Жүсіп Баласағұнидің ақындық туралы айтқандары
Бөлісу:
БӘЙІТТЕР
Жазған кітап, сөйлеген сөздеріммен
Екі дүниені ұстауды көздедім мен.
***
Көкірегімде шындықтың шамын жақты,
Тіл безесем – сөздерім жалын шашты.
***
Көңіл берді, көз, ақыл, білім берді,
Сөз айтуға жаратты тілімді енді.
***
Тілмен адам өң береді сөзіне,
Жақсы сөзбен нұр береді өңіне!
***
Сөз, өсиет – мұра өліден тіріге,
Мирас тұтса – пайда өзіне, діліне!
***
Тілді күтіп бақсаң – аман басың да,
Сөзді қысқа қылсаң – ұзақ жасың да!
***
Күллі сөзді жина – ақылға сыймайды,
Керек сөзді айтады тіл, тыймайды!
***
Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді,
Сөз қалады, таяқ табы кетеді.
***
Сөз сөйлеген жаңылар һәм адасар,
Есті естісе – түзеп-оңдап, қарасар.
***
Қара жерге жасыл көктен келді сөз,
Сөзбен адам ұлы болды, енді сез!
***
Қылыш алсаң – ел, жорықты түзерсің,
Қалам алсаң – жөн-жосықты сүзерсің.
***
Кісі көркі – сөз, бұл сөздің түрі көп,
Ізгі сөзді ерді мақта – тілі өрт!
***
Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,
Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын!
***
Біліп айтқан сөз білікті саналар,
Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар!
***
Ащы айтты деп кінәлама ақынды,
Ащы сөздің түбі балдай татымды.
***
Шайырлар бар сөзден кесте төгуші,
Кісілерді мақтап, даттап-сөгуші.
***
Қылыштан да өткір ащы тілдері,
Қылдан нәзік ойларының іздері.
***
Ақын көңіл теңізіне батады,
Інжу, гауһар, жақұт нұрын шашады.
***
Мадақтаса – елге даңқың жайылар,
Егер сөксе – абыройдан айырар!
***
Енді ақынға біраз назар салайық,
Өлең сөзді құдірет тұтқан халайқ!
***
Олар шебер мақтауға да, даттауға,
Сөзі ыңғайлы жұрт жадына сақтауға.
***
Сәулелі сөз күндей шыққан шығыстан,
Шаштан нәзік, өткір алмас қылыштан.
***
Ұққың келсе нәзік, ұшқыр сөздерін,
Естіген әр сөздің тінін көздегін.
***
Тілімді алсаң, ақындарды ұқ әуелі,
Ұғынықты сонда әр жырдың әуені.
***
Теңіздегі лағыл, маржан – өлең де,
Таба алмайды сүңгімеген тереңге.
***
Ақын сөзі қандай үлкен жанды да,
Масқаралар халайықтың алдында.
***
Ақын сөзі – жүрегімен сенсе шын,
Көтереді бишараның еңсесін.
***
Ұлы ақын ба, әлде көптің бірі ме,
Байлама тас ешбірінің тіліне.
***
Еркін ұста, ақын жанын ұғын да,
Сыйла бәрін, көтер қайғы-мұңын да.
***
Тек шындыққа сөз бөбегін бөлесін,
Сол кезде оның пайдасын да көресің...
(«Құтты білік» кітабынан. Көне түркі тілінен аударған: Асқар Егеубаев)
Әзірлеген Асылбек Жаңбырбай
Бөлісу: