Ақылбек Шаяхметтің оймақтай ойлары
Бөлісу:
МІНАЖАТ
Бісімілла, рахман-рахим!
«Мадақ айтып бас иеміз Жаратушы Аллаға,
Рақымы мол, мейірімі шексіз сол ғана,
Қиямет-қайымның жалғыз әміршісі де сол ғана...»
Өткінші өмірде ғибратты ғұмырын инабатты, ғидаятты сүрген бар.
Өткен іске өкініп, Хақ жолына бекініп, тәубаға келген бар.
Жарық жалғанда қараңғыға қамалып, сенімі жоғалып, айдалада адасып жүрген бар.
Пенденің Аллаға құл екенін білмеген бар, білген бар.
Құдіретті Жаратқан!
«Тек саған ғана мінажат қылып, жалбарынып өтеміз,
Тек сенен ғана медет-жәрдем күтеміз.
ҚаҺарына ұшырап адасудан сақтай көр,
Нығметіңе бөлеп, тура жолға бастай көр!»
ҚАНДАЙ ШЕБЕР ЖАРАТҚАН!
Қалам мен Қағаз. Қылыш пен Қынап. Тамыр мен Бұтақ. Бірінің бірінсіз күні жоқ. Бірақ, адамға сыры мәлім. Қаламның қағазға көзі түспесе, соры қалың. Қағазға қаламның ізі түспесе, көңілі жарым. Қылыш қынап болмса жалаңдап тұрады, қынап қылыш болмаса, алаңдап тұрады. Тамырсыз ағаштың жапырағы жайқалмайды, бұтақсыз тамырға қан жүгіргені байқалмайды.
Осыларды бір біріне қаратқан – қандай шебер Жаратқан!
АЛЛАДАН КҮНДЕ ТІЛЕЙМІН
Өткінші – қылған іс, өсек сөз – былғаныш, қасірет – қызғаныш болса, той-думан – жұбаныш, отбасы – қуаныш, қатар жүрген, қызық көрген дос-жаранға – мың алғыс.
Басым аман, асым адал болса деп, Қыдыр қонса, бағым мәңгі жанса деп Алладан күнде тілеймін.
Ден сау болып, ұзақ ғұмыр сүрсем деп, үйім толып, жерді басып жүрсем деп Алладан күнде тілеймін!
ТҮСІНБЕЙМІН
Мойынын қамытқа салып тұрып, «Құдай басқа салмасын!» – деп қамыққандарды түсінбеймін.
Қуат-күші бар болса да, жадап-жүдеп тірлік кешкеніне өзін кінәламай, «Құдай салды, мен көндім»» – дегендерді түсінбеймін.
Кездейсоқ тап болған жағдайды көріп тұрып, «Құдай неге көрмейді?» – деп Жаратқаннан жақсылық дәметкендерді түсінбеймін.
Бес парызын орындай алмаса да, кісіге жасаған жақсылығын міндет қылып, «Құдай көріп тұр ғой. Жұмаққа мен бармағанда, кім барады?!» – дегендерді мүлде түсінбеймін.
ЖАНЫМ АШИДЫ
Торға шырмалған құсқа, ауға түскен балыққа, орға құлаған аңға жаным ашиды.
Жалғыз өскен талға, бақташысы жоқ малға, батасы жоқ шалға, атасыз өскен балаға жаным ашиды.
Ана сүтін ембеген, ата тәрбиесін көрмеген сәбиге, отбасынан тәлім-тәрбие алмаған бойжеткенге, ауылынан алысқа ұзап бармаған бозбалаға жаным ашиды.
Қарауындағылар тілін алмаған, өз балаларын да жөнге салмаған бастықтарға жаным ашиды.
НЕ ПАЙДА?!
Көйлек тігер торқа, бөзді сандықтан шығармай, шіріткеннен пайда жоқ.
Көңілдегі көрікті сөзді ауыздан шығармай, іріккеннен пайда жоқ.
Тамыры терең бәйтеректі көзге ілінбейтін құрт-құмырсқа сұлатады.
Мызғымай тұрған тұғыр-тіректі жұрт елемейтін сыбыр-күбір құлатады.
ТАРИХТА ҚАЛА МА ?!
Қой қамаған қораға ешкі кірген, атты әскер мен пілді де пешкі көрген заманда елде жүрген естілерден естір сөз ескерілмей, еленбей қалады екен. Жағымпаздар жарысы қызған сайын жазғыштардың жолы болады екен. Бірақ, солар, аты шықпай жер өртесе де, тарихта қала ма екен?!
ЕР ЖӘНЕ ЕЗ
Күндізгі істерін қас қарайғанға дейін созбаған, кешегі берген уәдесін ертеңіне бұзбаған, жаманшылықты көзі шалса, жүрегі сыздаған кісіні ер десе жарасады.
Мансапқа жеткен кісіні өліп-өшіп мақтаған, аярларды жақтаған, адамдықтан аттаған кісіні ез десе жарасады.
Елі үшін тер төккен, жері үшін қан төккен кісіні ер десе жарасады.
Қарақан басын ойлаған, қанша жесе тоймаған кісіні ез десе жарасады.
Ездер еңсеңді басса, ерлер рухыңды көтереді.
ОҢАЙДАН ОЛЖА ТАПҚАНДАР
Қаңғыбас итті тазы деп, бір кесек майды қазы деп жүргендер жалы жоқ қаншырды арыстан, қоян алатын халі жоқ қаншықты арлан деуден де тайынбайды. Тұлпар болмаса да тарлан атын алғандар, сұңқар болмаса да тырнағын құсқа салғандар аз емес. Олар көбейген сайын теперіш көретін жүйріктер мен қырандардың да жағдайы мәз емес.
Оңайдан олжа тапқандар жабыға жабу жапқысы келіп тұрады. Абыройын сатқандар ағайын арасына от жаққысы келіп тұрады. Жүрегіне шам жаққандар ғана кісі көңілін тапқысы келіп тұрады.
ҰЛТТЫҢ ТІЛДЕН АЛЫСТАУЫ – СӨЗ БЕН ІСТІҢ ҚАБЫСПАУЫ
Теледидардан тіл ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті қазақ ғалымы туралы хабар жүріп жатыр. Әкесі туралы ұлдары мен қыздары орыс тілінде сұхбат беріп, оны тілші қазақ тіліне аударып, диктор қазақ көрерменіне аударып беріп жатыр. Бұл не деген сұмдық?!
Бірақ, осы көріністі күнбе-күн көріп жүрміз. Шенеуніктерді былай қойғанда, ана тілі арқылы күнін көріп жүрген ғалымдардың балалары, ақын-жазушылардың балалары, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің балалары орыс мектебінде оқиды, орыс тілінде сөйлейді, немерелері шет мемлекетте оқиды, шет тілінде емін-еркін сөйлейді. Соған ата-анасы да мәз, өздері де мәз.
Сол теледидардан тағы бір тілшінің «көңіл айтуды білдірді» деген сөзін естідік. Орыстың «выражаю собелезнование» дегенін аударған түрі. Мына қалыппен мемлекеттік тілді түгел меңгеруге тағы бір ғасыр керек болатын шығар.
Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы. Сөз жүзінде қазақ тілін дамытайық деген қайраткерсымақ іс жүзінде ана тілін өзге тілден кем көрсе жағдай қайдан түзелсін?! Сөзі басқа адамның ісі басқа болған соң олардан қандай үлгі-өнеге алуға болады?!
МҰНЫСЫ НЕСІ?
Атшаптырым жерге биесауым уақытта жетіп келетін қазақтың түйетанымы зорайып, есекдәмесі ұлғайып, ешкікөзденіп шыға келетіні несі?
Құйысқанға қыстырылып, маймылбеттеніп, күзендей кектеніп, өзінің қылғанын біреуден көретіні несі?
Істің аяғын сиырқұйымшақтатып, мысықтілеуін ішіне бүккен қоянжүректің түлкібұлаңға салатыны несі?
Текетірескен екі қошқардың басы бір қазанға симай қалатыны несі?
Қой мінезді қазақтың итжандылығын мақтан қылатыны несі?
КӨБЕЙДІ...
Жерім деп елжіремейтін, туған тілін менсінбейтін, ішкен мен жегенді, дәрет сындыруды ғана білетін жануартектестер көбейді.
Елім деп еміренбейтін, еңбектен ат-тонын ала қашып, елден тілейтін тілемсектер көбейді.
Төрелер келсе елпеңдейтін, жалпаңдаудан жиіркенбейтін, өтірік айтса өкінбейтін ойы келтелер, майлы желкелер көбейді.
Аузы көпірсе де тоқтамайтын, ана сүтін ақтамайтын, жақсылықты жақтамайтын, ар-ұятын сақтамайтын азғындар көбейді.
Ата-баба дәстүрін қадір қылмайтын, қиындық көрсе сабыр қылмайтын таяздар көбейді.
Естіген жұрт не дейді?!
ТӨБЕДЕГІЛЕР МЕН ТӨМЕНДЕГІЛЕР
Төменде тұрғандар төбеге шыққысы келе ме?
Келеді!
Төбеде тұрғандар етекте жүргендерді көре ме?
Көреді!
Олар бір бірінің мақсат-мұратын біле ме?
Біледі!
Төмендегілер көп.
Төбедегілер аз.
Төменде орын көп,
Төбеде орын жоқ, себебі.
Төмендегі құласа, әрі кетсе, ауырады жамбасы,
Төбедегі құласа, көл боп ағар көз жасы.
Төбедегі табаны тиген жерге кіріптар,
Төменгіге төбеге жетсем деген үміт бар.
САУАЛ КӨП, ЖАУАП ЖОҚ...
Биікке шыққандар етектегілерді анық көре ала ма?
Өзіңде барлар өзінікін өзегі талған өзгеге бөліп бере ала ма?
Жер басып жүргендер сол жерді көркейтіп жүр ме,
әлде босқа былғап жүр ме?
Кейбір патшаның жарлығымен сақал күзелгенмен, заман түзелді ме?
Сауал көп, жауап жоқ...
Таза болып қалғың келсе, жүн-жұрқа, күл-қоқыстан алыс жүр.
Өз бойыңды өлшегің келсе, тапалдармен емес, биіктермен салыстыр.
КӨП ПЕ, ЖОҚ ПА?
Өтірік айтпайтын, айтса, айтқанынан қайтпайтын, адалдарды жақтайтын, елі-жұртын ешуақытта сатпайтын, харамнан дәм татпайтын, татулықты көзінің қарашығындай сақтайтын, біреудің ала жібін аттамайтын, ерегескен пендеге кек сақтамайтын, аманатқа қиянат қылмайтын, ауырлық болса, қайысса да сынбайтын, пайдалы кеңесті құлақ қойып тыңдайтын, мүсәпірге қайырым жасайтын, қиындыққа шыдайтын әділ кісі көп пе екен?!
Әлде мүлде жоқ па екен?!
ҚАЙСЫСЫ КЕРЕК?
Мен дұрыс түсіне алмай жүрген жағдай аз емес.
Жолдауды қолдау керек пе, талдау керек пе?
Сайлауда сайлау керек пе, таңдау керек пе?
Халыққа шындық керек пе, алдау керек пе?
БІР ҚАРЫН МАЙ
Компьютердегі әрбір файл немесе қоржыным сары майды тығып қойған қарын тәрізді. Тек солардың ішіне абайсызда құмалақ түсіп кетпесе екен деп қауіптенемін. Қайтадан сүзіп, ой елегінен өткіземін. Тұзы татымай жатса, тұз қосып, қалпына жеткіземін.
Кейде қаймақтан май шайқап, сары суын да сарқып аламын. Кейде көбігін де қалқып аламын. Қалам қуатына қанша сенсең де, шығармаларды елеуіштен өткізудің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.
ЖАТТАНДЫ СӨЗДЕР ЖАУЫР ҚЫЛДЫ
«Күйдің пайғамбары», «жырдың пайғамбары» деген жаттанды сөздерге әуес болып барамыз. Кім болса да, олардың ешқайсысы да пайғамбар бола алмайды.
Ұлт ұстазы, ұлт ұйтқысы деген сөздер осы күні Ахмет Байтұрсыновқа байланысты жиі айтылатын болды. Менің ойымша, ұлт ұстазы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Ұлт ұйтқысы Ахмет Байтұрсынов дегенмен келісуге болады. Ал ұлт ұраншысы Міржақып Дулатов.
Сонымен бірге кез келген болмаса да, аты шыққан кейбір қаламгерлерді әдебиеттің әртүрлі жанрының Құлагері деген тіркес те әдеби сында жиі қолданылып жүр. Құлагер Ақан серінің Құлагері ғой. Олай болса осы Құлагер туралы дастан шығарған Ілияс Жансүгіровты «қазақ поэзиясының Құлагері», ал Ақан сері туралы роман-дилогия жазған Сәкен Жүнісовты «қазақ прозасының Құлагері» десек жарасады. Басқалар туралы айтсақ, өзге теңеулер де жетіп артылады.
ӨЛШЕМ ЖӘНЕ МӨЛШЕР
Күн көзі қызып тұрса – сүйіндіреді, қатты күйдіріп кетсе – күйіндіреді. От қалыпты жанса – жылытады, қатты жанса – өртке айналады, құртады. Су арнадан асса – тасып кетеді, аспай қалса, ақпай қалса, сасып кетеді. Жауын ұзақ уақыт жаумай қойса – зарықтырады, қоймай жауса – жалықтырады.
Байқап тұрсаң, бәрінің өлшемі бар. Сол себепті әр заттың мөлшері бар.
Қаламгерге қойылар басты талаптың бірі – аз сөзге көп мағына сиғызу, айтар ойыңды әсерлі жеткізу. Кейбір жазушылардың қалың-қалың томдары беті табақтай, қарны қабақтай семіз кісілерді көз алдыма әкелгендей болады. Оқи бастасаң, мылжың сөздерден мезі боласың.
Нағыз қаламгер дәріхана қызметкері секілді әр сөзді, әрбір сөйлемді елеп-екшеп, өлшеп қолдануы керек. Не бір тамшы су, не бір тамшы у артық болып кетсе, ол дәрі ішуге жарамайды ғой.
Ал нағыз редакторды оташыға ұқсатамын. Ауру сөзді қырқып-жонып, ауру сөйлемді түзеп, күзеп, артық майын сылып тастаса, оның шығармаға пайдасы болмаса, зияны жоқ.
Жаңғақтың дәні, бұлақтың суы, араның балы, жыланның уы – еппенен ішсең – ем болар.
Тып-тыныш жүрмей, мөлшерін білмей, талғаусыз жұтсаң, бойыңа сіңбей, он екі мүшең кем болар.
ӨЗ БАСЫНАН АСПАҒАН
Өз басынан аспаған, арды жиып тастаған Құлқынбайлар, сөздің майын сапырған, тек көбігін қатырған Мырқымбайлар, туған елі көнсе шын, түсіріп тек еңсесін, ырқын байлар, көптің өзін аз көріп, жегеніне мәз болып, жұртын емес, ұртын ойлар.
ӨЗГЕРГЕН СӨЗДЕР
Кейінгі уақытта «Ер жігіт мал тапқанмен не болады, Құдайым бір жағынан құрамаса» – деген жолдарды жиі естиміз.
Естігенге ешбір қатесі жоқ секілді. Алайда, сөз түбіне үңілсеңіз, үйдегі қажетіңізді өзіңіз жимасаңыз, кез келген бұйымды Алла құрамайды ғой. Осы орайда Нұржан Наушабайұлының:
«Домбыра күйге келмес бұрамаса,
Кім білер кімнің жайын сұрамаса,
Ер жігіт мал тапқанмен не болады,
Жұбайы бір жағынан құрамаса» – деген шумағы ойға оралады.
Шынында да, ер жігітті Алласы қолдаса да, оның тапқанын ұқсататын жанындағы жұбайы емес пе?! Біздің ойымызша, Нұржанның осы жолдары қанатты тіркеске айналып кеткен. Кейін сөз мәнін жете түсінбейтін кездейсоқ біреулер оны өзгертіп, «жұбайым» сөзін «құдайымға» ауыстырып алған.
ҚАЗАҚЫЛЫҚ ПЕН ҚАЗАҚШЫЛЫҚ
Назар салсаң қазақылық ғұрыпқа, қазақшылық дайын тұр ғой шым-шытырық шылыққа. Қазақшылық жақын тұрар бір табан мипалаудай араласқан былыққа. Бірақ, нағыз қасиеті қазақтың қазақылық екендігін ұмытпа!
Өзімнің бір өлеңімде: «Білгенімен қазақшылық былықты, білмейді тек қазақылық ғұрыпты» – деп жазғаным бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау:
Қазақылық – нағыз ғұрып.
Қазақшылық – шылық-былық.
БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ
«Мемлекет дегеніміз – үлкен отбасы, ал отбасы дегеніміз – шағын мемлекет». Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций осылай деген екен. Қазақ ақыны Қасым Аманжолов:
«Семья – шағын мемлекет,
Мен – Президент, сен – Премьер,
Артым саған көп міндет,
Премьер жолдас, бер пример!» – деп жырлаған.
Қазақтар әдетте бойдақтарды жарты деп атайды. Ал сол жартының тағы бір баламасы «жарым» деген сөз. Ол ақылы толыспаған, жартылай кем дегенді білдіреді. «Екі жарты – бір бүтін» дегенде екі жартыдан бір бүтін құралатыны, ер мен әйел қосылғанда барып отбасы пайда болатыны айтылып тұр. Орыстың «брак» (неке) деген сөзінің де түріктік тамыры бар. «Бір-ақ» сөзі «бірге болайық, бір болайық» дегенді білдіреді. Ал «брат» немесе «братань» – бір атаның балалары деген сөз. Орыстың «Отечество» және «Отчизна» деген сөздерінің де түбірі оттан шығады. Яғни, от жағу, от басын құрау деген мағынада айтылады. Ендеше отбасы сөзін ығыстырып, оны жанұя деп жүргендерге не жорық?!
КӨРЕ АЛМАУ
Жамандар жақсыларды көре алмайды. Қараңғылар жарықты көре алмайды. Неге? Өйткені, олардың көздерін шел басқан.
Талантсыздар дарынды көре алмайды. Өйткені, өздерін дарындымыз деп ойлайды. Көре алмау деген қызғаныш қана емес, көре білетіндерге жету үшін жанталасқан жанбағыс, жүйріктердің алдына шықсам деген есекдәме, алданыш. Олар сонымен-ақ күн көреді. Шындығында күнді көрмейді, күн кешеді.
Көре білетіндер көргенді, көре алмайтындар көргенсіз болады. Көре білу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ал көре алмайтындар басың көрге кіргенше таусылмайды.
ОҚЫРМАН, ТЫҢДАУШЫ ЖӘНЕ КӨРЕРМЕН
Оқырман оқиды, оқығанын көңіліне тоқиды, тоқығаны бір ғұмырға татиды.
Тыңдаушы тыңдайды, жақсы сөзді санасына сіңіреді, жаман сөзді бір құлағына кіргізсе, екінші құлағынан шығарып жібереді.
Көрермен көреді, көргеніне сенеді, жақсыларға еліктеп, өзі де сондай болғысы келеді.
Бірақ, ойланбайтын оқырман, көпірме көбік сөзге қол соғатын тыңдаушы, көргеніне көзақы сұрайтын көрермен көбейіп барады.
ШАЛ ӨСЕК АЙТАТЫН КІСІ ЕМЕС
«Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған» деген сөздерді оқып, ойға баттым.
Бауыржан атамыздың сөзін жоққа шығару мақсатым емес. Алайда, қазақ әр сөзді ойланып айтқан. Шал сөзінің мағынасы шалдығу, шаршағаннан шықса керек. Сол секілді кемпір деген сөздің түбірі де жасы жетіп, кемдік көрді деген мағынада, яғни жас кезіндей емес, кем болып қалды дегенге саяды.Яғни, шал, кемпір деген жаман мағынадағы сөздер емес.
Сырым батыр жолаушылап келе жатқанда оның алдынан шыққан ауыл адамдарының бірі: «Батыр, жаныңыздағы жігіттеріңізді ертіп, үйге түсіп, шай-пай ішіп кетіңіз!» – десе керек. Сонда Сырым атының басын тежеп: «Ниетіңізге рахмет. Барсақ барайық, шайыңызды жігіттерге, пайыңызды мігіттерге берерсіз» – депті.
Бұдан шығатын қорытынды, тегінде, жігіт-мігіт, қатын-қалаш, ет-мет, шай-пай секілді қосарланған сөздерде алғашқы сөз жақсы, кейінгі сөз жағымсыз мағынада қолданылады екен. Шал-шауқан, кемпір-сампыр, қыз-мыж, той-томалақ деген сөздердің астарына назар аударсақ, қасиетімен көзге түсіп, өсиет айтатын қарияларды шал, кемпір десек, арыз жазып, өтірік айтқан, өсек айтып, аузы сүйреңдеген үлкендерді шауқан, сампыр десек жарасатын шағар. Қызғалдақтай құлпырған бойжеткен қыз болса, өзінің қадір-қасиетін кетірген қыз-мыж. Қуанышқа арналып, дастархан жайылған, ақсақалдар батасын беріп, тараған дүбірлі жиын – той. Ал арақ ішіп, қонағы домалап қайтқан, керіс туып, дау-дамаймен тараған той – томалақ. Бала – үлгілі бала, шаға - әлі шала.
Ат – ер қанаты, мат – мәстек мағынасында. Орыстың «кони-пони» деген сөз тіркесін, бәлкім, ат-мат деп аударуға болар. Орыстар жылқыны кони, кішкентай аттарды пони деп атайды. Қазақта кішкентай жылқылар болмағаны аян. Сондықтан олардың атауы да жоқ. Бірақ, жоғарыдағыдай үлгіні қолданар болсақ, кони ат болса, пониді мат деп неге айтпасқа?! Бұл да ойланатын жай.
МӘНІ ӨЗГЕРГЕН МӘТЕЛДЕР
Біздің қазақ мақалшыл, мәтелшіл. Ал сол айтылған қанатты сөздердің біразын олар жол-жөнекей өзгертіп, өзінің ыңғайына бейімдеп алатыны өтірік емес. Менің ойымша, қазақтың қазіргі айтылып жүрген көптеген мақал-мәтелі де осындай өзгеріске ұшыраған. Мысалы, «Құдаңды Құдай жіберген қонақтай күт!» дегенді «Құдаңды Құдайдай сыйла!» – деп өзгертіп алғанбыз. «Ұра берсең шайтан да өледіні» «Ұра берсең Құдай да өледі» – деп, айды аспанға бірақ шығардық. «Пенде алтын көрсе жолдан таядыны» «Періште алтын көрсе жолдан таяды» қылып алдық. «Әкесі жоқ – тұл жетім, шешесі жоқ – шын жетім» дегенді «әкесі жоқ – жарты жетім, шешесі жоқ – шын жетім» қылып, өңін айналдырдық. «Қыз жатты да жақын қылады» дегенді «қыз жат жұрттық» деп өзгерттік. «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» дегеннің соңғы жағын «ағайын тату болса, дос көп» деп айтып жүрміз. «Таз ашуын тырнап аладының» орнына «Таз ашуын тырнадан алады» дегенді де естіп жүрміз. Айта берсек, толып жатыр.
Қазақтың кейбір қанатты сөздерін қазіргі уақытта осы заманға сәйкес өзгертіп айтқанның ешбір ерсілігі жоқ секілді. Мәселен, «жақсылығын асыр, жамандығын жасыр» – деп жатамыз. Жауырды жаба тоқуға болмайтын жағдайда, әділетті қоғам орнасын десек, жақсылықты асырмау керек, жамандықты жасырмау керек деген орынды емес пе?! Мұхтар Мағауин: «Қазақтың «Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа – жақсылық ер адамның ісі» деген мақалымен келіспеймін. Былай деп өзгертер ем: «Жақсылыққа – жамандық әр адамның ісі. Жақсылыққа – жақсылық ер адамның ісі» деген екен. Жыр тілімен айтатын болсақ: «жақсылықты асырма, жамандықты жасырма, күші басым болса да, дұшпанына бас ұрма!»
«Таспен ұрғанды аспен ұр!» – деп көлгірсиміз. Бұл мәтелді ер кезегі үшке дейін қолдануға болар. Ал тас лақтыру жалғаса берсе, таспен ұрғанды таспен ұрмағанда не істейсің?! Таспен ұрғанды аспен ұр, тағы да ұрса, таспен ұр, қашып-бұқса, сабыр ет, қолмен соқса, баспен ұр!
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» – дегеннің орнына «алтын көрсе премьер-министр де жолдан таяды» – деудің де қисыны бар.
«Қонақ аз отырып, көп сынайды» – дегенді одан әрі жалғастырып, «қонақ көп отырса, аз сынайды» – десе жарасып тұрған жоқ па?!
«Бастыққа бара бер, бара бермесең, пара бер» – дегенді қалай түсінуге болады? Оны бергендер айтады. Ал алғандар не демек? Олар: « Не берсең де ала берем, кең қалтама сала берем!» – дейтін шығар. «Ұлыққа бара берме, барсаң да, пара берме, алған да, берген де бір, пәлеге қала көрме. Барыс-келіс бола берсін, алыс-беріс болмасын, тамыр-таныс бола берсін, ұрыс-керіс болмасын!» – десек жараспай ма?!
«Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген ескірген мәтелді жаңаша түрлендірсек: «әйелдің шашы қысқа, ақылы ұзын» болып шықпай ма?! «Байтал шауып бәйгі алмасты» «байтал бәйгіден құр қалмас» – деген дұрыс шығар.
КАСКАЛАР МЕН МАСКАЛАР
Касканы жауынгерлер жаудан қорғану үшін, құрылысшылар кездейсоқ апаттан сақтану үшін киетіні белгілі. Велосипедшілер, мотоциклшілер, хоккейшілер де каска кимей жарысқа шықпайды. Өрт сөндірушілер мен судан құтқарушылар каскасы да өмірді сақтау мақсатын көздеген. Танкистер мен ұшқыштардың бас киімдері (шлемдері) де каска мен масканың қосындысы.
Масканы кісінің беті-жүзін жасыру мақсатында карнавалдарда, театрда, медицинада және спортта қолданған. Жын шақырған бақсылар да бетперде киіп зікір салатын.
Қазір касканы полицейлердің басынан көреміз. Өйткені, олар көшедегі азаматтардан қорғанады.
Масканы қарақшылардың бетінен көреміз. Өйткені, олар беттерін көрсетуге арланады.
Кейбір аярлар жолыққанда бетіне қарап күліп тұрады. Бірақ, бетіне маска кимесе де, маска киіп алған адамдай, ар жағында былық тұрады.
Касканы дос қана, масканы қас қана киеді екен деп те ойламаңыз. Маска мен касканы қатар қолданатындар тіпті көбейіп кеткен секілді. Каска мен масканы басқалар кисін, менен аулақ жүрсін деу де қиын.
Жар астында жау жоқ демеңіз. Басыңызда каска болсын.
Елдің бәрін дос санамаңыз. Бетіңізде маска болсын.
ТИЫН МЕН ТЕҢГЕ
Бір отырыста жүз теңгелік Тиын мен он мыңдық Теңге сөзге келіп қалды. Отырысты жүргізіп отырған Тиынның: «Теңге тиыннан құралады» – деп сөз бастауы Теңгеге жақпай қалды.
– Әй, балақай! – деді ашуға булыққан Теңге. Мына сөзді менен басқа ешкім естімейтін болсын. Дүкендердің сатушылары алдымда құрақ ұшады. Тіпті Банктің өзі мені құрметтейді. Сонда сен өзіңді кім деп білесің.
Тиын да бірбеткей еді.
– Ағатай-ау! Тиын болмаса, сіз екі аяғыңыз аспаннан салбырап түспеген шығарсыз, – деп еді, Теңге тіпті құтырынып кетті.
– Мен баспахана бояуы әлі кеуіп үлгермеген Теңгемін. Судай жап-жаңамын. Мен байлардың жанқалтасында жүремін. Сен болсаң қайыршының дорбасында жүресің.
Тиын не күлерін, не жыларын білмеді.
– Менен атағыңыз басым болса да, құныңыз көп болса да, Сіз еуро мен доллардан аса алмайсыз ғой, – деп еді.
– Жә, тіл мен жағыңа сүйенбе. Қазір менің дәуренім. Ал сенің қолыңнан шылдырлағаннан басқа не келеді. Көп болса дүкеннен шырпы немесе сағыз алуға ғана шамаң келер, – деді Теңге.
– Ұсақ ірі болмайды деп ойлама. Алыптар майдаланбайды деп ойлама, сіздің түбіңіз қағаз, менің түбім қалайы, – деді Тиын. Теңге аузын аша алмай қалды. Тиын болса:
– Тиын ауыр ма? Теңге ауыр ма? Теңгені тиынға айналдыру оп-оңай. Тиыннан теңге жасау қиын. Ұсақталу оңай. Ірілену қиын. Ұсақ-түйекті ұсақ ақшаға да сатып алуға болады. Тиынды жақтырмасаң, теңгең көбеймейді. Тиыннан теңге құралады. Теңге тиын болмаса суалады, – деп бастырмалатып барып тоқтады.
Талас соңы не болды дейсіз бе?
Теңге де тозды. Ақыры жыртылды.
Тиын болса озды. Жылдар өткенде мұражайдан орын алды.
АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА...
Кешегі Совет дәуірінде елдің сөзін дуалы ауыздар емес, қайратты қайраткерлер емес, не қой бағып үйренген шопан, не тары өсірген диқан, тіпті басшыларға дәмді ас әзірлеген аспаз да сөйлегенін білеміз. Кейін аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлейтін заман туды. Астында көлігі, басында баспанасы, алдында асы бар соларға Парламенттегі орын сыбайлас жемқорлықты дамыту үшін ғана керек болды. Бір қайран қалатыным, спортшы денсаулықты түзеймін, әртіс өнерді дамытамын деп уәде береді. Мұның өзі белгілі бір мамандық иелері өз жұмысын адал атқарса, орнына келетін шаруа емес пе?! Парламент төріне шықтың екен, ерніңе жара шықса да, елдің сөзін сөйле! Депутат халықтың құлы екенін естен шығармауы керек! Жағымпаздық пен арамдық, алаяқтық пен пысықтық жайлаған ортада арамшөптерге орын табылса да, жемісі елге пайдалы өсімдіктерге орын қалмайды.
ТАҢ ҚАЛМА!
Досым! Бұған таң қалма!
Әуежайда, вокзалда
«Қайта-қайта тексереді неге?» – деп,
Бекер уайым етесің.
Айтсам сөздің төтесін,
Бұл фәниге келгенде де,
Кеткенде де тексеруден өтесің.
Жалаңаш келіп өмірге,
Жалаңаяқ кетесің.
ЖОҚ
Заңгерлер көп, қылмыс көп,
Мамандар көп, жұмыс жоқ,
жұмысшы аз,бастық көп,
оңып жатқан тұрмыс жоқ.
Шығын көп те, кіріс жоқ,
сабаны бар,дәні жоқ,
күрмегі бар, күріш жоқ,
ылғи жоқтан шаршаған
Байғұс елде ырыс жоқ.
БҰЙЫРСА, НӘСІП БОЛАДЫ
Уақыт теңге секілді кеміп барады,
Баға доллар секілді өсіп барады.
Сенім жанған оттай сөніп барады,
Үміт сол отты белуардан кешіп барады.
Қанша алдым?
Қанша қалды?
Осы сауалдар көкейімді тесіп барады..
Ақылға кел!
Аллаға сен!
Бұйырса, нәсіп болады.
БҰЛ ФӘНИДЕ
Бұл фәни шаттыққа толы болса, дүниеге келген нәресте жыламас еді. Жалғанда жүретін жол тақтайдай тегіс болса, сүрініп, құламас еді. Алла қолдамаса, төрт аяқтылардың арасында екі аяқпен тұра алмас еді. Жаратушы аң мен құсты, төрт түлік малды, жер бетіне шығатын жеміс-жидекті, көкөністі, арпа-бидайды жаратпаса, несібесін теріп жеп жүре алмас еді.
Ер адамға сақал-мұрт шықпаса, күнде қырынбас еді. Қайғы-қасірет көрмесе, қуаныштың мағынасын ұғынбас еді. Бұл фәни тап-таза болса, қайтқан кісінің мәйіті де жуылмас еді.
ҚОЛТАҢБАЛАР ҚАЛАЙЖАЗЫЛДЫ?
Қостанай облысына Нұралы Сәдуақасов әкім болып тағайындалғаннан кейін оған жаңа шыққан кітабымды ұсындым. Кітапқа:
«Айналайын, бауырым Нұралыға,
Қызметке бұл қазақ шыдады ма?!
Айнал енді қазақтың ұранына,
Айналма тек биліктің құралына» –
деп қолтаңба жаздым. Шын тілегім осы еді.
Қадыр ақын театр сыншысы Әшірбек Сығай туралы:
«Данышпансып жүргенді танымайсың,
Шын дарынды дарын деп мойындайсың» – деген екен.
Қостанайға келген сапарында Әшірбек ағамызға берген кітабыма жазған қолтаңбамда:
«Драма – өмірді көрсетер шын айна,
Білмеймін, аталмыш кітабым ұнай ма?!
Театр саңлағы, ақылман тарланы,
Ұсындым ағамыз Әшірбек Сығайға!» – деп жаздым.
Қолтаңбалар кейде ойланып, алдын ала жазылады, кейде табан астында туады.
НЕ ДЕЙІН?
Архимед Мұхамбетов Қостанай облысына әкім болып тағайындалғаннан кейін халықпен болған кездесулердің бірінде біздің жерлестеріміз бірінен бірі асып түсуге тырысып-ақ бақты. Біреуі әкімді көріпкел деді, біреуі іскер деді, бірсыпыра лебіздер айтылды. Сонда сөз кезегі келгенде:
«Не дейін қапелімде Архимедке,
Тобылдың арнасы кең, қарғып өтпе!
Көпір сал, қайық жалда, дағдарыста
Халықты аман өткіз арғы бетке» - деп айтқаным бар.
АҚҚҰШТАПҚА АҚ ТІЛЕК
Қостанайда Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өтті. Сонда ақын Аққұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кеші кезінде оған деген тілегімді төмендегі өлең жолдарымен жеткіздім:
Таланттың асау тізгінін
Жүргендер бар ғой шаққа ұстап.
Сағынтып жүрген қыз күнін,
Ошақта қалған шоққа ұқсап,
Әлдилеп жүріп бөбегін,
Тамызық қылып өлеңін,
Қайнатқан қазақ қазанын,
Қыздырған тірлік базарын,
Жасай бер, ақын Аққұштап!
ӘДЕМІ ТІРКЕС
Мейрамбек Бесбаев Қостанайда қойған концертінің бірінде ақын Нарша Қашағановтың сөзіне жазылған бір әнді орындады. Сондағы: «Қолым қысқа деп едім, қолтығымнан демедің» деген тіркес жадымда жатталып қалды. Наршаны жас кезімнен білетін едім. Қарапайым болса да әдемі сөз, әдемі тіркес. Жарайсың, Нарша!
ҚАСИЕТ ПЕН ҚАСІРЕТ
Досыма - сенім, жауыма – кегім – Қасиет.
Кездейсоқ өлім, текке өткен өмір – Қасірет.
ӨКІНІШТІ
«Общественная позиция» газетінде жарық көрген мақаласына (№41, 26 қараша, 2015 жыл) көсемсөзші Амантай Дәндіғұлов «На третий день и аду привыкаешь» деген тіркесті эпиграф қылып алыпты да, оның авторы деп Герольд Бельгерді көрсетіпті. Бельгерді азамат ретінде де, қаламгер ретінде де қатты құрметтеймін, алайда, орыс тіліндегі бұл тіркес жазушының сөзі емес, қазақтың «адам үш күннен кейін тозаққа де үйренеді» деген қанатты сөзінің аудармасы ғой. Жазушының өзі де қазақта осындай мәтел бар деп атап көрсетеді. Ал оның сөзін мысалға алып отырған біздің орыс тілді қаламгеріміз осы жағына мән бермей, қазақша айтылатын тіркестерді басқа авторға теліп жіберетіні өкінішті.
БІЗДІҢ ҚАЗАҚ АЛА АУЫЗ
Күнбатыста бір дұшпан, Күншығыста бір дұшпан көзін қадап тұрса да, біздің қазақ ала ауыз, дәме қылып жыртыстан, бір бірімен қырқысқан.
Жем келер деп қай тұстан қоңыз қиды теріп жүр, өрмекшілер өріп жүр... Жер бетінде сұр тышқан, жер астында көртышқан өлмес күнін көріп жүр...
Жетім қозы тасбауыр, өзге енені еміп жүр...
БҰРЫНҒЫ МЕН ҚАЗІРГІ
Бұрынғының тұлпарлары жараған, төбеттері қабаған, азаматы аламан болушы еді, ел ішінде алшаңдап, жайраңдап жүруші еді.
Қазіргінің жігіттері ысылған, жерлері жоқ қысылған, заты кәпір, аты ғана мұсылман.
ШАПАЛАҚ
Шапалақтың да түр-түрі бар.
Ырза болып, қол соқсаң – қошемет. Оның пайдасы өте көп.
Ыза болып, күйінсең – ренжіткен кісіге қарсы әрекет.
Көрермен алақаны қызғанша қол соқса – сүйініштің белгісі.
Қыз жігіттің бетінен шапалақпен осып өтсе – күйініштің белгісі.
Бірақ, сол шапалақ қыз арына қорған болатынын ұмытпа.
Қайта-қайта қол соғудың да жалған болатынын ұмытпа.
Кейбір шапалақтың ар жағында айқай тұрады.
Кейбір шапалақтың тасасында шайтан тұрады.
ДАҒДАРЫСТАҒЫ ЖАНБАҒЫС
Дағдарыс кезінде жанбағыс қамымен жүретін, күнбағысқа ұқсайтын кісілер көп болады екен. Олар өзіне жарығын түсіретіндерді ғана төңіректейді, қас-қабағына қарайды. Соларға қарап марқаяды, соларға қарап сарғаяды. Әбден толысқанда барып «өзім болдым, өзім толдым!» – дейді. Ал жанашырларының түбінде өзін шемішкедей шағатынын білмейді.
ХАНҚАМАУ
Ханқамаудың ойыны көп кісіге бағалы. Ойнағандар әлбетте содан рақат табады. Ханқамаудың ғажабы – ойыншылар әскерлердің тажалы. Қатардағы сарбаздардың көп болса да ажалы, төменде қалған сарбаздар ұмтылады жоғары. Сол сарбаздар сәті түссе піліңді де, атыңды да жеп алады. Тайынбайды тап беруге ханға да, ашылғанда араны. Босағада тұрған әскер төрге шықса егер де, уәзірдің де орнын тартып алады. Бір сөзбен айтқанда, шабуылдаушы да, қорғанушы да кінәлі.
Ал осының барлығын орынына қоюға жетер ме екен шыдамы, бар ма ханның амалы?!
Менің ойымша, шамалы!
АҒАРТУ ЖӘНЕ ЖАРЫҚ БЕРУ
Мемлекет қазынасынан халықты ағартуға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Қалаға жарық беруге миллиондаған қаржы беріледі.
Нағыз жазушының еңбегіне неге осындай қаржы берілмейтініне таң қаламын. Олар да прожекторлар секілді ағарту және жарық берумен айналыспай ма?
СЫЛАҚШЫЛАР МЕН ҚҰРАСТЫРУШЫЛАР
Чехияда суретшіні сылақшы (маляр), ал ақынды құрастырушы (слагальщик) деп атайды. Графомандарға қарата айтылған сөз секілді әсер етеді. Шынында да нағыз суретшілер сурет салады, ал кемталанттар сылап қана қоймайды, кенептің өзін бүлдіреді. Нағыз ақындар жыр шығарады, кемталанттар сөз құрастырады. Айырмашылығы осы ғана.
Жазушы деген сөз жазудан шыққан. Ерінбеген етікші болады. Ұялмаған өлеңші болады. Екінің бірі өлең жазады. Нағыз жазушыны қалай танимыз? Әлде оларды басқаша атау керек пе?
БОЛТ ПЕН ГАЙКА
Жаратушы әуел баста бұл өмірдегі барлық жан-жануарды, өсімдіктерді жұптап жаратқан. Осы бұлжымайтын заң әлімсақтан жалғасып келеді. Тіпті тіршіліктегі түрлі бұйымдардың өзі жұптан құралған. Сыңар етік, сыңар қолқап болмайды.
Жұп болмаған жағдайда серік болады. Ине болмаса түйме тағылмайды, балға болмаса шеге қағылмайды. Хоккейде доптаяқ пен шайба қатар аталса, биллиардта тастаяқ пен биллиард тасы, теннисте ракетка мен шар қатар жүреді. Бірінің бірінсіз күні жоқ, қатар жүрсе, мұңы жоқ. Жалғыз қалса, құны жоқ болып шығады.
Сол заттардың ішінде судағы, көктегі, жердегі түрлі ғимаратта, көлікте пайдаланылатын болт пен гайканың орны бір бөлек. Болт пен гайка дұрыс үйлессе ғана жымдасқан тақтай ма, темір ме, басқа материал ма, бәрін біріктіріп ұстай алады. Бұдан көп жыл бұрын болт пайдаланыла бастағанда гайка мүлде болмаған екен. Бірақ, гайкасыз болттың ғұмыры ұзақ болмаған.
Адамдар да кейде осы бұйымдарға ұқсайды. Заттар көлемі мен мөлшері сәйкес келсе үйлеседі. Адамдар міңездері сәйкес келсе үйлеседі.
Бірін бірі түсініп, тіл табысқанға не жетсін?!
КӨП ТІЛ БІЛУ МІНДЕТ ПЕ?!
Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлініің:
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!» деген жолдарын бұл күндері елдің көбі қолданады.Совет үкіметі кезінде жазылған бұл шумаққа Қадыр ақын көзі тірі болса баяғыда өзгеріс енгізер еді. Оның өз шығармаларына қаншалықты ұқыпты қарағанын көбіміз жақсы білеміз. Мәселен, «Ақын деп біздер айтамыз адамды от боп маздаған, ақынға керек ақыл көп, жыңдылық керек аздаған» деген өз жолдарын ол кейін өзгертіп, аталған шумақтың соңғы жолын «асаулық керек аздаған» деп жөндеген. Сол секілді ана тілі туралы шумақтың алғашқы екі жолын сол қалпында қалдырып, соңғы жолдарды: «Өз тіліңді жақсы біл, өзге тілді құрметте!» десек көп көңілінен шығар еді. Өйткені, өзге тілді түгел білу мүмкін емес қой. Атамыз қазақ «Жеті жұрттың тілін біл» десе де, көп тілді меңгергендер некен-саяқ. Онсыз да үш тұғырлы тілден басымыз қатып жүргенде енді қытай тілін білу керек, араб тілін білу керек деушілер пайда болды. Оны айтушылардың көпшілігі өзінің ана тілін білмейді. Өз тілін менсінбеген кісі өзгенің тілін не қылмақ? Ана сүтін емізбей, емізікпен асыраған баладан ертең не қайыр күтеміз?!
НЕ ДЕГЕН «БАҚЫТТЫ» ЕДІ?
Бала кезімде орыс әйелі сауып жатқан сиырын еркелетіп Маруся деп атағанын естігенім бар. Сиырды да кісі есімімен атайды екен-ау деп қатты таң қалғанмын. Кейін сол орыстардан үйренді ме, қазақ әйелдері де сиырларына орыс қыз-келіншектерінің есімін қоятын болды. Итке де, мысыққа да ат қойылды.
Соғыс кезінде орыстар қырып-жойғыш әйгілі қаруға «Катюша» деп ат қойды. Соған кейін тағы таң қалдым. Олар үшін әйел есімінің мән-мағынасы болмағаны ма?
Енді кәмпит қорабынан да, шөлмек сыртынан да, асхана мен дәмхана, мейрамхана атауларынан да толып кеткен қыз-келіншек есімдерін кездестіреміз. Орысшасы да, қазақшасы да бар.
Бұл әйелдер не деген «бақытты» еді? Есімдерін күйеулері ғана айтпайды, не тілдің ұшында, не көздің алдында жүреді...
ЕРЕСЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЕРТЕГІ
балалар үшін дерт еді
Шық бермес Шығайбайды алдап соққан Алдаркөсе бейнесі осы заманғы ертегілердің жанында солғын тартып қалды. Өйткені, қазіргі уақытта ертегі туралы бала ұғымы өзгеріп кетті. Балаларды көшеде де, мектепте де кішкентайынан өтірікке үйретіп жатырмыз.
Қазаққа байды алдап үйренген Алдаркөседен көрі кімді көрсе де мақтайтын және сый-сияпат үлестіретін Аяз шал әлдеқайда жақын болып шықты.
Мәселен, жаңа жылдық ертегілерді алайық. Әр үйге Аяз ата келеді. Жай келмейді, балалар жазған хатта айтылған, олар қалаған сыйлықтарды алып келеді. Оны тапсырушылар баланы «бұл сыйлықты саған Аяз ата беріп жіберді» - деп алдайды. Немесе шыршаның жанына тығып қойған қораптарды Аяз атаның сыйлығы деп үлестіреді. «Айналайын баладан тауып алған даладан» немесе «түсіп қалған шанадан» деген өтірік өлеңдер секілді оған де сенбеске лажымыз жоқ.
Аяз шал көбінесе жалғыз да келмейді. Қаршақыз деп аталатын (Снегурочка) немересін ерте келеді. Біздің қазақтар Снегурочканы теледидар хабарларында көбіне Ақшақар деп атап жүр. Ақша қар снежок деген ұғымды білдіреді ғой. Бұл жетім қыздың да қайдан келгенін, қайда туғанын ешкім білмейді. Өйткені, оның әкесі де, шешесі де жоқ. Ертегінің ең шырқау шегі де осы. Аяз ата бойдақ шал ма, әлде үйлі-баранды ма, немерені қайдан тауып алған, жетім балалар үйінен асырап алған ба, ол туралы да ештеңе айтылмайды. Аяз шал мен ақша қардай әппақ болып жүретін қыздың ұлтының кім екені де белгісіз. Кейбір кісілер олар Ассамблеядан шыққан деседі.
Аяз шал кейінгі уақытта үнемі қызыл шапан киетін болды. Оны білетін коммунистер де сайлау алдындағы науқанда «Аяз ата қызыл болған» деген ұран көтерді.
Шынында да Аяз шалдың мұрыны қып-қызыл. Ащы суды көбірек сілтегеннен немесе сақылдаған сары аязда қатты тонғаннан қызарып кеткен болуы керек.
Бір ғажабы, ешқандай дінге мойынсұнбайтын, атеистік көзқарастағы адамдардың өзі бір Жаратушының алдында дәрменсіз, тіпті, оған қалай жалынып, жалбарынып отырғанын өзі де байқамайды. Мысалы, кез келген көл-көсір дастарханда олар бір-біріне денсаулықтан бастап болашаққа дейін тілек тілейді. Сонда бұл тілекті кімнен тілейді? Кім орындайды, кімнің құлағына шалынады деп тілейді? Әрине, қонақ қылған үй иесі де, сол отырыста болған бастық та бұл тілектердің бірін жасаса да, бірін жасауға қауқары жетпейді. Олай болса, тілектің өзі Алладан сұрау болып шықпай ма?
Ендеше әлі де партбилетін көзінің қарашығындай сақтап жүрген коммунист атеистерімізді «діндарлардың» қатарына жатқызуға болатын шығар.
Қазақ театрындағы Аяз шалдың бұрынғы қызыл шапаны тозған болуы керек, ол енді көк шапан киіп алыпты. Қазақтың туымен түстес шапан киген, яғни, қазақ жерінде туған Аяз шал да сол ертегіні қазақ тілінде айтады. Бұғы жеккен шанаға мініп жүретін Аяз шал қазақ тұлпарын да ерттеп мінетін болды.
Ересектерге арналған ертегілер енді балалардың миын улай бастады. Қыдыр бабаның өзі Аяз шалдан бата алған екен. Жер бетіндегі жұмақты орнатқан жергілікті әкімқаралар екен. Өйткені, олардың барлығы дерлік Аяз шалдың ұрпақтары көрінеді. Солардың атына айтылған мадақ бұқаралық ақпарат құралдары бетіне көшті. Солардың тапсырмасы бойынша «әкімнің әмірімен» жасалып жатқан ұлы істер ертегіден «шындыққа» айнала бастады. Аспандағы жұлдыздар жерге түсіп, адамдардың кеудесіне орнады. Жұлдызды ғасырда түнерген түн қайта жап-жарық болып кетті. Мыстан кемпірлер мен Жезтырнақтар келмеске кетті. Аяз ата мен Ақшақар туралы дастан жазған ақын марапатталды. Тазша баланың бағы жанды. Өйткені, Тазша бала Аяз шалдың қолынан жаңа жыл қарсаңында бағалы сыйлық алды.
Немерем ертегі жазып жатыр. Бала қиялы қияға самғайды. Бірақ, әзірше Аяз шалдың ойынан әрі аса алмайды.
ҚҰБЫЛУ
Драма театрының бір актері бар. Қаңтарда Аяз ата болады. Наурызда Қыдыр баба болады. Қыста бала-шағаға тәтті үлестіреді, Көктемде наурыз көжеден дәм татып, бата береді.
Оның құбылуы биліктегілердің тапсырысына байланысты. Актер болған соң құбылмағанда қайтеді?! Өмірде де осылай құбылатын жандар аз емес қой.
ҚАСҚАБАС ЖӘНЕ БАСҚА БАС
Cовет Одағы күйреді. Кабинеттердегі бұрынғы КПСС Саяси бюросы мүшелерінің портреттері қабырғалардан алынды. Олардың орнына енді жаңа басшылардың суреттері салынды. Сондай суреттің бірнешеуіне бажайлап қарасам, рамасы баяғы, тіпті суреттегі олардың костюмі мен мойынбауы да өзгермеген, тек бұрынғы бастардың орнына жаңа бас салыныпты. Қасқабастың орнында басқа бас пайда болыпты.
Суретшілерге майлы бояумен сурет салатын кенептің де қат кезі ғой, сүйтсек, олар бұрынғы суретке жапсыртып, жаңа бастарға ескі бастарды бастыртып, солардың орнына салған екен.
Қазіргі кейбір реформалар осы кепті есіме салады.
ОҚУ ӨТІП КЕТКЕНДЕР
Жас кезімде елдегі үлкендерден «оқу өтіп кеткен» деген сөздерді жиі еститінмін. Ал далада ұзақ ойнап, жаздың күні жалаңаяқ, жалаңбас жүрген кезімізде мұрттай ұшып ауырып қалған кезіміз де болған. Сонда әжеміз: «бұл балаға күн өтіп кеткен» деп қолдан келген емін жасап, бәйек болатын. Алғашқы сөз қалада көп оқып келген «оқымысты» бозбалаларға айтылса, кейінгі сөзді жас балалар аяқ асты ауырып қалғанда жиі қолданатын.
Есейе келе сол оқу өткен, күн өткендерді өз көзіммен көремін деген ой үш ұйықтасам да ойыма келмепті. Күн өтіп кеткен дейміз-ау, нұр өтіп кеткендерді көзіміз көрді. Қалталарында табақтай дипломы бар жасамыс шенеуніктерге де оқу өтіп кеткен болуы керек, сөйлегенде олардан шешен адам табылмады. Әсіресе, сайлаудан кейін елге елеусіз әлдебір партияның белсенділері есірткі ішкендей елеріп, көздері ұясынан шыға жаздап, әлі есі кіре қоймаған жас балалардай қолдарына жалау ұстап, мойындарына орамал салып: «Жеңіс! Жеңіс!» – деп қиқу салғанын көргендер жағасын ұстады. Кімді жеңді? Жауды жеңді ме? Түсіну қиын болды.
Мына қалпымызбен білімді деген елдерден көп ұзамай озатынымыз анық болды. Алайда, күн өтіп кеткендерді жазып алуға болса да, нұр өтіп кеткендерді айтпай келген сырқаттан қалай сауықтырамыз?
ЖАЙ ҚАЛДЫ
Жүйріктер жабы атанып, жабылардың бәйге алуы үйреншікті жайға айналды.Кедейлер асқа жарымай, жемқорлар алпауыт байға айналды.Аласалар аспандап, биіктер жасқанған заманда мылжыңдар шешен атанып, шешендердің тіл-жағы байланды. Осыны көріп-біліп отырған кемеңгерлер көкірегіне қайғы алды. Есерсоқтың дегені болып, даналар сөзі жай қалды.
АЗ СӨЗ – АЛТЫН, КӨП СӨЗ – КӨМІР
«Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегi келдi. Төрелескенде де ренжитiн ретiмiз жоқ. Тек ұзағынан сүйiндiргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тiлектiң үстiндемiз. Жан-жағымызға бiрдей әдiл, өткенiмiз бен ертеңiмiзге бiрдей сергек бола бiлсек болғаны. Өйткенi, бағзыдағыларымыздың аруағы жебегесiн, бүгiнгiлерiмiздiң тiлегi демегесiн, жетiп отырмыз бұл күнге». Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы Республика Сарайында Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қызметіне кірісу салтанатында сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жайында осылайша толғанған болатын. Мазмұнға келсек, мақсат толық орындалған.
Әбіш ағамыздың сөз саптасына сүйсіне отырып, көрнекті қаламгерлер де кей-кейде қателік жіберетінін, лықсып келген сөз тасқынының жетегімен кетіп қалатынын аңғаруға болады. Осы үзіндідегі «бағзыдағыларымыздың» деген ұзын сөзді «баяғы бабалардың» деген секілді екі сөзбен де айтуға болар еді ғой. «Бүгінгілеріміздің» деген сөз де өте ұзын. Айтып болғанша тынысың жетпей қалады.
ОРЫС АЙТҚАН СӨЗДІҢ БӘРІ ОРЫНДЫ ЕМЕС
«Свобода слова» деген газеттен орыс тілінде жазатын қазақ журналисінің (Мұрат Уәли) «Но, вернемся к нашим баранам» (25 наурыз, 2010 жыл) деген жолдардан басталатын мақаласын оқыдым. Мақала туралы сөз еткім келіп тұрған жоқ. Әңгіме қой туралы. Өйткені, орыстар айтып жүрген осы тіркес қанатты сөз есебінде жиі қолданылады. Орыстың айтуы өзіне жөн десек те, сол сөзді қазақтың қайталап айтқаны көңілге келеді екен. Бұл сөздің түбі, әрине, қазақтан шыққан. «Қотанымызға қайтып оралайық» деген сөйлем баяғы бастаған әңгімемізді қайта жалғастырайық деген мағынаны білдіреді.
Шошқа баққан орысқа бөбегін «торайым» десе де жарасады. Ал олардың «баран» дегені қазақтың төрт түлігінің бірі қойға байланысты айтылуы сол қойды кемсіткеннен туған көзқарас екені де белгілі.
Қой жәннатың малы деп есептеледі.Төлеужан Ысмайыловтың «Қойшылар» деп аталатын өлеңінде «Аға, – дедік, – туымызды оң ұстар, «Баран» деді сонда бізді орыстар» деген жолдар бар. Қойдан жуас қазақ басқа халықтың қай мазағына көнбеді. Бірақ, орыс айтты деген сөздің бәрі орынды емес екенін аңғаруымыз керек.
Сол орыста көкейге қона кететін қанатты сөздер де аз емес. Мәселен: «Доверяй, но, проверяй!». Қазақша мағынасы – «Сенген дұрыс, бірақ, тексеріп көрген дұрыс». «Можно, но, осторожно!». Қазақша мағынасы – «Болады, бірақ, байқа шамалы». Қазақтың «адамның дегені болмайды, Құдайдың қалауы болады» – деген сөзін орыстар «человек предполагает, Бог располагает» – дейді.
ДҮРДІҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?
«Дүр» деген сөздің мағынасы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» жазылған мысалдарға қарасақ, (Алматы: «Ғылым», 1978 ж,211 бет) атақты, даңқты, атышулы дегенге саяды. Жалпы алғанда, «дүр» деген сөз өзін жоғары ұстаған, немесе өзгеден биік болған, атағы зор кісілерге айтылады. «Болғанда өзің пілдей, сөзің дүрдей» деген өлең жолдары бар. «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей...» – дейді Абай.
Сонымен бірге «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген тіркестер де ертеден айтылып келеді. Осы сөздердің астарына үңілетін болсақ, «дүр» деген сөз аса ірі жануарға, ал «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген сөздер алып құсқа байланысты айтылған деген болжам жасауға болады. Тіпті «дүр етті» деген тіркес те әлдебір хайуанның дыбыс шығаруына, яғни, құстың қиқуына байланысты айтылуы ғажап емес. Адамға байланысты «дүрдиіп, дөң айбат жасады» деген сөйлемде де әлдебір хайуанның сес көрсеткенімен салыстыру бар. Қазақ «дүрдей» деген сөзді ірі деген мағынада қолданады. «Дүрдиген ерін» деп ісіңкі ерінді айтады. «Дүрбелең» деген сөздің түп тамырында да елді шу қылды, қатты айқай шығарды деген мән бар.
Олай болса, слонды піл, мамонтты зіл деп атаған бабамыз дүр деп сол ерте замандарда өмір сүрген аса ірі қанатты құстарды айтқан болуы керек деп топшылаймын. Уақыт өте келе денезор (динозавр) секілді алып жануарлар, самұрық секілді алып құстар тып-типыл жойылып кетсе де, сөз қалған. Біздің бабаларымыз денезорды да, піл мен зілді де, дүрді де өз көздерімен көрген болуы керек. Көрмесе, білмесе, атам заманнан жеткен сөздер қазіргі қазақ тілінде қолданысқа түспес еді ғой.
ТОП ТУРАЛЫ
Көне сөздердің біразының мағынасын әлі күнге дейін білмейміз. Қазақта «топ ете қалды, топ ете түсті» деге тіркес ежелден бар. Осы сөйлемдердегі топ деген сөзді әуел баста түсінбей жүргенім рас. Жолым түсіп, Түркиядағы «Топқапы» деп аталатын мұражай-сарайда болғаным бар. Зеңбіректің оғы деп жүргеніміз зеңбіректің түп атасы болған катапульт – қамал қиратқыш тасатардың тобы екенін кейін білдім.
«Көркіне жұртты қаратқан
Сарайдың зәулім басты аты –
Қақпадан шыға оқ атқан
Топ ете қалған Топқапы» – деген жыр жолдарын да сол жолы жазып едім.
Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты шығармасының «Тынымсыз майдан» деп аталатын үшінші кітабында тасатардың өзіндік «снаряды», яғни топ жайында жан-жақты баяндап: «Ескілікті Қытайда әуел баста атыс топтары – тас болған. Қиқы-жиқы емес, арнайы өңделген, лайықталған. Нақты тәжірибе үстінде ең ұтымдысы – шар кейіпті, домалақ топ болып шығады. Оқпанға ыңғайлы, әрі алысырақ ұшады» – деп атап көрсеткен.
Сөз зергері Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» кітабындағы «Жаңбырлы күні» деп аталған өлеңде (Алматы: «Жазушы», 1994 ж) «Салдыр-күлдір көк жүзі, зеңбірек доп атқандай» деген жолдар бар. Редактордан немесе корректордан кеткен қате көзге ұрып тұр. Бұл арада әңгіме доп емес, топ туралы екені бесенеден белгілі. Зеңбіректен топ, яғни, снаряд атылады. Доп ешуақытта атылмайды. «Доп топ етіп түсті» деген сөйлемнің өзінде де топ секілді түсті деген мағына жатыр.
ҚАРДЫҢ БАСЫН ҚАР АЛАР...
Қостанайда Әшім деген қуақы қария болды. Бірде қазақтар бас қосқан отырыста «ханның басын хан алар, қардың басын қар алар» деген тіркес айтылып, сол арада отырған орыс түсінбей қалып, бұлсөйлемнің мағынасынӘшекеңнен сұраса керек. Ол табан астында: «Түсінбейтін түгі жоқ. Речь идет о хане и о снеге, на казахском языке снег – кар. «Голову хана отрубит царь, голову снега снимут кар» – деп жауап беріпті.
ЕНДІГІ ҮМІТ ҚҰЛЫН-ТАЙДА!
Жазушылар одағын кемталанттар торып жүр. Ұялмаған өлеңші, ерінбеген жазушы болып жүр.
Даңғыр-дүңгірдің арасында өскен кісіден салдыр-күлдір шығады. Қаңғыр-күңгірдің арасында өскен кісіден балдыр-бұлдыр шығады. Кейінгі кезде біздің әдебиетіміз бен өнеріміз де осыған ұқсап барады. Ержегейлілер биікке шығып, алыптар еріксіз бұғып, қайшы пышақты менсінбейтін болды, ине тебенді көзге ілмейтін болды. Арқаннан жіп озды, түбіттен жүн озды. Көсем серкенің орнына саулық келді, бөріктің орнына жаулық келді.
Қайран елім! Келдің қайда?
Ендігі үміт құлын-тайда!
КЕДЕЙДІҢ ҰЯТЫ КӨП
Ертеде «жарлы болсаң арлы болма» – деуші еді. Осы күнгі байлардың көбінің ұяты жоқ. Кедейдің ұяты көп. Неге олай? – деді тұрғындардың бірі. Мен ойланып қалдым.
Таптым, таптым!
Кедейдің киімі жұқа, сондықтан оның ұяты көрініп тұрады.
ОЙ ҮЗІКТЕРІ
Қара да тұр! Болса да заманақыр,
Біздің қазақ қазақ боп қалады ақыр.
* * *
Пай-пай!
Аузыңа – май, астыңа – тай!
Көңілім саған деген баяғыдай.
* * *
Қайда, қайда?
Тау ма, сай ма?
Бар ма пайда?!
Екі ұшты жалғай алмай, қалдым ойда...
* * *
Таңда – төртеу,
Түсте – екеу,
Кешке үшеу болғанда,
Азайғаны төртеудің,
Көбейгені екеудің –
Өмір заңы жалғанда.
* * *
«Ешкі менен қой тең бе,
Меніменен сен тең бе?!»
Десе десін.
Сабыр қыл!
Текке күйіп, өртенбе.
* * *
Кірсін десең –
Санаға нұр,
Болмай шыр-пыр,
Ақ, адал жүр!
Түссін десең –
Жүректен зіл,
Ойна да күл,
Ойлай да біл!
«Каскалар мен маскалар» кітабынан алынды
Бөлісу: