Шерияздан Тайконұлы. Дала көңіл

Бөлісу:

23.10.2024 746

Дала көңіл

Жабырқау сәттен шыға алмай кейде батпандап,

Түсемін күйге алайда дүлей ақтаңдақ.

Түзу жол таппай шырмалып ойдың торына,

Бұлқынам кейде кеткендей біреу қақпандап.

 

Басымды қысса қалалық мынау қыл ноқта,

Кетеді сол сәт аңсарым ауып қыр жаққа.

Санамен кезіп Алтайдың асқар шыңдарын,

Қойғандай болам қиялда жүрген жыр баққа.

 

Көз ілсем ылғи жүремін тауды сағалап,

Көк майса кезіп, қайнарын таудың жағалап.

Білмеймін осы тау десе аудар аңсарым,

Жүргенде бір кез білмегем неге бағалап.

 

Түсімде кезсем Алтайдың құба жондарын,

Өлең ғып өріп қаншама шумақ жолдадым.

Қала емес рухы, даламен жатқан астасып,

Перзентің екем биіктен тапқан зор бағын.

 

Қыркүйек келіп ессе де күздің салқыны,

Басылмақ емес жасыл жаз берген қарқыны.

Жырлаймын талай тауымды, кең даламды,

Көкейде тұнса таусылмас Қобда сарқыны.

 

Ауылды аңсау

Жайлауға барсам,

Астымда тарпаң,

Көсілтсем дала төсіне.

Әуезге басып, 

Асып та тасып,

Куә бір болсам кешіне.

 

Құба жон шарлап,

Тау басын барлап.

Бұлттармен шарбы сырлассам.

Алаңсыз өскен,

Бал дәурен кешкен,

Сыр тыңдап қайтсам құрдастан.

 

Күз көшке ерсем,

Күзеуді көрсем,

Күлте жал жирен астымда.

Күреңке киген,

Күн құшып сүйген,

Күнгейді кезсем бес күнге.

 

Қыр басын шалсам,

Қырманға барсам.

Қызулы еңбек қайнаған.

Қаумалап ортам,

Қара қос қонсам,

Қара өлең айтса қайманам.

 

Ақ мамық жапқан,

Келгенде ақпан,

Қыстауға барсам ұядай,

Күнгейге ықтан,

Қой жайып шықсам,

Таяғымды ұстап қиялай.

 

Алаңсыз ғұмыр,

Түскенде іңір,

Иірсем қойды қораға.

Бұрқырап буы,

Соғымның туы,

Қойылып жатса араға.

 

Келгенде көктем,

Күн күліп көктен.

Естісем жас төл дауысын.

Жайқалып құрақ

Күркіреп бұлақ,

Армансыз кезсем тау ішін.

 

Көктемге елтіп,

Дала әнін шертіп,

Шомылсам әппақ сағымға.

Көңіл бір асқақ,

Қайтқандай жас шақ,

Кетер ем сіңіп ағынға,

Қиялмен тербеп жырымды, 

Шерттім бір көпке сырымды

 

Өмір – өлең – күз

Өткізіп тағы бір жазды,

Өлеңмен өрнек терейін.

Өзіме егіз бір сазды,

Өрлете шырқап көрейін.

 

Өткізген күндер тым жырақ,

Өшкіндеп кетті көңілден.

Өр төсі көктің тұнжырап,

Өзгеше түске көмілген.

 

Өшпейтін сезім сыйлаған,

Өлкемді сарғылт күз жапты

Өрт кеудеме сыймаған,

Өзекте өшпес жыр қапты.

 

Өрлігім қайда кешегі,

Өшпестей жалын сыйлаған.

Өзгеге бермей есені,

Өрге сап тұлпар қинаған.

 

Өлшеулі мынау ғұмырда,

Өмірдің өзі бір сағым.

Өлеңің қонса тұғырға,

Өзгеден басым шын бағың.

 

Өтпелі мынау жалғанда,

Өрнекті сөзбен жол салсақ.

Өскелең ұрпақ қалғанға,

Өрелі жырмен толғансақ, 

Өшпейтін ізің сол болмақ,

Өміршең жырлар қолға алсақ.

Күзбен сырласу

Кеше еді төрімнің бар сәні,

Көктем қыз көлбеңдеп жүргені.

Қызықпен қуаныш әр таңы,

Думанға бөлейтін кешқұрым іргені.

 

Көктем қыз бұл шақта,

Көңіліңен кетпейтін кіл сағым.

Қона алмай өтіппін гүл баққа,

Сыйлаған кезінде басыма жыр-бағын.

 

Жадырап жадымда жүр еді,

Жырқұмар жаз-ару, жайдары.

Қалықтап көгімде тұр еді,

Аққу үн, аспанның айбары.

 

Алыстап ол дағы кеткендей,

Қол бұлғар кей сәттер жырақтан.

Қиқулап көгімнен өткендей,

Қиялдап қараймын қыраттан.

 

Күз ару, жанарда мөлдір мұң,

Төрімде бір күнгі қонақсың.

Жаныма жақын боп қалдың тым.

Самғасам бір сәтке қанатсың.

 

Күреңім кісінеп белдеуде,

Күрең бел алдымда көсілген.

Лепірмес баяғы жел кеуде,

Жол жатыр артымда есілген.

 

Кідіргін мамық қыз аз күнге,

Кілемдей түрлентіп жер бетін.

Сәттерің бергісіз жаз күнге,

Әуенің өлкемді тербетіп.

 

Алдымда «Қар қызы» тартымды,

Алыстан қол бұлғап кел дейді.

Ақ қысым білмеймін шартыңды

«Асықпай артымнан ер», - дейді 

 

Ақ ару сағанда жетерміз,

Мезгілдің реті келгенде.

Қоштасар біздермен сетер күз.

 

Ақ бозың жерімде желгенде.

Адамның өмірі төрт мезгіл іспетті,

Көктейді толады, солады.

Уақыт көгіңнен зулаған құс текті.

Сызық боп соңында қалады жолағы.

 

Ербол Қарабалин ініме

Кен орны мынау Шұбардың.

Жастарға болған шығар шың.

Маман боп шығу жолында,

Еңбектің жолы сынар шын.

 

Қара алтын қазу жолында,

Дипломдары қолында.

Қаршадай қазақ ұлдары,

Айырды оңы мен солын да.

 

Ізетті жастар қаншама,

Кәсіптері сан сала.

Өз ісінің шебері,

Қарайсың кейде тамсана.

 

Негізгі цех бар үштаған,

Қазбаның жолын нұсқаған.

Солардың бірі - Ерболым,

Тізгінін цехтің ұстаған.

 

Түгіскеннің түлегі,

Қаршығадай қырағы.

Еңбек жолын бастаған,

Жәйремде болып тұрағы.

 

Ізетті жолдан таймаған,

Қалжыңмен кейде ойнаған

Сыйласып қатар келеміз, 

Ұжымда еңбек қайнаған.

 

Мақсатың - Алтай шыңындай,

Жақында болдың ұлымдай.

Мінезің сенің өзгеше,

Жәйремнің торғын құмындай.

 

Мақсаттан тайма алдағы,

Ілмесін дұшпан қармағы.

Локомотивтің сен тартқан,

Әрине ауыр салмағы.

 

Ағаңның тілекші бірімін,

Сөз саптасам ірімін.

Қашағанды құтқармас,

Болсыншы ұзын құрығың.

 

Қашаған ол мәнсап қой,

Мансаптың жолы сан саққой.

Сол жолдардан сүрінбей,

Ұрпақтың жолын қамдап қой.

Бөлісу:

Көп оқылғандар