Роза Мұқанова шығармашылығы аясында шеберлік дәрісі өтті

Бөлісу:

31.10.2024 720

30-31 қазан күндері аралығында, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ф.Кафка медалінің иегері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп жатқаны белгілі. Конференцияның негізгі тақырыбы: «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» деп аталады. 

Ғылыми-практикалық конференцияның 31 қазанға жоспарлаған іс-шарасы «Роза Мұқанова оқуларымен» ашылды. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Театр өнері және өнертану» факультетінің студенттері, академиялық кітапхананың М.Мақатаев атындағы Мәжіліс залында, жазушының «Мәңгілік бала бейне», «Үркек керім» сынды туындыларынан шағын сахналық қойылым қойды. Әнмен әрлеп, музыкамен сүйемелдеп, көркем әңгіменің көркін кіргізе оқыған студенттер шығарманың ажарын ашып, мазмұнын байыта түсті. 

«Мұқанова оқуларынан кейін» Халқаралық ғылыми-практикалық конференция ел ішіс-сыртынан келген ғалымдардың шеберлік дәріс оқуымен жалғасын тапты. Академиялық кітапхананың жазушы Ә.Кекілбаев оқу залында, Египет елінен келген, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Асуан университеті «Шет тілдер» факультетінің «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Мухаммед Рияд «Художественныйперевод: Его значение и особенности» атты баяндама жасады. 

М.Мақатаев атындағы Мәжіліс залында, жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын қауырсын» сыйлығының иегері Жавлон Жовлиев «Түркістандағы театр: Еуропа театрының Орталық Азияға енуі» атты шеберлік сағатын өткізді. Драматург Жавлон Жовлиев өз дәрісінде Орта Азия елдеріндегі театр өнерінің тарихына, қалыптасуына, дамуына кеңінен тоқталады. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыстан сынды туыстас елдердің рухани сабақтастығы мен шығармашылық үндестігі хақында тарихи деректер келтіріп, Орта Азия театрларының өзіндік түр-сипатына, ұлттық ерекшеліктеріне баса мән берді. Жавлон Жовлиев тыңдаушылардың сұрағына тұщымды жауап беріп,  өзінің жазып жатқан жаңа зерттеу еңбегімен таныстырды.

Ә.Ұрпейісов оқу залында, арнайы Түркиядан келген аудармашы, PhD докторы, Қажы Байрам Уали университетінің профессоры Жемиле Қынажы «Әдеби шығарманы қазақшадан түрікшеге аударудағы негізгі мәселелер» атты баяндама жасады. Профессор Жемиле бүгінгі аударма мәселесі төңірегіндегі күрделі мәселелерді қаузап, оның шығар жолдарын ұсынды.

Осы орайда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің Орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы, шеберлік дәріс тыңдаушыларының бірі Ақерке Асаннан Мұхаммед Рияд пен Жәмилә Кынаджының шеберлік сағаты туралы өз пікірін сұраған едік. Ақерке Асан былай деп жауап берді: "Мұхаммед Рияд мырза Мысырдағы Асуан университетінде “Орыс тілі” кафедрасының меңгерушісі, әдебиеттанушы, аудармашы. Осы уақытқа дейін М.Әуезовтың, І. Есенберлин, Ә.Тарази, Р.Мұқанованың шығармаларын арабша сөйлеткен екен. Көркем аударманың қайшылықтары жайлы біраз сұхбат болды. Өкінішке орай, Мұхаммед мырза жоғарыда атап өткен қазақ жазушыларын орыс тіліндегі тәржімалар арқылы аударған екен. Дегенмен, бұл да бір қажетті процесс шығар. Бір шығармаға бір ғана аударма тиесілі деген заң жоқ. Керісінше көркем аударма дәйім жаңартылып отырғаны абзал. Келешекте қазақ әдебиетінің таңдамалы шығармалары төл мәтіндерден арабшаға аударылады деп үміттенеміз. Елімізде негізі араб тілінің мамандары да аз емес сияқты.

Екінші кездесуде Түркиядан келген қонақ, қазаққа етене жақын аудармашылардың бірі, профессор Жәмилә Кынаджы қазақ-түрік әдеби аудармасы жайлы көлемді баяндама жасады. Жәмилә ханымның айтуынша, қазіргі таңда қазақ әдебиетін түрікшеге аудару саласы барынша жемісті секторға айналып келеді. Алайда түрік әдебиетін қазақша сөйлетуде дәл солай пайымдау қиын болса керек. Немесе бар аудармалар тікелей түрік тілінен емес, орысша тәржімалардан алынғанын да атап өтті. Ал орысша тәржіма болса кезіндегі кеңестік немесе қазіргі ресейлік идеологияға тиімді дүниелерге бағытталатыны да рас.

Жалпы кейінгі кезде көркем аударма мәселесіне қатысты көп пікірталастарға қатысқанымда бұл институттың елімізде ақсап тұрғанын тағыда анығырақ көре бастадым. Бірақ көркем аударманы жасауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жоқ емес, сауатты аудармашылардың да қатары баршылық, шет тілдерінің сан түрлі маманы бар Қазақстанда. Сонда мәселенің кілті қайда жатыр деген ой келеді. Біріншіден, екі тілді мемлекет болған соң біздің кітап нарығында ресейлік баспалардың бағы басым екені рас. Қызметі мығым жүйемен нарықта бақталасу қиын. Кейінгі кезде қазақ баспаларының жаңа дәуірге аяқ басқанын байқасақ та, нарықтың өз заңдылықтары бар. Тұтынушы ретінде тек орыс тілді азаматтар ғана емес, қазақ тілді оқырмандар да жаңа шығармалармен тезірек танысу мақсатында орысша сиясы кеппеген аудармаларға жүгінеді. Яғни, қазіргі қазақша көркем аударма саласында тек классикаға көңіл бөлу аздық етер; сондай-ақ болашағынан көп үміт күттірер әлем әдебиетінің туындылары, жаңа авторлар, эксклюзивті материалдар, ресейлік сарапшылықтан тәуелсіз дүниелерге мән берсек деп ойлаймын. Екіншіден, көркем аударманың тұрақты мекені жоқ; яғни, барлық процесстерге бас көз болатын бір мекемені атап көрсетуде қиналамыз. Түрлі университеттердің саны шексіз жобалары, түрлі баспалардың бір бағдарламадан екінші бағдарламаға жалғасқан науқандары, мемтапсырыс, жеке аударма - бәрінің сапырылысқан жүйесіздігінен саралап ой түзеудің өзі оңай емес. Бір жағынан осындай сапырылысқан дүние бір бағытта жемісін бере алар еді деген ой келеді, дегенмен нәтиже ортада; көркем аудармаға нақты жүйе, білікті сарапшылар қажет. Аудармашылар бар, бірақ вакансия жоқ".

М.Мақатаев атындағы Мәжілі залында, Хаджеттепе университетінің «Әдебиет» факультетіндегі «Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті» кафедрасының ғылыми қызметкері, өнер магистрі Сабина Саид «Түркиядағы қазақ әдебиетіне қатысты шығармаларға шолу» атты дәрісін оқыды. Қазақ тілінен түрік тіліне көптеген шығармаларды аударып жүрген Сәбина Саид Түркия Республикасында аударылып жарыққа шығып жатқан кітаптарға жеке-жеке тоқталып, әр кітапқа шағын сипаттама жасады. Түркияда шыққан кітаптар арасында әржанрдағы көркем әдебиеттер, ғылыми еңбектер, сөздіктер, энциклопедиялар, дипломдық, магистрлік, докторлық ғылыми жұмыстар бар. Сонымен қатар әдебиетші Сәбина Саид Роза Мұқанованың «Фариза», «Сен» драмасындағы махаббат тақырыбы төңірегінде ой өрбітті. Тыңдаушылармен бірге осы екі пьесадағы кейіпкерлердің образын, адами келбетін, ұлттық бейнесін бірге талқылады. 

Роза Мұқанованың шығармашылығына арналған, халқаралық ғылыми-практикалық конференцияға Германиядан арнайы келген, Фрайбург университетінің докторанты, әдебиеттанушы Верена Цабель «Жамандықтың белгісі болғым келмейді». «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі мен драмадағы ядролық полигоны және стигматизация мәселелері» атты шеберлік дәрісін өткізді. Дәріс М.Мақатаев атындығы Мәжіліс залында студенттер мен ғалымдардың қатысуымен өтті. Әдебиеттанушы ғалым Венера Цабельдың баяндамасы өте қызықты болды. Экологияға, адам тағдыры, тұлғаның ішкі қайшылығымен жан азабы, жалғыздығына қатысты нәзік мәселелерді қаузады. Тыңдаушылар тарабынан көптеген сұрақтар қойылды. Ғалымның шеберлік дәрісінің мәтінін алдағы уақытта порталымызға толықтай жарияласақ деген ниетіміз бар. 

Сонымен қатар, конференция аясында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан «Заманауи драматургия мен театрдағы үдерістер» атты шеберлік сағатын өткізді. Өнертану кандидаты, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай «Постдрамалық театр» атты дәріс оқыды. Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Ермек Ханке «Әдеби шығарманы талдаудың негізгі принциптері» аясында баяндама жасады. 

Ермек Ханкей, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері: «Бүгінгі конференция аясында маған берілген тақырып «Әдеби шығарманы талдаудың негізгі принциптері». Бұл өте ауқымды тақырып. Шығарманы талдаудың принциптері, тәсілдері өте көп. Шығарманың жанры, мазмұны, поэтикасы, тілі, айтар ойы мен көтерген салмағына қарай әртүрлі негізде талдауға болады. Ең бастысы сенің шығарманы талдап, анализ жасай алуыңда. Мәтінталдау – әдебиеттанушының басты міндеті. Талдаудың да түрлері көп, қарапайым тілмен айтсақ, салыстырмалы талдау, текстологиялық талдау, ғылыми талдау, тіпті шығарманың мазмұнын баяндап беру де талдау сипатына жатады. 

Менің ойымша, мейлі проза, мейлі поэзия, мейлі драматургиялық шығарма болсын, ең әуелі түсінікті болғаны абзал. Қазір тілі мүкіс, ойы бұлдыр, тым күңгірт шығармалар белең алып келеді. Егер ол шын мәніндегі көркем шығарманың категорияларына жауап бере алса, оны жатсынбай қабылдауға болар еді. Көркем шығарма әуелі оқырманның ішкі жандүниесін қозғай білуі керек. Түсінген, тұшынған оқырман өзі ой түйіп, қортынды шығара алуы ләзім. Ең бастысы оқыған шығармадан сол ұлттың иісі, жаны, мінезі көрініп тұрса, шығарманың биікке көтерілгенінің нышаны болар еді. Мысал, Әуезов бір шығармасында «Аспан күңгірт, ауада дымқыл сыз бар» деп суреттейді. Әуезовтің бұл суреттеуінің түптамыры Абайдың «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деп басталатын Лермонтовтан аударған өлеңінде жатыр. Міне, ұлттық һәм рухани үндестік. Әуезовтің «Абай жолын» «Бала шәкірт соңғы үш күнге барын салды» деп басталады. «Абай жолының» қолжазбасына қарасаңыз, әуелгі нұсқада «шәкірт бала» деп қолданған. Енді текстологиялық тұрғыдан талдасаңыз, бір ғана сөздің орыны тұтас романға өз әсерін тигізіп тұрғанын аңдайсыз. Бұл да бір сіздердің назарларыңызда жүруі керек дүние.

Шығармада тіл ұлттық колорит рөлін атқаруы керек. Суреткердің тілінің нәрінен, бояуынан, өзінің туған халқының болмысы менмұндалап тұрғаны абзал деп ойлаймын. Сол арқылы ашылған кейіпкер бейнесі, образдар жүйесі жазушының шын шеберлігін көрсетеді. Мұнда кейіпкер мен образ екі масштабтағы дүние екенін естен шығармаған жөн. Кесек талант, мол білім, ішкі мәдениет, жетілген рухани кемелділік бәрі-бәрі қосылып қана қалам иесін ұлттық биікке көтере алады. Адамның жазғаны өзінің бойынан, түйген ойынан, бітімінен алыс кетпейді. Осы орайда, осында отырған жас авторларға, ерте бастан жан ілімін игеріп, бойды таза ұстауға дағдылануға шақырғым келеді. Онысыз сүбелі туынды жарату қиын. Осы тұрғыдан келгенде, шығармашылық пен мына дүниенің, жаратылыстың ортасында жер мен көктей алшақтық жоқ. Бұны біз өткен ірі тұлғаларымыздың өмірінен, қайраткерлігінен толықтай аңғара аламыз. 

Тағы бір айта кетерлік дүние, әдебиетте уақыт пен кеңістік деген категория бар. Уақытты бәріміз білеміз. Секундтан, минуттан тұрады, ары қарай ай, жыл болып кете береді. Кеңістік ол, қарапайым түсіндіргенде біздің, яғни кейіпкердің өмір сүрген ортасы. Әр жердің өз кеңістігі бар. Кітапхананың, көшенің, немесе кафенің өзіне тән кеңістігі бар. өзіне тән аурасы бар. бұндай шығармашылық аураны дөп басып көрсете білу, туындының табиғи жарасымдылығын айшықтай түсетін қасиет. Бүгінгі жас талапкер жазушылардың көбі осы уақыт пен кеңістік ұғымына баса мән бермейді. Уақыт пен кеңістіктің шығарманың атмосферасын, әсерін ашудағы рөліне көп назар сала бермейді. Дәл қазір қолыңызға Ілияс Есенберлиннің «Алтын ордасын» немесе «Көшпенділіер» романын алыңызшы, парақтап оқи бастағаннан-ақ сол дәуірге сүңги бастайсыз. Сондықтан әдеби тәсілдер үнемі бір-бірімен байланыса, қиыса отырып, бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп жазушының суреткерлік әлемін құрайды».

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында, жазушы, драматург Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Жарық дүние» атты шығармашылық кешпен бүгінгі іс-шара өз мәресіне жетті.  

Бөлісу:

Көп оқылғандар