Асқар Алтай. Руханият Розасы

Бөлісу:

04.11.2024 1280

 Біздің буын әдебиетке әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін келді...  

Жалпы жұрттың ұйқы басқан санасында сілкініс туып, сол кездегі қолына қалам алған жас буынның ішкі қарсылығы мен уытты зығырданы зар-запыран болып ұйып тұрған алмағайып уақ-ты. Біздің арамызда қызыл қоғамның зардабы тимеген қыз-жігіт некен-саяқ. Жүрегіне жара қатып, санасына салмақ түскен. Булыққан буынның шығармашылығында ширыққан ой-сезіммен қоса цензура тиым салған удай жайларды ашық жазу қалыпты үрдіске айналуы да содан болар...  Батыл болды, батырып жазды.      

Көкіректі қамырыққа толтырған томағалы күндерде ұлттық әдеби процесте де соны леп білінген. Соны лебіз жас буынның көкөрім шығармашылығынан да анық көрініс берді. Өйткені олар қызметке осындай қилы кезеңде араласып, адам мен қоғам арасындағы күрделі өзгерісті көздерімен көріп, санадағы булыққан бұлқынысты бастан кешіріп, соқталы оқиғалар сәулесі сана сүзгісінен екшеле өтіп жатқандықтан да суреттеуге күш салды. 

Міне, соқтасы шыққан сол сұрапыл оқиғалар сілемі үміт күткен тәуелсіздікпен астасқанының куәгері болған, алас-күлеске толы өксікті күндерде опынған, бірақ қазақ руханиятына адалдық қалпынан айнымаған бұла буының өкілі – біздің Роза Мұқанова. 

Аңдату

Ол бүгінде алты Алаш түгілі алты айшылық жолдағы Еуропа мен Азия елдеріне, орыс пен қытай, т.б. жалпақ жұртқа кеңінен танымал жазушы, драматург, аудармашы; Халықаралық марапаттар мен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Осы бір қоңыр күзде жаны да сұлу, өнері де сұлу суреткер өмір өлкесінің ақиық тартқан алтын беліне көтеріліп, жазиралы жайлауына көз жібереді.

Ол жеті ықылым өнердің керімі – киелі Сөз өнеріне сұлу өрнегімді салсам, сол кермиық әлемнің қар-мұзды құзына байтақ байрағымды желбіретсем, тәкаппар уақыттың тезінде кермек татыған көңіл шәрбатын сол заңғар асудың кәусар тұнығынан құшырлана қандырсам деп, кербез дүниеге ұшқыр ойы мен жалқы болмысындағы барын сұңқардай шашсам деп келген жан. 

Асау да арда сөз өнері кінәмшіл де шетін екенін жастайынан сезінді. Балалық махаббатқа толы кіршіксіз сезіммен, жарық дүниені жалындай сүйген суреткерлік көзбен асыл сөзге ғашық болды. Сөз өнеріне деген алғаусыз іңкәрлық жанына «дерт» болып жастайынан жұғысты. 

Сонау алыста қалған тарлан Тарбығатай тауларының етегіндегі балалық күндері бүгінде сана саңылауынан сызаттай құйылар сәуле арасынан менмұндалап шыға келетіні де содан. Үржардағы мектепте шәкірт боп жүріп байқамай бойжетіп қалған балқаймақтай шақтары ақ сағымды әлем болып алдынан орағытады... Арманға толы ақ сағым ішінде жел-құзға алдырмаған жалғыз шынар ырғала алдынан шығады.

Жас шағында айтатын «О, жарық дүние!..» әлемінің көкмұнар көмкерген, ақ сағым иректеген бұла биігі үрдісінен жазушы-драматург, аудармашы Роза Мұқанова бүгінде айықпас мұңы мен шерін, азапты түні мен арпалысты күнін өзі ғана білетін, өзі ғана сезіне алған табанды шығармашылық еңбегімен тудырған көркемдік әлеміне қасқая қарап, ойлана зер салады.

Проза

Әдебиет әлемінде «жазушы» деген атты ардақтай алып жүретін, шығармашылық атты кірпияз еңбекті мойымай көтеретін жандар аз емес. Ұлттық әдебиетімізде өз орнын өрімдей кезінен ойып тұрып алған Роза сондай сайын қаламгердің бірі ғана емес, бірегейі екені ақиқат.

Оның қаламынан туған қаншама әңгіме-повестер арқасы ақжем атанға жүк боларлық салмақты дүниелер болып келеді. Жалпы, ішті прозаны әңгіме-новелладай шағын жанрда тудыратын таланттар сирек ұшырасады... Ол сондай шығармашылық иелерінің қатарына жататын дарын иесі.

Роза прозасы – ішкі рухы тегеуірінді болып келетін көркем туынды, шынайы да зерек, классикалық үрдісті мәнсұқ етпеген шығармашылық.  Бұған қоса айтарым, қызыл империялық қазақ әдебиетінің кеңістігі күшіне мініп тұрған кезде қалам алса да, ой-санасы ұлттық кредодан ауытқымаған, қазақтық болмысы бүлінбеген, әлемдік әдеби үрдіс мәдениетін меңгере отырып ұлттық прозаға жаңашылдық мәнерімен келген, қазіргі күні еркін ойлы әдеби ағымда көп айтыла беретін «постмодерн» стилінде де қалам тербей алған стилист. 

Оның нәзік жанды болып келетін кейіпкерлері ақиқатында ақсемсер мінезді, ақжауырын әрекетті тұлғалар болып шығатыны көңіл қуантып қана қоймайды, оқырманының ары мен жанына тиетін, өзгеше рух сыйлайтын персонаждар. Розаның атын жалпақ әлемге жайдырған «Мәңгілік бала бейне» новелласы тап сондай соны рухты шыңырауына жеткізе бере білген, терең сезімталдықпен суреттелген дүние. 

«Мәңгілік бала бейне» новелласы архитектоникасын мынау дүниеде Роза ғана суреткерлікпен тани білген, басқа қаламгер қауым атаулы аңдай қоймаған аса нәзік шырпы-сезім мен адам психологиясы ғана аша алатын шетін-жайды оқырманына алғаусыз ақтарғаны шындық. Оның қаламынан осы әңгіме туған кезде алғаш оқыған классик ағаларымыз таңданыстарын жасыра алмағанына куәмін!.. Өздері көре алмаған кішкентай ғана детальда осыншама сұңғыла пейзаж пен қасірет симфониясы жасырын жатқанына жандарын үзе жанығып еді. 

Қалтарыс-қатпары мол әңгімелерінің өн бойында адам жанының ой мен сезім айқасқан, жан мен тән ширыққан бір сәттік қана емес, ұзақ сергелдеңдік иірімге батыратын стилі оқырманын ғана емес, қаламгер аға буын мен тұстастарын да қызықтыратын, қызғандыра түсетін-ді. Олардың көбісі Роза әңгімелерін көрсе де көрмегенсіп, оқыса да оқымағансып, естісе де елемегенсіп қалатындары жасырын емес еді... 

Оған бірақ Роза қыңған емес-ті, қайта бір новелласынан соң бір әңгімесін жазып, жанын қинаған, сезімін тербеген, санасын салдуарын қылған сезімтал дүниелерін жарыққа келтіре берді. «Соқыр көзден шыққан жас», «Монастырь», «Патша қатын У», «Жарық дүние», «Қаралы төбе», «Компазитор», «Құдірет-кие», тағы басқа да сүйекті әңгіме-повестері түйдектеле жазылып жатты. Ал Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбай, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Дидахмет Әшімханұлы, Марат Қабанбай, Сатыпалды Нарымбетов секілді мүйізі қарағайдай ағалары жаңа новеллалары жарық көрген сайын қуанып, қара сөздің қадірін білетін қарындас келді деп сәттілік тіледі. 

«Мұқағали» әңгімесі жарияланған кезде «Мұқағалиды жазатындай ол кім еді, сонша!?» деген пәтуасыз күңкіл сөздер естіліп қалған-ды. «Кезегім келіп, кеткенде алыс сапарға, Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз!..» деп дөп айтқан ақын мұңын – руханият мұңын тұңғиықтан шалып, ақын ойын қиырдан таныған Роза еді. Сұлулық пен сезімталдық қабысқан новелла стилі тегін емес-ті.

Меніңше, Роза күркүреп өткен нөсерден кейін саңырауқұлақтай қаптаған «жалған» мұқағалишылдар сияқты емес, ақын жанының гольфистрим ағысы сияқты кемел табиғатына шым батып, ой иірімін шын сезініп, ақындық аңсарын анық түсінуге тырысқан сырлас жан. Жаны да, тәні де жаралы ақынның өзі өмір бойы бөбегіндей әлдилеген, құдайындай табынған Музасына бас ие отырып, жартасты жарып шыққан эдельвейс секілді күрделі болмысын жарқырата таныған Роза кейінгі буынның арасынан шайыр сөзін, сезімін новелла тілінде алғашқы болып жеткізген десек қателеспеспіз.

«Ақын көшті... Дүние тынды...» деп аяқтайды жазушы шығармасын, бірақ дүр-дүние ақын үшін тынса да, нағыз оқырман үшін ақын жанын түсінуге тырысқан туынды. «О, Муза! Мен бір жаққа асығамын» деген ақын аманатына сергектікпен қарайтын суреткер новелласы шайырдың шиырлы ғұмырын жалғастыруға алдағы уақыт толқынында да себепші бола береді. Бұл новелла сондай мұңлы да сырлы, жұмбақ та сыңғырлы Муза әуенімен оқырманын әлі күнге әлдилеп келеді... Әлдилей береді де. Осы тұрғыдан келгенде Роза өзі шексіз жақсы көретін жазушы Стефан Цвейг тектес нәзік новеллист.

Роза танымы тұнық. Содан да болар оның көркемдік әлемінде фальш жоқ. Қандай әңгіме, новелласын алсаңыз да кейіпкердің ішкі жан сезімі мен жан қиналысына ене суреттейді. Оқырманы да оның осы жазушылық болмысына қарай көркем дүниенің ішіне қалай кіріп кеткенін аңғармай да қалады. Кейіпкер әлеміне дендей енген сайын өз-өзін ұмытып, жазушымен бірге бір болмысқа байқалмай көшіп, оқиға ауаны мен кейіпкер сезіміне бірге араласып кетеді. 

Бәлкім, жұрт көп айта беретін шеберлік пен стиль деген осыған кеп саяр!..

«Қанша ғұмыр жазсаң, сол тірлікті өзіңе ақталу үшін, тазару үшін бағыштаймын» дейді Роза кейіпкері «Монастырьда». Батпан салмақ салған сөз астарының ұшы кім-кімге де оңай-оспақ емес!.. «Сондықтан да болар, мұнда көбіне күнәдан, жан азабынан тазару үшін қалың жұрт көп келеді.» 

Адам баласы – пенде. Ал пенденің мынау тарының қауызындай тар қауым ішінде жан-дүниесі жақ-жаққа жарылмайтын, ышқына қиналмайтын, қыстыға егілмейтін, қызыққа елікпейтін, есекдәмеге елірмейтін, түлен түрткенге тарылмайтын күні жоқ қой... Роза суреткер содан да Мұқағалидың бір ауыз сөзін («біздерде монастырь жоқ, мен оған барар едім») новелласына эпиграф-тәмсіл етіп алып, жанына тыныштық іздейтін кейіпкерін сомдайтыны. 

Жазушы осы әңгімеде «Жанымның емі – тыныштық» дейді өз ішіне қарай үңіле ашылып. Бұл – мінәжат. Жазушының оқырманына арнаған диалогтық мінәжат десек дұрыс болар, бәлкім. Оқырманмен ашық сырласа отырып, оған да тағдыр талқысында мінәжат жасап жүруге үндейтіндей суреткерлік дауыс. Бұл дауыс аса сезімтал, қобыз күйіндей ақиқатшыл.

Жазушы әйел адам болғандықтан да Тәңіріге әйел затына тән нәзіктікпен, әйел затына тән интимдік табу тұрғысынан ашық барады. Ашыла жазады, айыра үн қатады. Жасырып-жаппайды жан сырын... Жоқтан өзгені жамамайды. Сонысымен де жаңашыл, шетін стильде оқырманын баурап алуға бейім. Қазіргі білім-білікті оқырман ой-санасын, сезім-танымын тани алғаннан да өтірік айтып, жалған намысқа бұрмайды.

«О, Тәңірі ием!.. Сенемісің. Маскүнем, ақылы жоқ, санасыз күйеуімді сағынып, оның маған арналған қаһарлы таяғына арқамды тосып қабыл алған болар едім. Жаныма тиген ащы сөзін сүйсініп тыңдаған болар едім. Өзімді таяққа жығып салған жаһилімді бас салып, күңсіген лас денесін аймалап, мауқымды басар едім» дейді туындыгер. 

Бұл жазушы қаламынан туған аса қатал үкім сияқты көрінгенімен, шындығында қазіргі күні «гендерлік тепе-теңдік керек» деп қақсап жүргендердің «данышпандығына» кереғар түсінік болып табылар еді. Жазушы қоғамдағы «шоқынған» ұрғашыдан да жаман болып кеткен бүгінгі әйел затының ер-азаматының алдындағы орнын аямай таңбалап береді. Қазақ қоғамындағы әйел баласының кері кетіп бара жатқанын сол 90-жылдары жеріне жеткізе жазғаны шындық. Оқырманына ғана емес, алапестеніп бара жатқан қоғамға «әйел заты – қашанда әйел» екенін ащы сарказммен еске салады. 

Жалпы, Роза әңгімелерін сыдыртып оқи салатын жеңіл-желпі шығармаға жатқызуға болмайды. Оның ішкі психологиялық астарлары мен тысқы мазмұндық құрылымына қайта оралмай, қайыра зер салмай шығарма шұңғымасына бойлай алмайсың. Қазақтың байырғы тілімен айтқанда, «ішті» дейтініміз де содан.

Розаның «Мұқағали» мен «Монастырь» новелласы үндес шығарма десек, қателесе қоймаспыз. Екі новелла да бір-бірін толықтырып, бірінде айтылмай қалған ойды екіншісінде жалғастырып, ішкі сезім иірімдеріне ұласқан сұрапыл да нәзік толқындарын тұтастыра түсіп, жаныңды жанықтыра жүзгізіп, бірегей әуендей жырлай жазылған. Адуын ақын мен нәзік әйел затының ішқұса сезімі мен ішқыста ойы қос өрімдене өрілген. Оқырман да күрделі реңкті новеллалардың мазмұн байлығына ой жібере, мәтін мәнісіне тоқтала оқуына тура келері сөзсіз.

Жазушының новеллалары ішінде «Үркек керім» шығармасының орны бөлек. Атақты Ақан сері туралы жазылған бұл новелла ақын Мағжан шығармашылығымен, Мағжан танымымен ұласып жатыр. Мағжан да сері туралы терең түсініп, оның ешкімге ұқсай бермейтін ғұмырына үңілгені белгілі. 

Роза бірақ Сері Ақанның қартаң тартқандағы сергелдең күйі мен серек мұңына мүлде өзгеше қырынан ой жіберіп, өзі таныған, өзі сезінген, өзі қабылдаған биіктен барлау жасайды. Бұл – Розадай суреткер жазушының Серісі.

Жалпақ қазақ «серілердің серісі» деп бағалап кеткен Ақан серіге кез келген жазушы жүрегі дауалап бара бермесі хақ. Кезінде өзі де серілікке сенім ұялатқан, сырбаз да кірпияз Ғабит Мүсірепов пен көзі тірісінде-ақ қазақ өнерінде серілік салттың туын көтерген Сәкен Жүнісов ағаларымыз Ақан серіні жан-жақты сезінуге, білуге ұмтылып, қасиетті қалам қуаттарымен халққа барынша танытқаны, бас иіп өткені ақиқат. 

Өзі жақсы араласқан Сәкен Сері ағасының романын да, сөз зергері Ғабеңнің драмадағы жазу үлгісін де Роза шағын новелласында қайталап, шиырлап кетпеген... Кез келген жазушы үшін алдынан оқырман баяғыда мойындап, әділ бағасын беріп қойған классиктердің мұндай шығармалары кес-кестеп тұрған сәтте қаламы саусақ арасынан сусып кетері сөзсіз. Роза бірақ олардың білім-білігі мен көркем дүниесінен «қорықпаған», өзіне тән соны стильде серілік әлем құпиясына бойлаған.  

«Есейген күйдің күйігі басқашалау» деген Сері Ақанның «күйігін» қарымды қаламгер деп жүрген жазушылардың өзі терең түсіне алмасы айқын. Роза сондай тылсым Ақанмен сырласады. Әлде біреудей ақын мұңына мұң жамап қоймайды!.. Ақынды мұңынан арылтуға көшеді. 

Киелі өнер арқылы, әйгілі «Сырымбет» әні арқылы, аңсағаны сұлу Жамал арқылы ақын жанына араша түседі. Көптің сыпсың өсегінен сері жаны жазықсыз жапа шексе де, қыз ары жолында өз иманымен биік екенін танытып береді. «Сырымбет» ғашықтық қана ән емес, ел мен жерге деген шексіз махаббатқа толы, өнерге деген ерен құрмет биігінен туған саз екенін ашып көрсетеді.

Тап осы ән Ақан сері өнерінде аса биік, аса тұлғалы дүние екенін Роза новелласы арқылы түсінесіз. Сөзсіз әуендей бойың шымырлап, ән сазы құлағыңа келіп, таңдана түсіп пәктікті сезінесің. Жазушы өзі де қобыз шалатын өнерлі жан екенін ескерсек, тап осы арада автордың ән қанатындағы оқырманының күй мен сезіміне дөп тиерлік етіп новеллалық суреттеуімен өз жанын да толқыта тербеп, оқырман ой-сезіміне айрықша ықпал етерлік серінің қуатты жан-руһ кәусарына ерекше бойлап барғаны шығармада анық байқалады. 

Жастық дәурен «құштарлығынан арылғандай, пәндеуи тірліктен айыққандай» болып, қарттық белеңге аяқ басқанында жас Жамалға – ақылды Жамалға жолығып, «тағдырдың тауқыметіне бір тоймай-ақ қойдым-ау» дейтін Сері Ақан ой-сезімі бастыққан асаудың тағы бір «талпынып, көктегіні қармап көрмек» тағдыры дейтіндей. Иә, серілікпен өткен, өкініш пен қасіретке толы тағдырына жұбаныш болып жолыққан Жамал қызбен сыр ашыссам деген дәмегөй ой мен сезім арпалысы.

Роза осындай сұрапыл тағдыр кешкен Ер Ақанды нәзік те кінәмшіл, бақ пен сор маңдайына жазылған жұмбақ бейне етіп суреттейді. Ақан тағдырында жолыққан Жамал персонажы новеллаға кілт ретінде алына отырып, аймаңдай ақынның тағдыр талқысында тауфиыққа көнбес бунтарь мінезін аша түседі.

Өзі ұстаз тұтқан Науан қазіретпен диалог көп нәрсені айқындайды. «Серілік деген сұлулық қой. Сұлулыққа іңкарлық. «Тәңірім сұлулықты сүйеді» депті Алланың елшісі.» – «Ақан сері мен Науан қазірет ұзаққа дейін үнсіз қалды» деп түйеді жазушы диалогты. Бұл түйіндеу «жан тыныштығын сезіну – құлшылықтан басталатынына күмән келтірмеу» екеніне бет бұрған сері ақынның сезімталдығымен септесіп жатыр. Сері көңілдің селқоссыз тоқтамы.

Ал «елге ырыздық болған Сырымбет» пен «елге сұлулық көркін сыйлаған Жамал» жайы тіпті терең. Шегірткедей қаптай бастаған қарашекпенділердің сұсынан сескенген Сері сергелдеңі «жат жұрттан қори алмаған» төрең де, би-болысың да «ынжық», ерің сорлы, ырду-дырдумен алаңсыз күн өткізген жұртың дарақы деген зарлы құсаға кептеулі... Жанында шерін айтар, уайымын бөлісер жан жоқ.

Жамал бар еді... Енді ол да ұзатылып барады. Жазушы «Сырымбетсіз Ақан – жетім, Жамалсыз Ақан сері емес – шерлі» дейді. Ақын міне, енді шын шерлі жетімге айналды. Кіршең көңілінде Жамал ғана жұбаныш болатын, енді ол да сағыныш. Сарыуайым. 

Роза суреткер серінің де, сұлудың да қасіретке толы жан толқыныстарының тоқтамын «Олжалы болып кетіп барамын» деген Жамал сөзімен аяқтайды. Новелла да тұйықталады. Ақан серіге де, ақылды Жамалға да «олжа» болған «Сырымбет» – қазақ руханиятында реквием-ән болып мәңгіге қалды.

Сері мен сұлудың ән тағдыры ендігі жерде қазақ оқырманы мен жазушы баяны арқылы баянды бола береді. Ал, аңызға бергісіз «Сырымбет» әні тағдыры Ресей отаршылдығы құрсауында туса да, сергек ойлы сері қазағын жуасыта түспейді... Қайта керісінше – қамырыққа толы қарсылықты сезім тудырып, Кенесары аңсаған азаттық жігермен жігерлендіре түседі. 

Әлбетте, Роза новеллалары рухани кеңістігіміздің шөлін сусындата береді. 

Драма

Қазақ драматургиясында Роза дауысы айрықша екені даусыз шындық. «Мәңгілік бала бейне» драмасымен бірден М.Әуезов театрында шымылдығын ашқан драматургтың талантына қалың көрермені қуанып, қаламдастары сүйініп қарсы алғаны рас. Жиырма жылдан астам репертуардан түспеген пьесаның бағын жандырған – аса дарынды режиссер Болат Атабаев еді.

Алдымен новелла арқауына айналып, іле-шала спектакль мен «Қызжылаған» секілді киноға ұласқан көркем шығарма тағдыры жазушы өмірінде биік белес, даңқты соқпақ болды. Бала кезінде топ баланы жинап алып, оларға өзі режиссер, өзі актер болып «ойнайтын» Розаның балалық арманына, үкілеген үмітіне осылайша сара соқпақ ашылғанына ол өзі де таңырқап қалушы еді!.. Бірақ театр шымылдығы сияқты осы тұңғиық дүниенің артында қаншама мехнатты еңбек пен қажырлы ізденіс жатқанын Розаның өзі ғана біледі.

Өнер жолы – шын мәнінде, даңғырап жатқан аппақ жол емес, соқтықпалы соқпақ. Қолына қалам алған күннен бастап жас жазушы мұны жақсы түсінді. Құдай аманатқа берген талантты ұштай түсетін мұқалмас қайрат пен мойымас жігер, қажымас еңбек пен қайтпас мінез керек екенін бек түйсінді. Білім мен білікті шыңдай отырып, шың басына өрмелеу қажеттігі жас шағынан табиғатында бар еді. 

Әрі ана, әрі жар бола біліп, жас сәбилерін жеткізе жүріп шығармашылықпен айналысу оңай дүние емес. Әйел адам үшін жазушы немесе ғалым, актер немесе режиссер болу – аса ауыр хикмет... Роза бірақ осы бір тағдыр сынағынан сынын бұзбай, сындарлы іс атқарған жан. Тәңірі сыйлаған талантын бағалай біліп, ұлы өнер жолында өзін-өзі жасаған Тұлға. 

Розаның суретші Калмыков тағдыр-талайы мен ұлылыққа тән жұмбақ өнері, сұлу өнері жайында «Сен» деген ғажайып драмасы бар. Осы драмада персанажының аузына мынадай сөз салады: «Өнер – ақылға бағынбайды... Интуицияға...» дейді. 

Осы тәмсіл драматург-жазушының өзіне де тікелей қатысты, сондықтан да осындай астарлы ой түйеді. Өнер жолында мойныңа Исаның айқышындай ауырды артқан екенсің, онда барлық тауқыметке шыдап бағасың. Өнер үшін ақылыңды құрбандыққа да шаласың...  Интуиция ырқына еріп кеткеніңді сезбестен тар соқпақпен тасбақаша тарта бересің деген ерекше емеуірін де бар мұнда. 

Калмыков суретшінің тағдыры – талант тағдыры. Суретшінің басқалар түсінбес, өзгеге «жынды» болып көрінетін жат тағдыры арқылы Роза шығармашылықпен айналысқан кейбір дүлдүлдердің талайына тауқымет жазылатынын суреттейді. Калмыковты тәнімен де, жанымен де иіте алмаған сылқым әйел Анна Васильевна «Әппақ жаймаға осынша үңіліп не жетті?.. Елеспен ауырайын дегенсіз бе?» дейді өз-өзіне қорланып. Өз интуициясы мен санасындағы қиялға толы «тірі» елесіне сенетін суретші оған сырқат адам болып көрінеді. 

Суретшінің картинасы сана түкпірінде сәулелене дірілдей туып, қиял құштарлығымен суретке айналатынын бөгде жұрт қайдан білсін. Сондықтан да Калмыков «Тобыр – соқыр, саңырау, дөрекі, күлкішіл, қасіретшіл, опасыз, арсыз. Суреткер тобырдан ештеңе үйрене алмайды. Тобырдың адамилыққа жетуі ұзақ уақытты талап етеді» деп ойланады. Өз пәлсапасын жазушы Оскар Уайльд айтқан «Тобыр – адам болу үшін, алдымен сурекер болу керек» сөзімен түйіндейді.  

Роза-драматург осындай психологиялық мәні басым, ойлы шығармасы арқылы шығармашылық тұлға атаулының да тереңге тұнған жан қиналысы мен талайлы тағдырына өкпелемес шығармашылық ләззатын, өз ісіне деген шексіз махаббатын ашады. Ал шын талантқа әлдебіреудің пендеуи қызғанышы емес, әсіресе өз әріптестері арасындағы қызғаныш аса қатал да қатігез, зәбір шектірерлік күшті болатынын, оның талант атаулыға ауыр тиетінін Калмыков тағдыры арқылы танытып береді.   

Өзін өнердегі «өгіз» көретін Калмыков өсекшілдер үшін «Жер басып келе жатқанын да білмей қалатын... Үнемі басқа бір әлемде жүреді» дейтін ақымақтау мәжнүн, ал дарынсыз суретші Оболенская үшін «Есірікпен ауырғанын жазғыздым. Жұмыстан қуғыздым... оны дереу жаңа пәтерге көшіріп, ескі тамына барып тығылдым. Шабыт күттім. Жаңа бағыт, жаңа тақырып, жаңа ой, форма іздедім. Түк шықпады, күткенім күлге айналды. ...Жаңа естіп отырмын. Ақыры түсіпті ғой тозаққа» деп ызаға булықтырған дарын иесі. 

Жай күнде жылқыдай үйірлес, өнерде шүйіркелес әріптес бола жүріп қастығын ту сыртыңнан сайлап жүретін және қапысыз жүзеге асыратын Оболенская сияқтылардың әдебиет пен өнерде баршылық екенін Роза драмасында айпарадай ашып салады. Оның Оболенскаясы қазіргі қазақ арасында да жетіп артылатыны ақиқат, олар және қазақ ішінде Гоголь айтатын кейіпкерлер әрекетінен де сорақы. 

Роза осындайлардың қазіргі қоғамдағы жанашыр боп көрінетін жымысқы бейнесін улы сарказммен, трагедиялық мешел кейпімен суреттеп отыр. Суретшіні «өз үйіне өзі өрт қойған» жынды қылып көрсететін бүгінгі қоғамның сиық-сықпыты аса қауіпті тенденция екенінен драматургтің өзі де тіксінетіндей... Тіксіне тұрып драмасына арқау етті. 

Ақыры, Калмыковтай талантты Оболенская сияқтылар өсекшіл, кісәпір тобыр арқылы жындыханаға тығып, түбіне жетеді... Суретшінің дарынын мойындап, кейіннен бас иетін, «...шетелдік тілшінің сіз туралы мақаласын оқып, қатты ұялдым. Кешірілмес күнә жасаппын» дейтін Мацуркеевичтей дос-сымағына «Қайт үйіңе!.. Бара ғой, тезірек бар үйіңе. Ұлылық ешкімге                            бақыт болып бітпеген...Қайтып келме мұнда...» деп кемсеңдеп тұрып жанынан қуады. Драманың осылайша тәмамдалуында талантты жанның суық қоғамнан да, сұрқай адамнан да қандай сұмдық теперіш көретіні жүрегіңді шанщып, жаныңды бебеулетеді!.. 

Жалпы, жазушы драмаларында ұшырасатын кейіпкерлердің бәрі де дерлік бүгінгі қазақ қоғамындағы адамдармен рухани байланысып жатыр. «Шатыр астындағы Мен» пьесасы қазіргі қағазбасты, роботойлы шенеуніктер өмірін ащы әжуа-сынға алған трагикомизмнен тұрса, әлі күнге дейін қазақ режиссерлері қоюға батылы бармай жүрген «Мысықтар патшалығы» – қойдай момын ел-жұртын мысық маскалы сұрқия жандар жайлап, шексіз билік құрған жексұрын патшалық туралы қасіретті драма. 

Ал тарихи фонда ала отырып, адам жанының психологиялық терең қалтарыс-қатпарын ашатын, қазақ тарихи тұлғаларының жекебастық қайғысы ұлт қасіретімен кірігіп жатқанын суреттейтін «Бопай ханым» және  пайғамбарлар ғұмыры мен олардың аналары, жарлары жайында үлкен философиялық астарда драмалық ой-сезім түзетін «Сарра» шығармаларының тұңғиығына қанығу да оқырман интелектісін көтеріп, адамдық айнасына қайыра үңілтеді.

Осы «Сарра» драмасының түп-негізінде пайғамбарлар туралы аңыз- әпсана жатқаны айқын. Оған автордың ой салуының да себебі бар. Роза прозайк болып таныла бастаған жас кезінде әлемге әйгілі орта ғасырлық мұра – Рабғузидың «Қисса сүл-Әнбия» еңбегін аударған. Ол білімді де білікті аудармашы, тіл шырайын түрленткен тәржімашы. 

Розаның тәржімасымен сүбелі де сүйекті еңбек қазақ руханиятына олжа болды. Аударма қазақ мәдениетіне қосылған бірегей қазына ғана емес, жазушының жеке өміріне де рухани тірек болғаны ақиқат. Пайғамбарлар туралы мағынасы мол, пәлсапалық негізі анық ежелгі жәдігер жазушының аудармашылық білігін шыңдап, адам жанының шыңырау шындығын аша түсуге ықпал етті. Оған пағамбарлар жары туралы драмасы дәлел.   

Роза бүгінгі күні қазақ қоғамындағы «сыздаған жараның» аузын тырнап ашып, шешендік өнер тілімен, шебер актер ойынымен сөйлейтін драма саласында кесек образдардың биігінен руханиятқа кемелдікпен тіл қатуда... Ол тәуелсіздік иінінде қазақ өнерінің бағын ашып, бәсін биіктетіп, көмескі тартқан руханияттың шырағын таңшолпандай жарқырата жағып келеді. 

                                                                      Асқар АЛТАЙ, жазушы, сыншы

Бөлісу:

Көп оқылғандар