Сұраған Рахметұлы: Біз жаттанды, таптаурын, жуас күйімізден шыға алмай келе жатырмыз

Бөлісу:

13.01.2017 6097

Ақын Сұраған Рахметұлымен кездесіп, әдебиет төңірегінде әңгімелестік. Әдеби процесс туралы субъективті пікірін ортаға салды. Бұл сұхбатта негізгі екпін поэзия жанрына түсті.

b5866733cf5c40d4fb84a78359a13814.jpg

– Тәуелсіздік жылдары қазақ әдебиетіне қандай шығармалар жаңалық әкелді? Жалпы адамзаттық көзқараспен өмірді тануға бағытталған еңбектер жазылды ма?

Тәуелсіздік дегеніміз – ешқандай тышқан мұрнын қанатпай, қазақ әлеміне Құдай-Тағаланың берген сыйы. Жиырма бес жылдық тарихи түреннің ішінде көптеген шығармалар дүниеге келді. Шығармашылық топқа тәуелсіздік көп нәрсе берді. Әлемдік деңгейдегі таңғажайып шығармалар еншімізге тиді. Еркіндіктің ең басты игіліктерінің бірі – біз бұрынғы социалистік реализм деген құрсаудан шықтық. Яғни, біз басқаның шеңгелінен алыстап, өзімізді-өзіміз тануға келе жатырмыз. Өзіміздің шығармамызды өзіміз таңдайтын үлкен мүмкіндіктің алдында тұрмыз. Біздің әу бастағы мақсатымыз осымен орындалды.

Ал, енді тәуелсіздік жылдарында қандай шығарма алға шықты деген сұрағыңыз, өте орынды. Тәуелсіздік болмай тұрғанда да бізде тәуелсіз жазушылар болған. Олардың барлығы осы тәуелсіз күнге жету үшін қалам тербеді. Олардың қаламынан төгілген жанайқайының барлығында қазақ еліне азаттық орнасын деген бұлқыныс сезіліп тұрды. Бұл ұран қазақ дәуірінен бергі, неше мәрте басымыздан өткен дүниені еске салатын. Сол үшін бұл тәуелсіздікке тағзым етеміз. Біз осы ширек ғасырда жазылған шығармаларды түгелімен тәппіштеп бере алмаймыз. Бірақ түрен, айқай салған шығармалардың көшбасында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», «Тазының өлімі», «Қыпшақ аруы», «Құмырсқа қырғыны» деген шығармалары болды. Бұл бір жазушыға аз жүк емес. Ұлы классиктің жанайқайы әлі де жалғасып жатыр. Әр тілде тәржімаланып әлемдік үлкен сахнаға шықты.

Мен Мұхтар Мағауиннің бүгінгі тағдырын сонау француздың алыбы Виктор Гюгоның басынан кешкендерімен салыстыра қараймын. Тірі кезінде анық бағасын алған қазақ жазушысы өте аз болуы мүмкін. Сол Виктор Гюго өмірден өткен кезінде қоштасуға екі миллионнан астам адам жиналған көрінеді. Бұны жазушыға берілген баға деп түсінесіз бе, қоясыз ба, ол қадірлі оқырманның өз еншісіндегі іс. Жалпы тәуелсіз елдің әдебиетіне басқа бір елдің мәдени жорығы ықпал етпейтін болса тиімді. Менің азаттығым – менің әдебиетім. Менің әдебиетім – өз елім.

– Жалғыз автормен шектеліп қаламыз ба?

Жоқ. Тағы да таңғажайып қаламгерлер баршылық. Жас буын ретінде жасамыстардың соңынан келіп қосылған Таласбек Әсемқұлов әйгілі жазушы болатын. Ол басқа кеңістіктің иығы кеңге түскен жазушыларымен, зиялысы көп, азаттықтың дәмін білетін байырғы ұлы елдердің қаламгерлерімен деңгейлес ойлайтын еді. Қазақ қоғамында орнын тапқанымен, мойындалмай кетті.

Сонымен қатар біздің арамызда жақсы ақындар жүр. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сонау Семейдегі ауылында жатыр. Ол да Астанаға келгісі келеді, әрине. Бірақ, мен Тыныштықбек қай жерде болса, поэзияның төрі сол жерде деп білемін. Мойындау керек, осы замандық әлемдік поэзияда өзінің орны бар алты ақын болса, соның біреуі қазақ ақындарының еншісіне бұйырары хақ.

Армия болғаны жақсы-ақ, алайда қазақ ақындарының қосыны болған тіптен жақсы, бірақ біздегі мақсат ол емес. Бүгінгі әдебиетте өз (onyma) үні бар жазушы керек. Баққожа Мұқайдың үні өзінше болатын. Оның ізі қазақ прозасында бөлек сайрап жатыр. Өкінішке қарай, біз құмның үстіндегі алтынды көрмей, табанға басып өте шығамыз. Немесе оны әдейі байқамағандай боламыз. Қасында жүріп жақсылығын айта алмаймыз. Соны шығармаларды байқату үшін тиімді механизмдер керек. Біздің рухани мәдениетіміздің өрісі кең, көршілес көне түркі тілді туысқандардың көне тіліне, өткеніне, этногенезіне, жағырафиялық жағынан өте жақынбыз. Солардың бәрін қамту – тек қазаққа ғана тән артықшылық.

– «Тиімді механизмдерді» қалыптастыру үшін не істеу керек?

Ол үшін текті, элиталық деңгейдегі, екі көзі сол шығарманы сараптап, жіліктеп беретін оқырман қажет. Қуатты оқырманның күшімен насихат жұмысы жүргізіледі. Билік оянады. Оқырманның тегеурінді күшімен билік қаламгерлерді шетелге насихаттайды. Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік, Баққожа Мұқай, Рахымжан Отарбай сынды қаламгерлер мемлекеттің қолдауымен ғана әлемді мойындата алады.

Соңғы кезде мистикалық сарында қалам тербеп жүрген Қойшыбек Мүбәрәк атты жас жазушыны оқыдым. Әрине, өте қызық. Жазушыларды тікелей қолдайтын Жапония мен Қытайдың әдебиеті қазір қарқынды дамып келеді. Жапония Ясунари Кавабатаны қалай биікке көтерді?!

– Сіз айтып отырған Рахымжан Отарбаев бізге берген сұхбатында Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы туралы субъективті пікірін айтып, әдеби ортаны дүрліктіріп еді...

Бұл субъективті наз. Әлем жазушыларының арасында күнде болып жатқан құбылыс. Сыншының сыншыға, бәсекелестің бәсекелесіне айтатын жай бір пікірі. Жаңалық дей алмаймын, бірақ қоғамдық ой туғызған пікір. Оған құрметпен қарау керек. Дүние әлем соңғы кезде шамшыл, кінәмшіл болып бара жатыр. Неге тек қана біржақты мақтау болу керек? Бұл сұхбатта мақтаудың шегі түгесіліп, хаки көзқарас ашық айтылды. Басқа ештеңе де емес.

Одан не көрінді? Қоғамда ой туды, біреу алқады, біреу қатты сөз айтты, көл толқыды, сең бұзылды. Енді жас жазушылар да бір-біріне деген пікірін ашық айта бастайтын болады. Біз демократиялы елде өмір сүреміз ғой. Бұндай салмақты сын-пікірлер айтылу керек. Кез-келген бұлақтың көзін ашқан кезде одан лай аралас су шығады. Одан кейін нағыз таза тұма атқақтайды. Соңында барып су тұнады. Бұл заңдылық. Екеуі де қазақтың бетке ұстар алыптары. Түсінікті дүниені түсініксіз етіп көрсетудің еш реті жоқ. Екі биікті жаныстыруға, шағыстыруға болмайды. Биік демекші, биіктік өлшемін беретін де, жоятын да саналы оқырман. Ал сын көтерген жазушы ол – өз уақытындағы өз ағаттығының куәгері ғана бола алады.

– Соңғы кездері шетел әдебиетіне зерттеу жүргізіп, талдау еңбектерін жарыққа шығардыңыз. Әдебиеттің өзі ұлттар арасындағы мәңгілік марафон ғой. Қазір қай елдің әдебиеті алға шықты?

Француздар тарихта әлем әдебиетінің алдын бермей тұр. Қиын қыстау кезеңдерде қуғынға түсіп, Парижден Америкаға кеткен келімсек жазушылар мен ақындар бар. Солардың түрені бөлекше шықты. Әлем әдебиетін жаңартып жіберді, толқынға айналдырды.

Жалпы, әлемдік әдебиет соғыстан кейінгі жылдары толқу үстінде болды. Соғыстан бұрын қудалауға түскен қаншама ақындардың түрені өзгеше көтерілді. Соғыстан кейін қаншама ақындардың дауысы өшті.

Ақында екі өмір жоқ. Оның өмірі биологиялық ғұмыры тоқтағаннан кейін басталады. Француз әдебиетінің көрнекті өкілдері әлі күнге дейін пәк, қуатты қалпыменен біздің санамызда өмір сүріп жатқан жоқ па? Қанша уақыт өтсе де әлем әдебиеті сол күйі думандатып, тоқырамай жарысып келе жатыр. Сағи Жиенбаевтың: «Мен жығылып қалмасын деп абайсыз, қайран далам келе жатты бірге ұшып» деген таңғажайып өлеңі бар. Сол сияқты үлкен сілкіністің алдында француз әдебиеті келе жатыр. Бірақ, бізге әсіре батыстық, әсіре еуроцентристік танымға бағынудың керегі жоқ. Біздің азиялық кеңістігіміз бар. Ол көшпелілердің аңызда көрсетілген психологиясынан, бұрынғы салт-санасындағы ең бір нәзік қалтарыстарынан, ішкі мұңынан сыр беретін дүние. Сол үшін қазақ әлемі осы үлкен ұлы түреннің алдыңғы қатарында. Болмысымызды аша түсуіміз тура. Рухани баю тағы да керек. Қытайдың әлеуметтік бағыты дұрысталғаннан кейін ғана бұл ел әдебиетке көңіл бөле бастады. Оның нәтижесін жақын арада көре бастауымыз мүмкін. Мүмкін басқа жағдайда да.

Әлемдік әдебиеттің үздік үштігіне Жапония кіреді. Қандай ғажап! Бір ғана Мацуо Басьёнің өзі неге тұрады? Оның өлеңдерінде таза лирика, мадригальдар жатыр. Лирикалық өлшемдері пәлсапалық санамен астасады. Ол көне әлемнен шыққан жаңа әлем. Оны бүгін оқыңыз, ертең тағы... Бірақ, бір аптадан кейін тағы оқуыңызды сұраймын. Сонда дәмін сезінесіз. Алдыңғы реттен мүлдем басқаша бояуға кенелуіңіз де сөзсіз. Түр мен бояудың бірінің екіншісіне қалай сіңісетінін Басьё көрсете алды.

Жалғасы бар

1be669915af2188e3aa85ed749538c28.jpg

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар