еді? 

- Айтқам! - деп, Жотағали көңілсіз жауап қайырды. - Оған да жауабы әзір болды. «Жаңа уақыттың талабымен өмір сүрейік, жоқшылық кезде не бастан өтпеді дейсің, ауыл қазағы не жемеді дейсің, өткенді көксей берген дұрыс емес» деді. 

Ол маған сөйлеп отырып, алдындағы сіңір қайнатпасын түгел жеп тауысуға айналды. Соңғы бір түйірі қалғанда маған қарап: 

- Айып етпеңіз, сізге де алыңыз демеппін ғой, - деп қысыла сөйледі. - Сіңір қайнатпасын көрсем, осылай бар еркімнен айрылып қалатыным бар.

- Оқасы жоқ! - дедім мен. – Бифштекске тойып отырмын. 

Анығында, өз басым мынадай сіңір қайнатпасын, холодецті онша ұнатпаушы едім. Талай рет жемек боп оқталсам да, тәбетім тартпай-ақ қойған. Бірақ, Жотағалиға ол жайынан тәптіштеп айтып қайтейін. Осы жайында қиялданып кетсем керек, Жотағалидың даусынан селк еттім. 

- Сіздің не ойлап отырғаныңызды сезем! -деді. - Келініңізді іштей ұнатпаған сыңайыңыз бар? Өзім де айтпасты айтып, артықтау кетіп қалдым ба? 

- Жо-жоқ, неге ұнатпайын? Екеуіңнің ерекше махаббаттарыңа қызығулымын анығында! Әсіресе, сенің келінге деген алғаусыз сезімің...-дедім асығыс жауап қатып. Жотағали аузын сүртіп, кішкене тамағын кенеп алды да: 

- Бір әйел затын ынты-шынтыңмен беріле сүйсең, оның қылаудай кемшілігі де көзіңе көрінбейтін тәрізді! - деді. – Мына замандағы тартыстар мен түсініспеушіліктер һәм ай-шайға қарамай ажырасулардың астары осы тұста түйдектеліп тұрғандай болады маған... 

Жауап қатпадым. Қандай жағдай болса да күйгелектенбестен, «е, жарайды» деп бір-ақ ауыз сөз айтатын өзімнің тәубашыл да сабыршыл ақ кемпірімді ойлап кетермін бе! Екеумізді қырық жыл бойы жіпсіз байлаған қандай құдірет деуші ем! Жауап таба алмаушы ем. Қиялымда осы ой ор қояндай ойнақ салды...

 ***

Сәлден соң күтіп отырған досым да келіп жетті. Жотағали менің қонақжай көңіліме рахметін жаудырып, ары қарай кетіп қалды. Біз бильярд ойынын бастадық. Ойын арасында жаңа ғана әмпей-жәмпей болып әңгімелескен қамыр бет, маймұрын...ой, осыны неге айта берем, Жотағали есімді мәрт жігітті көз қиығыммен іздеп қоям. Ол әлдекімдермен бильярд ойынына қызу кірісіп кетіпті. Тегі, оның да таныстары келді ме екен? 

Досым екеуміз бильярд қызығына қатты беріліп кеткен екенбіз, кенет Жотағали барған жақтан жаныға шыққан шулы дауыс естілді. 

- Дәрігер шақырыңдар! - деп айқайлады бір жуан қарын жігіт – Ол қысылып қалды. Жүрек ұстамасы...

Жақындап барып қарасам, диван үстінде Жотағали ес-түссіз жатыр екен. Денем дір-р етті. Жүрегім қатты-қатты соқты. Мына ес-түсін жоғалтып, екі қолы екі жаққа кетіп, әл-дәрменсіз сұлық жатқан жігіт тап осы сәтте менің ең бір қимас адамымдай көрініп кетер ме? 

- Жотағали, есіңді жи! Саған не болды? – деп жанұшыра дауыстадым. Қасымдағы досым маған таңдана қарап тұр. 

- Сен бұл жігітті жақсы танушы ма ең? Жақындығы бар ма? 

- Бүгін ғана таныстым, бірақ талайдан бері араласып жүрген жақыным сияқты!

Досым маған «сенің де есің ауыса бастаған ба» дегендей, сұраулы жүзбен қарап қалыпты. 

Сәлден соң жедел жәрдем де жетті. Олармен бірге қызғылт түсті шашы жол-жол болып бұйраланған, көзіне өте қымбат көзәйнек киген, екі саны тар шалбарының сыртына шығып кетердей тырсиған, әр қадамынан шалт мінезі байқалатын пысықайлау сары келіншек қатар кіріп келе жатқан-ды. Көзіме түскенді сол қалпында жеткізіп жатқаным. Сырт көз алдамшы бола береді, әрине! Ал, бірақ, неге екенін қайдам, ішкі түйсігім тап осы келіншек Жотағалидың ерке әйелі екенін аңғартып тұрғандай. Қайдан естіп қойған? Әрине, жақсы көретін жандар осылай жүрегін қолына алып жетеді ғой. Қазір, қазір-ақ ол Жотағалиын аймалап, оның асты-үстіне түсетін болар? 

Мен өз ойыма өзім алдандым. Бұйрабас келіншек келе сала айқайға басты. 

- Тұр! Тұр деймін саған! Бар арманыңды кеше ғана орындап едім ғой, - деп тоқтар болмады. Даусы тым ащы. - Үйдің тамағын жеуім керек деп құлағымның құрт етін жедің. Кеше жұмыстан ерте келіп, ас үйде ебір-жесір болып, сен үшін тамақ әзірледім. Бір жыл аш жүрген бейшарадай қомағайлана қарбып жедің. Ішің жарылып кете ме деп қорқып ем. 

Жотағали әйелінің даусын таныды ма, кішкене көзін ашып, бірдеңе деп күбірлеген болды. Бірақ үні естілмеді. Тым әлсіз дауыс! Әйелі тағы да дабырлап сөйлей жөнелді. 

- Сиырдың сирағын да амалсыз қайнаттым ғой мен сорлы! Исінен құсып жібере жаздағанымды білермісің? Сіңір қайнатпасы дедің бе немене, оны да түк қалдырмай атауыңнан асырдың. Енді жүрегің ұстап жатысың, міне! Не дедім саған? Не айтып ем кеше?

Қара көзілдірікті бұйрабас әйел мұнымен де тоқтамады. Тағы да даудырлап, бірдемелерді айтып жатты. 

- Есі дұрыс адам қаладағы ең мақтаулы мейрамханалардан керегінше қазы мен қарта немесе бал татыған қаз етін жеп, жағдайы барлығына риза болып, масайрап отырар еді. Сирақтың сіңіріне көзіңді сатқан ақымақсың сен...

Бұл жолы Жотағали үн шығаруға да шамасы жетпеді. Енді дәрігерлер іске кірісті. Сөзуар әйелді былай ысырып қойып, сырқаттың қан қысымы мен жүрек соғысын өлшеп болды да: 

- Дереу ауруханаға жеткізуіміз керек! - деп, Жотағалиды жылдам көтеріп әкетіп бара жатты. Тырсиған жуан сан келіншек аяқтарын дік-дік басып, соңдарынан қуып ала жөнелді.

- Байқаңдар! Абайлап алып жүріңдер деймін! – деп, жүре сөйлеген. - Біреудің байын аяйсыңдар ма сендер?

 ***

Ертесіне, түс ауа осы бильярд клубында бас қосып, қызу ойынға кіріскен бір топ жігіттердің әңгімесін құлағым шалып қалды. Жотағали туралы бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, тоқтаусыз айтып жатты.

- Өзінен де бар, модабас бедеу қатынға жабысып алды-ай кеп... - деді біреуі көзілдірігін түзеп жатып. 

- Қайтсін-ай! - деп, екінші біреуі даусын созды. – Қайтсін енді!

- Мә-хәб-бәт! - деді ернінде күлкі еріген шикіл сары жігіт.

Жотағали, өкінішке қарай, түнде ауруханада көз жұмыпты…

Бөлісу:

Көп оқылғандар