Ғайни Болтаева. Өнерге де, өнерпазға да қиянат жасалмауы керек...
Бөлісу:
ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры», Құрманғазы атындағы бірінші республикалық конкурстың лауреаты, Қазақстан композиторлар одағының, авторлық қоғамының мүшесі Ғайни Әділбекқызы Болтаеваның есімі өнер сүйер қауымға кеңінен таныс екені белгілі. Саналы ғұмырын қазақ руханиятына арнаған өнер иесімен шағын сұхбат құрған едік. Әңгіменің ауанын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Құрметті Ғайни Әділбекқызы, сіз саналы өміріңізді қазақ руханиятына, қазақ өнеріне арнап келе жатқан адамсыз. Ұстаздық жолда жүріп көптеген мықты шәкірттер тәрбиеледіңіз, ғылыми еңбектер жаздыңыз. Осы орайда, шағын сұхбатымызды сіздің осы өнер жолына, қобызшылыққа қалай келгеніңізден бастасақ. Қобызды жансерігіңіз етуге не түрткі болды? Қандай ортада өстіңіз? Ата-тегіңізде өнер қонған кісілер болды ма?
- Менің ата-анам қарапайым еңбек адамдары болды. Әкем гармошка, мандалина, гитарада жақсы ойнайтын. Анамның әуелетіп айтатын әні сондай жарасымды еді. Ешкім жерден шықпайды, көктей түспейді, әр нәрсенің өз себебі, өз бастауы бар. Бұл табиғаттың ұлы заңдылығы. Мен де өнерге әкемнің қаны, анамның сүтінің қуатымен келдім деп есептеймін. 1968 жылы Қарағанды қаласында дарынды балаларға арналған музыкалық мамандандырылған мектеп-интернаты ашылды. Бұл музыка мектебінің интернатына алыс ауыл, аудандардан балалар келіп оқитын. Менде осы мектеп интернатының оқушысы болдым. Қобызға келуім тума талантымнан, отбасында көргенімнен. Әкем ойнайтын музыкалық аспаптарды бала күнімнен тартып үйрендім. Соның арқасында музыкаға ерекше қабылетті болдым. Үйде пианино аспабы да болды. Үйге келген қонақтардың орындайтын әндерін гармошкамен сүйемелдеп беретінмін. Осы қабылетім мені қазақтың киелі қобызын дәріптеуге, қобызшы болуға түрткі болды деп айтар едім. Біздің үйде музыка, өнер тақырыбынан тыс әңгімелер айтыла бермейтін. Үйіміз шағын шығармашылық ұжым сияқты еді. Бір үйдегі төрт бала – әпкем Рима, сіңілім Гүлмира, Клара, Гүлнаралар барлығы да кәсіби музыка саласының мамандары. Гүлмира сіңілім скрипка мен пианинода еркін ойнайтын. Өкінішке қарай өмірден ерте кетті. Ауру себебімен небәрі 48 жасында қайтыс болды. Бір үйде тоғыз бала болдық. Барлығы музыкалық аспаптарда ойнайтын, ән салатын шетінен өнерлі еді. Гүлнар – пианистка. Ол көптеген халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, үздік концертмейстер. Қазір А. Жұбанов атындағы мектебі және Чайковский атындағы музыкалық колледжде концертмейстр болып жұмыс істейді. Талантты жаратушы сүйген адамына береді дейді ғой. Біздің үй міне осындай, бір-бірін толықтырып, жетелеп отыратын өнердің ыстық ошағы болды. Бұндай ортада туып, басқа мамандықты талдау, өнерден алыс болу мүмкін емес еді.
- Сіз ұзақ жыл Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде ұстаз бола жүріп, көп жылдық тәжірибеңізге сүйеніп қобыз өнеріне қатысты педагокикалық, ғылыми еңбектер жаздыңыз. Қобызшылыққа қатысты бұндай еңбектер біздің өнер саласында жиі жазыла бермейді. Оны жазудың жүгі де, салмағы да ауыр. Осы еңбектерді жазуда қандай принципке сүйеніп, нені негіз етіп жаздыңыз?
- 1975 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының оқытушысы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Кәленбаеваның қобыз класына қабылдандым. 1980 жылы аталған оқу орнын бітірдім. 1979 жылы 4 курста оқып жүрген сәттен бастап, қобызшы болып жұмысқа орналастым. 1983 жылы Құрманғазы атындағы бірінші республикалық конкурсқа қатысып, 2 орынды жеңіп алып лауреат атандым. Ол конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен небір мықты музыканттар қатысатын. Өте тартысты өтетін еді. Осы қобызшылар байқауынан кейін ел көзіне түсіп, өнерім бағалана бастады. 1984 жылдан бастап Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бірінші қобызшылар тобының концермейстері болып 1996 жылға дейін үздіксіз жұмыс жасадым.
1994 жылы тұңғыш Президенттің жарлығымен ҚР еңбек сіңірген әртісі атандым. Осы жылдар ішінде жиырмадан астам алыс-жақындағы мемлекеттерде гастрольдік сапарда болып, қазақ өнерін әлемдік деңгейде насихатталуына бір кісідей үлесімді қостым деп ойлаймын. Тыңдармандарыма шығармашылық есеп беріп, жеке концерттерімді өткіздім, шеберлік класстар көрсеттім. Қобызды, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында телеарналарға сұхбат бердім. Ол кезде өнерді ұлықтап, барынша кең қанат жаюына ат салысатын басқа жол жоқ еді.
1996 жылы атақты дирижер, КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиевпен сол кездегі Қали Байжанов атындағы филармонияның директоры Ян Симоновскийдің шақыруымен Қарағанды облысындағы Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестріне қобызшылар тобының концертмейстреі және жеке солисі болып жұмысқа орналастым. Сөйтіп осы коллективте 2015 жылға дейін табаны күректей жирма жыл қызымет атқарып, осы ұжымнан зейнеткерлікке шықтым.
Дейтұрғанмен, шығармашылық адам ретінде өзімнің сүйген жұмысымды жалғастыруға мүмкіндік туды. Сол жылы күзде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның халық факультетіне оқытушы және қобызшылар ансамблінің жетекшісі болып жұмысқа орналастым. Менің азды-көпті еңбегімді бағалап жұмысқа шақырған, консерваторияның сол кездегі ректоры Жания Яқияқызы Әубәкірова еді.
Жалпы шығаршылықпен бірге қобызшылар ансамбліне арнап көптеген шығармаларды өңдеп, нотаға түсірдім. Осы өңдеген шығармалар кейін жеке кітап болып жарыққа шықты. 2010 жылдан бастап қобызға арналған шығармаларды жинақтап, қобызшылар ансамбліне лайықтап, кітап ретінді шығаруды қолға алдым. Қобыз өнерінен хабары бар адамдар біледі, өз уақытында қобызға лайықтап, қобызшылардың репертуарларына арнап шығармаларды хатқа түсірген мамандар тым аз болды. Біз солардың орнын толтыруға тырыстық.
Сонымен қатар, қобызға арнап арнайы шәкірттер үшін оқу-әдістемелік құралдар, қобызбен фортеппианоға арналған хрестоматиялық кітаптар шығардым. Айталық:
2013 жылы оқу-әдістемелік құралы, қобыз бен фортепианоға арналған “Қобыздың қоңыр үні” (Хрестоматия).
2016 жылы қобызшылар ансамбліне лайықтап өңдеген шығармалар жинағы.
2016 жылы музыкалық мектептің қобызшы оқушыларға арналған «Әлем Әуендері» жинағы.
2019 жылы қобызшылар ансамбліне лайықтап, өңдеп түсірген «Концертный репертуар ансамбля кобызистов» жинағы.
Бұның бәрі кенже қалып келе жатқан қобызшылық дәстүрдің үзілмеуін, ұрпақтар сабақтастығының берік болуын тілеген ақ ниет, адал еңбектен туған дүниелер еді.
2021 жылдан бері Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің Дамыту бөлімінің маманы боп жұмысын атқарамын. Аз уақыттын ішінде Қарағанды қаласының Достық үйінде орналасқан этномәдени бірлестігінде қазақ тілі мен ұлттық өнерді дамытуға қатысты іс-шаралар өткізіп, қазақ иісі аңқыған жасампаз дүниелер жасауға тырысып келеміз.
- «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді дана халқымыз. Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің қобыз-прима тобының концермейстері қызыметін атқара жүріп, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде ұстаз бола жүріп, көптеген талантты шәкірттер тәрбиелегеніңіз белгілі. Бұл күнде қандай шәкірттеріңізбен мақтанасыз? Ұстаздық жолдың қызығы мен шыжығы туралы айтып берсеңіз?
- Мен ұзақ жыл оркестрде қобызшылар тобының концертмейстрі болып қызымет атқарғанымды жоғарыда айттым ғой. Сондықтан да көп уақытымды оркестрмен бірге жұмыс істеп, жеке концерт беруге, репертуарымды толықтыруға, шығармашылық дамуыма жұмсадым. Еліміздің көптеген қалаларын аралап жиі-жиі концерт бердім. Жас қобызшыларға шеберлік дәріс оқып, мастер клас өткіздім. Кейінірек, мектепте, Құрманғазы консерваториясында, Тәттімбет атындағы колледжде сабақ бере бастаған жылдарымда, шәкірттермен, студенттермен қоянқолтық жұмыс жасаудың сәті түсті. Осы жылдар ішінде «Бұлақ көрсең көзін аш» деп талантты балалардың талабын жықпай, бар білгенімді үйреттім. Құдайға шүкір, бұл күндері республиканың барлық өңірінде шәкірттерім өнерге қызымет атқарып жүр. Бұл менің ұстаз ретіндегі ең үлкен бақытым. Шәкірттерімнің арасынан, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары шықты. Бүгінгі жастарға дәріс оқып, күй үйретіп қана жүре беру аздық етеді. Ең әуелі олардың шынайы адам ретінде қалыптасуына жөн сілтей білу керек. Өнердің қадір-қасиетін түсінетін, бағалайтын тұлға ретінде тәрбиелеу маңызды. Мен шәкірт тәрбиелеуде осы ұстанымға барынша берік болуға тырыстым. Өз басым шыншыл, өз ісіне жауапкершілігі күшті, адал, еңбекқор, тәртіпті адамдарды жақсы көремін және бағалаймын, құрметтеймін. Менің алдымды көрген балалардан да осыны күттім әрі осылай қалыптасуларына барымды салдым.
- Қазақ өнеріне 45 жыл табан аудармай қызымет еткеніңіз ерен еңбектің үлгісі. Өнерге деген адалдықтың шынайы көрінісі. Төккен тер, атқарған адал еңбек қайырусыз кетпесі анық. Десе де, Республика күні қарсаңында, әлеуметтік желіге жазған жанайқайыңыздан көп нәрсеге көңіліңіз тола бермейтінін аңғардық. «Қанша еңбек атқарып жатсам да осы уақытқа дейін біреудің есігін қағып атақ сұрап ешқайда бармаппын. Алайда, атақты сұрап, немесе таныс тамырымен «Бармақ басты, көз қыстымен» алатынын енді түсіндім. Қазір мемлекеттік марапаттың қадірі кеткеніне қарап қарным ашатынын жеткізгім келеді», - деп жаздыңыз парақшаңызда. Ешкімде ел алдындағы еңбегін бұлдамасы анық. Әйтсе, азды-көпті жасаған жұмысың мемлекет тарабынан лайықты бағасын алып жатса, өнер иесі үшін де, өнерді сыйлаған ел үшін де үлкен мерей. Осыған байланысты ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз?
- Өзіңіз айтқандай мен жарты ғасырға жуық өмірімді өнер мен мәдениет, руханият саласына арнадым. Тәуелсіздіктің қиын-қыстау кезеңдерінен бастап күні бүгінге дейінгі әр минутым ұлттық өнердің өркен жаюына арналды. Осы орайда, менің еңбегімді бағаламаған филармония басшылығы мен мәдениет саласының жауаптыларына іштегі ренішімді, өкпе-назымды жеткізгім келеді. Бұл маған емес, қазақ өнеріне жасаған қиянаты деп білемін. Өнерге бізден кейін келген, осы уақытқа дейін берген бірде-бір концерті жоқ, анда-санда жазып алған дауысын қойып, ел алдында секеңдейтін әншілерге марапатты қос-қостап беріп жатқанда, қарап тұрып қарның ашады екен.
Мен мұны біреудің бағын қызғанғандықтан емес, адал еңбек атқарған тұлғаларды ысырып қойып, «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүріп атақ қуалаған жастарға жаным ашығандықтан да айтамын. Айтуға толық хақым бар деп есептеймін. Өнердің осылай жеңіл бағалана беруі, артымыздан ерген жастардың өзіне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Солай болып та жатыр. Мемлекеттік марапаттың кімге қандай еңбегі үшін беріліп жатқаны, ел алдында ашық айтылып, қоғам алдында ашық талқылану керек. Осы тұрғыдан келгенде, мәдениет саласына байланысты қабылданған заңдардың олқылығы, белгіленген нормативтердің нақты шарты қайта қарауды қажет ететін сынды. Бұл да өнер мен мәдениетке жауапты мекемелердің алдында тұрған келелі жұмыстың бірі деп білемін. Өнерді түсінетін, өнерпазды бағалайтын, «Ала қойды бөле қырықпайтын» адал азаматтар мәдениет саласын басқарғаны дұрыс. Бізге Өзбекәлі Жәнібеков сынды қайраткерлердің ізін жалғастыратын, мемлекетшіл тұлғалар ауадай қажет. Ондай үлгідегі жастар бар деп ойлаймын. Солардың бағын байлап, жолын кеспеу керек.
Сонымен қатар, әр өңірдегі марапаттауға қатысты комиссияның мүшелері, өздері жақсы көрген адамдарына жөн-жосықсыз марапат үлестіре бергенді доғарғаны жөн. Осындай шенеуніктер мемлекеттік мәртебесі бар сыйлықтардың қадірін әбден кетіріп болды. Осыған байланысты барлық облыс, қала, аудан әкімдері бұл мәселеге ерекше мән беруі керек деп санаймын. Сұрағыңыздың орайына қарай айтылар әңгіменің қысқаша түйіні осы.
Бөлісу: