Сұраған Рахметұлы: Оқырманды бірүлгіге қарай мәжбүрлеуге болмайды

Бөлісу:

15.01.2017 2989

– Сұраған аға, бізде әлемдік деңгейдегі құндылықтар аз емес. Алайда, әлемді таңдандырған туындылар әлі де кемшін...

Біздің ұлы Абай қандай деңгейде тұр? Әлем оны тани ма? Біздің басты сұрағымыз осындай болу керек. Абай бізді алға сүйрейді. Әлемдік үлкен кітапхананың ішінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясынан басқа қазақ шығармалары жоқ болуы мүмкін.

Ақын-жазушыларымыздың шығармалары испан, ағылшын, француз тілдеріне аударылса, олардың айтайын деген ойы өзге елдің әдебиетшілеріне үлкен «жем» болады. Соның алғашқы мысалы ретінде Мұхтар Мағауин «Бес ғасыр жырлайдысын» орыс тіліне аударып, шығарды. Славяндықтар таң қалды.

«Аз и Я» кітабы арқылы Олжас Сүлейменов жарылыс жасады. Олжасты кім бүгін қазақ дүниесіне жат деп таниды? Орыстар Олжасты менікі деп айта ма? Орысша сөйлесе де, жыласа да менікі деп айтпайды. Ол – қазақтікі. Оның трагедиясын бетіне баса берудің керегі жоқ.

Қазақтың жаны қайда деп шырылдап жүрген Тұрсынжан Шапай мен Марат Қабанбай кезінде қалай жазды?! Осыларды француз, испан, ағылшын тілдеріне аударып жіберсең, керемет оқырманын табар еді. Тұрсынжан Шапайды түсіну үшін Зигмунд Фрейдті оқып шығуымыз керек пе деймін.

Біз бүгін Мұхтар Мағауиннің шығармасын толық игергіміз келсе, Тойнби мен Шпенглердің шығармашылығымен етене танысуымыз керек. Әйтпесе Мағауиннің тереңіне бойлай алмаймыз.

Шопенгауэр шығармашылығында аяни құбылыстар туралы жақсы қисындар бар. Француздар соны төбесіне көтереді. Ал бізде аян туралы қаншама дерек бар?! Аян туралы біздің жазушылар баяғыда айтып кеткен...

– Қазақ ақындарының арасында сіздің үніңіз бөлек шықты. Осындай қатарға бірнеше ақынды жатқызуға болады. Қазақ өлеңіне жаңа бағыт әкелген ақындарға жанама түрде көптеген ақындар қаулап келеді. Қарапайым оқырманға аталған екі ұғымның ара-жігін кім ажыратып береді?

Қазақ әдебиетінің көшін бастайтын үлкен ақындар қалыптасып келе жатыр. Бірақ, бізде сол ортаның басын құрайтын «штаб» бар ма? Мәскеуде Горький атындағы әдеби институт бар. Социализм кезінде Кеңестік үкімет материалдық тұрғыда әдебиетке бәрін жасады, - дейді... Хош. Тәржіма, сын, сатира сияқты әдеби жаңалықтардың барлығын сол жанрдың таланттарына жазғызып отырды. Шедевр туғызудың соңында биліктің адамдары жүрді. Бүгін бізде осы бар ма? Қазақ елінде ең кемінде Мәскеудегі әдеби институт сияқты орталық құру керек. Сосын сол жерден аударманың, сынның, проза мен поэзияның қай деңгейде екенін сараптап шығару ісі кезекте тұрады. Қазақ әдебиетінің аз уақытта қандай белеске шығатынын содан кейін көруге болады. «Болашақ» бағдарламасының бір тетігін осыған жұмсау керек. Сол кезде еліктеп, солықтап жүрген адамдар ығысады. Оқырманды еш уақытта ақымақ санауға болмайды. Біздің кейбір ақындарды жұрт «түсінбейміз», - деп әдейі көзқарас танытады. Бұл қаламгердің кінәсі емес, оқырманның жарымбақтығын көрсетеді. Өнер анық әрі түсінікті болған кезде өзінің құнын түсіреді. Өлеңнің күңгірттігінде, ішкі өңінде, ішкі қозғалысында жұмбақтар жасырынып тұрылуы тиіс. Параллельді ойлар жүру керек. Ақын болу – өзіңді тану, ашу, таңдау. Барлық оқырманға түгел түсінікті жазу мақсат емес. Қысқасы – ақынға еркін ойлау қажет. Оларды бір үлгіге қарай мәжбүрлеуге болмайды.

– Қазір біржақты баяндайтын ақындар көп қой?

Иә, ол жөнінде сізбенен келісемін. Жалпы, өлеңнің техникасы мен технологиясы қандай болу керек, әлемдік деңгейдегі шарты қандай деген сұрақтарға жауап табу үшін ғылыми негізде сараптамалар керек-ақ. Ондай сараптама жасайтындар аталмыш біз тілге тиек еткен институттан ұшып шығу қажет.

Бізде Мәскеудің алақанында жүргенде сын-сараптама бағытымен оқып, бітірген кім бар? Айгүл Кемелбаевадан басқа ешкім есіме түспей отыр. Айгүл қатарлылар енді өзінің қисынды ойларын жүйелеп, оқығанын әдебиетке беру үшін сол баяғымен жүруге болмайды. Мұнда өз алдына үлкен институт құрылып, қаржылық мәселе шешімін табу керек. Біз біреудің 50, 60, 70 жылдығы мен 80 жылдығын құттықтауды сын жанрымен шатастырып алдық. Екеуі екі бөлек ұғым. Әртүрлі ойлар айтуға болады, бірақ ой дегеніміз сандырақтан емес, нақты дәлел-деректен туу керек. Өз ойың – өз бедерің, қаржың!

– Ақын өзі табиғатынан ерекше жаратылыс. Осы ретте өлеңде дараланбай қалған бір үлгі, бір ізділік жөнінде не айтасыз?

Біздің қазіргі ісіміз әдеби ортада түрен көтерген авторлардың үздік шығармаларынан үлгі алумен айналысу. Үлгі алу деген – түгелімен өзіңе қотарып ал деген сөз емес. Мысалы, Омарғазы Айтанның, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Мұқағали Мақатаев қолының іздері басқа бір жас ақыннан табылып жатса оған құрметпен, һәм сын көзбен қарау да керек шығар.

Жұмекен Нәжімеденов өлеңдерінің ішінде керемет жарылыстар бар. Мысалы, «Атақ деген немене ақжорға ма деп қалам, Әр тақымға бір шауып, бір қазыққа тоқтаған. Байлық деген немене сараңдық па деп қалам, Жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған. Бақыт деген немене сұлу қыз ба деп қалам, Әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған» - деген өлеңі бар. Енді осыдан артық қалай айтуға болады?

Модернизмнің басты өкілі деп ешкім айтпайтын Тұманбай Молдағалиев қандай ғажап ақын. «Куә бол» деген әнді білесің ғой. Сөзі қандай! «Көзімді жұмсам да көрем сені» - дейді. Соған әуенді қос, екі үйлесімді үнсіз отырып тыңда! Бұдан асқан қандай постмодернизм, ағым керек? Қарапайым қазақтың сөзін ойнатуды сол Тұмағаңнан түсінсек?! Жалпы поэзияның құдіреті адамдардың сана-сезіміне күшпен ену және де күшпен енгізу. Адамның ойлау қабілетіне күш қолданатын жалғыз дүние – поэзия. Әрбір елдің ойлы азаматы өз ақындарының өлеңдерін жатқа білмесе де, шамалап білуі тиіс. Соны орта мектептерден бастап талап ету керек. Ол үшін орта мектептегі қазақ әдебиет пәні ұстаздарының басын әлсін-әлсін «зарядтап» отыру – заман талабы.

– Поэзияны элиталық, тобырлық деп бөлуге бола ма?

Поэзияны бөлуге болмайды. Оқырманды бөлу керек. Текті көзқарасы бар, сараптама жасай алатын топ және оны түсінсе де онша қажетсінбейтін топ, үшіншісі – поэзияны мүлдем түсінбейтін топ деп қарастыруға болады.

Поэзия – көркем әдебиеттің көнеден бері қалыптасқан үлкен бір саласы. Айталық, өлең, жыр түрінде шығарылған әдеби шығармалар үлгісі қаншама?! Көне бабаларымыздың бәрі өлеңмен, өлең тілінде сөйлеген. Көркем ойлаудың шегі – поэзия.

– Әннің мәтінін поэзияға жатқызуға келе ме?

Еш уақытта келмейді дей алмаймын. Кейбір жақсы ақындар бар, бірақ нан табу үшін эстрадалық, рок бағытында даңғыр-дүңгір ән жазып жүр. Әннің сөзі – әуеннің жаны болуы жөн.

Жалғасы бар

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар