Ерғали Бақаш. Үрей

Бөлісу:

21.10.2024 1834

Әңгіме

Алыстан атты адам көрінді. Асықтың қызығына түсіп кеткен балалар ойынға айналып ештеңені сезген жоқ. Кенет алды-артына қарамай тұра қашқан Емілге бәрі таңдана қарап қалды. Көздегенін дәл тигізіп, қидай сыпырып ұтып жатқан. Бәрін тастап, зытып берді. Түкті де түсінбеген достары қалған асықтарды бөліп алып, үйді-үйіне тарасты. 

***

Еміл неден шошып, сонша қорқып қалғанын өзі де толық түсініп, үлгермеген сияқты. Тек Әнеш сынықшының жуан қара атын алыстан таниды. Сыртынан аңдып, оны-мұнысын алып, ауылдан ұзап кеткенде барып, бойын билеген үрейден арылып, ештеңе болмағандай үйіне оралады. Бұл қылығына іштей намыстанып, өзінен-өзі ұялады. Бірақ, солай істемеске тағы да амал жоқтай көрінеді. 

«Қашанғы бұлай қашып-пысып жүремін? Енді сынықшыны көрсем, қағып өтпесем бе?!», – дейді батылданып. Бірақ төбесі көрінсе болды, құйын-перен зытады. Бала болса да, бұл әлсіздігін іштей мойындайды. Бәрі сол санада таңбаланған үрей мен жүректі шымырлатқан жарақатта жатқан жоқ па? 

Өзі де қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыз болатын. Екі кештің арасында өрістен қайтпаған жалғыз сиырды іздеп, торы бестіге жайдақ мініп, шаба жөнелген. Шешесі: 

– Әй, абайла! – деп айқайлап қалған. Жарты сағат өтті-өтпеді. Ақ шүберектей боп, қуарып кеткен Емілді Жеңіс мұғалім көтеріп келе жатқанын көрген анасы бір сұмдықтың болғанын сезіп, жылап жіберді. 

– Құдай-ай, не боп қалды құлыныма? – деді орнынан тұра алмай тырбаңдап. Көзі бақырайып, тілсіз қалғандай Еміл де жақ ашпайды. Жаулықпен сол қолын мойнына асып, байлап тастапты. 

– Қорықпаңыз, тәте, қолын ауыртып алыпты. Екі-үш күнде тәуір боп кетеді, – деді Жеңіс сабырға шақырып.

– Әлгі әкеңді жын қуып кетті ме, қайда кетіп қалды өзі? Осы қазір ғана жүр еді, – деді сасқалақтап. Емілдің өңі бозарып, қолы шыдатпай ауырып барады.

 – Шыда, құлыным, шыдашы! – деп жалынған ана көз жасын сығып-сығып жіберді. Еміл де қорғансыз қалған баладай «апалап» бауырына тығыла берді. Осы кезде жәйбарақат есік алдына жақындап қалған отағасы жылап отырған әйелі мен баласының даусын естіп, шошып кетті. Жалма-жан үйге атып кірді. Кірді де, өз көзіне өзі сенбеген адамдай, сілейіп тұрып қалды.

– Әке, қолым... – деп жылап тұрған Емілге көз тоқтатып қарағанда барып, бір пәленің болғанын анық білді.

– Балаң мертігіп, өлейін деп жатса, қайда жүрсің? Осы біздің керегіміз бар ма саған? – деді әйелі уыттанып. Басынан сөз асырып көрмеген отағасы, бәйбішесіне зекіп жібергісі кеп, өзін әзер ұстады. Әлден соң барып:

– Ат қайда? – деді Емілге қарап. 

– Білмеймін, – деді мойнына асылған шынтағын оң қолымен аялай ұстап. 

– Ауыра ма? Шыда, жігітсің ғой, мен қазір Әнеш сынықшыны ертіп келемін, сен оны-мұны дайындап қой, – деді бәйбішесіне бұйыра сөйлеп. Тысқа шығып, не істеймін дегендей, кепкісін алып, басын қасыды. Іле ойына бірдеңе түсіп кеткендей, көшеге қарай тез-тез басып, жүріп кетті. 

– Ой, ол ит үйінде болса, жолымның болғаны, зуылдап бір жаққа кетіп қалмаса нетті, – деді өзіне-өзі сөйлеп. Бала кезден бірге өскен Бейсенбай досының үйіне жақындағанда, ат ағашта қаңтарулы атын көріп, көңілі орнына түскендей болды. 

– Әй, Бейсеке, – деді аласа қоржын тамның есігін айқара ашып дауыстап. Жамбастың етін қиялай турап, маңдайы жіпсіп сорпа ішіп отырған Бейсенбай жұлып алғандай: 

– Тыныштық па? Не болды, екі кештің арасында жүрісің суыт қой?! – деді досына шақшия қарап. 

– Е, немене ырысыңды ішейін деп келгенім жоқ. Әлгі Еміл өрістен келмеген сиырды іздеймін деп кетіп еді, мертігіп оралыпты. Мың жасағыр көршің Жеңіс осы жаңа үйге алып келді. Бәйбіше зар еңіреп отыр. Атты ноқта-жүгенін сыпырып жібере салған көрінеді. Басы қатты еді ғой, ие бола алмаған сыңайлы... Атыңды бере тұр, Әнешті алып келіп, көрсетпесем болмас, – деді.

 – Жарайды, жарайды, ал, – деді қолының майы дастарханға тырс-тырс тамған Бейсенбай басқа не дерін білмей. Алқын-жұлқын тысқа шығып, алаяқ аттың үстіне қалай тез қонғанын өзі де байқамай қалды. Көз байланып, айнала қарңғылық құшағына еніп барады. «Тездетпесем болмас» деп, тебініп-тебініп қалып еді, алаяқ ор қояндай ырғып, еліктей секіргенде, ауып түсіп қала жаздап барып, оңшалып алды. Алаяқты жүзіктің көзінен өткізердей жаратып, баптай білген Бейсенбайға шын разы болды. Тасыр-тұсыр ат дүбірін естіген сынықшы таңғалған жоқ. Осы жаңа ғана ай бұрын көкпардан мертіккен шопанның үйінен келіп, намазын оқып, дем алып жатқан беті екен. Оның не үшін келгенін естіген соң:

– Әй, Қалибек-ай, ізімнен қуып келгендей, үстімнен түстің. Сәл болмағанда таппай қалуың да мүмкін еді, – деді қарқылдап күліп.

– Біз бала кезімізде аттан жығылуды намыс көруші едік. Бүгінгі жастар бос белбеу, бос тақым болып бара жатқанын осыдан-ақ байқауға болады. Ас-ауқатқа қарайтын түрің жоқ, жүре бер, мен де артыңнан шығамын, – деді.

Келген жолымен кері қайтқан Қалибек мүйісті айнала бере жуан қара атын борбайлап келе жатқан сынықшыны күтіп алды. Қатарласып әңгіме көрігін қыздырып келеді. Дабырлап сөйлеген дауыстан астындағы ат ентелей алдыға озып, бой берер емес. Сынықшының жуан қарасы өгіз аяңмен бір қалыпты пыс-пыс етіп, еріне басады.

– Ат жақсысы мырзалар мен қуларда деген тегі рас сөз, – деді Әнеш алаяқтың қаршығадай ұшқыр, қырандай өткірлігіне таңданысын жасыра алмай. Сынықшының тілінің тотыяйыны барын Қалибек бұрыннан білетін. Бір мүшел кішілігіне қарамай, әзілдесе беретін. Талай жиын-той, ас-суда сыр алғы дос болмаса да, бірге болған ескі таныстар-тұғын. 

– Әй, Әнеке-ай, қолыңыз емес, тіліңіз де епті ғой, – деді сөзден тосылмай. Екеуі қосыла қарқылдап күліп жіберді. 

– Жас кезіңде ата даңқын әспеттеген жігіт едің, жорға мен жүйрік белдеуіңнен кетпеуші еді. Есейіп, үкіметтің қызметіне араласқан соң, ата-бабаңнан мирас боп келе жатқан үлкен өнерді аяқсыз қалдырдың ғой. Әлде қолбайлау болып жүр ме? Осы күнгінің жастары, ат баптап, көкпарға шабуды ескіліктің қалдығы санап, теріс айналама деп қорқамын, – деді сұраулы жүзбен.

 – Жүйрік баққа бітеді-ау! Әкем жарықтық жылқы десе, шығарда жаны бөлек еді. Бізге жұғысты болмапты. Менен балам озар ма екен деймін. Бір көрген адамның түр-түсін, мінген атын ұмытпайды. Осы төңіректегі жүйрік аттың кімдікі екенін, қандай бәйгеден келгенін түнде ұйқысынан оятсаң, жаңылмай айтып береді. Сол атқұмарлығы ғой, мертігіп жатқаны. Басы қатты тор бестіні ұлдың көңілі үшін жайлауға айдамай, қолда ұстап едім биыл. Ал мынау алаяқ адам сүйер қылығы жоқ Бейсенбай досымның көзінің қарашығы ғой. Ол жынды қатынынан артық жақсы көреді бұл қылқұйрығын, – деді мысқылдай сөйлеп. 

– Жүйрік ат – ердің қанаты ғана емес, сәні мен салтанаты ғой. Ол құрдасың жеті атасынан құты үзілмеген берекелі әулеттің тұқымы. Байқаймын, мына атына қарасам, ата дәстүрін ұстап отырғандай көрінеді, – деді разы болған пішінмен. 

– Дұрыс айтасыз, Әнеке, ол жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын аңғал, ақкөңіл жігіт, – деді Бейсенбай досының азаматтығына сүйсініп. 

– Ұлы атасы Ықсан маңдайына басқан сәйгүлігін қапияда ұрыға алдырып, жер-әлемді кезіп, үш жыл іздегенін ел осы күнге дейін айтады. «Жоғалтқаным жәй жылқы емес, кейбір екі аяқты пендеден артық серігім болған соң, күдерімді үзбей іздеп жүрмін. «Сырты – түк, іші – боқ» хайуан болғанмен, адал досымды жоғалттым», – деп көзіне жас алған екен жарықтық. Сондай бір көңілсіз сапарында аңқасы кеуіп, иен жатқан қойшының қосына келіп, аяқ суытыпты. Маңдайы тершіп, шөлі қанып аттанар алдында қойшының қозы бағатын ұлы әлі жүні түсіп, түлеп үлгермеген қара таймен тепеңдеп келе жатқанын көріп, су алған жанары нұр шашып, қабағат шаттаныпты. Белгісіз бір аңсар шөкімдей денесіне ерен күш беріп, салыңқы қабағы ашылып, жүзі жадырып шыға келіпті. Жоғалғаны табылып, өлгені тірілгендей қуаныпты. Қыстан әрең шығып, көкке аузы тигенмен, әлі қоңдана алмаған тайға сонша жабысқан жоқшыға үй иесі мүсіркей қарапты. Әзілі ме дейін десе, барған сайын есі кетіп, айналып-толғанып ат ағаштың жанынан кетпей қойыпты.

– Нағыз тұлпар болғалы тұр екен. Жылқыны осынша қор қып, көтерем қылуға бола ма? Жоғымның орнын басатын сәйгүлігім-ау, сені көрмей өліп кетсем, арманым ішімде кетер еді, – деп кемсеңдепті. Содан араға апта салып, екі құлынды бие беріп, қара тайды сатып алыпты. Кейін ол «Құндыз қара» деген тұлпар атанып, көп жылдар бәйгенің алдын бермеді. 

– Тоқтаусыз тіршілік қой, Ықсан қартты да кәрілік жеңіп, дәм-тұзы таусылды. Сол асыл жандармен шынайы болмысымыз, ғажап құндылығымыз бірге кетіп қалғандай көрінеді маған. Сен қалай ойлайсың, үкімет адамы? – деді сөзінің артын әзілге бұрып. Қалибек сынықшының орынды сөзіне, астарлы әзіліне жауабым «осы дегендей» күліп қойды. Нағыз құйма құлақ, көнекөз қарттардың өзіндей Әнешке ізет-құрметі артып, ықыласы ауа бастады. 

***

Үй сыртынан дабыр-дүбір дауыс анық естілді. 

– Сынықшы келді, балам, ол кісінің қолы жеңіл, ертең-ақ шауып кетесің, – деді анасы мейірленіп. Еміл көзін жұмып, сұлық жатыр. Әлсіреп жатқанын ақ шүберектей боп қуарып кеткен жүзінен байқау қиын емес-тін. 

– Жүріңіз, аяқ киіміңізді үйге кіріп шешіңіз, – деген дауысты естігенде, Еміл көзін болар-болмас ашып, қайтадан жұмып алды. 

– Мына батыр ма, қане, көріп жіберейік, – деді Әнеш еркелете тіл қатып. Сынықшының сөзі Емілге қанат бітіргендей болды.

– Басыңды көтере ғой, құлыным! – деді жарыса тіл қатқан ата-анасы.

  • Ауырмай ма? – деді Еміл кемсеңдеп. 

– Түк те ауырмайды, қорықпа, балам! – деді Қалибек өзінің қорқып тұрғанын білдіріп алмайын дегендей. Бәйбішесі көзінің жасын Емілге көрсетпейін деп, тысқа шығып кетті. Сынықшы жіңішке, әлсіз білекті аялай ұстап, жейденің жеңін баппен жоғары қарай түре бастады. Шынтақтың басы сынып кеткенін бірден білді. Шодырайып шығып кетіпті. 

– Теріңді тесіп шығуға аз қалыпты ғой, батырдың баласы, – деді сөзге айналдыратын ежелгі әдетіне басып. Содан кейін ары-бері сипап, уқалап біраз отырды да, мытып жіберді. «Шарт» еткен дауыс шығар, – деп ойлаған Қалибек аң-таң қалды. Жаны мұрнының ұшына келіп, зәресі ұшып отырған Еміл де үрейден арылып, көңілі орнына түскендей болды.  Дәкемен қалыңдап орап, мойнына асып, таңып тастады.

– Бір аптадан соң келіп көремін. Оң жақ қырыңнан, көбінесе шалқаңнан жат, – деп ескертті. 

Сол түні Еміл түсініксіз бірдеңелерді айтып, шошып шықты. Анасы көз ілмей әр қимылын бақылап, тігінен-тік отырды. 

Ертесі Қалибек көрші ауылға бір апталық іссапарға кетті. Ойын баласы емес пе? Үш күн үйден шықпай жатып еді, іші пыса бастады. Төртінші күні шешесінің айтқанына көнбей, еркелігіне басып есіктің алдына шықты. Асық ойнап жүрген көршінің балаларына қызығып, ұзақ қарап тұрды. Солақайлап атқанда, көздегенін бос жібермейтін. Қорғасын құйған ауыр сақаларын сайлап, бәрін ұтушы еді. Кейбір балалар ұтылып қалған асықтарын қимай, жылап, шешелерін жіберіп алдырып алған кездер де болған. Ондай кезде анасының айтқанына көніп бере салатын. Бәрібір ертең тағы ұтып аламын дейтін өзіне сенген адамның сөзін айтып... Расында да солай болатын еді... 

Бір апта өткен күннің ертесі сәске түсте сынықшы келді. «Орнына түсіпті.  Жаңалап таңып беремін. Ара-тұра шешіп, бос жүруіңе болады. Бірақ әлі қуануға ерте, байқау керек», – деп ескертті. Сынықшының айтқандарына «иә» деп бас изегенмен былай шыға бере, ұмытып, тығылыспақ ойнауға кірісіп кетті. «Бір пәлеге ұрынып қалмасын», – деп шешесі соңынан жүгіреді де жүреді. 

– Әй, шешек шыққыр, қолыңды тағы сындырайын деп жүрмісің, қайт үйге, – дейді сабыры таусылған анасы. Бірақ оған көнер Еміл ме, ақ тер, көк тер боп, көршінің ұл-қыздарымен ары-бері жүгіреді де жүреді. 

Ата-аналары келіп ертіп кетпейінше, ел жатарға дейін ойнай беруге бар. Күндіз асық ойнап, ләңгі тепсе, кешке тығылыспақ ойнап, бірін-бірі тапқанға мәз-мейрам болады. Сондай бір ойын кезінде Еміл сүрініп жығылып, бітіп келе жатқан қолын қайтадан шығарып алды. Бірақ оны шешесіне білдірмеді. «Түнде әлденені айтып, сандырақтап шықтың ғой» деген анасына: «Бәрі жақсы, қолым ауырмайды», – деп жүгіре жөнелді. Арада бір апта өткен соң барып, болған жайға қаныққан шешесі Әнешті күнібұрын шақыртты. Сынықшы келгенде, Еміл ұйықтап жатқан болатын. Саңқылдаған дауысынан бірден таныды. Сол арада шешесінің:

– Емілжан, тұра ғой, қолыңды көрсетіп алайық, – деді. 

Сары самаурын жыланша ысқырып, сынықшы маңдайының терін екі қолымен кезек-кезек сылып тастап шайланып отыр екен.

Еміл тез киінді де, сып беріп, тысқа шығып кетті. Өне-бойын билеген белгісіз үрейге кінә таға алмай аз-кем бөгеліп үйге беттеді. Дастархан жиылып, сынықшы ұзындығы бір қарыс жұқа екі тақтайды оң жағына қойып, ақ матаны бүктеп, дайын отыр екен. Бұны көре сала.

– Кел, батыр, кел, – деді жүзіне күлкі үйіріліп. Қорқып тұрса да, бірдеңеден құры қалғандай жетіп барды. Қисайып, шодырайып шығып тұрған шынтақты көріп, сынықшының өңі сұрланып кетті.

– Қап, әттеген-ай, бітіп, жақсы боп келе жатқанда құртқаныңды қарашы, ойналмалы боп қалмаса жарар еді, – деді өкініш білдіріп. 

– Ойының осылғыр, тынымсыз бәле өзі! – деді әкесі қабағы салбырап.

– Отыр, – деді сынықшы самарқау тіл қатып.

– Тәуекел, көріңіз, жас қой, оның үстіне көп уақыт өте қойған жоқ, әуелгі қалпына келіп қалар, – деді сөзін нығыздай түсіп әкесі. 

Әнеш әлжуаз, нәзік саусақтарды қысып ұстап, сидиған жіңішке білектің шодырайып шығып тұрған шынтақ тұсын ұзақ сипалады. 

– Өткендегідей емес, күшке салуға тура келеді. Жыласаң да, шыдайсың енді, балақай, – деді аруағы ұстап, алапасы тасыған сынықшы... 

Қолға түскен торғайдай құтылмасын сезген Еміл бір сойқанның боларын іштей бағамдап отыр. Көзіне тұнған жас кірпігінің ұшына ілініп, үзілуге шақ тұр.  

Қисық бітіп үлгерген шынтақ сынықшының қолы тиісімен-ақ ойбайға басты. Әкесі иығынан басып, шешесі жаулығының ұшын тістеп, Емілден бетер қиналды. Оташы да дірілдеп-қалтырап, түсініксіз күйге түсті. Небір,  күрделі сынықты жеңіл өткізіп еді, бұл жолы қиындау соқты. Әлде баланың ауырсынып, жылаған дауысынан қан қысымы көтерілгені белгісіз, басы мең-зең болып, қимыжық хәлге тап болды.

Өңі түтігіп, дәкені әрең орады. Қасқырдан құтылған қояндай Еміл солығын баса алмаған күйі шешесінің бауырына тығыла кетті. Оташы терең тыныстап, керегеге қисайды. Азапты сәт аяқталып, тыныштық орнады. Аз-кем үнсіздіктен соң:

– Балақай, енді абайлау керек. Осыдан тағы шығарып алатын болсаң, қиын болады. Бүгінгідей сала алмаймыз. Бұл соңғы мүмкіндік, – деді. 

– Өзінің де жанына батты ғой, енді олай істемейді. Қолы жазылғанша үйден шықпай, кітап оқып жатады, – деді әкесі. 

– Балаң болайын деп тұр екен. Бетінен қақпа, – деді аттанарда оташы.

– Жалғызым ғой, – деді әкесі толқығанын жасыра алмай. 

– Жалғызың көптің ұлы болады. Алла жарылқасын! – деп жүріп кетті сынықшы.

Үш күн тырп етпей жатты. Кітап оқыды. Теледидар көрді. Күн ұзақ далада ойнап жүрген достарының дауысы құлағына еміс-еміс естіліп, делебесі қозды. Бірақ тысқа шықпауға өз-өзіне уәде берді. Бесінші күні ата-анасының нұсқауымен күн шуақтап, есік алдында отырған. Жер астынан шыққандай достары жинала қалды. Мұны ортаға алып, әр нәрсені бір айтып қызықтыра түсті. Анасының: «Әлі құлан-таза айыққан жоқсың. Кішкене шыда. Содан кейін ойнайсың», – деген сөзін қаперіне жақсы сақтап қалған. Достарын көргенде арсалаңдап қуанып, бәрін ұмытып кетті. Көз қиығымен әр қимылын бақылап отырған, орнында жоқ екенін білгенде, жүрегі солқ ете түсті. 

Арада сүт пісірім уақыт өткенде, анадайдан қарасы көрінді. Алысып-жұлысып ойнап жүрген төрт бес балаларға қарап, оқшау тұр екен. «Құлдыраңдаған құлыным» деп күбірледі ішінен. Қолын бұлғап кел деуге оқталып барып, қазір сорпа дайын болғанда, бірақ шақырайын деді. Әрі қарай шаруасына кірісіп кетті...

Шақыртпай өзі келді. – Міне, тәртіпті бала анасын зар-илетпей, осылай өзі келуі керек қой, ақылдым менің, – деді еркелетіп.

– Тамағыңды ішіп алып, кітабыңды оқы, құлыным, – деді бетінен сүймек болып ұмтылып. Шегіншектей берген Емілге, – О, жаман, – деді күліп. 

Асқа тәбеті тартпады. Шешесінің «шәй іш» дегеніне көнбей, суық судан екі кесені тартып жіберді. 

Сол түні түсініксіз бірдеңелерді айтып, сандырақтап шықты…

Бөлісу:

Көп оқылғандар