Балакөңіл Елекең

Бөлісу:

27.02.2017 3720

  Ауылды жерде тұрған соң мал жоғалтпай жүресің бе, бірде жоқ іздеп Елекеңнің қонысына тап болдым. Аман-саулық біліскен соң шәй ішіп, салынған тамақтың пісуін тосып, әрнені әңгіме ғып отырдық. Әудемнен соң  Елеусіз ағамыз: - Кейінгі кезде үйге кісі қондырмайтын болдым. – деді маған, күдікпен көз тастап.

c875952fd223ce7c273109b8fee91491.jpg


-  Ойбай, Елекем-ау, мен бөтеніңіз емеспін ғой, қуайын деп отырсыз ба?

-  Сенің жөнің бір басқа, мынау танымайтын тосын біреулерді айтам да...

  Көңілім орнына түсіңкірегенмен, не ойларымды білмей аңырып жеңгеме қарадым. Ол бетін сипаған болып, уысына мырс етті.

-  Жәрайды, түн ұзақ қой, әңгіме болсын.

  Елекең сөзін көңілсіз бастады. – Былтыр болып кетті, осы өткен күзде бір салт атты кешқұрым «құдайы қонақпын»  сап ете түсті. Жоқ іздеп жүрген біреу секілді. Жеңгең ауылға балаларға сәлем-сауқат алып кеткен. Жалғызбын. Дәп осы жоқта маған-ақ қонақ келгіш! «Е, бопты, қонақ болсаң үй міне, тек сен үшін ғана қазан көтермеспін» деп әлгіні түсірдім. Түннің бір уағына дейін кәкір-шүкір әңгімемен уақыт ұттық. Маған ес болды. Күндіз бағып, түнде мал күзеткен де оңай емес. Нақ таң атарда көзім ілініп кетіпті. Тұрсам қонағым жоқ. Ізім-ғайым болған! Біртүрлі жүрегім тіксініп, үйге кіріп бар-жоғымды түгендедім. Қос ауыз мылтығым оқшантайымен қоса қолды болыпты. Санымды соқтым да қалдым. Ит-құс қалың, тұрған жерің айдала. Апырай, енді таяғымды оқтап атам ба деп лажсыздықтан қабырғам сөгілді. Ертеңінде  ұлым келіп, ол жер-жебіріме жетті. «Өткен жолы ақ жүрек болам деп сотталып кете жаздап ең, қондыр енді кім-көрінгенді, өлтіріп кетпегеніне тәуба!» Кемпір-шалдың қолында өскен жүгірмек менімен жездесінше сөйлесетін-ді.

-  Неғып сотталып кете жаздадыңыз?

-  И-и қарағым, адамды о бастан ақжүрек, аңқау-ғып жаратса неғып дерің

бар ма. Қарақастың жері тарлық қылып, колхоз-совхоз тараған соң иесіз ен қалған осы бұрынғы отгонымыз Ақбалықтан тағы жер еншілеп, ұлды көмекке алғам. Өзің көріп отырсың, аттандасаң айналамызда жан ұшырып жететін бір пенде баласы жоқ. Кеше ғана осы маңда отар-отар қой, қым-қуыт сапырылысқан ел емес пе еді. Жау шауып, аяқ-асты үркіп кеткендей орнында қыстаудың қирандысынан өзге еш тамтық қалмады! Мұрты бұзылмастай іркілдеп тұрған кең дүниеден қай қарағым таршылық көрді екен деп, кейде арманда болам. 

  Алдағымыз қолда ұстайтын азғана мал емес. Тегі, тұяқтының өріс қуып, теуіп жегеніне не жетсін. Содан бір күні он шақты жылқы үрпиісіп кеп, үйіріме қосылды. Өз өлкеміздікі болса түстеп таныр едім, бұлар бөтен. Ұл: «Іздеушісі келмесе жүре берсін, сіңіп кетер, бәлесі тиер десеңіз аулақ қуып тастайық.» деді. Не түлен түрткенін білмеймін іргедегі Лепсі стансасына барып, екі күннің бірінде жан-жаққа телефонмен хабар салдым. Көп ұзамай Бақалының бір жігіті жетті. Түр-түс, ен-таңбаны сайрап тұр. Оны жер-көкке өзім жайғаным - қаперімнен шығып кетіпті. Мың да бір рахметін айтып, шүйіншісіне ақ төбел күреңді тастап, дәм ауыз тиместен «малын» қуа жөнелді. Арада бір жеті өтпей, қасында ек-үш мелисасы бар жоқ іздегендер тағы сау етті. Келе міністе жүрген күреңді тарпа бас салды. «Әй қарағым, ақы иесі баяғыда айдап әкеткен. Бұл шүйіншіге тастағаны» дегенімде бір мелиса:«Сыбайласыңды айтпасаң күнің қараң болады, кәне, қайда жытырттыңдар?!» деп жағамнан алды. Имандай шынымды ақтарсам да «сезіктісің» деп дедектетіп, ауданға алды да кетті. Бақалының қуы бір-екеуін ғана сойып үлгермепті, қалғанын Алматының қан базарына аттандырған екен. Ырыл-дырылдан басымды әрең арашалап, жүдеп-жадап үйге келсем: «Енді ақжүректігіңді қоймасаң тағы «шүйінші аласың!» деп  ұл мен жеңгең таба қылып, жырқ-жырқ күледі.

-  Әй ағасы-ай, аңқылдақтығыңызда шек жоқ қой,  Иә, әлгі мылтықтың

жәйі немен тынды?

-  Бір күні стансадағы танысымның үйіне бара қалдым. Бұрышта сүйеулі

тұрған қос ауыз мылтықты көргенде көзім жайнап, «Айналайын, мына мылтығыңды маған сатшы, осындай қаруымнан айырылып қалдым.» - деп жабыса кеттім. Бағасы бір қой болсын деп қол алыстық. Оның өзі де әлдекімнен сатып алған екен, оқшантайымен қосып берді. Мәз боп үйге келдім. Балам мылтықты алып қарап отырған, сосын оқшантайды  ұстады да: «Әке-ау, мына оқшантайды мен тіккем, мылтық та біздікі, дүміне белгіні шабақтап өзім салғам.» деп маған аңырая қарады. Сөйтіп, ақ дастарқанымнан дәм татып, «жолаушымын» деп пұшайман болған біреудің  ала жібімді аттап кеткені..

-  Әлгі қойды бердіңіз бе?

-  Қол алысқан соң бермегенде, ләм демей, іріңдей нән ісекті өзім өңгеріп

апарып тастадым. Сүтпен сіңген қасиет сүйекпен ғана кетер. Бұл да маған сабақ болмады. Арасына бір ай өтпей тағы бір «жоқ іздеген» келе қалды. Осындайда жеңгең де ауылшыл боп кетпей ме. Тағы жалғызбын. Сақалы ала-құла орта жастағы адам екен. Әңгімешіл. Тіпті, түйіншегінен бір жарты шығарып, ілтипат та көрсетті. Жеңгең болса бір жөн, күзетті кімге тапсырасың. Өзі біраз ішті. Әңгіме мен тамаққа тойған соң, төрге төсек сап бердім. Ұстай кірген түйіншегін басына  жастай жатты. Кіріп-шыққанға ғана деп шамды ала көлеңкелегем. О да ұйқысы қашқан біреу екен ара-кідік күңгірлесіп сөйлесіп қоямыз. Бір кезде алыстан талып гүріл естілді. Анау басын жұлып алып, «бұ не?» дегендей тың тыңдады.

-  Пойыз жолы жақын, өстіп сабылады да жатады.

  Көзім ілінгені сол еді, иттердің жан дауысы шығып, шабаланғанынан шошып ояндым. Үйдің іші тарсыл-гүрсіл, жарқ-жұрқ болды да кетті!

-  Лежать!!! Руки за голову!

  Көзімді жыртып ашып, тұра бергенімде әлдегім  шықшыттан кеп қонжитты! Тоңқая құлаған үстіме қаптаған көп пәлекет  қарғып мініп, шүйдемнен түйгіштеп, қолымды артыма қайырып кісен салды. Төрдегіні де төмпештеп, екеумізді екі бұрышта ыңырсытты. Басымды көтерейін десем «басқыншының» біреуі «Лежать!» деп бүйірімнен бір тебеді. Қазақ-орыс боп қаңғырласқан көптің ішінен көз қиығыма өзіміздің «үшаскобыйдың» оттай басылғаны. «Әй, Несіпбек! Мен - Елеусіз ағаңмын ғой!» деппін жаным қысылғаннан жыларман боп.

  Сөйтсе, әлгі иттің баласы түрмеден қашқан біреу екен. Бет-аузына сақал-мұрт жапсырып алған, дырылдатып сыпырып тастап еді, антұрғаның өзің секілді жап-жас жігіт боп шыға келді. Түйіншек толы қару-жарақ. Сақшылар көптен ізіне түсіп, бір апанды тасалар сәтін тосып аңдумен келген екен. Егер өстіп, жай түскендей жайратпаса ана сұм атысудан тайынбастың өзі көрінді. Содан бастап «жоқ іздеп жұрмін» дегенге мылтық кезейтінді шығардым. Алла ризашылығын берсін деп  ақжүрек те, қонақжайда болдым, қарағым...

  Алдымызға ас та келді. Елекең ымдаған соң, дастарқан көркі деп жеңгем бір жартыны ортаға қойған. Әлгінде күле-күле ішек түйіліп еді, енді әлденеге көңілім құлазып, ештеңеге зауқым болмады. Құлан түзде бала-шағасын асыраймын деп, елден безгендей саяқ өмір кешкен отбасының қауіп-қатерге толы тұрмысы тебіренткен тәрізді. Байлық-мансап кейбірге тер төкпей-ақ келіп жатса, енді бірдің тірлігі осындай - ау...



ІБІЛІС ЖҮРГЕН ШАҚ

Ібіліс жүріп жатқан кез. Алматының түнектей қара аспанынан салақтаған қошқыл тұман көше шамдарын күңгірттетіп, табан астыларын ғана жадағай жарықтап тұр. Сіркірей жауған жаңбырдан асфальт беті алатаңбаланып, суық сәуле шашады.

Есенбек екінші қабаттағы үйдің терезе алдында осы сұрқайылау көрініске көз салып, мелшигелі екі-үш сағат. Алғашында алаңдап, қараң-құраң еткен болса жиырыла қалып, таныс сұлбаны ажыратуға тырысып шұқшия қалатын-ды. Уақыт жылжи - не үшін отырғанын да ұмыта бастаған тәрізді. Енді болмаса көзі ілініп кете барған сәтте, кенет шыққан күлкіден селк етті.

Қыз бен жігіт көшенің арғы қапталынан бері қарай қол ұстаса жүгіріп өтті. Кіре беріс есіктің күн қағары астында жаңбырдан тасалап, ұстасқан қолдарын ажырата алмай біраз тұрды. Бір-бірін иіскескен адамдарша әлсін-әлсін қабысып, сосын кері шегініседі...

Есенбек олардың төбесінен біраз бақылап отырды да ары қарай дәті шыдамады. Көкірегі қарс айырыла күрсініп, жарықсыз алакеуім бөлмедегі диванға сұлқ отыра кетті. Екі қолымен басын ұстап: «Не іздеп келдім?! Осыны көруге ме?! Бұны көргенше қу көзім неғып ағып кетпеді екен!!!» деп шайқала күңіренді.

Есіктің құлпы сылдырлап, ашылды. Нәзия аяғын жым-жым басып, Есенбектің жатқан бөлмесі тұсынан өте бергенде, тұншыққан күңгірді құлағы шалды.

-  Есен, сен әлі жатқан жоқсың ба?

-  Жо-жоқ...

-  Шәй қояйын...

-  Рахмет.

Нәзия ары өтіп кетті де сәлден соң қайта оралды. Диван мен қарсы кресло арасында аласа стол тұр. Екеуі қарама-қарсы жайғасты. Біраз үнсіздік орнады. Ішін тартқан бір жайсыз, тым-тырыс күй...

-  Есен... Әзірде байқаған шығарсың... менің жігітім бар...

-  Хы-хым... байқадым...

-  Сені қатты силаймын... бірақ, тек достық деңгейде ғана... сен кешір

мені, біздің арамызда достық сезімнен басқаға орын жоқ...

-  Нәзия, мен бәрін түсінемін... Бірақ, сенімен дос болу күлкілі сияқты.

Тіпті, менің осы қазіргі жағдайымнан да ауыр. Мен бекер келіппін... кетейін.

-  Екі түннің ортасында қайда барасың? Таң атсын да...

-  Сені жаман атаққа қалдырғым келмейді...

-  Осында екеніңді менен басқа ешкім білмейді. Саған сенемін. Сен өте

жақсы адамсың! 

-  Егер жақсы адам болсам, неге лайық емеспін саған?!

-  Мүмкін, мен саған лайық емес шығармын...

Ары тағы үнсіздік орнады. Есенбек түрегеліп, Нәзияның артына шықты. Қызда үн жоқ. Тұла-бойы сіресіп, тасқа айналғандай қатып отыр. Көкірегін өкініш өртеп өтті. Егер аға-жеңгелері ел қыдырып, бұны жалғыз тастап кетпегенде бұндай хәлге душар болмас еді... «Бекер есікті ашып, бұны кіргізген екенмін! Ауылдан келгеніне қуанып, есім шығып кеткені несі? Оның ойын қалай ұмыттым?!» Тамырында ойнаған қаны оның құлағын бітердей гүрсілдеп, есінен тандырды. Мойынсұнған кіріптар күйге түскен ол - зәбір көретініне еш күмәнсіз еді...

Есенбек жаңбырлы түнді кешіп, автовокзалға бет алды. Талай түнеп көрген етене орын. Ол келгеніне өкінбеді. Осылай боларын алдын-ала білгендей сезінді. Нәзияға жаудырып өлең-хат жазғаннан басқа не бітірді? Бұған бірде-бір жауап та келмеген-ді. Нәзия ешқашан да үміт отын сездірмеді. Есенбектің өзі ғана өз қиялына еріп, оны құшты, сүйді... күйді. Нәзия керісінше, «Қозы Көрпеш - Баяндай бір молада жатамыз...» деп жазғандарын оқығанда - бұның махаббатынан зәр иманы ұшатын-ды.

Жарықтау бір бұрышты тауып, жедел жан қалтасынан қағаз-қаламын алып, ол жүрелей отыра қалды. Буырқанған алапат сезім астаң-кестең ақ қағазға ағыла бастады. Қызға айта алмаған, онымен бөлісе алмаған қыстық махаббат жыр болып тарқатылды. Көзінен парлаған жас - оның бетінен сипап жұбатқан жылы алақандай көрінді. Есенбек осы сәтте бір күйді анық түйсінді. «Нәзия, саған мың да бір рахмет! Менің жүрегіме махаббат ұялатып, оны оятқаның үшін! Сені құшып, сүймесем де өмір-бақи сені жырымның жалауы етіп өтемін! Сен арқылы нақ сүйерімді енді тапқан сияқтымын!» деп ол әдетінше күңгірлей күбірледі.

Бір-біріне сүйенісіп отырған, не болмаса бүктісіп жатқан жолаушылардың бірен-сараны басын көтеріп, өзімен-өзі сөйлесіп, жылап отырған бұған секемдене қарағандай болды. Сосын кім жетісіп жүр дейсің, дегендей түсіністікпен, қайта жөндеріне қисайды...

Бөлісу:

Көп оқылғандар