Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының мерейтойы өтті
Бөлісу:
2017 жылдың 22 ақпанында Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» ғимаратында мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының 65 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың қайсар қызы» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының ұлтымыздың тілі, ділі, жерінің тұтастығы жолында жасаған еңбегі зор. Оның әдеби-сазды кеші рухты оятып, жігерді тасытып қана қоймай әрбір қазақ баласын отансүйгіштікке шақырып, әрқайсысына тілдің қасиетін ұғындырды.
Қазақтың қайсар қызы Оразгүл Асанғазы әдеби-сазды кешінде "Домалақ ана" əні автордың өз орындауында орындалды. Оған арналған өлеңдер оқылды. Кештің көрігін суырып салма айтыскер ақындар одан әрі қыздыра түсті.
Әдеби-сазды кешке ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Бекболат Тілеухан, ҚР Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, қазақ руханиятының көрнекті өкілі, ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қойшығара Салғара және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тіл майданында толассыз қызмет етіп, бар саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнаған қазақтың майталман қызының кешінде жас ақын Нәзира Байырбектің «Қайсарлық пен қайраткерлік» атты кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Қоғам қайраткері, ана тілінің жанашыры, Астананың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан нар тұлға Оразкүл Асанғазықызы Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы тігілген Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы деген жерде дүниеге келген.
Оразкүл Асанғазы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарған жылдары елордада бір мезгілде 300-ден астам көше атауын ауыстырған. Астанадағы көшелердің қазақи тамаша атаулармен аталуына Оразкүл Асанғазы ханымның қосқан үлесі орасан.
Бөлісу: