Ақындық туралы Қайқаустың айтқандары

Бөлісу:

21.02.2017 5052

Ей, перзентім, егер ақын болғың келсе, ақылды бол. Сөзің тілге жеңіл, көңілге қонымды болсын. Түсінуге қиын қисынсыз сөздерді қолданудан сақтан, өзіңе түсінікті болғанмен, өзгелерге түсініксіз ауыр сөздерді пайдаланба. 

Өлеңді өзің үшін емес, жалпы халық үшін жазуың керек. Бір сарындағы ұксас бірегей буын өлшемдерінен құрастырылған мағынасыз мәдениеті төмен өлең жазу ісімен шұғылданба. Өлеңнің сыртқы түріне мазмұны сай келіп құлпырып тұрғаны жөн. Өлең жазуда мәдениетсіздіктен сақтанып, өлең жазу қағидаларын басшылыққа алғын. Мәселен, ақындыққа қажетті тәсілдерге мына төмендегілерді жатқызуға болады: сөздегі үндестік, теңеу, пішіндеу, қайталау, дамыту, ұлғайту, теңдестіру, құбылту, астарлау, ажарлау, айшықтау, шендестіру, үзінділеу, асқақтату, жұптау, түйдектеу, баяулату, перделеу, қалыптау, кейіптеу, мегзеу, ырғақтау, бейнелеу, табу, бұрмалау, егіз ұйқас пен мадақтау сияқтылар. 

Жалпы сөзім өрелі әрі әсерлі болсын десең, қыздырма қызыл сөзді қыстыра бермей, мүмкіндігінше жақсы теңеулер мен балама сөздерді барынша көп пайдалан. 

93005047f783a3bc513a214c96b6964f.jpg


Мақтау өлеңді жазғанда теңеуге терең мән бергенің жөн. Егер махаббат жырларын жазбақшы болсаң, тілге оралымды сөздерден құралған көркем теңеулерді көбірек пайдаланып, өрнекті ұйқастармен безендір. Салқын қанды, жағымсыз ұйқастардан бойыңды аулақ ұстап, өз жағдайыңа қарай көркем сөз, көңілге қонымды мысалдарды кеңінен қолдансаң, талабы биік талғампаз қарапайым халықтың көңіліне қонымды болып, өлеңіңнің өрісі кеңейеді. 

Ауыр оқылатын аруз (1) тәсілімен өлең жазба. Өйткені ырғақсыз көп бунақты ауыр өлшемнен құрылған өлең шумақтары табиғатында салқынқандылық басым болады. Ондай өлеңдер тұжырымды сөз тіркестерінен тізілген нәзік мағыналы өлеңдерге мән бермейтіндер үшін қажет. Егер арузға талапкерлер табылса, жаз-ғаның артық емес. Дегенмен, аруз өлшемдері мен алуан түрлі өлеңдерді жазу өнерін игергенің жақсы. Ақындар арасында бәсеке тартыс туған жағдайда, немесе біреулер сөз тартып сынаған сәтте аруздың ерекшелік шарттары мен қыр-сырынан хабарың болсын. Мысалы арузды жазғанда одан адам жан-дүниесі ләззәт. аларлықтай астарлы мазмұнмен жұмбақтай жазудың жолдарын, олардың аты-жөнін біліп алғын. Мадақтау, лирикалық ғазалдар, немесе әжуа-сықақ, жоқтау жазбақшы болсаң, әрбір адамға өзіне лайықты қал-қадіріне қарай ойлы елең жазғын. Егер мадақтайтын кісіңнің ерлік қасиеті болмаса, көзсіз батырсың деме. Белдігіне кездік тағуды білмейтінді жолбарысты қылышпен шауып, найзамен Бестун тауын түйрейсің, атқанда құмырсқаның көзінен тигізесің демегін. Атқа тақымы тиіп көрмеген адамды Дүлдүл (2) мен Рақыштың (3) құлағында ойнайсың деп дәріптеме. 

Әрбір адамның өзіне лайықты теңеу тапқын. Тегінде ақын мадақталатын кісінің ішкі табиғи жан дүниесін терең зерттеп оған қандай мақтау қажет екенін жақсы білуі шарт. Қалайда оның жан-дүниесін тебірентетіндей болсын. Сонда ғана оның сый-құрметінен үміттенгін. Әрдайым қымбатыңды құнсыздандырмай, касиетіңді жоғарғы дәрежеде ұстай білгін. Әжуа-мазақ етуге әдеттену жақсы емес. Өлең-дегі әсерлеу әдісін жақсы дегенмен, қалыптан асып кететін әсіре қызыл бояма сөзге бой ұрма. 

Достарыңмен жоғары мәртебелі ардақты азаматтарды дәріптеуді есіңнен шығарма. Лирикалық ғазал мен жоқтауды бір тәсіл, бір ізбен, әжуа сықақ пен мақтауды бір ізбен жазба. Егер сықак, пен өлеңді жазуды білмесең, керісінше мақтасаң, сықақ болып шығады. Жоқтау мен ғазалдарда осылай етуге болады. 

Әр түрлі нәрсе жазғың келсе, өз ой-пікіріңмен жазғын. Біреудің жазғанын қайталама. Біреудің сөзін пайдаланғаннан, көңілің ашылмайды. Өлеңіңнің қадір-қасиеті артпай, алғашқы өлең жазған дәрежеңде қала бересің. Табиғатың ашылып, ақындық өнеріңе төселген соң терең мағыналы жұрт қызығарлық сөз есітіп, қажетіңе жаратсаң, оны пайдаланғаның үшін масаттанып, көкірегіңді көтермей-ақ қой. Лажы болса, пайдаланбағын. Егер пайдалана қалсаң, мақтауда жазылғанды сықақ-сында жаз. Лирикалық ғазалда жазылғанды — жоқтауда жаз, қысқасы, бұл сөзді қайдан алғаның жұрттың көзіне ұрып тұрмасын. 

Көпшілік жиынға немесе базарға барсаң, қабағың салыңқы, киімің кір болмасын. Әрқашан жүзің жарық болып, күліп тұрғын. Жақсы әңгіме, күлдіргі сөздерді жаттап ал. Өйткені ақынның қалың көпшілікті өзіне тартып, баурап алатын бұдан жақсы қаруы жоқ. 

1) Аруз — араб-парсы тілінде жазылған өлең өлшемі. Оның жүзден астам түрлері негізінен он тоғыз топқа бөлінеді.

2) Дүлдүл — Әзіретәлінің тұлпары. 

3) Рақыш — Рүстемнің тұлпары.


(«Қабуснама» кітабынан. Өзбек тілінен аударған: Тұрсынәлі Айнабеков)


Бөлісу:

Көп оқылғандар