Жүсіпбек Аймауытұлының ақындық туралы айтқандары
Бөлісу:
Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз
заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман
сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай
таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі.
***
Ақынды заман өлшеуішімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуға мүмкін.
***
Әдебиет сынмен көркейеді. Бәйгеге қосатын атты жаратып, құйрық-жалын сүзіп жіберсе, көрікті болып жұтынып шығады. Әдебиетке сондай күтім, сондай сын керек. Әсіресе әдебиетті сынау біз сықылды жұртқа керек, өйткені бізде әлі жөнді әдебиет жоқ, бар болса – балапан, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, әдебиетті тәрбиелей, мәпелей білсек, біздің де ақындарымыз, жазушыларымыз санатқа қосылады.
***
Əр ақынның өрісі бірінші – заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ.
***
Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болу керек. Өйткені ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден гөрі сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тіпті жетпегенін айтып береді. Әлеуметтің, өз табының қатарға кіріп ер жеткені кейін қалып, кер кеткені өзгеден гөрі ақынға артығырақ батады, ақынның жүрегі өзгедегі гөрі көбірек толқиды, көбірек толғанады. Өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге ақын күйіп-пісіп қалады.
***
Көл қорыған қызғыштай, «Ел қамын жеген Едігемсіп» ақын кәуәп болып жүргені. Күшті ақын — әлеуметінің тіл қамшысы, сайламаса да табиғатымен сайланып шығарылған уәкілі, мұңын, зарын айтқызатын елшісі. Өз әулетін, өз табын ілгері сүйреуге, көтермелеуге, демеуге күшті ақындардың әсері тиген, әлі де тимекші.
***
Ақын бір жағынан өз табының, әлеуметінің жоғын жоқтап, мүддесін көксеп жүрсе, екінші жақтан оның бір артықшылығы — өзгеден тәжірибешілігінде, өзгеден өмірді анық, жете білуінде.
***
Луначарский айтады: «Юнан жұртында Солонның данышпан атағы шыққандығымен де емес, қара сөзге шешендігімен де емес, күшті элегия – поэма жазып жұртқа әсер берген ақындығымен еді» – дейді. Ақынды пайғамбарға теңеген сөз ежелгі Рум жұртынан қалған. Ақындар өздерін пайғамбарға, періштеге, әділ қазыға теңеп сөйлесе, онысында шындық жоқ, бекер деуге болмайды, бір шақадай болса да шындық бар.
***
Өзі өмірді анық жете біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес. Сондықтан ақын жалғыз ғана таптың пайдасын көздеп, сойылын соға бермейді, өмірді анық танып, кемшілікті түгел көріп тұрған соң ақын кейде тап көлемінен шығып, жалпы шындыққа, жалпы адам баласының қамына да құлаш ұрып кетеді.
***
Әдебиет тарихын тексерген кісіге мәлім: ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс әлі орнықпаған көшпелі дәуірдің ақындарында мұң-зардың, торығудың сарыны болады. Ақын ескі тұрмыспен тәрбиеленіп қалады да, жаңаның жақсы екенін білсе де, сол өмірге тосаңсып, түсіне алмай, жаңа заманның адамы бола алмай, көп тайқалақтайды. Ақсүйектер дәуірі күйреп, капитал дәуіріне көшерде ақсүйек ақындарында да торығу, ескіні жырлау болған. Өйткені ескі өмірдің жақсы жақтары көңілде сайрап тұрады, жаңаның ие боларына көзі жетпейді. Міне, осындай көшпелі дәуір басталарда, адам ескіге көзін сүзіп, жабыққан заманда әдебиет бағыты романтимзге айналатын.
***
Жазу жолында бейнешілдердің негізгі әдісі – ишарамен, бейнемен түсін бояп, көлеңкелеп жазу, олар төңіректегі деректі тұрмыстан өзге дүниеге, ана дүниеге бір ұйқастық іздейді. Сөздің ішкі маңызында көбінесе сыртқы ұйқасына, тізіліміне, ырғағына көбірек назар салады. Олардың сөзі ақылдан гөрі жүрекке артығырақ әсер беріп, сезімді билейді. Бүгінгі өмірді онша керек қылмау, өзінен өзгені жақтамау, өнерді де өте жақсы көру, әйелді сүю, махаббатты жырлау – міне, бейнешілдердің тұтынған жолдары. Сондықтан бейнешілдердің өлеңі құлаққа жағымды, үнді, әуезді, күйлі, зарлы келеді. Дыбыстардың құрылуы сурет туғызады.
***
Осы күнгі өлеңшілердің жалпы бетінде халықтың жалғыз ғана мінін айтып, жақсылыққа нұсқайтын, бірақ ақындықтың түгел шартын көксемейтін бірбеткейлік бар: көбіндегі бір мінез – халықтың мінін айтса да, жақсылыққа тартса да, тірелетін қазығы – «ұлтшылдық» болып отырады. Бұл ұлтшылдық қазақ жұртының қысылып, таршылықта келіп, өнер, білім жүзінде өзгеден кейін қалғандығынан. Енді сол қысымшылықтан босанып, тез ілгері бассам екен деген табиғи мақсатынан шыққан нәрсе. Бұл ұлтшылдық қазақ газетінің рухында бар-ды. Газет тұрмысқа жанасатын керекті көздеп, жұртты өнерлі қылуға, көзін ашуға тырысады. Өлең ұлтшылдық жолмен кетіп отырса, газеттің соңынан ергендік, ақындарымыз өлеңнің мағынасына түсінбегендік. Бұған газет кінәлі емес, ақындардың солақайлығы кінәлі.
***
Өлең бір мақсатқа жұмсалатын құрал болу керек емес. Жалпы еркін, азығы талғаусыз өнер болу керек. Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нағыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп, төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ.
***
Тегінде «ақын» бар, «өлеңші» бар. Ақынға қойылатын шарттар: әлгі айтылған өлеңшілдікке ол шарттардың кейбірі болса да жарай береді. Бұлай болғанда біздің өлеңшіміз көп, ақынымыз аз. Сілтеген қаламы сермеген талабы көлемденіп, төгіліп, түрленіп, жапырағы желкілдеп, қолмен қойғандай мейірің қалып, тойғандай болып шығатын өлеңдер бұл күнгі ақындарда аз. Көбінің өлеңі – шеберлеп айтқан қара сөз. Мәдениеттің төменгі басқышында жүргендіктен әдебиеттің өзге түрлері тараулай алмай, кешегі өткен ақындар мен билердің сөзіне еліктеп, не жазса өлеңмен жазу бұ күнгі өлеңшілерге сән болып жүр. Бірақ бұл әдет ілгері басқан сайын қала беру керек. Өлеңшілікке өнері жоқ, жай тілді кісілер өлеңге салынып, бойдағы өзге өнерін жойып алуға мүмкін және елең болуға лайықсыз сөзді жұрт өлең қылып жүр. Шарты табылмай, зорлықпен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ. Қайта сынар жақ қылғаннан басқа.
***
Біздің ойымызша, қазіргі жазылын, шығып жүрген өлеңдерде мына сияқты міндер бар. Табиғаттың һәртүрлі түрімен сырласым, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтан, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз. Адамның жүрегінің сыры табиғатпен жалғасса, қиялы күшеніп, мінезі көркейіп, сезімі нәзіктене бермек. Және ақынның қиялы жай ақын емес кісінің қиялынан артық болу керек. Салған жерден оқушыны соңыға салып жібергендей болсын.
***
Көрген нәрседен көңілде өзгеше артық бір әсер қалып, аудармай, бұлжытпай тілмен суреттеп беру соңғы өлеңшілерде күшті емес. Сезім, көңіл суретің тілмен үйлестіріп келтіру ақынның ғана қолынан келетін жұмыс. Бұл туралы Абайдың суретшілігіне жеткен әлі ақын жоқ. Аңшылықты, жылдың төрт уақытын суреттеген өлеңдеріндей суретті сөздер қай ақында бар? Және сол төрт уақытты суреттегендегі Абайдың қиялы мен сезімінің күштілігі соңғы ақындарда кем.
***
Кейінгі ақындардың тағы бір міні – сыршыл еместігі. Һәркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның ақындығы сол жасырын сырды тауын, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп, һәрбір пернесіне тап басу. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой-көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады. Онан соңғы бір міні – тілдерінің шебер, кестелі еместігі. Сөздерінің сырты тақылдап, үйлесіп келсе де нәзік сипаттарды жетік суреттей алмай, жадағай, үстірт кетіп, айтпақ сөздерін көңілге берік қондыра алмайды.
(Жазушының шығармалар
жинағынан)
Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай
Бөлісу: